Жүрек тұсын қарау – ол ең алдымен жүрек ұшы соққысын және паталогиялық пульсацияларды анықтау мақсатында жүргізіледі. Туа біткен немесе жүре пайда болған жүрек ақауларында, кеуде қуысының сол жақ жартысы ісініп кетуі мүмкін (жүрек томпағы).
Жүрек ұшы соққысы–қалыпты жағдайда жүрек ұшының соққысы сол жақта 5-ші қабырға аралықта бұғана орта сызығынан 1-2 см ішке қарай орналасады. Диафрагманың жоғарғы ығысуы кезінде (асцит, метеоризм, жүктілік) ол жоғарыға және солға жылжиды, диафрагманың төмен ығысуы кезінде (өкпе эмфиземасы, астениктерде) – төменге және ішке (оңға) жылжиды. Өкпеқап қуысында қысымның көтерілуі кезінде (экссудативті плеврит, пневмоторакс) жүрек ұшы соққысы қарама-қарсы жаққа қарай жылжиды, ал өкпенің бүрісіп қалуында – патологиялық ошаққа қарай жылжиды.
Митральды қақпақтың жетіспеушілігінде, кардиосклерозда, аорта қақпағының ақауларында,артериалды гипертензияда жүрек ұшы соққысы солға және төменге ығысады. Сонымен бірге туа біткен декстрокардияда жүрек ұшы соққысы оң жақтан анықталатынын есте сақтау қажет.