ЈҐЖ 091 (574) (09) Ќолжазба ќўќында


Қожа шежірелері және мұсылмандық тарихнама



бет15/26
Дата06.02.2022
өлшемі436 Kb.
#74897
түріДиссертация
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   26
Байланысты:
00000006-20 7

«Қожа шежірелері және мұсылмандық тарихнама» атты екінші тараушада шежірелік мәліметтердегі қазақ құрамындағы араб-парсы жұртынан келіп қосылған субэтникалық топтар туралы баяндаулар қарастырылған. Қожалар өзінің тегі туралы жазбаларды сақтаған. Оларды шежіре, көбінесе, насаб деп атаған. «Каждый род сейидов и ходжей имел свою родословную – шаджара, подтверждающую его происхождение от пророка и его сподвижников. Большинство этих родословных были поддельными и значительно более поздними по времени» - деп, Б. Кармышева жазады [44, 152 б.]. Қазақ шежірелері де қожалар туралы тарихи мәліметтерді молынан сақтайды. «Жанарыстың бәйбішесінен туған төрт қожаның бірі Қарақожа. Онан арғын дедік» - деп шежіре мәлімдейді [21]. Қожа ұғымына байланысты көптеген тарихи деректер келтірілсе де, оның тарихи мән-мағынасы жағы талданғаны аз. Жандарбек З. қазақ шежіре деректеріне сүйене отырып, XIV ғ. үш жүздің қалыптасу тарихында қожалар шайхыларының ықпалы туралы айтады [45]. Кейінгі тарихта қожа тұқымдары қазақ руларына да араласа түскен. Шежіре деректерінде 17 қожаның аты қазақтың Орта жүз және Кіші жүз руларының көсемі ретінде көрсетіледі. Нақты: «Қыдырқожа байдан Шеркеш, Ысық, Байбақты, Масқар, Алаша, Таңа, Қызылқұрт, Есентемір, Беріш, Таз, Адай, Жаппас» - дейді шежіре дерегі [46]. Қожалардың генеалогиялық реті туралы қазақ шежірелері мол мәлімет береді. Қожа ортасынан шыққан әйгілі тарихи тұлғалардың деректерінен шежіреде ең алдымен Арыстанбаб пен Қожа Ахмет Йасауи есімдері әйгілі. Қазақ ортасындағы ислам дінінің рухани қазығы болғанын Әзірет Сұлтан айналасында қазақтың қалың қорымы дәлелдейді. Атақты адамдардың көбі, оның ішінде батырлар, билер, хандар мен сұлтандар ұрпақтарына өзін Әзірет Сұлтанға жерлеуді аманат еткенін шежірелер мәлімдейді.
«Қазақ шежірелеріндегі генеалогиялық деректердің ерекшеліктері» атты екінші тарауы үш тараушадан құралған. Бірінші тараушада «Қазақ рулары, ата тегін тарату туралы деректер» қарастырылады. Қазақтың дәстүрлі қоғамдық санасында тарихи білім өзінің ата-тегі, ата-бабалары, ру-тайпаның қалыптасуы мен ру ішінен шыққан әйгілі адамдар және олардың тәлімді іс-әрекеттері туралы жиналып сақталған біліммен тығыз байланысты болған. Генеалогиялық білім жүйесі көшпелілердің дәстүрлі қоғамдық санасының іргетасы, ең негізгі білімді реттейтін ментальдік құрал. Барлық тарихи білім мұралары халықтың генеалогиялық білім жүйесі негізінде жинақталған. Дәстүрлі қоғамда өз заманын тану амалдары тек қана өткен дәуірлердің жолын түсініп-білу арқылы жүзеге асқан. Шежіре зерттеу тәжірибесі сайып келгенде қазақ жүздерінің рулық негізі мен әлеуметтік байланыстарын нақты көрсетеді.
Қазақтың дәстүрлі шежірелік санасында әлеуметтік кеңістік үш түрлі негізгі сегменттен құралған: өз жұрты, нағашы жұрт, қайын жұрт. Осыған орай шежіре мәліметтері ішкі мәні жағынан рулардың өзара үшжұрттық қатынастарын қамтиды. Шежірелердің руларға қатысты деректері ең алдымен руаралық үш жұртты әлеуметтік байланыстыру ретімен сәйкес келеді. Үш жүздің қалыптасуы шежірелерде әрдайым үш түрлі негізгі ру атымен байланысты: Үйсін, Арғын және Алшын. Генеалогиялық жүйе бойымен былай айтылады: «Қазақтың төрт баласы болғанын айтып өткенбіз. Оның үлкен баласы Көзелдің тұқымынан дерек жоқ. Қазақтың екінші баласы Ақарыстан, оның тұқымы Ұлы жүз Үйсін, Үшінші баласы Бекарыс, Орта жүз арғын, найман, төртінші баласы Жанарыс, Кіші жүз Алшын» [46] // «Ата тарихы. Қазақтан үш бала: Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Ақарыстан сегіз бала: Ботпай, Шымыр, Сиқым, Жаныс, Қаңлы, Манас, Ошақты, Жалайыр. Жанарыстан алты бала: Қарақожа, Дарақожа, Аққожа, Ақтанқожа, Есімқожа, Қасымқожа: Қарақожадан – арғын; Дарақожадан – найман; Аққожадан – уақ; Ақтанқожадан – тарақты; Есімқожадан – қыпшақ; Қасымқожадан – керей. Бекарыстан үш бала: Қадырсиық, Солтансиық, Бақтысиық» [21]. Шежірелерде Кіші жүзді "жиырма бес таңбалы Алшын" деп атағаны, Кіші жүз құрамы жиырма бес рудан құралғанын көрсетеді. Әр жүздің ішінде озық рулары болған. Оларға шежірелерде халықтың тарихи санасы тарапынан баға берілген.
Қазақ рулары әртүрлі тарихи жағдайларда өз ретімен түзілсе де, шежірелерде олардың барлығы бір атаның баласы ретінде суреттеледі. Бірақ кейбір шежірелерде олардың бір жүз құрамынан басқа жүздің құрамына, тіпті алты алаш түріктен келіп қосылған тұстары туралы айтатын бейнелі мәліметтер көп. Жалпы, генеалогиялық білімге тән өз заңдылықтары бар. Осыған сәйкес: а) ата-тек тарату жүйесінде біршама буын есімдері ұмытылып төтелеп түседі, арада талай ұрпақ есімі аталмай қалады; ә) жалған генеалогиялық кестелер де жасалатын болған; б) кейде жеті ата басында тұрған адамның есімі сақталып, қалған буын сақталмайды. Бұл заңдылық ойға алынған саналы түрде де, сана түбінде сақталып ойға түспеген түрде де қалыптасады. Сондықтан, 1) саналы түрде болса, шежіре – ата-текті айтушы кейде көп әйелді адамның бірінен болса, арғыдағы күндес аналардың ұрпағын айтпай, атамай бүгіп қалады. Тоқалдан туғандарды қалдырған; 2) ортадағы бір атадан күмәнді жағдайда тараған болса оны да біле тұра жасырады. Сондықтан жеті ата жібінің арасында үзік-кетік қалады, тағы сол сияқты себептерден шығады; 3) санаға салынбай айтқанда бәлендей рудың сондай атасынанбыз деп, асығыстықпен, иә сөз қысқарту үшін жетінші атасын ғана айтады. Сондай-ақ, қазақ шежірелеріндегі деректерінде субъективті тұстары мен кемшіліктері және шектеулері: а) кісі аттарында дәлсіздіктер; ә) жалқы есім мен жалпы есімнің шатастырылуы; б) этносқа тән генеалогиялық өріс пен сатылап даму арасындағы сәйкестіліктің сақталмауы; в) этностық топтардың даму деңгейлері мен уақыт кеңістігінің арасыңдағы сәйкессіздік (анохранизм); г) шежіре жүйесіндегі сатылы дамудағы бірізділік сақталмауы; д) қазақ ру-тайпаларының геосаяси, геоэкономиялық, табиғи-географиялық кеңістіктердегі әкімшілік-территориялық ресми құрылымдардың (мемлекет, хандық, қағандық, ұлыс, ру-тайпа бірлестігі, одағы, ел, дуан т. б.) генеалогиялық даму өрісімен сәйкессіздігі; е) этникалық топтардың ел ішінде қалыптасқан дәстүрлі сипаттары мен олардың шежіре баянында атқаратын қызметін елемеу; ж) шежірелердегі ата-баба, есімдері мен олардың ру-тайпаларына тән ұран, таңба атауларының шатастырылуы т. б. [43, 388 б.].
Сонымен біздің зерттеулеріміз мынадай тұжырымдарға әкелді: 1) шежіре деректері нақты қалыптасқан генеалогиялық дәстүр белгілерін көрсетеді; 2) генеалогиялық дәстүр ауызша және жазбаша дайындалған екі формасы болған; 3) шежіре белгілі бір жасаушы субъект тарапынан түзілген; 4) шежірелік генеалогия мамзұнында ақиқатты, кейде ойдан құрастырылған элементтер қатар сақталған; 5) шежіредегі тарихи генеалогияндың жасалу принциптері әлем халықтарының дәстүріне ұқсас; 6) қазақтың рулары мен тайпаларының құрылымдары белгілі дәрежеде дәстүрлі қоғамның әлеуметтік-саяси моделі іспетті болған. Осыған орай қазақ генеалогияларының деректері әлеуметтік байланыстардың терең сырын түсініп, шындығында қазақтың тарихи этникалық тұтастығын анықтауға негіз болады. Қазақ халқы ұлт (ұлыс, халық, мемлекет, хандықтар) болып, қазіргі қазақ халқын құрап тұрған үш жүз ішіндегі барлық ру-тайпалардың өзара бір атадан, руға, тайпаға, жүз-ұлысқа бірігіп, одақтасып, өзара ынтымақтылықпен (құдандалы, жекжат, сарысүйек т.т. болып) бейбіт түрде ұйымдасып тұтас ел, ұлт, хандық құрды, шежіре деректері нақты айғақтайды.
«Шежірелердегі әйел заты туралы деректер» атты екінші тараушада ана тегі мәліметтері айтылады. Әлем халықтары өз тегін бірі – ата, бірі – ана жағынан артық айтып өрбітеді. Кейбір халықтарда генеалогиялық білім негізінен тек ана тегі туралы генеалогиялық білімді дамыта білген. Мұсылмандық жұртта ата текті өрбітуді баса айту жағы артығымен байқалады. Шежіре деректері көбінесе ата тегін өрбітуде. Қазақта шежірелер ата тегі туралы білімге сүйенеді, негізгі геналогиялық мазмұны ру-тайпалар көсемдері, рубасы есімдері аталады. Бұл жағдай әлеуметтік қатынас институттарының патриархалдық дамуымен түсініледі. Әйткенмен, әйел адамдардың да есімдері туралы мәліметтер шежіреде аз емес. Түркі дәуірінен сақталған тас мүсін ескерткіштерінің өзінде де ер мен әйел адам қатар бейнеленген. Шежіре мәліметтері бойынша есімі белгілі әйел заттылар тарихта ақыл, ісімен әйгілі болған адамдар. "Алып туса, анадан туады" деген даналыққа сәйкес, үлкен рулардың өзі әйел тұлғалардан туып, өніп-өсіп өрбіген. Шежірелерден терілген осы мәліметтер көбінесе бұл мәселенің мән-жайын түсініп қанық болуға пайдалы.
Кейбір қария сөздерде ана жұрты, нағашылар кім болғандығы жайлы жиі айтылады. Шыңғыс ханның арғы анасы Алан һуа әйгілі болса, түркі шежірелерінде Бердахтың шежіресінде Ақшолпан ананың есімі айтылады. Кейбір қазақ руларының аты ана есімінен, немесе ана есімі ұранға айналғаны да болған. Қазақ халқы "Ер жерді сақтайды, қыз ұлтты сақтайды" деген берік ұғымды ұранмен ұғындыра білген. Қытай жылнамалары түркілер тарихын баяндауда әуелі ана тегі жағынан сөйлейді ... қағанның жұбайы катун/қатын аталған [48, 198-199 б.]. Қазақ ұлтының адамдары "біз қарға тамырлы қазақпыз" (бұл жерде "қарға" сөзі құс мағынасында емес, тамыры терең әрі жан-жақты жайлып өсетін өсімдік атын білдіреді – М.А.), "құдандалы сары сүйекпіз", "құда – мың жылдық, күйеу – жүз жылдық" деп сөйлейді. Осы нақылдар қазақтағы әйел затының орнын көрсетіп тұр. Осы күнге дейін қазақта "Ұл – қорғаның, қыз өсірсең – өрісің" ("Қыз – өрісің, ұл – қонысың"), "Астың дәмін келтірген тұздан айналайын, елдің арасын қосқан қыздан айналайын" деген нақылдар бар. Ерте уақытта билеуші әулеттердің өзара қарым-қатынастары қыз алысу жолымен ретелгенін шежірелік мәліметтер көрсетеді. «Қыз беріп, қыз алып, ілік-жілік, құда тамыр болып татуласып отырған... қырғыз ханы қызы Тұмарды Әбілпейізге беріп, сүйек болып бітісіп, тыныштық орнаған кез екен» - дейді шежіре деректері [49]. Қазақ-қалмақ жәугершілік заманында да қалмақ тарапынан бейбіт келісімнің бекіту шарты есебінде қыз беріліп, саяси байланыстарды құдандалық, туыстық арнаға салуға бет бұрған жақтары болған. Осылайша, қазақ шежірелерінде көбінесе әйел заты қазақ ру-тайпаларын бірлестіруде, ұлтты құрауда консолидациялық қызмет атқарғаны айтылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   26




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет