Жай сөйлемнің толықтауыш арқылы жайылмалануы



Дата09.04.2022
өлшемі41,5 Kb.
#138629
Байланысты:
Жай сөйлемнің толықтауыш арқылы жайылмалануы


Жай сөйлемнің толықтауыш арқылы жайылмалануы

Сөйлем құрылымына айтушының ойын жеткізуге қажет мүшелердің қатысуына қарай жалаң және жайылма деп бөлініп, соңғысының «бастауыш пен баяндауыштан басқа мүшелері болатыны» анықталып, ол мүшелерді қызметтеріне қарай анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш деп атаған ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлы кезінен бастап [1, 276] тұрлаусыз мүшелер жан-жақты зерттеліп келеді. Алайда бұл мүшелердің жасалу жолдары, сөйлемдегі қызметі бірнеше ғалымның зерттеу еңбектеріне арқау болғанымен, сөйлемді жайылмаландырудағы қабілеті әлі де толық зерттеуді қажет ететіні сөзсіз Оны айқындау үшіносы мәселелер жайында жарық көрген еңбектерден аттап кете алмайтынымыз аян. Өткен ғасырдың 30-40 жылдары жарық көрген еңбектерді былай қойғанда, 1954 жылы баспадан шыққан тұңғыш академиялық жинақтағы жайылма сөйлемге берілген аныктаманың Ахмет Байтұрсынұлы берген анықтамаға алып-қосар еш жаңалығы жоқ [2, 410]. Осы еңбекте жай сөйлем синтаксисін жазған және оның түрлеріне анықтама берген ғалым М.Балақаев болса, оның кейінгі 1992 жылы шыққан «Қазіргі қазақ тілі», 1997 жылы профессор Т.Сайрамбаев толыктырып, өңдеп кайта бастырған кітаптарында да бұл анықтама еш өзгеріссіз берілген [3, 99]. Ал 1982 жылы шыкқан, «Жай сөйлем синтаксисі» бөлімін Ғ.Мадина жазған «Қазақ тілі» оқулығында жай сөйлемдерді құрамы мен құрылымына қарай жалаң, жайылма, жақты, жақсыз, белгісіз жақты, толымды, толымсыз, атаулы деп бөледі де, жалаң және жайылма түрлеріне сипаттама беруді тіпті қажет етпейді. 2002 жылы шыққан академиялық грамматиканың «Жай сөйлемнің типтері» тақырыбында (Р.С. Әмір жазған) жалаң сөйлем туралы: «Тұрлаулы мүшелердің ең басты қызметі жай сөйлемнің негізі болу болып табылады. Жай сөйлем осы сөйлемнің негізі болып табылатын тек қана тұрлаулы мүшелерден құралса, онда ондай жай сөйлемдер жалаң сөйлемдер деп аталады», - деген анықтама берілсе, жайылма сөйлемге: «Тұрлаулы мүшелердің бірінде ең кемі бір тұрлаусыз мүше тіркесе, онда ондай жай сөйлем жайылма сөйлем болып саналады», - деген анықтама берілген [4, 664]. Міне, қазақ тіл білімінің бір ғасырға жуық дамуының әр кезеңінде жазылған грамматикаларда жайылма сөйлемге берілген анықтамалардың бір-бірінен айырмасының болмауы, олар жөніндегі көзқарастардың тұрақты екендігін танытса керек. Яғни, тұрлаусыз мүшелердің сөйлемді жайылмаландыратыны – басы ашық нәрсе. Біздің бұл шағын мақаламызға арқау болатын тек бір тұрлаусыз мүшенің – торлықтауыштың ғана осы қызметтегі ерекшелігі мен сипаты.


Тұрлаусыз мүшелер ішінен сөйлем құрылымын жайылмаландыруда, сол арқылы оның мағынасын кеңейтуде, алдыңғы орында толықтауыш тұрады. Толықтауыштың ішінде, әсіресе тура толықтауыштың орны айрықша. «Толықтауыш мүше бас мүшелердің, әсіресе субъект қимылының жүзеге асуына себепші, оның әсеріне ұшырайтын, соған жанама да, тікелей де қатысты болатын объектіні білдіреді» [5, 10]. Егер осы анықтаманы негізге алсақ, Трилогияны әлем таныды (А.С.) сөйлеміндегі баяндауыш сабақты етістіктен жасалғандықтан, табыс септікті сөзді (яғни тура толықтауышты) қажет етеді. Бұл жерде сөйлеушінің ойын дәлірек жеткізу мақсатында объект міндетті түрде керек. Өйткені тану етістігі танылатын зат болғанда ғана өзінің ой процесі ретіндегі әрекетті білдіретін баяндауыштық қызметін толықатқарады. Ал танылуға тиісті зат (объекті) – трилогия. Яғни, сөйлемдегі іс-әрекеттің орындалуына ықпал ететін объектіні білдіретін осы сөз тура толықтаыш қызметінде сөйлем мазмұнын да кеңейту қызметін атқарып тұр.
Сөйлемді жайылмаландыруда жанама толықтауыштардың да өзіндік орны бар. Алайда, олардың баяндауыштармен қатынасы тура толықтауыштағыдай соншалықты тығыз болмайды деп есептеледі. Мұның басты себебі, оларды меңгеретін етістіктердің салттылық мағынаны білдіруінде, яғни бұл сөздің баяндауыш үшін аса маңызды болмай, тек олардың мазмұн үшін өзара жанамалай байланысатынында. Бұл,екінші жағынан, бастауыш пен баяндауыш арасындағы тікелей мағыналық қатынастың болуына байланысты. Мысалы, Қыстау жаудан тазартылды (А.С.) – Қыстау тазартылды.
Сөйлем ішіндегі әрбір мүше сол сөйлемнің мазмұнына қызмет ету жолында белгілі бір орынға ие болады. Грамматикалық тұрғыдан қарастырғанда, толықтауыштың орны өзін меңгеретін мүшенің (сөздің) алдында болады да, мазмұндағы маңыздылығына қарай сөйлемнің әр позициясына жылжып отырады. Жайылма сөйлемнің тек толықтауыш мүшемен жайылмаланған түрлерінде олардың (толықтауыштардың) орналасу тәртібі өзекті мүшелену (актуализация) принципіне байланысты болады. Яғни толықтауыштың орны дәл сол ойды, пікірді білдіруде қаншалықты маңыздылығында. Мысалы, Әсияны көндіру Әміржанға қиын болған жоқ немесе Әміржанға Әсияны көндіру қиын болған жоқ (С.М.).
Толықтауыштың сөйлем ішіне енуі сөйлемнің семантикалық құрылымына, ондағы мүшелердің (сөздердің) семантикалық сипатына тікелей байланысты. Мысалы, 1) Алақанның ауырғаны жүрегеңді сыздатады (Ш.М). 2) Шөре-шөрелік сары дертке ұрындырады (Т.Ә) сөйлемдерінде 1) жүрегіңді сыздатады, 2) дертке ұрындырады тіркестері бар. Бұл сөйлемдердегі бас мүшенің тек өздерінің қиыса байланысуы ойды толық беруге жетімсіз болар еді және олардың арасында мағыналық байланыс мүлде болмас еді. (Алақанның ауырғаны сыздатады, шөре-шөрелік ұрындырады). Сондықтан екеуі де сөйлемді мағыналық жағынан толықтыратын мүшені (объектіні) қажетсініп тұр. Бірақ екі тіркестегі объектілердің болуының өзіндік ерекшеліктері бар: біріншісінде предикат қызметіндегі сөз өзінің лексикалық мағынасына сай келетін объектіні қажет етсе, екіншісінде баяндауыш екі жақты: әрі салттылық, әрі сабақтылық мағынаны білдіреді. Соған байланысты бұл сөйлемге табыс септігіндегі жіктеу есімдігінің бірін (мені, сені, оны) енгізуге болар еді. Бірақ, сөйлеу мазмұны нақты жаққа емес, жалпылама жаққа құрылғандықтан, мажмұнға қатысты екінші мүше – жанама толықтауыш сақталып тұр. Яғни, алғашқы сөйлемде «сыздау» сөзі адамның көңіл-күйіне қатысты болғандықтан, көбіне тек осы «жүрек» сөзімен тіркесіп қолданылса, екінші сөйлемдегі баяндауыш «ұрындыру» сөйлем мазмұнына қажетті өз мағынасына сәйкес келетін «дертке» сөзімен тіркесуді қажет етеді. Екінші жағынан, «дертке» сөзінің мағынасы да «ұрындыру» өзін немесе соған синонимдес сөздердің (мысалы, ұшырату) тіркесуін талап етеді. Бұл қатарға синтаксистік бастауышы жоқ, тек логикалық субъектісі бар бір негізді сөйлемдердегі объекті мен предикаттың тікесіне де жатқызуға болатын сияқты: Болыспен ым-жымы бір. Тәтіқараның сойқанымен жұмысы жоқ (Т.Ә).
Сонымен қорыта айтқанда, жай сөйлемдердің толықтауыш арқылы жайылмалануы, ең алдымен сөйлемнің синтаксистік құрылымына өзгеріс әкеледі. Екіншіден, сөйлемге толықтауыштың енуі сөйлеушінің хабар беру еркіне сай мазмұндық құрылым жасалуына да әсер етеді. Үшіншіден, сөйлемнің мазмұндық құрылымы предикат пен объекті арасындағы мағыналық байланыстың болуын қажет етеді. Осының бәрі, айналып келгенде тыңдарманға ойдың толық мәтінде жетуіне, сөйлемнің жүйелі, мағыналы құрылуына алып келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:


1. Байтұрсынұлы А. Шығармалар жинағы ІІІ Т. (Тіл – құрал). – Алматы: Ел-шежіре, 2013. – 384 б.
2. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: ҚазССР ҒА баспасы, 1954. – 564 б.
3. Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі. – Алматы: Санат, 1997. – 240 б.
4. Қазақ грамматикасы. – Астана: Астана полиграфия, 2002. – 784 б.
5. Томанов М, Садауақасұлы Ж. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері. – Қызылорда, 2001. – 54 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет