Дене шынықтыру «Дене шынықтыру» пәнін оқытудың мақсаты денені салауатты шынықтыруға, спорттық-спецификалық қозғалу дағдылары мен дене бітімі қабілеттерін меңгеруге бағытталған дене шынықтырудың негіздерін қалыптастыру болып табылады.
Дене шынықтыру мұғалімі денсаулығына байланысты арнайы медициналық топқа жатқызылған оқушылармен сабақ ұйымдастыру үшін дене жаттығуларының өсіп келе жатқан ағзаға тигізетін ықпалы туралы жеткілікті білуі тиіс.
Дене шынықтыру мұғалімдері оқушы организмінің анатомиялық-физиологиялық ерекшеліктеріне (жетілуіне) сәйкес өздерінің педагогикалық тәсілдерін бақылауы және өзгертуі тиіс.
Арнайы медициналық топтағы білім алушылардың шалдыққан сырқаттарының ауырлығына және сипатына байланысты дене шынықтыру сабақтарында дифференциалды оқыту үшін оларды А және Б кіші топтарына бөлу ұсынылады:
1) А кіші тобы – денсаулықтары түрлі сырқаттармен әлсізденген, бірақ қалпына келтіруге болатын ауытқулары бар білім алушылар;
2) Б кіші тобы – сыртқы ағза мен ішкі органдар жүйесінде ауыр сырқатқа шалдыққан, қалпына келтіруге болмайтын өзгерістері бар білім алушылар (жүрек-қан тамырлары ауруы, несеп шығару жолдарының аурулары, бауыр аурулары; көз түбінің өзгеруі салдарынан көру қабілетінің жоғары деңгейде бұзылуы).
«Дене шынықтыру» пәнінің мұғалімі білім алушыларды олардың денсаулық жағдайларына сәйкес кіші топтарға бөледі; сырқаттану диагнозына байланысты білім алушыларға жаттығуларды белгілейді; оқыту, сабақ беру және бағалау процесіндегі әдістерін дараландырады; сабақтарда орындалатын қимыл-қозғалыс әрекетінде өз білімдерін жетік қолдана алатын, медициналық білімі бар мамандардың қолдауымен сабақ өткізеді.
«Дене шынықтыру» пәні бойынша қалыптастырушы бағалау өткізіледі. Пән бойынша білім алушылардың қалыптастырушы бағалау нәтижелері оқушылар мен ата-аналарға берілетін кері байланыс үшін материал болып саналады.
«Дене шынықтыру» пәні бойынша тоқсан соңында және оқу жылының соңында «есептелінді»/«есептелінген жоқ» бағасы сынып журналына қойылады.
Пән бойынша оқу жүктемесінің көлемі аптасына:
- 1-сыныпта 3 сағат, оқу жылында 99 сағатты;
-2-сыныпта – аптасына 3 сағат, оқу жылында 102 сағатты құрайды.