А. Байтұрсынов атындағы №139 мектеп-гимназиясы
Бастауыш сынып мұғалімі Ражанова Жанар Ражановна
Тәрбие сағатының тақырыбы: Өрт – тілсіз жау
Сабақтың мақсаты: Өрттен сақтану, өртті болдырмау жөнінде түсініктер беру. Ойын арқылы өрттен сақтану туралы дағды қалыптастыру. Жауапкершілікке, ептілікке тәрбиелеу.
Коррекциялық мақсаты: Сөздік қорларын дамыту, сөздерді анық айтуға үйрету.
Көрнекіліктер: Суретті плакаттар, өрт сөндіру құралдары
Сабақтың барысы
І. Ұйымдастыру кезеңі
Өтетін орынды безендіру, жасақтау.
Оқушылардың зейінін сабаққа аудару. Балалардың дайындығын пысықтап, киімдерін ретке келтіру, сайыс кезеңі бойынша рет-ретімен қою.
ІІ. Сайыстың басталуы.
Құрметті, оқушылар! Алдымен бізге қонаққа келіп отырған ұстаздарға орнымыздан тұрып, құрмет көрсетіп сәлем берейік. Рахмет . Енді орнымызға отырамыз.
Біздің бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбы «Өрт – тілсіз жау» деп аталады. От деген өмірімізге қуат беріп, бойымызды жылытады. От – өмір сәні. Отсыз - тіршілік жоқ. От жағылмаса тамақ піспейді, үй жылымайды.
Оттың пайдасымен қатар зиянды жағы да бар. Егер отты тым асыра дұрыс пайдалана алмасақ, біз үшін орны толмас зор қайғы – қасірет әкелетіні хақ.
Сондықтан да осы отырған әрқайсысымыз отты пайдаланғанда аса сақ болуымыз керек. Тұрмыста отты үнемділікпен, жауапкершілікпен, ережелерді сақтай отырып пайдалану керек.
Балалардың отпен ойнауы – өрт шығудың кең таралған себептерінің бірі болып табылады. Үйде жалғыз қалған балалар көбіне сіріңкемен ойнап, оның арты қайғылы жағдайға әкеледі. «Өрт – тілсіз жау» деп бекер айтпаған.
Бүгін біз осы тәрбие сағатымызда өрт қауіпсіздік ережелерімен танысып, өртті болдырмау жөнінде түсініктер береміз.
Тәрбие сағатымыз жарыс түрінде өтеді.
Алдарыңызда жеңіске деген жігерімен алға ұмтылған топтар отыр.
Әділқазылар алқасы ұстаздар болады.
1. Сайысымыздың алғашқы кезеңі «Сәлемдесу»
«Алау» тобы.
Ұраны: Біз алаумыз, алаумыз,
Қанатымыз талмаған.
Жайма шуақ әніміз,
Күштілерміз бәріміз.
«Жалын» тобы.
Ұраны: Біз жалынбыз, жалынбыз,
Қарлығаш боп ұшамыз.
Күн нұрынан нәр алып,
Шамшырақ боп жанамыз.
Әділқазылар әр топқа өз бағасын берсе.
Жүргізуші: Алдымен өрттің шығу себептерін анықтасақ. Ол үшін әр топтың алдындағы суреттер бойынша өрттің шығу себептерін айтып, талдап береді..
2-кезең «Өрт шығу себептері» деп аталады. Әр топтан 3-4 оқушы шығып, орттің шығу себептерін айтып береді. Суреттерін тақтаға іледі.
Әдіқазылар бағасын береді.
3-кезең. «Кім жылдам» деп аталады.
Жүргізуші: Балалар, өрт шыққан кезде алдымен не істеуіміз керек?
Балалар: 101 нөміріне хабарлауымыз керек.
Жүргізуші: Өте дұрыс, балалар. Өрт шыға қалған жағдайда, біз өрт сөндірушілер бөліміне 101 нөмірін теріп, телефон соғуымыз қажет.
Асықпа, аптықпа
Кенеттен өрт көрсең.
Бәрі де реттелер,
«101» нөмірін терсең.
Қазір біз «Кім жылдам» екенін білеміз, өйткені өрт кезінде бәрі біздің жылдам хабар беріп, жылдам қимылдауымызға байланысты. Алдарыңызда тұрған телефонға жүгіріп барып, жылдам 101 нөмірін теруіміз керек. Бірінші тапсырманы орындағандар бірінші орын алады.
Әр топтан бес оқушыдан шығады.
Сайыс аяқталған соң әділқазылыр алқасы өз бағаларын береді.
Жүргізуші: Егер кенет өрт шықса,
Егер кенет от шықса.
Зыр жүгір, тек тұрма
101-ге хабарла.
Ұмытпа сен айтуды,
Мекен – жайды, атыңды.
Жүргізуші: Балалар, ұмытпаңдар, сендер неғұрлым жылдам әрі дәл мәліметті айтсаңдар, өрт сөндірушілер оқиға орнына соғұрлым тез жетеді.
4-кезең «Кім тапқыр?» сұраққа жауап беру.
Алау тобына:
-Өрт сөндіру қызметін шақыру үшін неге «101» нөмірі таңдалынып алынған?
( Себебі, ол қарапйым, әрі оңай. Есте сақтауға жеңіл. Екіншіден, ол қысқа, қараңғы жерде де теруге ыңғайлы. Бұл сандар телефонда ең бірінші және ең соңғы орналасқан.)
-Өрт сөндіру қызметін шақыру кезінде 101 телефоны арқылы қандай ақпараттар беру қажет?
( Өрт болған нысанның орналасқан мекен-жайын, өрттің шығу орны мен өзінің аты-жөнін дереу хабарлау қажет.)
-Өрт сөндірудің алғашқы құралдарына нелер жатады?
( 2 көпіршікті өртсөндіргіштер, 2 шелек, күрек пен балта, багор, лом. Қалқан жанында құм салынған жәшік болуы қажет).
-Өрт болып жатқан үйдегі немесе пәтердегі терезені сындыруға бола ма?
( Болмайды. Себебі, сынған терезеден ауа келеді де, ол өрттің одан әрі күшеюіне әкеледі.)
Жалын тобына:
-Егер үйде газ ашық қалып, үйге таралған жағдайда электр жарығын қосу керек пе?
(Электр қосқышты, разетканы пайдаланған кезде жалын шарпуы мүмкін, осының нәтижесінде газдың жарылысы болады).
-Өрт сөндірушінің қызмет киімі қандай қызмет атқарады?
( Өрт сөндірушіні судан, жоғары температурадан, өрт сөндіру кезіндегі түрлі травмалық жарақаттардан қорғайды).
-Пешке от жағу кезінде қандай өрт сөндіру ережелерін сақтау қажет?
( Отынды бензинмен, керосинмен жағуға болмайды. Пешке жанармай материалдарын салуға және балалардың отты тұтатуына болмайды).
-Төгілген бензинді қалай сөндіруге болады?
( Құм төгіп тастау қажет немесе қалың матамен жауып өшіру қажет).
Сөз кезегі әділқазылар алқасында.
5-кезең «Жұмбақ шешу»
«Алау» тобына:
1.Жаурағанды күйдірер,
Өз еркіне жіберсең,
Дүниені бұлдірер. (От)
2. Бір үйде тұрады екен 50 батыр,
Үй сыртына сүйкенсе –ақ, өліп жатыр. (Сіріңке)
3. Көрмедім ешкім үйінде,
Қолданбас бұл бұйымды.
Жазып қыртыс-қыртысын,
Қонымды етер киімді. (Үтік)
4. Жалт-жалт етер
Жалмап кетер. (От)
5. Қалпағы бар, жиегі жоқ
Аузы бар, иегі жоқ. (Шәйнек)
«Жалын» тобына:
1. Бар екен бір жалмауыз жалғанда артық
Жүреді, жүрген шақта өзі шалқып
Темір мен топырақ, тас суды жемес.
Басқаны жеп қояды қойсаң артып. (От)
2. Кішкентай ғана мүсәтір,
Ол мүсәтір жоқ болса
Елдің бәрі мүсәпір. (Сіріңке)
3. Тұмсығы мықты,
Қыр мен ойды тегістеп шықты. (Үтік)
4. Желден желігеді,
Судан шегінеді. (От)
5. Түймесін бассаң,
Сәулесін шашқан. (Электр шамы)
Сөзді әділқазылар алқасына береміз.
6-кезең « Алғашқы көмек» деп аталады.
Әр топтан бір оқушы шығып жарақат алған кездегі алғашқы көмекті қалай көрсететінін айтып береді.
«Алау» тобынан Исимова Нұргүл айтады.
«Жалын» тобынан Сатыбалды Дильназ айтады.
ІІІ. Сабақты қорыту.
Тест
1.Өрт шығып жатқанын көрсен қандай іс-әрекет жасайсын?
1)«101» нөміріне қоңырау соғамын -1
2)Көмекке шақырамын- 2
3)Ешкімге айтпай, қашып кетемін- 1
2.Егер бөлменін іші ащы түтін болса ?
-Есікті жаппай, терезені ашамын -0
-Шығып кетемін -0
-Аузымды және мұрнымды суланған орамалмен жауып, еденге жабыса есікке қарай жылжып шығамын- 3
3.Электр сымы өртенсе ше?
-Су құямын -0
-Үлкендерді көмекке шақырамын- 3
4.Үстіңдегі киім өртенсе ше?
-Жүгірем, үстімдегі киімді шешуге тырысамын – 0
-Тоқтаймын, жерге домалаймын өртті сөндіру үшін -3
-Көрпеге оранамын -2
5.Егер, тамақ әзірлеген уақытта табадағы май жанса?
-Суланған орамалды жабамын -3
-Су құямын -0
-Тапаны далаға шығаруға тырысамын -0
6. Егер, өрт басталған кезде сен 5-ші қабатта болсан не істейсің ,телефон жоқ?
-Су шүберектермен есіктің тесіктерін бекітіп, терезеден көмекке шақырамын -3
-Шүберектерден арқан жасап терезеден төмен түсемін -1
-Көмекке шақырамын -1
7.Өте қызық бағдарлама көріп отырғанда, теледидардың артынан түтін шықса, не істеуін керек?
-Бағдарламаны көремін- 0
-Үлкендерді көмекке шақырамын -2
-Телидидарды сөндіріп, өрт сөндірушілерге хабарлаймын -3
Құрметті оқушылар, ұстаздар! Бүгінгі «Өрт – тілсіз жау» деп аталатын тәрбие сағатымыз аяқталды. Осы сабақты қорыта келе өрттің шығу себептерін еске түсірсек, тақтадағы суреттер бойынша.
Өрт бола қалған жағдайда қандай нөмірді теруіміз керек?
Жүргізуші: Әділқазыларға сөз береміз.
Достарыңызбен бөлісу: |