Бүгінге дейін әңгімемізге арқау болған барлық көкөністер мен жеміс-жидектерге қарағанда, орамжапырақтың шығу тарихы өте қызықты. Ғалымдардың бұл көкөністің тарихына деген қызығушылықтары да өте ерекше.
Көптеген тарихшылар, медицина қызметкерлері және ең озат деген аспаздар өскелең ұрпаққа орамжапырақ хақында небір өсиеттер айтып келеді.
Сондай аңыздардың бірі былай деп сыр шертеді: ертеде Юпитер атты құдай сәуегейлік кітабының афоризмдерін құрастыру барысында қатты қиналып, әбігерге түседі де, терлей бастайды. Нәтижесінде, жер бетіндегі барлық құдайлардың әкесінің маңдайынан біртіндеп тер тамшылары ағады. Жерге түскен осындай бірнеше тер тамшыларынан орамжапырақ өсіп шыққан. Әрине, бүгінде мұндай аңыздарға балабақшадағы баланы сендірудің өзі қиын. Алайда, көпшілігіміз жиі қолданатын «капуста» сөзі көне рим тіліндегі «капутум», яғни «бас» деген сөзден шыққан. Осы сәйкестікке қарап, көптеген ғалымдарымыз жоғарыдағы аңыздың ақиқат болуы мүмкін деген болжамдар айтады да, орамжапырақтың отаны – Рим деген қорытынды шығарады.