Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың



бет5/11
Дата05.11.2016
өлшемі1,96 Mb.
#525
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

ТӨРТІНШІ ТАРАУ
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс және «Қазақ» газеті
Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің себеп-салдарын, бар тауқыметін біліп, түсіну үшін аз ғана уақыттың оқиғаларына иек артып, содан қорытынды шығару дұрыс еместігі белгілі. Ол үстірт пікір айтуға, жаңсақ сөйлеуге жетелейтіні күмәнсіз. Десек те, патша өкіметі тұсында да, одан кейінгі «қызыл империя» кезінде де елдің пікірі әрқилы болып келді. Бұл – тарихи шындық. Алайда, әр нәрсенің екі жағы болады. Мәселен, қазір жылдар, ғасырлар бойы алдымен патшалы Ресейдің, одан кеңестік империяның езгісіне түсіп, көрмегенді көрген, тіпті жер бетінен ұлт ретінде құрып бітуге айналған немесе құрып кете жаздаған бодан елдер, жеке халықтар дербестік алғандарына 5-6 жылдың қарасы өтсе де әлі естерін жия алмай, қиюы қашқан тіршілігінің түйінін қалай шешерін, не істерін білмей қиналған, тығырықтан шығар жол іздеп шарқ ұрған күйге түсті. Осының барлығын біздер өткеннің белгісі, ұзақ уақыт бойы жүйелі жүргізілген отарлау саясатының зардаптары деп түсінеміз. Ал, шын мәнінде бұл қалай болып еді?

Күні кешеге дейін тарихта айтылып, жазылып келгеніндей 1916 жылғы көтеріліс патшаның «июнь» жарлығына қарсы бағытталған стихиялы түрде болған бас көтерулер мен толқулар ма, жоқ, әлде соңғы кездері айтылып жүргеніндей саналы түрде ұйымдасқан жалпы халықтық ұлт-азаттық көтеріліс пе еді?

Патшалы Ресейдің Қазақстанды XIX ғасырдың екінші жартысында толық жаулап алғаны тарихтан белгілі. Осыған орай қазақ халқының басына қара күндер туды. Салықтар мен түрлі зекеттердің саны да, мөлшері де көбейді. Мұны аз дегендей халықтың шұрайлы жерінің күшпен тартылып алынуы қазақ ауылындағы іштей қарама-қарсылықты тудырып, мал шаруашылығының тұралауына әкеп соқтырды. Осындай үсті-үстіне шиеленіскен әлеуметтік-экономикалық жағдайлар XX ғасырдың басында ұлт наразылығын туғызып қана қоймай, оның күрт өсуіне де себеп болды. Осы күреске ел жақсыларымен қатар Петербург, Мәскеу, Варшава, Қазан, Омбы, Орынбор жоғары оқу орындары мен училищелерін бітіріп, қазақ интеллигенциясын құраған бір топ көзі ашық жастар да кірісіп кетті. Бұл күресте ірі саяси қайраткер, белгілі ғалым-экономист, «Алаш» партиясының ірге тасын қалаушы, Кадеттер партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Мемлекеттік думадағы мұсылмандар фракциясының мүшесі Ә.Бөкейханов ерекше көрінді.

XX ғасырдың басында патшалы Россияның озбырлығынан мезі болған түркі тілдес халықтардың бас қосып, бірігуі басталды. Осының нәтижесінде 1905-1906 жылдары Россия мұсылмандарының I-IIІ құрылтайлары шақырылып, «Мұсылман партиясының қоғамы» құрылды, Мемлекеттік думаның құрамында мұсылмандардың парламенттік фракциясы пайда болды. 1905 жылдың желтоқсан айында Орал қаласында кадет партиясының программасын қабылдаған Семей облысынан басқа бес облыстың делегаттары қатысқан съезі өткізілді. Съезге қатысушылар А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Б.Қаратаев бастаған ұлттық қозғалыстың бағытын өздері діттеген арнаға түсіруге әрекет қылды. Сөйте тұра олар отарлау саясатын сынға алды. Мәселен, Мемлекеттік думаның мүшесі Б.Қаратаев өз сөзінде қазақтардың шұрайлы жерлерінің тартып алынуына қарсылық білдірді. Ол: «Біздің мемлекетте шиеленіскен мәселелерді қоныс аударушы шаруаларды далалық облыстардың, атап айтқанда Орал, Торғай, Ақмола және Семей жерлеріне көшіру арқылы шешпекші», – деп жер ісі және жерге орналастырушы басқарма бастығымен әңгімесінде орыс шаруаларының Қазақстанға қоныс аударуларын уақытша болса да тоқтата тұруларын сұрады. Бірақ, өкінішке орай, Қаратаевқа Қазақстанда жердің көп екендігі айтылып, оны қазақтардың өздері дұрыс пайдалана алмайтындығы көрсетіліп, қоныс аудару ісінің тоқтатылмайтындығы ескертілді.

Ал, бұл кезде шаруалардың демократиялық бағыттағы топтарының өкілдері 1911-1915 жылдары Троицк қаласында шығып тұрған «Айқап» журналының маңына топтасты. Оның шығарушысы әрі редакторы М.Сералин болғандығы белгілі. Журналда Ж.Сейдалин, Б.Қаратаев, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Дөнентаев т.б. қатысып, қызмет істеді.

Бірінші орыс революциясы жеңілген соң, елде қара түнек реакция кезеңі басталды. Сондай-ақ Столыпиннің аграрлы реформасы, яғни қоныс аудару саясаты белсенді түрде жүргізіледі. Мәселен, тек 1910-1913 жылдардың өзінде ғана Ақмола, Торғай, Орал және Семей облыстарына 400 мыңнан астам еркектер қоныс аударды. Осы жаңадан келгендерді дұрыс орналастыру үшін қазақ тұрғындарының жері тартып алынды. Көптеген жағдайларда осындай қиянатқа қарсы шыққан шаруалардың бой көрсетулері қарулы күшпен басылып тасталды.

Осы және басқа да саяси әлеуметтік-экономикалық қысымшы­лықтарға байланысты Қазақстанда 1913-1914 жылдары ұлт-азаттық қозғалысының жаңа толқыны басталды. Мысалы, Айдарлы приискісінің, Спасск мыс балқыту зауытының, Торғай уезіндегі тас көмір шығару орындарының жұмысшылары саяси және экономикалық талаптармен ереуілге шықты. Оның үстіне патшалы Ресей қатысқан дүниежүзілік импералистік соғыс та еңбекшілердің жағдайын, күн көрісін төмендетіп жіберді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің ұрығы осындай қолайлы кезеңде тамырын жайып, өсіп-өніп шықты. Бұл империалистік соғыстың қарапайым халықты одан әрі кедейлендіріп, помещиктер мен капиталистердің байи түсуіне ықпал жасағаны белгілі. Шаруалардың мойнына тағы бір салық – соғыс салығы қамыт болып киілді. Патша өкіметі соғыс қажетіне деп түйе, ат, өгіз сияқты көліктерді тартып алып отырды. Жергілікті тұрғындар әскерге алынғандардың отбасыларына көмек ретінде міндетті жұмыс атқаруға тиіс болды. Мәселен, Жетісудың соғыс губернаторы Фольмбаумның 1916 жылғы 16 ақпандағы бұйрығы бойынша қазақтар ешбір еңбек ақысыз жер жыртып, тұқым себуге міндетті болды.

