Патенттеусіз ғалымның еңбегі ескерілмей қалатын ыңғайлар байқалды. Бұл плагиат, сілтемені дұрыс алмау сияқты өзара қақақтығыстар туғызды. Ғалым ұйымдастырушы, менеджер, оқытушы сияқты қызметтерді қоса атқаруы тиіс болды. Ғалым көпшілік алдында сөйлеу, өзінің жобасын түсіндіріп беру сияқты мемлекеттік-саяси сипатты қызметтер де атқаруы тиіс болды. Сондықтан ғалым, жаңашыл, ақпараттанған, қазіргі жағдайға бейімділік сияқты қасиеттерді игеруі тиіс ахуал қалыптасты.
Бүгінгі ғылым өндіріспен тығыз байланысты, өндірістің дамуы, яғни экономика ғылымның дамуына байланысты болып қалды. Сондықтан, кәсіп пен маман иесі сол жаңа ғылыми жаңалықтарды білуі талап етілді. Осыған байланысты ғылым басқарушы жүйеге әсер ете бастады: болжамдар жасау, қызметтің бағдарламасы, өндіріске бақылау жасау т.б. Бұл салада қоғамдық ғылымдардың да ролі артты: инженерлік психология, инженерлік қызмет социологиясы, бизнес философиясы, техникалық эстетика т.б.
Ғылымның жетістіктері болмыстың негізгі мәселелеріне, әлемнің құрылымына, адамзат тіршілігінің сабақтасуына т.б. және басты кедергілерді шешуде түпкілікті жауаптер бере алады, қоғамдық өмірдің игілігіне ғана қызмет етеді деген сияқты идеологияланған сенімдер сциентизм бағыты деп аталады. Бұған керісінше, ғылымның зардаптары туралы пікірлерді антисциентизм бағыты жинақтайды. Ғылым табиғи ортаны билеудің құралы және адамдардың бір-бірін бағындырудың тәсіліне айналып, ғаламдық қауіпті жағдайларды туғызды.
Осыған байланысты қоғамда да ғылымды қабылдаудың екі түрлі бағыты қалыптасты: біріншісі, ғылым өркениеттің қозғаушы күші деп санайтындар (ғылым өзінің зардаптарына жауап беруі тиіс емес, ғылымилықтың жетіспеуі қоғамдағы қайшылықтарды туғызады) екіншісі ғылымың зардаптарына сүйену мен технофобияға еліккендер (ғылым қоғамдық өмірді бақылап отыруы тиіс).
Бүгінгі ғаламдық мәселелер ғылым аралық болғандықтан глобалистика ілімі аясына келіп тоғысады. Ғаламдық мәселелердің өлшемі мынада: 1. Тұтастай адамзаттың немесе жекелеген адамдардың тағдыры мен мүддесі туралы қозғалатын мәселелер; 2. Планетаның адамдарының көп бөлігі қатынасып шешуі тиіс өзекті мәселелер; 3. Әлемдік дамудың бойына сіңірілген обьективті факторлардан құралған мәселелер; 4. Шешімін таппаса адамзат пен қоршаған ортаға кең ауқымда зардаптар алып келетін мәселелер т.б. Олар барынша мобильді болып келеді, мысалы бір мәселенің өзектілігі жойылып немесе төмендейді. Сондай ақ өзара байланысты, яғни, біреуінің шешілуі басқасына жағымды немесе жағымсыз ықпал етеді.
Қазіргі заманның ғғаламдық мәселелеріне мыналарды жатқызуға болады: дүниежүзілік соғыс қаупінен сақтану; экологиялық дағдарыс пен зардаптарын жеңу; батыстың дамыған елдері мен дамушы елдері арасындағы айырмашылықтарды жою; планетадағы демографиялық жағдайдың тұрақтануы; денсаулық сақтау: СПИД, рак т.б ауруларды жеңу, наркомания; мәдени және рухани құндылықтарды жандандыру; халықаралық терроризммен күрес т.б. Бұлар бір-бірімен тығыз байланысты болып келеді және кейбіреуінің өзектілігі төмендесе, оның орнына басқа өзекті мәселелер туындауы мүмкін. Осыдан ғаламдық мәселелер философиясы туындап, ол экологиялық философия, техника философиясы т.б. саларды біріктіреді.
Соның бірі – Рим клубы ғылыми-техникалық революция жағдайындағы экологиялық мәселелер мен ғаламдық мәселелерді шешуді жолға қоятын 1968 жылы итальяндық экономист А. Печчей негізін қалаған халықаралық қоғамдық ұйым ретінде құрылған отыз шақты мемлекеттің қайраткерлерін, ойшылдарын, бизнесмендерін т.б. біріктірген философиялық және мәдени-әлеуметік қозғалыс. Олардың қазіргі ғаламдық мәселелер, адамзаттың даму барысындағы қайшылықтар, дүниедегі адам болмысы, гуманистік құндылықтар, адамзат болашағы туралы философиялық пайымдаулары – әлемнің компьютерлік үлгісін жасау, капитализмнің жағымсыз беталысын сынау, адамгершілік мәртебені көтеретін құралдар іздестіру, қару-жарақты айыптау, қоршаған ортаны сақтау т.б мәселелермен ұштасып жатыр.
Боткиннің «Үйренудің шегі жоқ», Б.Гаврилишиннің «Болашаққа апаратын маршруттар», Д. Медоуздың «Өсудің шегі», Форрестердің «Әлемдік динамика», М. Месаровичтің «Адамзат бетбұрыс нүктесінде», Э. Ласлоның «Адамзаттың мақсаты» т.б. жетекшілігімен болған баяндамалар мен еңбектер Рим клубының өкілдері ретінде түйткілді мәселелерді компьютерлік модельдеу арқылы қозғады. Баяндамашылардың негізгі түйіні – егер адамзаттық мәденит пен өркениет ғылыми-техникалық прогресс осындай деңгейінде өркендей беретін болса, онда ХХІ ғасырдың бірінші жартысында «ғаламдық катастрофа» болатындығы және оның қалай алдын-алу керектігі туралы.