Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,
Қазақстан Республикасы
журналистер Одағының
мүшесі
ҚҰРЫШ ҚАЗАҚ
Өткен ғасырдың бастапқы онжылдықтары қазақ даласына небір зұлмат көріністерімен келіп, елді ала тайдай дүрліктірді. Қазан төңкерісінен кейінгі ақтар мен қызылдар соғысы, жаппай мәжбүрлеп ұжымдастыру, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргін – осы сұрапылды аға ұрпақ өкілдері бастан кешкен еді. Біздің кейіпкеріміз Қонақбай Назаров өз тұрғыластары сияқты қамытты мойнына ерте ілді. Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданының №1 ауылында кедей шаруа отбасында туған ол он бір жасында анадан, арада он екі жыл өткен соң әкеден айырылады. Өз қолымен жазған өмірбаянын оқып отырып, қаршадайынан намысқа тырысқанын, тірлік көшінен қалмауды мұрат еткенін ұғындық. 1930 жылы Шалқар қаласындағы толық емес орта мектептің жеті класын тамамдайды, екі жылдан кейін педагогикалық техникумды оқып бітіреді.
Ауылдық саужой (сауатсыздықты жою) мектебіндегі мұғалімдік кәсібін тастап Ключевой ауданына келуінде, Ильинка кеңшарында мал шаруашылығы бриғадирі болуының өзінде бір сыр бардай. Қызы Елнұрыдан бұл жайды сұрастырсақ, Ильинкада Қонақбайдың бірге туған жалғыз апасы Қаншайым отағасысы Қизатпен тұрған екен. Осы бір мейірбан, тамаша адамдардың қолында болып, Кеңес Армиясы қатарына алынды. 1935 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, азаматтық борышын Түркістан әскери округінің 64 теміржол полкінде өтейді, ары қарай Түрікменстанның Красноводск қаласында ішкі істер халық комиссариатының №2 түрмесінде саяси жетекші болып жұмыс істеген.
1941 жылдың сәуір айынан шілде айына дейінгі аралықта БКП(б) Орталық Комитетінің Ашхабад қаласындағы партиялық курсында оқыған. Сонан соң қазан айына дейін Ташкент қаласында әскери-саяси училищеде курсант болып тіркеуде тұрғанын құжат растайды. Көп ұзамай Ашхабад қалалық әскери комиссариат әскер құрамына жұмылдыру бағытында Назаров Кеңес Армиясына шақырылады. Тарихтан белгілі, сол жылы мауысмның 22-сінде гитлерлік Германия Кеңес Одағының аумағында опасыздықпен басып кіріп, адамзат тарихында ең қатерлі, ұзаққа созылған соғысты бастап жіберген еді.
Осы кітап материалдарын дайындау барысында марқұмның балалары Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысқан әке жайлы деректерді жинастыруды мақсат қылды. Игі ниетті жүзеге асыру да оңайға түскен жоқ. Өзімізге көрші ғой деп, Ресейге қанша ішіміз бұрса да қазір түтіні басқа шет мемлекет. Кешегі Кеңес Одағы әскерлерінің құжаттарын түгендеп, хаттаған мұрағаттар Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің құзырында. Оның ішінде Подольск қаласындағы Орталық мемлекеттік мұрағатқа кіру үшін рұқсат алу бірнеше айды қажет етеді екен. Бір жағынан көрші елде қалыптасқан әскери құндылықтарға деген сергек көзқарас сүйсіндірмей қоймайды, бізде де осындай тәртіп болғанын тілейсің.
Мұрағат материалдарымен таныса отырып, Қонақбай Назаровтың 1941-1945 жылдар аралығындағы жауынгерлік ерлік жолдарын үш кезеңге бөлуді жөн санадық. Алғашқы кезең 1941-1943 жылдарды қамтиды.
ОТ КЕШУ
Кім-кімнің келешегін айқындауға септігі тиер қасиеттері болады. Кейіпкеріміз 1939 жылдың қараша айында Түркістан әскери округі шекара әскерлерінің саяси бөлімі жанындағы партия комиссиясының шешімімен Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партияның (ВКП(б) мүшелігіне қабылданады. Бұдан әрі Ашхабад қаласында үш айлық партия курсында, Ташкент қаласындағы әскери-саяси училище жанында саяси жетекшілердің үш айлық курсында оқу. Назаровтың Коммунистік партия мұраттарына адал көзқараспен ғұмыр бойы беріле еңбек етуі осылай басталды. 1941 жылдың 20 қазанында Ұлы Отан соғысының Солтүстік-Батыс майданында 391 атқыштар дивизиясының 1278 атқыштар полкінде атқыштар батальонының комиссары лауазымымен ұрыс шебіне кіреді.
Полк Алматы қаласына таяу Талғар стансасында жасақталған болатын. Назаров кейін өзінің жазбаларында полк командирі капитан Иван Трофимович Гордиевскийді, полк комиссары аға саяси жетекші Никита Егорович Грузинцевті жылы лебізбен еске алады. Полк командирінің бұйрығы бойынша командалық-басшылық құрамды толықтыруға келгендер ішінде кіші саяси жетекші, 9 атқыштар ротасының саяси жетекшісі Қонақбай Назаров та бар еді. Калинин майданында Холм қаласының іргесінде полк жаумен бетпе-бет ұшырасады. Бақайшағына дейін қаруланып, Кеңес Одағына баса көктеп кірген неміс-фашист басқыншыларымен шайқас асқан төзімділікті, ерлікті қажет етті. Қала көшелерінің біріндегі дүлей соғыста Митрущенконың 4 атқыштар ротасы тұтас бір кварталды азат етті. Бөлімше командирі Михаил Горниковтің «Отан үшін! Сталин үшін!» деген екпінді айқайы қарулас достар жігерін жани түсті. Сөйтіп, полк Скаруево, Гущино аудандарында қорғаныс шебін бекітті.
Орталық мұрағат қорындағы істерде полк бұйрықтары сақталған. Соның бірі 1942 жылы 5 қаңтарда Дьяково селосында хатталыпты. Автоматшылар ротасының саяси жетекшісі Назаровтың 2 батальонда әскери комиссар міндетін атқаруға жіберілетіні де осы құжатта баяндалады. 23 ақпан күнгі Қызыл Армия мерекесін атап өтуге байланысты бұйрықта Холм қаласын азат ету жолында ерлігімен ерекше көзге түскен офицерлер мен қатардағы жауынгерлерге ақшалай сыйлық берілетіні жария етіледі. Солардың қатарында біздің ағамызға ең көп мөлшерде – яғни 500 рубль ақшалай сыйлық тағайындалыпты. Айта кету керек, өзгелердің сыйлығы 200-300 рубль аралығында.
Осы кітапты дайындау барысында қолымызға 2009 жылы Алматының «Жібек жолы» баспасынан «Галим Қойшыбаев – снайпер из Казахстана» деген атаумен шығарылған кітап түсті. «Воспоминания снайпера 391 – стрелковой дивизии Галима Қойшыбаева» деген тарауда автор былай дейді (орысша нұсқасын аудармай беруді жөн көрдік):
«Когда до кустарника осталось метров пять-шесть, Абишев схватил меня за руку и заорал в ухо: «Наши! Наши! Слышите говорят по казахски!» Но я тогда плохо слышал, не мог разобрать слов – ведь я был оглушен ударом снаряда, когда меня отбросило вместе с пулеметом.
Часовые заметили нас и предупридительными сигналами предложили сдаваться в плен. Приближаясь к кустарнику, я посылал ответные сигналы. Это были НАШИ! Поняв, что мы свои, к нам подбежали бойцы. Как родных нас встретили Сагитов(Алма-Атинская обл., колхоз Калинина), Омрешев (г.Актюбинск), Кунакбай Назаров (бывший учитель из Актюбинской области) и другие дорогие мои товарищи-бойцы» (15 бет.). Жат өлкеде от пен оқтың құрсауында жүргенде қандас бауырлардың қауышқандағы қуанышты сезімдері еді бұл.
«Құпия. Түпкілікті сақталуға» деп бұрыштама соғылған «№11кітап. 391 Режицк Қызылтулы атқыштар дивизиясының алфавиттік-офицерлік құрамында» (№18 құжаттамалық жазба бойынша, 51 беттен тұрады) саяси жетекші Қонақбай Назаров 1 батальонның әскери комиссары ретінде тіркеліпті. Кейін көп ұзамай дивизия бойынша 1942 жылғы 11 тамыздағы №287 бұйрыққа сәйкес кейіпкеріміз жеке мотобарлау ротасының әскери комиссарлығына жіберіледі. Бұйрыққа дивизия командирі, подполковник Марчук, комиссары Федосеев, штаб бастығы, майор Онопко қол қойған.
Қай қоғамда да ең басты құндылықтардың бірі – тәртіп. Халқымыздың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының мынадай ғажайып нақылы бар: «Тәрбиелі – тәртіптің құлы, Тәртіпті – елдің құлы» Бұл сөзді әскер қатарындағы әр адам бойтұмардай сақтаса құба-құп. Әсіресе, соғыс жағдайында аса қажет.
Қазақстанда ең бірінші жасақталған 316 атқыштар дивизиясының құрамындағы 1278 атқыштар полкінің партбюро хатшысы Р.Қилыбаев 1985 жылы баспадан шыққан «Өмір өткелдері» кітабында былай деп еске алады:
«...Біздің полк темір жол станциясы Великие Лукиге басқа бөлімдерден бұрын келіп жетті. Артымыздағылар әлі келіп үлгермесе де, сол жердегі 3-екпінді армияның уәкілдері полк командирі мен саяси комиссарды шақырып алып, Холмға тез жетіп, Тарахан мен Демянск қалаларынан келетін неміс топтарының қатынасын үзіп, жауға шабуыл жасауды бұйырды...
...Немістердің зеңбіректен атылған снарядтары тоқталып, есімізді енді жия бергенімізде төбеден бір топ самолет келіп, тағы да бомбалай бастады. Қонақбайдың жауырынан жанап өткен автомат оғынан үстіндегі киімі өртеніп, өзі жеңіл жараланды. Бірақ ауырған жарасына қарамай немістермен соғыса берді. Жолдастарымен бірге жақындаған жауды баудай түсіріп, екі қабат үйді жауға бермеді. Әбден қас қарайғанша атысып, екі жақ тарқасып, өліктері мен жараланғандарын жинады. Жау самолеттерінің бомбалауынан, зеңбіректерінің снарядтарынан біздерден көп шығын болып, қатарымыз сиреп қалды. Өліктерді Холм қаласының күншығыс жағындағы поселкенің жанына жерледік. Қазір бұл жер – бауырластар бейіті.» (102, 104-105 беттер.)
«...Ұзамай байланыс блиндажынан мені телефонға шақырған дауыс естілді. Шақырған полктің комиссары М.Пустильников екен. Хал-жағдайымды біліп, қосымша тапсырмалар бергеннен кейін менің елге жүретінімді айтып, орныңа уақытша қалдыра тұратын қандай тәжірибелі офицер бар деп сұрады. Аз-кем ойланып барып полктің партбюро мүшесі Қ.Назаровты атадым. Ол Қонақбай кандидатурасымен келісіп, оған жұмысымды өткізуді тапсырып, тезірек штабқа жетуімді бұйырды.
Қонақбайға барлық істелетін жұмыстарды тапсырып, солдат, офицерлердің елге жазып берген хаттарын жинап алып, жауынгер достармен құшақтаса қоштасып, полктің штабына жеттім...» (Кітаптың «Робья өзенінде» деп аталатын тарауынан, 110 бет).
Біздің алдымызда – 1278 атқыштар полкі партбюро мәжілістерінің хаттамалары. Көңілімізге ұнаған тұсы – Қонақбай Назаров партбюро мүшесі ретінде мәжілістердің ешбірінен қалмаған, талқыланған мәселе турасында пікірін ашық айтып отырған. 1942 жылғы 1 қаңтардағы мәжілісте ВКП (б) мүшесі, 3 батальон командирі Хайбуллиннің жеке ісі қаралады. Коммуниске тағылған айып – КСРО мен Польша Үкіметі арасында Гитлерлік Германияға қарсы бірігіп шабуыл жасау жөніндегі келісім-шарт туралы ұшқары пікір айтқан, яғни келісім-шартқа байланысты газет материалын жоққа шығаруға тырысады. Әрине, бұл партия мүшесіне, командирге жараспайтын қылық. Қаруластары сияқты Қонақбай да қойылған кінәнің дұрыс екенін айтып, Хайбуллиннен қателігін мойындауды талап етеді. Ақырында мәжіліс Хайбуллинге жеке есеп карточкасына жазылған қатаң сөгіс жариялауға қаулы қабылдайды.
Далада зеңбіректің оғы зуылдап тұр. Екі жақтың кескілескен қиямет шайқасы жан түршіктіреді. Өмір мен өлім арпалысқан шақтарда коммунистердің блиндажда майшам жарығымен өзекті мәселелерді талқыға салып жатқан шағын көз алдыңа келтірші. Солардың ортасында жігерлі, құрыш қазақ Қонақбай Назаровтың отырғаны қандай?!
Торопецк-Холм операциясы Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәскеу түбінде шоғырланған неміс-фашист басқыншыларын талқандау жолында Ржев-Вяземск операциясындағы Кеңес әскерлерінің шабуылдаушы операциясы болып саналады. Полковник Д.А.Коваленконың қазақстандық 391 атқыштар дивизиясы 1942 жылдың 22 қаңтарында генерал М.А.Пуркаевтың 3 Екпінді армиясының құрамына енгізілді. Армия Холм қаласында қарсыластар гарнизонын қоршауға алып, жаудың Демянск тобының оңтүстік жағынан шықты. Абыржыған неміс командованиесі Батыс Еуропадан өз резервін әкелуге мәжбүр болды.
Холм қаласын жаудан босату шайқасында көрсеткен ерен ерлік көрсеткен Қонақбай Назаров туралы №Холм қаласын жаудан босату шайқасында көрсеткен ерен ерлік көрсеткен Қонақбай Назаров туралы №3 армияның командирі генерал-лейтенант Пуркаев бекіткен Әскери кеңестің тұжырымдамасында былай деп жазылған: «Назаров Кунакбай комиссар 2-ого батальона на протяжении всего боя с 13 февраля 1942 года по сей день являясь военным комиссаром, увлекая своим примером, храбростью и отвагой бойцов, командиров в борьбе за овладение г.Холм.
После смерти командира батальона принял командование батальона и показал себя как способный организатор. Будучи раненным 14.02.1942 г в г.Холм остался на передовой линии, воодушевляя и увлекая за собой бойцов, командиров и политработников.
Тов. Назаров является верным и преданным сыном партии Ленина-Сталина. Командование полка представляет к высшей правительственной награде».
3 Екпінді армияның Әскери Кеңесінің 1942 жылғы 12 сәуірдегі №0185 бұйрығы негізінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Отан үшін отты шайқастарда ерлігімен көзге түскен жауынгерлер мен офицерлерді медальдармен марапаттады. Олардың қатарында саяси жетекші Қонақбай Назаров «Ерлігі үшін» медаліне ие болды. 1942 жылғы мамырда Холм қаласының іргесіндегі Извоз және Березовец деревняларын, осы жылдың шілде-қыркүйек айларында Рамешками деревнясын жаудан босатуда көрсеткен ерлігі және батальон командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін тәртіпті, абыройлы атқарғаны үшін Қонақбай Назаровты Оңтүстік-Батыс майданның қолбасшысы, генерал-полковник Сурочкин мұның алдында офицерлер курстарының бірлескен командованиесі ұсынған «Қызыл жұлдыз» орденіне қанағаттанбай, марапаттау листогіне өз қолымен «II дәрежелі Отан соғысы» деп жазып, бұрыштама қойған. 1943 жылдың 21 қыркүйегінде Солтүстік-Батыс майдан жауынгерлері мен офицерлерін марапаттау туралы бұйрық шығарылды. Осы тізімде II дәрежелі Отан соғысы орденін омырауға таққандардың бірі даңқты жерлесіміз Қ.Назаров болатын.
Достарыңызбен бөлісу: |