Және кедейлердің жағдайын бұрынғыдан төмендетіп жіберген соғыс салығы енгізілді. Оның үстіне жергілікті жерлерде себепті де, себепсіз де алынатын түрлі алым-салықтардың саны күрт өсіп кетті. Әсіресе, ашықтан-ашық пара алу соғыс кезінде бұрын-соңды болып көрмеген межеге жетті. Империалистік соғыс жылдарында патша әкімшілігінің жергілікті тұрғындарға деген астамшылық қылықтары жан төзгісіз дәрежеге жетті. Мәселен, Түркістан өлкесі генерал-губернаторының міндетін атқарушы Ерофеев Жетісу соғыс губернаторына 1916 жылдың 21 шілдесінде жолдаған телеграммасында: «Түземдік тұрғындардың орыс билігінің алдында қауқарсыз екендігін білдіретін ерекше белгі ретінде барлық офицерлер мен шенеуніктерге олар орнынан атып тұрып, иіліп сәлем (құлдық ұратын) беретін болсын»,- деген.

Алайда соғыстың ауыртпалығы Қазақстандағы жұмысшы және шаруа қозғалысына кең жол ашты. 1915 жылдың шілде айында Екібастұз көмір өндірісі, Спасск мыс кеніші және Орынбор-Ташкент теміржол бойының еңбекшілері ереуілге шықты. Зат пен азық-түлік қымбатшылығы күн өткен сайын өрши түсті. Мәселен, 1914 жылдың шілде айымен салыстырғанда 1917 жылдың қаңтар айында Верныйда ұнның бағасы 218 процентке, еттің бағасы 225 процентке артқан.

Міне, осындай жағдайдың бәрі онсыз да әбден титықтап, ызасы шегіне жеткен халықты мүлдем ызаландырып, жанын қорғау үшін белсенді әрекетке көшуге итермеледі.

Патшалы Ресейде революциялық дағдарыстың пісіп-жетілгендігін дәлелдейтін басты себептердің бірі – бүкіл Азия мен Қазақстанды қамтыған, отаршылық саясат пен соғысқа қарсы бағытталған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс болатын. Осы ұлт-азаттық көтерілістің шығуына тікелей себепкер болған жағдай – «1916 жылы 25-маусымда Николай патшаның Орта Азия, Қазақстан және тағы бірқатар өлкеден 19 бен 43 жас аралығындағыларды «Қорғаныс бекіністерін және әскери шептерін жасауға қара жұмысқа алу туралы» жарлыққа қол қоюы еді. Осы жылдың 28 маусым күні ішкі істер министрлігі мен қорғаныс министрінің «Бұратана халықтарды» тыл жұмыстарына «реквизициялау» (мүлікті мемлекет қарамағына еріксіз алу) туралы бұйрығы» еді.

Осыған орай, тізім жасау болыс басқарушыларына жүктелді. 1916 жылдың 23-тамызындағы генерал-губернатор Куропаткиннің бұйрығы бойынша тыл жұмыстарына шақырудан, бірінші – басқарманың жауапты қызметкерлері (болыстық, селолық және ауылдық), екінші – түземдіктерден шыққан төменгі шендегі полицейлер, үшінші – имамдар, молдалар және жеке мұдаристер, төртінші – ұсақ кредит мекемелерінің есепшілері мен бухгалтерлері, бесінші – мемлекеттік және жеке меншік жоғары оқу орындарының шәкірттері, алтыншы – мемлекеттік мекемелерде жоғары шенде қызмет істейтін түземдіктер, жетінші – дворяндардың құқықтарын пайдаланатын және елінің құрметті азаматы атанған түземдіктер босатылатын болды.

Іс жүзінде болыс басшылары жасаған тізімдер дұрыс болмай шықты. Көбіне байлардың, әлділердің балалары «ауру» не «жасы жетпегендер» қатарына жатқызылып, олардың орнына кедейлер ілігіп жатты.

Көтерілістің негізгі қозғаушы күші қазақ шаруалары мен жергілікті жұмысшылар, ұсақ қолөнершілер мен кедейлер еді. Олар шақыруға іліккен жастардың тізімін тартып алып, байлардың ауылдарына шабуылдады, жерді сату туралы құжаттарды жойып, болыс басқармаларын, болыс басшыларының ауылдарын қиратып, ақ патшаның әскерлерімен жалаңқол шайқасқа шықты.

Қазақ қоғамында патша бұйрығына байланысты түрлі көзқарастар болғаны рас. Жоғарыда айтылғандай жеңілдіктерден соң бай-манаптардың бір тобы өз отандастарын тыл жұмыстарына жіберуге дайын екендіктерін білдірді. Мәселен, Жетісу соғыс губернаторы Фольмбаум 1916 жылдың шілде айында Верный уезінің болыс басқарушылары және байларымен мәжіліс өткізеді. Мәжіліске қатысқандар оған тыл жұмыстарына адам жинау ісіне толық көмек көрсететіндіктері жөнінде уәде беріп, жедел іске кіріседі.

Ал бұл жағдайда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов бастаған қазақтың либералдық-демократиялық бағыттағы интеллигенциясы жағдайды жеңілдетіп, патша әкімшілігін қазақтарды тыл жұмыстарына алуға асықпауға, ол үшін ең алдымен жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізуге көндіру әрекеттерін жасауға кірісті. Сонымен қатар олар халықты указға қарсылық көрсетпеуге де шақырды. Себебі, қарусыз қазақтың патша өкіметінің жазалау шараларының құрбаны болып кету қаупінен қорықты. Сондай-ақ, олар егер қазақтар тыл жұмыстарына қатысса, соғыстан соң өз жағдайларының түзелуіне қол жеткізеді және автономия алады деп сенді. Ал патша жандаралдары көтерілісшілерді қырғынға ұшырата бастағанда олар «Қазақ» газетінің маңына топтасқан интеллигенция өкілдері жазалаушыларға қарсы өз наразылықтарын білдірді. Ең бастысы – қазақ интеллигенциясының өкілдері Ә.Бөкейханов, М.Дулатовтар Батыс майданға барып, Ақпан төңкерісіне дейін тыл жұмысшыларына бас-көз болып, солардың қатарында жүрді. Қазақстанда басты-басты аудандарды қамтыған бірнеше көтеріліс ошақтары болды. Жергілікті тұрғындарды жою жөніндегі жазалау экспедицияларында патша әскері, казактар, сондай-ақ әдейі қаруландырылған қоныс аударушы орыс шаруалары және қалада тұратын орыс тұрғындары болды. Тек қана Жетісудағы көтерілісті басу үшін 95 рота, 8750 мылтық, 24 жүздік, 3900 қылыш, 16 зеңбірек пен 47 пулемет пайдаланылған. Ал Ақмола мен Семей көтерілісшілеріне қарсы 12 кавалериялық жүздік пен 11 рота жаяу әскер жіберілген.

Бұл аз болғандай, колонизаторлық психологиямен уланған орыс қоныс аударушылары мен қала тұрғындары, патша әкімшілігінің қолдауына арқа сүйеп, бақайшағына дейін қаруланып, қазақ ауылдарына тынымсыз шабуыл жасаумен айналысты. Мұндай жауыздық қазақтармен қатар Шығыстың басқа халықтарына да жасалды. Мұндай жүгенсіздік жергілікті халықтың жұмсартып айтсақ, ашу-ызасын туғызды. Намысын қоздырып, орыс ұлтының әділетсіздігіне деген өшпенділігін өршітті, сенімін жойды.

Сөйтіп, келімсек отаршыларға қарсылық көрсету де бірте-бірте ұйымдасқан түрде жүргізіле бастады. Көтерілісшілер арасында сондай-ақ, сардарлар мен елбегілер де сайланып немесе тағайындалып отырды. Соның негізінде ел басқарудың дәстүрлі ұлттық заңдары қалпына келтіріле бастады. Мәселен, Торғай облысында хандыққа Әбдіғапар Жанбосынов, сардарлыққа – Амангелді сайланып, тағайындалды.

Алайда, көтерілісшілердің үлкен империяның соғыс машинасымен қақтығысып, бетпе-бет келгендіктерін ескергеніміз жөн. Күш тең болмады. Соған қарамастан партизандық тактикаларды қолданған көтерілісшілер қойны-қонышына дейін қаруланған дұшпандарына лайықты қарсылық көрсете білді. Бұған ашынған жазалаушылар жергілікті тұрғындарға нағыз жауыздық, аяусыздық көрсетті. Көтерілісшілер амалсыздан қашып, Қытайға көше бастады. Жалпы алғанда 300 мыңдай қазақтар мен қырғыздар сонда паналады. Ал Торғай қазақтары болса, Иранның территориясына өтудің қамын ойлай бастады. Бірақ ол процесті ақпан төңкерісі тоқтатты.

Қазақстанда болған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс бүкіл Россияны қамтыған революциялық дағдарыстың бір бөлігі болып саналады. Сондай-ақ бұл көтеріліс отаршылдыққа қарап, антиимпериалистік, антифеодалдық көтеріліс болды делініп келді. Алайда, бүгінгі көзқарас тұрғысынан 1916 жылғы қозғалыс патшалы Ресейдің колониясында болған алғашқы ең ірі де күшті ұлт-азаттық көтерілісі болып табылады. Біз бұл тарауда осы туралы әңгіме етпекпіз.

Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романында көрсеткеніндей, ел абыр-сабыр аласапыран заманға енді де кетті. Ең алғашқы сәтте шұғыл қимыл көрсетіп, ежелгі жаумен белдесуге шыққан елдің бірі Жетісу өңірі болды. Столыпин реформасының әлегінен ата-бабасының қонысынан айырылып, қанаты қайырылған Жетісу сол 1916 жылдың жаз айларында ұлт-азаттық қозғалыстың туын тікті. Алайда, бұл өңірде Жетісу қазақтары қалың қол жасақтауды қамтамасыз ете алмады, оның үстіне қазақтардың атақонысына орналасқан қара шекпенді мұжықтарды да отарлаушылар жедел қаруландырып үлгерді. Теміржол торабы арқылы да Жетісуға бүкіл Түркістан өлкесінен жазалаушылар қосыны қосымша күш алып отырды… Көтерілісшілер бірігіп үлгермеді, ойдым-ойдым көтеріліске жазалаушы қосындары қанға бөктірді». [70]

Бұл – шындық. Себебі, көтеріліс басталған алғашқы сәттің өзінде-ақ Жетісу губернаторы Фольбаум уезд әкімшілігіне берген бұйрығында: «Бүлікті тез басу үшін әскерлер қозғалысқа бір облыста әлденеше жүз адамын салып, үлгі көрсеткені дұрыс болады», [71]-деп көрсетті. Ал белгілі қоғам қайраткері, дауылпаз ақын, дарынды жазушы С.Сейфуллин ел басына түскен ауыр тауқыметті былай деп бөлісті: «Солдат кез болған ел туғалы көрмеген жәбірін көрді. Атылған адам. Қып-қызыл дүре. Жәбір-зорлық көрген қыз-қатын, жылаған бала. Асты-үстіне келген ел… Қысқасы, қырға қара пәле тигендей болды».[72] Бұл туралы Т.Рысқұлов: «В общей сложности нападению восставших казахов и киргизов Семиреченской области подвергалось 94 селения… Сожжено и разрушено 5373 домов; убито 1905 чел., ранено 684, взято в плен и без вести пропали 1105… Потери воинских частей исчислялись в 171 чел., в том числе убито 3 офицера и 53 солдата»,[73]- деп жазды. Босқындар жайлы М.Тынышбаев: «Жоғарғы 44 болыс елде (Пішпек, Пржевальск, Жаркент, Алматы уездері) – барлығы 47 мың 759 түтін бар, сонан қашқаны 40 мың 250 түтін, қырылғаны 95 мың 200 жан»,[74]- деп нақты мәлімет берді.

Ал Қазақстанда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің шығу себебін Бөкейханов пен Шестаков былай деп түсіндіреді: «Соғысқа дейін орыстың егіншісі – қазақ, қырғыздың жерінен таңдап 25 миллион десе жер алған. 1913 жылы жалғыз Жетісудан егінші орыс 4 миллион десе жер алған. Бақ та, жоңышқа да, жайлау да осы алған жердің ішінде кеткен. Келімсек орысты қазақ, қырғыздың мойнына артып берген. Алаштың баласы иттей ұлып, шөлде қалған. Жерім кетті деп қазақ арыз қылса, дала уалаятының жандаралы Шмидт: «Сен иттерді шөлге қуам» деген. Ұлт кеңесіне мүше, ақсүйек екінші Марков деген: «Қазақ, қырғыз – Шыңғыс хан мен Ақсақ Темірдің елі, Бұларға Америкада қызыл теріге қылғанды қылса, обал жоқ», - деп соққан.

Америкада қызыл тері – сондағы жер иесі ел. Америкалықтар олардың жерін өздерін аңдай атып тастап тартып алған. Марков – патшаның сүйген тобының жігіті қазақ, қырғызға осыны қылмақ болған. Өз жерінде төресіне құлақ кесті құл, егінші орыс біздің жерге келіп, сауырын иеленіп, орыстар төрге, өз үкіметіне сүйеніп, қазақ, қырғызға кешегі құл би болған. Жерін орыс алған қазақ, қырғыз сол орысқа жалданып құл болған. Қазақ, қырғыз атар таңнан, шығар күннен күдер үзген. Келімсек орыс байып өрге өрлеген. Жақсы жер де, бай тұрмыс та қазақ, қырғыздың жерінде, – деп Ресейде қалған аш егіншілерді хабарландырып, олар шегірткедей қазақ, қырғыз жері қайсысың деп ағылған. Қазақ, қырғыздың болыстары, қулары пайда қыла қоям деп елдің жерін келімсек орысқа жалдаған. Келер жыл қазақ, қырғыздың осы жері артық деп жалдама жерді алдымен келімсекке алып берген. Елді сатқан, қарғыс атқан қулар патша үкіметімен, келімсек орыспен таяқты қазақ, қырғыздың арқасына бірге соққан, жерін сатып жүзі қараның тонын киген.

Кедейшілік күн санап өскен. Соғыс басталған кезде бүкіл қырғыздың екіден бір бөлігі кедей еді. Орта шаруа күннен күнге кеміді. Шаруасы күшті әлді бөлегі аяққа басып, өзіне жол салып, байларға қосылды. Қалғаны бөліп, жарып, барлы-жоғынан айрылып, кедейдің санын көбейтті.

Патша үкіметі соғыста таяқты жеп, көп ит талаған көк ит қалпына түсіп, елден жәрдем жиған. Қызыл крестке ақша керек екен. Жер сатып жүзі қап-қара болған, арды беліне түйген, қарғыс атқан қулар қазақ, қырғыздан қызыл крестке деп ақша жинап, өстіп қазақ, қырғыздың рулары көттақы болған. Елдің арқасын ершік, төсін айыл қиған. Орыс бар, қазақ-қырғыздың қарғыс атқаны бар елді осымен ығыр қылған».

Міне, осындай қиын-қыстау кезде салықты одан сайын көбейтіп, халықты мүлдем түңілтіп, құрдымға айдаған патшаның июнь (маусым) жарлығы шығады. Үйінен өрт шыққанын сезген алты алаштың балалары атой салып, атқа қонды. Қазақ даласы от шарпыған майдан төріне айналды. Қазақ, қырғызбен бірге Орта Азияның басқа халықтары да өзбек, тәжік, түрікпендер де Астрахань губерниясындағы қалмақтар мен Түстік Кавказдағы майда ұлттар көтеріліске шықты. Әрине, бұл жағдайда үкімет те, қол қусырып, бос жатпады. Бақайшағына дейін қаруланған казак-орыстар жалаң қол қазақ, қырғызбен айқасқа түсті.

Жетісу өңіріне патша әскерімен тайталасып соғысқан, жан алысып, жан беріскен қырғыздар болды. Бұл туралы Ә.Бөкейханов: «Қырғыздар патшаның әскері қолданған жолдардағы көпірді, телеграфты талқандайды. Аттанып келіп келімсектердің қаласын шабады. Ұсталар жиылып, қару-жарақ соғады. Қарақұмға баратын телеграмды тілсіз қылып, Белебұт қаласының орыстарын бауыздайды. Зағұрда приставты, байларды, ол ерткен бар әскерді жерлейді. Ағызда Жаркент уезіндегі Қарқара мен Ұқып арасындағы келімсектің бар қаласын шауып, өртеп, адамын қырып, әйелін ат көтіне салады. Қырғыз Қарақұмды қамайды, патшаның әскері әзер-әзер өлдім-талдым деп күшін қорғап қалады. Келімсектердің Мари, Иван қалалары жермен жексен болады, қырғыз күлін шашады, адамын бауыздайды. Клюзевке қаласында 650 орыстан 35-ақ қалады. Қарақұмда қырғыз 24 казак-орысты бауыздайды. Әскерге де қасқырдай шабады, темір жолдың бекетіне де соқтығады. Кісі өлтіріп, ұстап та әкетеді.

Күзді күні үкімет қазақ, қырғызбен ұрыста қалып, жоғалған адамын санаса, жалғыз Жетісуда қырғыз көптеген орысын бауыздап, 1000 қатын-қызды күң етіп, алып кеткен екен. Жетісудың жандаралы қырғыз шапқан келімсектің қаласы 94, өртенген қаласы 5373, жараланған адам 684, өлтіргені 1905 деп, өкіметке білдіреді. Әсіресе, Ыстық көлдің аймағы қанға толды. Келімсектен онда 1803 кісі бауыздалды, 1202 орыс аяқсыз жоғалды, 904 қора өртенді», [75] – деп жазды.

Ақыры қырғыздар әскерге адам бермей, қарсылығын тоқтатпай қойған соң, патша үкіметі бар күшін қырғыз жеріне төгеді. Ташкенттен, Самарқанттан, тіпті майданнан зеңбіректері бар әскер бөлімдерін алғызып, атты казактарды қырғыздарға айдап салады. Мұндай қарулы күшке төтеп бере алмаған қырғыздар енді бас сауғалап Қытайға өтеді. Бұл жолы ұрыстың жеңісін орыстар тойлайды. Олар мың қырғызды бауыздап, заттар мен малдарын олжалап, бөліседі. Бұдан басқа түрлі жауыздықтар жасап Тоқмақ, Пішпек, Қарақұм маңында 900-ден астам қырғызды зеңбірек оғының астына алып жойып жібереді. Олар Қарақұм, Пішпек уезінде тұратын қырғыздардың 53000 отбасын, яғни бүкіл қырғыздардың үштен бірін қырғынға ұшыратады.

Бұл туралы жоғарыда аталған Бөкейханов пен Шестаковтың «1916 жыл» еңбектерінде: «Қытай ауған қырғыз 1917 жылғы февральдан кейін жеріне қайтты. Малдан таза айрылды. Ауған елдің сексені өлді де, жиырмасы ғана қайтып келді. Ауған ел егіннен, бақтан, жоңышқадан таза айрылды. Өртенген қора, ойрандаған ошағының орнына келді, аш та, жалаңаш та өзі болды. Қырғызбен соғыста орыс әскерінен тышқан мұрны қанапты: 3 әскер басы, 53 әскерлік өліпті, 77-сі дерексіз жоғалыпты. Осындай бола ма? Бір жағы жасаулы әскер, екінші жағы қарусыз ел, патша үкіметі қарусыз елді, батыста көрген қорлықтың өшін қырғыздан алады, қырғызды құртып тастап, келімсек орысқа босатпақ болды», – деп жазады.

Сөйтіп, Жетісу өңіріндегі қазақ, қырғыздың ұлт-азаттық көтерілісі бірақ аймаққа таралады. Олар қарусыз болса да патша үкіметін әбігерге түсіріп, майданнан әскер алуға мәжбүр етеді. Қойдай қырылып, басқа мемлекет жеріне өтуге мәжбүр болса да, жауының жағасынан қолын босатпайды. Оларға жалынып, жалбарынбайды да. Төрдегі басын босағаға имейді. Осы жерде тағы бір баса айта кететін мәселе ел басшылары – болыстар мен билер де халық жағында болады. Болыстар орыс төрелерін құрғақ сөзбен тойдырып, іс жүзінде жігіттердің қара жұмысқа алынуын тежейді. Үкіметке тізім де өткізбейді. Мәселен, Жетісуда бір болыс жандаралға қарсы сөйлеп, тізім бермей, халықты ашық жақтағаны үшін тұтқындалып, түрмеге қамалған.

Тараудың басында біз қазақ, қырғыздардың патша үкіметіне неге қарсы соғысқа шығып, өлімге бастарын тіккеніне тоқталған болатынбыз. Себебі, жерін тартып алып, өзін соғысқа айдаған патшаны кім жақсы көрсін. Осыдан да қазақ, қырғыз жеке-жеке де, бірге тізе қосып та келімсектер мен шенеуніктерге, бас бұзар казак-орыстарға қарсы шықты. Олар жерден, елден, малдан қор болып айырылғанша, жаудың жағасынан алып өлуді артық санады. Ақыры сөйтті де.

«Бірте-бірте қозғалыс Торғай даласына ойысты. Торғай оязының Шұбалаң болысы бірінші болып көтерілді. Тамыздың 9 күні Торғай облысына қарайтын Қостанай уезінің Қарабалық болысында жиналған қалың топ болыстан үй бас сайын жан санаған тізімді күшпен тартып алуға әрекет жасап, ауыл старшындарын дүреге жықты. Қарабалық болысы өзінің өкімет органдарына берген хабарында: «Жиылған қазақтар тәртіпсіздік көрсетті, тізімді жыртып тастауға дейін барды, старшындарды сабады…»,- деп көрсетті. 10-12 күндері Қарабалық, Бестөбе болыстарының жігіттері Сырдария облысынан жаз жайлауға келген елдің азаматтарымен қосылып, майданға жөнелтілетіндердің тізімін тартып алып, жағып жіберді. Болысты өлтіріп, кеңсесін өртеді. Қарабалық қыпшақтарының бұл қарсылығы туралы Торғай губернаторы астанаға хабарлап, дегбірі кеткенін жасыра алмады» [76].

Енді Жетісу өңірінде басталып, Торғай даласында бүкіл халықтық сипат алған ұлт-азаттық көтерілістің шарықтау шағына көз салар болсақ, ол былай өрбиді.

1916 жылдың шілде айы. Тосын болысының 600 жігіті Дәуренбекұлы Жақыптан тізімді талап етеді. Бірақ болыс тартып алмаса бермейтіндігін білдіреді. Оған ешкімнің батылы бармай тұрғанда жасы 50-ден асқан Шолақұлы Оспан деген: «Жастар үшін жанымды қидым», деп тізімді далаға алып шығады. Бұдан соң арғындар оны хан сайлап, Әбдіғапарға (қыпшақтарға) ынтымақтасуға адам жібереді. Бұл жайында «Ауыл» газетінің 1926 жылғы 31-шілде санында қыпшақтардың «Қолымыздан адам бермейміз, әскер келсе, бір орыннан екінші бір орынға көшіп, қаша ұрыс салып отырмыз»,- деп дайындалып жатқаны туралы жазған.

Шілде айында бұндай толқулар Торғайдан асып, Ақтөбе уезіне де жетті. Осыған орай Ақтөбе уезінің бастығы орталыққа: «Бүкіл ай бойы халық сергелдеңде… тау мен далада босып жүр, Ақтөбе мен Ырғыз уездерінің шекарасынан шығандай Ырғыз уезінің қазақтарымен бірігуде…»,-деп хабарлауға мәжбүр болған.

Тамызда қазақ даласындағы көтерілісшілердің бірігу процесі басталды. Торғайға Қарсақпай, Байқоңыр кендерінің жұмысшылары, Қостанайдың Аманқарағай болысы, Перов, Атбасар уездерінің қазақтары ағылып келе бастады. Көтерілісшілердің жалпы саны 10 мыңнан асты. Міне, осы кезден бастап орыс әскерімен арада қақтығыс басталып, Шолақсай маңында алғашқы қантөгіс болды. Бұдан соң қазақтар бұрынғыдан да топтаса түсті. Қыркүйек айының соңына қарай Торғай даласына Ақмола облысының Петропавл, Атбасар уездері, Сырдарияның Перов уезінің жігіттері келіп қосылды.

Ал қазан айында болса, Амангелді бастаған топ Батпаққара маңында қалың көтерілісшілерден жасақ құра бастады. Бұл кезде патша үкіметі де бос жатпады. Мәселен, 27 қыркүйекте Торғай даласына генерал Лаврентьев бастаған жазалаушы экспедиция жолға шықты. 1916 жылы қазанның 13-і мен 16-ы арасында Қазан әскери округі жазалаушыларға қосымша күш берді. Оған Оралдан, Орынбордан, Астраханнан арнайы әскери бөлімшелер жөнелтілді. Сөйтіп, олардың құрамы 17 жаяу ротасынан, 19 жүздік және эскадрондардан, 14 зеңбірек, 17 оқшашардан тұрды. Мұның бәрі қолдарында небары 200-ге жуық бесатары бар, найза, айбалта, шоқпармен қаруланған бейбіт елдің азаматтарын жою үшін жіберілді. Осыған орай, елде дүрбелең-арбасу кезеңі аяқталып, патша қарулы қолымен бетпе-бет айқасу кезеңі басталды.

Осы бір қазақ халқының басына төнген қарбалас шақ, қиын-қыстау кезең туралы академик М.Қозыбаев жоғарыда аталып өткен «Әмір Әбдіғапар» деген еңбегінде былай деп жазады: «Патша өкіметінен түңілген ел тығырыққа тірелді. «Шешінген – судан тайынбас» деп тәуекелге бел байлаған ел, оның басшылары құрылтай шақыруды жөн көрді. 1916 жылы қараша айының 27-сінде Жалдама өзенінің бойында 13 болыстың өкілдері жиналды. Құрылтай маусым жарлығына қарсы көтерілген халық шешімін мақұлдады. «Ел ағасыз болмайды, тон жағасыз болмайды» деп халық айтқандай, алты болыс арғын, алты болыс қыпшақ, бір болыс найман елін басқаратын елбасы – хан сайлауды мақұлдады. Ел басына күн туған кезде батылдығымен, парасаттылығымен, пайымдылығымен, әділдігімен көзге түскен, ертеден елге танымал азамат Әбдіғапар есімі жеке дара аталды»- дей келіп, ойын одан әрі сабақтайды: «Құрылтай Әбдіғапарды хан көтеріп, Торғай қолының өкілдері сардарбегі етіп Амангелді Үрдебайұлы Иманды сайлады. Амангелді хан Кененің атақты қолбасшыларының бірі батыр Иманның немересі еді. Нияз ханнан Әбдіғапарға, Иман батырдан Амангелдіге дейінгі дәстүр жолы ұлт-азаттық қозғалысының тарихи жалғастығын тағы бір дәлелдеді»,- деп жалғастырады.

Әбдіғапар хан болып сайланғанына асып, таспады. Бәрін де ойлап, ақылмен жасады. Оның ең алғаш бітірген басты шаруасы хан кеңесін құруы еді. Кеңестің құрамына 20 адам кірді. Атап айтар болсақ, әр болыстан бір өкіл, сонымен қатар Әліби, Амангелді және жекелеген мыңбасылар болды. Ал кеңестің шешімін тікелей Әбдіғапардың өзі бекітіп отырды. Бұдан басқа кеңес, заң, үкім, бұйрықтар шығарып, ел арасына таратты. Әр болысқа елбегілер сайланып, олар мал-жанның есебін түгендеп, әскерге қару-жарақ, тамақ әзірлеу мәселесімен айналысты. Сөйтіп, билік жүйесі түгелдей өзгертілді. Қазақ даласында – дала демократиясы, қарулы халыққа негізделген хандық билік орнады. Себебі, торғайлықтарға Орталық Қазақстанның да атқа қонып, қолдарына қару алған халқы қосылған болатын.

Осы арада бір шегініс жасап, мына бір оқиғаға көңіл бөлген жөн сияқты. Өйткені, тарихтан қыркүйек айының басында губернатор М.Эверсман Торғай уезінің болыстарымен кездесіп, байларға, оның ішінде қара халыққа берілетін кейбір жеңілдіктер туралы айтқаны белгілі. Бірақ, қараша айында Торғай губернаторы Эверсманның ол уәделерінің барлығы жалған болып шыққаны анықталды. Ол көтеріліс кезінде Қарақоға, Қараторғай, Сарықопа, Наурызым, Майқараны аралап, елге ерекше зәбір көрсетіп, әйелдерді зорлады. Енді осындай жағдайда Ырғыз қазақтары хан сайлап, Торғай арғындары Амангелдінің қолына келіп қосылуының барысында Торғайды қоршап алады, өстіп тарихта екі айға созылған Торғай қамауы басталады.



Бірақ қаруға жалаң қол шабуылдаған Торғай қоршауы нәтижесіз аяқталады да, қазақтар тағы да қайтадан Бетпақдала маңына жиналады. Оларға қарсы Тургенев бастаған 13-ші Орынбор полкы ақтық айқасқа шықты. Бұл туралы: «Әбдіғапар –Амангелді сарбаздары Қараторғай болысының екінші ауылы түбінде (Құмкешу тұсы) полковник Тургенев отрядымен кездесті. Айқас күні бойы жүрді. Доғал соғысында тек қарулары бар мергендер ғана әскерге қарсы тұрып, күш көрсете алды, алайда, сарбаздан 70 шақты адам шейіт болды. Түн ортасы болмай Әбдіғапар сүйектерін жинатты. Патша жағынан өлім көп болды, жазалаушылар өліктерін 15-20 шанаға тиеп әкетті. Бас штабқа берген телеграммасында генерал Сандецкий Доғал соғысындағы әскердің шығынын жасырып: «2 ат, 2 казак өлді... Әбдіғапар ханның ауылы да, ордасы да жойылды...»,[77]- деп хабарлады деген деректер бар.

Бұл дұрыс ақпар емес еді. Шындығына келсек, қазақ сарбаздары ол шайқаста жеңіске жеткен болатын. Себебі, осы кездесуден соң жазалаушы әскер Батпаққарадан Торғайға қашуға мәжбүр болып еді. 1917 жылдың ақпанында Ресейде патша өкіметі құлап, Уақытша үкімет орнағаны мәлім. Осыған орай наурыз айында Қазақстанда болған ұлт-азаттық көтерілісі аяқталып, Ақпан төңкерісіне ұласты. 1916 жылғы қозғалыстың өзіндік бірнеше ерекшеліктеріне тоқтала кетер болсақ, онда: «Біріншіден, Торғайдағы дүмпу көтеріліс аясынан шығып, бүкіл қазақтың төңкерісіне ұласты. Екіншіден, бұл қозғалыс тек патша өкіметінің 1916 жылғы жарлығына, әскери саясатына ғана қарсылық емес, халық бойында ғасырлар бойы жиналған наразылықтың запыраны еді. Аталық кек, бостандық, азаттық күрес кедейді де, байды да, мен қазақпын деген патриоттық сана-сезімі толқытқан баршасының басын қосқан қозғалыс еді. Үшіншіден, Торғай қозғалысының аясы облыс шеңберінен шықты, ол Ақмола, Сырдария облыстарын да қамтыды. Төртіншіден, қолына қару алған тек ауыл жігіттері емес еді, оның құрамында азды-көпті зиялы қауым өкілдері, кәсіпорындар мен теміржолжұмысшылары да болды. Басқаша айтқанда, қозғаушы күш толқыған халық болды. Бесіншіден, патша өкіметімен айқас, соғыс-ұрыстың күні өтті. Ен даланың перзенті қазақ жігіттері ғажайып төзімділік, қайсарлық көрсеті. Сарбаздар бүкіл елді сақтап, жазалаушы отрядтардан қорғап отырды. Алтыншыдан, Торғай асқан ұйымдасқандықтың үлгісі болды. Олай болатыны, ат үстіне мінген елді мемлекеттік негізі бар ұжым басқарады. Жетіншіден, Торғай өңіріндегі айқас отаршылдық жүйеге, өкіметке, оның қарулы күшіне қарсылық болды. Атадан қалған мемлекеттік үлгіні дамытып, қазақ хандығының үрдісін жасап, сардарбек сайлап, Отан деген қасиетті сөзді құрандай ұстап, Торғай елі 1916 жылғы оқиғаның ең басты ордасына осылай айналды. 1916 жыл – Қазақ елінің XX ғасырдағы өзіндік төңкерісі еді. Орыс мемлекетіндегі 1917 жылғы екі төңкерістің алдында өткен ол осы екі төңкеріске келіп қосылды. Қазақ елінің бұл төңкерісінің өзіндік сыры, мұңы, жыры бар екендігі аян. Бүкіл шығыс халықтарына «бұратана» халықтардың баршасына тән бұл отаршыл Ресейге қарсы төңкеріс осы уақытқа дейін Ресей төңкерістерін даярлайтын фактор ретінде ғана қаралып келе жатқанын жасыруға болмайды».[78]

Осы арада көтеріліске қазақ интеллигенциясы қатысты ма деген орынды сұрақ туындайды.

Қатысты (мысалы, Ә.Жангелдин). Қатыспағандары одан да зор қызмет атқарды дер едік. Бұл жөнінде жазушы Қ.Сәрсекеев кезінде Н.Мартыненко құрастырған «Алашорда» деп аталатын құжаттар жинағына жазған алғы сөзінде былай деп көрсеткен: «Мне пришлось досконально изучать проблему, и я имею все основания заверить, что бытовавшее, да и сейчас еще не изжившее себя мнение о том, что в момент обнародования указа о призыве казахов на тыловые работы кроме Амангельды и некому, было заступиться за притесняемый народ, ошибочно. Это не так. Нисколько не покушаясь на авторитет легендарного Амангельды, я, тем не менее, утверждаю, что прогрессивные силы казахской интеллигенции делали все возможное, чтобы защитить свой народ, предотвратить жестокие последствия этого указа. Одной из акций, пожалуй, явилось совещание представителей Тургайской, Уральской, Акмолинской и Семиреченской областей в Оренбурге, протокол которого был направлен главе империи. Документ этот серьезный, обстоятельный и довольно рискованный, для тех, кто его подписывал».

Бұл мәжіліс Ә.Бөкейхановтың төрелік етуімен, Торғай облысы губернаторының рұқсатымен Орынбор қаласында 7 тамызда өткізілген. Оның ұйымдастыру жұмысына А.Байтұрсыновтың да тікелей мұрындық болғанын мына деректен айқын аңғаруға болады: «В редакции газеты «Союз» пишут из Тургайской области: «Губернатор Тургайской области пригласил к себе редактора киргизской газеты «Казах» и имея с ним обстоятельную беседу о призыве мусульман на оборонительные работы, по этому поводу местная киргизская интеллигенция имела общее собрание в котором участвовали также известные киргизские деятели и представители общественных организаций».[79]

Жоғарыда айтқанымыздай Ә.Бөкейхановтың төрелік етуімен бұл мәжіліс патша өкіметінің алдына мынадай нақты-нақты 17 талап қойған. Осы талап-тілектердің ең негізгілері мыналар болып табылады.: «1. Солтүстік уездеріндегі қазақ жігіттерін келер жаңа жылдың бірінші ғинуарына шейін, оңтүстік уездерін осылай кешіктірсе екен. 2. Ең әуелі 19 бен 31 арасындағы жастардың үштен бірі ғана алынса екен. Алғанда 19 жастан бастап алуы тиіс, өйткені бұл жастағылардың көбі үйленбегендер болады. 4. Бір үйдегі шаруа басқаратын алынатын жастағы бір жігіт қалса екен (егер сол үйдің басқа еркектері 17-де немесе 50-ден асқан болса). 7. Әр ауылда бір молдадан қалдырылсын, мұғалім қалдырылғанда алдымен қолында шаадатнамасы (куәлігі) барлар қалсын. 9. Шаһар медреселерінде оқып жүрген отыз кісіден қостас болсын…Алынған жігіттер отыз кісіден қостас болсын. Әр қосқа бір переводчик хәм он қосқа бір молда сайлансын. 14. Ауырған жігіттер жаралылар мен тең дәрежеде дәрігерлік көмек көрсін. 17. Орынды себептер бойынша керектігіне қарай, қазақ жігіттері демалыс алатын болсын».

Өкінішке орай, бұл талап-тілектер орындалмады. Патша үкіметі: «Отказать, отсрочка предоставлено только до 15 сентября», [80] - деп жауап қайтарады.

Қазақ интеллигенциясының көтеріліске қатысы туралы деректі М.Тынышпаевтың 1916 жылы қыркүйек айында Черняев уезінің 4 учаскесінің мировой студиясына куә ретінде берген мына бір жауабынан да кездестіруге болады: «3 февраля 1916 г. выехали в Петроград бывший член 1-й государственной Думы А.Букейханов и киргиз Н.Багимбетов. Побывав в Петрограде у разных лиц, в том числе и у военного министра генерала Поливанова, дипломаты вернулись и сообщили на страницах «Казаха», что вопрос о привлечении киргиз пока отложен... Тем не менее вопрос о том, какая служба для киргиз лучше кавалерия или пехота, рассматривался до июня месяца...».[81]

Бұл кезде қазақ интеллигенциясы сөзбен де, іспен де қатерлі қауіптің алдын алу үшін бастарын тасқа да, жарға да соғып, ел жайын ойлап жүрген болатын. Оған деректерді кезінде патша әкімдерінің жүргізген іс-қағаздарынан көптеп келтіруге болады. Соның бірі мынау: «Врач Аубакир Бекмухамедович Алдияров и сотрудник Оренбургской газеты «Казах» Мир-Якуб Дулатов обратились ко мне с просьбой о выдаче им удостоверений в том, что они по приглашению заведующего инородческим отделом земского городского союза отправляются в город Минск для поступления на службу в названный отдел, причем представили мне телеграмму, подписанную начальником названного отдела Букейхановым на имя Дулатова с приглашением на службу в инородческий отдел. Выдав 25 февраля с.г. за №291 и 292 просимые удостоверения Дулатову и Алдиярову, считаю долгом сообщить штабу».[82]

Осы бір онша құпия боларлықтай алып бара жатқан ештеңесі жоқ қарапайым құжаттан-ақ Әлихан, Ахмет, Міржақыптар сияқты қазақ интеллигенциясының 1916 жылдың басында-ақ отандастарының әскерге алынбай қойылмайтындықтарын біліп, оларға қалай болғанда да жәрдем беру жолдарын қарастырғандықтан байқаймыз. Мұның ар жағында майдан шебіне жақын жердегі тыл жұмыстарына алынатын қазақ жігіттері үшін көмек көрсетуді көздеген мақсаттары болғандығын байқататын сыр жатыр емес пе?

«1916 жылдың күзінде Ә.Бөкейхановтың кадеттер билеп тұрған Бүкілресейлік земство одағынан Батыс майданға – майдан ставкасы жанындағы «Одақ» бұратана бөлімнің меңгерушісі қызметіне жіберілгені белгілі».[83] Бұдан біздер қазақ жастарының қамын ойлаған қазақ зиялыларының ел болашағына деген үлкен сенімділігін және туған жерге, Отанға деген азаматтық сүйіспеншілігін көреміз.

Патша өкіметі соғыс кезінде бұратана елдерге деген отарлау саясатын бұрынғыдан да күшейте түсті. Олар бодан елдердің ешқандай да талап-тілектерімен санаспады. Оны мына бір құжаттан айқын байқауға болады: «Царский указ о призыве на тыловые работы «инородцев», не отбывавших воинской повинности, был объявлен 25 июня 1916 года. Это мероприятие правительство поддержало в Государственной Думе значительными группами русских помещиков при явном попустительстве кадетов... Государственной Думой был принят соответствующий законопроект».

Осы жарлықтың қазақ зиялыларына қалай әсер еткендігі туралы М.Дулатов: «1916 жылғы маусым жарлығы шыққан кезде Орынборда едім... Ахмет Байтұрсынов сол жаз Торғай уезіндегі санақ жұмысына кетіп, «Қазақ» газетін мен басқарып тұрдым. Бір күні төбеден түскендей, жайдың оғындай июнь жарлығы сарт ете қалды... «Қазақ» басқармасына қазақ жерінің тұс-тұсынан телеграммалар, хаттар жаза бастады. Ол кезде «Қазақ» газетін қазақ елінің көбі көз-құлағындай көретін... Қазақ даласы күңіренді», – деп жазды.

Осындай халық арасына от түсіп, сеңдей соғылысқан кезде оларға баспасөз арқылы басу айтып, ақылға шақырған тағы да қазақ интеллигенттері болатын. Мәселен, А.Байтұрсынов ә, дегеннен халықтың бірден арандап қалмауын ойлап, патша үкімін орындайық деп өзі басқарып отырған «Қазақ» газетіне мына сарындас бас мақала жариялады: «Мемлекет керегі үшін мынадай қырғын соғыста мал шығынынан тартынбай, кәтте әскерлікке алам десе де, ақылдасып барудан тайынбастай болып жүрген қазақ халқын бүгін қара жұмысқа алатын жарлық шыққанға дағдарып, таңырқап қалдық. Қазақ секілді іргелі жұрт өзгелер қатарында соғыс майданында қару-жарақ асынып, мемлекетті қорғауға лайық еді, қатарда жоқ қара жұмысқа байлануды кемшін санаймыз. Бірақ патша жарлығы хақ, оған қарсы айтар сөз жоқ. Бұл күнде соғыс уақыты, тәртіп қатты, қашқандардың артынан қуғыншы отряд шығып елді хәм артында қалған әке-шешесін, қатын-баласын шулатқаннан, шаруасын күйзелткеннен басқа өнер ешнәрсе жоқ». [84]

Кешегі кеңес өкіметі тұсында бұл мақала бетке шіркеу етіліп, қазақ интеллигенциясы патшалық самодержавияны жақтаған, мынау соның куәсі деп көлденең тартылып келді. Бірақ, мәселе мүлде олай емес еді. Керісінше, олар қандай жолмен болса да, халықты жаппай қырудан сақтап қалу қамын қарастырған болатын. Бұған тағы да бір-екі нақты мысал келтірсек, артықтығы болмас деп ойлаймыз. Мәселен, Семей уезінде жеті болыстың ақсақалдары мен ел жақсыларының кеңесі болып, Тұрағұл Құнанбаевтың төрағалығымен өтсе, Жетісу өлкесінде М.Тынышпаев елді сабырға шақырып, үндеу телеграммалар жөнелтті. Батыста Бақытжан Қаратаев пен Жақанша Сейдалин Мемлекеттік Думаның төрағасына хат жолдап, әскерге шақырудың 1917 жылдың мамыр айына дейін шегерілуін талап етіп жатты.

Бұған қарама-қарсы ел ішіндегі арамзалардың халқын емес, құлқынын ойлағандардың сатқындық әрекеттері істің оңға басуына көп кесірін тигізді. Осыған орай, қазақ интеллигенциясының тылға жұмысқа алынғандардың жағдайымен танысу үшін арнайы делегация құрғандары да белгілі. Бөкейханов бастаған бұл делегация мүшелері қара жұмысқа алынған жігіттердің көбінің ауру, жұмысқа жарамсыз, тіпті араларында мылқау, кемтарлардың бар екенін де анықтады. Осыған орай, олар газетте: «Болыс пен ауылнайлар да халықты шиелендірмей, ақша алып біреуді құтқарам, біреуді жіберем демей, дұрыстықпен қызметін атқару керек»[85], – деп жазды.

Кейіннен өздерінің бұл әрекеттері туралы, алдарына қойған мақсаттары жайында М.Дулатов: «Төңкеріс жолында қазақ жұрты шығын болып кетсін деуге дәтіміз бармады. Сондықтан біз екінші жолды қаладық – көну керек дедік. Оған бел байлағаннан кейін елге көзіне айтатын сөзіміз де, басшылығымыз да осы бетте болды. Тек неше түрлі сылтаумен соза түсу жағын ескеріп отырдық...[86], – деп еске алды. Бұдан біздер қазақ зиялыларының дұрыс та берік саясат ұстанғанын көреміз. Себебі, ол кезде патша өкіметінің бұратана халыққа арналған қырып-жою саясатын жергілікті шенеуніктер асқан жігермен жүзеге асырып отырды. Оған Торғай вице губернаторы Обухов: «Біліп қойыңдар, әлгідей тәртіпсіздік шығатын болса, әскер шығарылады, құр шыққанмен қоймай, атқылайды, мұндай ойынды қойыңдар. Бұл – жаман ойын. Сөздің қысқасы, жалғыз қазақ қалмаса да, патша жарлығы сөзсіз, тоқтаусыз орнына келуі хақ» [87], – деп қаһарланса, аталған бұйрықта: «Кісі берудің ең соңғы срогы 15 январь 1917 жыл. 15 январьдан кейін шақыруға келмеген еркек жанның бірі қалмай жасын айыру үшін қаралады хәм жасы 19-31 арасында болып, шақыруға келмегендер ауру-сауына қарамай, тегіс сотқа беріледі. Патша жарлығынан бас тартқаны үшін», – деп күш көрсетті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет