112 сөз, Ә.Дербісалов, «Қазақ даласының жұлдыздары»
№56 Шұға
Жаңа жеккен ат басымен алысады. Ендігі кішкене жүрсек, өтіп те кетеміз. Бірақ өткіміз келмейді. Аттың басын тежей берем. Кім біледі, бұдан кетсе Әбдірахман Шұғаны мәңгі көре алмас, яки көрсе де біраз уақыт сағынуға тура келер деген ой елестейді. Біріміздің ойымызды екіншіміз біліп келеміз. Бұрын түнде барғанда маңынан жүргізбейтін Есімбектің аю төбеттері үріп алдыңыздан шықты. Есіктің алдында бірталай адам жағалай отыр, көздері бізде. Әңгімені соғып отыр. Кім біледі, әлде бізді мазақ қылып отыр ма?! Басына кимешек киген Шұғаның үлкен жеңгесі қараша үйдің белдеуіне ботаны байлап, түйе сауып отыр. Үлкен үй мен отаудың арасында бәйбіше теңселіп жүр. Бәрі де маған қуанышты секілді көрінеді. Біздің кетіп бара жатқанымызға таңырқаған ешкім жоқ. Бәрі де күліп жүр, бәрі де босып жүр... Бірақ Шұға жоқ.
120 сөз, Б.Майлин.
№57 Қасқыр қуу
Күн кешкіріп, суытып келе жатқан. Көлденең қасқыр кездесті. Иттер қуа жөнелді. Биыл бұл жақта қар бетіне жұқа мұздақ тұрып қалған еді, иттердің жіліншігін қырқып, үшеуі да ақсай басатын. Қасында Кенжетай мен Шондығұл, Есеней де қасқырдың соңына түсті. Есеней қасқырға жақындай берді. Иттері аяншақтан тұрып қалғанын білген жоқ. Аты асқан жүйрік, “Байшұбар” атанған жүректі жылқы еді, бес шақырым жібермей қуып жетті. Енді-енді сойыл сілтер жер қалғанда қасқыр көлденең кездесе кеткен көлге жалт беріп еді, Байшұбар да бірге жалт бұрылды. Қасқыр кідірмей тарта берді. Есеней ат-матымен жағадағы жылымға күмп етіп құлады. Жауырын ортадан әлдене найзадай қадалғандай болып, Есеней қозғала алмай қалды. Кенжетай мен Шондыгүл келін жеткенде, шұбар ат олай бұлқынып, бұлай бұлқынып, ойылып кеткен жұқа мұзды кеңітіп алыпты. Есенейдің кеудеден жоғары жағы ғана көрінді.
132 сөз, Ғ.Мүсірепов «Ұлпан».
№58 Аңшылық - тіршілік көзі
Аңшы өз салтын құптайды. Біреу тазы ұстаса, біреу құс ұстайды, енді бірі тек жүйрік ат баптайды. Тағы бірі қақпан не тұзақ құрады. Енді бірі мылтық ұстайды. Осының ішінде ең бір қызықтысы: бүркіт, қаршыға, тұйғын, қырғи, ителгі, тұрымтай, жағалтай, бөктергі, күйкентай, бидайық сияқты құстарды баптау тәсілін қазақ халқы жақсы біледі. Қазақ халқы қыран, тағыларды баулуды, қолға үйретудің жолдарын жақсы білген. Жабайы хайуанға, құстарға айтқанын істетіп, аңшылық өнерін базарлаған елдің бірі.
Халықтың “екі бастан” дегені ертеден дегеніне саяды. Тіршілік ету, аң аулау о бастағы күнелтудің көзі, негізгі кәсібінің түріне жатса керек. Әр тағының табиғи бітімін, өзіне тән тіршілік қимылын, таңғажайып қылығын бағындыру, бабын табу, баули білу бағытын түсіну, пайдалы ету, қажетіне жарату, айлалы тәсілін шыңдау, амалын табу, қыбына қарай қимыл жасау әдістерін машықты дағдысына айналдырған.
123 сөз, О.Хаймолдин.
№59 Жылқы неге дірілдейді?
Ертеде жылқы Күнге қарап, былай дейді:
-О, барлық жан-жануарларға тіршілік сыйлаған қайырымды Күн, мені жануарлар арасындағы ең сұлулардың бірі деседі жұрт. Бірақ, кейбір дене мүшелерімді бұдан да әдемілеуге болар еді-ау деп ойлаймын.
-Сонда қай жеріңді түзеуге болар еді деп ойлайсың?- дейді Күн.
-Егер,-дейді жылқы,- аяқтарымды ұзындау әрі сидандау етсе, тіпті жүйрік болар едім, аққудікіндей ұзын мойын, анайтөстеу болсам, алымдырақ болар едім. Адамзатты көтеріп жүру үшін арқамнан мәңгі түспейтін ер де жасауға болады.
-Жақсы, сәл күте тұр,-дейді Күн.
Солай дейді де, Күн жерге түйені түсіреді. Алпамсадай арбиған жануарды көргенде жылқы әрі қорыққанынан, әрі таңқалғанынан дірілдеп қоя береді.
-Міне, сен қалағандай ұзын да сидаң аяқ, аққудың мойнындай ұзын мойын, жалпақ кеуде, ері де дайын. Қалай, сенің де осындай болғың келе ме?
Жылқы әлі де бойындағы дірілін баса алмай тұр екен.
-Ендеше, жөнел, - дейді Күн жылқыға.
Содан бері жер бетінде түйе де қалыпты. Жылқы болса, түйені көрген сайын әлі күнге дейін дір ете түседі екен дейді.
150 сөз, М.Қуанышбеков.
№60 Алатау шалғынында
Алатау шалғынының жоғары жағыңда -қорымдардың, зәулім жартастардың арасында, мәңгі қар басқан жерлерде жабайы қой-арқар, ешкі, таутеке кездеседі. Таутеке тау құздарын мекендейді. Ол жартастардың арасындағы аңғарларда түнеп, таңертең жайылымға шығады. Шаңқай түске дейін жайылып, түсте суатқа келеді. Күн ысыған кезде тастың арасында көлеңкелеп жатып тынығады. Кешке таман тағы да жайылымға шығып, жайлап жайылып отырып, жататын орнына қарай беттейді.
Күз түсіп, тауға қар жауа бастаған кезде таутекелер төмендеп түсіп, арша және басқа да бұталар өскен өңірге келеді.
Арқар өте ірі жануарлардың бірі. Кексе құлжаларының салмагы 160-180 кг тартады. Олардың артқа қарай иіріле ширатылған шаңырақтай үлкен мүйізі болады. Арқар биік таулардың ашық жазығын мекендейді. Ол түнде таудың мұз жатқан жеріне дейін өрлеп барып, қаннен - қаперсіз түнеп шығады. Ертеңгісін қайтадан жайылымға түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |