III.Қорытынды
3.1 "Қалдырған ізің мәңгілік…
Есімде тұрар жаңғырып!"
Қорытындылай келгенде, Ахмет Байтұрсыновтың өмірі мен шығармалары, саяси ағартушылық қызметі-ұрпақтар үшін қазыналы мол мұра деуге болады. Кеңес империясы дәуірінде Ахмет есімін атаудың өзін қылмыс саналса, еліміз тәуелсіздік туын тіккеннен кейін халқымыз өзінің ұлы перзентімен қайта табысып отыр. Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған əдебиеттегі елшілдік ұран, «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты – біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын». Бұдан артық айта алмаспыз. Бұл ұрпақ бірінің қадірін бірі біліп, бір-бірін сыйлап, бағалай білген. Бұл – шынайы имани тектіліктің үлгісі екені сөзсіз. А.Байтұрсынұлының жазықсыз жазаға ұшырап, айыпталуына орай қайта құру кезеңіне дейінгі уақытта оның еңбектерін пайдалануға тыйым салынып, ғалымның аты да аталмай, ілуде еске алына қалса, тек мансұқталумен келді. Қайта құру мен жариялылық заманы орнағаннан кейін жүзеге асырылған ақтау шараларына байланысты А.Байтұрсынұлының ғылыми, əдеби мұрасы қайтадан халқының игілігіне айналды.
Тəуелсіздік кездегі əдебиеттану ғылымын Алаш арыстарынан мирас болған осындай ғылыми-теориялық зерттеулерсіз елестету мүмкін емес. «Жазған сөз жаным ашып Алашыма» деген өлеңнің жалғыз тармағына сыйғызылған азаматтық ұран Отан алдындағы адалдықтың жарқын өнегесін көрсеткен Ұлт Ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының қажырлы күрес жəне ғылыми-шығармашылық жолының Темірқазығы болып табылатыны оның кез келген еңбегінен, тіпті сөйлемінен де аңғарылатыны айқын.
Ұлтымыздың көсемі – Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «үйрену һəм үйрету ең басында қиын. Балалар оқудың басында қиналмаса, оқудан тауы шағылмай, көңілі қайтып мұқалмайды, оқуға ықыластанып, оқыған сайын қызығады. Үйретушінің де жігері құм болмайды. Ісі ілгері оңай жылжыған сайын көңілденіп оқытуға жаһады зорайып шабыттанады» [25]. Осы тұрғыдан келгенде, мемлекеттің білім беру тұжырымдамасы міндеттерінің бірі – білім беру жүйесі мен оқытудың сапасын арттыру, сабақтың əдістері мен мазмұнын жетілдіру, методологиялық жағынан дамыту болып табылады. Сондықтан бүгінгі оқу-ағарту саласында жиі айтылып, күн тəртібіне қойылып отырған басты мəселелердің бірі – пəндік материалдарды жаңаша оқыту технологиясы арқылы қалыптастыру.
Қорыта айтқанда, қазақ тіл білімі мен əдебиеттану теориясының негізін салушы, ұлт мектебінің ұлы ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының əліпбиін ұлтымызға жасап кеткен мұра екенін ұмытпай, тілді оқыту əдістемесіне қалдырған еңбектерінің бүгінде маңызды екендігін айта келіп, сол ойды дамыту бағдарында жұмыс жасап, қазақ тілін оқыту жолдарын тереңдету қажет.
Зерттеу жұмысында қазақ ғылыми тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған Ахмет Байтұрсыновтың еңбегінің тек реформатор ретінде ғана емес, ұлттық рухтың ұраншысы ретінде қарастырылып, дала қоңырауы атанған Ыбырай Алтынсаринмен үндестігі зерттелінді, ақын шығармашылығындағы адамзаттық және рухани құндылықтар айқындалып, ақынның рухани мұрасының қазіргі жастар үшін маңыздылығы аталып өтті.
Автор дүниетанымы, əлемді көруі мен идиостилі арқылы өзін көрсетеді. Жоғарыда келтірілген еңбектері арқылы көрінетін əлемнің көркем бейнесі – қабылдаушының санасында пайда болатын əлемнің тілдік бейнесі сияқты əлемнің қайталама бейнесі. Мəңгілік инноватор – Ахмет Байтұрсынұлының ғылым, білім жəне мəдениет салаларында қалдырған бай мұрасы бүкіл елдік руханиятымыздың бір маңызды бөлшегі ретінде мемлекеттік қамқорлыққа алынып, оны игеру, зерттеу жұмыстары шоғырланған бір орталықтан жүргізілсе, ұлтымыздың кешегі де, бүгінгі де, ертеңгі де ұлы ұстазы алдындағы перзенттік парызымыздың ең бір лайықты өтеуі болар еді.
Қазақ ғылымының дамуына зор үлес қосқан ұлағатты ұстаз, қазақ халқының рухани көсемі – А.Байтұрсынұлының қазақ тіл біліміне қатысты теориялық тұжырымдары мен əдістемелік тəжірибесі– жаңа үлгідегі ұлттық мектеп моделін жасауда негізге алынатын жүйе. Инноватор педагог-ғалымның ғылыми-əдістемелік тұжырымдарын зерделеу, ғылыми ізденістерді жалғастыру ұлттық педагогика ғылымының қорын үздіксіз толықтырып, ХХІ ғасырдың терең білімді, бəсекелестік жағдайда рухани өресі биік, азаматтық бет-бейнесі қалыптасқан зияткер тұлғаны тəрбиелеуде маңызды орын алады.
Қазіргі таңда, Қазақстан үкіметінің арнаулы қаулысы бойынша, республикамыздың әр жерлерінде мектептерге, көшелерге, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Тіл білімі институына Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді.
Сондай-ақ Ақынның туған жері Торғай ауданы, Ақкөл ауылында 2009 жылы жаңадан мектеп салынып, Ахмет есімі берілді. 2011 жылы Ақкөл ауылында Ахмет Байтұрсыновтың құрметіне ескеркіш қойылды. Торғай қаласында Ахмет Байтұрсынов атында Мұражай бар. 2012 жылы Арқалық қаласында Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш қойылды. Тәуелсіздік еркіндігі үшін жан аямай күрескен ұлы азамат Ахмет есімі мәңгі біздің жадымызда сақталады.
Білім саласына қосқан үлесі әлі күнге дейін баға жетпес рухани байлық десек, білім саласына жазып қалдырған оқулықтары еліміздің алтын қорына енген теңдессіз басылымдар санатында.Ұлы ұстаз Ахмет Байтұсынұлының қалдырған туындылары әлі де жүздеген жылдарға мұра болып қалып,білім саласына өз үлесін қоса бермек. Ұлттың ғылым-білімге көзін ашқан данасы, рухани тұлға тұтып ұлықтар ұлт ұстазы – Ахметі бар қазақ жұрты қандай бақытты!
Достарыңызбен бөлісу: |