Қазақ тіліндегі алғашқы биресми газет-журналдар және
онда қызмет істеген ірі тұлғалар
Қазақ тіліндегі ең алғашқы биресми басылым болып «Қазақстан» газеті саналады. Ол 1911 жылдың 16 наурызы мен 1913 жылдың шілде айларының аралығында – алғашқыда Ордада, одан соң Орал қаласында шығып тұрған. Бұл газеттің ресми редакторы Елеусін Бұйрин болған. Ол кезінде тек газет редакторы болумен шектелмеген. Өзі басқарып отырған басылымның неғұрлым халықтық болуы үшін күрескен. Газет маңына прогресшіл адамдарды топтастырып, олардың патшалық отаршылдық саясатына, байлардың өктемділігіне қарсы халық атынан жазған материалдарын ешбір өзгеріссіз, қорқынышсыз бастырып отырды.
Өзі де қазақ қоғамының әлеуметтік-экономикалық, саяси қиындықтарына ой жүгіртіп, тұйықтан шығар жол іздеп, жұртшылықты бірлікке, еңбек етуге шақырған мақала, өлеңдер жазды [16].
Соның бірі Ғ.Қарашевпен бірігіп жазған «Баку» атты жолсапар очеркі еді. Онда авторлар Бакудегі қыздар училищесінде алған әсерлерін жалаң баяндап қана қоймай, сондай училищелердің қазақ жерінде де ашылып, жұмыс істеу қажеттігін мәселе етіп көтереді.
Сондай-ақ Е.Бұйриннің 1913 жылы осы «Қазақстан» газеті баспаханасынан өз халқын мәдениетті елдердің қатарына жетуге шақырған, 27 беттен тұратын «Ызың» атты өлеңдер жинағы жарық көреді.
Ғұмар Қарашев «Қазақстан» газетінің ең белсенді де, құрметті авторларының бірі болып саналады. Оның шығармашылық жолы өте күрделі. Ескішілікке кетпей үнемі ілгерілеп отырады. Ол өз дәуірінің ең жақсы, жаңашылдық армандарын мақтап қамти білген және оны өзінің шығармаларына арқау етіп, халыққа жеткізіп айта білген ақын.
Ғұмардың 1905 жылға дейінгі және одан кейінгі шығармаларының басты тақырыбы – патша үкіметінің отаршылдық қысымына қарсылық, қазақ халқының жақсы жер, ата қонысынан айырылғанын, саяси бостандықты аңсау, халықты ғылым-өнер жолына үндеушілік, елді билеу жүйесіндегі әділетсіздікті әшкерелеп, батыл сынау, әйел теңдігі мәселелері болып келеді.
Міне, осындай халқының әр нәрсеге енжарлығын, берекесіздігін түзеймін деп саналы күрес жолына түскен Ғ.Қарашевтің көзі тірісінде Уфа, Қазан, Орынбор қалаларында «Ойға келген пікірлерім»(1910), «Өрнек» (1911), «Қарлығаш» (1911), «Бала тұлпар» (1911), «Бәдел қажы» (1913) прозалық шығармалары, «Аға тұлпар»(1914), «Тұрымтай» (1918) және т.б. кітаптары жарық көреді.
Сондай-ақ 1911-1913 жылдары оның «Қазақстан» газетінде түрлі тақырыптарға жазылған көптеген мақала, очерк, фельетон, өлеңдері жарияланады. Мысалы, «Бұл қай заман?» [17] деген мақалада тарихтың даму процесіне қысқаша шолу жасай келе, қазақ жастары ғылымның әр саласын жетік меңгерсе деген ниет, өсиет айтады. Онда ол: «Бізде бір қалыптасқан қате пікірдің барлығын, ол – біз ғылымды орыстікі деп бөлеміз, мейлі, солай-ақ болсын, онда басқа дін, жағрапия, тауарих, т.б. ғылымдарды басқа тілде оқыған күннің өзінде, мамандығын жақсы біліп, халқына жақсы пайда келтірсе болды емес пе?»- деген ой, тұжырымын айтады.
Екінші бір «Газет деген не зат?» атты мақаласында баспасөздің қажеттігі жайында оқырман қауымға: «Бізде бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет! Сол себепті газет біздің басшымыз! Газет біздің достар алдындағы – көркіміз! Дұшпандарға қарсы құралымыз» Газет біздің қараңғыда жарық беріп, тура жолға салатын шамшырағымыз», – деп түсіндірді.
«Қазақстанның» келесі авторы, қазақ халқының аяулы азаматтарының бірі, қоғам қайраткері, публицист Бақытжан Қаратаев. Бірақ, оның публицистік қызметі «Қазақстан» газетінен ертерек басталған. Себебі, Орынборда 1907 жылғы қаңтардың 4-інен сәуірдің 27-іне дейін шығып тұрған большевиктік «Орал» газетінде қазақ еңбекшілерінің орыс халқына жолдаған «Ашық хаты» жарияланған. Кезінде белгілі ғалым, қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші, профессор Б.Кенжебаев «Ашық хаттың» авторы Б.Қаратаев болуы мүмкін деген болжау айтқан болатын. Өйткені, «Ашық хат» жарияланғаннан кейін, Думаның 1908 жылғы шілде айында өткен мәжілісінде Б.Қаратаев сөз сөйледі. Ондағы айтылғандардың мазмұны «Ашық хатпен» үндес келеді.
«Ашық хатта» патша шенеуніктерінің қазақ еңбекшілерін ежелгі ата мекендерінен қуып, жерлерін тартып алғаны туралы мәселе қозғалған. «Біз жоғарыда жазылған сөздерді орыс халқына дұшпандықпен айтып отырғанымыз жоқ. Орыс халқы бізге дұшпан емес. Біздің бәріміздің дұшпанымыз бір, ол әуелден самодержавие дүр», – деп жер мәселесін әр халықтың мүддесіне сай шешуді талап еткен. Бірақ, Думаның олай шеше алмайтынын, патша өкіметі жойылмай жер мәселесінің халық талабына сай шешілмейтінін ашық айтқан.
Б.Қаратаев осы проблема төңірегінде екінші бір басылым «Айқап» журналының бетінде жарияланған «Шідерті болысы елінің отырықшы болып жер алулары» [18] атты корреспонденциясында: «Қара шекпендер қырық тоғыз қала салдырып алды. Қара шекпендерге ең жақсы, бірінші дәрежелі жерлер кетті. Жеті руға ең жаман жерлер қалды»,- дей келіп, «көшпелі халық – қабір ұлы деген сөз бар», «көшпелі болмақ балиғилық емес, сәбилік белгісі дейді»,- деп қазақ халқын отырықшылыққа шақырады.
Енді Б.Қаратаевтің «Қазақстан» газетінде жарияланған материалдарына келетін болсақ, онда әлгіндей айтқан тақырыбымыздың жалғасы ретінде оның «Азаматтарға бір-екі ауыз сөз» мақаласын алуымызға болады[19]. Ол «көшпелі» өмірдің дәурені өтіп бара жатқанын, көшпелі өмір және ескі әдеттер қазақты ғылым-білімнен артта қалдырғанын «балуан бірді, білімді мыңды жығатынын» айтып, жұртты отырықшылық өмірге бет бұруға, пайдалы кәсіппен айналысуға, балаларды оқытуға шақырады.
«Қазақстан» газетінде қаламын ұштап, оқу-ағарту мәселесіне байланысты проблемалық материалдарын жариялап тұрған, кейіннен ірі қоғам қайраткері, педагог атанған Сейітқали Меңдешевпен қатар Ғ.Мұсағалиев пен Ғ.Бердиевтер де болған. Мысалы, Ғабдолғазиз Мұсағалиев газетте Жетісу өлкесі бойынша меншікті тілші болып, қаражат жинаған, газеттің жұртқа таралуына көмектескен. Ол ашқан мектепте Ілияс Жәнсүгіров оқыған. Ал, Ғұбидолла Бердиев болса, Қазан университетін бітірген. «Қазақстан» газетінде бірнеше мақалалары жарияланған.
Келесі сөз 1911 жылдың қаңтарынан 1915 жылдың қыркүйек айына дейін Троицк қаласында шығып тұрған «Айқап» журналында қызмет істеп, материалдарын жариялаған қазақтың игі жақсылары туралы болмақ. Ең алдымен айтарымыз бұл бейресми журналдың шығарушысы да, редакторы да қалың жұртқа танымал Мұхаметжан Сералин болды.
Ол өз басылымы үшін сол кездегі ең көкейкесті жайларға арнап, бас мақала жазып отырған. Мәселен, М.Сералин «Қазақ халқының мұқтаждығы» материалында жер мәселесі туралы проблема көтеріп, оны ауыл қазақтарына бөліп беру идеясын ұсынды.
«Айқап» журналында оның ірілі-уақты қырықтан аса мақаласы басылған. Бұл мақалалардың көпшілігі сол замандағы қазақ халқының саяси-шаруашылық, мәдени халі мен болашағы туралы жазылған. Оның бір еңбегінде бірнеше мәселені сөз ететіні де, әр түрлі тақырыпқа жазылған бірнеше мақаласының аттас болып келетіні де кездеседі. Сондай-ақ ол мақалаларының көбіне саралап, арнайы ат қоймайды, көбін күнделік, хат сияқты етіп жазады.
М.Сералиннің «Қызмет иесі мырзаларға», «Қадірмен оқушыларға!», «Басқарушыдан», «Айқап», «Басқармадан» деген сияқты бірқатар мақалалары «Айқап» журналы туралы, оның мақсаты мен міндеттері туралы жазылған. Мәселен, ол өзінінң жоғарыда аталған «Қызмет иесі мырзаларға» деген мақаласында: «Журнал шығарудағы мақсат, атақ шығару, білім сату емес, халыққа қызмет ету болады», – деп жазса, ал екінші бір «Құрметті оқушылар» атты мақаласында «Айқап» журналын жұрттың оқи бастағанына бір жыл толғанын, «Айқап» журналы жер мәселесі туралы жұрттың ойын қозғауға себеп болғанын халық соты, әйел теңдігі, балаларды оқыту, сайлауға таласудың зиянды жағы тәрізді зәру мәселелерді жазуды қолға алып отырғандығын айтты.
М.Сералин патша отарлау саясатының түпкі мақсатын дәл тани біліп, оны жұртқа дұрыс түсіндіруде де білгірлік танытты. Мәселен, оның мына пікіріне құлақ түрелік: «Соңғы он жыл ішінде үкімет … қырғыз-қазақтарды отырықшы қылып өнер үйретейін, өнерге алғызайын, салдырап көшіп азап шеккенше отырықшы болып жан тыныштық қылсын деп емес, отырықшы болып 10-15 десятина жер алып, ала алмағандардың жерін кесіп алмақ» [20].
Бұдан басқа «Айқап» мемлекеттік Думаларға, Дума сайлауларына байланысты мақалалар жариялады. Қазақтарға да сайлау құқы берілуін, Думаға қазақтан да депутаттар сайлануын, онда халқымыздың көкейкесті мәселелерінің қаралып, шешімін табуын талап етті. Осыған орай М.Сералин «Айқаптың» 1912 жылғы үшінші санында «Юбилей туралы» атты мақала жариялап, онда Романов тұқымдарының патшалық құрғандарына 300 жыл толу мерекесіне қатысатын қазақ өкілдеріне мынадай тапсырма жүктеді:
Қазақтан Думаға депутат сайланатын болсын;
Қазақ жеріне енді шеттен көшпенділер келтіру тоқтатылсын;
Казак, орыс орналасқаннан қалған жер қазақ пайдасына берілсін;
Мал шаруашылығын жаңаша өркендетуге орыспен қатар қазақтарға да учаске болсын;
Қазақстандағы қазынадан сатылатын жерлерді орыспен қатар қазақтың да сатып алуына рұқсат етілсін;
Дін туралы, мектеп, медресе ашу туралы, халық сотын өзгерту туралы сұралсын.
Осы барған мырзалар өздерінің Петерборды көріп қайтқанына мәз болмай, азырақ халық пайдасы туралы оны-мұны ескеріп қайтса дұрыс болар еді. Қеңесіп, тиісті орындарға мұң-мұқтажымызды айтып, арыз ұсынса екен… Кезі келгенде мұқтажымызды сұрау өкімет алдында ешбір теріс болмас деп ойлаймын» [21].
Кеңес үкіметі тұсында «Айқап» журналын көтере мадақтауға жол бермей, оның редакторы М.Сералиннің атын да бірде айтқызып, бірде бүркемелеп келгендігі де біздің ойымызша осындай ашық пікірінен туған болуы керек.
«Айқап» журналы жұртшылықты Абайдан үлгі алуға, соның жолымен жүруге шақыра отырып, бұл жөнінде: «Біз Самарқан, Түркістан, Бұқара, Ташкент жағынан келген бас қатырғыш дін жаһиеттерінен арылып, енді Еуропа мәдениетіне суарылған өнерлі тілді жасалық. Ол өнерлі тілдің үлгісін бізге Абай берді. Абайдан үйренейік, одан соң сынаптай таза, күмістей кіршіксіз қазақтың ауыз әдебиетінен, бұрынғы сөз тапқыр шешен сөздерінен үйренейік», – деп жазды [22]. Бұл тұрғыда С.Торайғыровтың 1913-1914 жылдары «Айқапта» жауапты хатшы болып жүрген кезінде жазған «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Өлең және айтушылар», «Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?» мақалаларын айтуымызға болады.
Әйел теңдігі мәселесі де «Айқапта» ең өзекті тақырыпқа айналды, оны жаңаша көтерді. С.Торайғыровтың «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Өскемен уезінен», «Елден» атты мақалалары бұған куә. Онда Өскемен уезіндегі Қаратай елі (найман) қызды атастырмай теңіне беру туралы үкім шығарады. Тіпті, осы орайда Мақыш Қалтаев сынды діншіл деген ағартушылардың өздері-ақ әйелдерге бостандық беруге талпынды. Бұл жөнінде: «Іштен шыққан балаға жанымыз ашымайды. Енді кімге жанымыз ашиды? Көзіміздің ағы мен қарасындай ғазиз қыздарымызды не үшін надан қалдырамыз? Не үшін жәбірге ұстап, шалға береміз? Осы ісіміздің ақыретте пайдасы бар ма, екі дүниеде пайдасы бар ма? Пайдасы болса жазып көрсетіңіз. Қыз да түсінсін, біз де түсінейік. Жоқ болса, кел жұрт, қыздарды не оқыталық, һәм жылатпай теңіне қосалық. Осы надандығы да, осы жылағаны да жетер, енді осыдан сақтаналық. Өзімізден өзіміз дүние, ақыретте бірдей ұялып, қор болмайық», – деп жазды М.Қалтаев [23].
«Айқап» журналы кеңес өкіметі жылдарында көрнекті қоғам қайраткерлері болған, қазақ баспасөзінің ірге тасын қаласқан Мұхамеджан Сералиннің, Сабыржан Ғаббасовтың, Ғұмар Қарашевтің, Бақытжан Қаратаевтің қызмет етіп, шыныққан, шындалған мектептері болды. Сондай-ақ бұл басылым туралы әңгіме қозғағанда «Бақытсыз сұлу» романының авторы Әкірам Ғалымов пен Жиһанша Сейдалинді де ұмыт қалдыруымызға болмайды.
Бұл тақырып аясында келесі сөз болатын мәселе «Қазақ» газеті туралы болмақ. «Қазақ» – қоғамдық-саяси және әдеби газет. 1913 жылы екінші ақпаннан бастап Орынборда аптасына бір рет, 1915 жылы аптасына екі рет шығып тұрған. Таралымы 3000, кейбір мағлұматтарда 8000-ға жеткен. Бірінші редакторы – белгілі ғалым, жазушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов, екінші редакторы – қоғам қайраткері, жазушы Міржақып Дулатов, бастырушысы – «Азамат» серіктігі. Хусаиынов-Каримов баспаханасында басылып тұрған. Газеттің 1918 жылғы сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков. Барлығы 265 нөмірі жарық көрді.
Газетте ХХ ғасырдың басындағы қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған Ә.Бөкейхановтың, Ш.Құдайбердиевтің, М.Жұмабаев пен С.Дөнентаев, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ғ.Қарашев, Ә.Мәметов, Б.Серікбаев, Р.Малабаев, Қ.Қоңыратбаев сынды әдебиетіміздің дамуына үлес қосқан ардақты ағаларымыздың ғылыми шығармалары, әңгіме, өлеңдері басылып, аудармалар туралы сын мақалалары жарық көрді [24].
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ ағартушылары мен ақын-жазушылары аңсаған ілім-білімге үндеу ХХ ғасырдың бас кезінде нәтижесін беріп, алдыңғы қатардағы азаматтарды елді ояту, азаматтыққа ұмтылу мақсатына жетеледі. Осынау зиялылар арасында ел бағытын айқындар сара жолды жаңылмай нұсқап, адастырмас даңғылға алып шығуға ұмтылған жаңа тұлғалар көріне бастады. Сол көш бастаушылардың ең танымалысы – Ахмет Байтұрсынов болды. Ол М.Әуезовтің сөзімен айтқанда қазақ халқының «рухани көсемі» еді.
Оның баспасөзге қатысы туралы айтқанда алты алашқа әйгілі «Қазақ» газетінің редакторы болған, оған дейін «Айқап» журналының бетінде жиі ой жарыстырып отырғандығын айтпай кетуімізге болмайды. Оның публицистикасы көбіне мақала түрінде жазылған. Мәселен, 1911-1914 жылдар аралығында «Айқап» пен «Қазақта» жарияланған «Қазақ өлкесі», «Оқу жайы», «Бастауыш мектеп», «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Қазақ һәм 4-дума», «Жауап хат» (Жанша Сейдалин мырзаға), «Шаруа жайынан», «Бұл заманның соғысы», «Земство», «Бас қосу турасында» мақалалары осының айғағы іспеттес.
Егер, А.Байтұрсыновтың жоғарыда аталған еңбектерінің қайсыбіріне нақтырақ тоқталатын болсақ, онда «Қазақ жерін алу турасындағы низам», «Көшпелі һәм отырықшы норма» атты мақалаларында патшаның жер саясаты, сот, адам хұқы, билік саясатының теріс пиғылын түсіндіруден бастап, қазақ жері қазақтың қолынан қалай кетіп бара жатқанын, жер алудағы орыс шенеуніктерінің жергілікті халыққа көрсетіп отырған қысымын әшкерелейді.
Ал, бұған керісінше «Шаруа жайынан» деген мақаласында болса: «Отырықшылық – ол да бір білім, өнер. Бұған бұрынғы мал бағу мен егін егуге жарап жүрген білімдеріңнен басқарақ білім керек. Ол – көп малдың есесіне аз малдың асылын ұстап, толықтыратын ілім – аз жерді аздырмай, көп жердің орнына тұтынатын білім. Бұл екеуі де қазақ қолданып көрмеген білімдер»,- деп жазды. Ол бұл ойын екінші бір «Аңдаспаған мәселе туралы» деген мақаласында: «Біз қазаққа қала болма демейміз. Жақсы жеріңе жиналып, қалаңды сал, мешітіңді орнат, мектеп, медресеңді аш, рұқсатсыз неге қала болдың деп ешкім айтпайды дейміз, 15 десятинамен қала боламыз десеңдер, күн көре алмайсыңдар», – деп одан әрі жалғастырады.
«Қазақтың» басты бағыты ағартушылық мәселесін қамтыды. Өнер, білім жағынан қалың қазаққа бас-көз болды. Мысалы, «Оқу жайы» [25], «Қазақша оқу жайы» [26] атты мақалалар оқудың мән-жайын, маңызын, әсіресе, «Қазақтың шаруасына, бір жақтан надандықтан кемшілік келгенде, екінші жақтан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдігінен қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат істеп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қол жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгіл өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызда бір жұрт екенімізді білдірер едік», – десе, «орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, қазақша оқы, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу керек», – дейді. Газет 1913 жылы жарияланған материалдарында оқудың мән-жайын, маңызын айтып, көпке түсіндіруге тырысса, екінші 1914 жылғы «Бастауыш мектеп» (№61), «Мектеп керектері» (№62), «Оқу мезгілі» сияқты мақалаларында мектеп, медресе жайларын нақты көрсетіп, мұқтаждарын айтады.
Бұдан басқа А.Байтұрсынов экономика, халық саулығы, халық соты тақырыптарына да қалам тартқан. Бұл мәселелерге арнап ол «Уақ қарыз» (1913), «Ауру жайынан» (1913), «Тәні саудың – жаны сау» (1922) және т.б. мақалаларын жазған. Әсіресе, патша сотының жетімсіз, қазақ заңының толымсыз тұстарын «Біздің заман – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» – дей отырып қатты сынаған.
Оның жоғарыда айтқандай «Қазақша оқу жайынан», «Оқу жайы», «Орысша оқушылар», «Оқыту жайынан», «Мектеп керектері», «Оқу мерзімі» атты мақалалары «Қазақ» газетінің беттерінде жарық көрсе, «Айқап» журналында басылған «Жазу тәртібі» [27] атты мақаласында қазақ жазуын араб алфавиті негізіне түзеп, қазақ халқының тілдік ерекшелігіне сәйкестігін жазу үлгісін ұсынудың тұңғыш қадамын жасады.
Сонымен қатар А.Байтұрсынов «Қазақ» газетінің редакторы. Ол басшылық еткен газетке кезінде М.Әуезов: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді?… Ахаңның екпіні болатын»,- деп әділ бағасын берген.
«Қазақ» газетіне Ахаңмен бірдей атсалысып, мол үлес қосқан публицистердің бірі М.Дулатов болды. Оның ақындық, қайраткерлік, журналистік түрлі қырлары бар. Мұның әрбірі – арнайы үлкен бір сала. Оның редактор-журналист, публицист ретінде «Айқап», «Серке», «Қазақ» газет-журналдарына атқарған қызметтерінің өзі неге тұрады?
Міржақыптың өмір жолында, әсіресе, Ахаңмен бірігіп шығарысқан «Қазақ» газетіндегі қызметі ерекше атап айтуға тұрарлық. Ол 1914 жылдың 12 мамырынан бастап екінші редактор, 1917 жылдың 28-шілдесінен газеттің негізгі ұйымдастырушысы болды. Бұған жалпықазақ съезінен кейінгі жарияланған «Ашық хаты» дәлел: «…съезд Учредительное собраниеде мені екінші қылып көрсеткен еді. Мен төменгі себептер бойынша списоктан шығамын» дейді ол бұл хатында. Сонан соң басты себебі ретінде «Қазақ» газетіндегі басшылықты алға тартады: «Ахмет һәм мен екеуіміз де депутат бола қалсақ, газет иесіз қалар. Бір кісі бір іске жарайтын болса да аз болмас. Халыққа қызмет етемін деген кісіге бәрібір: депутат бол, газет шығар…» [28].
«Қазақты» оқи отырып жалпы алуан тақырыптарды газет қабырғасын көтеріп тұрған ірі публицистің – А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Бөкейхановтың теңдей бөліп алғанын көреміз. Қай тақырыпқа да қалам тербейтін хас шеберлер болғанымен Ахмет көбінесе мәдени-ағартушылық, Міржақып әдебиет-өнер, Әлихан саяси-экономикалық жайларға көп қалам тербеп отырған.
Әдеби туындыларынан басылымда Міржақыптың әдебиеттің теориялық мәселелерін қарастырған «Манап драмасы», «Надандықтың құрбаны» мақалаларын, «Айтыс» [29] аударма өлеңі, «Шәкірт» [30], «Сағыну»[31] өлеңдері, «Алашқа»[32] реквиемі жарияланды.
«Қазақ», бір атап өтетін жәйт, денсаулық сақтау мәселесіне де бұрынғы басылымдардай емес, жете назар аударып отырған. Осы ретте Міржақыптың «Чума жайынан», «Чума съезінен» деген мақалалары жарық көрді. Мұнда ол «Орал облысындағы қазақтың саны 600 мың, неше жүз шақырымға жайылған осыншама халыққа һүкіметтің қойғаны – үш дәрігер. Бәлкім үштен де кем болар еді, егер Орал облысында мұнан бұрын чума болып шошытпаған болса. Жаздыгүні басталған дертті әкімдер қазанның аяғында білді, сонда чумаға қарсы қару қылуы, чума қазақ жерінен казак-орыс (Калмыков) жеріне ойысып бара жатқан соң деуге болады», – деп ел жайынан хабар береді. Үкіметтің осы жайға көңіл бөлуін сұрайды.
«Қазақ» газетінде кеңінен көтерілген, дау-дамайы бар мәселенің бірі – 1916 жылғы бұратана халықтардан солдатқа адам бөлу мәселесі. Бірнеше жылдар бойына алашордашылар халық қамын ойламады, әскерге адам жіберуді жақтады деп қараланып келді. Ол кездегі зиялылардың іс-әрекетінен Міржақып та шет қалмады. Ол өзінің мақаласында: «Төңкеріс жолында қазақ жұрты құрбан болып кетсін деуге дәтіміз бармады. Сондықтан біз екінші жолды таңдадық, көну керек дедік. Оған бел байлағаннан кейін елге көзіне айтатын сөзіміз де, басшылығымыз да осы бетте болды. Тек неше түрлі сылтаумен соза түсу жағын ескеріп отырдық», – дейді [33].
Басылым үкіметтің қатал шаралары мен цензураларына қарамастан алған беті мен қайсар рухынан онша қайта қоймайтын. Кейін, 1920 жылдардағы жылымық кезінде М.Дулатов 1916 жылғы «Қазақ» газетінің жай-күйі туралы: «Ол заманның жуан ортасында болмаған, ащы-тұщысын татпаған бүгінгі бақытты жастар «Қазақ» газетін енді оқыса, «Бейшара, қандай жасқаншақ, қорқақ, былай жазса болмас па еді?»,- дер еді. Ол кездегі газеттердің бет-аузын алапес қылып шығаратын цензураны бүгінгі жастар көрген жоқ қой. Өз ойыңды, өз атыңды өзің ұрлап «осылай жазсам, жұрт бірдеңе қып түсінер-ау» деп ишаралап, жасқанып, жалтақтап отыруды бүгінгі жастар көрген емес», – деп жазды [34].
Сол сияқты «Г.Дума солдаттық мәселесі» [35] дейтін мақаласында да көтеріліс кезіндегі көптеген жайлар ашып айтылған. Онда ол халықтың саяси ұйымдастырушылығына көңілі толмай, «бұл істі қалың қазақтан күту қашпаған қашардың уызына қарағандай болған соң дума ашылуына қарсы Самарадан Ә.Бөкейханов, Орынбордан А.Байтұрсынов, Ақтөбе уезінен Н.Бекметов жүріп кетті»,- деп мәлімет береді. Автордың хабарлауынша: «…олар Петерборға: 1) қазақтан соғыс үстінде солдат алынбауын:; 2) солдат алудан бұрын метрике түзеу; 3) лажсыз алынатын болғанда, жаяу солдат болмай атты ғаскер болуын, қазақ жер-су һәм правода орыспен тең болуы керек деген нақты, бірізден шыққан тілекпен аттанған… Бүкіл қазақ болып бір адам жібере алмауымыз масқаралық болар. Қазақ жайына қандырмайынша, сөзіңді сөйлеп, думаға жеткізе алатын депутат жоқ деп біліңдер».
Осы көтерілістен кейінгі бірлікке ұмтылу жылдарында, осы айтылмыш қайраткерлердің барлығы, бар қазақ зиялылары 1917 жылдың қазанында 1-жалпықазақ съезінің қаулысына сүйене отырып «Алаш» партиясын құрған болатын. Жылдар бойы осы партия жөнінде де кереғар пікірлер айтылып келді. Міржақыптың осы бағыттағы шығармалары да жетерлік. «Қазақтың үш жүзге бөлінуі һәм Алаш атануы» деп аталады.
Тағы бір айта кететін нәрсе, «Қазақ» және «Айқап» басылымдарының арасындағы бас араздық болатын. М.Дулатовтың «Айқап» журналы» [36] деген мақаласында осы айтыстың басталуын көрсететін дерек бар: «Қазақ» та, «Айқап» та өз бетімен келе жатқан кезде сәтсіз күні басталған бас қосу мәселесі шыға келді. Міржақып «Тіл туралы» [37] атты мақаласында да «Айқап» журналының кейбір кемшіліктеріне тоқталып кетеді: «Шын қазақша жазылып, қазақ тілі мәселесін қолына ала тұрған осы «Қазақ» екенін ешкім бекер дей алмас… Екі жылдан бері шығып тұрған «Айқап», шығып тоқтаған «Қазақстан» бұл жағын жете ескерген жоқ». Қалай десек те, қос басылым арасында пікір қайшылығы болғанымен, өшпенділік, араздық болды деуге ешқандай негіз жоқ.
Қарымды қайраткерлердің ел ішіндегі кемшілік жайларды мінеп- сынаған фельетон, сықақтары да жарияланып тұрды. Мысалы, «Дауқұмар» [38], «Жүзі қаралар» [39] және т.б.
«Қазақ» газеті айыптан, қуғын-сүргін мен арыз-шағымнан көз ашпады. 1914 жылы 23-қазанда Орынбор губернаторына газет үстінен арыз беріледі. Онда мынадай жолдар бар: «Біз қазақ газетінен өзіміз һәм балаларымыз үшін аса қорқамыз. А.Байтұрсыновты һәм М.Дулатовты Орынбордан айдап жіберсеңіздер екен. Мұндай зиянды адамдар Орынборда тұрса, қазақпен һәм қазақ жастарымен араласпай тұрмайды». Мұның бәрі Міржақыптың «Қазақ баспаханасы» [40] мақаласында егжей-тегжейлі баяндалған.
Ол көбінесе баспасөз беттерінде жарияланған өз мақалаларын «Арғын», «Тургайский», «М.Д.», «Түрік баласы», «Азамат», «Мадияр», «М-яр», «Байқаушы», «Азамат Алашұлы», «Алашбайұғлы», «Таймінер», «Тайбағар», «Алакөз», «Қолғанат» және т.б. бүркеншік аттармен жазып отырған.
«Қазақ» газеті 1918 жылдың наурыз айында шығуын тоқтатады. М.Дулатов бұдан соң 1920 жылы Ташкентке келіп, «Ақ жол» газетіне қызметке орналасады. Онда көп тұрақтай алмай, 1921 жылы облыстық сотта істейді. 1922 жылы тұтқындалады да, 1922-1926 жылдары Орынбор халыққа білім беру институтында оқытушылық қызмет атқарады. Бұдан кейінгі төрт жылда Қазақ Мемлекеттік баспасында бөлім бастығы, «Еңбекші қазақта» редактордың стилистика жөніндегі орынбасары болады.
Жоғарыда біздер «Қазақты» қоғамдық-саяси газет деп атадық. Осыған орай редакция алқасының үкімет саясатының жазылуына көп мән бергендігі байқалады. Ондағы басты мақсат – қазаққа үкімет жайын, оның не екені, мүдделері түсіндіріліп, жиылыс-мәжілістермен таныстыру еді [41]. Мысалы, «Г.Дума» (1915 жыл, №145), «23 қаңтар» (1913 жыл, №98), «30 қаңтар» (1915 жыл, №100), «Орынбор, 22 ақпан» (1915 жыл), «Г.Дума ашылды» (1916 жыл, №169), «Г.Дума» (1916 жыл, №179), «Дума һәм хүкімет» (1916 жыл, №207) атты материалдарда мемлекеттік дума және кеңес жұмыстары жөнінде жан-жақты түсінік берілген.
Басылымда бұл мақалалардың көпшілігін Ә.Бөкейханов «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен жазған. Ол «Қыр баласымен» қатар «Ү» деген бүркеншік атты да қолданған. Бұл жөнінде оның өзі «Айқап» журналының №2 санында былай деп көрсеткен: «Бақытжан, Сералы (бұл жерде Б.Қаратаев пен С.Лапинді айтып отыр) «Алаш» деп бұлдыратып жүргенде, мен абақтыда жатқанда қазақ жері туралы мақалаларым «Сибирские вопросы» деген орыс журналында 1908 жылғы 16-17, 18, 21-22, 27-28, 33-34, 35-36, 37-38, 45-46, 47-48 сандарында «Ү» деген белгімен қол қоюыммен шыққан». Ол осы бүркеншік атпен тұңғыш рет К.Маркс пен Ф.Энгельстің «Коммунистік партияның манифесін» 1926 жылы Қызылорда қаласында қазақшаға аударып шығарған.
Ә.Бөкейханов ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында орыс басылымдарында («Степной край», «Иртыш», «Омичь», «Голос степи») қазақ халқының рухани, әлеуметтік мәселелерін көтеріп жаза білген бірден-бір қазақ авторы болды. Сондай-ақ ол қазақ газет-журналдарының беттерінен де саяси және экономикалық проблемаларды қамтуда басқаларға үлгі-өнеге бола білді.
Мәселен, 1910 жылы Санкт-Петербургтен А.И.Костянский редакциясымен жарық көрген «Қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыс түрлері» деген жинаққа Әлиханның «Қазақтар» атты мақаласы енгізілді. Онда автор қазақтар мекендейтін Қазақ және Түркістан өлкелері мен Астрахань губерниясының ұлттық құрамына демографиялық талдау жасай келіп, қазақтардың ішкі тұрмысын баяндар алдында мынаны ескертуге тиіспін дейді: «Қазақтардың шаруашылық тіршілігі малына жаятын жер мен суаратын өзен-көл іздеу жолында үнемі қоныс аударып, бір орнында тұрақтамайтын жартылай жабайы көшпенділік формулаға симайды»,- дей келіп ол көшпелі мал шаруашылығының орнын аралас егіншілік , малшылық шаруашылықтың алмастыра бастағанын нақты цифрлармен дәлелдеп, қазақ, крестьян бюджеттерін, олардың табыстарының түрлерін талдайды.
Бұл еңбекті ғылыми очерк деп атауға да болады. Оның алғашқы екі бөлімі қазақ даласындағы саяси құрылыстың шын жайын, қазақтардың арасындағы саяси, мәдени ахуалды таныстыруға арналған. Автор патша өкіметінің отаршылдық саясатын сенімді деректер арқылы көз алдына елестетеді.
Ал, кітаптың төртінші бөлімінде қазақтардың саяси белсенділігінің артуы жайында бай мәліметтер бар. Автор бірінші орыс революциясы жылдарында қазақтар баршаның теңдігі туралы, ождан бостандығы жөнінде, халық өкіметі жайында айтып шаттанған интеллигенцияға қосылып, «өздері білетін орыс халқының атын ғасырлар бойы қыр үстінде жаманатқа қалдырып келе жатқан ескі таныстарына орыстардың ұқсай бермейтінін қазақтар енді көрді»,- деп жазды.
Жоғарыда айтқанымыздай 1913 жылдың көктемінде Орынборда А.Байтұрсынов пен М.Дулатовтың қолдауымен жалпы ұлттық бағыттағы «Қазақ» газеті шыға бастады. Осы басылымда 1913 жылғы 3-наурызда шыққан «Думадағы партиялар» деген мақаласы мейлінше тартымды болды. Мақалада ІV мемлекеттік Думадағы күштердің орналасуын автордың қалай қабылдайтындығы байқалады. «Ескі көзқарастарды ұстанатын партиялар – оңшылдар, ал жаңа көзқарастағылар – солшылдар», – деп аталады дейді Ә.Бөкейханов.
Оңшылдарға «орыстар партиясы», «қара жүзділіктер», «ұлттық партия» жатады. Олардың негізгі позициясы: Ресей орыстар үшін, яғни өзге діндегі, нәсілі бөлек, басқа халықтардың бәрі одан төмен болу керек. Бұл партиялардың аттары олардың позицияларының мазмұнына сәйкес келеді.
Солшыл партиялар: «Период» партиясы, «Социал-демократтар» (жұмысшылар) партиясы…
Сондай-ақ Ә.Бөкейханов өзінің көптеген мақалаларында белгі беріп жатқан ұлттық партия ауқымында саяси тұрғыдан бірігудің қазақтар үшін аса қажет екенін ерекше бөліп көрсетеді.
Өзінің 1913 жылғы 23-шілдеде жарияланған «Дума және қазақтар» деген мақаласында ол: «Думадағы 442 депутаттың 40-50 депутаты ғана шаруалардан, егер орыс патшалығын асырап отырған шаруаларға деген көзқарас осындай болғанда, саны аз, бөлшектенген, надан, қазақ халқы одан не күтпекпіз? Қазақты Думадан шығарып тастады…», – деп ашу-ыза білдірді.
Ә.Бөкейханов 1922 жылдан бастап Москвада тұрғаны белгілі. Осы кезде ол көп, өнімді жазып, артына мол мұра қалдырған. Тек, 1923 жылдың өзінде ғана Москвадан оның: «Потаниннің өмірбаяны», «Марабай», «Ер Тарғын» (түзетіп бастырған), «Короленко», «Макардың түсі» аудармалары өмірге келді. Барлығын да аударған «Қыр баласы».
Ә.Бөкейханов Москвада тұрғанда аудармашылықтан басқа, Шығыс халықтары баспасының қазақ бөлімін басқарды. Маркстік әдебиеттерді қазақ тіліне аударумен де шұғылданды. Ғылыммен айналысты. «Темірқазық» журналына шаруашылық, оқу, білім мәселелері бойынша мақалалар жариялады.
Қолжазба «Садақ» журналы 1915 жылдың 9-қарашасынан бастап Уфа қаласында шыға бастаған. Оның ұйымдастырушысы, шығарушылары – Бейімбет Майлин және Жиенғали Тілепбергеновтар болған. Бұл туралы баспасөз зерттеушісі С.Байменшин: «Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқып жүрген кезінде Бейімбет «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсыновпен кездескенін жазып, оған дәлел ретінде башқұрт жазушысы Сайфи Құдаштың төмендегідей естелігін ұсынады:
«Беимбет подошел ко мне.
