9-лекция. Тақырыбы:Сөйлем мүшесі туралы түсінік
Жоспар:
1.Сөздердің сөйлем мүшесі болуының негізгі шарттары
2.Сөйлем мүшесінің зерттелуі
3.Дара, күрделі, үйірлі мүшелер, бұларды бір-бірінен ажырату жолдары, белгілері
Сөйлем – синтаксистің ең көп аспектілі бөлімі, өйткені сөйлем ғана тілдің негізгі қызметтерін айқындай алады. Ондай қызметтің біріншісі – ойлау-танымдық, екіншісі-қарым-қатынас құралы болу қызметтері. Бұл қызметтер өзара тығыз байланысты.
Сөйлем – сөз тіркесін қамтитын, қарым-қатынасты қамтамасыз ететін тілдік материалдардың біртұтас бөлшегі. Мақсатты ойларымызды сөздерден сөйлем құрау арқылы білдіреміз. Ал сөздер сөйлем құрамына ену үшін өзара мағыналық, синтаксистік байланысқа түсіп, өзара тіркесіп айтылады. Сөйлемнің сөзден, сөз тіркесінен бөлек бірлік екенін айқындайтын басты белгілері мыналар:
1) сөйлем біршама аяқталған ойды, модальділікті білдіреді;
2) сөйлем өзара байланысқа енген сөздерден, сөз тіркестерінен құралады;
3) сөйлем бастауыш пен баяндауыштың байланысынан туған предикаттық қатынасты білдіреді;
4) әрбір сөйлемнің айтылу сазы интонациясы болады.
Осы негізгі белгілерді негізге ала отырып сөйлемге мынадай анықтама беруге болады: Предикаттық қатынас негізінде біршама аяқталған ойды білдіретін тиянақты сөздер тізбегін сөйлем дейді.
Сөйлемдегі сөздердің әрқайсысы өзінің лексикалық мағынасына орай сөйлем құрауға қатысып, тұтас ойдың мазмұнына ортақтасып тұрады. Синтаксистің негізгі бірлігі ретіндегі сөйлемнің өзінің арнайы құрылымы болады. Бұл құрылым өзін құрайтын ішкі бөлшектерден тұрады. Сөйлемді құраушы өзінің грамматикалық мағыналары бар сөздер синтаксистік байланыстар мен қатынастар арқылы бірігеді. Бұлар сөйлем мүшелері деп танылады. Демек, сөйлемді құрайтын сөздер сөйлем мүшелеріне жіктеледі. Бұл мүшелердің өздеріне тән атқаратын қызметтері болады. Яғни, әрбір мүше өзінің формасы болуымен қатар мағынасының болуымен де ерекшеленеді.
Сөйлем мүшесі дегенімізде, ең алдымен, ол қандай мәселелерді қамтиды, оның нысанына нелер қатысты деген мәселені де негізге алу керек.
1.Сөйлем мүшесі болу үшін сөздер бір-біріне қатысты болу керек. Олар:
а) Негізгі сөз, туынды сөз, біріккен сөз, қос сөз және қысқарған сөз түрінде;
ә) Сөздің дербес мағынасы бары да, дербес мағынасы жоғы да негізгі сөз бен көмекші сөздің түйдектелуі немесе өзара қайталануы арқылы күрделі мүше болады;
б) Сөйлем мүшесі қызметінде тұрақты тіркестер де қатыса алады;
в) Сөйлем мүшесі қызметінде сөйлемдер де қатысады;
г) Сөйлем мүшесі ретінде жеке дыбыстар да қатыса алады.
Міне, жоғарыда аталған ерекшеліктерге қарағанда, сөздер сөйлем мүшесін жасаудың ең басты шарты.
2. Сөздер сөйлем мүшесі қызметінде дара да, күрделі де түрінде қатысады. Ал сөздердің күрделі түрлерінің өзін екі топқа:
а) дербес мағынасы бар сөздердің өзара қатысы;
ә) дербес мағыналы сөз бен көмекші сөздің түйдектелуі арқылы және дербес мағынасы бар сөздердің қосақталып жұмсалуынан болған деп бөлуге болады.
3. Сөздер сөйлемге енгенде грамматикалық мағына білдіруі тиіс;
4. Сөздер сөйлем мүшесі болғанда белгілі бір сұрауларға жауап беруі тиіс;
5. Сөздер сөйлем мүшесі қызметінде өзара байланысқа енуі тиіс. Сөйлем мүшесі болу үшін осы негізгі шарттар негізінде мынадай анықтама беруге болады: сөйлем мүшесі деп сөйлемде бір немесе бірнеше сөздер тобының басқа сөздермен синтаксистік қатынастары арқылы арнайы бір сұраққа жауап беріп, грамматикалық мағынаға ие болатын сөздерді айтамыз. Қазақ тіл білімінде сөйлем мүшелерінің зерттелуін былай топтауға болады:
1. 1922-1940 жылдар арасындағы зерттеулер.
2. 1940 жылғы оқулық, ғылыми еңбектердегі зерттеулер.
3. 1950 жылдан кейінгі әр түрлі бағыттағы зерттеулер.
Негізінен сөйлем мүшелері туралы 1922-1940 жылдар шамасында жазылған еңбектер ерекше назар аударарлық. Ол кезде сөйлем мүшелері туралы А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, І.Бәйтенов, Х.Басымов, С.Аманжолов, Ә.Ермеков, М.Балақаев еңбектерін атай аламыз. Бұл еңбектерде сөйлем мүшелерінің тек жасалу жағы ғана сөз болып қойған жоқ, жалпы сөйлем мүшелерінің қалыптасу, тұрақтану мәселесіне көбірек назар аударылды.
Сөйлем мүшелері туралы арнайы тоқталған ғалым – А.Байтұрсынов. Автордың Орынборда басылып шыққан «Тіл танытқыш» үшінші оқулығы синтаксис мәселесіне арналған. Онда сөйлем мүшелерін тұрлаулы, тұрлаусыз деп бөлу, тұрлаулы мүшелерге бастауыш, баяндауышты, тұрлаусыз мүшеге толықтауыш, анықтауыш, пысықтауыштарды жатқызып, пысықтауышты өз ішінде мезгіл, мекен, сын, себеп, мақсат пысықтауыштар деп бөлу осы еңбектен басталады.
Сөйлем мүшелері туралы өзіндік ой айтқан ғалым - Қ.Жұбанов. Ол сөйлем мүшелерін екі жақты қарастырып, сөйлем мүшелерінің жасалуы мен топтастыру мәселесіне ерекше қөңіл бөлген. Оның сөйлем мүшелері туралы ғылыми көзқарасын «Жаңа грамматикалық жаңалықтар жайында» атты көлемді мақаласынан айқын көруге болады. Автор сөйлем мүшелерінің саны, оның атауларына өзгеріс енгізіп тұрлаулы және айқындауыш деп бөле келіп, сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері туралы өзіндік жаңа ұсыныстар жасауды мақсат еткен.
Қазақ тілінің сөйлем мүшелерін топтастыру туралы С.Аманжолов та арнайы тоқталғандығы белгілі. Ғалым сөйлем мүшелерін бастауыш, баяндауыш және анықтауыш деп үшке бөліп берумен ғана шектеледі.
І.Бәйтенов, Х.Басымов, Ә.Ермеков сынды ғалымдар сөйлем мүшелерінің нақтылы жасалу жолына ғана тоқталады.
Сөйлем мүшелері туралы көптеген мағлұматты М.Балақаев еңбектерінен аламыз. Ғалым сөйлем мүшелерін А.Байтұрсынов ізімен тұрлаулы, тұрлаусыз деп топ-топқа бөле келе, олардың жасалу жолдарына кеңірек тоқталады. Автордың сөйлем мүшелері туралы ойлары - қазақ тіл білімінде өзіндік орны бар ғылыми тұжырымдар.
Жалпы қазақ тіл білімінде сөйлем мүшелерін айқындауда мына принциптер басшылыққа алынады: біріншіден, сөйлем мүшесін жалпы мағыналық жағынан қарастырады. Екіншіден, сөйлем мүшелерін грамматикалық жағынан, яғни, әрбір сөйлем мүшесі белгілі бір сөз таптарынан жасалуын негізге алады. Үшіншіден, синтаксистік жағынан, яғни, қай сөйлем мүшесі қай сөйлем мүшесімен анықтауыштық, толықтауыштық, пысықтауыштық қатынаста екендігі негізге алынады.
Сөйлем мүшелерінің жасалуын мынадай топтарға бөлуге болады:
1.Негізгі сөз таптарының сөйлем мүшесі болуы;
2.Негізгі сөздер мен көмекші сөздердің түйдектелуі арқылы сөйлем мүшесі болуы;
3.Негізгі сөздер шартты райлы болса етістігінің тіркесі арқылы сөйлем мүшесі болуы;
4.Тұрақты тіркесті сөйлем мүшелері;
5.Бір сөздің қайталануы арқылы сөйлем мүшесінің болуы;
6.Сөйлемнің де сөйлем мүшесі болуы;
7.Қысқарған сөзді сөйлем мүшесі;
8.Жеке дыбысты сөйлем мүшелері.
Қазақ тіл білімінде сөйлем мүшелерінің зерттелуін былайша топтауға болады:
1.1922-1940 жылдар арасындағы ғылыми айтыс.
2.1940 жылғы оқулық, ғылыми еңбектер бағытындағы айтыс.
3.1950 жылдан кейінгі әр түрлі бағыттағы айтыс.
Сөйлем мүшелері, олардың негізгі белгілері, жасалуы, тыныс белгілері туралы айтыстар сол І кезеңде жақсы қойылған еді. Бұл кезеңдегі сөйлем мүшелерінің жасалуы жайлы А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Х.Басымов, Ә.Ермеков, М.Балақаев, т.б. ғалымдар алғаш сөз етушілер болды.
Ең алдымен, сөйлем мүшелері тұрғысындағы басты мәселе-оның анықтамасы туралы. Ендеше, біз жалпы сөйлем мүшесі туралы анықтамаларды талдап көрелік.
1.Сөйлемдегі сөзді сөйлем мүшесі дейміз.
2. Сөйлемде қанша сөз болса, солардың барлығын соншалық сөйлем мүшесі дейміз.
3.Сөйлемдегі мағыналы сөзді сөйлем мүшесі дейміз.
4.Сөйлемдегі әр түрлі сұрауға жауап берген сөзді сөйлем мүшесі дейміз,- дейтін көзқарастардың бар екенін уақытында Х.Басымов ескерткен болатын.
Сөйлем мүшесі туралы кейңнгң кездегі авторлардың да пікірлері төмендегіше:
М.Балақаев: «Сөйлемде грамматикалық мағыналарға ие болып, синтаксистік қызмет атқарып тұрған сөздерді сөйлем мүшесі дейміз».
М.Серғалиев: «Сөйлем ішінде басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа түсіп, бір сұрауға жауап беріп, бір ұғымды білдіретін жеке сөзді немесе сөз тіркесін сөйлем мүшесі дейміз».
Р.Әміров: «Сөйлем мүшелері-сөйлем құрауда қалыптасқан қатынастың компоненті. Сөйлем мүшелері ретінде толық мағыналы сөздер қолданады».
Сөйлем мүшелерінің зерттеген ғалымдардың ішінде тек Х.Басымов қана сөйлем мүшелерінің жасалуы, оларға қатысты сөздер тобы және сөйлем мүшелері туралы көзқарастарға өзіндік топшылау жасай білген. Ол сөйлем мүшесі туралы тұжырымдардың бірінші және төртінші түріне қосылмайды. Бұл туралы айта келіп, автор, біріншіден, кез келген сөздер сөйлем мүшесі бола бермейді, екіншіден, әр түрлі сұрауға жауап беретін сөздердің барлығы сөйлем мүшесі бола бермейді, тек бірыңғай сұрауға жауап беретін сөздер сөйлем мүшесі бола береді деп көрсетеді.
Автор сөйлем мүшелері дегенге сұрақ қоя келіп, енді өзіндік пікір ұсынады. Біріншіден, сөйлем мүшесі болатын сөздер айтайын деген ойды білдіруге қатысты ешбір көмекші сөздерсіз жұмсалған негізгі мағынаға ие сөздер болады. Екіншіден, сөйлемдегі айтайын деген ойды білдіруге керекті негізгі сөзге енді көмекші сөздердің қосақталып жұмсалуы арқылы сөйлем мүшесі жасалады дейді.
Х.Басымовтың бұл пікіріне қарағанда, сөйлем мүшелері дербес мағынасы бар және ондай дербес мағынасы бар сөздерге түрлі көмекші сөздердің қосақталуы арқылы жасалады.
Сөйлем мүшесі дегенімізде, ең алдымен, нендей мәселелерді қамтиды, оның объектісіне нелер қатысты деген мәселені де негізге алу керек сияқты. Сөздің өзі сөйлем мүшесі болған кезінде мынадай жайттарға ұшырайды:
а)Негізгі сөз, туынды сөз, біріккен сөз, қос сөз және қысқарған сөз түрінде;
ә)Сөздің дербес мағынасы бары да, дербес мағынасы жоғы да жеке-дара күйінде емес, сол негізгі сөз бен көмекші сөздер түйдектеліп келіп немесе өзара қайталануы арқылы барып жұмсалады;
б)Сөйлем мүшесі қызметіне сөйлемдер де қатысады;
в)Сөйлем мүшесі ретінде жеке дыбыстар да қатыса алады.
Сөйлем мүшесі болу үшін осы негізгі шарттар негізінде мынадай анықтама беруге болады: Сөйлем мүшесі деп сөйлемде бір не бірнеше сөздер тобының басқа сөздермен синтаксистік қатынастары арқылы арнайы бір сұраққа жауап беріп, грамматикалық мағынаға ие болатын түрін айтамыз.
Сөздер сөйлем мүшесі қызметінде дара, күрделі, үйірлі түрінде қатысады. Жеке бір сөзбен айтылған мүшені дара мүше дейміз. Мысалы, Биік ағаштардың тасасында алып танкілер жүр. Осы сөйлемдегі ағаштардың тасасында деген сөз тіркесінен басқалары дара мүшелерге жатады.
Бір ғана сұраққа жауап беріп, бір-бірінен бөліп алуға келмейтін екі я одан да көп сөздер тізбегін күрделі мүше деп қараймыз. Күрделі мүшенің өзін екі топқа:
а)дербес мағынасы бар сөздердің өзара қатысы;
ә)дербес мағыналы сөз бен көмекші сөздердің түйдектелуі арқылы және кейде дербес мағынасы бар сөздердің қосақталып жұмсалуынан болған деп бөлуге болады. Мысалы, Соңғы кезде тай-тұяғымен бес-алты жылқы біткен ғана отау шаруа еді.
Үйірлі мүше деп бастауыш-баяндауыштық яғни предикаттық қатынастағы сөздер тобын айтады. Мысалы, Балығы тайдай тулаған көлдер бұл өлкеде жиі кездеседі деген сөйлемде балығы тайдай тулаған – үйірлі анықтауыш, себебі өз алдына бөлек алып қарасақ, балығы тулаған – бастауыштық-баяндауыштық қатынастағы сөздер тобы болып тұр.
Достарыңызбен бөлісу: |