Үй тапсырмаларының үш деңгейі Бірінші деңгей – міндетті минимум. Тапсырма бәріне түсінікті және барлық оқушының біліміне сай келуі керек.
Үй жұмысының екінші деңгейі– жаттықтырушы. Оны пәнді жақсы білгісі келетін және еш қиындықсыз бағдарламаны игеріп жатқан оқушылар орындайды. Олар бірінші деңгей тапсырмаларынан босатылады.
Үшінші деңгей – шығармашылық тапсырма – сабақ тақырыбына, сыныптың дайындығына және т.б. байланысты орындалады. Оны өз еркімен сұраған оқушылар орындайды, жоғары бағамен және мақтаумен ынталандырылады.
2.3.1. Үй жұмысын ұйымдастыру әдістемесі Мұғалімдердің 80%-ы үй жұмысын сабақтың соңында береді, әйтсе де оны сабақтың басында, ортасында, барысында беруге де болады.
С.А. Пуйман [39] үй жұмысын беруді ұйымдастырудың мына негізгі ережелерін ұсынады:
үй жұмысын беру үшін арнайы уақыт бөлу керек;
үй жұмысын берген кезде бүкіл сыныптың назарын аудару қажет;
үй жұмысы бәріне түсінікті болуы керек;
оқушылар не орындау керектігін ғана емес, қалай орындау керектігін білуі тиіс: оқулықты қалай оқу керек, тапсырманы орындауға қалай кірісу керек және т.б.
Үй жұмысын саралаған жөн. Үлгерімі жақсы оқушылар аса күрделі тапсырмаларды алуы тиіс.
Үй жұмысын жүйелі ұйымдастыру Үй жұмыстарының жүйесін құрған кезде оқушыны өздігінен білім алу тәсілдеріне дағдыландыруды, танымдық әрекетін дамытуды назарға алған жөн.
Практика және көп жылғы зерттеулер көрсеткендей, үлгерімі төмен, тіпті орташа үлгерімді оқушылар үй жұмысын адал орындамайды. Оның бір себебі, үй жұмыстарының сараланбағаны, жіктелмегені болып табылады (көп жағдайда тапсырмалар барлығына ортақ беріледі). Нәтижесінде, оқушы сыныптасынан көшіріп алуды жөн көреді, бұл жағдайда ол асығыстықпен тапсырмалардың орындалу тәсіліне мән бермейді.
Сол себепті, жеке, топтық және жаппай жұмыстан тұратын сараланған тәсіл керек [49]. Ол оқытудың барлық кезеңінде, сабақ үстінде ғана емес, үй жұмысын орындау кезінде де аса қажет.
Сараланған тапсырмаларды мына жағдайларда берген дұрыс:
күрделі ұғымдар кездесетін тақырыптарды өткен кезде;
өтілген тақырыпты жалпылағанда және қорытынды
жұмыстарға дайындық кезінде;
бақылау жұмыстарында жіберілген қатемен жұмыс жасаған кезінде.
Сараланған үй жұмыстарын тапсырған кезде келесіні ескерген жөн:
баланың оқу әрекетіне деген қабілетін (оқу материалын жылдам меңгеруі, ойлау тереңдігін);
өз ойын білдіре алуын;
танымдық белсенділігін (білімге деген қызығушылығын);
жұмыс кезіндегі ұйымшылдығын (бастаған ісін соңына дейін жеткізе алуы).
Балалардың жеке қасиеттеріне байланысты тапсырмалар бір тақырып бойынша және бір мақсатпен құрылғанмен, күрделілік деңгейі әртүрлі болады. Олар үш нұсқалы жеке тапсырмалы карточкаларда жазылады (оқушылар өз еркімен нұсқаны таңдайды немесе мұғалім алдын ала белгілі бір топқа арнайы дайындайды), бірнеше деңгейден құралған жұмыстар да болуы мүмкін, мұндай жағдайда оқушылар танымдық әрекет субъектісіне айналады. Аталмыш тапсырмалар оқушылардың бастамашылдығын (деңгейді таңдау кезінде), білім, ептілік пен дағдыны меңгеруде, ойлау қабілетін, жадысы мен шығармашылығын дамытуда өзіндік жауаптылығын тәрбиелейді.
Үй тапсырмаларында мына тәсілдерді қолдану пайдалы:
пайымдаулар мен жазбаларда қателері бар тапсырмаларды орындау;
заңдылықты айқындайтын тапсырмаларды орындау;
артық немесе жеткіліксіз деректері бар тапсырмаларды орындау;
өзін-өзі бақылаудың алуан түрлі тәсілдері.
Оқушылар жұмысты үнемі логикалық соңына дейін жеткізуге машықтанады, өз білім деңгейлерін тұрақты түрде нығайтады. Күрделілеу нұсқаны орындау әр оқушының мақсатына айналады. Мұндай жұмыстың тәрбиелік мәні бар, әр тапсырманы толыққанды орындауға үйретеді, белсенділікті лайықты деңгейде ұстайды, жауапкершілік пен дербестік сезімін қалыптастырады.
Бірінші деңгейде теорияны өздігінен оқу жорамалданады. Мұндай жағдайда мына жұмыс тәсілдері қолданылуы мүмкін: мәтінді мұқият оқу; оның неше бөлімнен тұратынын анықтау; мәтіннің әрбір бөліміне сұрақтар ойлап тауып, оларға оқулықтан жауап табу; мәтінде талап етілмейтін ақпарат кездессе, сұрақтарды толықтыру; мәтіннің түйінді сөздерін бөліп алу; түйінді сөздерге негізделіп, сөздіктен түсініксіз сөздердің мағыналарын табу; оқулықтан өзін-өзі тексере отырып, мәтінді әңгімелеп беру; түйінді сөздер бойынша сызбажоспар құрып, оның алгоритмін әзірлеу.
Дәстүрлі емес үй жұмыстарының да ұсынылуы ықтимал:
өздігінен терминдер сөздігін құрастыру, оларды тақырып бойынша орналастыру;
мектеп оқулығының анықтамаларын нақтылау;
оқулық мәтінін зерттеу;
тапсырмаларды өздігінен құрастыру.
Үй жұмысын осы тәріздес ұйымдастыру кезінде сөздіктермен, қосымша және анықтамалық әдебиеттермен өздігінен пайдалану дағдысы қалыптасады.
Екінші кезеңде мәселені қалыпсыз тәсілмен шешуге үйрету, жеткіліксіз ақпаратты іздеу және пайдалану, нәтижеге ғана емес, оқу үрдісіне деген қызығушылықты қалыптастыру іске асырылады. Мына тапсырмалардың қолданылуы мүмкін:
көрнекі құралдарды, кестелерді, сызбаларды, алгоритмдерді және тірек конспектілерді әзірлеу;
ережелердің жаңа нұсқаларын, тұжырымдарын әзірлеу;
бақылау және өзін-өзі бақылауға арналған тестілер, тапсырмалар, карточкалар дайындау;
оқу және ғылыми мәтінді редакциялау;
жіберілген қателіктерді түзету;
тақырыптық сабақтарға дайындық: ақпарат, дәйексөздер, сөздіктен мақалалар іздеу.
Өзін-өзі және бірін-бірі бақылауды қалыптастырудың тиімді құралы өзара бақылау болып табылады.
Үшінші кезеңде оқушылардың жеке шығармашылық әлеуетін (орысш. – потенциал) ашуға жағдай жасалады. Ұзақ өздік жұмысын қажет ететін зерттеу әдістері, эвристикалық сипаттағы әдістер, шығармашылық тапсырмалар қолданылады (оқытушылық бағдарламалар, жобалар, рефераттар, басқа да шығармашылық жұмыстар), олар оқушылардың өздігінен жұмыс жасауына, өз ойын білдіре алуына, көптеген қызмет формалары арқылы өзіне деген талаптарды дамытуға мүмкіндік береді. Мысалы:
информатика және мектептегі басқа да сабақтар бойынша педагогикалық бағдарламалық құралдар жасау (оқытушы бағдарламалар, компьютерлік тестілер, презентациялар, Web-сайттар және т.б.);
оқытылатын тақырып бойынша өлеңдер, әңгімелер, ертегілер, шығармалар жазу;
бұқаралық ақпарат құралдары материалдарының (масс-медиа) негізінде тапсырмалар құрастыру;
мектептік ішкі басылымға материалдар даярлау (соның ішінде, мысалы, электронды газет ашу);
информатика кабинетіне арналған материалдар жасау
(плакаттар, қабырға газеттері, көрнекі құралдар және т.б.)