Техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – стандарт) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-1) тармақшасына және 56-бабына сәйкес әзірленді және білім беру мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне, білім алушылардың даярлық деңгейіне және техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламалары (бұдан әрі – ТжКБ білім беру бағдарламалары) бойынша оқыту мерзіміне қойылатын талаптарды айқындайды.
Осы стандартты меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан ТжКБ білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ТжКБ ұйымдары), оның ішінде әскери, арнаулы оқу орындары (бұдан әрі – ӘАОО) және ТжКБ білім беру бағдарламаларын әзірлеушілер қолданады.
2. Осы стандартта мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) академиялық кезең – ТжКБ ұйымдары семестр, триместр, тоқсан сияқты үш нысанның бірінде өз бетінше белгілейтін кредиттік оқыту технологиясы кезіндегі теориялық оқыту кезеңі;
2) академиялық сағат – кесте бойынша оқыту сабақтарының барлық түрінде оқытушы мен білім алушының арасындағы байланыс жұмыс уақыты;
3) ТжКБ нің арнайы оқу бағдарламасы – психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар (кәмелетке толмағандар үшін) мен медициналық-әлеуметтік сараптаманың (кәмелетке толғандар үшін) ұсынымдары ескеріле отырып анықталатын, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің психикалық-физикалық ерекшеліктері мен танымдық мүмкіндіктері ескерілетін ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарды кәсіптік оқытуға және дамытуға бағытталған оқу бағдарламасы;
4) ӘАОО-ның компоненті (бұдан әрі – ӘК) – білім беру бағдарламасын меңгеру үшін ӘАОО өз бетінше айқындайтын оқу пәндердiң тізбесі мен академиялық кредиттердiң тиiстi ең аз көлемi;
5) әскери тағылымдама – болашақ кәсіби қызметпен байланысты функционалдық міндеттерді орындау процесінде теориялық білімді, іскерлікті бекітуге, практикалық дағдылар мен құзыреттерді игеруге және дамытуға бағытталған әскери, арнаулы оқу орындарындағы оқу қызметінің түрі.
6) бағалау критерийлері – құзыреттілікке қойылатын талаптарға сәйкес оқытудың нәтижелерін бағалау жөнінде шешім қабылдауға арналған көрсеткіштер;
7) базалық құзыреттілік – өзін-өзі және жеке қызметін басқару қабілеттілігі, өзін-өзі ынталандыруға және өзін-өзі ұйымдастыруға бейімділігі;
8) базалық модуль – білім алушылардың өзін-өзі және өз қызметін басқаруға, өзін-өзі ынталандыру және өзін-өзі ұйымдастыру қабілеттілігін игеруге бағытталған білім беру бағдарламасының немесе оқу кезеңінің тәуелсіз, өзіне-өзі жеткілікті және толық тарауы;
9) біліктілік – алынған кәсіп пен мамандық бойынша қызметтің белгілі бір түрін құзыретті орындауға білім, даярлық деңгейі;
10) біліктілік сипаттамасы – маманның жеке тұлғасына және кәсіби құзыреттілігіне жалпы талаптарды айқындайтын құжат; белгілі бір жұмыс істеуде кәсіби даярлықты талап ететін қызметкердің моделі;
11) дипломдық жұмыс (жоба) – білім алушылардың ТжКБ-нің білім беру бағдарламасын қаншалықты меңгергендігін қорытындылап көрсететін және бітіруші курста орындайтын өзіндік шығармашылық жұмыстары;
12) жеке оқу жоспары – меңгерілетін ТжКБ білім беру бағдарламасы шегінде оқу траекториясын таңдауға, оның ішінде жеделдетілген оқуға деген жеке білім беру қажеттіліктерін іске асыруға ықпал ететін білім алушының оқу жоспары;
13) кәсіби модуль – білім алушылардың құзыреттілік негізінде кәсіби міндеттердің жиынтығын шешу қабілеттілігін игеруге бағытталған ТжКБ білім беру бағдарламасының немесе оқу кезеңінің тәуелсіз, өзіне-өзі жеткілікті және толық тарауы.
14) кәсіби құзыреттілік – білім, іскерлік пен дағдылар, сондай-ақ кәсіптік қызметті тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жеке қасиеттер негізінде маманның кәсіптік міндеттер жиынтығын шешу қабілеттілігі;
15) кредит – білім алушының (оқытушының) оқу жұмыс көлемінің біріздендірілген өлшем бірлігі;
16) модуль – білім беру бағдарламасының тәуелсіз, өзіне-өзі жеткілікті және толық бөлімі немесе оқыту кезеңі;
17) модульдік оқыту – ТжКБ модульдік білім беру бағдарламаларын меңгеру негізінде оқу процесін ұйымдастыру тәсілі;
18) міндетті компонент – үлгілік оқу жоспарында белгіленген және білім алушы оқу бағдарламасы бойынша міндетті түрде оқитын кредиттердің ең аз көлеміне сәйкес келетін оқу пәндері мен модульдер тізімі;
19) оқу жоспарының моделі – техникалық және кәсіптік білім беру мазмұнында көрсетілген негізгі инварианттық құрылымдық компоненттерін сипаттайтын оқу жоспарын ұсынудың нысаны;
20)оқу жұмыс бағдарламасы (силлабус) – оқу жұмыс жоспарының нақты модулі (пәні) үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары әзірлейтін құжат;
21) оқу жұмыс жоспары – ТжКБ ұйымы әзірлейтін, оқу пәндерінің және (немесе) модульдерінің тізбесін, бірізділігін және көлемін, бақылау нысанын регламенттейтін құжат;
22) оқу мерзімі – нақты оқыту нысаны (күндізгі, кешкі, сырттай) бойынша білім беру бағдарламасын меңгеру мерзімі;
23) таңдау бойынша компонент – пререквизиттер мен постреквизиттерді ескере отырып, кез келген академиялық кезеңде білім алушылар өз бетінше таңдайтын кредиттік оқыту технологиясы кезінде ТжКБ уйымы ұсынатын кредиттердің ең аз көлеміне (немесе академиялық сағаттардың) сәйкес келетін, оқу пәндерінің және (немесе) модульдерінің тізімі;
24) транскрипт – оқытудың тиісті кезеңінде игерілген пәндердің және (немесе) модульдердің кредиттері мен бағаларының әріптік және сандық өрнегі көрсетілген тізбесін қамтитын құжат;
25) инклюзивті білім беру бойынша тьютор – білім алушының даярлық деңгейін қамтамасыз ететін, оқу процесін дараландыруға жағдай жасайтын, ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар адамдарға тәлімгерлік қызметін атқаратын маман;
26) үлгілік оқу жоспары – осы стандарт негізінде әзірленген, модульдер және (немесе) циклдер (оқу пәндерінің тізбесі) бойынша оқу уақытының көлемін (еңбексыйымдылығын), кәсіби практиканы, білім алушының оқудағы іс-әрекеттерінің басқа да түрлерін, бақылау нысандарын, мамандықтар мен біліктіліктерге байланысты оқыту мерзімін регламенттейтін құжат;
27) үлгілік оқу бағдарламасы – үлгілік оқу жоспарының нақты пәні және (немесе) модулі бойынша меңгерілуге тиіс білім, дағды, іскерлік және құзыреттілік мазмұны мен көлемін айқындайтын құжат;
28) цикл – білім берудің бір бағытындағы оқу пәндерінің жиынтығы;
29) элективті пәндер және (немесе) модульдер каталогы – таңдау бойынша компонент пәндерінің және (немесе) модульдерінің қысқаша сипаттамасы қамтылған тізбесі;
30) эдвайзер – оқу кезеңінде оқу траекториясын таңдауға және кредиттік оқыту технологиясы бойынша білім беру бағдарламасын игеруге ықпал ететін, тиісті мамандық бойынша білім алушының академиялық тәлімгері функциясын орындайтын оқытушы.
3. Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау бойынша оқу процесін ұйымдастыру:
1) мамандық бойынша ТжКБ білім беру бағдарламалары;
2) оқу-бағдарламалық құжаттамалар – үлгілік және оқу жұмыс бағдарламалары мен жоспарларына, жеке оқу жоспарларына (ӘАОО қоспағанда), сондай-ақ осы стандарт талаптарына сәйкес әзірленген оқу процесін оқу-әдістемелік қамтамасыз ету кешені негізінде жүзеге асырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |