БЕСІНШІ ТАРАУ
«Алашорда» қозғалысы және «Қазақ» газеті
ХІХ ғасырдың соңында қазақ халқын саяси жағынан қайта түлету қажет екенін айқын түсінген қазақ зиялылары қалыптаса бастады. Олардың арасынан саяси қызметтің қатерлі жолына жалтақтамай, жанқиярлықпен түскен көрнекті тұлғалар шықты. Демек, ХХ ғасырдың бас кезі қазақ қоғамы үшін түрлі ағымдардың өзара қақтығыс, күрес кезеңі болды. Бір жағынан, ескі, күні өткен феодалдық қатынастар өзінің барлық даму қуатын тауысып, қоғамдық өніп-өсуде кедергіге айналса, екінші жағдай, оларды ауыстыра аларлық жаңа қоғамдық қатынастар тым әлсіз, балаң күйде еді. Елдегі мұндай ауыр жағдай ресейлік империализмнің пәрменді отарлау және орыстандыру саясатын тереңдете түсті. Басқаша айтқанда, бұл мезгілде ортағасырлық мешеулік пен ұлттық езгі қыспағына бірдей іліккен қазақ елінің болашағына үлкен қауіп төнген еді. Қазақ зиялыларының жүріп өткен тарихи жолы, әсіресе, 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейінгі қоғамдық-саяси қызметі халқымыздың күрделі тарихының әлі жазылмаған ақтаңдақтарының қатарына жатады.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселелерінің бірі, әрине, «Алаш» партиясының құрылуы, оның тарихи негіздері, саяси-әлеуметтік сипаты және қазақ тарихында алатын орны. Қазақ зиялылары қоғамдық сұранысты білдіре отырып, саяси партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында-ақ қолға алды.
ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстан тарихының «ақтаңдақтарының» біразы Алаш партиясы мен Алашордаға тікелей байланысты. «Алаш» немесе «Алашорда қозғалысы» – бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. Сондықтан да әуел бастан Алаш (Алашорда) қозғалысына жататын жекелеген мәселелердің басын ашып, оларды нақты түрде қарастырған жөн. Біріншіден, олар саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекет құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияны (Алаш атты қазақтың мемлекеттігін) басқаруға тиісті болған Алаштың ордасы (Алашорда үкіметі) туралы мәселелер. Осы нақты үш мәселе жиынтығы «Алаш» немесе «Алашорда» қозғалысы деген ұғымды білдіреді. [89] Жиырмасыншы жылдардан бастап, әсіресе, 1928-1932 жылдары орын алған бұрынғы «Алаш» партиясы мен қозғалысының жетекшілеріне қарсы ұйымдастырылған алғашқы сот процестерінен кейін, бұл тақырыпты тарихи тұрғыдан зерттеуге ресми түрде тыйым салынды.
1905 жылы ұйымдастырылған жасырын «Алаш» партиясы өз қызметін 1917 жылғы көктем айына дейін жалғастырып келді. Партия қызметі жасырын жүргізілгендіктен, «Алаш» партиясының тарихқа белгілі тұңғыш құрылтай съезі 1905 жылы маусым айында 14500 қазақтың қатысуымен Қарқаралыда өткізілді. Бірақ, ресми түрде «Алаш» партиясының съезі болып есептелінбеді. [90]
«Алаш» партиясы 1917 жылдың шілде айында құрылды. Онда саяси партияға қабылданған жарғы, бағдарлама болмаған. Ресми басқару органдар сайланбаған. Ол шын мәніндегі саяси партия ретінде қалыптаспаған ұйым. Алашты саяси ұйым ретінде қоғамдық қозғалыс дәрежесінен, әдеттегі таптық партияға ауысу «кезеңін» бастан кешірген өтпелі жалпыұлттық саяси ұйым деп қараған жөн.
Алаш қозғалысының көшбасшылары негізінде екі мақсатты көздеді. Біріншісі, қазақ елін отарлық езгіден азат ету болса, екіншісі, қазақ қоғамын орта ғасырлық мешеуліктен алып шығу еді.
Патша заманында отарлау саясатына қарсы шығып, елі, жері, халқы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп қызмет еткен азаматтарымыз бар. [91]. Мәселен, А.Байтұрсынов ұйқыдағы халқын ояту үшін «Маса» болып ызыңдады, М.Дулатов «Оян қазақ!» деп атой салды, С.Торайғыров «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуға» тырысты.
«Алаш» партиясының саяси және экономикалық бастау көздері туралы, Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуы мен олардың Кеңес өкіметімен арақатынасы хақындағы алғашқы пікірлер большевиктік бағыттағы баспасөзде 1919-1920 жылдардан-ақ жариялана бастады. Осы мәселе бойынша алғашқы қалам тартушылар көш басында А.Байтұрсынов пен С.Сейфуллин тұрды.
Алашорда өкілдері социалистік идеологиясын таптық принцип негізінде күресті қабылдаған жоқ. «Алаш» партиясының қайраткерлері сол кездегі қазақ қауымы тұтас алғанда оған дайын емес еді деген пікірде болды. Сонда да олар өз күресін жалпы ұлттық мүддеге негіздеген «қазақ халқын отарлы езгіден құтқару үшін» деген ұранның астында топтастырылған бағыт болды. Бұл бағытты жүзеге асырудың басты құралы бірінші жалпы қазақтық съезде дүниеге келген Алаш партиясы болу керек деп түсінді А.Байтұрсынов («Жизнь национальностей» апталығы). «Қазақтарға ақпан төңкерісі қаншалықты түсінікті болса, Қазан социалистік революциясы соншалықты түсініксіз көрінді. Бірінші революцияны қандай қуанышпен қарсы алса, екінші революцияны соншама үреймен қарсы алуға тура келді».
«Алаш» партиясы өз бағдарламасында Ресей мемлекетінің демократиялық, федеративтік республика болғандығын білдірді. Яғни, ұлт зиялыларының мемлекеттік дербестік мәселелеріне сақтықпен қарағандығын байқаймыз. Қазақ зиялыларының ең алдымен шешілуге тиіс жалпы ұлттық зәру мәселелерді талқылауға мұрындық болып, сол мәселелер бойынша ортақ тұжырымдарға келуде жетекші рөл атқарды. Бұл тұжырымдар партия бағдарламасының жобасында берілді. Бұл бір. Екіншіден, партияның ұйытқысы болған қайраткерлер қазақ елінің Алаш автономиясы атанған ұлттық мемлекетінің өмірге келгенін жария еткен екінші жалпықазақ съезін (1917 жыл, желтоқсан) дайындап өткізді. Осы кезде Алашорда үкіметінің өмірге келуіне тікелей себепші болған жағдай уақытша үкіметтің басқа да шет аймақтарындағыдай Қазақстанда да ең өзекті ұлт өміріне қатысты мәселелерді шеше алмаған әлжуаз, тұрақсыз саяси билікке айналуы, оның арты бүкіл империяны қамтыған анархия, зорлық пен зомбылыққа ұласуы еді. [92]
Алаш 1917 жылдың жазында қалыптасқан жағдайда халықтың келешек тағдырын анықтауға тікелей қатынасы бар жалпыұлттық мәселелерді саяси күрестің күн тәртібіне қойып, оларды шешу жолында айтарлықтай қызмет атқарды. Бұл ең алдымен партияның бағдарламасының жобасын дайындаудан қазақ ұлттық мемлекетін құру ісіне белсенді түрде кірісуден, қазақ қауымынан құрылтай жиылысына депутаттар ұсынып, оларды сайлау ісіне қажырлықпен атсалысудан аса айқын көрінді. «Алаш» партиясы өзінің бірнеше айларға созылған қысқа ғұмырында шын мәніндегі саяси партия ретінде қалыптаса алмады, үлгермеді. Партияға тән жарғысының да, бағдарламасының да болмағанын жоғарыда айтып кеттік. Оның мүшелеріне партиялық билеттер берілгендігі жөнінде де архивте сенімді деректер кездеспейді. Біздің бұл сөзімізді Міржақып Дулатовтың тергеудегі жауабы растай түседі: «Алаш партиясының жарғысын бекіткен съезд болған емес. Газет арқылы жарияланған жобамен танысқан және оны мақұлдағанның бәрі өзін партияның мүшесімін деп санады... Сондықтан да «Алаш» партиясы көпшілікке кең танымал Алашорданың көлеңкесінде қалды». Ал, Мағжан Жұмабаев: «Алашты саяси партия деп санаған емеспін. Тек қана Алашорда үкіметі болды», – деген пікір айтады. «[93]
Демек, Алашты саяси ұйым ретінде қоғамдық қозғалыс дәрежесінен әдеттегі партияға ауысу (айналу) «кезеңін» бастан кешірген өтпелі саяси ұйым деп қарастырған жөн. Алаштың әдеттегі саяси партияға айналу процесі 1917 жылғы шілдеден соң сол жылдың соңына, яғни Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметі құрылғанға дейін айтарлықтай қарқынмен жүргізілді. Оның жергілікті комитеттері жекелеген облыстарда 1917 жылғы қазан-қараша айларында құрылғандығы жөнінде құжаттар да сақталған. Дегенмен, Кеңес өкіметінің орнауына байланысты, 1918 жылдың көктемінің соңы – жазының басталуына орай Алаштың партия болып қалыптасуы аяқсыз қалды.
Халел Досмұхамедовтың төрағалығымен, А.Байтұрсынов, Ә.Көтібаров, М.Дулатов, А.Сейітовтың хатшылығымен өткен бірінші қазақ съезі ( 1917 жылдың 16-шілдесінде Орынбор қаласында өтті) делегаттары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси өміріне байланысты қаралған он төрт мәселе ішінде басты назарды ұлттық автономия, жер, құрылтай съезіне дайындық, баспасөз мәселелеріне аударды.
Съезде А.Байтұрсынов, М.Дулатов автономиялы тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру идеясын ұсынды. Ә.Бөкейханов демократиялық Федеративтік және парламенттік Россия Республикасының құрамында Қазақстан ұлттық территориялық автономиясы болуын қолдады. Съезд делегаттарының басым көпшілігі Әлихан ұсынысын жақтады.
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов сияқты қазақтың либералды интеллигенциясының көсемдері басқарған «Алаш» партиясының құрамына ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның белгілі өкілдері М.Тынышбаев, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, Ғ.Қарашев, С.Торайғыров, Х.Ғаббасов, М.Дулатов және тағы басқалар енді.
1920 жылдың 25 қарашасында жарияланған «Жизнь национальностей» апталығында С.Сейфуллиннің «Манап-Шамиль» деген бүркеншік атпен «Қазақ интеллигенциясы» атты мақаласында, (ол «Қырғыз (қазақ) интеллигенциясының арасындағы партиялық» және «Қазақстанның кешегі революционерлері» деген екі бөлімнен тұрады) «Жас қазақ интеллигенциясына дем беруші басшылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов және М.Дулатов» болғандығын айтады.
1910 жылы Ә.Бөкейхановтың «Қырғыздар (қазақтар) атты әйгілі мақаласында: «Жарқын болашақта қазақтар арасында қалыптасып келе жатқан екі саяси бағытқа сай екі партия құрылуы керек», – деп көрсетті.
«Алашорда» іс жүзінде 1918 жылдың ортасынан 1919 жылдың желтоқсанына дейін өмір сүрді. Россия үкіметінің территориялық автономиясы болуды мақсат тұтты. Азамат соғысы және шетел интервенциясы жылдары «Алаш» партиясы үшін түрлі шытырман оқиғаға толы қиын-қыстау кезең болып саналды.
Қазақ елінің оңаша отауын құрамыз. Ресей қол астындағы автономиясын алып береміз деген алаш қозғалысының идеясын Ресейде орнап жатқан большевиктер өкіметі, не тарихи сахнадан шығып жатқан уақытша үкіметтердің бірде-бірі қолдамады, мойындамады. Соның салдарынан 1919 жылдың наурыз айында А.Байтұрсынов, М.Дулатов бастаған Торғай отряды кеңес өкіметі жағына шыққаннан кейін не істерін білмей Алашорда қалжырай бастады. Ойыл уалаяты 1920 жылдың басына дейін өмір сүргенмен, бүкіл қазақтың тілегін ту қылып көтере алмады. Ереуілдеп шапқандардың шаңында қалған ел ауызбірліктің жоқтығынан опық жеді, қарсыласар, табан тіреп күресер күші болмады. Осы дүрбелеңді заңды деп танып, тағдырға мойын ұсынып, жоғымызды кеңес тауып берер деп үміттенгендер аз болса да айғайы жер жарды. Алашшыл оқығандардың «бұл төңкеріс қазақтың қалауымен, тілегімен болмаған жат құбылыс» [94] дегені тағы белгілі.
«Қазақ» газеті 1913 жылдың 2-ші ақпанынан бастап Орынборда аптасына бір рет шығып тұрған. Таралымы 3000, кейбір мағлұматтарда 8000-ға жеткен. Бірінші редакторы – белгілі ғалым, жазушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов, екінші редакторы – қоғам қайраткері, жазушы Міржақып Дулатов, бастырушысы – «Азамат» серіктігі, Хусаинов-Каримов баспаханасында басылып тұрған Газеттің 1918 жылғы сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков. Барлығы 265 нөмірі жарық көрді. [95]
Ұлттық-демократиялық бағытты уағыздайтын басылым өз төңірегіне мұғалімдердің айтарлықтай бөлігін, Орынбор мен Уфа қалаларындағы «Ғалия» мен «Хұсния» медреселерінде оқитын шәкірттерді топтастыра білді. Орта және жоғары білімді қазақ зиялыларының басым көпшілігі «Қазаққа» ерді. Әлихан Бөкейханов «Қазақ» газетінің басты жетекшісі болды, оның платформасын анықтауға атсалысты, бірақ газеттің күнделікті жұмысына араласып тұруына мүмкіндігі болмады. «Қазақ» қоғамдық-саяси газет болғандықтан, редакция алқасының үкімет саясатының жазылуына көп мән бергендігі байқалады. Олай болмағанда газеттің жабылып қалу қаупі бар еді. Бірақ, ондағы басты мақсат, патша өкіметіне жағыну емес– қазаққа үкімет жайын, оның не екені, мүдделері түсіндіріліп, жиылыс-мәжілістермен таныстыру еді. Мәселен, «Г.Дума» (1915 жыл, №145), «Дума һәм хүкімет» (1916 жыл, №207) атты материалдарда мемлекеттік дума және кеңес жұмыстары жөнінде жан-жақты түсінік берілген. Мақалалардың көпшілігі Ә.Бөкейхановтың «Қыр баласы» деген бүркеншік атымен жазылған.
«Қазақ» газеті бірінші орыс революциясы оятқан қазақ халқының белгілі қауымын ұйымдастыратын және оған басшылық жасайтын орталыққа айналды. Газет қазақтың саяси өмірі жөнінен маңызды мақалалар беріп тұрды, көптеген көкейтесті мәселелер бойынша пікірталастар ұйымдастырды және сол кездегі қоғамдық-саяси ойды бір арнаға бағыттаушы болды.[96]
«Қазақ» алғашқы санынан бастап халықты ағарту, оның саясатқа деген ынтасын арттырып, тарихи зердесін ояту және ұлттық сана сезімді тәрбиелеу міндеттерін алдына қойды. А.Байтұрсынов газетке «газет халықтың көзі, құлағы һәм үні» деген анықтама берді.
Газетке ХХ ғасырдың басындағы қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған Ә.Бөкейханов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, С.Дөнентаев, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ғ.Қарашев, А.Мәметов, Б.Серікбаев, Р.Малабаев, Қ.Қоңыратбаев сынды әдебиетіміздің дамуына үлесін қосқан ардақты азаматтарымыздың ғылыми шығармалары, әңгіме, өлеңдері басылып, аудармалар туралы сын мақалалармен қатар Л.Толстойдан, А.Чеховтан, М.Лермонтовтан, И.Крыловтан алғашқы аудармалар жарық көрді.
«Қазақ» газетін жаздырып алу жергілікті байлардың, болыс-билердің хат танитын барша қазақтың беделін, игілігін, мәдениет дәрежесін анықтайтын бәсекенің мәселесіне айналды. Ұзақ жылдар бойы жөнсіз тыйым салынып, туған халқының рухани өміріндегі орны мен рөлі мүлде сызылып тасталған осы газеттің бұқараны оқуға, өнер-білімге, ілгері елдердің үлгісіне шақырумен қатар, патша әкімшілігінің отарлау саясатын да батыл әшкерелеп отырған анық демократияшылдық бағыты бүгінгі күннің биігінен қарағанда да өте мәнді көрінеді.
Шындығына келсек, «Қазақ» газеті қазақты бұқаралық таптық езгіден азат етуді өзіне міндет етіп алған жоқ. Ауыр отарлық езгі, Столыпин реформасы салдарынан жер үшін күрестің шиеленісе түсуі, шаруашылық дағдарысының тереңдеуі, саяси-әлеуметтік құқықтың жоқтығы, міне, осындай жағдайда «Қазақ» жалпы ұлттық мәселелерді көтеріп, сол үшін күресті. Егер таптық және жалпыұлттық мүдделерінің белгілі бір қоғамдық даму сатыларында өзара ымыраға келе алатындығын есепке алсақ, «Қазақ» газетінің бұл ұстанған айқындамасы сол тарихи кезеңдердегі қазақ қоғамының объективті жағдайынан туындап, оның сол кездегі ең зәру талап-тілегін ұлт ретінде мақсат-мүддесін білдіретін еді.
Газеттің жалпыұлттық басылым ретінде ерекшелігі де, әлеуметтік шектеулігі де осы қырынан көрінген. Анығырақ айтқанда, «Қазақ» интеллигенциясы шет аймақтарда ұлы державалық мақсаттарды көздеген Столыпин реформасына байланысты үдей түскен ұлт-азаттық қозғалысының үні ретінде өмірге келді және 1918 жылдың наурызында жабылғанға дейін осы мақсатқа қызмет етті. Сонымен бірге оның бұл бағыты қазақ бұқарасының ауыр жағдайына іш тарта қарауға, қажет жерінде оған араша түсуге кедергі жасаған емес. «Қазақ» ең алдымен осы ұлттық бостандыққа байланысты өзекті мәселелерді тынымсыз көтеріп тұрғаны үшін де отаршыл әкімшіліктің қатал бақылауында болды.
Осындай түрлі қиындықтарға қарамастан газет алты жыл бойы үзіліссіз шығып тұрған. Сондықтан оның 265 нөмірінің әрқайсысы қазақ тарихындағы ояну дәуірінің күнтізбесі іспеттес. Себебі, «Қазақты» дүниеге келтірген және оның тұрақты авторларының қатарында Алаш қозғалысының бүкіл халық таныған жетекшілері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты қайраткерлер болды. Осы азаматтар мен олардың сенімді серіктері «Қазақ» газетін жалпыұлттық басылым дәрежесіне көтерді.
Достарыңызбен бөлісу: |