Бастауыш пен баяндауыштың қиысуы
Бастауыш пен баяндауыштың қиысуы – сөйлемді синтаксистік тұлға ретінде ұйымдастыруға қатысатын грамматикалық амалдардың бірі. Бастауыш пен баяндауыштың арасындағы жақтық үйлесу, байланысу тіл білімінде олардың қиысу деп аталады. Қиысудың мәні мынадай: бастауыш сөз қай жақта тұрса, қай жақтық тұлғада айтылса, баяндауыш сөз де соған сай жақтық форма алады. Мысалы: Мен мұғаліммін. Сен мұғалімсің. Сіз мұғалімсіз. Ол – мұғалім.
Бастауыш көптік мағынадағы сөз болғанда, баяндауыш жіктік жалғаулардан көптік түрін қабылдайды. Баяндауыш жақтық формаға ие болу үшін өзіне тән жіктік жалғауды қабылдайды. Есім сөздер баяндауыш қызметінде өздеріне тән жіктеу жүйесіне сай жақтық форма алады: ол-бын, -бін, -мын, -мін, -пын, -пін, -быз, -біз, -мыз, міз т.т. жалғауларының бірін қабылдайды.
Есім баяндауыштар жіктік жалғауларын түсіріп те айтылады. Бастауыш пен баяндауыштың қатынасына бұдан нұқсан келмейді. Баяндауыштың жіктік жалғауын түсіруі сөйлеушінің коммуникативтік мақсатына сай іске асады.
Өсіңіз, жетіліңіз, тасқындаңыз,
Бірақ та биікпін деп асқынбаңыз.
Сен мықты, анау осал, мен орташа-
Бәріміз бір аспанның астындамыз!
Етістік сөздер грамматикалық тұлғасына қарай түрліше жіктеледі. Есімше тұлғасындағы баяндауыштар өзіне тән жіктелу жүйесіне сай жалғауларды қабылдап жақтық форма алып, бастауышпен қиысады.
Мен келгенмін Біз келгенбіз
Сен келгенсің Сендер келгенсіңдер
Сіз келгенсіз Сіздер келгенсіздер
Ол келген Олар келген.
Есім, есімше сөздерге жалғанатын ІІІ жақтық жалғау жоқ.
Жедел өткен шақ, шартты рай тұлғасындағы етістіктер баяндауыш болғанда өзіне тән жіктелу үлгісіне сай қиысады.
Мен оқыдым Біз оқыдық
Сен оқыдың Сендер оқыдыңдар
Сіз оқыдыңыз Сіздер оқыдыңыздар
Ол оқыды Олар оқыды.
Мен оқысам Біз оқысақ
Сен оқысаң Сендер оқысаңдар
Сіз оқысаңыз Сіздер оқысаңыздар
Ол оқыса Олар оқыса.
Бастауыш пен баяндауыштың қиысуы бірнеше сипатта көрінеді. Баяндауыштың бастауышпен -бын, -бін, -мын, -мін, -пын, -пін, -быз, -біз, -мыз, -міз, -сын, -сін, -сыз, -сіз,-сындар,-сіздер жалғауларын қабылдап қиысуы бастапқы модель. Өйткені бұл жалғаулар өздерінің дамып шығуына негіз болған жіктеу есімдіктерді оңай танытып тұр. Бұны бастауыш пен баяндауыштың қиысуының бастапқа моделі деп атаймыз.
Баяндауыштардың бастауышпен –м,-қ,-ң,-ңыз,-ңдар,-ңыздар жалғауларын қабылдап қиысуын қиысудың кейінгі моделі деп атаймыз. Бұл жіктік жалғаулар даму процесінің кейінгі кезеңінде пайда болған.
Осы екі модельдің ішінде көсемше тұлға негізінде жасалған баяндауыштар үш жаққа тән арнаулы жіктік жалғауларын қабылдайды:
Мен көремін Біз көреміз
Сен көресің Сендер көресіңдер
Сіз көресіз Сіздер көресіздер
Ол көреді Олар көреді.
Мен барыппын Біз барыппыз
Сен барыпсың Сендер барыпсыңдар
Сіз барыпсыз Сіздер барыпсыздар
Ол барыпты Олар барыпты
Қиысудың бұл көрінісін қамтулы қиысу деп атаймыз. Етістіктің басқа тұлғаларынан, есім сөздерден жасалған баяндауыштар ІІІ жақта жіктік жалғауын қабылдамайды.
Мен агрономмын келгенмін
Сен агрономсың келгенсің
Ол агроном келген
Мұндай модельді орта қиысу деп атаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |