Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың



бет10/11
Дата05.11.2016
өлшемі1,96 Mb.
#525
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

ОНЫНШЫ ТАРАУ



«Ұлтшылдық сарынға қарсы күрестің» құрбандары

XVIII-XX ғасырлардағы Ресей империясының отарлық және одан кейінгі «қызыл империяның» саясаты сол кезеңнің өзінде-ақ шет мемлекеттерде төртінші билік болып есептелетін баспасөз, яғни, бұқаралық ақпарат құралдарына да әсерін тигізді. Соның бір көрінісі төртінші бесжылдықтың соңында 1949 жылы қайта жаңғырған «ұлтшылдық сарынға қарсы күрес» болып табылады.


Бұл – турасын айтсақ, 1937-1938 жылғы нәубеттің жалғасы. Ұлтшылдыққа қатысы бар деген адамдарды жазалаудың түрлі жолдары қолданылды. Алдымен 1950 жылдардың басында қазақ тарихы, әдебиеті мен мәдениеті сынға алынды.

Мәселен, 1951 жылы 28 қыркүйекте «Казахстанская правда» газетінде Мұқан Төлебаевтың «Қазақстан музыкасындағы бұрыс бағыт туралы» деген сын мақаласы жарияланды. Бұл сын Ахмет Жұбановтың «Қазақ сазгерлерінің өмірі мен шығармашылығы» атты тұңғыш зерттеу-монографиясына қарсы бағытталды. Мұнда, бұрынғы сынау шегінен асқан автор А.Жұбановты буржуазияшыл-ұлтшылдығы, панисламист және пантюркистігі үшін айыптады.

Осыған орай Ахмет Жұбанов 1951 жылдың қазан айының бесінде «Социалистік Қазақстан» газетіне «өз қателіктерін мойындап» мақала жазуға мәжбүр болды. Бірақ, бұл ақталу оны жалған сыншылардың түйреулерінен құтылтқан жоқ. Қайта, іле-шала арада бір апта өтпей жатып Республика сазгерлер одағы қазақ музыкасындағы буржуазияшыл-ұлтшыл бұрмалаушылық туралы арнайы мәжіліс өткізіп, оған Мәскеуден үш адамды шақырған.

Бұл мәжілісте тек А.Жұбановтың мәселесі ғана қаралып, оған әр шешен өз атынан жаңа теңеу табуға тырысқан. Мысалы, баяндамашы П.В.Аравин Ахметті «идеалист, тұрпайы социолог, формалист, буржуазияшыл-ұлтшыл», Б.Г.Ерзакович «ұлтшыл әрі космополит», Иванов-Сокольский «музыкадағы бекмахановшылдықты дәріптеуші»,- деп, 20-30 жылдардағы «шылдықты» қайта қоздырғанын байқау қиын емес.

Келесі кезек қазақ әдебиетінің мақтанышы – Мұхтар Әуезовке келді. Бұл науқан қазақ халқының мәдениетін, оның өкілдерін жоққа шығаруға бағытталды. Олар М.Әуезов ірге тасын қалаған «Абайдың поэтикалық мектебін», осы тақырыпқа алғаш диссертация қорғаған Қайым Мұхамедхановтың еңбегін жоққа шығарып, Шәкәрім, Тұрағұлдарды буржуазияшыл-ұлтшылдардың қатарына қосты. Сөйтіп, Абайдан кеңестік дәуірге дейінгі кезең ақтаңдаққа айналып, өзінің көрнекті өкілдерінен айрылып 80-жылдарға дейін құлазып қалды. Ал, белгілі М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайылов, А.Жиреншин сияқты әдебиеттанушылар мен сыншылардың есімдері айыптау үшін пайдаланылды.

1951 жылдың 11 қазанында идеология «қайраткерлері» тағы да «Казахстанская правданың» беделіне сүйеніп, жаңа бір бастаманың ұштығын шығарды. «Қазақ батырлық эпосын зерттеудегі қателіктерге қарап» деп аталатын мақалада газет «біртұтас ағым» теориясын сынап, ауыз әдебиетін «таптық күрес» тұрғысынан қарастыруды талап етті. Оған 1944 жылы ВКП (б) Орталық Комитеті Татарстанда феодалдық пиғылдағы «Едіге» жырын әшкерелеген қаулы негіз болды. Сөйтіп, газет оқырмандар арасында қазақ эпостарына қарсы идеологиялық ой-пікір туғызуға тырысты. Ал, фольклор зерттеушілері М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин буржуазияшыл-ұлтшылдықтары үшін сыналды

1950 жылы 26 желтоқсанда «Правда» газеті көтерген ұлтшылдыққа қарсы науқандардың төресі 1951 жылдың 16-17 қазанында Қазақстан Орталық Комитетінің VIII пленумында хатшы Ж.Шаяхметовтың баяндамасы болды. Баяндамада сыналғандардың саны өсе түсті. Ол өзінің 1944 жылы Абылай, Кенесары, Наурызбайларды қазақ батырлары санатына қосқанына өкініш білдірді.

Бірақ, қанша ақталғанымен, хатшының өзі де сыналды. Себебі, білімі таяз болса да сол кездегі обком хатшыларының бірі Жанбаев қоғамның ағымын, партияның бағытын түсінетін көреген саясаткер әрі ғалымдар мен Орталық комитет хатшыларының үлкен сыншысы болып шықты.



Бұдан кейін қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдерінің үстінен жеке іс қозғалды. Енді нысанаға республика ғылымының мақтанышы академик Қаныш Сәтбаев ілікті. Жоғарыда айтылған VIII пленумда Ж.Шаяхметов, одан бұрынғы Орталық Комитетінің 10 тамыздағы «Вестник» және «Известия» журналдарына байланысты қаулысында Ғылым академиясының президенті Қ.Сәтбаев тарихшы Бекмахановқа қамқорлығы үшін, буржуазияшыл-ұлтшылдарды уақытында әшкерелемегені үшін айыпталды. Ал «Казахстанская правда» газеті болса, мұны «партия мүшелерінің халықтың үніне құлақ аспауы»,- деп тұжырымдады.

Сондай-ақ, белгілі ғалым, педагог, психолог, Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры Т.Тәжібаев та бұрын саяси айыптар тағылып академиядан қуылған адамдарды университетке қызметке алғаны үшін, әсіресе, Бекмахановты қолдағаны үшін сыналды. Бұл сыннан жедел қорытынды шыға қоймаған соң, оған білек сыбана «Правда» газеті кірісті. Мұнда 1951 жылдың қазан айының 20-да «Қазақ университетінде сынға қысым жасауда» деген мақала жарияланды. Соның нәтижесінде 10 желтоқсанда орталық Комитетте болған мәжілістің ұйғарымымен үлкен ғалым, абзал азамат Т.Тәжібаевты ректорлық қызметтен алып тынды.

Бұл жылдары қазақ зиялыларының көзін жою үшін жасалған террордың алғы шарты орталық және республикалық басылымдар арқылы жасалды. Яғни, 30-жылдардың тәжірибесі қолданылды. Мәселен, «Правда» газетінде «Біздің арамыздағы ашық ауыздықтан арылайық» атты бас мақала жарияланды. Онда ашық ауыздықтың мысалына Бекмахановты әшкерелеушілердің бірі, тарихшы Б.Сүлейменовтың әшкереленбеуі сөз болды.

Осы орайда Орталық басылымдардан жергілікті газеттердің де қалыспай, тіпті озып кетуге тырысқандықтарын айтпай кетпеуге болмайды. Соның бір айқын мысалы Бекмахановты қудалаушылардың бірі – Шойынбаевтың «Казахстанская правда» газетінің сынына ілігуі болды. Сөйтіп, Орталық комитет бюросы бұл сыннан соң, оның Жанқожа көтерілісіне арналған кітабын буржуазияшыл-ұлтшылдығы үшін пайдалануға жаратпай тастады.

Тек, 1954 жылдың көктемінен кейін ғана Қазақстанның ғылымы мен мәдениетіне төнген қара түнектің бұлты ыдырап, саяси науқан бәсеңси бастады. Оған себеп болған бүкіл Одақ көлемінде басталған оң процестердің (Берияның «халық жауларымен» күрестегі зұлымдық әрекеттерінің ашылуы, жеке адамға табынушылықты әшкерелеген Хрущевтік «жылымықтың») әсері деуіміз керек.

ОН БІРІНШІ ТАРАУ
Тың көтеру зардаптары
Қазақстан тарихында өз ізін қалдырған қайшылықты кезеңдердің бірі – тың және тыңайған жерлерді игеру. Бұл өзі кеңес өкіметінің екі қоянды бір оқпен атуды көздеген, астары мол жымысқы саясаттарының бірі еді. Тың көтеру идеясы Н.С.Хрущев келгеннен кейін көп ұзамай-ақ туған-ды. Бұл кездегі басты мақсаттардың бірі соғыстан жадап-жүдеп шыққан елдің қарнын тойдыру сылтауы болатын. Сол кезде Н.С.Хрущевтің көзі Ресейдің қара топырақты аймақтары мен Қазақстанға түсті. Орыс патшалары мен өкіметін қазақтың кең байтақ даласы ежелден-ақ қатты қызықтыратын. Сөйтіп, бұл мәселе КОКП Орталық Комитетінде бірнеше рет қаралғаннан кейін, ХІХ съездің қаулысымен тыңға жорық басталып та кетті.

1954 жылдың ақпан-наурыз айларында-ақ, Қазақстан жерінде Ресейдің қалалары мен селоларынан эшалон-эшалон адамдар келе бастады. Оларды жергілікті халық «Тың игерушілер» деп құрметтеп қарсы алуға тиіс еді. Солай болды да. Қазақ халқы ежелгі меймандостығын көрсетіп-ақ бақты. Алғашқы тыңгерлер қазақ даласына:

Едем мы, друзья,

В дальние края.

Станем новоселами,

И ты, и я! -

деген әнді екпіндете айтып келді. Олардың бәрі дерлік өздерін Қазақстанға жақсылық жасаушы батырлар ретінде сезінді, қазақ жерін елсіз дала деп білді. Кейіннен тарихшы Ф.Усов тыңға келген біреудің күнделік дәптерінен мынадай үзінді келтірді: «Өткен заманда Ақмола өлкесінде ел сирек болатын, – деп жазыпты ол өз күнделігінде, – Ұлан байтақ даланы көшпелі қазақтар мекендейтін. Қазақтар бірыңғай мал өнімімен күн көретін, егін екпейтін. Өлкенің алғашқы отырықшы тұрғындары – Сибирь казактары еді». Міне, тың игеруге келгендердің көбінің қазақ жері, қазақ халқы туралы түсінігі осы деңгейде ғана болды. Сол кездегі газет материалдарынан мынадай жолдарды оқуға болатын: «Мен тың өлкесіне келдім. Комсомолдың жолдамасы менің еңбектегі шамшырағым болды». Ал арада бірнеше жыл өткеннен кейін олардың кейбірі газетке мынадай хаттар жолдайтын болды: «Мен тың өлкесінен өшпес бақытымды таптым. Коммунистік партияға мүше болып өттім. Семья құрдым. Мен еңбектің солдатымын».

Сонымен, күн сайын ағылып, жүз мыңдап келе бастаған осы адамдар айдалаға ақ шатырларын орнатып алды да, тың далаға түрен салып, оңды-солды жырта бастады. Нұсқау солай, ұран солай болды. Жергілікті жұрттан тың игерушілердің бетіне қарап сөз айтатын бір адам табылмады. Тіпті, ата-баба зираттары шынжыр балақ трактордың табанында тапталып қалғанда да ауыздарын аша алмады. Өйткені, қазақ халқы осыдан сәл-ақ бұрын көрген қуғын-сүргіннен, қырғыннан әлі есін де жиып үлгермеген еді. Үкімет пен партияның саясатына қарсы пікір айту, наразылық білдіру әлі де болса көпе-көрінеу отқа түсумен пара-пар еді... Бұл жай кейін бірлі-жарым жазушылардың көркем шығармаларында ғана елеусіздеу түрде елес берді.

Кеңес өкіметі кезінде баспасөз «партияның тілі мен қаруы», «өмір айнасы» деген атқа ие болғаны мәлім. Бұл, баспасөздің лақап аты десе де болғандай еді. Сондықтан баспасөз тіл алғыш, белсенді, көреген болды. Сол жылдардан бастап Қазақстан баспасөзі тыңның екінші майданына айналды. «Социалистік Қазақстан» газетінен бастап, балалардың «Қазақстан пионері» газетіне дейін тыңды мадақтаған, насихаттаған, үгіттеген мақалалар мен оқырман хаттары, өкімет қаулыларын бірінен кейін бірін үзбей жариялап жатты. Бұл бірауызды, бір дауысты «баспасөз хорын», әрине, орталықтағы «Правда» газеті бастап берді. Шындығын айту керек, баспасөз тыңның шашбауын көтерген осы әуенінен тоқсаныншы жылдарға дейін бір рет те жаңылысып көрген емес. Оған дәлел – 1984 жылы Қазақстан бойынша тың игерудің отыз жылдығы дәл бұрынғы дәстүрмен дүрілдеп өтті. Сол күндері, Қазақстан баспасөзі беттерінде мынадай тақырыптағы мақалалар жарық көріп жатты: «Партия мен халықтың аса үздік ерлігінің даңқы арта берсін!», «Даңқты жылдар эпопеясы», «Достық планетасы», «Партия мен халықтың ерлігі», «Әкелер жолын ұрпақтар жалғастыруда».

Тың игерудің алғашқы жылдары Қазақстан баспасөзі оны насихаттап қана қойған жоқ, бүкілхалықтық қозғалысты дамытуға тікелей үлес қосты. Газет тілшілері тың облыстарына лек-легімен барып-келіп жатты. Партиялық ұйымдастыру, бұқаралық саяси жұмыс баспасөзге арқа сүйеді. Тың игерудегі баспасөздің орасан зор рөлін білген өкімет басшылығы баспасөздің өз ішінде бірсыпыра ұйымдастыру шараларын жүргізді. 1954 жылы Қарағанды, Ақмола, Көкшетау, Орал облыстарында баспасөз қызметінің кеңесі өтті. Мұнда тыңды насихаттаудағы баспасөздің міндеттері айқындалды. 1954-1955 жылдары барлық облыстың газеттері екі беттен төрт бетке ұлғайып, таралым саны көбейтілді. Оған қоса, тың өлкесіндегі 85 аудандық газет төрт беттік болып шығатын болды. Жаңадан құрылған шаруашылықтарда көп таралымды газеттер мен қабырға газеттері шығатын болды. 1956 жылы осындай 120 ауылдық жерде «Молния», «Крокодил» сатиралық газеттері пайда болды.

Баспасөз тың игерудің барлық проблемаларына араласып отырды. Мысалы, «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері ауыл шаруашылығын техникамен жабдықтайтын өнеркәсіп орындарынан үзбей мақалалар беріп отырды. Социалистік жарысқа арнап мақалалар, очерктер мен арнаулы беттер ұйымдастырды. Жаңа қоныстанушылардың мәдени-тұрмыстық жағдайы (үй-жайы, сауда-саттық, дәрігерлік жәрдем, т.б.) үнемі баспасөздің назарынан тыс қалған жоқ.

«Правда», «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері облыстық газеттерге шолу жасап, оларға бағыт беріп отырды. Журналистердің республикалық, облыстық кеңес, семинарлары мен курстары ұйымдастырылды. КОКП Орталық Комитетінің баспасөз қызметінің жағдайын жақсарту туралы қаулысы шығып, баспасөз мамандарын дайындау мен редакциялардың материалдық- техникалық жағдайын жақсарту шаралары жүргізіле бастады. Бұған газеттер де «іспен жауап беріп» жатты. Қ.Бекхожин «Қазақ баспасөзі тарихының очерктері» деген кітабында Солтүстік Қазақстан облысының «Ленинское знамя» газеті 1954 жылы үш айда тың игеру тақырыбына 80-нен аса материал, оның ішінде 6 бас мақала, 9 редакциялық және тілшілер мақаласы, 20-дан аса еңбекші хатын жариялап, социалистік жарыстың барысы жөнінде 15 жұмысшы бригадир мен директорға сөз бергені туралы деректі келтірді.

1956 жылы қазақстандық мол астық үшін күрес қозғалысы өрістеді. Осы жылдары Қазақстан партия ұйымдарының «Мемлекетке миллиард пұд астық берейік!» деген үндеуі мен соның шашбауын көтерген ұрандар баспасөз беттерінен түскен жоқ. Бұл науқанға тың көтермей «тыныш» отырған барлық облыстық газеттер де білек сыбанып кірісті. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстық газеттерінің қаламы жүйрік журналистері Төлен Құлымбетов, Кәрім Баялиев, Әукен Жайлаубеков жақсы мақала, фельетондарымен жарқырай көрінді. Осы жылы республика диқандары көршілес республикалардағы әріптестерімен социалистік жарысқа түсті: қостанайлықтар – алтайлықтармен, ақмолалықтар – красноярлықтармен, павлодарлықтар – новосібірліктермен, қарағандылықтар – кемеревтіктермен. Осыған орай, баспасөз беттерінде жарыс озаттары қостанайлық – Павел Бергун, Жансұлтан Демеев, Амангелді Исқақов, ақмолалық – Григорий Зубков, Николай Сергиенко, Қ.Алпысбаева, көкшетаулық – Александра Панфилова, Петр Музыка, т.б. туралы дабырата жазып жатты.

1952 жылы ақпан-наурыз айларында КОКП Орталық Комитетінің «Колхоз құрылысын одан әрі дамыту және машина-трактор станцияларын қайта құру туралы» ұсыныстары халықтық талқылаудан өтіп, МТС-тердегі техника ұжымшарларға сатып берілді. Осындай кезекті қайта құру кезеңінде, атап айтқанда 1958 жылы 30 тамызда КОКП Орталық Комитеті «Кеңес баспасөзінің жұмысшы және село тілшілерінің бұқаралық қозғалысына басшылықты жақсарту туралы» қаулысы қоса қабылданып, «социализм жағдайындағы баспасөз жұмысшының бағдарламалық құжаты» деп басталған бұл қаулыда: «XIX съезден кейін жұмысшы және село тілшілері сан жағынан да, сапа жағынан да өсті. Газеттер оларға сүйенуі керек!» – деген мазмұндағы нұсқаулар айтылды.

Өкімет тың игеруді белсенді насихаттаған газеттерді ынталандырып, баспаларға үлгі етіп отырды. 1958 жылы тың игерудің бес жылдығының қарсаңында және он мыңыншы нөмірінің шығуына орай «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталды. Газет тілшілеріне де наградалар берілді. Өз кезегінде газеттер мен тілшілер де тыңға дүниедегі барлық жақсы теңеулерді теліп бақты.

Ол жылдары «Партия айтты – комсомол орындайды!» деген сөз заңға айналған. Баспасөз де дәл осы жолмен жүрді. Аға газеттердің үлгісін ең аяғы қабырға газеттеріне дейін қайталау үлкен мақтанышқа айналды. «Қазақстан пионері» газеті 1969 жылдың көктемінде Шу өзені бойында қырғыз бен қазақ балаларының «Достық бағын» отырғызу қозғалысына айтарлықтай үлес қосты. Ол жылдары газет бетінде «Тың алқаптағы ауыл көңілді», «Мен де тыңгер боламын» секілді жаңа айдарлар көбейді. Газеттің 1957 жылғы редакторы М.Мамажанов: «Сол жылдары балалардың ұлы орыс тіліне деген құштарлығын, оны жетік үйрену жолындағы тәжірибесін жазу газеттің жетекші тақырыбы болған еді», – деп еске түсіреді. Бүгінгі көзбен қарасақ, мұның ана тіліміздің қағажу қалуына қаншалықты әсері болғанын да аңғарамыз.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстандағы тың игеру қозғалысын баспасөз сексенінші жылдардың соңына дейін сыпыра дәріптеу негізінде бір жақты жазып келді. Тың игерудің астық молшылығын жасау, жаңа қалалар мен селолар тұрғызу секілді жақсы жақтары асыра мақталғанымен, оның әсіресе қазақ халқының ұлттық тағдырына тигізген залалдары мен зардаптары жөнінде бір ауыз да сөз айтылмады. Оның есесіне, тоқсаныншы жылдан бергі қазақ тіліндегі баспасөз беттерінде тың игерудің қалтарыста қалған қара дақтары көбірек ашылып, көлеңкелі жақтары баса айтылды. Мұндай мақалалар, әсіресе, «Жұлдыз», «Арай», «Парасат» журналдарында, «Қазақ әдебиеті» мен бірқатар тың облыстарының газеттерінде жарияланды.

Қазіргі баспасөзде, әрине, бұрынғыдай тыңды насихаттау жоқ, тек бұл мәселеге өз көзқарасы тұрғысынан баға берушілік бар. Қазіргі кезде мұндай баға берудің екі түрлі тенденциясы басым көрініп жүр. Зерттеушілердің бір тобы тың игеру атымен жасалған қозғалыстың қазақтың елі мен жеріне келтірген кесел-залалдарын бұлтартпас дәлелдермен алға тартады. Бұл тақырып, әсіресе, «Арай» журналында 1991-1992 жылдары егжей-тегжейлі жазылды. Онда тың игерудің жоспарсыз басталып, тым асыра сілтеу болғандығы айтылады. Қазақстанда 25 миллион гектар жер жыртылып, соның 20 миллионы 1956 жылға дейін-ақ «игерілген» екен. Осының салдарынан тың жер эрозияға ұшырап, алғашқы 3-4 жылдан кейін өнімділік күрт азайған. Бүкіл тың тарихында үш-ақ рет миллиард пұт астық алынған. Демек, жел сөз көп болған. Ақырында, «Тың өлкесі» деп аталған облыстар экологиялық жағынан қатты бүлінді. Осы облыстардың көптеген аудандары «экономикалық және әлеуметтік жағынан артта қалған 70 аудан» дейтін тізімге ілікті. Жердің нәрін емген, халықты, әсіресе, жергілікті тұрғындарды ауру-сырқау жайлады. Рухани эрозия қоса келіп, адамдарды арақ аздырды. Тұрғын халық ана тілінен айырыла бастады. «Қазақ әдебиеті» газеті тың көтеру жылдары 700-дей қазақ мектебінің жабылып қалғанын ашына жазды.

Жазушы, журналист Ә.Көпішев өзінің «Адыра қалған ауылдар» атты мақаласында тың облысындағы «Жұмай» ауылының бұрын миллионер колхоз атанғанын айта келіп, тың игерілгеннен кейін бұл ауылдың қамқорлықтан мүлдем тыс қалғанын айтады. «...Қазіргі «Жұмайда» екі мыңға жуық сауын сиыр, 9 мың гектар егістік қалған. Еденіне тақтай да төселмеген сыз үйлер. Рахит, туберкулез т.б. қазақ ауылдарына кең тараған дімкәстерге душар болған балалар, үлкендер...», – дей келіп, автор бұл жүздеген қазақ ауылдарының басында бар жағдай екенін айтады.

Тың жерді игеру алғашында уақытша шара, астық қорын жасаудың тактикалық тәсілі ретінде ойластырылды десе де, оның астарында Мәскеудің басқа да мүдделері болғандығы мерзімді баспасөзде көп айтылып жүр. Тың көтерудің қате болғандығы Л.М.Богденко, В.П.Данилов секілді ғалымдар кейінірек айтты да. Бірақ өкімет тарапынан бұған құлақ асқан ешкім болмады. Шынында, ұлан-байтақ жерді мөлшерсіз жыртып тастап қарап отырумен ештеңе бітпейтіні түсінікті де. Бабын тауып, жағдайын жасамаса, жер өнім бере ме? Алғашқы үш-төрт жылдан кейінгі жағдай мұны дәлелдеп берді. Бірақ, журналист Ж.Қуанышев айтқандай, «көтеріңкі көңіл-күйге» негізделген орталықтың өктемдік саясаты жергілікті жерлердің мүмкіндіктері мен ерекшеліктеріне пысқырып та қарамады». «Қазақстан үшін тыңды игеру де тура «соғыс сипатында» басталды деуге болады. Жыртылған жерлер бірнеше күннің ішінде-ақ таңдап алынды, оның үстіне сәтсіз таңдалған жерлер көп кездесті»,- деп жазды жоғарыда айтып өткен ғалым М.Л.Богденко тың туралы зерттеу еңбегінде.

Тың игеру науқанының үлкен зардаптарының бірі – Қазақстандағы демографиялық тепе-теңдіктің жасанды түрде әрі күшпен бұзылуы Қазақстанды «жүз ұлттың лабараториясына» айналдырған да дәл осы тың екені даусыз. «1954-1956 жылдарда Қазақстанға сырттан 640 мың адам қоныс аударып келді»,- деп жазады тарихшылар С.Ковальский мен Х.Маданов. Ал журналист Ж.Қуанышев өзінің жоғарыдағы мақаласында бұл туралы: «...қалың тасқынның ішінде өзінің құлқыны мен жеке басының қамын көздеген ашкөз тобырдың көбейіп кетуі жергілікті тұрғындарды да, партия ұйымдарын да шоқ басып алғандай шаршатты»,-деп жазды.

Тың игерудің экономикалық тиімділігіне қарағанда экологиялық зардабы анағұрлым ауыр болғаны бұл күні әркімге белгілі шындық. Қазір Солтүстік облыстарда топырақ құнарының 30 процентке жуығы жойылып, тек 1960 жылға дейінгі кезеңнің өзінде ғана 9 миллион гектар жер істен шыққаны белгілі болып отыр. Ғалымдардың есебіне қарағанда, осыншама шығынмен, ойсыраған зардаптармен тың көтерілмей-ақ, оның есесіне астық өнімін гектарына небәрі бір центнерден ғана арттыра алған болсақ, әлдеқайда ұтады екенбіз. Ал шындық жағдай бұған керісінше болды. Гектарына 20 центнерден астық жинауды көксеген тың идеясының авторлары орта есеппен 7 центнерге қанағаттануға мәжбүр болды.

Тың игеру жылдары республикамызда басқа ұлт өкілдерінің үлес салмағының күрт артуына байланысты ұлттық тіліміз бен дініміздің, ұлттық болмысымыздың шеккен зардабы өз алдына бөлек әңгіме. Бұл туралы баспасөз беттерінде кейінгі кездері аз жазылып жүрген жоқ.

Тыңға байланысты баспасөз бетінде пікір айтушылардың екінші бір тобы тыңның зиянды болған жақтарын айта келіп, сонымен бірге оны мүлдем жоққа шығармай, жақсы жақтарын мойындайтынын білдіреді. Мысалы, К.Смайылов «Н.С.Хрущев: ағы мен қарасы» деген мақаласында: «Тың игеру кезіндегі еліміздегі селоға деген қаржы мен техниканың басым көпшілігі Қазақстанға бөлінді, жіберілді. Соның арқасында кең далада қанша поселкелер орнады, жолдар тартылды. Оны ұмытуға да, бұрмалауға да болмайды!»-десе, биология ғылымдарының докторы Р.Жанпейісов «Тыңды бірыңғай жамандауға қосылмаймыз»,- дей келіп, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1990 жылғы 9 наурыздағы нөмірінде жарияланған «Аманат хат» деген мақаладағы «...жерімізді аздырып, құнарсыз қалған, жайылым өрісін тарылтып, зиянын тигізген тың игеру экономикалық қате саясат»,-деген пікірге реніш білдіреді. 1994 жылдың ақпан айында Қазақстанда тың көтерудің қырық жылдығы аталып өтті. Бұл жолы бұрынғыдай көпірме сөздер болмаса да, өзінің байыпты бағасын алды. Ақпанның 25-і күні Ақмоладағы тыңгерлер сарайында өткен салтанатты жиында Республика Президенті Н.Назарбаев Қазақстан тыңына баға бере келіп: «Тың игеру шын мәнінде дәуірлік сипат алған оқиға болды»,- деді. Осы тұста республикалық және облыстық баспасөз беттерінде тыңға байланысты ардагерлердің де естеліктері жарияланды. Солардың көпшілігінде сыпайыгершілік кемерінен асып кетпей, өткен оқиғаға байсалдылықпен баға берушілік байқалады.

Қалай дегенмен де, тың игеру қозғалысы қазақстандықтардың, оның ішінде қазақ халқының да тағдырымен терең байланысып кеткен, қайшылығы мол, күрделі оқиғалардың қатарына жататыны ақиқат. Ал баспасөз болса, тың ақиқатын енді ғана айта бастады. Сондықтан, тың туралы шынайы баға уақыт еншісінде деп білеміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет