ЈҐЖ 091 (574) (09) Ќолжазба ќўќында



бет17/26
Дата06.02.2022
өлшемі436 Kb.
#74897
түріДиссертация
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   26
Байланысты:
00000006-20 7
Знатоки физики 8 класс,2017г. ТЕПЛОТА, esse jankovskaya
Қорытынды бөлімінде төмендегідей тұжырымдар жасалған:
1) Шежірелік дәстүр аға буын ұрпақ тарапынан әңгімелеуімен, қарияның айтуыменен жалғасады. Олар, әрине, өзінің жеке, әрі бұрынғы ұрпақтардың маңызды тәжірибесін сақтаған субъектілер. Шежірелік қария санасы тарихи жады арқылы есте сақтаушы басқа субъектілердің айтып сақтаған мәдени қағидаларын, адамның өмірлік тарихи тәжирибе-білімін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған. Шежірелік қасиеттің өзі қария жадында сақталған тарихи білім-тәжірибе деректерін ауызекі күйінде беруде жатыр. Шежіреші сақтаған мәліметтің бұқара халық ортасында таралуы үрдісін байқаған соң, сол тарихи ақпараттың өзіндік қызметі тарихи, танымдық, идеологиялық, болжамдық сипатта болғандығы анық көзге түседі.
2) Шежірелердің жыр, өлең, айтыс, кесте қалыптары, шежірелік әңгімелер, дастандар және сол сияқты сөз нұсқалар, тәмсілдер, «деген екен...» дегендей барлық үлгі-нұсқалар шежірелердің формалары ретінде кездесетін шежірелік мәтіндерден айқындалды. Мұны таспаға жазылған үлгілерінен де көріп, оқылуы мен түсіндірме тәжірибелерін де сараладық. Шежірелер – ауызсөз бен әуен мәдениеті барлық үлгілерін қамтыған адамның интеллект, ес-зерде өнімі, ой-сана қызметі мен әрекеттерінің жемісі екенін ескеру керек. Шежіредегі адамдардың қауымдасуы туралы мәліметтер қоғами-мәдени құбылыстары туралы баяндайтын жиынтық тарих. Мұнда ертегілер, қария сөз (жеке дәстүр ретінде), шежіредегі ұрпақтар буыны мен атақты тұлғалар есімдерін тізімдеп баяндау, бейнесін аңызға айналдыру, атын ұран ету, тарихын, ерлігін жырлау, немесе тәмсіл сөзге айналдыру, батырлығын, өлеңмен әуендету, дастан мен айтысқа қосу, ән мен күйдің ерекше сарынымен баяндау ("Қорқыт", "Ақсақ құлан" т.б.), толғауға салу амалымен тарихи өмір және тұрмыс шындығы туралы ой түю, тасқа таңбалау, бәдізге айналдыру және басқа да жәдігерлеу амалдарымен тарихтың керекті ақпаратын сақтап отыру арқылы, халықты есеңгіретпей, есінен айырмауды мұрат тұтқан нұсқалар бар.
3) Шежіре көшпелілердің мәдениетіне тән түрде жалғасын тапқан ауызша (жазбаша) тарихи дәстүр, қазақ халқы тарихының аса маңызды тарихи дерек көзі. Шежіре деректері дәстүрлі мал кәсібін дамытып, көшпелі тұрмыс құрған қазақтың әлеуметтік-мәдени өміріндегі күнделікті экономикалық, діни, саяси іс-қималдарын, тұрмыс жайын, шығармашылық қабілеттері мен отбасылық салтын мейілінше дұрыс, ғылыми объективті түсінуге қызмет етеді. Шежірелердің мазмұны әртүрлі замандардан сақталған хикая, әңгімелер мен генеалогиялардан құралады. Халықтың өткен тарихи өмірі ауызекі дәстүрдің сан-салалы жанрлар жүйесінде толық көрініс табады: тарихи аңыздар мен өлеңдерде; батырлық жырларда, ертегілерде, ескі сөз бен қария сөзде де. Баяндаулардың негізінде рулық жүйені генеалогиялық ретпен ұқтырылатын социум конструкциясы түсіндіріледі, өйткені шежіре – біріншіден, тарихи тәжірибені жалғастырушы құрал; екіншіден, келесі ұрпақтарға жалғасатын білім жиынтығының түп қазығы; үшіншіден, әлеуметтік шындық туралы генеалогиялық құрылым; төртіншіден, ата мұрасы. Шежіре құбылысы өз бойында «рулық құрылымдар», «ата-тек», «генеалогия», «насабнама» мағыналарын сақтағанымен, оның іргелі ұғымдық мәні «жады» сөзінен туындаған. Кең байтақ қазақ жерінің түпкір-түпкірінде әртүрлі уақыттарда өткен атақты адамдары, рулардың қасиет тұтқан, бойына құт дарыған тарихи тұлғалары (әулиелері, дәулет біткен берекелі байлары, аузы дуалы қадірлі ақсақалдары, аты ұранға айналған батырлары, тілге шешен дана билері) туралы тарихи деректерді тек осы шежіре мәліметтеріне сүйеніп жазуға болады.
4) Шежіре сақтаған генеалогиялық мұра – қалыптасқан әлеуметтік әлем моделін келесі ұрпаққа жалғастырады. Қазақтың көшпелі шарушылығы мен қоғам құндылықтарын сақтаған, тасымалдаған дерек айналымындағы шежірелік мәліметтер бірнеше қайнаркөзден құралады: а) дәстүрлер, мәдени жиынтықтар, ә) наным-сенім түсініктері, б) діни хикая, рауаяттар. Шежірелер – дәстүрлі қоғам мұрағаты. Өзінің этникалық менталитет белгілері мен наным-сенім, ырым, космологиялық түсініктерін сақтау жағынан архаикалық қасиеттері артық; түркі ортасында, әсіресе қазақ халқында, генеалогиялық білімнің жүйесі аруақты құрметтеу, мифология, тарихи білім мен тұрмыс тәжірибесі, ұлттық салт-дәстүр, әдеп, әдет, сондай-ақ қожалар дәріптеген сахабалар рауаяттары мен мұсылмандық мифология да біте қайнасқан.
Шежірелік мәліметте бүгінгі күні өмір шындығына сәйкеспейтін жоралғылар, қазіргі өмірде сақталмаған, я мәнісі түгелдей өзгеріп сақталған дәстүрлі қоғам қатынас үлгілері мол айтылады. Шежірелік мәтін осындай элементтерді неғұрлым көбірек сақтаса, соғұрлым ескілікті дерек көзі екенін байқатады. Шежіреде рулар, бау, сан, тайпа, арыс сияқты т.б. саяси, әскери, мәдени, дүниетанымдық, діни, шаруашылық, тұрмыстық, әсіресе, отбасы, неке, туыстық туралы түрік-моңғол, ескі қазақ жұртындағы әртүрлі құрылымдардың жиынтық жүйелері мен олардың өзара қатынастарының жан-жақты әрі күрделі сипаты туралы баяндайтын деректер сақталған.
5) Шежіре мәліметтері адамдар арасындағы түрлі қоғами қатынастардың деректерін сақтайды, оның адамның ой-санасы, ойлау тәсілі мен өмір сүру, өмір тәртібін ұйымдастыру әрекеттері туралы айтады. Шежірелер – тарихи оқиғалар орын алған географиялық кеңістік, оның қасиеттері туралы мәліметтерді сақтайды: ескі қазақ жұрты, қоршаған ортада шындығында бар немесе ой қиялынан туындаған қасиетті жер, құтты қоныс, ата-баба жүрген ыстық мекені, әулиелер өткен киелі топырақ туралы баяндайды. Шежірелердегі ақсүйек және тегі асыл әулеттері туралы мәліметтер: төре-сұлтандар мен қожа-сейіттердің ата-тегі, асыл қасиеті, құқы мен жолы, билік жүргізген дәуірі, сол туралы артынан қалған халық естелігін баяндайтын шежірелік деректерді құрайды. Өз тегін ақсүйек етіп жариялаған діни және төрелік аристократия әулеттері шежірелік генеалогия маңыздылығын саяси-құқықтық институт дәрежесіне әбден көтерген. Ондай генеалогиялық білімнің өзі көбінесе халықтың белгілі бір әлеуметтік топтарына пайдасы артығырақ тиген.
Шежірелер – осындай барлық адамдық, қоғамдық, елдік, жұрттық категорияларды тұтастырып қазіргі ұрпақ санасындағы жекетұлғалы өмірбаян өркенін жалпыұлттық бірқайнасқан өмірбаянға айналдыратын тарихи уақыт пен замандар түсінікті қалыптастыру мақсатында баяндайтын шежірелік мәліметтерді құрайды. Осы жайттар шежірелердің үрдіс әрі дәстүр ретіндегі феномендік құбылыстың жалпы мәселелерін қамтиды. Шежірелер көбінесе объективті әлеуметтік шындық ортасында айтылған ауызекі әңгімелерден құралғандықтан, көшпелі тұрмысты сипаттауда оның шаруашылық, ихсаттық жай-күйін баяндайтын дерек ретіндегі тарихи шындықты жеткізушілік маңызы мол. Тарих, этногенез зерттеу үшін эпостар мен ғұрыптық фольклор деректері аса пайдалы. Олар иран және түркі халықтарының арасындағы көне және кейінгі дәуірлердегі этникалық байланыстарды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл деректер жеткілікті қолданылмай келеді. Тіпті аз қолданылуда. "Көроғлы", "Қорқыт ата" және тағы басқа да жәдігерлік эпикалық туындылар тарихи шындыққа сәйкес келетін дәстүрлі тұрмыс жайын жақсы көрсетеді. Эпос кейіпкерлері тарихи жағынан да шындығында өмірде рас болған тұлғалар.
6) Шежіре деректеріндегі айқын айтылған мағлұматтарды талдаудан гөрі жанама, баяндауды мақсат етпеген латентті ақпараттарды айналымға алу объективтілік талаптар тұрғысынан тиімдірек. Табиғаты "жасырын" деректер тарихи деректердің барлық топтарында болғанымен, бұқаралық деректерде олар көбірек болады. Шежірелік деректердің мазмұнында "жасырын" деректер жан-жақты қоғамдық қатынастар жайлы сыр шертеді. Шежірелерде әңгімеленетін тұлғалардың әрекеттерінің тарихи-психологиялық моделін құрастыруда зерттеушіге осындай «жасырын» деректер қажет болады. Осы жайды жақсы аңғартатын нұсқаны М.Ж. Көпейұлы шежірелерінен кездестіреміз.
7) Ескі заманның тарихи жағдайлары, болып өткен оқиғалары, уақыт пен кеңістік түсініктері ең алдымен генеалогиялық білім жүйесіне тіркеледі. Білім – таным-тәрбие, тәжірибе, ағартушылық үшін; алдағыны көру жорамалдау-жоспарлау; құндылықтарды таныту, дүниетаным, көзқарас қалыптастыру мақсаттарына жұмсау үшін керек. Ескі қазақ жұртында генеалогиялық білім жүйесі ерте дәстүрлерге сай аруаққа құрмет ету мәніне, ал ата-баба жалғастығын реттейтін тізімдер мен генеалогия деректері – уақыт межелеу қасиетіне ие болған. Шежіре тарихи санада уақыт әрі кеңістік категория қызметтерін бірге атқарған, тарихи уақыт сипатын өзінше білдіретін генеалогиялық таным әрі өлшем. Барлық маңызды әлеуметтік деректер көшпелілер қоғамының жалпылама ортақ генеалогиялық конструкциясына орайлас, сол жүйенің жігіне тығыз байланыстырылған. Сондықтан генеалогиялық білім үнемі қозғалыс үстіндегі үрдіс.
8) Кез келген құбылысқа тән кемшіліктер шежіре дәстүрі тудырған мәліметтерде де сақталады. Шежіре құбылыстарына тиянақты зер салу арқылы бұл дерек түріне тән артық-кем сипат белгілерін былай топшылауға болады: а) шежірелердің субъективті қасиеттерінің табиғаты – шежірелік дерек ауызекі тарихи дәстүр және біраз уақыт өткеннен соң жатталған сөз болғандықтан туындайды; ә) шежірелерде әртүрлі деректік өзгертулер орын алған; б) шежірелерде шартты түрде автор болжамдары мен автордың жеке көзқарасы орын табады; в) субъективтілік шежірелердегі әңгімелерді есте сақтау шараларына тәуелділіктен туындайды. Шежіренің бұдан да мол субъективті белгілері диссертацияда көрсетілген. Кейбір шежірелік топтамалардың субъективті сипаты тіпті басым келеді.
9) Шежірелерге деген қазіргі қазақтың талпынысы, оны итермелейтін ішкі күші – тұлғалық сана. Қазіргі заманның адамдары да дәл бұрыңғыдай тарихи білімге құштар. Өйткені тарихи білім қоғамдық сананың негізгі құраушы компоненті. Қоғамдық санада үзіліссіз жалғасатын кез-келген білімнің түрі ең алдымен тарихи білім жүйесіне байланады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет