110 сөз, «Ежелгі Қазақстан» балалар энциклопедиясынан.
№31 Ұлы күйші
Өнерде өзіндік қолтаңбасымен жарқырай көрінген Қазанғапұлы Тәттімбет қазақ халқының ұлы күйшісі.
Тәттімбеттің туып-өскен ортасы көшпелілердің сан ғасырлық музыка мәдениетінің дәстүрі орныққан, арқауы бекіген өңір. Күйшіліктің тарихи тек-тамыры үзілмеген, рухани құнарлы аймақ.
Тәттімбет күйлерінің арқауы -өзі ғүмыр кешкен орта, өзі білетін ата-бабасының тарихы. XIX ғасырдағы ұлт мәдениетінің қайта өрлеу кезеңінде Тәттімбетті ең жарық жұлдыздарымыздың бірі етіп көрсететін қасиеті де осында. Тәттімбет өз заманының белгілі, беделді, лауазымды адамы болды. Халқы оны көзінің тірісінде-ак тура бидің соңғы тұяғы, сал-серісі, арқалы өнердің біртуары ретінде таныды.
Қазақ өнері тарихында Құрманғазы, Біржан сал, Тоқа, Ықылас, Жанақ, Жаяу Мұса сияқты дарындар Тәттімбетпен қадірлес, сыйлас қана емес, оның бойындағы аруақты өнерді ұлттың игілігі, ұрпақтың ырысы деп таныған.
108 сөз, А.Сейдімбеков.
№32 Сарыарқа
Арқаның көкірек көзі ояу, шежіре сөзге жүйрік, көне көз қарттарының әңгімесінде бұл оқиға әйгілі күйші Теттімбет өмірімен жанаса айтылады.
Құрманғазы күйші бірнеше жыл Үркіт түрмесінің, азабын тартып, ақыры қашып шығады. Сол жылы Сарыарқаның сайын даласы көк майсаға оранып, құлпырады. Табиғатпен кіндігі бір күйшіні ағайынның қонақжай көңілі шеккен азабынан сейілткендей болады. Тәттімбеттің есімін Ертіс бойында естиді, ел-жұртқа аға болған кісілік қамқорлығын біледі, сұлу сазды күйлерін тыңдайды. Тәттімбетке тарту ретінде “Сарыарқа” күйін дүниеге келтіреді.
Құрманғазы келгенде Тәттімбет қыстан бері созылып ауырып, төсек тартып қалған кезі еді. Құрманғазыдай қонақтың арнайы іздеп келіп, сәлем беруі Тәттімбетті сергіткендей.
Ардақты қонағына тай сойып, сыбаға береді. Асқақ та, арынды күйлерін тыңдайды. Арнайы тартуым деп әкелген “Сарыарқа” күйіне айрықша тебіреніп, риза сезімге бөленеді.
110 сөз, Тарақты Ақселеу. «Күй шежіре».
№33 Көкейкесті
Арада бірнеше күн өткенде Құрманғазы қайтпақшы болады. Асыл азаматты қимағанмен бола ма, Тәттімбет қонағының жол қамын әзірлейді. Қоштасар сәт те жетеді. Сонда Тәттімбет отырып айтты дейді:”Е, Құрманғазы, таң атпайын десе де күн қоя ма, жамырап табысып, жыласып айырылу пенде шіркіннің маңдайына жазылған. Өкініші көп өмірдің жұбанышындай жан екенсің, жортқанда жолың болсын! Сендей жанға өлетін мал, тозатын дүние жолдас емес. Көкейімнің түбіне байланған бір сарын бар еді. Сол шығайын деді білем. Менен де бір белгі болсын, қабыл ал!”
Тәттімбет іргеде сүйеулі тұрған домбырасын алады. Еті қаша бастаған саусақтарымен қос iшектi желпи қағып, тың сарынды бастайды. “Көкейімнің түбіне байланған бір сарын бар еді,”-деп тартқан бұл күй ел ішіне “Көкейкесті” деген атпем тарайды.
110 сөз, Тарақты Ақселеу «Күй шежіре».
№34 Домбыра
Домбыра. Осынау екі шекті аспапта қаншама құдірет жатқанын дәл айтып беру үшін қазақ дейтін халықтың талай ғасырғы тарихын баяндау керек сияқты.
Ол ықылым замандардан күні бүгінге дейін табиғаты мен үнін бұзбай жеткен халықтың қастерлісі. Халқын, тарихын сүйіп, қастерлей білетін ұл-қызының маңдайға басар қасиетті меншігі!
Домбыра үні... Осы құдіретті үн талай заманнан бері, халқымыздың өткенінен елес, тағдырынан қат-қабат сыр шертіп келеді. Осы жүрекке туыс үн қазір әр қазақтың шаңырағында естіледі. Еңкейген кәрі, еңбектеген жас қолына алса, рухтанып сала береді. Осы жүрекжарды сырға толы әуенмен жүздеседі. Халқының інжу-маржанын сүйер ұл мен қыз шаңырақ пен бесікке, от жанған ошаққа және домбыраға бас иеді.
Домбыра тым әріден, құмда ізі, қағазда сөзі қалмаған алыс ата-бабалардан бүгінге қалдырған ақжол аманаты екенін білу парыз.
110 сөз, «Балдырған» журналынан.
№35 Шәкәрім Құдайбердіұлы
Шәкәрім-ХІХ ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында Абайдан кейінгі ірі ақын, ғұлама ойшыл, философ. Әкесі Құдайберді 37 жасында дүниеден өтті. Шәкәрім атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болды. Жеті жасында өлең сөзге бейімділігі байқалады. Оның ерекше зеректігін байқаған Абай Шәкәрімді өз қамқорлығына алады. Ол молда сабағынан басқа орысша үйренеді. Ғылым-білімнің соңына түседі. Оның өнеге көрген ортасы Құнанбай маңындағы зиялы топ және ұлы Абайдың тағылымы болды. Абай Шәкәрімнің азамат және ақын ретінде қалыптасуына ерекше әсер етті. Абайдың кеңесімен әр түрлі кітаптар оқыды. Оқуға көп кеңіл бөлген Шәкәрімнің ақылы кемелденіп, ой өрісі терендеп өсті. Ақындық өнерін де таныта бастады. Қазақ халқының аса сыйлы ақыны, ғұлама ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлы репрессия құрбаны болды. Ол жазықсыз атылып кетті. Арада көптеген жылдар өткен соң ғана ақталды.
Достарыңызбен бөлісу: |