13-лекция. Тақырыбы:Толықтауыш
Жоспар:
1. Толықтауыш. Толықтауыш болатын сөз таптары
2. Тура толықтауыш
3. Жанама толықтауыш, мағыналары
4. Дара, күрделі, үйірлі толықтауыштар
Тұрлаусыз мүшелердің ішінде сөйлемнің семантика - грамматикалық құрылымында бас мүшелерден кейінгі орынды толықтауыш мүше иеленеді. Себебі ол субъекті ( бастауыш) қимылының жүзеге асуына себепші, оның әсеріне, ықпалына ұшырайтын, соған жанама да, тікелей де қатысты болып, субъект әрекетін толықтырып, нақтылай түсетін объектіні ( затты, кісіні, сол мағынадағы басқа да сөздерді) білдіреді. Мысалы: Құлыншақ Абайға қарай түсіп, үлкен сары шақшасын тырнағымен сыртылдата қағып отырып, бір кезде көк бұйра насыбайын екі танауына құшырлана тартып қойды ( Әуезов).
Меңгеруші (баяндауыш) сөз бен толықтауыштар арасындағы мағыналық қатынас басқа тұрлаусыз мүшелер тіркесіне қарағанда біршама тығызырақ болады. Өйткені меңгеруші яки баяндауыш сөздің сөйлемдегі семантикалық мағынасы толықтауыш арқылы ғана толық ашылып, өзінің бар мүмкіндігімен айқын көрінеді. Толықтауыш пен меңгеретін сөздің арасында тығыз мағыналық байланыс болу себепті, толықтауыш іс-әрекеттің тікелей объектісі ғана емес, оның мағынасын түсіндіруші, саралаушы, нақтылаушы да болып табылады. Толықтауыштың бұл қызметтері сөйлемде арнаулы тұлғалар арқылы көрініп отырады. Толықтауыштар тура және жанама болып бөлінеді. Бұл баяндауыш қызметіндегі етістіктің семантикалық сипатына сай қай септіктегі сөзді меңгере алуына байланысты айқындалады. Сонымен бірге, толықтауыштар құрамы жағынан дара да, күрделі де болып келеді.
Мағыналық жағынан етістіктің сабақты түрінен болған іс-әрекетке тікелей байланысты болып, сонымен ғана бір тіркес құрайтын заттық - объектілік қатынастағы толықтауыш түрін тура толықтауыш деп атайды. Тура толықтауыш табыс септігінің сұрағына жауап береді.
Басқа түркі тілдеріндегі тәрізді қазақ тіл біліміндегі тура толықтауыштар меңгерілетін сөзбен табыс септігінің ашық және жасырын тұлғасы арқылы байланысады. Аспандағы әрбір жұлдызды есепке алды. Айгүл жақында ғана ауылдағы ағасынан хат алған ( М.Мағауин).
Объектілік мағынасы өзінен-өзі айқын, яғни тарихи жағынан ертеден белгілі бір іс-әрекет, қимыл-қозғалысқа ұшырауға бейім болып қалыптасқан, ұзақ дәуір айтылу барысында арнаулы екпінді қажет етпей-ақ түсінікті болатындай дәрежеге жеткен сөздер тура толықтауыш қызметінде жалғаусыз боп қолданылады. Ал жалғаулы болып қолданылатын тура толықтауыштар, көбіне, басқа қызметте жұмсалуға бейім, бірақ әр түрлі себептермен
( лексикалық, грмматикалық, семантикалық) объектілік қызметке ауысқан сөздер. Бұдан шығатын қорытынды- тура толықтауыштың жалғаусыз болуы- алғашқы сөздердің өте ерте дәуірде ешбір жалғаусыз, түбір күйінде келіп тіркескенін ғалымдар жоққа шығармайды, ал жалғаулы түрі- кейін пайда болған құбылыстар. Болат пен кірпіштерді өріп қалап, төбесі айнамен шатырланбақ (Д.Әбілев).
Өзін меңгеретін сөздермен (сөйлем мүшелерімен) атау, ілік және табыс септігінен басқа септік жалғаулары арқылы байланысып, сөйлемді мағыналық-мазмұндық жағынан қосымша, жанамалай толықтырып тұратын толықтауыш түрін жанама толықтауыш деп атайды. Жанама толықтауыштар өзін меңгеретін мүшелермен біршама еркін байланыста болады. Бұл да толықтыратын сөздің лексика-грамматикалық сипатына байланысты болады. Жанама толықтауыштардың мәндері олардың грамматикалық тұлғаларына сай алуан түрлі болып келеді.
Зат есімдер мен заттанып солардың орнына қолданылған сөздер барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерінде тұрып, салт және сабақты етістіктерге меңгеріліп жанама толықтауыш қызметін атқарады. Қазіргі оқығаннан сіз ойлаған адамды таппадым ( М.Әуезов).
Жанам толықтауыштар әр түрлі септік жалғауда, әр түрлі тіркестер құрамында айтылатындықтан, олардың мағыналары да әр алуан болады.
1. Зат есімдер мен заттанған басқа да сөз таптары барыс септік жалғауында келіп іс-әрекеттің жанама объектісін білдірумен бірге оның орны болатын немесе барып тірелер затын білдіреді. Абай әңгіме айтуға бір түрлі шешен, шебер болып барады ( М.Әуезов).
2. Жатыс септік жалғаулы жанама толықтауыштар зат есім және заттанған басқа сөз таптарынан жасала отырып, көбінесе, іс-қимыл таралған объектіні зат, құбылыстың орны болған объектіні білдіреді де, негізінен статистикалық жай-күйді білдіретін етістіктерге меңгеріледі. Оның әрекетінде байыпты іскерлік, тиянақты тындырымдылық жоқ (Т.Ахтанов). Жадымызда жаңғырығы қалған зұлмат жылдардың бетін енді аулақ қылғай ( Сыр бойы газеті).
3. Шығыс септік жалғаулы жанама толықтауыштар, көбінесе, кісінің күйін, сезімін білдіретін, кеңістік заттық мәнге байланысты қолданылатын етістіктерге меңгеріледі. Шығыс септік жалғаулы жанама толықтауыштарды салт етістіктер де, сабақты етістіктер де меңгере беретін болғандықтан, олардың мағыналық аясы да қолданылу шеңбері де кең болады.
а) Заттың себеп-салдарын білдіреді: Жабай өзінің білместігінен ұялыңқырап қалды ( Ғ.Мүсірепов).
ә) Заттың тегін, неден жасалғанын білдіреді: Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызды (Ы.Алтынсарин).
б) Заттың, құбылыстың салыстырмалы ерекшелігін білдіреді: Мұндай кезде Барлас Абайға күндізгі Барластан тіпті басқа боп көрінеді ( М.Әуезов).
в) Іс-әрекеттің шығар арнасы болған объектіні білдіреді: Игіліктің шойындай күрең қошқыл бетінен ешнәрсенің белгісі байқалмайды (Ғ.Мүсірепов).
г) Іс-қимылдың өзгеруінің белгісін білдіреді: Еш нәрсе демесе де, жолдасымның осы қарасынан жүрегім лоқсып қалғандай болды (Ғ.Мүсірепов).
ғ) Логикалық субъектіні білдіреді: Ұлағатты ұстаздан талай шәкірт тәрбие алып шықты ( Ы.Алтынсарин).
д) Объектіден дараланып, бөлініп, ажырап шыққан затты, құбылысты білдіреді: Ішінде қазақтан төртеуміз (С.Мұқанов). Ендеше, осы естіген, көрген жайдан жыр туғызса нетеді? (М.Әуезов).
Сонымен, шығыс септік объектілік ұғымдағы зат есімдер немесе заттанған басқа сөз таптары жанама толықтауыш болады да, ал көлемдік, кеңістік, мезгілдік мәндегі шығыс септіктегі сөздер сөйлемнің пысықтауышы болады.
4. Көмектес септік жалғаулы сөздердің де жанама толықтауыш қызметін атқаратындары көбіне орын-мекендік, мезгілдік, қимыл-процестік мәні жоқ зат есімдер немесе заттанған басқа сөз таптары болады. Мұндай сөздерді меңгеретін құралмен орындалатын іс-әрекетті білдіретін етістіктер және күй – қалыпқа байланысты ортақтастықты білдіретін етістіктер болып келеді. Көмектес септікті жанама толықтауыштар:
а) Іс-әрекеттің орындалу құралын немесе соған жұмсалған объектіні білдіреді: Атты қамшымен айдама, жеммен айда ( Мақал). Абайды далаға алып шығып, жаңа сойған қойдың өкпесімен қақты (М.Әуезов).
ә) Іс-әрекетке іс иесінің басқа субъектімен ортақтас болғанын білдіреді: Раушан Марияммен сүйісіп амандасты (Б.Майлин).
б) Заттың бірөңкей заттардан ерекше белгісін де білдіруі мүмкін: Азығымен жер мүсінді, еңбегімен ер мүсінді ( Мақал).
Көмектес септікті сөздер басқа жағдайда сөйлемнің пысықтауыш мүшесінің қызметін атқарады.
Сөйлем ішінде етістіктермен септеулік шылаулардың кей түрімен байланысқан заттық ұғымдағы сөздер де тура немесе жанама толықтауыш болады. Бұл етістіктердің лексика-семантикалық мәнімен айқындалады. – Сіз үшін оралдым,- деп насыбайын бір атты (Ғ. Мұстафин). Жеңіс туралы сұрастыра берсеңіз, көптеген жәйттерді естисіз, бәрі де мақтау, ел ризығы.
Достарыңызбен бөлісу: |