Бейнелеу өнерi пәні тұлғаның эмоциялық-бейнелі, көркемдік ойлау түрін қалыптастыруға бағытталған рухани іс-әрекетінің шарты болып табылады.
Оқыту мақсаттары: - эстетикалық сезімдерін, бейнелеу өнеріне қызығушылығын; адамгершілік сезімін қалыптастыру, өнегелі тәжірибесін байыту, ізгілік пен зұлымдық туралы ойларын қалыптастыру; Қазақстан және басқа елдердегі халықтардың мәдениетін құрметтеу;
- қиялын, кез келген іске шығармашылық тұрғыдан қарау ниеті мен икемділігін, өнер мен қоршаған әлемді қабылдау қабілетін, көркемдік қызметте бірлесіп жұмыс істеу шеберліктері мен дағдыларын дамыту;
- өнер құралдарының көмегімен оқушылардың шынайы өмірге деген эстетикалық көзқарасын тәрбиелеу және өмірлік түйсігін қалыптастыру;
- халық шығармашылығына деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін тәрбиелеу;
- аңғарымпаздығы мен көріп есте сақтау қабілетін дамыту;
- оқушылардың көркем композиция жасау мен орындалған жұмыстарды сыныпта қарап, талқылау процесінде көркемдік талғамын, талдау қабілеттері мен эстетикалық уәждемелерін дамыту.
Оқыту міндеттері: - қоршаған әлемге көзқарасын өзінің шығармашылық жұмыстарында көрсете білу қабілетін дамыту;
- сурет, кескіндеме, композиция бойынша бейнелеу сауаты негіздерімен, жылы және суық түстермен таныстыру және оларды айыра білуге үйрету;
- бейнелеу өнерінің түрлерімен (графика, кескіндеме, сәндік-қолданбалы өнер, мүсін, дизайн, сәулет өнері) және жанрларымен (пейзаж, портрет, натюрморт, анималистика және т.б.) таныстыру;
- көркемдік дағдыларды меңгеру (әртүрлі материалдармен жұмыс істеу және әртүрлі бейнелеу техникасын игеру);
- шынайы өмірде көркем мәдениеттің көрінісін байқау және түсіне білу қабілетін дамыту (мұражайлар, сәулет, дизайн, мүсін және т.б.);
- балаларда сезімдік-эмоциялық белгілерді: зейінді, есте сақтауды, қиялды, елестетуді дамыту;
- оқушылардың қолдарының моторикасын, иілгіштігін, икемділігін және көзбен шамалау дәлдігін жақсарту;
- өзінің көлемді композицияларын жасату немесе жазық және көлемді-кеңістіктік тәсілдер үйлесімдіктерін пайдалану арқылы көркемдік құрастыру элементтерімен таныстыру.
«Бейнелеу өнері» пәні бастауыш мектеп бағдарламасымен сабақтастығын сақтайды және өнерді мәдениеттің өзара байланысты екі түрінің біртұтастығы, халықтық және кәсіби ретінде қарастырады.
Бағдарлама гуманитарлық пәндердің басқа базалық курстарымен тығыз ықпалдастыруға бағытталған. Ол негізгі мектеп оқушыларының пластикалық өнердің әртүрлі материалдары мен техникаларын қолданып көркем бейне жасауына бағытталған көркем-шығармашылық қызметтің алуан түрлеріндегі бейнелі тілін меңгеруді көздейді: «Өнер туындыларын қабылдау», «Графика», «Мүсін», «Кескіндеме», «Композиция», «Сәндік-қолданбалы өнер», «Көркемдік құрастыру, дизайн және сәулет өнері».
Білім беру тәжірибесінде «Бейнелеу өнері» кескіндеме, графика, мүсін сияқты бейнелеу өнерлерімен қатар сәулет және сәндік-қолданбалы өнерді қамтитын барлық пластикалық өнерлерді түсінеді.
Сабақтардың маңызды нәтижелері:
- мектеп оқушыларының бейнелеу өнеріне қызығушылығы, суретте немесе мүсінде нақтылы түрде көрсетілген суретші шығармасының ойын түсіну және өзінше бағалау қаблеті, қазақ және әлемдік өнердің негізгі стильдері мен бағыттарын айыра білуі;
- өнер тарихында елеулі рөл атқарған шеберлердің шығармашылығымен танысуы, әйгілі шығармаларды білуі болып табылады.
Сабақтар тұлғаның жеке қасиеттерін, зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталған мақсаттарда жүзеге асырылады, бұл мақсаттар оқылатын тақырыптар бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында орындалады. Бейнелеу өнеріне оқыту жеке тұлғаның өз ойын білдіруіне және дамуына, одан кейін әлемдік көркем мәдениет үлгілерімен танысуына бағытталған.
Сабақта оқу қызметінің кез келген түрі өзіндік мәнге ие, оқушылардың мүдделерімен келісіледі, оларды оқушы өмірінде нақты пайдалануға бағдарланады. Өнерге деген қызығушылығы мен көркемдік талғамын дамыту қалыптасқан шығармашылық іс-әрекеттің жеке тұлғалық тәжірибесі, өзіндік эстетикалық эталондары, өнер тілін меңгеруі негізінде қалыптасады.
Бейнелеу өнеріне оқыту барысында оқушыларға шығармашылық жұмыстың арқауын жасауда, қызмет түрлерін, көркем материалдарды, жеке немесе топтық жұмыстарды, шығармашылық тапсырмаларды орындау күрделілігін, үй тапсырмасының формаларын және т.б. таңдауда көбірек еркіндік беріледі. Олар оқушының мәдени, құндылықты, тұлғалық және зияткерлік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған.
Осылайша бөлімдерге бөлу ерекшелігі мынада, бірінші бөлім оқу материалының мазмұнын ашады, екінші бөлім оны тәжірибеде іске асырудың құралдарын береді, үшінші бөлім тапсырма тақырыбының рухани-адамгершілік, эмоциялық-құндылық бағыттылығын болжамдайды, төртінші бөлімбала көркемдік-шығармашылық тәжірибе алып шығатын қызмет түрлері мен шарттарынан тұрады. Барлық бөлімдер өнердің әртүрлі: типологиялық, тілдік, құндылыққа бағдарланған, қызметтік қырларын ашады. Олар (барлығы бірге) әр сабақта әртүрлі шамада кездесіп отырады. Барлық бөлімдер кешенді түрде жалпы көркемдік білім мен тәрбие міндеттеріне бағытталған.
Оқу материалы көркемдік білімнің іскерлік сипаты мен адамгершілік болмысын көрсететін:
- «Өнер мен көркемдік қызметтің адам және қоғам өміріндегі рөлі»;
- «Өмір мен өнердің рухани-адамгершілік проблемалары»;
- «Әсем өнерлер тілі және көркем бейне»;
- «Әсем өнер түрлері мен жанрлары» бөлімдерімен ұсынылған.
Сабақтың, сабақтан тыс іс-шаралардың тәрбиелік мақсатын «Мәңгілік Ел» идеясымен ұштастырып жүзеге асыру ұсынылады.
«Бейнелеу өнері» пәні бойынша сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру және жоспарлау барысында 2017-2018 оқу жылында мерекеленетін мерейтойлық шараларға көңіл бөлу ұсынылады:
– Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына 80 жыл (1937-2017);
– Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне 25 жыл (1992-2017);
– «ЭКСПО-2017 «Болашақ энергиясы» Халықаралық көрмесі (2017жылғы маусым-қыркүйек).
«Бейнелеу өнері» пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі: 6-сыныпта – аптасына 1 сағат, жалпы саны – 34 сағат.