Интеллектуалдық капиталдың Ұлт үшін маңызы бүгінгі таңда елімізде «Интеллектуалды ұлт-2020»



Дата25.02.2018
өлшемі106,79 Kb.
#38296
Мұсатаев С.Ш.әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының профессоры, саяси ғылымдарының докторы
ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ КАПИТАЛДЫҢ ҰЛТ ҮШІН МАҢЫЗЫ
Бүгінгі таңда елімізде «Интеллектуалды ұлт-2020» бағдарламасы жүзеге асырылуда, оның бастамашысы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев 2008 жылы 30 қаңтарда «Болашақ» стипендиаттарының форуымында «Қазақстанда интеллектуалды ұлт қалыптастыру қажет» деген асқақ идея ұсынды. Сөйтіп, Ұлт көшбасшысы еліміздегі интеллектуалды ұлт қалыптасуының үш діңгегін атап көрсетті: 1) интеллектуалдық білім беру; 2) инновациялық төңкеріс жасау; 3) ұлттық болмысымызды сақтай отырып жаңғыру. «Интеллектуалды ұлт-2020» бағдарламасы бес кезеңге білініп жүзеге асырылуда: 1. Дайындық кезеңі – 2008-2009; 2. Реформалау кезеңі – 2010-2011; 3. Имплементация кезеңі – 2011-2012; Мониторинг кезеңі – 2013-2018; Даму жаңғыру кезеңі – 2018 жылдан басталады.

Интеллект дегеніміз латынша intellectus – түсіну деген мағына беретін, жаңа жағдайға бейімделуді, оқып-үйрену мен алған білімді тәжірибеде қолдана білу қабілетін қамтитын психиканың сапасы болып табылады,   ақыл-ес, сезім-парасат, білу-түсіну сияқты кешенді таным процесінің нәтижесін білдіреді. Ин­теллектуалды адам өзінің интеллектісін оқу, білім алу, тәжірибе жинақтау арқылы жетілдіріп, өзін және қоғамды дамыту үшін, жаңа жағдайларға сай бейімдеп қолдануға қабілетті. Интеллектуалды тұлға болса, түрлі тақырыптарда еркін пікірлесе алатын, жаңашыл-шығармашылық тұрғыда өзіндік білім алуға дайын, интеллектуалды қабілеті дамыған тұлға. Интеллектуал болса, интеллектісі жоғары дамыған, талдамалық қабілетке ие, интеллектуалдық еңбекпен айналысатын адам. Интеллектуалдар ғылыми жаңалықтарды ашуға, өнертапқыштық жобаоар жасауға икемді келеді. Интеллектуалдардың еңбегі арқылы туындаған жаңалықтарды бүкіл қоғам, тіптен, барша адамзат пайдаланады. Кез келген ғылыми жаңалықтың қайнар бастауында қандай да бір интеллектуал тұр. Батыстық қоғамтануда «интеллектуал» ұғымын қолдану «интеллигенция» ұғымына қарағанда кең таралған. Негізі, ХVIII ғасырға дейін еуропалықтар көзі ашық, сауатты адамды интеллектуал деп атағанын айта кеткен жөн, өйткені, ол заманда халықтың басым бөлігі қараңғы болатын. Ағартушылық жұмыстың жандануынан Еуропада сауаттылық деңгейі артып, бұл өз кезегінде халықтың интеллект деңгейінің артуына игі ықпал етті. Содан бастап, интеллектуал деген атқа асқан оқымыстылар, дарынды ойшылдар мен ғалымдар ғана лайық болды. Қазір де интеллектуал ретінде теориялық ілімді, идеяны және символдарды кәсіби түрде жасаумен, дамытумен, таратумен айналысатын адамдар танылады. «Интеллектуал» ұғымы С.И. Ожеговтің орыс тілінің түсіндірме сөздігіндегі «интеллектісі жоғары дамыған ақылды, рухани адам» делінген тар мағыналық сипаттағы кең ұғым. Бұл – тек адамдардың, топтың ақылдық жағының өлшемі ғана емес, біліктіліктің, жоғары білімділіктің, өз ісінің маманы сияқты сипаттардың көрсеткіші. Сондықтан «интеллигенция» және «интеллектуалдар» ұғымы бір мағынада қолданылып, тек Еуропа қоғамындағы мәдени, әлеуметтік ерекшеліктерді белгілеуде айырмашылықтары болған деуге негіз бар. Сондай-ақ, «интеллигенция» деп белгілі бір әлеуметтік топты айтса, «интеллектуал» деп нақтылы бір интеллектуалды жұмыс саласында айтарлықтай жетістікке жеткендерді атаған. Нақты көрсетер болсақ: «І. - Интеллект — мыслительная способность, умственное начало у человека. Высокий и., Низкий и.; Интеллектуал — интеллектуальный человек; Интеллектуальный — умственный, духовный; с высокоразвитым интеллектом; Интеллигент — человек, принадлежащий к интеллигенции. Интеллигентка (ж.); Интеллигентный — образованный, культурный; свойственный интеллигенту. Интеллигентностъ (сущ.); Интеллигенция – работники умственного труда, обладающие образованием и специальными знаниями в различных областях науки, техники и культуры» [1].

Интеллектуалды әлеуетті тұлға – адамгер­шілік және ұлттық құндылықтарға негізделген жаңа және арнайы мамандан­дырылған білім көздерін жоғары дәрежеде игеру арқылы пайда болған білім, білік, құзыреттерді өзінің, ұлты мен Отанының мүддесіне жарата алатын азамат. Ал интеллектуалды ұлт – интеллектуалды тұрғыдан адамгершілік, мәдени қасиеттерді меңгерген, өзінің ғылыми, мәдени, білімі мен білігін еркін тарату әлеуетіне ие бәсекеге қабілетті ұлт. Интеллектуалды ұлтты қалыптастыруда біздің міндетіміз интеллектуалды тұлғаны қалыптастыру екенін есте ұстауымыз керек. Біз тарихтан сабақ ала білуіміз қажет, тарихты тұлғалар жасайтыны, бір ғалымның ашқан жаңалығы барша адамзаттың тағдырын өзгертетінін ұмытпайық. Жеке адамды, оның ішінде, талантты, нағыз интеллектуалдарды дамытуға жағдай жасауымыз қажет. Интеллектуалды ұлт болуымыз үшін интеллектуал жеке адамдарымыз көп болуы шарт.

Қазақ елінің батыс пен шығыс өркениеттерінің арасында орын тебуі қазақ жанын әрі-сәрі күйге түсіріп, оның бойына еліктегіштік, ксенофилия, толеранттылық сияқты қасиеттерді дарытты. Қазақ даласын Ұлы Жібек жолының басып өтуі Қытай мен Еуропа арасындағы сауда керуендерімен бірге жүрген түрлі діннің, мәдениеттің, ұлттың өкілдерінің қазақтармен қарым-қатынас жасауына игі ықпал етті. Қазақ жерінде бұдан бөлек араб шапқыншылығы, Ислам дінінің таралуы, Шыңғысханның жорықтары, жоңғар соғыстары, Ресейдің боданына айналу, кеңестік кезеңдегі индустрияландыру, тың игеру сияқты түрлі тарихи-саяси процестер сапырылыса жүріп, шартараптан жиналған түрлі мәдениеттер тайқазандағы еттің сорпасындай бүлкілдеп қайнап, қойыртпаққа айналды. Осылайша, қазақ жаны шығыс пен батыстың өзара үнқатысуындағы (диалог) рухани дәнекердің рөлін ойнады. Мұндай жағдайда басқаға еліктеудің орын алуы заңдылық. Қазақ жаны еліктеуің арқасында өзге мәдениеттерден жақсыны да, жаманды да бойына сіңіріп, гибридті (аралас) күйге түсті. Таңқаларлық түгі жоқ, қазақтың жаны да, тілі мен мәдениеті де, діні мен ділі де гибридті. Қазақ жанының еліктегіш болуы ксенофилияға (ксено – бөгде, филия - сүю) ұласып, қолында бардың қадірін білмей, бөтендікіне қызығуды, өзінікіне қарағанда өзгенікін артық көрушілікті туындатты. Кейбір қазақтар нағыз ксенофилге айналып, ана тілінен гөрі шет тілін ардақтайтын, төл мәдениетіне қарағанда бөтеннің мәденитетін дәріптейтін, бейтаныс дінді ұстанатын рухани дертке шалдықты.

Тек батыстық үлгіге ғана байланып қалу, көз жұмып көшіріп алудың қасіретінен әлі де арыла алмай келеміз. Біздің инновация деп жүргеніміз батыста әлдеқашан пайда болып, көзтаныс болған дүниелер. Елбасымыз инновация дегенде, шетелден көшіріп алуды айтқан жоқ. Елбасымыз отандық зиялы қауым өкілдеріне батыстық білімді пайдалана отырып, әлемде теңдесі жоқ жаңа ғылыми жаңалықтарды ашыңдар деп отыр. Инновация дегеннің өзі ағылшынша – innovation, қазақша жаңашылдық деген мағына береді. Тиімділікті арттыру, сапаны жақсарту, немесе заман талабына сай келетін жаңа ілім, технология, техника жасау. Инновация да адамның интеллектуалды еңбегінің, қиял-фантазиясының, шығармашылығының, өнертапқыштығының, рационализаторлық ізденісінің нәтижесі болып табылады. Инновация ретінде өз заманындағы бу машинасының, іштен жану қозғалтқышының, радио, телеграф, теледидар, факс, интернет сияқты техника мен технологиялардың туындауын мысалға келтірсек болады. Қазіргі кезде Майкрасофт бағдарламасын жасаушы Бил Гейтс, Apple компаниясын жаңа белеске көтерген Стив Жобс, Фейсбукті жасаушы марк Цукерберг, Гугл компаниясын жасаушы Стэнфорд университетінің студенттері болған Ларри Пейдж мен Сергей Брин сияқты интеллектуалдар көптеп кездеседі. Қазіргі заман – ақпарат ғасыры, қоғам да ақпараттық.

Енді шығыс елдері интеллектуалдық дамуда қалай жол тапты деген мәселеге тоқтала кетсек. Батыс, батыс деп тамсанамыз. Сонда Шығыс Азия елдері артта қалып отыр ма? Жапон, Қытай, Сингапур, Малайзия, Индонезия, Оңтүстік Корея сияқты шығыс елдері қазір Батыстан озып кетті. Батыстық ілім мен жапондық рухты ұстанған Жапония, ұлттық-коммунистік-капиталистік-батыстық синтезді ұтымды дамытқан Қытай, географиялық факторын пайдалана біліп, медицина мен фармацевтикадан әлемге танылған Индия, бірде-бір табиғи байлығы жоқ болса да өзіндік даму жолын тапқан Сингапур үлгілері кімді болса да таңқалдырады.

Жапондардың басты ұлттық ерекшеліктерінің бірі – дәстүршілдік пен еңбекқорлық. Олар жан-жақты жаңаруға қандай құштар болса, дәстүрді сақтауға да сондай адал, қоршаған дүниені қандай әсемдікпен сезінсе, еңбекке де сондай сүйіспеншілікпен берілген. Бұл олардың қанына сіңген әдет. Тіптен 140 миллион адам еркін сөйлеп, 128 миллион адам ана тілім деп есептейтін, 2136 иероглифтен тұратын (1006 кёику кандзи және 1130 кандзи иероглифтерінен жинақталған, негізі иероглифтері одан да көп, 2010 жылы Жапония Білім министрлігі алфавитті 2136 иеоглифпен шектеу туралы бәтуаға келген) ұлттық жазуларының өзі тұтас бір әлем.



Бірақ жапондық элита мұндай «тілдік ауруға» бой алдырмаған. Тілі мен жазуы қазақ тіліне қарағанда анағұрлым күрделі болса да, өз ана тілін – жапон тілін білмейтін жапондық жоқ. Оған қоса теңдесі жоқ классикалық театры, сан-алуан жекпе-жектері, бірегей шай жасау рәсімі, нәзіктік пен әсемдікке толы икебана жасау өнері т.б. жапондарға ғана тән салт-дәстүрлері сабырлық пен еңбекқорлықты қажетсінетін ұлттық өнерге айналған.

Жапондардың басқалардан ерекшелігі - олар түпкі нәтижеге жетудің мазмұнына қатты мән береді. Бір ғана мысал: кюдо аталатын жапондық садақ ату өнері үшін нысанаға дәл тигізуден бұрын, садақ тарту өнерінің қыр-сырын асқан шеберлікпен орындау маңыздырақ. Мұндай ыждағаттылық жағдайында өзін-өзі алдау мен немқұрайлыққа ешбір орын болмасы анық. Жапондар үшін дүниенің ең асылы - ар-намыс. Ар-намыс үшін харакири жасап, отан үшін камикадзе болып, өз еркімен жан қию да тарихтарында бар.

Басқасы басқа, дәстүршілдік жапондарда мықты сақталған. Осыған байланысты олардың ІІ-ші дүниежүзілік соғыстан кейін басшылыққа алған “Жапондық рух, еуропалық білім мен технология” ұстанымы елдің керемет жетістіктерге жетуіне, сонымен бірге отаншылдық сезімдерін дамытуларына үлкен серпін берді. Жапониядағы ұлттық идентификация процесінде «Шығыс-Батыс» қарым-қатынасының мәселелерін үйлесімді шешуге баса назар аударылады. Жапон елі үшін бұл қиын түйінді табысты шешу әлемдік тарихтағы, халықаралық қатынастар мен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтағы елдің өз орнын табуын білдіреді. Біз де осылайша, қазақы рухты сақтай отырып, жан-жақты жаңғыруымыз қажет.

Оянған айдаһардай, алып Қытайдың экономикасы соңғы онжылдықтарда еселеп дамып, әлемдегі алдыңғы орынға шықты. Бес мыңжылдық тарихы, дербес өркениет саналатын бай мәдениеті, кең жерінде көп санды халқы бола тұра, Қытай бір кезеңдері ағылшындық отарлаудың езгісін, жапондық шапқыншылардың тепкісін де көрді. Батыс менсінбеген, артта қалушы кедей ел саналған Қытай бүгінгі таңда бүкіл әлемді таңдандырып, «Қытай ғажайыбы» деген дамудың озық үлгісін көрсетіп отыр. Мұндай керемет жетістікке көршілес Аспан асты елі қалай қол жеткізді? Қытайлық дамудың астарында, саясаты мен мемлекеттік басқару ісінде қандай құпия сыр жатыр? Қытай тәжірибесінен қандай сабақтар алуға болады? Міне, осындай көкейкесті сұрақтар бүгінде әркімді қызықтырады.

Қазіргі кезде қазақстандық жоғары оқу орындарының, ғылыми орталықтардың материалдық-техникалық базалары, ғылыми әлеуеті күннен-күнге дамып келеді. Қазақ жастарының білімге ұмтылу талабы да таудай, тек ғылыми-техникалық үдерістегі артта қалушылық интеллектуалдық өреден емес, көбіне технологиялық кенже қалушылықтан екені де рас. Сондықтан да, Н.Ә.Назарбаев өз тұсында елді тығырықтан шығару кезеңі мен одан кейінгі уақытта инновациялық дамуды бетке ұстауды және білім беру жүйесінің бүкіл технологиясын заман талабына сай жетілдіру керектігін атап көрсетті. Еліміз индустриялық-инновациялық дамумен қатар, жасыл экономика құруға барынша талпынуда. Астанада 2017 жылы ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі «Болашақтың энергиясы» деген ұранмен өтпекші. Мұның барлығы «Интеллектуалды ұлт-2020» бағдарламасының іске асуымен тығыз байланысты.

Дегенмен, бізде интеллектуалдық дамуда айтарлықтай кемшіліктер де баршылық. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Елбасының жолдауында алдағы 10-15 жылда ғылыми қамтымды экономикалық базис жасауымыз керек, онсыз біз әлемнің дамыған елдері қатарына қосыла алмаймыз, мұны дамыған ғылым арқылы шешуге болады деп көрсетілген [2]. Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Жолдауда ғылыми қамтымды салалар – электроника, лазерлік техника, коммуникациялық және медициналық жабдықтар жасау, геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығу, автомобиль және авиақұрастыру, тепловоз, жолаушылар және жүк вагондары өндірісі, мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, гендік инженерия салаларын, болашақтың энергиясын іздеу мен ашу, агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру, «Жасыл» экономикаға көшу, аграрлық-инновациялық кластерлер құру т.б. деп нақты анықталған. Енді осы міндеттерді қалай жүзеге асырамыз? Отандық ғылым мұндай міндеттерді шешуге даяр ма?

Алдымызға небір аспандаған асқақ міндеттер қойғанымызбен, олардың барлығы да қара жердің бетінде жүріп, өмір шынайылығымен бетпе-бет келу арқылы шешілері ақиқат. Сол сияқты, қазақстандық ғылым да өздігінен дамымайды, оны дамытатын зиялы қауым өкілдері, атап айтсақ, негізінен ғалымдар, яғни, ғылыми қызметкерлер мен жоғары оқу орындарының (ЖОО) профессорлық-оқытушылық құрамы болып табылады. Өйткені, бүгінгі білімді студент – ертеңгі ғұлама ғалым. Ал енді осы қазақстандық ғылымды дамытады дейтін ғалымдарымыздың хал-ахуалы қандай, оларға ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысуға қажетті жағдайлар жасалған ба? Бұл сұрақтарға жауап іздеу үшін жүйелі талдау жасау қажеттігі туындайды, себебі отандық ғылымның дамуына тұсау болып отырған проблемалар өте көп, тіптен, кейбір мәселелердің шешімі тәуелсіздік алғалы бері табылмай, әбден қордаланған. Егеменді ел болғалы бері қаншама білім-ғылым министрі ауысқанын халқымыз санаудан жаңылысатын болды, олардың білім мен ғылымды әлемдік қалыптарға (стандарттарға) сәйкестендіру мақсатында жүргізген реформалары бұрыннан келе жатқан ескі проблемаларға қосылып, жығылғанға тиген жұдырықтай болып отыр.

Қарыштап дамып бара жатқан батыс пен шығыстың алып мемлекеттерінің тәжірибесіне қарасақ, олар ғылымға көңіл бөлу арқылы жан-жақты дамуға қол жеткізіп отырғанын байқаймыз. Мысалы, АҚШ ғылымды дамытуға жыл сайын 400 млрд доллардан астам қаржы жұмсайды, бұл АҚШ ішкі жалпы өнімінің (ІЖӨ) 2,7 % құрайды. Бүкіл әлем бойынша ғылымды дамытуға жұмсалатын қаржының 34 % АҚШ үлесінде болса, 26 % - Еурооодаққа, 14 % - Жапонияға тиесілі екен. Соңғы жылдары Қытай мен Үндістан да ғылымға ІЖӨ 2 % бөлігінен астам қаржы бөліп, инновацияға баса назар аудару арқылы дамудың жаңа сатысына көтеріліп отыр. Дамыған елдердің қатарына ену үшін Қазақстан әлемдік үрдістен қалмауы тиіс. Сондықтан, Елбасымыз жаңа жолдауында қазақстандық экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру мен ғылымды қаржыландыруды ІЖӨ 3 % кем емес деңгейге дейін арттыру талабын қойып отыр. Әрине, қаржылық қолдау қазақстандық ғалымдардың мүмкіндігін кеңейтіп, жаңа ізденістер жасауына, белсенді шығармашылықпен айналысуына игі ықпал етері сөзсіз. Ендігі мәселе осы бөлінгелі отырған қыруар қаржыны талан-таражға салмай, орын-орнымен жұмсап, ғылыми ортадағы әділ бәсекелестікті дұрыс жолға қою. Әзірге бұл көрсеткіш соңғы бес жылда 0,15-0,17 % аралығында тұр, яғни, Қазақстан ғылымды дамытуға ІЖӨ көлемінен көзге көрінер-көрінбес - 0,2 % жетпейтін қаржы бөледі... Бұл өте аз көрсеткіш, жеткілікті қаржылық қолдау болмаған соң, отандық ғылым саласы қалт-құлт етіп, өлместің күнін кешіп отыр. Қазір қазақстандық ғылым саласы аянышты күйде екенін бүкіл қоғам біледі. Мәселе осындай кемшіліктерді тез арада түзеп, Елбасымыз межелеп отырған ғылыми ауқымы кең экономика құруға бәріміз бел шешіп атсалысуымыз қажет. Аяққа тұсау болып отырған арамтамақ құрылымдардың санын қысқартып, ғылым саласын сыңаржақтылықтан, шолақ белсенділердің бюрократиясынан, шектен тыс қағазбастылықтан арылтпасақ, елімізде ғылым-білім дамымайды.


Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Ожегов С.И. Словаръ русского языка. М., 1986. - С. 216.

  2. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ». Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 17 қаңтар 2014 жыл // http://strategy2050.kz/page/message_text2014/


Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> М. П. Ешимов ф.ғ. к., доцент, Р. С. Нұртілеуова аға оқытушы
publications -> Жаппарқұлова Анар Абусайылқызы ОҚмпи қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ. к. Шымкент қаласы. Майлықожа ақынның шығармашылық ықпалы
publications -> Білімнің биік ордасы. Высокий центр знании.)
publications -> Қазақ халқының шешендік өнері Абилбакиева Ғ. Т
publications -> 1903 жылы Санкт-Петербургте «Россия. Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы» деп аталатын көп томдықтың XVІІ томы қазақ халқының тарихына арналып, «Киргизский край» (Қазақ өлкесі) деген атаумен шықты
publications -> Олжастанудың деректі көздері
publications -> Өмірде өнегелі із қалдырған, халықаралық қатынастар факультетінің тұңғыш деканы Гүлжауһар Шағатайқызы Жамбатырова
publications -> С. торайғыров мұрасының ТӘуелсіздік тұсында зерттелуі
publications -> Жамбыл жабаевтың арнау өЛЕҢдері сағынған Назерке Берікқызы
publications -> Ш.Құдайбердіұлы және М.Әуезов шығармашылығындағы тұтастық Нұрланова Әсем Нұрланқызы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет