1. Есту қабілеті бұзылған (естімейтін) оқушыларды арнайы мектепте (сыныпта) оқытудың ерекшеліктері Білім беру процесі келесі деңгейлерге бөлінеді:
− бастауыш білім – 0, 1-4 сыныптар;
− негізгі орта білім - 5-10 сыныптар.
Мектепке дейінгі дайындықтан толық өтпеген балалар дайындық (0) сыныбына түседі. Дайындық (0) және 1-7 сыныптарда оқыту арнайы бағдарламалар мен оқулықтар бойынша жүргізіледі. 8-10 сыныптарда оқитын білім алушылар жалпы білім беретін мектептің бағдарламалары мен оқулықтары бойынша білім алады, ондағы материал оқушылардың білім алудағы ерекше қажеттіліктерін ескере отырып бейімделеді және қайта бөлінеді. 5-сыныптан бастап қазақ әдебиеті орыс тілінде жүргізіледі (орыс тілді мектептер үшін). «Алгебра» және«Геометрия» пәндерін оқыту 8-сыныптан бастап іске асырылады, өйткені естімейтін балаларға арналған арнайы оқу бағдарламасына сәйкес математика пәнін оқыту 7-сыныпта аяқталады.
Үлгілік оқу жоспарында міндетті түрде оқытылатын түзету пәндері ұсынылған:
1) «Заттық – тәжірибелік оқыту» (0-4-сыныптар). Міндеті – жоғары психикалық қызметтерді қалыптастыру, жалпы білім беру пәндері бойынша білімдерін меңгеруге арналған база ретінде тұрмыстық түсініктерді игеру үшін тілді үйрену;
2) «Түзету ырғағы» (0-4-сыныптар). Міндеті – электроакустикалық аппараттарды қолдану арқылы естіп қабылдауын қарқынды дамыту жағдайында қозғалысы мен сөйлеу тілін дамыту;
3) «Ым-ишараттық сөйлеу тілі» (4-10-сыныптар). Міндеті – оқушының коммуникативтік қызметін қамтамасыз ету. Республика мектептерінде естімейтін оқушыларды оқыту есту-көру негізінде іске асырылады, оқыту процесіндегі ыммен сөйлеу оқушыларға бағдарламалық материалды сапалы меңгеруге көмектесетін көмекші құрал ретінде пайдаланылады;
4) «Ауызекі және тұрмыстық сөйлеу тілі» (4-10-сыныптар). Міндеті – еститін адамдармен қарым-қатынаста қолданылатын күнделікті қатынас сөз қорын, қарым-қатынас әрекетін дамыту;
5) «Дыбыстардың айтылуын қалыптастыру және есту қабілетін дамыту және (ДАҚ және ЕҚД). Сабақтарда ауызша сөйлеу тілі қалыптасады және қалдық есту арқылы сөйлеу дамиды.
0 мен 4-сыныптарда, сонымен қатар 5-6-сыныптарда ДАҚ және ЕҚД сабақтары әр сыныпқа жеке ретпен, апталық жүктемесі 16 және 18 сағат көлемінде жүргізіледі. 7-9-сыныптарда ДАҚ және ЕҚД бойынша сабақтар аптасына 4 сағаттан (жұппен), 10-сыныпта 2 сағаттан жүргізіледі. Сөйлеуде өзін-өзі бақылау дағдысын қалыптастыру, сөйлеуде дыбысты шығару жағын түзеу, диалогиялық сөйлеумен жұмыс жасау жалғасады.
Түзету циклінің сабақтары күннің бірінші, сондай-ақ екінші жартысында топпен, шағын топпен және жеке түрде жүргізіледі.
Негізгі мектептің жалпы білім беру бағдарламаларының курсын табысты меңгерген оқушылар үшін жалпы орта білім мен мамандық алу мақсатында әрі қарай оқуды кәсіптік колледждерде, кешкі мектептерде жалғастыруға мүмкіндік бар.
2. Есту қабілеті бұзылған (нашар еститін,кейіннен естімей қалған) оқушыларды арнайы мектепте (сыныптарда) оқытудың ерекшеліктері Білім беру процесі келесі деңгейлерге бөлінеді:
− бастауыш білім – 0, 1-4-сыныптар;
− негізгі орта білім – 5-10-сыныптар.
Мектепке дейінгі дайындықтан өтпеген балалар дайындық (0) сыныбына түседі. Дайындық (0), 1-4-сыныптарда оқыту арнайы бағдарламалар мен оқулықтар бойынша жүргізіледі. 5-10-сыныптарда білім алушылар жалпы білім беретін мектептің бағдарламалары мен оқулықтары бойынша білім алады, ондағы материал оқушылардың білім алудағы ерекше қажеттіліктеріне және негізгі мектепте оқыту мерзімінің артуын ескере отырып бейімделеді және қайта бөлінеді.
Қалыптастырудың есту-көру негізін жасауға және оқушылардың ауызша сөйлеу тілін жетілдіруге мүмкіндік туғызатын есту қабілетін дамытуға, дыбыстардың айтылуымен жұмысқа, еріннен оқуға арнайы көңіл бөлінеді.
Оқу жоспарына «Дыбыстардың айтылуын қалыптастыру және есту қабілетін дамыту» (0-10 сыныптар), «Түзету ырғағы» (0-7 сыныптар), «Айналамен таныстыру» (0-2 сыныптар) сияқты түзету курстары қосылған. Түзету циклінің сабақтары күннің екінші жартысында топпен, шағын топпен жүргізіледі. Түзету циклінің сабақтары топпен және жеке түрде күннің бірінші жартысында, сондай-ақ екінші жартысында жүргізіле алады.
Негізгі мектептің жалпы білім беру бағдарламаларының курсын табысты меңгерген оқушылар үшін жалпы орта білім мен мамандық алу мақсатында әрі қарай оқуды кәсіби колледждерде, кешкі мектептерде жалғастыруға мүмкіндік бар.