Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының



бет3/36
Дата22.12.2021
өлшемі1,41 Mb.
#828
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36
ГВАРДИЯШЫЛАР САПЫНДА

Жеке құрамның батыл және ұтқыр қимылдары, жоғары деңгейдегі тәртібі мен ұйымшылдығы, батырлығы мен табандылығы үшін 361атқыштар дивизиясы 1942 жылдың 17 наурызында 21 гвардия атқыштар дивизиясы болып қайта құрылды. Жауынгерлер мен офицерлер қалыптасқан дәстүрге адалдығын солтүстік-батыс бағытта немістердің сенімді тірегіне айналған темір жол стансасы әрі үлкен қала Невельді азат ету барысында көрсете білді. Жауды еріксіз қашуға мәжбүр еткен дивизияға Невель атағы беріледі. 3 Екпінді армия басшылығының саяси бөлім резервінен капитан Қонақбай Назаров пен лейтенант Михаил Иванович Логиновты осындай даңқты құрамаға жіберуі оларға құрмет әрі сенім еді.

Бұдан бұрынғы тарауда біз үзінді келтірген кітаптың кейіпкері Ғалым Қойшыбаев 1942 жылғы қанды майдан жорықтарынан мына жағдайды баяндайды (орысша мәтінін сол күйінде бергенді жөн көрдік):

«31 ноября начали наступление 1280 и 1278 стрелковые полки. Его нельзя назвать успешным. В рукопашном бою были ранены я и комиссар батальона 1278 с.п. Кунакбай Назаров, из моего отделения погибли бойцы Биртаев, Дукеев, Джубанияз, Джайлубаев и комроты Бедрин.» (26-бет).

Ағамыз жарақат алған соң әскери госпитальда емделіп шығады. Алда оны ауыр шайқастар күтіп тұр еді. Жалпы Назаровтың өмір жолына үңілген адам құрыш қазақтың бейбіт еңбекте де, соғыс майданында да партия жұмсаған жаққа құлшынып баратынын, жүктелген міндетті орындаудан еш тартынбайтынын аңғарар еді. Шынында ол кейінде №21 гвардия Невель атқыштар дивизиясындағы офицер шеніндегі бұрынғы қалпынан еш ауытқыған жоқ.

Желтоқсан айында дивизия бөлімдерін оқшау қалдыруға ұмтылған жау жағы Турки-Перевоз-Язно бағытында шабуылдауға ниеттенеді. Невельдік гвардияшыларға Долысица өзенінде қарсыластар қорғанысын талқандау жүктеледі. Қосымша күш ретінде шаңғышылар батальоны мен дербес саперлар ротасы келді. 14 желтоқсанда 69 гвардия атқыштар полкі Гатчино деревнясы ауданында орманға шоғырланып, оқу-жаттығу өткізеді. Екі тәулікті кейінге салып, қуатты артиллериялық әзірлік пен дабылдан соң полк шабуылға шықты. 3 атқыштар батальоны өзеннен өтті де жау орналасқан траншеяларға баса көктеді. Қолма-қол ұрыс қыза түсті. Жауынгерлер қолында – найзалы мылтықтар, дүмдер, гранаталар мен автоматтар, көп кідіртпей жау гарнизонын траншеядан қуып шықты, немістердің біразы тұтқынға алынды, енді бір бөлігі қаша жөнелді.

Қарсыластың мықты бекінген қорғаныс белдеуіне гвардия капитаны Братконың 3 атқыштар батальоны күйрете соққы берді. Айта кету керек, Қонақбай – осында командирдің орынбасары, бұған дейін үш рет жарақаттанды. Шаңғышылар батальоны мен 1 атқыштар батальоны солтүстік-шығыста Торжок жағынан қарсыластың пулеметтен жалын шаша боратқан оғына кезікті. Кеңес әскерлеріне тез ес жиюға тура келді.

Полк командирі оң жақтан автоматшылар ротасын және ПТР ротасын қалқан қылып, екі батальонмен Гатчино ауданына дейін өзенді бетке алады. Батыс шепте Копачевоға таяп қалған олар тағы да жау танкілері мен тікелей атыс қаруларының күшті қарсылығына ұшырасады, амалсыздан окопта тасалауға тура келді. Артиллерияны арқа тұтқан жау қолында снарядтардың өлім құштырар тасқыны бар еді. Мұндай жағдайда әрбір гвардияшы үшін бірнеше күн мен түн бойына құтырған ажал құйынын серпуге ұстамдылық пен өзін өзі меңгеру қажет болды.

Полк бекінген қалың қарағайлы белдеуді жау артиллериясы аяусыз соққыға алды. Айнала снарядтардың мүңкіген иісімен тұншықты. Қорғаныстың бұл участогын жауынгерлер кейін «Ажал алқабы» атап кетті.

Полктің штаб бастығы, гвардия майоры Киселев «Боевой путь 69 гв.ст.п» деген әскери жазбасында: «Густой сосновый бор, в которм окопался полк был сметен на чисто вражеской артиллерией. Вокруг поле, перепаханные снарядом, да кое-где торчали обуглившиеся пни. Недаром этот участок обороны наши солдаты прозвали «Долиной смерти» деп келтіреді.

Жазбаны оқып отырғанда Қонекеңнің ортаншы ұлы Болаттың есіне басынан кешкен мына жай оралды. Студент шағы. Ол кезеңде қазіргідей жүрдек автокөліктер көп емес. Көнетоздау жүк автокөлігімен Ырғыз ауданына сапар шегіп қайтады. Қарабұтақтан Қалыбай ауылына қарай бет алғанда жаңбыр құйып кетіп, көлігі доңғалаққа жабысқан саз балшықтан еркін жүре алмай айтарлықтай бейнет көреді. Тұтқада отырған жүргізуші жылда жазғытұрғы кезде және күз айларында осындай мибатпақ салдарынан талай рет жолда түнеп қалғанын, өзі сияқты ақырет көрген әріптестерінің бұл участокті «Ажал алқабы» деп атап кеткенін тұнжырап отырып айтады.

Болат бастан кешкенін, естіген әңгімесін әкесіне баяндайды. Сонда жарықтық Қонекең:

-Балам, тым қатты күйінгендіктен шыққан сөз шығар, - деп, басалқы айтты. Дидарында мұң бардай.

Бүгінгі күні ойлап отырса қарт майдангер есіне соғыстың ауыр кезеңі, «Ажал алқабында» оққа ұшқан қаруластары түскен екен ғой. Әуеден, қарсы беттен оқ борап тұр, алға бір адым жылжыдуң өзі мұң. Қонақбай Назаровты бұл қияметтен иығандағы періштелер аман сақтаған екен.

Қазір Ақтөбеден Ырғызға қарай бет алған жүргізуші де, жолаушы да ешнәрсеге алаңдамайды. Таспадай тартылған Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізі. Жүйіткіген көлік, көңіл қиялыңды көкке өрлетеді. Тәңіріден ел Тәуелсіздігі арқасында қол жеткен мұндай табыстардың баянды еткенін тілейсің.

19 желтоқсанда гитлершілер танкілерді бетке ұстаған қуатты қолымен біздің алдыңғы шепке бес рет ұмтылды. Сөйтсе де гвардияшылар тас табандап орнығып, барлық шабуылдарға соққы берді, басқыншылардың үш танкісін жойып жіберді.

Арада апта өткен соң біздің дивизия армия командованиесі резервіндегі екінші эшелонға шығарылды. Полк Таланкино деревнясы ауданында орманда тынығуға орналасты. Жауынгерлер мен офицерлер кір-қоңын ауыстырып, моншаға түсті. Жаңа жылды жылы жертөлелерде қарсы алды. Кружка толы арақты сіміріп салып, сырнай әуенімен Невельді, Пугачироны және «Ажал алқабын» еске алды, сұрапыл күндер мен шайқастарды ойға оралтты.

1943 жылдың желтоқсанын 3 атқыштар батальоны командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары Қонақбай Назаров қарулас достарымен бірге осылай өткізген еді.

Гвардия майоры Киселев әскери жазбаларында («Боевой путь 69 гвардейского стрелкового полка» - №6314 қор, 226 беттен тұрады) 1944 жылғы қаңтар-ақпан айларында жауынгерлер мен офицерлер бастан кешкен оқиғаларды суреттей келіп, капитан Назаровтың 26 ақпандағы ауыр шайқаста сол жақ аяғында тізеден ауыр жарақат алғанын сөз етеді.

Келесі күні гитлершілер Волково деревнясында аялдауға тырысқанымен гвардия полкіндегі отандастарымыз олардың көсіле қимылдауына мүмкіндік бермей Батысқа қарай тым ары асырып жіберді.

Прошково-Васильево ауданында көлдің шұрайлы жағалауында тыныстауға ұйғарған полк Замошье-Старица бағытындағы немістердің алғы шебін бұзуға, сөйтіп Себеж-Пустошка тас жолы бағытында қозғалуға бұйрық алады. Майдангерлер алдында қалың қар жамылып, Солтүстікке қарай көсілген, ұшы-қиыры жоқ дала жатты. Бұл Сырбай Мәуленов жырлаған әйгілі Валдай қыраты еді.

Алдын-ала барлаудан қарсыластың әр қыстақты айнала шабуыл жасау үшін жеке тірек бекетіне бейімдеп алғаны аңғарылды. Бәрі де автоматты оқпандармен жарақтандырылған инженерлік құрылымдар тәрізді, Бруно шырмауықтарына ұқсатып тікенек сымдармен қоршаған, миналар қойылғаны белгілі болды. Солай болғанымен шегінуге жер жоқ, ауыр тапсырманы орындау қажет.

Кеңес әскерлері Васильево деревнясына таяу шабуыл алаңын жасақтап, неміс қорғанысын күндіз бұзуға ниет қылды. Жиырма минуттық артиллериялық дайындықтан соң басталған қиямет соғыс жеті сағатқа созылды. Басқыншылардың қисапсыз көп отты нүктелері біздің артиллерияға мұрша бермеді, олардың қорғаныс белдеуін бұзу қиынға соқты.

Командование түнгі қараңғылықты пайдалану керек деген тоқтам жасады. Мынадай ретпен шынжырлы тосқауыл жасалды. Гвардия капитаны Гусевтің 3 атқыштар батальоны, гвардия капитаны Сметаниннің ПТР ротасы, гвардия аға лейтенанты Сидоренконың автоматшылар ротасы, гвардия капитаны Нюниннің 1 атқыштар батальоны. Шабуылдаушы топқа тікелей басшылық тізгінін штаб бастығы, гвардия майоры Киселев алды.

Қысқаша артиллериялық дайындықтан және «қызыл ракета» дабылы бойынша РС залпынан соң гвардияшылар жікті бұзбай алдағы биікке лап қойды. «Отан үшін!», «Сталин үшін!», «Балтықтықтар, алға!» деген екпінді ұрандар, орыстың құдіретті «Урасы» айналаны азан-қазан қылды. Невельдіктер өршелене қимылдауда. Соққының күтпеген тұстан қатты тигені ғой, немістер тұрағын тастай қашты. Алайда Замошьеге дейін 1,5-2 шақырымдай бар еді, жан беру оңай ма, бар күшімен біздің жауынгерлерге қос қапталдан және маңдай тұстан оқ жаудыруда. Бастапқы жеңістерімен арқаланған біздің атқыштар, құрышбұзушылар, автоматшылар немістер қорғанысының түкпіріне бойлай түсті. Батыл түрде ыңғайлы маневрлер жасай отырып, қарсыластың жекелеген мықты биіктерін қалдырған полк ыждағатты қимылмен Замошьенің шығыс бетіне ұмтылды. Сөйтсе де Солтүстік беткейде орналасқан дұшпан жанталасқан әрекетке кірісті. Қарсы шабуылдары танкілердің қолдауымен 5-6 рет қайталанды.

Гвардияшылар табан тіреген атамекенді кеудесімен қорғап, патриоттықтың тамаша үлгісін көрсетті. Көмекке келген шаңғышылар батальоны шабуыл шебін ұлғайтты және қапталды бекітті.

Жеглово үшін тас-түйін бекінген жау Кеңес әскерлеріне сол қапталдан қауіп төндірді. Бұған қарсы автоматшылар тобы төбелердің бірінде 105 милиметрлік зеңбіректерден Жегловадағы қарсыластар шоғырланған нүктелерге оқты қарша боратты. Жау лажсыздан бұл елді мекенді тастай қашты.

Ымырт үйіріле полк командирі, гвардия подполковнигі Жданович Замошьеге келді. Роталар старшиналары қардарлықты қатты сездіріп тұрған қару-жарақты жеткізді. Замошье жаудан толық азат етілді, Старицаға бет алған полк дұшпанды оңтүстік-шығыс жақтан еңсере түсті. Осы деревняда қарсыластар іс-қимылдың күшті тірек торабын ұйымдастырды, олар Старицадан айрылса қорғаныс жүйесіндегі тактикалық мүмкіндіктерін жоғалтатынын сезген еді, содан да қасық қаны қалғанша соғысуға бел буды.

Біздің даңқты әрі қажырлы гвардияшылар бес сағат бойына жаудың қарсы шабуылына төтеп берді. Амал нешік, полк Старицаны тұтастай иемдене алмады, себебі оңтүстік қанатта көрші 46 гвардия атқыштар дивизиясы көлдің арғы бетіне баяу жылжыды. Полк қол жеткен межеде қорғанысқа көшті. Кескілескен шайқастарда атқыштар, автоматшылар, құрышбұзушылар, барлаушылар және олардың офицерлері гвардия капитандары Нюнин, Назаров, гвардия аға лейтенанты Сидоренко, гвардия лейтенанты Гриднев, ұрыс даласында ерлікпен қаза тапқан гвардия капитаны Сметанин ерліктің тамаша үлгісін көрсетті.

21 гвардия Невель атқыштар дивизиясының командирі, гвардия генерал-майоры Михайлов пен командирдің саяси бөлім жөніндегі орынбасары, гвардия полковнигі Толстопятенконың 1944 жылғы 2 ақпандағы жеке құрам бойынша №3 бұйрығымен жарақат алып, госпитальға жіберілуіне байланысты гвардия капитаны 69 гвардия атқыштар полкі 3 атқыштар батальоны командирінің саяси бөлім бойынша орынбасары Қонақбай Назаров атқарып келген қызметінен босатылды. Ол Горский облысы Муром қаласындағы №1247 эвакуациялық госпитальда емделіп, 12-мамырда шығарылады да (КСРО Қорғаныс Министрлігінң мұрағаты, 15966 опись, 18 іс, 2326 қорап) қайтадан майданға аттанады. Біздің ықыласымыз Подольск мұрағатынан алынған екі құжатқа ауды: біріншісі госпитальдың №12 палатасында жатып, ем алған орта және аға офицерлік құрамға ақшалай ризалық білдіру ведомосі, осында гвардия капитаны Қонақбай Назаровтың қызметтік жалақысы 1165 рубль екені жазылған, тағы бір бағанда отбасына делініп 500 рубль көрсетіледі, келесі бағанында 665 рубль жазылып, тұсына ағамыздың өзі қол қойыпты. Екінші құжат шекесінде «Құпия» деген белгі соғылған. Әскери тәртіптің қатаңдығын дәлелдейтін айғақ. 1943 жылдың шілдесінен желтоқсан айына дейінгі аралықта гвардия атқыштар полкінен айып ротасына жіберілгендердің тізімі, бірі Тәжікстаннан келген қызылармияшы-атқыш Курбан Рабиев, екіншісі – қазақстандық, бөлімше командирінің көмекшісі Әбжепар Мәдиев, өмірбаяндық деректері, отбасылық құрамы, білімі, айып ротасына жіберілу себебі жазылған.






  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет