Тек іс-қимыл арқылы тілді түсіндіру әдісі. Бұл іс шара көбінесе бастауыш сыныпта қолданылады. Бұл жастағы бүлдіршіндер шет тілінде көп сөздерді білмегендіктен көп сөйлей алмайды, бірақ айтқанды түсінеді. Зор ынтамен айтқанды орындайды. Мысалы: отыр, тұр, жүр, жүгір, ән айт, ұйықта, тақтаға бар, орныңа отыр, мұныңды көрсет, аузыңды аш, көзіңді жұм деген сияқты оңай жаттығулардан бастап жасауға болады. Бара келе көк көйлекті қыздың қасына емес сары шашты қыздың қасына тұр деген сиқты күрделі сөз шумақтарына көшуге болады. Әрқашан оңай жаттығулардан бастап, күрделірек тапсырмаларға көшіп отыру керек.
Мұндай жаттығуларды алдымен ұстаздың өзі айтып, әрі көрсетіп, оқушылар есіне сақтап, түсінгенше бірнеше рет қайталауы керек. Тыңда және орында, тыңда және жауап бер деген сияқты жаттығулар осы санатқа жатады.
Алдымен жұпта жұмыс жасаған дұрыс. Ұстазбен бірге бір оқушы көрсетеді, қалғандары қарап тыңдап отырады. Содан кейін ұстаздың айтқанын қайталап, әр жұп тапсырманы өздері орындайды. Содан кейін бір оқушы ұстаздың ролін атқарып, топпен жұмыс жасайды. Ұстаздың ролін атқару ұнағандықтан қызығушылық артады.