Статистикалық ішінара бақылау әдісі деп жалпы жиынтық бірліктерінен зерттеуге кездейсоқ немесе белгілі бір тәртіппен ғылыми негізде алдын ала іріктеліп алынған кейбір бөліктерін айтады. Ал одан шыққан қорытынды көрсеткіштерді жалпы жиынтық көрсеткіштеріне толығымен таратуға, қолдануға болады. Мысалы, зауыт 1000 дана тетік өндірді. Алайда олардың сапасын анықтау үшін барлығын бірдей тексеріп шығуға ешқандай мүмкіншілік болмайды. Сондықтан оның ішінен белгілі бір блігін ғана тексеріп, соның қорытынды көрсеткіші арқылы барлық өнімдердің қаншасы сапалы, қаншасы сапасыз екендігі туралы деректі мәлімет алуға болады және т.с.с. Егер бақылау қорытындысы барлық жиынтық бірліктеріне таратуға болмайтын болса, онда ол ішінара бақылау тәсіліне жатқызылмайды және оны жай зерттеу деп атайды. Статистикада ішінара бақылауды жүргізгенде екі жиынтық бірліктері – негізгі немесе жалпы және ішінара бақылау – бірге қолданылады. Зерттеуге алынатын қоғамдық құбылыстар, процестер, заттар жиынтықтың барлығын негізгі немесе жалпы жиынтық деп атайды, ал жалпы жиынтықтың ішінен іріктеліп алынған бөлігін ішінара жиынтықтың бірліктері деп атайды.
Ішінара бақылауды жүргізу кезінде мынадай негізгі сипаттамалар мен белгілер қолданылады: N- зерттеуге жататын барлық жиынтық бірліктерінің саны (жалпы жиынтық) n – ішінара бақылауға алынған жиынтық бірліктерінің саны (ішінара жиынтық) - жалпы жиынтықтың орташа шамасы (жалпы орташа) - ішінара жиынтықтың орташа шамасы (ішінара орташа) G 2 – жалпы жиынтықтың шашырандылығы (жалпы шашыранды) G 2 i - ішінара жиынтықтың шашырандылығы (ішінара шашыранды) M – жалпы жиынтықың ішінде өзіне тән белгісі бар бірліктер саны m - ішінара жиынтықтың ішінде өзіне тән белгісі бар бірліктер саны P- жалпы жиынтықың ішінде өзіне тән белгісі бар бірліктер үлесі P = M / N W – ішінара жиынтықтың ішінде өзіне тән белгісі бар бірліктер үлесі W=m/n ∆ - ішінара бақылаудағы қатенің шегі µ- ішінара бақылаудың орташа қатесі F – ықтималдылық t ықтималдылық сенім коэффициенті
Жағдайға байланысты жалпы жиынтықтан ішінара бақылауға алынатын жиынтық бірліктерін іріктеп алу әр түрлі тәсілдермен жүргізіледі. Соның бірі бақылауға іріктеліп алынған жиынтық бірліктерінің зерттеуге екінші рет қатысатындығы немесе қатыспайтындығына байланысты қайта іріктеу және қайталанбайтын іріктеу әдістері болып екіге бөлінеді. Егер жалпы жиынтықтан іріктеліп алынған бірліктер тексеріліп, зерттеуден өткен соң қайтадан жалпы жиынтыққа қосылып, келесі бақылау кезінде екінші рет тексеруге қатысатын болса, онда оны қайта іріктеу деп атаймыз. Бұл әдісте жалпы жиынтық бірліктерінің барлығының бақылауға алыну мүмкіншіліктері бірдей болады. Егер жалпы жиынтықтан бір рет іріктеліп алынған бірліктер тексеріліп, зерттеуден өткен соң қайтадан жалпы жиынтыққа қосылмайтын болса, онда оны қайталанбайтын іріктеу деп атаймыз. Мұнда жаңа бірліктердің бақылауға алынуына сәйкес қалғандарының тексеруге алыну мүмкіншіліктері жоғарылай түседі.
Қайталанбайтын іріктеу әдісіне жаңа бірліктер біртіндеп қосылып отырады, ал қайта іріктеуде сол алынған бірліктер зерттеудің аяғына дейін өзгермейді. Сондықтан қайталанбайтын іріктеу қайта іріктеу әдісіне қарағанда жиі қолданылады және алынған қорытынды көрсеткіштер дәлдікті көрсетеді. Жиынтық бірліктерінен іріктеп алу түрлі жағдайларға байланысты жекелеген, топталған, құрастырылған болып бөлінеді. Жекелеген іріктеуде әрбір бірлік бірінен соң бірі жеке іріктеліп алынады. Топталған іріктеуде зерттеуге алынған топтың барлық бірліктері толығымен алынады. Ал құрастырылғанда жекелеген және топтама әдістердің құрамы бірге алынады. Статистикада жалпы жиынтықтан ішінара бақылау бірліктерін іріктеп алу әр түрлі тәсілдермен жүргізіледі. Соның ішінде ең жиі қолданылатын түрлеріне жататындары мыналар: жай кездейсоқ, механикалық, типтік және сериялы іріктеу. Жай кездейсоқ іріктеу тәсілі деп жалпы жиынтықтың арасынан ішінара бақылауға алынатын бірліктерді кездейсоқ немесе жеребе арқылы іріктеп алуды айтады. Механикалық іріктеу тәсілі. Мұнда жалпы жиынтық бірліктерінен белгілі бір қашықтықта жатқан бөліктері өзіндік тәртіппен іріктеліп алынады.
Типтік іріктеу. Ішінара бақылаудың бұл тәсілінде жалпы жиынтық бірліктері өздеріне тән типтік белгілері бойынша жеке топтарға бөлінеді. Сосын пропорциялық үлес арқылы әр топтан кездейсоқ немесе механикалық тәсілмен зерттелуге жататын бірліктер және іріктеліп алынады. Сериялық іріктеу. Мұнда жалпы жиынтық бірліктерінен іріктеп алу кездейсоқ жеке дара жүргізімей, сериялармен топтармен алынып, әр серия, топ бірліктері жаппай бақылауға толығымен алынады. Ал одан шыққан қорытынды көрсеткіштер жалпы жиынтыққа таратылады. Мұнда қайта немесе қайталанбайтын іріктеу тәсілі қолданылады. Құрама іріктеу. Мұнда жоғарыда көрсетілген іріктеу тәсілдерінің бірнеш түрі қатар қолданылады. Құрама іріктеудің көрсеткіштерін есептеу әр түрлі тәсілмен есептеледі. Осыған орай оның өзі бір сатылы және көп сатылы екіге бөлінеді.
Қате деп нақты факті мен зерттеу көрсткіштерінің арасындағы сәйкессіздікті айырмашылықты айтады. Оның өзі тіркеу қатесі және ішінара бақылауда жіберілетін репрезентативті өкілдікті қате болып екіге бөлінеді. Тіркеу қатесі әлеуметтік экономикалық құбылыстар мен процестерге әсерін тигізетін себептерді дұрыс анықтамау салдарынан туатын қате. Ол жұрыс жазбаудан, бұрмалаушылықтан, қате есептеуден, арнайы мамандығы жоқтығынан, т.б. себептерден туады. Ол жаппай және ішінара бақылау түрлерде де кездесе береді. Репрезентативті қате деп ішінара бақылаудан алынған сипаттамалар ( W ) мен жалпы жиынтық сипаттамалар (P) арасындағы айырмашылықты айтады. Қатенің бұл түрі тіркеу қатесі жіберілмегенде, тек ішінара бақылау жүргізілгенде ғана болады. Егер жалпы жиынтық пен ішінара бақылаудың арасындағы айырмашылық көп болмаса, яғни біріне бірі жақын болатын болса, онда мұндай іріктеу репрезентативті болып саналады. Демек ішінара бақылауда жіберілген қатенің шамасы неғұрлым аз болған сайын, ал жалпы жиынтық көрсеткіштерін дұрыс көрсете алады.
Статистикада репрезентативті қате жүйелі және кездейсоқ болып екіге бөлінеді. Репрезентативті жүйелі қате жалпы жиынтық бірліктерінен кездейсоқ іріктеу принциптері дұрыс жүргізілмеген жағдайда пайда болатын қатені айтады. Репрезентативті кездейсоқ қате деп ішінара бақылау мен жалпы жиынтық көрсеткіштерінің арасындағы кездейсоқ айырмашылықты айтады. Статистикада ішінара іріктеудің орташа қатесін гректің µ әрпімен белгілейді. Және оның шамасы жалпы жиынтықтағы өзгерменің дәрежесі ( G 2 ), ішінара бақылауға алынған бірліктің мөлшеріне ( n ) тығыз байланысты болады.