Алдағы уақытта жаңартылған білім беру мазмұнын кезең-кезеңімен енгізу кезінде мазмұнының сабақтастығын сақтау мақсатында:
7-сыныпта 6-сыныптың (орта ғасырлар) жаңа бағдарламасы енгізіледі, бұл тарихи кезеңдерді оқытуда сабақтастықты сақтап қалуға мүмкіндік береді;
8-сыныпта 7-сыныптың (жаңа кезең) жаңа бағдарламасы енгізіледі, бұл да тарихи оқиғаларды оқытуда сабақтастықты сақтауға мүмкіндік береді;
9-сыныпта 8-9-сыныптардың (қазіргі заман тарихы) мазмұнын қамтитын өтпелі бағдарлама енгізіледі;
Барлық жалпы білім беретін мектептерде 9-сыныптың өтпелі бағдарламасы екі оқу жылында қолданылатын болады.
«Қазақстан тарихы» пәнін оқудың ерекшеліктері:
Оқу пәнінің мақсаты: білім алушылардың бойында тарихи сана, қазақстандық патриотизм, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастыру, зерттеушілік, ойлау, коммуникативті дағдыларды дамыту.
«Қазақстан тарихы» пәні бойынша оқу жүктемесі:
5- сыныпта аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағат;
7-сыныпта аптасына 2 сағат, оқу жылында 68 сағат.
5,7-сыныптарда «Қазақстан тарихы» пәні бойынша Қазақстан қоғамының ежелгі дәуірдегі және орта ғасырдағы әлеуметтік, мәдени, саяси, экономикалық салалардың негізгі даму кезеңдері оқытылады. Қазақстан тарихы ата-бабалар мәдениетінің бірегейлігі, тарихи процестердің біртұтастығы мен сабақтастығын түсінуге мүмкіндік береді. Көшпелілердің әлемдік тарихтағы орны мен ролін, адамзат өркениетіне қосқан үлесін жаңа өркениеттік тұрғыдан қарастырады. Оқу пәнінің өткенді саралау, бүгінгі күнді сипаттау және болашақты бағдарлаудағы маңызы ерекше.
Тарихты оқыту – оқу мақсаттарын анықтау, оқыту мазмұнына сәйкес материалдарды саралау, оқытудың тиімді әдістерін анықтауды және т.б. құрайтын күрделі процесс
Оқу пәнінің мазмұны төрт бөлімді қамтиды:
1) Әлеуметтік қатынастардың дамуы;
2) Мәдениеттің дамуы;
3) Мемлекеттің дамуы;
4) Қазақстанның экономикалық дамуы. Аталған бөлімдер сыныптар бойынша оқу мақсаттарын қамтитын бөлімшелерден тұрады.
Мысалы,«Мәдениет» бөлімі бойынша оқу мақсаттары
Бөлімше
|
5-сынып
|
6-сынып
|
7-сынып
|
8-сынып
|
9-сынып
|
Өнер мен әдебиет
|
5.2.2.1
Археологиялық ескерткіш-терді салыстыру
|
6.2.2.1
күй, аңыз, шежіре, эпостық жырлардың тарихи дереккөзі ретіндегі маңыздылы-ғын айқындау
|
7.2.2.1
халық ауыз әдебиеті мен музыка өнері туындыларының тарихи дереккөзі ретінде құндылығын бағалау
|
8.2.2.1
қазақ зиялыларының шығармашы-лық мұрасын талдау және қоғамдық санаға тигізген әсеріне баға беру
|
9.2.2.1
кеңестік әдебиет пен өнер туындыларында қоғамдық өмірдің бейнеленуін талдау
|
Пәнді оқытуда білім алушылардың тарихи ойлау дағдыларын дамыту және олардың тарихи процестердің мәнін түсінуіне көңіл бөлу ұсынылады.
Сонымен қатар оқу процесін ұйымдастыру барысында оқу мақсатында нақты көрсетілмеген дағдыларды да дамытуға болады. Мысалы, «ежелгі мемлекеттік бірлестіктердің құрылуын түсіндіру» оқу мақсаты білім алушылардың ежелгі мемлекеттік бірлестіктердің құрылуын түсіндіруді қажет етеді. Оған қоса мұғалім білім алушыларға тарихи картадан ежелгі мемлекеттік бірлестіктердің орналасқан жерлерін көрсетуге тапсырма бере алады, бұл өз кезегінде білім алушылардың бойында уақыт пен кеңістікте бағдарлану дағдыларының дамуына септігін тигізеді.
«Дүниежүзі тарихы» пәнін оқудың ерекшеліктері:
«Дүниежүзі тарихы» пәні білім алушылардың бойында тарихи сана, толеранттылық, өз елі және басқа елдердің тарихы мен мәдениетіне құрметті қалыптастыру, ғасырлар бойы қалыптасқан жалпы адамзаттық құндылықтарды меңгерту және зерттеушілік, ойлау, коммуникативті дағдыларды дамытуға бағытталған.
«Дүниежүзі тарихы» пәні бойынша оқу жүктемесі:
5-сыныпта аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат;
7-сыныпта аптасына 1 сағат, оқу жылында 34 сағат.
«Дүниежүзі тарихы» пәнінің білім мазмұны төрт бөлімді қамтиды:
1) Әлеуметтік қатынастардың дамуы;
2) Мәдениеттің дамуы мен өзара әрекеттестігі;
3) Саяси жүйелердің дамуы мен өзара әрекеттестігі;
4) Экономикалық қатынастардың дамуы. Аталған бөлімдер сыныптар бойынша оқу мақсаттарын қамтитын бөлімшелерден тұрады.
Жаңартылған бағдарламаға сәйкес тарихты оқу пәні ретінде жүйелі оқыту толықтығы және логикалық аяқталуына қатысты тұтастығымен сипатталатын 5-сыныптан басталады.
Бағдарлама білім алушылардың ежелгі дәуір өркениеті туралы жүйелі түсінігін қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан адамға, оның өмір салтына, өзіндік ерекшелігіне, тұрмыс-тіршілігіне және мәдениеттің маңызды көріністері: дін, мифология, ғылым мен мәдениетке ерекше мән бере отырып, ежелгі қоғам тарихын кешенді сипаттауға басымдық берілген.
Сабақ мазмұны және оқытудың қолданылатын формалары мен әдістері білім алушылардың білімді толық меңгеруіне, білім алушының жеке тұлғасын қалыптастыруға және Ежелгі дүние тарихының тәрбиелік әлеуетін іске асыруға бағытталуы қажет. Тарихты зерделеу нәтижелерінің бірі өткен оқиғалардың жарқын және әсерлі бейнелері негізінде құрылған білім алушылардың тарихи түсінігін қалыптастыру болып табылады.
Оқыту процесінде білім алушылардың бейнелік түсігінігін дамытуда көрнекіліктерді түрлендіріп қолданудың маңызы зор. 5-сынып білім алушылары сурет желісін, бейнефрагментті сипаттау, ерекшеліктерді анықтау, оған сұрақ қоя білу, қысқа әңгіме құру және онда тарихи ұғымдарды қолдана білуі қажет. Білім алушыларда тарихи картамен жұмыстың негізі 5-сыныптан қаланады, ол картаның шартты белгілерін қолдана білуі, тарихи және географиялық нысандарда дұрыс бағдарлана білуді қажет.
Жаңартылған оқу жоспарлары оқыту процесінің тиімділігі мен өнімділігін арттыруға бағытталған. Сонымен, тарихи ойлау дағдыларын пәндік (мазмұн) мақсаттармен байланыстыру оқыту мақсаттарын біршама қолжетімді және өлшемді етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар оқу процесін ұйымдастыру барысында оқу мақсатында нақты көрсетілмеген дағдыларды да дамытуға болады. Мысалы, «Қоғамдағы діннің рөлін шектеуге қатысты адамдар өміріндегі өзгерістерді анықтау» (7-сынып) оқу мақсаты білім алушылардан міндетті түрде осы мәселе бойынша тарихи деректерге салыстырмалы талдау жасау негізінде себеп-салдарлық байланысты анықтауды қажет етеді.
Оған қоса мұғалім білім алушыларға тарихи картадан ислам мен христианның таралу динамикасын көрсетуге және сол арқылы білім алушылардың бойында уақыт пен кеңістікте бағдарлану дағдыларының дамуына септігін тигізеді.
«Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндерін оқытуға
әдістемелік ұсынымдар.
Мұғалім оқыту процесінің әдісі мен ұйымдастырылуын анықтайтын ұйымдастырушылық-әдіснамалық принциптер: білімнің зерделілігі, толықтығы, тұтастығы, сабақтастығы, өзара байланыстылығы мен білім алушылардың жас ерекшелігіне сәйкестігіне сүйену қажет.
Оқу процесінде білім алушыны ынталы, қызығушылығы жоғары, дербес, сенімді, жауапты, талдау жасай алуға бағыттайтын оқытудың түрлі формалары ұсынылады:
мұқият іріктелген тапсырмалар мен іс-әрекет түрлері арқылы білім алушыларды ынталандыра және дамыта оқыту;
білім алушыларды зерттеу және зерттеушілік жұмыстарын жүргізуге негізделген белсенді оқытуды ұйымдастыру;
білім алушылардың сыни ойлау дағдыларын дамыту;
білім алушылардың жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, деңгейлік тапсырмалар құрастыру;
білім алушылардың жеке, жұптық, топтық және тұтас сыныптық жұмыс түрлерін ұйымдастыруды қолдану ұсынылады.
Пәндерді оқытуда білім алушылардың басқа пәндерден алған білімдеріне сүйену қажет.
Пән мазмұнына сәйкес «Дүниежүзі тарихын» оқытуда тарихи зерттеу жүргізу (гипотезалар ұсыну, зерттеуге арналған сұрақтар құрастыру, деректерді талдау, әртүрлі көзқарастарды салыстыру, қорытындыларды тұжырымдау,өз көзқарасын анықтау) дағдыларын қалыптастыру мен дамыту ұсынылады.
Мұғалімнің сабаққа арнайы әзірлейтін тапсырмалары келесі критерийлерге сәйкес болуы қажет:
тапсырманың мақсаты мен орындалуының қолжетімділігі;
саралауға негізделуі;
сын тұрғысынан ойлауды дамытуға мүмкіндік туғызуы;
проблемалық оқытуға негізделуі;
бағалау мүмкіндіктерінің болуы .
Жұмыстың келесі түрі – оқушының уақыт пен кеңістікте бағдарлану дағдыларының дамуына септігін тигізетін тарихи карталарды қолдануы болып табылады. Бұл тарихи оқиғаларды, олардың өзгерісі мен даму жағдайын картада белгілеуге берілетін тапсырмалардан көрінеді.
Білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, презентация, интеллект карталар, диаграммалар жасауға тапсырмалар беру ұсынылады.
Тарихи тұлғаға сипаттама бергенде мынадай арнайы жадынаманы қолдану ұсынылады:
- тарихи қайраткердің сыртқы бейнесін суреттеу;
- тұлғалық белгілерін сипаттау;
- өмірінің ең жарқын мыңызды фактілерін атау;
- тұлғаның тарихқа қосқан үлесіне баға беру.
Бұл тарихи тұлғалардың іске асырған ерекше әрекеттерінің білім алушының есінде ұзақ сақталуына мүмкіндік береді.
Тарих пәні ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды, адамдардың құқығы мен бостандығын құрметтейтін және қабылдайтын, Отанының дамуына өз үлесін қосуға ниетті тұлғаны тәрбиелеуден көрінетін «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық біріктіруші идеясын іске асыруда маңызды рөл атқарады..
Білім алушылардың тарихи білімін тәжірибеде нақтылау мақсатында мүмкіндігінше мұражайларға, тарихи ескерткіш орнатылған немесе тарихи-археологиялық орындарға экскурсиялар ұйымдастыру ұсынылады.
«Қазақстан тарихы» пәні бойынша ұсынылатын сайттар: http://www.tarih-begalinka.kz; http://www.e-history.kz; http://bilimsite.kz/tarih/; http://testcenter.kz/entrants/for-ent/.
«Дүниежүзі тарихы» пәнінен ұсынылатын сайттар:
http://www.world-history.ru; http://historic.ru; http://historyatlas.narod.ru; http://testcenter.kz/entrants/for-ent/.
Сыныптан тыс оқу-тәрбие жұмыстары білім алушыларды қоғамдық өмірге бейімдейтін, жұмыс тәжірибесін жинақтайтын, жаңа жағдайдағы қарым-қатынасқа үйрететін, қызығушылықтар мен талаптарды іске асыратын әлеуметтік ортаның бір бөлігі болып табылады.
Тәрбиелік компонент
Пән мазмұны біздің ата-бабаларымыздың бірегей мәдениетін, Қазақстанның әлемдік тарихтағы орны мен рөлін, оның әлемдік өркениетке қосқан үлесін түсінуге, мүмкіндік береді.
«Қазақстан тарихы» пәні бойынша сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру және жоспарлау барысында 2017-2018 оқу жылында мерекеленетін мерейтойлық шараларға көңіл бөлу ұсынылады:
1) Қазақ халқының XVII – XVIII-ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығы (1667-1764);
2) Қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күрестегі әйгілі батырларының бірі Тама Есет Көкіұлының 350 жылдығы (1667-1749);
3) Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл (1917-2017);
4) Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына 80 жыл (1937-2017);
5) Белгілі қолбасшы, қазақ халқының батыры Қабанбай батыр Қожақұлұлының 325-жылдығы (1692-1770);
6) Бірінші ресми емес қазақ Конституциясына «Қазақ елінің Жарғысы» 105 жыл (1912-2017);
7) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 25 жыл (1992-2017);
8) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне 25 жыл (1992-2017);
9) «Астана ЭКСПО-2017 «Болашақ энергиясы» Халықаралық мамандандырылған көрмесі (маусым-қыркүйек, 2017);
Мектепте сыныптан тыс жұмыстар төмендегі шаралар арқылы жүзеге асады:
- базалық кәсіпорындарда, табиғат аясында, мәдени мекемелерде, мұражайларда;
- таңдауы бойынша еркін сабақтар, оқу пәндері бойынша сайыстар мен олимпиадалар жүргізу;
- оқу бағдарламаларына сай қосымша арнаулы сабақтар өткізу;
- кіріктірілген және пәнаралық оқу сабақтарын жүргізу және т.б.
Сыныптан тыс жұмыстар білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып, алған білімдерін тереңдетіп, өздігінен іздене білуге үйретеді. Сонымен қатар теориялық білімін кеңейтіп, толықтыра түседі және білім алушылардың жеке қабілетін дамыта түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |