Ә.Бөкейханов және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі
1915 жылдың соңынан бастап «Қазақ» газеті қазақ жігіттерінің келешекте әскерде қызмет етуінің жай-күйін сөз ете бастады. Бұл кезде Әлихан Орынборда, А.Байтұрсыновтың қарамағында «Қазақ» газетінде жұмыс істейтін. 1916 жылдың ақпанында олар Петроградқа аттанды. Соғыс министрі генерал Поливановқа, басқа да ресми орындарға кіріп, қазақтарды әскерге шақыру мәселесінің кейінге қалғанын анықтап қайтты. Содан жазға дейін «Қазақ» газетінің бетінде пікір алмасу жалғаса береді. Көпшілік қазақ жігіттері үшін атты әскерде қызмет етудің қолайлы болғанын айтып жатты. Жаяу әскерге баруды жақтағандар да болды. Сөйтіп жүргенде ақыры июнь жарлығы шықты. Қазақтар әскер қатарына емес, соғыстың қара жұмысына шақырылды. Одан соң жер-жерде толқулар бұрқ-бұрқ тұтанып, жазалаушылар қара істеріне кірісіп кетті.
Осындай «тар жол, тайғақ кешу» кезеңінде Орынборда Әлихан Бөкейханов басқарған Торғай, Орал, Ақмола, Семей, Жетісу облыстары қазақтарының мәслихаты өткізілді. Бұл жиналыста ең алдымен: «Казак отрядтарын даладан кері шақырып алу арқылы және жер-жерде халық өкілдерінің съездерін өткізу арқылы халықты тыныштандыратын шараларды шұғыл қолдану қажет», – делінді. Одан әрі патша өкіметінің алдына: «Жергілікті өкімет, әсіресе, болыс басқарушылары өздерінің асығыс әрекеттерімен, дөрекіліктерімен және қиянаттарымен халық толқуларын өздері туғызды, ең бір бейбіт, жоғары әмірге көнімпаз халықты зығырданын қайната көтерді, өкімет пен заңға бағынбайды деп жариялады. Мұның бәрі жалған. Қазақтар жарлықты орындайды... Жұмысшыларды мобилизациялау туралы хабар қазақтардың пішен шабу науқаны қызып, астық жинау мерзімі тақалған уақытта шықты. Міне, бір айдан бері күллі дала толқу үстінде, шаруашылық жайына қалды, шөп шабылмады, астық орылмай жатыр. Осының бәрін ретке келтіру керек, жоғалған уақытты ұту керек. Бұл енді шаруашылықта жұмыскерлердің молырақ болуын талап етеді. Жұмысшыларды шақыру солтүстік уездерде 1917 жылғы 1-январьға, ал оңтүстік уездерде 15-мартқа дейін кейінге қалдырылсын»,[88] – деген нақты талап-тілектер қойылды.
Қазақ жеріндегі бес облыс өкілдері жиналысының Ә.Бөкейханов төраға қол қойған қаулысында жігіттерді қара жұмысқа шақыруды ретке келтіру шарттары 18 пунктке таратылып баяндалған. Солардың ішінде халықтың интеллектуалдық күшін сақтауды көздеген екі бап ерекше назар аудартады: жиналыс әр 50 үйдің балаларын оқытуға бір мұғалімнен қалдыруға, ал қалалардағы мұсылман медреселерінің шәкірттерін әскердің қара жұмысына шақырудан мүлдем босатуға қаулы еткенін айттық.
Ақыры тыл жұмыстарына шақырылған 400 мыңнан астам қазақтардың 130 мыңдайы, әр аймақта күннен-күнге өрістей түскен көтерілістерге қарамастан соғыс шебіндегі қорғаныс жүйелерін салуға жіберілді. Майданның қара жұмысын істей жүріп, жігіттер революциялық ниетке бауыр басты. Сөйтіп, өз іштерінде «Еркін дала» атты жасырын ұйым құрды. Ал, майдандағы қазақ жұмысшыларының ең үлкен басшысы – сол тұста орыс армиясы бас қолбасшысының ставкасында қызмет атқарған Әлихан Бөкейханов еді.
Сондықтан майдан тылында қара жұмыс істеп жүрген қандастарының Ә.Бөкейханов сынды білгір де білімді, бетті де беделді жерлестерінің ықпалында болмауы, оның әр басқан қадамы мен айтқан пікірін қадағалап, еліктемеуі мүмкін емес еді. Ендеше сол тұстағы қара жұмысқа алынған қазақ жастарының көзқарасына, қалыптасуына Ә.Бөкейхановтың ықпалы мол болды.
Достарыңызбен бөлісу: |