Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың



бет3/11
Дата05.11.2016
өлшемі1,96 Mb.
#525
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

ҮШІНШІ ТАРАУ
«Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде

жер мәселесінің жазылуы
Жер дауы, жесір дауы қазақ қазақ болғалы күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе десек күпір бола қоймаспыз. Өйткені, бұл екі мәселе кейде тіпті бірін-бірі туғызатын, біріне екіншісі себеп болатын аса бір шікәмшіл, әсіресе сақтықты, айрықша қағылгездікті, кісінің ойын тауып, көңілін аулай білетін, насырға шауып кеткелі тұрған мәселенің түйінін шешіп, тігісін жатқызып, алаң көңілді сабасына түсіре білетін шеберлік істің қиюын тауып, қисынын келтіре білетін парасат, шешендік керексінетін, айтқанынан істегені ауытқымайтын мәрт, қара қылды қақ жарғандай әділдікке ғана жүгініп саябыр табатын аса бір кірпияз мәселе болып келді.

Біздің пайымдауымызша жерге талас екінің бірінде ру мен рудың, әлді мен әлсіздің немесе кең-қоныштардың арасында жанжал туғызып, үдей келе арты кейде адам шығынына, қырқысқа соғып жататын. Ал сойыл жұмсалған, атыс-шабыста, әлбетте, адам шығыны болатыны күмәнсіз. Соғысқа, сойыл соғуға тек ересек ер азаматтар қатысқанын ескерсек, жесір көбіне осындайдан пайда болатыны айтпаса да түсінікті.

Жер жанжалы бітпейтұғын дауға, бітпейтін жауға себепкер болатыны тарихтан да мәлім. Ал, жыл он екі ай бойы дерлік қоныс іздеп, мал жағдайымен көшіп-қонып жүрген қазекемнің біреудің жеріне малын жайып жіберуі, біреудің қонысына, құдығына, суатына рұқсатсыз қол сұғуы екінің бірінде күні бүгінге дейін болып жатқан жағдай. Ендеше жер дауы – қазақ халқының тұрмыс-салтынан туындаған, ешқашан түпкілікті шешімін таппаған, күрмеуі күрделі мәселелердің бірі.

Қазақ өзара қырқысқанда байға, биге жүгінетін. Әйтеуір, ел болып бұл жанжалдың зауалын табатын. «Тұлпардың өз тұяғы өзіне дәрі» дегендей, жеген таяғы үшін кек тұтпай, әділ шешімге разы болып, кейде тіпті өзара бауырласып, құда-жекжат болып та тарасып жатады. Бұл даулы мәселе түпкілікті шешімін тапқанда, енді қайта дауласпау, жауласпау үшін жасалатын асыл дәстүр еді.

Тарихқа көз жіберсек, қай елде, қай жерде кім-кімге қарсы шапқан соғыстарды алып, сырына зер салсаңыз, бәрі де жер үшін болған қырғындар екеніне еш күмәніміз қалмайды.

Коммунизм құруды қолдаған кешегі кеңес көсемдерінің бірі Брежнев «Дән болса, ән де болады» демекші, жат елге шабуыл бастаған басқыншы да, елін жаудан қорғауға аттанған мемлекет те, байлық та, бақыт та жері болса ғана болатынын, жері неғұрлым кең, байтақ болса, байлық та солғұрлым мол болатынын жазбай таныды. Сондықтан да жер үшін айқас – жан беріп, жан алысқан шайқас, яғни өмір үшін, халықтың болмысы, болашағы үшін арпалыс екенін біздің көреген бабаларымыз өзгелерден де ерек сезінген. Ұрпағына ұлан-байтақ жер қалдырғаны соның дәлелі... Елін, жерін қорғау, оны жауға бермеу әр азаматтың өз арын, намысын қорғауы, өзінің аяқ асты болмауы деп бағаланғанына «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген бір мәтел-ақ кепілдік етері даусыз.

Міне, сол жер мәселесі өткен ғасырдан бері ұдайы сөз болып келеді. Өйткені, жердің бостандығы – елдің бостандығы, халықтың еркіндігі, азаттығы.

Сан ұрпақ сан ғасырдан аман алып өткен қазақ жеріне соңғы ғасырларда да көз тігушілер, ындыны құрып, сілекейі шұбырғындар аз болған жоқ. Солардың ішіндігі ең аяры да арсызы, не уәдеге тұрмайтын, не сөзге парық бермейтін, обал-сауапты білмейтін имансызы, қазақтың түбіне жетіп, тұқымын тұздай құртуға сәл-ақ қалған обыры – Ресей патшалығы қазақ сахарасына көз тіккелі не заман!

Он екінші сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің 1993 жылғы 18 қаңтарда өткен тоғызыншы сессиясында қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының «Қоғам, оның құрылыс негіздері» деп аталатын екінші бөлімнің сегізінші тарауындағы «Меншік және кәсіпкерлік» тақырыбының 46 бабында «Жер, оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи байлық тек мемлекеттік меншікте ғана болады. Аталған объектілерді меншіктеуінің құқықтарын мемлекет атынан жүзеге асырудың шектері мен субъектілері заңмен белгіленеді» деп көрсетілген. [47]

Алайда, осыған қарамастан, бүгінгі таңда уақытша болып отырған саяси, әсіресе, экономикалық қиыншылықтарды пайдаланып Қазақстанның кең байтақ территориясын, оның табиғат, кен байлықтарын талан-таражға салып, соның есебінен байып, пайда тапқысы келетіндер де аз емес сияқты.

Атап айтсақ, солардың бірі – 1993 жылдың мамыр айының 28 жұлдызында құрылған «Лад» славяндар қозғалысы. Олардың «Қазақстан жеріндегі славян халықтарының әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін сақтап қалу» жолындағы қызметі құптарлықтай іс. Ал, керісінше, «Казачествоның» Қазақстан жерін бөліп алу туралы идеясын қолдап, шовинистік көзқарас көрсетулері қазақтарға да, басқаларға да ұнамайды-ақ.

Екіншіден, өздері жергілікті ұлттың өкілдері бола тұра «үй ішінен үй тігуді» мақсат еткен, түрлі партиялар мен қозғалыстар құрып алып, халықтың әртүрлі топтарын соңдарына ертуге тырысқан көсемсымақтар да жоқ емес.

Мәселен, 1994 жылдың күзінде құрылған «Қазақстан болашағы үшін» қозғалысын алайықшы. Олар, Президенттен «Жекешелендіру, жерді халыққа сатуды» және «Кәсіпкерлердің әлеуметтік статусын» бекітуді талап етеді, сол үшін күреседі. Ал осы Қазақстан кәсіпкерлерінің Конгресі басқаратын «Қазақстан болашағы үшін» қозғалысынан өз алдына отау тігіп бөлініп шыққан «Новое поколениенің» құрамында өздерін «экономиканың жиендеріміз» деп есептейтін «Бутя», «Акцепт», «Райымбек», «Астана-моторс», «Астана-холдинг», «Казкоммерцбанк» сияқты Алматыдағы ірі фирмалар және олардың басшылары бар.

Бұл фирмаларды ерекше бөліп алып атап отырған себебіміз, олардың басшылары жас бизнесмендер мен кәсіпкерлердің Қазақстанда шығатын орыс тілді басылым «Казахстанская правда» газетінің бетінде ел басшысының атына «Қазақ жерін бөлшектеп сатуды» мақсат тұтқан үндеуге ұқсас материалдары кезінде елім деп еңіреген әрбір қазақ азаматының, еңбектеген баладан еңкейген қартқа шейін барлығының ашу-ызасын тудырғаны белгілі.

Осыған орай профессор Ф.Оразаев өзінің жекеменшік «Қазақ үні» газетінің бетінде «Ілияс Есенберлин тірі болса...» (әрине, бұл әкесін баласынан арашалау емес) деген материалын жариялады. Онда автор жоғарыда аталған үндеуге қол қоюшылардың бірі Қ.Есенберлиннің адресіне арнап: «Қозы інім халқынан ғафу өтінер, Ілекеңнің баласы ақылға жеңдірсе керек еді ғой», – деп, «адасқанның айыбы жоқ, айналып қазығын тапса» дегенді меңзейді.

Бұдан басқа «Түркістан» газетінің 1994 жылғы 28 қантар күнгі нөмірінде жарияланған Ж.Қуанышәлиннің «Ертеңгінің тағдырын бүгінгінің ар-намысы шешеді» мақаласы да осындай жер сату мәселесіне қарсы көптеген ойлардың тоғысқан жерінен шыққан, жүрек жарды пікірдің бірі дер едік. Себебі, бұл материалда қазақ халқының тағдыры бүгінгі жас буынның қолында екендігі айтылған.

Ал, осыған орай «Жас алаш» газеті қазақ ұлтының аты мен абыройының ешқандай саяси саудаға салынбауы қажеттігі жайында Ж.Кейкіннің «Азаматтық, ұлт және жер» деген мақаласын жариялаған. Онда автор: «Қандай мемлекеттің болса да негізін белгілі бір халық қалайды. Мемлекет те сол ұлттың атымен әлемге танылады. Мысалы, негізін француздар құрған – Франция, жапондықтар құрған –Жапония, орыстар құрған – Ресей, сондай-ақ біздің Ата заңымызда да Қазақстан Республикасы «өзін-өзі билейтін» қазақ ұлты мемлекеттігінің түрі екендігі заңдастырылған. Ресей азаматтығы туралы заңды дау-дамайға салғандары аздай-ақ, соңғы жылдары бір мемлекеттен екіншісіне көші-қон көбейді. Қоныс аударушылар негізінен ата-жұртын іздегендер емес, «Үй арқада, бала белде», «Жақсы, жайлы мекен – жиделібайсын іздеушілер. Біз білетін оншақты отбасы бірер жылда Ресейге үш рет көшіп, үш рет қайта оралды. Мыңдаған отбасының ерсілі-қарсылы көшуі тоқтар емес. Оларды біреулер босқын, өзгелер қоныс аударушылар дейді. Шындығына жүгінсек, көпшілігі қара бастың қамын күйттеп, отандық, азаматтық парызын ұмытқандар, мемлекет алдында міндеті мен жауапкершілігін сезінбеген бұл заманның көшпенділері», – деп қоныс аудару мәселесінде орын алып отырған кемшіліктер туралы өз ойын ортаға салады.

Атап айтар болсақ, егемендік, жер, ел тағдыры туралы, тіл мен саясат, нарық пен экономика жайлы да баспасөз бетінде жазылып, жарияланып, соңы пікір-таласқа ұласып жатқан материалдар аз емес.

Бірақ, осы мәселелердің осыдан жиырма, отыз, қырық жыл бұрын да тіпті бір ғасыр бұрын да кеңес үкіметі құрылмай тұрған кезеңде де үнемі күн тәртібінде тұрғандығы белгілі.

Әйтпесе, қазақ үшін азаттық жолы азапты да, ауыр болғанын қалай ғана ұмытуға болады. Кезінде Иван Грозныйдан бастап, орыс патшалары бірінен соң бірі Шығысқа қарай көз алартып, сұғын қадап, шолғыншы-қарақшыларын жібере бастаған. Ал, I Петр қазақтың ұлы даласын отарлауды ойластырып қана қоймай, оны тікелей іске асыруды да қолға ала бастаған. Осы алдыңғылардың қомағай мақсатын баянды ету жолында одан кейінгі қатын патшалар да қалыспаған. Әйтсе де, олардың қазақ елін желкеден алып, бірақ қылғып тастауына халқымыз қаһарлы, жеріміз тым үлкендік етсе керек. Сондықтан айла қолданып, амалдауына тура келді. Яғни, қазақ еліндей алыппен бірден өзі жағаласа кетпестен, жоңғарлардың қолтығына су бүркіп, атып-шабатының анау деп айтақтап қазақты көрсетіп, қолдарына мылтық ұстатты.

Сөйтіп, бейбіт, бейқам жатқан қазаққа жоңғардың жойқын шапқыншылығы басталды. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» дейтін сұмдық замандар келді. От оранған қазақ даласында «халқымды қалай аман алып қаламын» деп Төле би, Қазыбек, Әйтеке билер жанталасты. Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Райымбек, Қосы, Қойгелді, Рысбек, Саңырақ сияқты мыңдаған батырлар жан алысып, жан берісті. Абылай сынды даналар қазақтың басын қосып, жаулардың көзін жойды.

Бірақ... Ата-бабаларымызды содан соң да азаттықтың ақжарқын заманы күтіп тұрмаған екен. Отарлықтың ойраны, құлдықтың қыл бұрауы алдарынан шықты. Қазақтың сайын сахарасын қара түнек басты. Сол түнек ішінде оқта-текте ұлт-азаттық күресінің жай оты жарқ-жұрқ етіп жылыстап жатты. Патшалық қанау бертін келе қызыл өктемдікке, оның арты қып-қызыл қырғынға ұласты. Әупіріммен қазақ «қырғыз» деген ағайын халықтың атын өзіне беріп, алғашқыда автономия, кейіннен «одақтас республика» дейтін қолжаулық бірдеңелерге ие болған. Сөйтіп, мемлекеттің заты жоқ, атын ғана алғансыған. Әйтпесе, сол баяғы құлшылық, сол баяғы отарлық, тонаушылық жалғасып, елдің берекесін алған.

Халқымыз тілінен, дінінен, жерінен, дәстүрінен айрылып, халықты үрей басты, аспанымызды атом тозағы жайлады. Атар таң, көрінер күн болмады. Ең жаманы – ұлтымыздың әлденеше ұрпақ-буынының құлдыққа бойы үйрене бастады. Қулығына құрық бойламайтындардың зымиян идеологиясының уы санаға дарыған сайын мәңгүрттік белең ала берді. Басқа да қандас, діндес ұлттар секілді қазақ та жар жағасына, құрдымға жақындап қалып еді.

Бірақ... Тағы да бірақ дейміз. Ғасырлар бойы зорлық-зомбылық көрген қазақ халқының да атар таңы бар екен. 1985 жылдың қайта құруы мен 1986 жылдың желтоқсанынан кейін 1991 жылдың егемендігіне ілінген тәуелсіз Қазақстанның да аузы көкке ілініп, бұрынғы үйелеп қалған жерінен, аяғынан тік тұрып, өз бетімен жүріп кетуге бет алған сияқты.

Алайда, жоғарыда айтқанымыздай оның алдында кесе көлденең тұрған кедергілер көп. Соның бірі – жер мәселесі. Қазақстанның болашағы да осы жер мәселесінің қалай шешілуіне байланысты болмақ. Егер жеріміз көп деп көрінгенге таратып, сата беретін болсақ, ертең өз жерімізге өзіміздің қолымыз жетпей, табалдырықтан да аттай алмай қалмайтынымызға кім кепілдік бере алады.

Оған патшалы Ресейдің қазақ жерінде жүргізген отарлау саясаты толық дәлел. Бұған XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында патша үкіметінің отарлау саясатын бұрынғыға қарағанда да өрістетіп, бар шұрайлы жерлерді орыс қоныс аударушыларына бөліп беру арқылы қазақ жерін орыстардың меншігіне айналдырғандықтары туралы патша генералдары Ф.Грис пен Л.Баллюзектің хабарламаларында ашық көрсетілген:

«Қырғыз даласына шекаралардан казактарды, сондай-ақ ішкі және Сібір губернияларының орыс шаруаларын кіргізу, оларды казактардың тегіне алу – орыстардың көп мөлшерде қазақ даласына тереңдей енуіне мүмкіндік берді. Приказдардың тұрақты орналасқан жерлері қоныс аударушы орыстардың легін көбейте түсті. Орыс қоныс аударушылары Жайық пен Ертіс өзендерінен есептегенде мың шақырымға жуық оңтүстік аймақты басып алып, бұрындары Ресейдің шекаралық аудандары болып келген қазақ даласы патшалықтың ішкі бөлігіне айналып шыға келді». [48]

Кезінде мұндай деректер құжат күйінде ғана сақталмай, түрлі басылым беттерінен де орын алған. Мәселен, бұл туралы «Степной край» газетінің 1896 жылғы 42 нөмірінде: «Еуропалық Ресейдің әр түкпірінен қоныс аударған он бес мыңға жуық шаруалардың Челябі қаласындағы теміржол вокзалының маңында жиналып қалғандығы туралы хабар берілген. Басқа сөзбен айтқанда, қала тұрғындарынан да көп бұл тобыр баспанасыз, тамақсыз көлік күтумен күндерін өткізген. Олардың бұл қалада жиналып қалу себебі, Батыс Сібір темір жол басқармасында шаруаларды жөнелтетін паровоздар мен вагондар саны жетпеген.

Сөйтіп, әсіресе, Батыс Сібір темір жолы құрылысын салуға байланысты және оның Обь өзеніне дейінгі аралыққа жеткізілуіне орай, XIX ғасырдың соңында орыс үкіметіне бағынышты кең-байтақ өлкенің өмір-тынысы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ұлғая түскен.

Мысалы, Ақмола, Павлодар уездерінің аймағынан табылып, кәдеге жаратыла бастаған тас көмірдің өзінен-ақ мыңдаған сом пайда алынған. Сондай-ақ Батыс Сібір темір жолы құрылысының аяқталып, іске қосылуы патша үкіметінің жүргізіп отырған көші-қон саясатына да сөз жоқ, оң әсерін тигізген, әу бастан қоныс аударушы орыс шаруаларының аялдама, бекетіне айналған Түмен шаһары өзінің бұрынғы мәнін жоғалтқанымен, оның орнына Челябі, Петропавл, Омбы қалалары келіп қосылды» [49], – деп жазылды.

Бұл туралы кейінірек «Қазақ» газеті өзінің 1913 жылғы төртінші санындағы мақаласында: «Бір кездегі іргесі ыдырамай жатқан» халық келімсектер келісімен, күшті жұрттың «аяқасты болып, азып-тозып, жоғалуға жақын». Сондықтан да саяси күреске шығу, езгіден босанар жолды анықтау ісі бүгінде алдыңғы кезекке шыққандығын айта келе: «Істің мәні жалғыз-ақ тамақ асырап күн көруде қалмас, өз бетімен күн көре алмаса, өзге жұрттың есігінде жүріп, малайлықпен тамақ асырап, қазақ тіршілігін етер ғой... өз алдына дербес ұлт болып, Еділден Ертіске, Оралдан Ауғанға шейін тұтас тұрған халық едік. Арамызға әртүрлі жұрт кіріскенде, солармен қатар, атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Осы бізді төсекте дөңбекшітіп, ұйқымызды бөлетін нәрсе» [50], – деп жазды.

Әрине, бұдан «Қазақ» газетіне дейін бұл мәселе еш басылымда жазылмаған деген қорытынды туындамауға тиіс. Бұл орайда Ы.Алтынсаринның 1880-1886 жылдар аралығында «Оренбургский листок» газетінде жариялаған төмендегідей материалдарын көлденең тартуға болады.

Мәселен, ол «Қазақ даласындағы аштық» деген мақаласында патша өкіметінің жергілікті әкімдерінің қазақтарды бірден күшпен отырықшылыққа итермелеп, артық жерлерін тартып алып жатқанын сынап жазса, «Торғай облысындағы Ырғыздан» деген екінші бір мақаласында «Биылғы қыс та Торғай қазақтары үшін өткен қыстан жеңіл боп өткен жоқ. Аштық пен сүзек тағы да халық арасында кең жайылды. Тіпті, ауқатты, әлді отбасының өзінде сүзек ауруы көп болып, талай адамдар өліп кетті. Мұның немен аяқталарын алдымызда ненің күтіп тұрғанын, кім білсін. Шынымен-ақ бүтін бір халық осылайша құрып кете ме?» деп толғанды.

Сондай-ақ «Оренбургский листок» газетінің 1880 жылғы 11 мамырындағы нөмірінде жарияланған «Торғайдан жолданған корреспонденциясында» Ы.Алтынсарин қазақ кедейлерінің аштыққа ұшыраған ауыр халін, оларды аман сақтап қалу шараларын сөз етті. Ол үшін ауқатты адамдардың аш адамдарға көмектесуі, балық аулау, жаңа егістің қамына кірісу, жем-шөп, азық қорын мол жасау қажеттілігі туралы кеңес берді. Мұндай қамқорлық танытуы, халықты аштықтан аман алып қалу туралы ойлары оның басқа мақалаларына да тән болды.

Кейінірек жер мәселесі төңірегінде туындаған пікір-талас тек «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің арасында емес, сондай-ақ 1911-1913 жылдар аралығында Орда, одан кейін Орал қаласында шыққан «Қазақстан» газеті мен «Айқап» журналы арасында да болған.

Оған мысал ретінде «Қазақстан» газетінің белсенді авторы Ғұмар Қарашевтің «Айқаптың» бетінде жарияланған Ахмет Жантөриннің «Қазақ халқы қала болуы тиіс емес, қала болудың соңында біздің үшін бек көп қорқыныштар сезіледі», – деген мақаласына орай «Ахмет Жантөринге» атты қарсы материалын атап өтуге болады.

Онда: «Крестияндардың ата кәсібі – егін. Біздің ата кәсібіміз – мал өсіру. Қала бол деген сөзден мал өсірме деген шықпайды. Орал облысындағы қала болуға жазылған қазақ ауылдарының тұс-тұсынан оброчной аталып, мал бағуға жарақты жерлер қалдырып жатыр. Мал бағу біздің маңдайымызға жазылып, былайғы кәсіппен тіршілік ете алмаймыз деген хәкім (заң) дұрыс хәкім емес. Жөні келсе, егінмен де, саудамен де қазақ тіршілік ете алады. Осы күндегі орыс, татар секілді отырықшы елдердің бәрі де әуелде көшпелі, мал бағып күнелткен халық болған» деген салиқалы ойлар бар.

XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамы өзінің жағынан феодалдық-патриархалдық даму кезеңінде болы. Ол кезде капиталистік қатынастарлың кейбір элементтері (сауда-саттық, ұсақ кәсіпшілік) көрініс тапқанымен, ұзақ жылдар, ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық қатынастар сол күйінде қалған болатын. Бұл туралы зерттеуші Г.Чуланов өзінің «Революцияға дейінгі Қазақстанның өнеркәсібі» деген еңбегінде: «Өткен ғасырда қазақтардың мал шаруашылығы табыстың 60 процентін құраса, егіс 30 процентін, ал өнеркәсіп бар болғаны 10 процентін құрады» [51], – деп жазды.

XIX ғасырдың екінші жартысында, яғни 1863 жылы Черняевтің әскері Әулиеата, Шымкент қалаларын жаулап алуымен Ресейдің қазақ жерін жаулап алуы аяқталды. Соның нәтижесінде патшалы Ресей қазақ жерінде саяси-әкімшілік қысымды күшейте түсті. Сөйтіп, олар қазақ жерінің саяси-әлеуметтік, экономикалық дамуына тек отарлық саясат көзқарасы тұрғысынан қарап, қазақ елінің халық, ұлт ретіндегі өзіндік даму жолдарын айқындауына, салт-дәстүрінің сақталуына, ұлттың табиғи жолмен өркендеуіне мүмкіндік бермеді.

Алдымен патшалы Ресей өзінің отарлау саясатын қазақ жерінде қалай жүргізді, соған тоқталалық.

Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ жері үнемі шекаралас мемлекеттердің шабуыл нысанасына айналып келгендіктен, XҮІІІ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ хандығының бір бөлігі патшалы Ресейдің қол астына кіріп, бағынуға мәжбүр болған. Осы кезеңнен бастап, қазақтардың өздерінен қай жағынан болсын басым солтүстік көршілеріне деген бағыныштылығы, яғни бодандығы нығая түскен.

Мәселен, 1822 жылы патша үкіметі қабылдаған «Сібір қазақтары туралы» жарғысында қазақтың бұрынғы қоғам өміріне көп өзгерістер енгізді. Бұл жарғы қазақтарға тән ғасырлар бойы қалыптасқан басқару жүйесін жоққа шығарып, оның орнына әлеуметтік бөлудің еуропалық тәсілдерін таңды. Соның нәтижесінде патша Орта жүздегі хандық билікті жойып, оның орнына округтар мен приказдар құрды. Ал, Кіші жүз болса, осы жарғының негізінде Орынбор шекаралық комиссиясына бағынатын болды.

Міне, осының барлығы да кезінде ұлттық сананың дамуына ұзақ жылдар бойы қасақана құрылған тор болып келді. Сондай-ақ жергілікті байлардың қанау тәсілдері мен патша әкімшілігінің ауыр алым-салықтары, казактардың күш көрсетуі – қазақ халқын қайыршылыққа әкеп тіреді. Ал, патшалы Ресей ХІХ ғасырдың 60 жылдарында Қазақстанды толық жаулап алғаннан соң, оның жерін шикізат қоймасы мен арзан жұмыс күшіне айналдыруды армандады. Өйткені бұл өлкенің өнеркәсібін дамыту көп экономикалық шығынды қажет етті. Сондықтан, Ресей пайдалы қазбалар мен мал шаруашылығының өнімдерін қанағат тұтты. Оларға Қазақстанда астық шаруашылығын дамыту пайдасыз болды.

Сөйтіп, қазақ даласында өнеркәсіп те, ауылшаруашылық та нашар дамыды. Қазақстан бар тіршілігін Ресей мен байланыстырғандықтан, Шығыспен арадағы дәстүрлі саудасынан айрылып, күнделікті өмірлеріне қажетті заттарды шығару мүмкіндіктерінен қол жазып, Ресейге мүлдем кіріптар болып қалды. Соның салдарынан Қазақстанда ХІХ ғасырдың соңында мал шаруашылығы шаруашылықтың басты түрі ретінде қала берді.

Міне, осыдан-ақ патша үкіметінің тарапынан кезінде қазақ елін басқару қандай дәрежеде жүргізілгендігін байқауға болады. Оның үстіне, 1868 жылғы далалық облыстарды басқару жағдайының жобасын талқылаған Министрлер кабинеті қазақтарға қатысты барлық заңдардың бұрмаланып отырғанын атап көрсеткен.

Ал, осы кезде қазақ жеріне Ресейден орыстардың шектен тыс көп қоныс аударуы демократиялық бағыттағы зиялыларды қатты ойлантқан. Бұл орайда Н.Ядринцевтің «Сібір бұратаналары және олардың құрып бітуі» деген мақаласындағы: «Жер мәселесі барлық жүгенсіздіктер мен кедейшіліктің бастауы болды», – деген жолдар патшаның оспадар саясатының нәтижесінде бір ұлттың құрып кету қаупінің туғанын меңзеді. Өзінің әріптесінің бұл ойын қостай отырып Л.К.Чермек «Қырғыздар (қазақтарды айтып отыр) қырылып бара ма?» деген мақала жазып, онда: «Қырғыздардың барлық тағдыры тек жеке басының қамын күйттеген орталықтардағы бишігештерінің қолында болды», – деп қазақ жеріндегі отарлау саясаты халықты құрту мен қанауға бағытталғанын ашық көрсетті.

Патша үкіметінің барлық шет аймақтардағы сияқты Қазақстанда да жергілікті халықтың хал-жағдайымен есептеспей «мамандандырылған» шаруашылық саясатын жүргізді. Халықты орыстандыру саясаты бел алды.

Осының бәрі жергілікті халықтың өміріне, әдет-ғұрпына үлкен залалын тигізді. Соның нәтижесінде қазақ халқы ХХ ғасыр табалдырығын жерінен айырылып, шаруашылығы күйзеліп, білім-ғылымнан алшақтап, елдігі мен мемлекеттігін жоғалтып, арып-ашып, қалжырап аттады.

Қазақ жерін отарға айналдыру саясатының ең тиімді түрі болып миграция тәсілі саналды. Егер Қазақстанға Ресейдің орталығы мен оңтүстігінен 1896 жылдан 1905 жылға дейін 249 мыңнан астам шаруалар көшіп келсе, тек 1906-1910 жылдары олардың саны 707 мыңға артқан.

Қазақ даласына орыс шаруаларын ресми қоныстандырудың алғашқы кезеңі 1879 жыл. Бірақ, бұл тек бастамасы ғана еді. Ең алғаш рет Көкшетау уезіне 11 елді мекенге орыс шаруалары орналастырылған. Оларға егін алқабына жарамды деген 18090 десятина жер бөлініп берілген. 11 елді мекенге 240 отбасы иелік жасаған.

Мұндай өз Отанынан қуғын-сүргінге ұшырап, жер иелігіне құмартқан қоныс аударушылар саны жыл өткен сайын көбеймесе азаймаған. Көпшілігі, әсіресе, бірден жер үлесі тимегендер өздерін жатсынбай құшақ жая қарсы алған қазақтың жеріне қалай ие болудың жолын ойластырған.

Әрине, келе-келе өз атамекенінен қуылып, құнарлы жерлерге орыс шаруаларының орналасуы қазақтардың арасында заңды наразылық тудырған. Олар орыстарға қарсы бас көтеріп, егіс алқаптарына өрт қойған.

Ал, орыс мемлекетінің арнайы рұқсатынсыз өз беттерімен көшіп келгендер тек Ақмола облысының өзінде ғана мыңдап саналған. Мысалы, осы облыстың Атбасар, Петропавл және Көкшетау уезінде кезбелікпен келгендердің саны 9 мыңнан (тек ерлер ғана) асып кеткен. Олардың бақытына қарай осы кезде дала өлкесіне жаңадан сайланған генерал-губернатор барон Таубе келіп, орыс шаруаларының қазақ жеріне ешкімнің рұқсатынсыз-ақ қоныстануына жағдай жасаған.

Сөйтіп, қазақ даласында бұрын қоныстанған орыс шаруаларының поселкілерін қоспағанда, жаңадан тағы да оннан астам село бой көтерген. Әрине, мұның өзі яғни барон Таубенің қазақ жеріне орыс шаруаларының үлкен тобын еш қиналмай-ақ қоныстандыра салуы ерлік ретінде қабылданып, жалғасын тауып отырған. Ақыр соңында жергілікті әкімшіліктің олардың жаңа легі үшін басқа учаскелер іздестіру жұмыстарымен арнайы айналысуларына тура келген.

Әсіресе, патша үкіметінің 1889 жылғы 13 шілдеде қабылдаған «Қоныстандыру саясаты туралы» жаңа заңынан соң еуропалық Ресейдің түпкір-түпкірінен жерсіз кедей орыс шаруалары Батыс Сібірге қарай жұмақ өмір іздеп, лек-легімен ағыла бастаған.

Көктем мен жаз айларында Пермь мен Түменнің жолдарында көлік күтумен күндерін өткізген мыңдаған коңыс аударушы шаруалардан қала тіршілігі қиындап кететін болған. Әсіресе, 1891 жылы бұл қалаларда еуропалық Ресейде болған кұрғақшылық пен аштықтан соң Сібір жерлеріне лап қойған ішкі губерниялардың шаруалары жүздеп емес, мыңдап жиналып қалған болатын.

Сондықтан оларды діттеген жерлеріне жоспарлы түрде кеме немесе басқа көлікпен уақытында жеткізу мүмкін емес-тін. Әрі мыңдаған адамдарды тасымалдайтын көлік саны да жетіспеді. Бірақ, осындай қиыншылықтарға қарамастан, шаруалар емшектегі жас нәрестелерін құндақтап, қартайған шалдарын балаларын соңдарына ертіп, Сібірге бет түзеп, иен жатқан бай өлкеге орнығуға асықты.

1894 жылғы құрғақшылық, әсіресе, су тапшылығы қоныс аударушылар үшін өте қиын тиді. Бұл жайында «Степной край» газеті өзінің 1895 жылғы нөмірлерінің бірінде: «Шаруалар бір жұтым суға жету үшін құдық басында сағаттап кезекте тұрады. Алайда, олардың көпшілігі уақыттарын босқа өткізіп, бала-шағаларына сусыз қайтушы еді. Оның үстіне шаруаларға арналған асхана да нашар жұмыс істеді. Себебі ыстық су жетіспеуші еді», – деп жазды.

Бірақ, осыған қарамастан еуропалық Ресейден Сібірге қоныс аударушылардың тасқыны толастамаған, қайта көбейе түскен. Мысалы, 1894 жылдың 20 мамырында Түмен бекетінде жиналған шаруалардың саны 4124 адам болса, 22 мамырда 6935-ке жеткен. Араға бес күн салып, олардың саны жеті мыңға артса, 3 маусымда 17804 адам болған. Бүкіл маусым ішінде Түменнен Батыс Сібірге жол қатынасы арқылы 8071 адам, кемемен 22051 адам аттандырылған. Мұның өзі күн сайын орта есеппен мың адамнан жөнелтіліп отырылды деген сөз. Сондықтан, Түмен бекетіне жиналған 17 мың адамды тасымалдау үшін 17 күн қажет болған. Олар баржамен Батыс Сібір өзендері арқылы – Тоңды, Барынауыл, Омбы, Павлодар, Семейге аш-жалаңаш күйлерінде жандарын шүберекке түйіп аттанған.

Мұндай көріністер ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Сібір жерінде үйреншікті жайға айналған. Өйткені, әр көктем сайын еуропалық Ресейдің халқы тығыз орналасқан губернияларынан өз жерінде болашақтан күдер үзген шаруалар алдарындағы азын-аулақ мал иеліктерін болмашы қаражатқа сатып, алыс Сібірге амалсыз күн көрістің қамымен аттанатын болған. Себебі, бұрынғы Отандарында олар үшін орын болмаған.

Сондықтан да, сол мыңдаған қоныс аударушы шаруалар беймәлім Сібірге ынтық болып, миссионерлік жолға түскен, бір бөлігі бөтен жерді басып алушы, тонаушы, зорлықшы болып шыққан.

Өткен ғасырдың соңында көші-қон қозғалысы қыр облыстарына қарай ығысты. Мәселен, Алтай таулы округіне, Тобыл және Тоңды губернияларына, сондай-ақ, салынып жатқан Сібір темір жолын жағалай шығысқа қарай бет алды. Қыр облыстарының ішінде отарлық қозғалыстың дәл ортан жолында жатқан Ақмола облысы қоныс аударушыларды ең көп қабылдаған өлке болды. Ал, Семей, Жетісу, Орал және Торғай сияқты облыстардың жерлері Батыс Сібір темір жолынан біршама қашықта орналасқандықтан, бұл тұста орыс шаруаларының саны Ақмола облысына қарағанда әлдеқайда аз болған.

Бірақ, бұл облыстарда да олармен іргелес жатқан Тоңды және Тобыл губернияларының жерлері сияқты артық ауыз, құнарлы бөліктері көп болған. Алайда, бұл жерлердің ең шұрайлысын негізінен 1895 жылы қоныс аударған шаруалар иемденген. Ал, қалған жерлер соңғы екі жылда қоныс аударғандардың қолына көшкен. Ол аз болғандай енді орыс миссионерлері теміржолдан алыста жатқан қазақ жерінің ішкі бөліктерінен казактар мен орыс шаруаларына арнап егіс алқаптарын дайындау жұмыстарымен айналысқан.

Қазақ даласында ХІХ ғасырдың соңына дейін өз шаруашылығын дамыту түрлі әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерге орай өз шешімін таппай келгендігі белгілі. Сол кезеңде қазақ жері қоныс аударушы орыс шаруалары есебінен толықтырылып отырылса да егіншілікке жарамды жерлер және диқаншылықпен айналысатын адамдар жайлы нақты деректер жоқ болатын. Бұл басқыншы орыстардың қазақ даласындағы жұмысын қиындатты.

Сондықтан, орыс миссионерлері патша әкімшілігінен ХІХ ғасырдың сексенінші жылдарында Батыс және Шығыс Сібір шаруалары мен бұратаналарының шаруашылық және экономикалық хал-ахуалдарын зерттеп, білу үшін арнайы зерттеу ісін ұйымдастыруды талап етті. Өйткені, тек осындай жан-жақты зерттеуден соң ғана көптеген құпия сауалдарға жауап алып, ең бастысы кең сахараның егіншілікке және көшпелі шаруашылыққа жарамды жерлерін айқындауға, сөйтіп, бұратана халықты басқаруды жеңілдеткен болар еді. Сонда қазақ халқының өмір сүру дәрежесі мен сан қырлы шаруашылығына байланысты мына мәселелер анықталуы қажет деп есептеді:



  1. Көшпелі шаруашылықтың қоршаған ортаға қатысы;

  2. Көшпелі шаруашылық жағдайында әрбір отбасының күн көру дәрежесі;

  3. Қандай жағдайда ол экономикалық жағынан тиімді болады;

  4. Көшпелі шаруашылық жүргізу үшін қандай жер иелігі қажет;

  5. Қазақ тұрғындарының жерге қожалық ету құқықтары;

  6. Жерді иеленудің және оны пайдаланудың негізі мен олардың көшпенділердің шаруашылықтарына әсері;

  7. Қазақ даласын отарлау барысында олардың көшпелі шаруашылықтарын ығыстырып, жойып жібермеу үшін не істеу керек?

Қазақ даласында егіншіліктің нашар дамуына халықтың көшпелі өмірінің зияны тиді дейтін тұжырым қате. Керісінше, қазақ халқы топырағы құнарлы жерлерде, әсіресе, оңтүстікте жалпы, астық шаруашылығымен, егіншілікпен мейлінше көп айналысқан. Бірақ, қазақтың тұрмыс жағдайы, басқа да ерекшеліктері көшпелі халықтың өмірлік қажетін қамтамасыз ететін мал шаруашылығын олардың негізгі кәсібіне айналдырғаны белгілі.

Мал басының аман болуы қазақтың тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін. Қазақ амандасқанда ең әуелі: «мал-жаның аман ба?» деп алдымен малын сұрайтыны, сірә, сондықтан шығар... Ал, малынан айырылған қазақтар қолы қысқарып, кедейлердің қатарын толықтырып отырды. Олар көбінесе, келімсек орыстарға немесе Сібір казактарына жалданып, ең қиын, ең ауыр жұмыстарды атқарған.

Көшпелі қазақтардың арасынан астық шаруашылығын дамытуда өткен ғасырда ерекше табысқа жеткен Жетісу, Орал және Торғай облысының егіншілері болды. Мәселен, Жетісу облысының халқы астық шаруашылығымен орыстар жаулап алғанға дейін де шұғылданған. Ал, кейіннен қонысын жиі ауыстыруына, рулар арасындағы қақтығыстарға байланысты қазақтардың бар құнарлы жерлері мен мал жайылымдары орыстарға берілген. Осыдан соң, бұрынғы жартылай көшпенді халық амалсыз астық шаруашылығымен айналысу үшін егістікке жарамды жер іздей бастаған. Сөйтіп, олар енді облыстың басты өзендері Іле, Шу, Қаратал, Лепсі сияқты суы мол алқаптардың бойына ауысқан.

Қазақтардың егіншілікпен айналысуы қауымдық құрылыс сипатын еске салады. Жерді бірнеше отбасының қожалары бірігіп өңдеген. Олар көбіне рулас адамдар болған. Егіс алқаптары онша көлемді болмаған. Бірақ, оның есесіне кейбір ауқатты қазақтардың 40-50, тіпті 100-200 десятина егіс алқабына тұқым себетін кездері де кездескен.

Әдетте қазақтардың егіс алқаптары мал қыстаулары мен жайлауларынан алыста жатқан. Жерді өңдеп, тұқым сепкен соң жер иелері өздерінің туыстарымен бірге мал соңынан кеткен. Ал, қос басында, егінді баптап, суаратын бірнеше адамдар ғана қалдырылған. Олар жайлаудан орақ кезінде ғана қайтып оралған. Астық өнімін өзара тең бөліске салған. Болашақ жылдың тұқымын қыстау маңындағы қоймаларда сақтап, артылғанын сатуға шығарған.

Уақыт пен қажеттілік біздің ата-бабаларымыздың табын-табын малдарын ашық аспан астындағы кең далада бағуға дағдыландырған. Кезінде қазақтардың мал шаруашылығы туралы орыс саяхатшылары мен миссионерлері, жазушылары бір-бірімен жарыса, ауыздарының суы құрып, таңданыса жазған болатын.

Мәселен, Броневский деген миссионер: «Қырғыздардың бар байлығын сан мыңдаған жылқы үйірлері, түйе, ірі қара мал табындары мен қой-ешкі отарлары құрайды. Олардың жылқылары ірі әрі жүйрік келеді. Түйелерінің барлығы да қос өркешті, 12-20 пұт жүк көтеретін, шөлге шыдамды жануарлар. Орыс саудагерлері олардың ақбас сиырларын көптеп сатып алып, Екатеринбургке, тіпті Мәскеуге дейін әкеледі. Қойлары ірі, салмақтары 80-100 килограммға дейін жетеді», – деп жазса, орыстың белгілі саяхатшысы, ғалымы Г.Н.Потанин өзінің «В юрте последнего киргизского царевича» деген еңбегінде қазақтардың қоныс аудару себептерін: «Жаз бойы болыс-болыс болып, көшіп-қонып жүрген ел қыс түсе ауыл-ауылға бөлінеді. Бөтеннің жеріне көз алартпайды. Әр рудың өз қыстақтарына көшу себептерін айтсақ, біріншіден, олар жылдың әр мезгілін белгілі бір жерде өткізіп үйренген. Екіншіден, жаз бойы мал тұяғы баспаған таулы аймақтың шөбі шүйгін болады. Үшіншіден, ата-бабалары жерленген зиратты олар ерекше қастерлейді. Алайда, осының бәріне де қарамастан, адам өлімі, мал шығыны көп болған қыстаудан қырғыздар бұл жердің қайырымы жоқ деп, көшіп кетеді», – деп суреттейді.

Осы кезде қазақ жерін өрмекші торындай ерсілі-қарсылы шырмап алған отарлау көзі – миссионерлер де бос жатпаған. Мәселен, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Шербина экспедициясы деген атымен танымал болған отарлаушылар ең алдымен қазақ даласының бес облысының тұрғындары мен мал санының есебін шығарған:




Облыстар

Тұрғындар саны

Ірі қара

Ұсақ мал

Барлық мал саны

Торғай

Орал


Жетісу

Семей


Ақмола

364647

559552


666319

576578


500174

1143989

916485


1274240

793455


976733

1743623

2127180


3696273

2006431


1414287

2878612

3043665


4970543

2799886


2390060

Барлығы

2667290

5103942

8851614

13995556



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет