Қырықбай Аллаберген тарих және баспасөЗ Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың



бет9/11
Дата05.11.2016
өлшемі1,96 Mb.
#525
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
Қазақ тілінде 1917-1933 жылдар аралығында

жарық көрген кітаптар
Кезінде ұлы ақынымыз Абай Құнанбаев: «…өстіп, бірімізді-біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік-өсек, қастық қылып, өнерді, малды… түзу жолмен іздеп, өрістетерлік күн бар ма екен?» – деп қараңғылық тұмшалаған, надандыққа бөккен халқына налыған болатын. Рас, Абай жаңа заман шапағатын көре алмай кетті. Ақынның көзі тірісінде бірде-бір шығармасы баспадан шықпай халыққа ауызша тарады. Бірақ қазір бір кезде мешеу аталған ел көп қиыншылық көріп мәдениетті елге айналды. Қазақ жұртын бұл күнде аш-жалаңаш деуі ықтимал, бірақ мәдениетсіз, білімсіз дей алмайды. Бұған да шүкір. Қазақстандағы баспа ісі бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген дәрежеде өркен жайды…

1917-1920 жылдар аралығында баспа тарихына зер салсақ, оның өте ауыр кезең болғанын аңғарамыз. Бұл кезде халыққа кітап ауадай қажет болды. Ал көп кітап шығаруға біріншіден, қаржы, қағаз жетіспеді; екіншіден, баспахана техникасының нашарлығы қолбайлау болды; үшіншіден, маман кадрлар жетіспеді. Сондықтан бұл жылдары ел аса зәру кітаптарды басумен ғана шектелді.

«1920-1921 жылдары шыққан кітаптар саны 1913 жылғы жеке меншік баспалардан шыққан кітаптардан 3-4 есеге азайып кетті» 114.

Атап айтқанда, жаңа шығармалар, еңбектер жоқтың қасы еді.

Бұрын-соңды кітап басу тәжірибесі болмаған, маман кадрлары, баспаханалары атымен жоқ өзі іргетасын жаңа қалаған жас республика үшін бұл да бір үлкен сын болды.

Әдеби және балаларға арналған оқулықтар мен басқа да кітаптарды басып шығару ісі Қазақстанда 1917-1920 жылдар аралығында өте баяу жүргізілді. Азын-аулақ кітаптар Қазақстанның өзінде басу мүмкіндігі болмағандықтан, көбіне Ташкент, Қазан қалаларында шығарылды.

Бекет Өтетілеуівтың, Спандияр Көбеевтің, Сәбит Дөнентаевтың балаларды оқу-білімге, пайдалы еңбекке шақырған өлең-кітаптары сол қалаларда жарық көрді. Ол кітаптар негізінен ауыз әдебиетінің жинағы іспеттес еді.

1917 жылы Қазаннан: «Қисса әнхәзрәтрәсуынің Миражға қонақ болғаны» атты кітап «Домбровский» баспаханасынан басылып шығады. Авторы – Жүсіпбек Шайхусламұлы. Жүсіпбек бұл кітабын ел аузындағы ең көркем жырлардан құрастырған. Солардың кейбірін өзінше өңдеген. Сондай-ақ, оның сол Қазан қаласында 102 беттік «Қисса сал-сал», «Қисса и Бағлан-Бағұр» деген кітаптары да жарық көргенін де айта кету жөн болар. Осы жылдары Қазан қаласындағы «Мағриф» баспасынан М.Юмачковтың көлемі 17 беттік «Қисса и Жұм-Жұма» деген кітапшасы да басылып шығады. Бұл кітаптың мазмұнында: Мұса пайғамбардың серуенге шығуы және оның жарымын су, жарымын құм басып жатқан бір бас сүйекті қалай көргені әңгімеленген.

Ол бас сүйек Жұм-Жұма патшаның бас сүйегі болып шығады. Автор сүйекке тіл бітіріп, Мұса пайғамбармен сөйлестіреді. Кітапшаның:

Салтанатпен жұрт болып тұрғанымда,

Жұртымның бәрін бірдей көруші едім.

Пақыр біткен үлкеннен зорлық көрсе,

Шақыртып, теңдік алып беруші едім,

Тірлікте сондай-ақ ғаділ едім…

деген өлең жолдарынан әділеттілікті, адамгершілікті уағыздағанын аңғарамыз.

Қазақ кітабының шежіресін түзуші ғалым Ү.Сұбханбердинаның деректеріне сүйенсек, 1919 жылы қазақ тілінде бар болғаны үш-ақ кітап жарық көрген. Оның екеуі Ташкент, біреуі Қазан қаласында басылған. Сол жылғы қазан айында Орда қаласында (Бұрынғы Бөкей облысының орталығы) баспа бөлімі құрылды. Онда қазақ және орыс тілдерінде газеттер, қазақ тілінде журнал, листовкалар, кітапшалар мен үндеулер басылды.

Сондай-ақ, Орал облыстық революциялық комитетінің 1919 жылғы 15 ақпанда жазылған жыл қорытындысы есебінде үгіт секциясынан бірнеше үндеу, әр түрлі бұйрықтар, М.В.Фрунзенің қазақ халқына арнаған үндеуі қазақ, татар тілдерінде жарияланғандығы баяндалған. Сол есепте мұсылман қаріптерімен арнаулы баспахана ұйымдастыру шаралары қолға алынып жатқандығы сөз етілген.

1917-1920 жылдар аралығында басылған кітаптардың қанша тиражбен шыққандығы жайында нақты дерек сақталмаған. Бұл жайды Алматыдағы мемелекеттік кітапханада сақталған картотеканы есептеп қарағанымызда осы жылдар аралығында қазақ тілінде шыққан кітаптардың саны шамамен төмендегідей болды:




Кітап шыққан қалалар

1917

1918

1919

1920

Ташкент

6

2

2

2

Қазан

4

1

-

-

Мәскеу

-

-

3

-

Ақмола

-

-

3

-

Орынбор

-

-

-

6

Жалпы саны

10

3

7

8

Сөйтіп, 1917-1920 жылдарда барлығы 28 кітап шамамен 25 мың тиражбен жарық көрген деп жорамалдауға болады. 1920 жылы К.Маркс пен В.И.Ленин шығармаларының қазақ тіліндегі аудармалары он үш мың тиражбен шығарылған. (115)

1920 жылғы 4 қазанда Қазақ Автономиялы Советтік Социалистік Республикасының құрылуы үлкен саяси оқиға болды. Бұл империалистік соғыс пен азамат соғысы кезінде күйреген халық шаруашылығын қалпына келтіру, өркендету қолға алынған кезең еді. Бұл жылдар елдегі сауатсыздықты жою жолында жаппай күрес басталған сәт болатын. Осы үлкен міндетті жүзеге асырудың шараларының бірі ретінде 1921жылы Орынбор қаласында қазақтың мемлекеттік баспасы құрылды. Қазақстанның губерниялық ірі қалалаларында баспаханалар ашылды. Сонымен қатар Мәскеу, Қазан, Ташкент қалаларында кітап шығару жұмысы ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде 1921-1925жылдар аралығында баспа өнімдері бұрынғы жылдарға қарағанда едәуір көбейді. Олардың көрсеткіші төмендегідей:


Мерзімі

1921

1922

1923

1924

1925

Кітап

5

30

31

79

104

Газет

6

8

9

10

13

Журнал

3

2

3

2

5

Қазақ АССР-і құрылған жылы небәрі 129 кітапхана, 117 клуб, бірнеше қызыл керуен, қызыл отау жұмыс істеді. Әубәкір Диваев қазақтың бай әдеби мұрасын жинаумен шұғылданды.

1922 жылы Ташкентте қазақ-қырғыз мәдениетін көркейтушілер қауымы «Талап» құрылды. Сонда қазақ ағарту институтының жанынан жұмысшылар факультеті ашылды.

1921-1925 жылдарда Қазақстанда кітап басып шығару ісін дамытуда Советтердің бірінші съезінің тапсыруы бойынша Қазақ АССР Орталық Атқару Комитеті де 1922 жылдың бірінші маусымында қазақ тілінде баспа шығармаларын көбейту туралы арнаулы қаулы қабылдады. Онда еңбекші қазақ халқын ағартуға, мәдени дәрежесін арттыруға барлық білімді азаматтардың борышты екені айтылды.

Әсіресе, Заң, Әлеуметтік қамсыздандыру, Егіншілік, Денсаулық, Оқу-ағарту комиссариатына сауатсыздықты жою үшін алғашқы қарапайым оқулықтарды, үндеулерді, плакаттарды, жалпы білім беруге, ғылымға, саяси-үгіт жұмысына керекті кітапшалар мен көркем әдебиет жинақтарын шығару тапсырылды.

Осындай пәрменді шаралардың және практикалық істердің жүзеге асырылуы нәтижесінде 1921-1925 жылдар аралығында қазақ тілінде 277-ден астам кітап басылып шықты.(116)

1921 жылы Ташкентте «Үлкендер үшін әліппе» деген кітап Ш.Сартаев, Е.Қожантаевтардың редакциялауымен жарық көрді. Ол араб әрпімен 5000 дана болып басылды. 1925 жылы Ж Арыстанұлының «Жаңа тұрмыс жайында» атты кітабында жас республикамызда өркен жайған жаңа өмір құрудың барысы сөз етілді.

1924 жылы Ж.Арыстановтың аударуымен Ташкентте «Жастар ұйымының мақсаты, міндеттері», 1925 жылы Мәскеуде «Күншығыс баспасында» шығады. Анучиннің «Адам тегі» атты оқулығы Мамытовтың аударуында Мәскеуде басылып шықты.

Сондай-ақ, 1924 жылы Сала Жүсіпов «Интернационалдағы жұмыскер әйелдер» атты кітапшасын 3500 дана етіп шығарды.

Бұл жылдарда қазақ тілінде саяси кітаптарды басу ісі біршама жолға қойылды. Соның нәтижесінде 1924 жылы Орынборда көлемі 60 беттік «Ақылды істерді жүргізу заңы», 1925 жылы Ташкентте көлемі 123 беттік «Ауыл ұйымдарына жолбасшы», «Түркістанда келімсектерге арналған аудандарда жер мәселесі» атты кітаптар шыққан. Сонымен қатар жоғарыда аталған «Талап» ұйымы – «Қазақ-қырғыз мәдениетін көркейтуші қауымы», «Талаптың жолы» атты кітапша шығарды.(117)

Сөз болып отырған жылдар аралығында әдеби кітаптар шығару көрсеткіші төмендегідей:

1922 жылы А.Құнанбаевтың таңдамалы өлеңдері жарық көрді. Ұлы ақынның бұл үшінші басылымы Ташкентте шықты. Онда бұрын Кәкітай құрастырған екі жинаққа кірген өлеңдер енгізілген. Абайдың бұл мұрасын құрастыруға 1922 жылы Орта Азия университетінде оқып жүрген М.Әуезов көп еңбек сіңірген.

Ахмет Баржақсиннің 1923 жылы Мәскеуде жарық көрген «Мың бір мақал» атты кітабы өте құнды кітап. Онда қазақтың ел арасына кең тараған шешендік сөздері, мақал-мәтелдері жинақталған.

1924 жылы қазақ әндерін зерттеуші А.Затаевич Мәскеудегі «Музыка» баспасынан «Қазақтың мың әні» атты кітабын бастырып шығарды.

Бұл еңбекті француз жазушысы Ромен Роллан аса жоғары бағалады. Ол Затаевичке жазған хатында былай деп көрсетті: «Маған сіз Шығыстың бұрын білмейтін ғажап бір дүниесінің есігін ашып бердіңіз. Бұл қайран қалар ерлік және көркемдік».(118)

1923 жылы Орынборда қазақтың 146 беттік тұңғыш календары басылып шықты. Ол «1923 жылдың қазақ календары» деп аталды. Календарь алты тараудан тұрады. Календарға республикамыздың географиялық сипаттамасы, әкімшілік бөліктері, шаруашылығы жайлы материалдар енгізілген.

1923 жылдың күнтізбесіне көбірек тоқталған себебіміз, оның ең әуелі тұңғыш күнтізбе болғандығы. Оның үстіне тілі көркем, идеясы айқын бұл басылым қазақ еңбекшілерінің арасында кең танымал болды. Мұндай күнтізбе кейінгі жылдарда да шығып тұрған сияқты. Республикамыздың мелекеттік кітапханасының сирек кітаптар қорында осы күнтізбенің 1929, 1930, 1931 жылдары басылған кітапшаларының сақталуы осы пікірді орнықтыра түседі.

Бұл жылдарда көркем әдебиет нұсқалары, түрлі әдеби жинақтар шыға бастады. Ауыл шаруашылығы мамандарына мектеп оқушылары мен мұғалімдерге арналған кітаптар саны да жыл санап молая түсті.

Аталған кезеңде шыққан таңдаулы кітаптардың бірі – «Домбыра» атты өлеңдер жинағы. Оған сол кезде таныла бастаған қазақ ақындарының өлеңдері кірген. Әсіресе, Ә.Тәжібаевтың, Ө.Тұрманжановтың өлеңдерінің идеялық-көркемдік сапасы ерекше айтарлық.

Шаруашылық мәселелерге қатысты 1925жылы «Егіндік жерлерге қарды қалай тоқтатуға болады және мұның қандай пайдасы бар» деген екі кітапша жарық көрді. 1920-1925 жылдар аралығында шыққан кітаптардың сауаты артып, сапасы да жақсара түскен.

Келтірілген деректерден көрініп отырғандай 1921-1925жылдарда кітап бастыру ісі біршама ілгеріледі. Тікелей жұмысшы шаруаларға арналып шығарылған кітаптар саны қауырт өсті, әрі олар арзан бағамен шығарылды. Сөйтіп, 1921-1922 жылдары ғана оқулықтар тиражының өзі 178 мыңды көрсетті. 1924 жылмен салыстырғанда еңбекшілерге кітап тарату 1925жылы 5 есе көбейді.(119)

«Адамды мәдениетті етіп тәрбиелеуге екі нәрсе күшті әсер етеді. Ол – көркем өнер мен ғылым. Бұл екеуі де кітапта табысқан»(120), – деп М.Горький айтқандай, қоғамымызды алға бастыру үшін кітап шығару ісін одан әрі дамыту қажеттігі күмәнсіз шындыққа айналды. 1926-1929 жылдарда біздің өлкемізде де кітап басу ерекше маңызды міндеттердің қатарынан орын алды.

Бұл мәселені 1925 жылы Қазақстан РКП (б) облыстық комитеті өзінің Пленумында дербес мәселе ретінде қарады. Онда Қазақстанда еңбекшілерге кітаптың жетіспеушілігі, әсіресе, ана тіліміздегі оқулық кітаптардың жеткіліксіз болып отырғандығы айрықша айтылды. Осы Пленумның шешіміне байланысты қазақтың мемлекеттік баспасының жанынан оқулықтар шығарумен айналысатын арнайы редакция құрылды. Оны алғашында Ө.Тұрманжанов, М.Жанғалин, ал 1926 жылдан Р.Бөкейханов басқарды. Осыдан кейін-ақ қазақ тілінде басылған оқулықтардың мұқабаларында қазақ авторларының фамилиялары төбе көрсете бастады. Ал бұған дейінгі қазақ тіліндегі оқулықтар аударма болып, тек мәскеуде шығарылып келген еді. Сөйтіп, 1926 жылдың басында Н.Қожановтың «Мектепке дейінгі тәрбие», И.Тоқтыбаевтың «Бастауыш географиясы» С.Қожановтың «Арифметикалық оқулық» кітаптары басылып шықты, тіл мамандарына арналып «Синтаксис», «Грамматика» атты кітаптар алғаш дүниеге келді.(121)

Дегенмен, бұрын осы іспен айналысу міндеті жүктелген Академиялық орталық еңбекшілерді қажетті кітаптармен қамтамасыз етуде әлі елеулі жұмыс атқара алмай отырды. Бұл орталық 1926 жыл қарсаңында небары үш-ақ кітап бастырды. Олардың өзі М.Жұмабаевтың өлеңдер жинағы, М.Дулатовтың пьесалары, Баймұратовтың өлеңдері еді және бұлардың бәрі Ташкент қаласынан жарық көрді.

Газет-журналдар рецензия жариялауды дәстүрге айналдыра бастады. Соның ішінде жастар газеті: «Жыл құсы» не деген сөз? «Жыл құсы» қар кеткенде келетін жылдың құсы ма? Жоқ, «Жыл құсы» деген аттың мәні басқаша. «Жыл құсы» – қазақ әдебиетінің жыл құсы, онда аты қазақтың әдебиетінің емес, еңбекші кедей әдебиетінің жыл құсы. Солардың мұңын мұңдап, жабыққан көңілін көтеретін өз тұрмыстарын маржандай тізіп, суретті, әшекейлі, пернелі сөз қозғайтын жыл құсы» – деп жазды.

«Жыл құсы» халыққа тез тарады, тіпті жетпей қалды. ҚазАПП басқармасында Риддер зауытының жұмыскері Шыныбайұлы Қасымның: «Жыл құсы» деген кітапты тез жіберуіңізді өтінемін, неге десеңіз, мұндағы, жұмыскер бауырларыңыз әрқашан сондай кітаптан сусап тұрады. Біз, алыста, қараңғы түпкірде жатқан өңкей жұмыскерлер көзімізді ашсақ, осындай кітаппен, басқа кеңес өкіметінің тәрбиесімен ашамыз. Сондықтан кітап керек»(122), – деуі қазақ әдебиетінде жаңа процестің туғандығына оқушы мен жазушының арасында байланыс жасала бастағандығына, демек, әдебиеттің өмірмен қоян-қолтықтығының күшейе түскендігіне нақты дәлел болмақ деп жазды Т.Кәкішев.(123)

Бұл жылары саяси кітаптар көп аударылды. Әсіресе, 1926-1929 жылдарда қалың еңбекші бұқараға арналған кітаптарды шығару ісін дұрыс жолға қою міндеттері алға қойылды. Бұл міндеттер Қазақстан жазушыларының ұйымына жүктелді. Бұл істі көркем әдебиет туындыларын басатын арнаулы органдар ұйымдастырудың зор маңызы боды. Сөйтіп, 1927 жылдың жазында «Жыл құсы» атты әдеби альманах дүниеге келді.

«Жыл құсының» бірінші саны 4000 дана болып басылды. Ол кейін 1928 жылдан ай сайын шығатын «Жаңа әдебиет» журналына айналды. «Жаңа әдебиеттің» алғашқы екі саны араб әрпімен, қалғаны жаңа латын әрпімен шығарылды.

Қазақ халқы орыс алфавитіне 40-жылдары көшті. Бұған дейінгі кітаптары 1929 жылдан 1939 жылдар арасында латын әрпімен басылып келген болса, 1929 жылға дейін бірнеше ғасыр бойы араб әрпімен жазылып келгені белгілі. Қазақ кітаптарының тарихын, мазмұнын, білемін деуші талапкерлерге үш алфавитті де оқи, жаза білуі қажет екендігі түсінікті. (124)

«Жұлдыз» журналының тарихы «Жаңа әдебиеттен» басталады. Журнал беттері әдеби шығармаларды жариялауға аздық етті. Аталған жылдары жеке авторлардың ұжымдық жинақтарға сыймаған шығармаларын Қазақстан Мемлекеттік баспасы дербес кітап етіп шығару ісін жүзеге асыра бастады. Міне, соның нәтижесінде өлеңдері мен шығармалары бұрын да мерзімді баспасөз бетінде басылып жүрген белгілі қаламгерлер С.Сейфулиннің, Б.Майлиннің, С.Мұқановтың т.б. авторлардың туындылары жеке кітап болып шықты. Мәселен, 1926 жылы С.Сейфуллиннің «Экспресі», 1927 жылы «Тар жол тайғақ кешуі», 1928 жылы «Тұрмыс толқынында» атты шығармалары жарық көрді. 1926 жылы Семей қаласынан Б.Майлиннің «Ел сыры» атты кітабы, 1927 жылы Қызылордада «Жол үстінде» атты әңгімелер жинағы және «Құрақ», «Сойқанды содырлар» деген сатиралық туындылары дүниеге келді. Осы аталған жылдарда С.Мұқановтың үш өлеңдер жинағы: «Кешегі жалшы мен бүгінгі жалшы», «Октябрь өткелдері», «Сұлушаш» поэмалары кітап болып басылды.

Осы жылдары – жаңа есімдер жиі көріне бастады. Солардың қатарының бірі болып Ө.Тұрманжанов тұрды. 1927 жылы оның «Қашан кедей» (әңгімелер), 1928 жылы «Таң сыры» (өлеңдері) Қызылордадан 3 мың данамен басылып шықты.

Жиырмасыншы жылдың орта кезіне дейін қазақ әдебиетінде поэзия өктем болды. Ал 1927-1928 жылары Сәкен, Бейімбет сияқты прозаиктерді қоспағанның өзінде Ғ.Мүсіреповтің «Тулаған толқында», Е.Бекеновтың қазақ әйелдерінің бостандығын баяндайтын «Жәмила қалай сауаттанды?», т.б. авторлардың туындылары жеке-жеке кітап болып қосылды.

1926-1929 жылдары туған әдебиетіміздің алыптары С.Сейфуллиннің, Б.Майлиннің, І.Жансүгіровтің, М.Әуезовтің көркем туындылары үсті-үстіне жариялана бастаған кезі болатын.

М.Дулатовтың қазақ әдебиеті тарихиндағы тұңғыш романы «Бақытсыз Жамалдан» кейінгі уақыта қарбыта сілтеп, өңдірте жұмыс істеген аса бір жемісті жылдары болды. Атап айтқанда, 1922 жылы ол екі бөлімнен тұратын «Есеп құралын» жазып, Ташкент қаласында бастырып шығарды.

1924 жылы Орынборда екі жылдық «Қирағат кітабы», Қызылордада «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көрді ( кейін бұл оқулық үш-төрт жыл бойы жылма-жыл қайта басылып тұрған)(125).

«Балқия» – төрт актілі пьеса, Орынборда 1922 жылы жеке кітап болып басылған. Бұл шығарма М.Дулатовтың 1911 жылы ұсталғанға дейінгі қайраткерлік негізінде жазылған.

«Мерезден құтқарды» – екі актілі пьеса, 1926 жылы Қызылордада «Казнаркомздрав» баспасында жеке кітап болып басылған.

Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романы тұңғыш рет 1926 жылы Қызылорда қаласында жеке кітап болып басылып шықты. «Ақбілек» – жеке кітап болып басылып үлгермеген шығарма.

«Ақбілектің» бірінші бөлімінде: «Өскеменнің ар жағында, Бұқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен, құз күзеткен Күршім бар.

Алтай, Күршім – не заманнан қалың найман мекені… Әлгі Алтайдың аруларын айтуға, тіл жетпейді. Жүзі айтарлық айнадай боп, көзі құралайындай боп, күлкісі атқан таңындай боп, бойы құба талындай боп, былқ-сылқ етіп бұраңдасып, күбірлесіп, көлеңдесіп, езу тартса – есің кетіп, сұңқыл қақса – шым-шым етіп, бойың босап, ойың босап, қиялың қия кезеді (126),- деп келеді. Бұл шығарма кезінде «Әйел теңдігі» журналының 1927-1928 жылдар ішіндегі бірнеше санында жарияланған. Сондай-ақ «Нұр күйі» поэмасы 1929 жылы Қызылордада жеке кітап болып басылған.

Жүсіпбектің соңында бірталай ғылыми мұра қалды. Ғылым саласындағы оқу құралдары «Тәрбиеге жетекші» (1924), «Психология» (1926), «Жан жүйесі және өнер таңдау»( 1926), атты елеулі кітаптар бар. «Қанапия мен Шәрбану» 1926 – жылы Қазақстан Мемлекеттік баспасының күншығыс бөлімінен жеке кітап болып шықты. «Шернияз» – бес бөлімді пьеса. 1926 жылы Қазақстан Оқу Комиссариаты, Семей баспаханасынан жарық көрген. «Ел қорғаны» бір перделі пьеса. 1925 жылы Ташкенттен жеке кітап болып басылып шықты. «Мансапқорлар» – екі перделі драма. 1925 жылы Мәскеуде жарық көрген. Бұл, кітаптар, әрине өз кезеңі үшін аса пайдалы қызмет атқарды.

Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?

Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?

Көкте – бұлт, жерде- желмін гулеген,

Жер еркесі – желдің жөнін кім сұрар?-

деген ақын Мағжан Жұмабаев – қайта тірілген, қайта жанған отымыздың бірі.

Қазақ поэзиясының атасы Абайды сүйетінін айта келіп, М.Әуезов: «Бұдан соң Мағжанды сүйемін, еуропалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін»(127), – деген екен.

Сондай-ақ, М.Жұмабаев – Гете, Гейне, Лермонтов өлеңдерін, М.Горькийдің «Сұңқар туралы жырын», Мамин-Сибиряктің «Ақбоз атын», Ивановтың әңгімелерін қазақ тілінде сөйлеткен шебер аудармашы.

Оның 1922 жылы Орынборда «Педагогика» деген еңбегі жарық көрді. Бұл кітап жастарды өнер-білімге баулу, тәлім беру, оларды оқыту проблемалары жайында жазылған. Сол жылы Бернияз Күлеевтің көмегімен Мағжанның өлеңдер жинағы Қазан қаласында басылып шығады. Ал «Шолпан» жинағы 1923 жылы Ташкенттен жарық көрген.

Ұлы Абайдың талантты шәкірті Шәкәрімнің шығармалары жөнінде кезінде «Айқап» журналы: «Әрбір кітап қадірін білген қазақтың алып оқуы тиіс. Сөзі жеңіл, жазуы ұғымды»(128), – деп жазған.

«Шәкәрімнің халық бірден қабылдаған, жыр етіп айтып, көшіріп оқыған, бірақ кешеуілдеп, кітап бетін 1924 жылы ғана көрген, оның есесіне ақын өлімінен соң 1935 жылы қайыра жарияланған (баспаға дайындаған Б.Кенжебаев) ең әуелгі еңбектерінің бірі – «Дубровскийдің» өлеңмен жасалған аудармасы.(129)

Ақынның бел баласы Ахат 1936 жылы ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорына екі томдық жинағын тапсырған. «Мұтылғанның өмірі» – ақын өмірінің соңғы жылдарында жазылған. Ақын кітаптары қолдан-қолға тимей, елге таралған.

А.Байтұрсынов – ғалым-лингвист, әдебиет зерттеушісі, ақын-аудармашы, публицист. Оныњ өз қолымен 1929 жылдың 5 маусымында жасап берген «Газет және журналда жарияланғаннан басқа, ғылыми, ғылыми-методикалык еңбектердің тізімі» деген құжат ҚазГПУ архивінде сақталған. Мұнда: 1.«Тіл құралы», 1-бөлім. Фонетика. 2.«Тіл құрал», 2-бөлім. Морфология. 3.«Тіл құрал», 3-бөлім. Синтаксис. 4.«Әдебиет танытқыш» 5.«Баяншы», методикалық жазбалар. 6.«Тіл жұмсар», 2-бөлім. Практикалық грамматика. 8.«Оқу құрал», балалар әліппесі 9.«Әліппе» 10.«Сауат ашқыш», ересектер әліппесі. 11.«Әліппе астар», әліппеге методикалық нұсқау. 12.«Қырық мысал» – Крылов мысалдары аудармасының жинағы. 13.«Маса», төлтума және аударма өлеңдер жинағы. 14.«Оқу құралы» хрестоматия (нұсқалық, Шонановпен бірге жазған) – еңбектері көрсетілген.(130) Сонымен қатар 1923 жылы Мєскеуде «Ер Сайын» жыры кітабы, Ташкентте 1926 жылы «Єдебиет танытқыш» кітабы басылған.



Кезінде А.Байтұрсыновты барлық қазақ зиялылары пір тұтып, соған ұқсауға тырысқан. Әсіресе, ақын, жазушылар: «... жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті ақынды өзінің басшысы деп санайды. Қаламынан тамған бал еш бояудан айнымайды. Әлде болса өмірінің ұзақ болып, еңбегінің өнімді болуын тілеуден қазақ баласы қайтпайды»(131) – деп түсіндірген.

Бір ерекше айтарлық жай, 1926-1929 жылдары жазушылардың барлық жанрда қалам тербегендігі. Мәселен, М.Әуезов осы кезеңде кесек көркем туындыларымен қоса, педагогикалық кітаптар да жазған. Сол жылдары ол өзінің әйгілі «Қаракөзімен» қоса, 1926 жылы Қызылорда қаласында жастарға арналған «Жеткіншек» атты оқулығын бастырып шығарды.

Қазақ әдебиеті тарихында төкпе ақын И.Байзақовтың орны ерекше. 1927 жылы Исаның өлеңдер жинағы оқушыларға тиді.

Қазақтың әйгілі драматург режиссері Ж.Шаниннің «Торсықбай», «Айдарбек», «Шахта» деген пьеса кітаптарының да маңызы ерекше. Бұл пьесалары 1926 жылы Қызылордада басылды.

«1926-1929 жылдары кітап басып шығаратын баспалардың материалдық-техникалық базасы нығайды. Осы мақсатта Қазақстанда 29 баспахана мен бір литография жұмыс істеді. Содан 1926 жылдың өзінде ғана 408 мың дана тиражбен 51 кітап шығарылды».(132)

Жалпы 1926-1929 жылдар аралығында кітаптар санының көрсеткіші мына төмендегідей:


Кітап шыққан қалалар

1926

1927

1928

1929

Қызылорда

Семей


Мәскеу

Ташкент


Алматы

Қазан


30

5

14



2

-

-



70

-

16



4

2

1



40

-

2



3

-

2



44

-

5



8

10

4


Енді, сарқылмас байлығымыз – кітаптардың 1930-1933 жылдардағы тарихына үңіліп көрелік.

1930 жылы Қазақ АССР-нің құрылуының он жылдық мерекесіне орай С.Мұқанов «Ақындар шашуы» деген авторлар жинағын әзірлеп, Қызылордадан бастырып шығарады.

Бұл кезде ана тіліміздің мектеп пен жоғары оқу орындарында жеке пән ретінде оқытылуына байланысты қазақ тілінде оқу құралдарын жазу міндеті қойылды.

Ұлт республикаларында да өз ана тілінде кітап шығару ісін дамытуға қажетті жағдайлар жасалды. ВКП(б) қазақ өлкелік комитеті «Қазақстанда баспа ісін қайта құру» жөнінде шешім қабылдады. Бұл республикамызда кітап баспасын дамытуға одан әрі кең жол ашты.

Осыған орай республикамыздағы баспалар «Қазақстан» баспасы болып қайта құрылды. «Онда ауыл шаруашылық, оқу-педагогикалық, жас өспірімдер мен балалар, саяси, көркем әдебиеттер секторлары болды. Бұл жақсы нәтиже берді. Егер, 1931 жылы республика баспа орындарында 390 кітап пен кітапшалар шығарылса, 1938 жылы кітап саны 476-ға жетті».(133)

Енді, 1930 жылдан бастап жергілікті авторлардың кітаптарын орыс тілінде шығаратын бөлімше жұмыс істей бастады.

1932 жылы Қазақ өлкелік партия комитеті Ғ.Мүсіреповті республиканың полиграфия базасын нығайтуға көмек сұрау үшін Мәскеуге С.Ордженикидзеге жібереді. Сөйтіп, С.Ордженикидзенің жеке нұсқауы бойынша Ғ.Мүсірепов Алматыға олжалы оралады. Қазақстанға алғаш рет ротация машинасы мен линотип және бірнеше баспа машиналары келеді. Осыған байланысты, кітап басу едәуір табысқа жетеді. Мәселен, осыған орай 1932 жылы «Қазақстан» баспасы төрағасының орынбасары Әлібайұлы Абаттың «Жұмысшы әліппесі», «Қарқын», «Үлкендер оқу құралы» деген кітаптары әрқайсысы 3000 данамен шығады.

Саяси кітаптар шығару барысында, аударма шығармалар молайды. Соның бірі 1932 жылы Өтепұлы Құлмырзаның аударуымен Роза Люксембургтің «Политэкономияға кірісу» деген кітабы жарық көреді.

1930-1933 жылдардағы қазақ прозасының шоқтығы С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» болса, І.Жансүгіровтің «Жаңа туған» поэмасы поэзия шоқтығы еді. 1930 жылы Ө.Тұрманжановтың «Ақ алтын» өлеңдер жинағы Самарқанд Өзбек Мемлекеттік баспасынан шығады. Бұл Шымкент мақташыларының ерен еңбегіне арналған өлеңдер топтамасы еді. Ал оның «Тілші» деген екінші бір кітабы тілші жастарға жетекші бағыт, кеңес берер құралы ретінде араб әрпімен 15000 дана тиражбен Ташкентте осы жылы жарық көреді.

«Жаңалық» колхоз мектептері үшін әліппе Алматыдан (1930 жылы) 15000 тиражбен халыққа тараған. Бұл тиражы ең көп кітаптардың бірі болған. Ал ол кездегі бір кітаптың орташа таралымы 1,5 мыңнан 3000 аралығыныда болатын. Себебі, баспахана техникасы нашар болды, қағаз жетіспеді. Оның үстіне халық әлі де толық сауаттана қоймаған, әрі жаңа шыққан кітаптарды іздеп, сатып алып оқуды дәстүрге айналдыра қоймаған кез еді. Сондықтан да әліппелік оқуға жеңіл кітаптар көбірек тиражбен шығып тұрды.

Оралдағы пролетариат қара шаруа жұмысшылар ұйымы Оралдан қазақша, орысша, арабша жазған «Жусан» өлеңдер жинағын 15000 тиражбен шығарды. «Жаңа күш» (1931 жыл), «Қызыл әскер әліппесі» (1932 жыл) деген кітаптармен бірге А.Хангелдиннің осы жылдары «Он жылда» атты жинағы Алматыдан, ал «Серік» деген кітабы Ташкенттен 4000 данамен тараған.

Сондай-ақ, І.Жансүгіровтің шығармалар жинағының екі томы Семейден 3000 данамен, Б.Майлиннің «Толық жинағы» 1-2 том Алматыда және «Азамат Азаматыч» романы Қызылордада (5000 тиражбен), «Асулардан асқанда» әңгімелер жинағы, «Майдан» төрт перделі пьесасы Семейде (тиражы 3000), «Он бес үй» Қызылордада (3000) жеке-жеке кітап болып басылып шыққан.

Қара сөздің шебері атанған жазушының «Азамат Азаматыч» романы тап дұшпандарының тұзағына түсіп алданған азаматтың одан қалай жол тауып, түзу жолға түскен қиын да күрделі тағдырын нәзік те сырлы сезім пернелері арқылы бейнелейді.

Балалар әдебиетінің жайы бұл кезеңде бәлендей емес еді. Бұл жылдарда С.Дөнентаевтың балаларға арналған мысалдар жинағынан басқа кітаптар болмады. Ақынның «Көзі тоймаған ит», «Екі теке», «Ауырған арыстан» т.б. шығармалары мектеп жасындағы балаларға арнайы жазылған, тілі жеңіл, мазмұны айқын шығармалар болды.

Осы тұрғыдан алғанда, С.Сейфулиннің «Балалар» деген өлеңі жас ұрпаққа тікелей арнау десе болғандай. Ақын «Маузер» атты балладасында балаларға аға ұрпақтың азаматтық жолындағы күресінің бір эпизодын баяндап береді.

Жау қолында қапылыста қаза тапқан әке қолындағы Маузерін ұрпағына аманат етеді.

Бесіктегі жас ұлым,

Ер жетсе өсіп балдырған,

Мына кекті Маузерім –

Соған мұрам қалдырған,-

деп революцияны қолымен жасаған ерлерден үлгі алып, оның жеңісін баянды етуді жас ұрпаққа тапсырады.

Қазақ ақын-жазушыларының поэзиясының әр үлгіде, әр стильде, алуан түрлі тақырыпта қанат жая түсуін мұрат тұтқанын І.Жансүгіровтің шығармашылығынан анық көреміз. Абайдан кейінгі дәуірде жылдың 4 мезгілін жырға қосқан да Ілияс ақын еді. Оның «Жазғытұрым», «Жазғы шілде», «Күз», «Қыс» атты өлеңдері табиғаттың жанды тіршілігін әсерлі де әдемі суреттейді.

Бұл жылдар ішінде көбірек жарияланған кітаптар тобы – салалық кітаптарға келетін болсақ, 1930 жылдары алуан тақырыпта 30-ға жуық кітап шығарылды. Медицина саласында аударма, жалпы ғылыми кітаптар саны 17-ге таяу болды. Әлбетте, бұл кітаптің дені аударма кітаптар еді. Мысалы, «Жеті аурулар» (Авторы – М.Броннар, 44 беттік) Малдыбаевтың аударуымен 4000 дана болып Қызылордада басылды. Сондай-ақ, «Баланың денсаулығын күт», «Теміреткі мен таз туралы» деген материалдар жинағы кітап болып шықты.

Сонымен қатар, «Егін шығымын арттыру» (67 бет, Семей), «Егіндік жерлерде қарды қалай тоқтатуға болады», «Еңбек заңдары» т.б. кітаптар басылды.

Бұл кезеңде Қазақстанда саяси кітаптар саны күрт көбейе түсті. Атап айтқанда, 1930-1933 жылдар аралығында республика бойынша саяси кітап шығарудың жалпы даму дәрежесі төмендегідей болды:




Қалалар

1930

1931

1932

1933

Қызылордада

Семейде


Алматыда

Ташкентте

Шымкентте


20

5

14



9

5


15

10

25



2

-


18

4

27



-

-


16

12

28



8

1


Жалпы саны

43

52

39

55

Тиражы

304 мың

361 мың

603 мың

700 мың


ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
Қазақ жеріндегі жаппай ашаршылық және репрессия

жылдарындағы баспасөз
Әйгілі отызыншы жылдар қазақ халқының басына төнген «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейінгі ең бір қара түнек жылдар болып саналады. Ф.Голощекин 8 жыл ішінде қазақ жерінен құйындай ұйтқып өткен социализмді қайтару ниетімен «Кіші Октябрь» бағдарламасын жасап, адамдарға «қасық пен шанышқыны қалай ұстау керектігін» үйретумен айналысты. Соның нәтижесінде 1933 жылдың басында қазақ халқы тең жартысынан айрылып, 40 миллион малдың 5-ақ миллионы қалды. Мұның өзі күні кешеге дейін «ұсақ-түйек» қателіктер мен «елеусіз кемшіліктер» деп аталып келді.

Аға ұрпақ, оның ішінде ғалымдар мен зерттеушілер бұл нәубеттің сырына қанық болса да, ол туралы ауыз ашуға дәрменсіз болды. Үнемі қуғын-сүргін, репрессияға ұшыраған интеллигенция өкілдері алмас қылыштан тот басқан бақырға айналды. Енді олар күнделікті күйбең тіршіліктің маңынан шыға алмайтын, басқаның айтқанын құп алып, солардың айдауымен жүретін жансыз роботтың бет-бейнесіне енді.

«Ұлы» халықты мадақтап том-том кітап, мемуар жазғандар өз халқының аянышты халін суреттейтін биттің қабығындай кітап жазуға да жарамады. Тіпті, қыза-қыза келе халықтың 40 проценті өз ана тілін ұмытуға дейін барды. Міне, өстіп мың өліп, мың тірілген қазақ халқы демократиялық пен жариялылыққа да жетті-ау!

Қазір осы «тарих ақтаңдақтары» күн өткен сайын анықталып, сол бір ауыр кесапатты жылдардағы халқымыздың аяулы ұлдары мен қыздарының қилы тағдырлары жан-жақты зерттелу үстінде. Елім деп еңіреп өткен абзал азаматтардың өнегелі өмір жолдарын халқымызға және кейінгі ұрпаққа паш етуді бүгінгі зиялы қауым да өз міндеттеріне алған сияқты.

Осы орайда елін сүйген ақын бауырласымыз О.Сүлейменовтың мына қысқаша түйінді сөзін келтірудің артықтығы жоқ шығар: «біз жазықсыз жапа шеккен данышпандарымыздың мұраларын өмірге қайтара бастадық және бұларды шолақбелсенділер не үшін, ненің жоқтауы үшін құрбандыққа шалып еді деп ойлана бастадық.

Біз қазақтар ешкімге ешнәрсе қарыз емес екенімізді енді ғана түсіне бастаған сияқтымыз. Мәселен, осы уақытқа дейін «ұжымдандыру – ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құрудың классикалық үлгісі» деген Сталиннің асырасілтеушілік пікіріне жарты ғасырдан астам уақыт бойы ешкім күмән келтіруге қорықты, керісінше, оны тек марапаттаумен келдік.

Бірақ ұжымдастыру ісі Қазақстанда қалай өтті, барлық мәселе сонда. Шолақ саясатшы Голощекиннің «Кіші Октябрі» тек малымен күн көріп отырған қазақтың алдымен байларына, онан соң орташаларына, ең соңында астық екпейтін малшыға, астық тауып бере алмағандарының малын тартып алып, өздерін қаңғып кетуге мәжбүр етті. Малынан айрылған қазақтың мұнан кейінгі көрген күнін дұшпаныңа да бермесін дейтіндей болған. Ағылшын-американдық тарихшы әрі жазушы Р.Конквестің осы кезең туралы жазған «Қасірет зардабы. Кеңестік ұжымдандыру және аштық терроры» атты тарихи-публицистикалық еңбегінде бұрынғы кеңес өкіметінің әр аймағындағы аштық жайлы айтылып, «Алайда бұл фактілер қаншама қайғылы болғанымен, қазақтардың басына түскен ұлан-асыр қасіреттің жанында түк те емес болып қалады», – деп ерекше аталған.

Егер бүгінгі күннің биігінен өткен тарихи кезеңдерге ой жіберсек, қазақ халқы ақын Ж.Молдағалиев айтқандай, шынында да «мың өліп, мың тірілгенін» байқаймыз. Ал отызыншы жылдардағы аштықтың себебіне келсек, «Аңқау елге – арамза молда» дегендей, халық жауын қолдан жасап, ақты да, қараны да бір жіпке байлап, қазақтың кең даласын азалылар еліне айналдырғандар болды. Олар тағы да адамдар арасында мансапқорлық пен шенқұмарлыққа, рушылдық пен жікшілдікке жол ашты. Сөйтіп, қазақ жерінде «Кіші Октябрь» орнап, адам мен мал қоса қырылып, «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» заманы басталды. Оның себебі – 1925 жылдың басында Қырғыз (қазақ) облыстық комитеті ретінде қайта құрылған республика партия ұйымының хатшысы болып Филлип Голощекин сайланған еді. Содан ол 1933 жылдың қаңтар айының 21 жұлдызына дейін Қазақстанды 8 жыл бойы сергелдеңге түсіріп, ақыры қызметтен босатылды. Ол жетекшілік жасаған кезең қазақ халқының өмірінде «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі ең қайғылы, ең қасіретті кезең болып тарихқа енді. Өкінішке орай, күні кешеге дейін қай қазақтың болмасын жан-жүрегін сыздатар осы бір шындықтың ақиқатын көрсетуге мүмкіндік болмады.

Голощекин туралы алғашқы көлемді зерттеу еңбек «Қазақ әдебиеті» газетінің 1988 жылғы желтоқсан айының 9 жұлдызында жарияланды. Авторы Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі М.Қозыбаев ағамыз Голощекиннің саяси портретін ашуға арналған бұл материалда оның ленинизмді бұрмалап, сталинизм жолына түсу бағытын көрсетеді:

- Біріншіден, Ф.И.Голощекин: «Октябрь қазақтардың ауылының тұсынан құйындай өтіп кетті. Сондықтан, қазақ даласында «Кіші Октябрь» жасау керек» деген қайшылықты пікірден сегіз жыл бойы тынбады. Екіншіден, қазақ шаруаларының көшпенділігі – оның бойына сіңген әдеттегі тұрмыстық құбылыс деп, сергелдеңге түскен елдің болмысын теориялық тұрғыдан дәлелдемек болды. Үшіншіден, көшпелі елді социалистік жолға түсіру құрбандықсыз болмайды деген идеяны тұжырымдады. Төртіншіден, экстенсивті мал шаруашылығын қоғам дамуының жоғары сатысына көтеруде мал басының кемуі объективтік заңдылық дегенді шығарды. Бесіншіден, Қазақстанның негізгі ерекшеліктері 1925-1930 жылдарда, басқаша айтқанда, Ф.Голощекиннің кезінде жойылды, ол Қазақстанның осы қазіргі жағдайда бүкіл одақпен терезесі тең деген пікірді қалыптастырды. Ал, бұл «теориялық» база ұжымдандыруды дамуы жағынан жоғары аудандармен қатар деңгейде өткізу үшін керек болды. Алтыншыдан, Ф.Голощекин «өте жоғары дәрежеде», әсіресе, ауылда тап тартысының шиеленісуі жартылай феодалдық қатынастарды бұзу кезеңінде болмай қалмайды» деген теориялық қисынсыз қорытынды жасады. Сөйтіп, болып жатқан репрессиялық шараларға «теориялық» негіз жасады. Жетіншіден, Ф.Голощекин қазақ коммунистерінің бір тобын тәрбиеге көнбейтін, пайдалануға мүмкін емес, ұлтшыл уклонистер қатарына жатқызды. Екінші категориясын жағдайға қарай терісін өзгертіп отыратын хамелеонға теңеді.

- Олардың үшінші тобы,- деді ол орын алған қателіктер үшін барлық жауапкершілікті бір ғана Голощекинге аударғысы келетіндер. Бұл пікірді Ф.Голощекин Қазақстан өлкелік партия ұйымының басында 8 жыл еңбек етіп, қоштасар сөзінде айтқан еді. Басқаша айтқанда, ол басшылыққа бүкіл республикада бірде-бір лайықты адам – қазақ коммунисі жоқ деген пікірде болып келді.

Бұл 30-жылдардың бір қасіреті – ашаршылықтың бүкіл қазақ жеріне оба ауруындай тараған сәті болатын. Осы жайлы Шымкент қаласының тұрғыны З.Рысбекова былай деп еске алады: «Пірімбет деген қария Үмбет деген баласы, Сәнен деген келіні үшеуі бірдей үйлерінде аштан өліп, сасып кеткен екен. Тірі қалғандар тамдарын үстеріне құлатып, жан жағындағы топырағын үйіп, мола жасай салды. Ауылда көп өліктерді жер қазбай-ақ осылай көме салатын. Себебі, жер қазуға арық-тұрық адамдардың шамасы да келмейтін».

Ал, республикалық дәрежедегі зейнеткер, кезінде аштарға көмектесетін комиссияның төрағасы болған Бәдігүл Жолмұхамедқызының мына әңгімесінен соң тіпті ойға қаласың: «Ол кезде аштарға тамақ, жатақхана ұйымдастыратынбыз. Бірде комиссия мүшелері Талас жаққа бардық. Адамдар құмырсқа қалай тізіліп жүрсе, солай ілбіп келеді. Өлгендері шетінен жолда қалып жатыр. Тірілерінің қолында жалаңдаған пышақ. Кеудесінде жаны бар тірі хайуан көрсе, сойып жіберіп, шикідей жұлып жей береді. Бесікте аштан қатып қалған нәрестелерді көргенде, сай-сүйегің сырқырап кетеді. Жылай-жылай көзімізден жас та шықпайтын болды. Аш адам ісіп-кеуіп өледі екен. Күмпиіп ісіп кеткен адамдарды талай көрдік. Олардың қайтадан адам қатарына қосылуы екіталай...».

Тарихтан 1929-1930 жылдары Қазақстанның солтүстігіндегі астықты аудандарына егін шықпай қалып, сол жылы қыста даланы жұт жайлағаны белгілі. Нақты жағдайға қарамай мемлекетке астық тапсыру жоспары арта түскен. Соның нәтижесінде жер-жердегі ауылдарға өлкелік, округтік органдардан, әсіресе, қатал билік пен құқ берілген уәкілдер қаптап кеткен. Олардың қаһарынан қаймықпайтын жан болмаған. Жылап жатқан балаға «Әне, уәкіл келе жатыр» десе сап тыйылған.

Ашаршылық, әсіресе, 1931-1932 жылдары меңдей түсіп, елді мүлдем есеңгіретті. Осындай ел басына күн туған сәтте халқы үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, қызмет атқарған ұл-қыздар аз болған жоқ солардың бірі – Әбдіжаппар Үсенов. Халық жауы емес, халқының нағыз баласы еді. Үлкен ұйымдастырушы, суырып салма ақын болатын. Біз ол кісіден мол өнеге алып, өскен атбайлар інілерінің бірі едік. Міне, заман түзеліп, сондай аяулы жандардың атын атап, түсін түстеп, өнегелі жақтарын жастарға айтатын халге жеттік, әйтеуір. Бұған да шүкірлік.

1931-1932 жылдардағы ашаршылыққа Әлжаппар өзі басқаратын «Игілік» колхозының 100-ден астам ошағын ашаршылықтан аман-есен алып шықты. Әрине, Әбекеңнің жалғыз өзі елге қорған болды деуден аулақпыз. Аяулы азамат жүз шаңырақты аштықтан құтқару жолында Керімбек Маңқытаев, Бекшора Бекқожаев, Алтынбек Қошқарбаев, Шалабай Дүйсенбаев, Қожахмет Наров секілді үзеңгілес серіктеріне сүйенген. Мен оны соңғы рет 1937 жылы қыс айында «Шорнақ» шеберханасының жанында машина үстінде көрдім.

Жұмысқа жанұшыра жүгіріп келе жатқан бетім еді. Ол кезде «полуторка» машинасының өзі таңсық болатын. Ойламаған жерден назарым сол машинаға ауды. Қарасам, үстінде Әбжаппар ағай отыр.

- Шырағым, маған жақындамай-ақ қой. Мен халық жауы деген жаламен айдалып барамын, – деді ол сәлемдескен маған.

- Не үшін?

- Өзім де білмеймін. Ауылға сәлем айт. Өтекең (ағасы Отабекті айтады) жесір мен жетімдеріме көз болсын. Ал, енді жұмыстан қалма, заман белгілі ғой,- деп қош айтысты...».

Міне, көріп отырсыздар қиын-қыстау заманда халқым деп басын көтерген ер азаматтар осылайша «халық жауы» атанып, жазықсыз жазаланып отырылған. Бұл аз болғандай шолақ ойлы, белсенді уәкілдер «халық жауларын» қолдан жасап, Голощекиннің «Кіші Октябрін» тездетіп жүзеге асыруға жағдай жасайды.

Кезінде осындай жауапқа тартылған сан мыңдаған адамдарға ешқандай жеке істер жүргізілмеген, олардың ақ, қарасын ажыратуды ешкім ойламаған. Ұсталса, жауапқа тартылса, не НКВД-ның қармағына ілінсе болды, «халық жауы», «троцкист-ұлтшылдар ұйымының мүшесі» немесе «халық жаулары – пәленше – түгеншелермен тығыз байланыста болған» деп кінә тағылып, жазаланып кете берген.

Сөйтіп, «Ел басына күн туып, ері қайда жүр екеннің» кезі келді. 1937 жылдың тажал аждаһасы Нығымет Нұрмақов, Сейітқали Меңдешев, Тұрар Рысқұлов сияқты миллиондардың өмірін қиды. Осыған қарамастан Сталин, Ежов, Берия, Вишинский сияқты жазалаушылардың заманы дәуірлеп тұрды.

Осындай «тарихтың ақтаңдақ беттері» туралы материалдар кезінде түрлі басылымдарда жиі жарияланып, одан қорытынды да шығарыла бастады. Бұл ретте Ресейдің тәуелсіз басылымдарының қара қылды қақ жарған әділ мақалаларын өнеге етіп айтуымыз орынды. Мәселен, бүгін кезінде халық жауы атанып, репрессияның қаһарына ұшыраған Н.И.Вавиловтың халық, партия, үкімет алдында ешқандай күнәсі болмағандығы айқындалып отыр. Керісінше, оған жала жауып, «халық академигі» атанған Г.Т.Лысенконың сол халыққа қарсы бағытталған қылмысты істері әшкереленуде.

Сондай-ақ, Михаил Кольцов сияқты халықтың талантты ұлын жазалағандардың шын мәнінде оның шығармаларын оқуға қауқары болмаған көрсоқыр, бұйрық орындаушылар болғаны қандай қиямет.

Біздер Сәкен, Бейімбет, Ілиястарымыздың қандай жағдайда ұсталып, қандай жағдайда қаза тапқандарын білмей жүрміз. НКВД оларды ұсталысымен атылды десе, тауқымет тақсыретін бірге тартқан көзі тірілер Сәкен де, Бейімбет те бертініректе қаза тапты деген деректер айтып жүр.

Мысалы, жарты ғасырдан астам уақыт бойы М.Дулатовтың есімі туған халқының басты жауларының қатарында аталып, оның есімі ұлт мәдениеті мен әдебиеті тарихынан өшіріліп тасталды. Содан барып туған халқы үшін жүрегі қоңыраудай күмбірлеген арысымыздың асыл бейнесі кейінгі ұрпақ үшін көмескі тартып кетті.

Ал, қазір халқы ұлы перзентінің өмір тарихымен де, өмірі және еңбегімен қайта табысты. Әділеттің таңы атып, күні шықты. М.Дулатов «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторының әдеби көмекшісі болып қызмет етіп жүрген кезінде, 1928 жылдың 17 желтоқсанында тұтқындалады. Одан ұзақ жауап алғаннан кейін 1929 жылдың 24 маусымында Бутырь түрмесіне жөнелтілген. Ал, 1930 жылдың 4 сәуірінде ішкі істер халкоматының «үштігі» М.Дулатовты ату жазасына бұйырады. 1931 жылдың 10 қаңтарында іс қайта қаралып, ату жазасы он жыл тұтқында отырумен алмастырылады. Тоғыз ай бойы өлім жазасы үкімімен отыру ақын жігерін жасыта алмады. Көптеген адамдар осы жүйкеге тиетін қияметті көтере алмай, өзін-өзі өлтіріп те жіберетін. Бұрын патша түрмесінде талай рет болған М.Дулатов зайыбына жазған бір хатында былай дейді: «Біріншіден, тергеушілерге сенбедім, екіншіден, қорыққаным жоқ, үшіншіден, олардан көмек сұрамадым...».

Сөйтіп, ол 1934 жылдың басынан Сталин атындағы Ақтеңіз-Балтық каналының құрылысында жұмыста болып, 1935 жылдың 5 қазанында Сосновец лазеретінде жүрек дертінен қайтыс болған. Міне, халық жауы атанған мыңдаған қазақ зиялыларының бірі, белгілі қоғам қайраткері, қаламы қарымды журналист, қазақ баспасөзінің қалыптасуына көп еңбек сіңірген ардагеріміз М.Дулатовтың лагерьде болуы мен дүниеден қайтуының қысқаша тарихы осындай.

Сондықтан біздер М.Дулатов сияқты Нәзір Төреқұлов, Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Сейітқали Меңдешев, Сүлеймен Есқараевтардың кебін киген жүздеген, мыңдаған өз халқының адал перзенттерінің өмірлері де Қазақстан тарихымен, Қазан төңкерісінің орнау тарихымен тығыз байланыстырыла зерттелуі қажет деп білеміз. Мұнсыз біздер үшін мемлекетіміздің өткен тарихын, соғыс жылдарының қиын қыстау тарихын, тоқырау мен қайта құру тарихын таразылап, баға беру қиынға соғары хақ.

Міне, сондықтан да тарихымыздың әр кезеңінде көзден таса, көңілден қағыс қалып келген, күні кешеге дейін «ұсақ-түйек қателіктер» мен «елеусіз кемшіліктерінің» арқасында 60 мыңнан астам қазақ зиялылары сталиндік репрессияның құрбанына айналыпты. Ал, бұған 1949-1956 жылдар аралығындағы «ұлтшылдық сарынға қарсы» өрістетілген науқаншылдықтың залалын қоссақ ше?

«Ұлтшылдық сарынға қарсы күрес» демекші әу, бастан-ақ, яғни 1937-1938 жылдары республикалық баспасөз бетінде көрнекті қазақтың партия, әдебиет, ғылым қайраткерлеріне «бай төбет», «қарақшы», «жапонның тыншысы», «шпион», «пантюкист» сияқты айтуға ауыз бармайтын түрлі жалалардың жабылуы, осындай оғаш пайымдаулардың ондаған жылдар бойы өзгеріссіз қалуы, содан кейінгі жылдардағы әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлеріне салқынын тигізбей қалған жоқ.

Бұл арада 1937-1938 және одан кейінгі жылдардағы репрессияға кім кінәлі? «Жаудан сақ болайық, жауды ымырасыз әшкерелейік!» деп нұсқау берген Сталин, Ежов, Бериялар кінәлі дейміз. Бірақ, сол нұсқау тек Қазақстанға ғана берілген нұсқау ма еді? Өзге республика халқы неліктен аз зардап шекті? Әлде бәлен адамды халық жауы деп тапсыру қажет деген жоспар берілді ме? Әрине, олай емес. Көп нәрсе қазекеңнің өзіне де байланысты-ау! Шаш ал десе, бас алып жіберетін мінез қашан тыйылар екен? Жауды жанымыздан, өз қанымыздан іздей беретініміз неліктен деген бір жымысқы сұрақ тілге орала береді.

Бірін-бірі даттауға жомарт қазақ бірін-бірі ақтауға сараң болатыны несі? Сұрақ көп. Бәрі де бәрімізді ойландыратын сұрақтар...




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет