Еңбекке баулу Оқу пәні бастапқы технологиялық білім, еңбек білігі мен дағдысын, іс-әрекетті жоспарлау және ұйымдастыру тәсілдерін меңгерту; сенсорика, қол саусақтарының ұсақ моторикасын, кеңістік қиялын, ақпарат түрлерінде бағдарлау қабілеттерін дамыту; қоршаған әлем өзгерісіндегі адам еңбегінің рөлі туралы білімді меңгерту; адам және адам еңбегіне құрметпен қарауға, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған.
4-сынып оқулығында «Сым темірмен жұмыс», «Фольгамен әшекей бұйымдар жасау», «Қошқар мүйіз оюының орындалу реті» тақырыптары қарастырылмауына орай, мұғалім пәнді оқытуды жоспарлауда бұл тақырыптарды оқу бағдарламасына сәйкес басқа тақырыптармен алмастыра алады.
«Еңбекке баулу» пәні бойынша оқу жүктемесі 3, 4-сыныптарда аптасына 2 сағаттан, жылына 68 сағатты құрайды.
Бағалау нормалары: Бағалар жалпы орындалған не жасалған бұйым, жеке технологиялық операциялар; жұмыс жоспарын құра білу, тәжірибе жасау, материалдардың қасиетін анықтау, материалдар мен құралдарды дұрыс атау, олардың міндетін анықтау, олармен қауіпсіз жұмыс ережесін атау білігі үшін қойылады.
Жалпы алғанда бұйымды орындау «5» бағасы құралдармен қауіпсіз жұмыс ережесін сақтай отырып, қатесіз және мұқият жасалған бұйымға қойылады (қолданылатын материал бойынша құралды таңдау, сонымен қатар, сабақ бойы жұмыс орнында тазалықты сақтау білігі ескеріледі).
«4» бағасы осы талаптар есебінен қойылады, бірақ бұйым құрылымын бұзбай түзетуге жол беріледі.
«3» бағасы бұйым мұқият орындалмаған, бірақ құрылымы бұзылмаған жағдайда қойылады.
Көрсеткен дербестігі мен шығармашылықпен орындалған жұмыс үшін бағаны бір баллға көтеріп қоюға болады немесе қосымша бағаланады.
Құрылымы бұзылған, өз мақсатына сай емес бұйым бағаланбайды, оны түзетуге, қайта жасауға болады.
Тексеру жұмысы кезінде дайын бұйым үшін баға барлық оқушыларға қойылады. (Тексеру жұмыстары әр тоқсан сайын және жыл соңында жүргізіледі. Олар белгілі бір сабақтар санынан кейін жеке операцияларды меңгеруін тексеру немесе жұмыс түрлері бойынша қорытынды сабақ болуы мүмкін).
Жеке технологиялық операциялар «5» бағасы әртүрлі белгілеулердің, материалдарды пішудің нақтылығына, бүгудің дұрыстығына, тегіс сырылуына; үлгіге немесе суретке сәйкес конструктор бөлшектерінен бұйымды орындау дәлдігіне; материалдарды, құралдарды олардың мақсатына сәйкес бұйым құрылымына ұжымдық талдау жасағаннан соң жеке жұмыс жоспарын құруға (3-сынып); жоспар құру, бұйымға өздігімен талдау жасауына (4-сынып), түсіндірумен көрсету білігіне (3, 4-сыныптар) қойылады.
«4» бағасы, егер оқушы белгілеу кезінде дәлсіздікті жіберсе (3 мм дейін), пішуде 1 мм дейін белгілеу жолынан ауытқыса, материалды үнемсіз қолданса; жұмыс орнындағы тәртіпті мұғалімнің ескертуінен кейін сақтаса; жұмыс жоспарын мұғаліммен бірге құрса (3-сынып), алдағы жұмыс жоспарын өздігімен 1 қатемен құрса (4-сынып) қойылады.
«3» бағасы, егер оқушы белгілеу кезінде дәлсіздікті жіберсе: 2мм-ден 5 мм-ге дейін – 3-сыныпта, 5 мм-ге дейін – 4-сыныпта; материал мен құралдарды тиімсіз қолданса (3-сынып), мұғаліммен бірге жұмыс жоспарын құру кезінде 3 логикалық қате жіберсе (3-сынып), бұйымды жасаудың жұмыс жоспарын өздігімен құруда 2 логикалық қате жіберсе (4-сынып) қойылады.
Оқушылардың білімі мен біліктерін әділ бағалау үшін әр баланың бағдарлама материалын меңгеруін есепке алу қажет. Егер мұғалім сұрау мен бақылауды жоспарлаған жағдайда баға әділ болуы мүмкін. Сабақтың жоспарында бақылайтын 3-4 оқушының аты-жөнін жазады, олардың сабақ бойы жұмыс орнында тәртіпті қалай сақтайтынын бақылайды, 3-4 оқушының материал бойынша нақты бөлшектерін нақты белгілей алу ептігін бақылайды, келесі 3-4 оқушының желіммен мұқият жұмыс істеу ептілігін, сабақтағы құралдармен қауіпсіз жұмыс істеу тәртібін сақтай отырып сыруды орындауын немесе жұмыс істеуін бақылайды.
Егер оқушы мұғалім берген тапсырманы орындай алмаса, мұғалім жұмысты қалай орындау керек екенін оқушыға қайтадан көрсетуі тиіс. Бұл жағдайда баға бірнеше сабақтан соң қойылады.
Осылайша, бір сабақта мұғалім бірнеше бағалайды, бірақ олар оқушының нақты білімі мен білігіне қойылады.