103 сөз, «Негеш» балалар энциклопедиясынан
№46 Өжет құмырсқа
Серуендеп келе жатып, құмырсқалардың илеуіне тап болдым. Олар қыс қамына қызу кіріскен сияқты. Ары-бері зыр жүгіріп, тыным табар емес.
Кенет ағаштан бір жұлдыз құрт түсті. Оны бір құмырсқа байқап қалыпты. Дереу жұлдыз құртына жабыса кетті. Құмырсқаның шаққаны жанына батты ма, құрт серіппеше жиырылып, жауын едәуір жерге ұшырып жіберді.
Құмырсқамен салыстырғанда үстін түк басқан жұлдыз құрттың түрі тым сұсты еді. Бірақ одан қорқатын құмырсқа жоқ. Есін жиып алды да, құртқа өршелене ұмтылды. Бұл жекпе-жектің нәтижесі де жаңағыдай болды. Құмырсқа сонда да беріспеді. Қайта-қайта шабуылдап, қарсыластарының есін жиғызар емес. Жұлдыз құрт енді шындап сасайын деді,соңғы күшін жинап, шөп арасына қарай тез-тез жылжи берді.
104 сөз, «Балдырған» журналынан.
№47 Темекі
Сигарет пен папирос жасалатын темекі жапырағында никотин уы бар. Ол жүректі, миды, өкпені уландырады. Темекі тартатын адамдар тыныс жолдары және бронхит ауруларымен жиі ауырады. Темекі тарту жаман ауруларға душар етеді. Өңеш, өкпе, асқазан, бауыр, қан рагы темекі тартатын адамдарда көп болады.
Темекінің тағы бір зияны - адам организмі темекі құрамындағы никотин уына дағдыланып алады да, онсыз ұура алмайтын болады. Никотинге үйренгсн адам темекі тартуды қатты аңсап, өзін шөлдеп, немесе ашығын тұрған сияқты сезінеді. Сондықтан темекіні тастап кету өте қиын. Дұрысы, темекіні ешқашанда тартпау, ауызға алмау. Темекі организмге зияннан басқа ешқандай пайда келтірмейді. Осыны жастай түсінген дұрыс. Ал жас организмге тіпті қауіпті. Атақты дәрігер С. Боткин: ”Егер мен темекі тартпаған болсам, әлі де 10-15 жыл өмір сүрерім анық еді” деп жазған екен.
120 сөз, Газеттен.
№48 Шай
Шай Қытайда біздің заманымыздан 2700 жыл бұрын пайда болған. Кейініректе шай Үндістанға, Индонезияға, Шри-Ланка аралдарына тарады. Ресейде шайдың дәмін осыдан екі жүз жылдан астам бұрын патша сарайындағы адамдар татып көрді. Бұрын Ресейге шай Қытайдан жеткізіліп тұрды. Ауқатты адамдар шайды көптеп алғызатын болған. Түйелі керуенге тиелген шайдың тендері Нижегород жәрмеңкесіне жеткенше бір жылдай уақыт кететін. Шай жер-жерге осы жәрмеңке арқылы жеткізілетін еді. Шай негізінен қара және көк шай түрінде болады. Оның толып жатқан атаулары бар. Шайдың құрамындағы кофейннің адамды сергітетін қасиеті бар. Танин шайға дәм берсе, ал эфир майы хош иіс береді. Қазақстанда шай өте кең тараған және оның түрлері де көп. Қазір шайдың құрамына түрлі дәндер қосып, олардың дәмін түрлендіріп шығарады.
112 сөз, Журналдан.
№49 Аязда
Тиін онша қонақжай аң емес. Әрқайсысы жеке-жеке, өз ұяларында, өз беттерінше өмір суреді. Бірінің ұясына бірі кіріп, араласу былай тұрсын, егер бір тиін байқамай бөтен інге кіріп кетті ме, бәлеге қалғаны. Оны ұядан түйгіштеп қуып шығады. Күннің жылы мезгілінде тиіндердің мінезі ылғи да осылай. Ал суық түскен кезде олардың мінезі күрт өзгереді. Олар қысқы аязда жеке тұрып, суыққа төзе алмайтындарын сезеді. Соңдықтан топтасып алады. Бұл кезде тиіндерден асқан тату-тәтті топты табу қиын. Қақаған суық түндерде бес-алтыдан бірігіп, бір ұяда жатады. Біріне- бірі жымдаса тығылысып алады да, шөп-шаламмен ұяның аузын бекітіп тастайды. Сөйтіп, қыстың ұзақ аязды түндерін қамсыз өткізеді. Сыртта алай-түлей боран соғып тұрса да, қақаған сары аяз сықырласа да, тиіндер былқ етпейді. Тиіндер қауымының ынтымақтастық қасиеті осындай.
118 сөз, А.Синявский
№50 Олимпиада ойындары
Олимпиада ойындарының тарихы әріде жатыр. Олимпиадалық ойындардың жүйеге түсуі 1894 жыл.
1894 жылы Парижде өткен халықаралық конгресте 34 мемлекеттің мақұлдауымен Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) құрылды. Осы комитеттің шешімімен 4 жылда бір рет олимпиадалық ойындар өтетін болып белгіленді.
Бірінші олимпиадалық ойын 1896 жылы Греция астанасы Афинада өткен. Онда 8 спорттық ойын түрінен жарыс өтті. Бұл ойынға Еуропа мен Америка құрылығынан 13 мемлекет, 285 спортшы қатысты. Он мыңдай көрермен бір апта бойы спорт ойындарының куәсі болды. Содан бері жазғы олимпиада ойындары 27 рет өтті. Әр олимпиада ойыны болған сайын жаңа рекордтар дүниеге келді. 1996 жылы 19 шілдеде Атлантада XXVI олимпиада өткізілді. Онда спорт қозғалысының 100 жылдығы атанды. Атлантада олимпиада саябағы ашылды.
Достарыңызбен бөлісу: |