8-лекция. Тақырыбы:Меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері Жоспар: 1.Меңгеріле байланысқан етістікті етістікті сөз тіркестерінің дамуы
2.Сабақты, салт етістіктердің меңгеруі, ара қатынасы
Етістіктермен меңгеріле байланысып, әр түрлі қарым-қатынаста жұмсалатын сөздер – есімдер. Есімдер етістікке қатысты болып меңгеріле байланысу үшін табыс, барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктің бірінде келеді. Мысалы: қаладан//келу, анасына//хабарласу,әлсіздігін//ойлады Меңгеріле байланысқан етістікті сөз тіркестері бағыныңқы сөздің тұлғасына қарай: 1) табыс жалғаулы сөз тіркесі; 2) барыс жалғаулы сөз тіркесі; 3) жатыс жалғаулы сөз тіркесі; 4) шығыс жалғаулы сөз тіркесі; 5) көмектес жалғаулы сөз тіркесі болып 5 топқа бөлінеді.
Табыс жалғаулы сөз тіркестері. Табыс жалғаулы сөздерді керек ететін етістіктер - сабақты етістіктер. Табыс жалғаулы есімдер мен сабақты етістіктерден құралған сөз тіркестері объектілік қатынаста жұмсалады: табыс жалғаулы сөз сабақты етістікті толықтайды да, ол етістіктің қимылы тура толықтауышқа ауысып отырады. Мысалы: әңгімесін//жалғастырды, жылқышыны//көрді. Егер тура толықтауыш бірыңғай болып, бірінен соң бірі тізбектеліп келсе, табыс жалғауы алдыңғыларына жалғанбай, ең соңғысына жалғанып та меңгеріледі. Барлық есімдердің сабақты етістіктермен тіркесу қабілеті бірдей емес: көбіне ол құрамда айтылатын сөздер – зат есімдер мен олардың орнына жұмсалатын есімдіктер мен сапалық есімдер. Бұлар қатысқан сөз тіркестері былай бөлінеді: 1) нақтылы объектілі; 2) абстрактіленген объектілі. Нақтылы объектілі сөз тіркесіне қолға ұстап, көзбен көретіндей зат есімдер қатысқан сөз тіркесі енеді: Биелерді//сауды, инженерді//тағайындады. Абстрактіленген объектілі сөз тіркесіне абстракт есімдер мен кісінің көру, сезу, сөйлеу әрекетін білдіретін сабақты етістіктерден құралған сөз тіркестері жатады: қуанышын//бөлісті,қабілетін//байқады. Барыс жалғаулы сөз тіркестері. Басыңқы сыңары етістік болып келетін барыс жалғаулы сөз тіркесінің бағыныңқы сыңарларында зат есім, есімдік, сын есім, есімше қолданылады да, басыңқы сынарларында іс - әрекеттің бағыт - бағдарын, адамның ішкі көңіл-күйін, сезімін, адамның іске қатысын білдіретін етістіктер жұмсалады. Мысалы: айтқанға//көнгіш, еңбекке//баулу.
Барыс жалғаулы есімдер етістікті сөз тіркесінде толықтауыштық, пысықтауыштық қатынастарда жұмсалады.
1) Толықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері қимыл -әрекеттің кімге, неге арналғанын, қандай затпен үстемеленгенін, қандай затпен түйіскенін білдіреді. Мысалы: Қамқа екеуі дүкен аралап, Биғайшаға көйлек, балаларына киім-кешек, ойыншықтар сатып алды (Қ.Жұмаділов). 2) Пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері қимыл-әрекеттің бағытын білдіріп, көлемдік, мезгілдік, мақсаттық, себептік мағыналарда жұмсалады. Мысалы: көлге келу, аспанға ұшу, түске жету, көмекке келу, оқуға бару. Нұрлан ақырын тысқа шықты (Шашкин).
Шығыс жалғаулы сөз тіркестері. Етістікті сөз тіркесінің жиі кездесетін келесі бір түрі - шығыс жалғаулы есімдер мен етістіктер тобы. Мұндай құрамды тіркесте де жалғаулы есімдерді етістіктер меңгеріп, солардың байланысынан толықтауыштық, пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркесі жасалады. Мысалы: жіптен тоқу, көшеден шығу, терезеден көрсету. Толықтауыштық қатынаста жұмсалатын сөз тіркестері мынадай мағыналарда жұмсалады:
1) Қимыл-әрекеттің кімнен,неден басталғандығын көрсетеді: дұшпаннан қашты, жіптен секірді, оттан қарғыды. Жауыздардан қашып келе жатып, кенеттен тап болғанымды қарашы (С.Сейфуллин).
2) Еңбектен қашу, сырт қалу мағынасын білдіреді: бағудан қашу, егуден қашу. Еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып еріншек атанып, ырысқа дұшпан болады( Абай).
Пысықтауыштық қатынастағы шығыс жалғаулы сөз тіркестері көлемдік, себеп-салдарлық, амалдық мағыналарда жұмсалады: үйден қашу, ұялғаннан кету, терезеден шығу. Алтын наганы жарқырап, шанадан ақырын түсті ( Нүрпейісов).
Жатыс жалғаулы сөз тіркестері. Жатыс септігі табиғатында мекенді, орынды білдіретіндіктен, мұндай септік жалғауы арқылы қалыптасқан сөз тіркестері, ең алдымен, пысықтауыштық қатынаста мекендік, мезгілдік мағыналарда жұмсалады: Мен есік алдында, босағада отырдым (Сейфуллин). Көктемде құлпыра өскен бәйшешектер көздің нұрын алады (Мұқанов).
Толықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері қимыл процесіне жанама объект болатын заттар мен нәрселерді, қимыл-әрекеттің нендей нәрсеге қатысты екендігін атап көрсетеді: Заңда көрсетілген әйел теңдігі есіңізде болар (Шашкин).Он сегіз мың ғаламның бар тынысы күнде тұр, Мен сықылды сырлы адамның ықтиярысенде тұр (Абай).
Көмектес жалғаулы сөз тіркестері. Сабақты және кейбір салт етістіктер көмектес жалғаулы есімдерді меңгеру арқылы сөз тіркесін құрай алады. Басыңқы сыңары етістіктер болып келетін көмектес жалғаулы сөз тіркестері тіркес құрамындағы сөздердің әр түрлілігіне, мағынасы жағынан әрқилылығына байланысты толықтауыштық және пысықтауыштық қатынастарда жұмсалады.
Толықтауыштық қатынаста жұмсалатын сөз тіркестері құралдық, материалдық, іс-әрекеттің объектісі болатын затты, бірлескен қимыл-әрекетті атап көрсетушілік мағыналарда жұмсалады: орақпен ору, алтынмен қапталған, баламен ойнау, ағайын-туысқандармен ақылдасу. Ертеден кешке шейін осы жұмыспен әуреленіп жатқаным (Мұқанов).
Пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері көлемдік, амалдық, мезгілдік, себеп-салдарлық мағыналарда қолданылады: жолмен келдім, түнімен сөйлесу, белгілерімен атау, ашумен айту. Мұны өз атымен атамай, сырт белгілерімен атайтын ( Әуезов).
Табыс септіктегі сөзді менгеріп тіркес кұрайтын – сабақты етістіктер: үйді жуды, терезені ашты. Салт етістіктер өзгелік етіс формасына ауысқанда, олар да табыс септік сөзді меңгере алатын болады: ойна – баланы ойнатты, толды – шелекті толтырды, қанды – сусынын қандырды. «Табыс септіктегі зат есім – етістік» болып құралған сөз тіркестері объектілік катынасты білдіреді, яғни бағыныңқы сөз қимылдың, іс-әрекеттің объектісі болған затты атайды. Сонымен, аталған сөз тіркесі объект – зат пен қимылдың арақатынасын білдіреді. Объектілік қатынасты білдіруге зат есімді сөздің табыс септік формасы бейімделген. Бұл қызмет – осы форманың үлесі. Дегенмен санаулы етістік сөздердің тіркесінде объектілік қатынас барыс, шығыс септік тұлғалары арқылы да немесе шылау арқылы да білдіріле алады. Ақмаралды ұрысты – Ақмаралға ұрысты. Қолын ұстады – қолынан ұстады; етегін басты – етегінен басты. Тура объектілік қатынасқа түсетін сөздің табыс, шығыс септік формаларында меңгеріліп, етістікпен тіркесуі мына жағдайға байланысты. Объект қамтылу мөлшері жағынан бейтарап аталса, ол сөз табыс септік формасында тіркеседі: қолын ұстады. Объект түгел қамтылмай, мөлшермен қамтылғанын атау қажет болғанда, ол сөз шығыс септік тұлғасында меңгерілді: қолынан ұстады, нанынан берді т. т. Ұрысты сөзі тура объектіні табыс, барыс септікте бірдей меңгереді. Екі түрлі меңгерілу ұрысты сөзінің табиғатына байланысты. Сабақты етістік ретінде ол объектілік қатынастағы сөздің табыс септікте тіркесуін талап етеді. Екінші жағынан, семантикалық жүйені қуғанда ол кісінің психикалық күйін білдіретін етістіктер тобына жатады: күлді, ренжіді, сүйсінді, қуанды т. т. Бұлардың көбі – салт етістіктер. Бұларға қатысты объект жанама толықтауыш ретінде байланысады: күлді, балаға ренжіді, сүйсінді. Осы топқа қатыстылығының арқасында, солардың грамматикалық сипатына жуықтау аркылы ұрысты объекті сөз екі түрлі меңгеруге ие болып тұр: балаға ұрысты— баланы ұрысты. Осы сияқты мін, ас сөздері де объект ретіндегі компонентті екі түрлі тұлғада меңгереді: атқа мінді, атты мінді; таудан асты, тауды асты. Мінді сөзі көпшілік объект ретіңдегі сөзді тек барыс септік формасында меңгереді: поезға мінді, самолетке мінді. Ат, өгіз, бие, тай сияқты сөздердің табыс септік формасында меңгерілуі—ерекшелік. Бұл тіркестіру ерекшелігі аталған заттардың тура объект ретінде қамти алынады деген ұғымға байланысты қалыптасқан болу керек. Осы сияқты таудан асты, тауды асты деген варианттардың негізгісі – таудан асты. Осы мағыналас өтті сөзі де объектілік қатынастағы сөзді шығыс септік формасында ғана меңгереді: көпірден өтті, өткелден өтті.