- Знаешь, – заговорил он, явно желая поделиться своей радостью, – я только что побывал у больших людей. В Уфу приехал редактор нашей газеты «Казах» Ахмет Байтурсынов. Вчера он собрал всех казахских шакирдов и беседовал с ними. Я попросил, чтобы он принял меня для разговора о моих стихах. Байтурсынов охотно согласился. Вот сегодня я пошел к нему в гостиницу. Вошел в номер и чуть не ахнул: у него сидят Галимджан Ибрагимов и Мажит Гафури. И хотя мне было неловко, я все же остался, присел в уголке. Мы говорили о вопросах, интересующих казахскую молодежь. Байтурсынов похвалил мои стихи и обещал напечатать в газете «Казах» [42].
Бұл Бейімбеттің 19-ға шаққан кезі. Өлеңдері медресенің «Садақ» қолжазба журналында жариялана бастаған шағы. Ал «Қазақ» газетіне шығармаларын жариялауы Ахметпен жүздесуден кейін басталды деп сеніммен айтуға болады»,- деген жорамал айтады [43].
«Садақта» Б.Майлиннің «Өлең туралы», «Күн шықты» және «Сүйгеніме айтамын» деген өлеңдері жарияланған. Оның «Өлең туралы» туындысында ақын халық үшін қандай пайдасы бар екендігі жайында толғанса, «Күн шықты» өлеңінде табиғатты суреттеу арқылы жарық дүниенің адамзат тірлігіне тигізетін әсерін жырлайды [44].
Бейімбеттің тұңғыш кітабы 1925 жылы Қызылорда қаласында С.Садуақасовтың алғысөзімен «Бейімбеттің өлеңдері» деген атпен жарық көрген. «Осы күнгі қазақ әдебиетінің көбі де, күштісі де көркем әдебиет, – дейді Смағұл алғы сөзінің бастауында.- Көркем әдебиеттің көбі өлең. Көркем әдебиет туралы сөз қозғағанда ең әуелі аузымызға ақындардың аты түсетін себебі де сол. Соңғы кезде қазақ ақындарының жазғандары сынға түсе бастады. Бірақ сыншылардың көбі кейде ақындарымыздың затын сынамай, атын сынап жүр. Себебі, қазақ ақындарының жазғандары бір жерге құралған жоқ. Анда-санда газет бетінде көрінген бірен-саран өлеңдеріне қарап ешкімге толық сын беруге болмайды. Бейімбеттің бұл басылып отырған өлеңдері 15-жылдан бері жазғандары. Әрине, бұл өлеңдердің ішінде нашары да бар, жақсылары да бар, тіпті жақсылары да бар. Бейімбетті толық білу үшін, оның ақындығын толық сипаттау үшін оның өлеңін түгел оқып шығу керек».
Ал оның жазушылығы жөнінде Ғаббас Тоғжанов «15 жылдағы қазақ әдебиеті» деген мақаласында: «Бейімбет 1915 жылдарда-ақ үлкен жазушы, талант екенін көрсеткен еді. 1915 жылда жазылған Бейімбеттің "Шұғасы" әлі күнге дейін қазақ әдебиетіндегі өте терең, мағыналы, қызықты, мазмұнды, әдемі, шебер тілді әңгіменің бірі»,- деп жазған [45].
Сондай-ақ Ж.Тілепбергенов те өзінің ұстаздық, ақындық, жазушылық қызметін осы «Садақ» журналынан бастаған. Мысалы, ол «Жазғы көш» [46] деген әңгімесінде жайлауға көшу сәтін, жол бойғы қыз-жігіттердің ат жарыс, көкпар ойындарын, шырқаған әндерін нанымды суреттейді. Әсіресе, оның байдың жылқышыға ұрсып жатқан сәтін, жастар думанына торы шолақ атын тақымдай шаба жөнелген кедей баласының жақын қылығын бейнелеуі де сол кездегі ауыл бейнесін көз алдыңа айқын елестетеді.
Екінші мәселе, Ж.Тілепбергеновтың сыншылығы туралы. «Садақтың» 1917-1918 жылдары он санында қатарынан Халелиден Жүсіпұлы Сарталиевтің «Мақтым» деген ұзақ повесі жарияланған. Міне, Жиенғали шығармаға талдау жасап, сын жазу барысында оның кемшіліктерін, роман дәрежесіне жете алмағанын, егер қайта құрып өңдесе баспаға ұсынуға болатынын атап көрсеткен.
Журнал өз оқырмандарының деңгей-сипатын ескере отырып оқу-ағарту ісіне баса көңіл бөлген. Журналдың 1917 жылғы бес санында жарияланған «Мұғалімдік туралы» деген екінші бір үлкен мақаласында прогресшіл педагогиканы және озат ағартушылық идеяларды насихаттады. Алдымен ол медресе бітіріп шығатындарға «бұрынғы алдаушы, сатылғыш арамза молдалардың ізіне түсіп кетпеуді» айтады. Екіншіден, жаңа әліппен төте оқытатын мұғалім балаларға мейірімді қарап, білім негіздерін және жазуды бірге үйретуге, жұрт алдында тәртіпті, ұстамды болуға тиістігін ескертеді. Сондай-ақ, Ж.Тілепбергенов мұғалім тек балаларды оқытумен тыңбай, ел арасында мәдени-ағарту жұмыстарын, атап айтқанда сауаттандыру, газет, кітап оқып беру, мұғалімдер дайындайтын курстар ашу сияқты шараларды жүзеге асыруға тиіс екендігін, бұл жаңа, халықтық мұғалімдердің ардақты борышы екенін жазады.
Достарыңызбен бөлісу: |