12-лекция. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері. Анықтауыш
Жоспар:
1.Анықтауыштың жалпы сипаттамасы
2.Анықтауыш болатын сөз таптары
3.Анықтауыштың мағыналық түрлері
4.Дара, күрделі, үйірлі анықтауыштар
Анықтауыш сөйлемдегі зат есімнен не зат есім орнына жұмсалған басқа есімдерден болған мүшелерді сындық жағынан сипаттап тұрады. Сөйлемде заттардың әр түрлі сынын, сапасын білдіретін сөздерді анықтауыш деп атайды. Олар заттың түсі, түр-тұрпаты, көлемі, салмағы, саны сияқты сапаларын білдіреді де анықтайтын сөзімен интонациялық жағынан ыңғайласып, бір ритмикалық топ құрайды. Анықтауыштар - өзіндік лексикалық та, грамматикалық та дербестігі бар бірлік ретінде тұрақталған синтаксистік категория.
Анықтауыштар бір сөзден де, бірнеше сөзден де құрала береді. Сондай құрылысына қарап, оларды дара анықтауыш, күрделі анықтауыш, үйірлі анықтауыш деп 3 топқа бөлеміз.
Түрлі сөз таптарынан жасалатын анықтауыштардың мағыналары да әр түрлі болады. Оларды мағыналарына қарай екі топқа бөлуге болады: 1) сапалық анықтауыш; 2) меншікті анықтауыш.
Атрибуттық қатынаста жұмсалатын сөздердің негізгі түрі - сын есімдерден болған анықтауыштар. Сын есім өздеріне тән қасиеттерімен байланысты заттың сапалық белгілерін я тікелей, я ол заттың басқа затқа қатысы арқылы білдіреді. Сын есімнің семантикалық негізі оның сапасын білдіретіндігінен я затқа тән сапа болатындығынан көбінесе анықтауыш қызметінде жұмсалады. Демек, сын есімдерден болған анықтауыштар сөйлемде заттардың әр алуан сапасын, қасиетін білдіреді. Мысалы: Айбаланың әдемі мінездері Асқарға ұнады (С.Мұқанов). Торы атқа қайта ер салынды.
Заттың сандық, өлшеулік сапасын білдіретін сан есімдер де анықтауыш қызметінде негізгі және туынды тұлғасында жұмсалады. Ботагөздің үш ағасы бар еді(С.Мұқанов).
Анықталатын зат белгілі болып, оны басқа заттан айыра тану керек болғанда, оның алыстығын не жақындығын білдіру керек болғанда сілтеу есімдіктері анықтауыш қызметінде жұмсалады. Сол поезбен жүреді екен (З.Шашкин).
Есімшелер заттың қимылдық сапасы ретінде анықтауыш болады. Мысалы, Екі ұшқыш келген шаруаларын баяндай жөнелді (Ғ.Сланов).
Ол ұшқыштар жаққа бір қарап алды да, үзілген әңгімесін қайтадан жалғады (Ғ.Сланов). Есімшелердің барлық түрінің анықтауыш болу қызметі бірдей емес. Олардың ішінде анықтауыш болып жиі кездесетіні - өткен шақтық есімшелер.
Зат есімдер де анықтауыш қызмет атқарады. Заттық анықтауыштар анықтайтын сөздерімен мынадай байланыста айтылады:
1.Екі зат есім атау күйінде қатар айтылып, алдыңғысы соңғысына анықтауыш болады: Колхоз биыл клубқа арнап кірпіш үй салдырды. Сиырлар қора көлеңкесіндегі ағаш кермеге қатар байланыпты(Ғ.Сланов).
2.Екі зат есімнің алдыңғысы ілік жалғауда, соңғысы тәуелдік жалғаудың бірінде тұрып, анықтауыш болады. Баймақан Жомарттың кабинетіне кірді (Ғ.Мұстафин).
Анықтауыштар мағыналық жағынан сапалық және меншікті болып екіге бөлінеді. Сапалық анықтауыштарға сын есім, сан есім, есімдік, есімше, атау тұлғалы зат есімдерден болған, анықтайтын затымен қабыса байланысқан анықтауыштар жатады. Меншікті анықтауышқа ілік жалғауында айтылған, кімнің? ненің? деген сұрақтарға жауап беретін анықтауыштар жатады. Зерделі қыздың жүйрік ойы қиялдағы жұмбақты іліп әкетті (Ғ.Сланов). Үшеуінің ойлағаны-институтты бітіру (Ғ.Сланов).
Анықтауыштар құрамдық ерекшелігіне қарай дара, күрделі, үйірлі болып бөлінеді. Анықтауыштардың күрделі түрі интонациялық жағынан өзара бөліп-жаруға келмейтін, лексикалық бірлік ретінде түсініледі. Олардың жасалуының бірнеше түрі бар:
1. Сапалық және қатыстық сын есімдердің тіркесінен болады: Қызыл сапты кетпен қара жерге қарш етті (Қ.Түменбаев).
2. Екі сапалық сын есімдер тіркесінен болады: Қара бурыл Сүйіндік Құнанбайға тесіле қарады (М.Әуезов).
3. – ғы, -гі ( -дағы,-дегі) тұлғасы арқылы жасалады:
-негізгі сөз бен көмекші есімнің тіркесінен: Игілік Ұлытаудан бергі елдерді аралап қайтып еді (Ғ.Мүсірепов).
-есімдік пен зат есім немесе заттанған басқа сөз таптарының тіркесінен: Сол күнгі ауаның райы да әлі күнге есімнен кетпейді (Сейфуллин).
-есімше мен зат есім тіркесінен: Өткен түнгі оқиға қала халқын теңселтіп жіберді (Ғ.Мүсірепов).
- күрделі сан есімдер, сан есімді анықтауышы бар зат есім сөздер тіркесінен: Жұрттың он алтыдағы баласы кісіге жалданып, я үйінде кәсіп етіп, әке-шешесін асырап отыр (Б.Майлин).
4. Қабыса байланысқан негізгі және туынды түбір есімдер, есімшелі тіркестер басқа бір сөзді анықтайды: Сонау етекте жазыққа беттеп екі қотан қой өріп барады (Ғ.Мұстафин).
5. Жалқы есімдер мен сықылды, сияқты, тәрізді, деген, дейтін тәрізді көмекші сөздердің тіркесі: Шәкір бай Кәдір сияқты кісінің Айша сияқты көк өрімдей қызын мал-жанын сала қадалып алғалы жатыр (С.Сейфуллин).
6. Өзара матасу, меңгеру, қабысу арқылы байланысқан предикаттық мәндегі есімшелі, есімді тіркестер өзінің субъектісі болатындай сөздердің алдында келіп, соларды анықтайды: Терезенің көзінен түскен күн сәулесі Бақыттың бетінен сүйіп, еркелетіп ойнатқандай болды (С.Сейфуллин).
Бірі бастауыш, бірі оның баяндауышы ыңғайында айтылған, яғни предикаттық қатынастағы сөздерден құралған анықтауыштарды үйірлі анықтауыштар деп атаймыз. Үйірлі анықтауыштар тобының құрамындағы сөздердің бірінші сыңары зат есім, жіктеу, өздік есімдіктері болады да, олар түбір күйінде не тәуелдік жалғауының көбінесе 3 - жағында айтылады. Ал олардың екінші сыңары сын есім, есімше және бар, жоқ, көп, аз деген сөздер болады: Кейде оты бар жерге ұйлығып, екейде шашырап-бытырап өз бетінше жайылып жүрген мың-мыңдаған нарлар мен айыр өркеш түйелерге ұқсап кетті. Аралық бітім айтатын адамың бар ма? Талабы жоқ бала білімнен құр қалады. Төрде түсі суық таяқ тұр.
Күрделі және үйірлі анықтауыштар дауыс ырғағы жағынан да бір ритмикалық топ болып келіп, өзара байланысқан бірнеше сөзден құралып, сол тұтас күйінде бір сөзді анықтайды.
Достарыңызбен бөлісу: |