Жанғабыл Қабақбаев, Қазақстан Республикасы журналистер Одағының



бет9/36
Дата22.12.2021
өлшемі1,41 Mb.
#828
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   36
Ақтөбе қаласы.

Болат Қонақбайұлы НАЗАРОВ,

«ҚазРосГаз» ЖШС бас директорының орынбасары

ӘКЕ...

...Менің ұғымымда әр адам өткен өміріне ой жүгіртеді, сан алуан оқиғаларды санасында жаңғыртады. Өмір өткелдерінен өтіп, келесі қырға көтерілгенде жүріп өткен жолыңа бір зер салу алдағы қадамдарыңа қанат бітіретіндей көрінеді. Бұл, әсіресе орта жастан асып, балаларыңды қанаттандырып, немере сүйе бастаған шақта анық байқалады екен. Ойыңа талай оқиғалар оралып, кейде соны жаза бастағың келеді. Ал, домбыра ұстасаң, немереңе ыңылдап әнші боласың. Ән ырғағымен бірге сан түрлі ой жетелеп, өз өміріңнің сонау балалық бал дәуреніне де бір сәт шегініс жасайсың. Ондайда өзімнің де бала болып, асыл анамның омырауынан иіскеген кездерім есіме оралады. Сол сәтте жүрек қағысым жиілеп, қайта күш алам да «жаратушыма» алғысымды айтам. Әр пенде шыр етіп өмірге келгенде маңдайына жазған тағдыры болады. Біреу көп өмір сүрсе де айналасына белгісіз болып қалады,ал біреу аз болса да халқына қалаулы, еліне елеулі, өз ортасында беделді әрі көпшіл келеді. Болар бала жасынан жақсылыққа жаны жақын болып, жанындағыларға шапағатын тигізеді. Өзі үшін емес, өзгелер үшін өмір сүреді. Қоғамның жақсы болып қалыптасуына осындай тұлғалардың тамшыдай болса да ілтипаты себеп.

Алайда, өткен ғасырдың басында дүниеге келген ұрпақтарға тағдыр қатал қарады десем қателеспеспін. Әсіресе сол бір кеңестік дәуір – қаншама қазақтың тағдырын өзгертті десеңізші. Оның пайдасынан зияны көп болды. Қаншама асылдың ұрпақтарын жұтты. Жазықсыз жандар жапа шекті. Қазақ даласы қорлықтан дамыл таппай, мың өліп, мың тірілген кездері менің әкемнің жастық шағына сәйкес келіпті. Өміріндегі өзгерістердің тікелей байланысты болғаны бізге көп ой салатыны рас. Сол бір өткен кезеңдердің біздің және бізден кейінгі ұрпақтарға сабақ болып қалатыны ақиқат.

Сондықтан әкем Қонақбай Назарұлының өмірі, ой толғамдары мен атқарған қызметі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктерге, тың игеруге сіңірген еңбектерге толы болды. Әкеміз жайында ашық айтып беруді перзенттік парызым деп санаймын. Және менің жазғандарым әкемнің өмірінің сәл ғана бір сәттеріне пара-пар болар. Сондай-ақ өткенге ой жүгірте отырып, әкешімнің қаһармандық істерін артында қалған ұрпағына жеткізуді мақсат еттім. Бүгінгі біз көрген Қазақстан тәуелсіздігінің негізін қалаған сол ұрпақтың қалай өмір сүргендігін және қандай тар жол, тайғақ кешкен кезеңдерін оқығанда болашақ ұрпақтың санасына ой салар деген үміттемін. Мен әкемнің ішкі жан дүниесін толық аша алмасам да, бала мен әкенің арасындағы көзге көріне бермейтін нәзік сүйіспеншілік сезімді білдіргім келді. Кейбір тұстарында мүмкін артық кетермін, мүмкін кемшін түсермін, бірақ жүрек түпкірімнің түбіндегі сағынышымды осылайша басқым келді. Мен үшін әкемнен асқан батыр, адал жан енді табылмас...

Көңіл түскенде айтатын үзік сырларынан ұққаным әкем жас кезінен-ақ қайырымы кем, зұлмат заманда жасымай, өмірден өз орынын табу үшін күрескен. Ата-ананың аяулы алақанын сезінбегенімен ата-баба қасиеті қонған тектілікті өзінен кейінгілерге дарыта білді. Көптеген әділетсіздікті көре жүріп,өмір мектебінде шыңдалып, ерте есейді. Оқыды және өзгелерге дәріс берді. Ат жалын тартып ержеткен шағында бар жақсылықты өзі сүйген еңбегінен тапты. Отанының адал ұлы болды. Отан деген ұғым әкем үшін бәрінен жоғары тұратын. Билікте жүріп, кейбір адамдардың пендешілігін көріп тұрып үндемей қала алмады. Туған жерін, өскен елінің қадірі мен қасиетін жоғары бағалады. Өзге жерде сұлтан болғанша, өз елінде ұлтан болуды таңдады. Бөтен елдің төрт-бес тілін білсе де, ана тілінің дамуына аса назар аударды. Балалары мен ұрпағының білімді болғанын, өзі секілді бірнеше тіл білуін тіледі. Заманына сәйкес орыс тілін жетік меңгерсе де үйде тек қазақ тілінде ғана сөйлеп, қазақша дастан-жырларды айтатын. Халық әндері «Япурай», «Тілеуқабақ» және Абайдың «Көзімнің қарасын» қара домбыраның қағысына қосып айтқаны ерекше сезімге бөлеуші еді. Есеп-қисапты да жақсы шешетін.Оған өмірдің түрлі қиындықтарында дұрыс шешім қабылдайтын қасиеті себепкер болды-ау деп шамалаймын. Шығармашылық ұйымдарының концерттерін жібермей тамашалататын. Ақтөбеге келген концерттік ұжымдардың бәріне үнемі анам екеуі жақсы киініп, жарасымды жұп болып баратын. Әсіресе, гастрольдік сапармен сол кездерде әртістер ауылдарды көп аралайтын еді. «Ел іші - өнер кеніші» демекші, тек ән айтумен шектелмей халық ішіндегі талантты жастарды өздеріне тартып өнерге тәрбиелейтін. Соның арқасында елімізде сол жылдары халық аспаптары оркестрлері көбейіп, жеке әншілер де көріне бастаған болатын. Есімде қалғаны Ленин атындағы совхозда тұрғанымызда Ғарифолла Құрманғалиев бастаған бір топ әртістер біздің үйде болып, дастарханнан дәм татып қонақ болған еді. Біздің үйден үнемі әнші- жыршылар және жазушы-ақындар үзілмейтін. Әкем бұлар халықтың азаматтары, үйден дәм таткандары дұрыс деп отыратын. Сыртынан қарап тұрып әке-шешемізді мақтан тұтатынбыз, өйткені олар елінің нағыз патриоты бола білді.

Ата-ана үшін әр баланың орыны бөлек. Әкем бізге ерекше мән беріп өсірді. Өмірдегі орынымызды табуға бағыт-бағдарын да аяған емес. Ең ғажабы балалардың түрлі саладағы мамандықтарды оқып, меңгеріп өсуіне көңіл бөлді. Бір-бірімізді қайталамауды, әркімнің өзіндік жолы болуын ойластырды. Тіпті сабағымызды қолы қалт етсе бірге дайындайтынбыз. Не істесе де жанын беріп атқаратын. Әдетте үлкендер балалардың тірлігіне араласпайды. Біздің әкеміз болса, керісінше баламен балаша түсінісіп, соны үлкендердің деңгейіне көтеруге тырысатын. Біз шындықты көріп тұрсақ, оны қорықпай, аянбай әділін айтуға үйрендік. Бізді үлкен өмірге қайрап салатын, өзі балажан нағыз қамқор әке еді.



Қайран балалық шақ! Қайран туған жер! Қайран қасиетіңнен айналайын қара шаңырағым. Қасиетіңді қанша айтып жырласам да тауыса алмаймын. Бүгінде сол күндерді сағынам. Әсіресе, жеке қалғанда көп ойланам. Әттең-ай деймін. Әкеммен болған сәттер қайта бір айналып келсе ғой. Әрине білем өмір қайта оралмайтынын. Әр перзент ата-анасын кие тұтады. Олар үшін әке-шешесінің басқан жері мен тұтынған заттары, киген киімі және тұрған үйі ерекше қасиетті. Маған да ата-анамның «Пролетарий» совхозында салған үйі үлкен сарайдай көрінетін. Әлі есімде көктем шыға наурыз көже жасап, көршілерімізбен арқа-жарқа болып көрісіп, жаңа келген жыл басын қуанышпен қарсы алатынбыз. Әрине, қазіргідей мемлекеттік тұрғыда болмаса да отбасымызбен осы мерекені сағына күтетінбіз. Жердің тоңы жібіп егін басталғанда совхоздың жүк машинасына тиелген көшеттерді көше бойы таласа-тармаса алып, әркім есіктерінің алдына отырғызуға асығатын. Мен де көршілермен бірге қолыма ілінген шыбықтың бірін аулаға әкеліп ектім. Бұл 1968 жылдың көктемі еді. Біз де есейдік, мен еккен ағаш та бізбен бірге өсті. Елге барғанда сол бір терек үлкен тарихтың куәсі, өткен өмірді еске түсіретін белгі ретінде ыстық көрінеді. Ол үйде бауырларыммен бірге асыр салып ойнап, оқушылық кезеңнің қызықты шақтары өтті. Төр бөлмеде анам мен әкемнің күлкісі, көңілді бір отырыстары есіме оралады. Әсіресе, мереке күндері терезені ашып қойып сырттан естілген әндерге қосылып айтатын. Әкемнің ерекше дауысы болатын. Ал анам болса ақырын ғана әуендетіп дем беріп қоятын еді. Оған біз де қосыла шырқайтынбыз. Ішімізде әпкеміз Галинаның дауысы мықты шығатын. Ол тіпті жастайынан әнге құмар болды. Бүгінде басымыз біріге қалса әкемнің айтқан әндерін айтамыз. Сол бір әндер арқылы ата-анамызды еске аламыз, сағынышымызды басамыз. Ағайынның бар болғанына не жетсін. Бізді дүниеге әкелген, өсірген әке-шешемізге алғысымыз шексіз. Тәубе дейміз.Сол үйде төртінші кластан мектеп бітіргенше тұрдық. Мектеп бітірісімен ауыл тіршілігіне етене араластым. Совет Армиясына да сол үйден аттандым. Өйткені әкем өзі әскери адам, соғыс ардагері, гвардия капитаны болғандықтан менің де қара жаяу емес, әскери тәртіптің қыр-сырын білетін жинақы, шымыр өзіндей болғанымды қалаған болар. Мен де оған ұқсап бақтым.Әскери өмірден көп нәрсені үйрендім. Отан алдындағы борышымды сонау Европадағы әкемнің соғысқан майдандас достарымен шет жерде әр таңды қиындықпен өткеріп, жеңіспен оралған жерінде атқардым. Алыста жүрсем де әке қамқорлығын үнемі сезініп жүрдім. Әкем сонау Германияға менің әскери бөліміме, оның басшыларына хат жазып хабарласып тұрыпты - оны кейін білдім. Кайран қамқоршым!..Қайда болса да балалар үшін барлық жақсылықты аямады. Сыртымыздан тілеуімізді тілеп жүрді. Әлі күнге дейін аруағымен де қорғап келеді... Зейнетке шығарда, «Ақкемер» станциясынан жіберген бір хатында «Болатым ау, сен оқуың керек, болашақ білімде, өркениет қалада, сондықтан Ақтөбеге көшкелі жатырмыз, ертең сендер студент болғанда қиналмай оқуларың үшін үй аламын. Бұл сендердің болашақтарыңа керек» деп жазып едің - ау, әкешім.

Ақтөбе қаласында алғашқы алған үш бөлмелі үй әлі күнге дейін көзімізге ыстық көрінеді. Сол үйдің қасынан өткен сайын терезесіне бір қарамай өте алмаймын. Әкем терезе жақтауынан ақырын ғана сығалап тұрғандай болады. Тіпті интерьері бүгінгідей есімде. Әр заттың қалай тұрғаны, бөлменің жағымды иісі, ас үйдегі анамның әзірлеген ыстық тоқаштарының дәмін қалай ұмытарсың.



Біз ес білгелі әкемнің жалғыз апасынан басқа ешкімі жоқ. Оның өзіндік себеп - салдары бар. Анам Шолпан да он үш баладан жалғыз қалған екен. Екі мұңлықты құдайдың қосканы да сол болар?! Мың өліп, мың тірілген қазақтың басынан не өтпеді? Әңгір таяқ ойнатқан отарлаушылардың езгісінен басымызды көтеруге, дауысымызды шығаруға қымсынған кез ғой ол заман. Сұм соғыс пен ашаршылықтың құрбандары болған бауырларынайтып екеуі де көз жастарын сығып-сығып алатын. «Адам жаны аспанда» демекші, көңілдеріндегі құсалықтарын жеткізу өте қиын болса керек.Орал әже әкеміздің туған анасындай болды. Шешемнің тірі қалуына да әжемнің еңбегі зор болыпты. Ел жан сауғалап, жан жаққа бытырай бастағанда, әркім әр жаққа пана іздеп жосыған заманда, Ресейге қарай бет алады. Тоқтаған жерлері - Свердловск қаласы. Ол кезде кәзіргідей жайнаған қала жоқ. Ел жаңа өмірге енді үйреніп келе жатқан кезі. Ол жақта да ашаршылықтың ұшқыны белең ала бастаған. Жұрт ұзынқұлақтан естігендерін көзбен көргендей айтып, талай елдің обалына да қалған еді-ау. Жазықсыз жандар бір үзім нан үшін «балапан басына, тұрымтай тұсына» демекші, бет-бетімен тозып кеткен кезді кім ұмытар. Қинала жүріп заводқа қара жұмысқа кіреді. Жолда жоғалтқан балаларын да іздеп арасында шыр қағады. Бір Алладан басқа сыйынар пенде жоқ. Кейде таңға кірпік ілмеген кездері де көп болды. Сөйте жүріп қызы Шолпанды аман алып қалған. Қатарынан қалдырмай анамды орысша оқытып, хат танытып қатарға қосты. Анам орыс әндерін нақышына келтіріп орындайтын, бірақ көп айта бермейтін. Білуімше, орыс әндерін орындаған кезде жастық шақтағы қиыншылықтары еске түсетін болуы керек. Анамның жастық шақтағы көрген қиыншылығынан кейінгі соғыс кезінде көрген азабы мол болды. Ер азаматтар Ұлы Отан соғысында тізеден қан кешіп жүргенде, әйелдер елде еңбек армиясында күндіз-түні талмай Отан үшін еңбек етті. Солардың ішінде менің-де анам Шолпан Ақтөбе «Ферро қорыту» зауытында жұмыс жасаған. Зауыт Ресейден Қазақстанға көшірілгенде зауыт еңбеккерлері сол елде қалып қойғандықтан тұрғылықты жерден жұмысшыларды алған болатын. Олардың ішінде де орысша білетін, хат танитын алғыр жастарды қабылдайтын. Қаршадай қыздардың ішінде анам да таңның атысы-күннің батысымен осы зауытта еңбек етті. Асыл анамның самайындағы ақ шашы мен бетіндегі кейбір әжімі сол соғыс жылдарынан қалған із сияқты. Әкемнің өмір жасы қысқалау болғанымен анам немере, шөберелерін көріп, сексеннен асып дүниеден өтті. Ақ сүтімен нәр беріп өмірге алып келген анамыздың біздерге бергені де, үйреткені де, көңіліне тоқығаны да көп еді. Ұрпақтарына мейірім-шапағатымен қарап, ақ-қараның парқын, ұят-намыстың нарқын ұғындырған жан. Біздерге әке орнына әке болса, ал немерелеріне ата орнына ата бола білді. Нендей жағдай болса да жаймашуақ ақылға салып, жай сөзбен жеткізетін. Келіндерінің көңілдеріне еш қаяу салған жоқ, күңкіл сөз дегенді білмейтін. Құда-құдағиларын құдайындай сыйлайтын. Бір ауыз сөзбен айтсам Анамның жүрген жүрісі, отырысы, тұрысы, адамдық қарым қатынасы, даналық сөздері бір ұлағат тәлім-тәрбие еді.

Әкем Қонақбай қырықтың қырқасына шығып, нағыз толысқан шағында мен дүниеге келдім. Сондықтан отбасымызда орыным бөлек. Анам мені үйде босанды. Дәл сол күні Әкем жол сапарда болыпты. Үйге Алтын, Жәмилә, Аманша, Ақзілманат, Зейнеп, Алуаш шешелеріміз жиналып, қазан жарыс жасаған екен. Көп ұзамай мен де дүние есігін ашыппын. Кіндігімді кесіп көтеріп алған Зейнеп анамыз болды. Ол кісі татар болғанымен қазақ арасына сіңген, іс қимылы ширақ, пысық, қазақтың салт-дәстүрін жақсы білетін. Әкемнің көйлегіне мені орап алып әкесіндей болсын деп ырымдапты. Содан ба үнемі әкем менен үлкен үміт күтті. Жүріс-тұрысымды өзі қадағалап, үнемі ақыл-кеңесін айтудан жалыққан емес. Тай-құлындай бірге өскен ауладағы достарымды да жақсы көретін. Футбол ойнаған біздерге төреші де болып, кейде демеушілік жасап қуантатын. Ол кісінің жеңген жақты ғана емес, жеңілген жақтың өзін қолдап, көңілін демдейтін. Сөйтіп, болашақ жеңістерге жігерін жанитын.

Күн өткен сайын әкемнің бейнесі алыстамай, керісінше жақындай түседі. Есімде қалған әкемнің әрбір қимыл-қозғалысы қымбат, әр іс-әрекеті үлгі-өнеге болып, ойымда сақталып қалыпты. Өмірімнің әр сәтін, әр қадамын, әкемнің ізгі жолымен, сондай-ақ үлгісімен жасаймын.Соның бәрін бүгінгі күнмен таразылап салыстырып көргенімде әкемнің бейнесі одан әрі биіктейді.

Ұлы Отан соғысы кезінде күн демей, түн демей Отан үшін көкірегін отқа тосып, жеңіске жетіп, соғыстан кейін халыққа қызмет етіп, Қазақстан жерінде көптеген халықтың басын қосып, елдімекендер тұрғызып, көмек еткен, әкемді үлгі тұтып келемін.

1972 жылы мектеп бітіргеннен кейін Әкем:

- Балам, сен жоғары оқу орнына түсуін керек,- деді. Ол кезде менің арманым геолог болғым келген. Содан армандаған мамандығыма құжаттарымды тапсырдым, дегенмен сол жылы аталған жоғары оқу орнына түсе алмай, әскерге кеттім. Әкемнің сол бір айтқан сөзі әлі күнге дейін есімде:

- Балам, кез-келген ер азамат әскерге баруы керек. Отан алдында борышын өтеуі тиіс. Сондай-ақ әскерге барып шыңдаласың, ел көресің, жер көресің, бойында патриоттық сезімі оянады,- деген сөздерін жадымда ұстап, сол жылы Германияға әскерге кеттім. Кезінде азат етуге әкеміз қатысқан елдің қаншалық дамығанын өз көзіммен көрдім. Әкейдің жеңісті жорығына куә болғандай күй кештім.

Әкемнің тарихи деректерін дәлелдеу үшін ұрпақтары Мәскеу түбіндегі Подольск қаласындағы әскери мұрағатқа арнайы сұрау салып, хат жаздық. Ол жерден арнайы жауап келді. Қуанышымызда шек болмады. Бірден Мәскеуге әпкем Елнұры, зайыбым Майра үшеуміз жол тарттық. Жеткенше қалай болар екен деп толғаныста болдық. Ойлаған мақсатымыз орындалып, жолымыз болды. Әкемнің біз білмейтін орден мен медалі ғана емес, Алғыс хаттары болғанын білдік. Тіпті, жақсы соғысқаны үшін берілген ақшалай сыйлықтарын алу үшін қойған қол таңбасын өз көзімізбен көрдік. Соғысқа кірердегі жазған өзі туралы өмірбаяны, Талғардағы дайындық кезіндегі кезекшілік кітапшасының қаз қалпында сақталғанына таңдандық. Соғысқа кірер алдындағы тізімдер мен ұрыстан кейінгі жазуларды оқыдық. Біз білмейтін басынан кешкен қиындықтары мен денесіне түскен жаралары баршылық екен. Үш рет ауыржаралы болыпты. Денесінде оқтан қалған тыртықтар барын көрсек те, бізге солардың бірінің сырын айтпайтын мықтылығына қайран қалдық. Біздің балалық жүрегімізге дақ түсірмес үшін жарақаттарын жасыратын болуы керек. Бала болғанан соң не нәрсеге болса да құлағымыз елеңдеп тұратыны бар. Бір көңілденіп отырғанда Алматыдан келген майдандас досы әрі қарамағында связьной болған орыс жігітінің әңгімесін естіген едім. Сонда ол әкеме: «Конакбай Назарович, есіңде ме сені біз ауыр жараланғанда ит шеккен шанаға байлап санчастьқа жібергеніміз» - дейтін. Сонда әкем қарқ - қарқ күліп: «Ол артта қалды ғой. Жақсы адамға жеті қазынаның бірі иттің өзі жақсылық жасайды екен. Қосарланған иттер ормандағы соқпақ жолмен мен жатқан шананы тоқтаусыз сүйреп келеді. Шана биік өскен қарағай діңгегіне анда-сонда соққанын денем сезеді. Көзімді ашсам, санчастьтің алдында жатырмын. Міне ол оқиға осылай болған» деп майдандас досына түсіндіріп жататын. Соғыс туралы әңгімені достарымен ғана бөлісетін. Жай уақытта біз сұрасақ та соғыс туралы айтпауға тырысатын.

Рота командирі саптан шыққанда дереу оның міндетін атқарғаны туралы мәліметті оқығанда ағайынды үшеуміз бір бірімізге қарап таңқалғанымызды жасыра алмадық. Әкеміз 391 атқыштар дивизиясындағы 1278 атқыштар батальонында комиссар әрі командир болғаны жөнінде мәлімет алдық. Бұл Солтүстік-Батыс майданда болған жағдай екен. Әкеміз бұл жауапты қызметті ойдағыдай атқарып, солдаттарды жеңіске жетуге ұйымдастыра білгендігі байқалады. Тәртіп пен жауынгерлік рух қалыптасуына күш салған. Кезекті жараланған соң госпитальде емделіп, сапқа қосылған әкемізді енді Белорусь майданына жібереді. Бұл жолы да комиссар болып, ақыры жау түпкілікті талқандалғанша қолынан қаруын тастамаған. Осы ерліктері үшін әкемізге «Ерлігі үшін», «Екінші дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен бірқатар қалаларды азат еткені үшін медальдер беріліпті.

1975 жылы әскерден келгеннен кейін әкем: - Балам, армандаған арманыңды, алға қойған талабыңды жүзеге асыра біл, білімді азамат болуға талпын, - деді. Ал менің ойым геолог болу еді. Осы мақсатпен Алматыдағы политехникалық институтке түсуге дайындалдым. Мен әскерде жүргенде-ақ іштей керек кітаптарды жинап, бір чемодан етіп арқалап келгенмін. Ал әкем Ақтөбеде қалып мұғалім болғанымды қалады. Сөйтіп Ақтөбе пединститутының физика –математика факультетінің студенті болып шыға келдім. Студенттік шақ зымырап өтіп жатты. Әкем «Болатым мұғалім болады», деп қуанып жүрді. Себебі әкем де алғашында еңбек жолын білім беру саласынан бастаған. Ұстаз болу үлкен мәртебе екендігін үнемі мақтанышпен айтып отыратын. Әкем мен үшінші курс оқып жүргенде кенеттен өмірден озды. Бұл біз күтпеген жағдай еді.Әкем айтқандай жоғары оқу орнына оқуға түсіп, 1979 жылы бітіріп, өзімнің ұстанымым бойынша геология - мұнай саласына жұмысқа орналастым.

Әкемнен қалған: «адал бол, адам бол, әділ бол, өмірде тек өз күшіңе сен, жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүрме, жеңіл жолды іздеме, қиындықтарды жеңе біл!» деген ұстанымдарын ұстанып, болашақ өсіп келе жатқан ұл-қыздарыма, жастарға мен де әкем сияқты еліміздің елеулі, халықтың қалаулы азаматы ретінде іс-әрекеттерімен, еңбегімен үлгі болып келемін. Әкемнің өмірлік жасаған еңбектеріне зер салып, барлық мақсатыма өз күшіммен жетудемін.

Ақтөбе облысында «Жаңа жол», «Кеңкияқ» мұнай-кен шығару орнында жұмыс істеп жүргенімде әкемнің көзі көрген ақсақалдар мен үлкен кісілер Назаров Қонақбайдың баласы екенін естігенде, олар әкем туралы мақтан тұтатын көп әңгімелер айтып, қолдап, демеу болатын. Олардың айтқан сөздері мен әңгімелері менің бойыма ой түртіп, әкем туралы көптеген ақпараттар жинадым. Ол ақпараттардың негізі сол әкемнің туған ауылынан бастау алып, кейінгі қызмет еткен жерлерінде елдің ауызында жүрген, аңызға айналған естеліктері. Педучилищеде білім алып ауыл балаларын оқытқан. Одан кейін Әскер қатарына шақырылып, борышын өтеген. Білімін жетілдіру мақсатында Түрікменстанда жүргенінде парсы, түрік тілдеріндегі әдебиеттерді көптеп оқыған. Ал Ташкентте болған кездерінде өзбекшені судай сөйлепті.Соғыс басталғанда Алматыға келіп, әскери дайындық жұмысымен тікелей айналысқанын мұрағат құжаттары дәлелдеп отыр. Әр күндегі атқарған жұмыстары мен ротаның барлық құжаттары сақталған материалдарды көргенде осының бәрін қалай жазып жүрген деп таң қалмастаудан басқа айтарымыз болмады. Поезбен туған жері Ақтөбені басып өтіп, Мәскеуге келіп қайнаған соғыстың ортасынан бір-ақ шыққан. Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі дегендей, әкем бірнеше рет жеңіл, ауыр жараланып, өлім аузынан қайтқаны туралы өз ауызынан естімей, Подольсктегі мұражайдағы шаң басқан архивтерден таптық. Осынша сырын ішіне сақтаған асыл әкемнің біз білмеген қаншама құпиялары өзімен бірге кетті ау шіркін. Ал Жоғары партия мектебінде қол үзбей екі жыл оқығаны кейін ел басқарудағы жұмысын жақсарта түсті. Ол тек әскери қолбасшы ғана емес, бейбіт өмірдің саяси жетекшісі бола білді. Ел экономикасының көтерілуіне аянбай еңбек сіңірді. Сол кезде осындай боламыз, әкеміз туралы кітап жазып, кино түсіреміз деп кім ойлаған. Бәрі тез өткінші екенін адам тірі жүргенде қайдан білсін. Қолда бар алтынның қадірін білмеппіз-ау. Енді әкем жүріп өткен ізінің өшпеген жерлерін тауып, естелік етіп жазып отырмын. Қаншама жаз өтіп, күз келді, қыс болып көктем шықты, тоқтаусы өткен өмір деген осы. Қайда барсам да әкемнің жақсылығы алдымнан өсиет болып, ерлігі өнеге болғаны үшін мақтанамын. Сол қуанышымды, құрметті оқырман, бірінші сізбен бөліссем деймін. Екінші артымнан ерген тұяғым балам Теміржанға жеткіссем деген ниеттемін.

Майра екеуіміз қыздарымыз Жанармен, Әйгерімді, ұлымыз Теміржанды еңбекқор, шыншыл, үлкен жүректі, дархан мінезді етіп тәрбиелеуге бар күшімізді салдық және салып келеміз. Балалар тәрбиесінде ата жолын сақтауда өзі де салихалы, салауатты әке-ананың үлкені болып өскен Майраның еңбегінің көп екенін айтпай кетуіме болмас. Ел салты бойынша біздің қазақ зайыбын көп мақтамайды. Бірақ «жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» деген мақал маған ол туралы жаз деп тұрғандай.

Педагогикалық институты қызыл дипломмен бітірген Майра балаларымен бірге мектепті қайта оқыды, Жанар мен Әйгерім Англияда оқығанда олармен бірге ағылшын тілін біршама меңгеріп, балаларына барып тұрды, яғни университетті қатар оқығандай.

Теміржанның қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгеруінде анасының үлесі мол. Оның сабағын күнде тексереді. Өз басым жұмыстан бос уақытта балаларыммен бірге болып, бірге қыдырамын. Үйде әкенің орны бөлек екенің түсінемін, сондықтан да балаларға қатал талап қойып, әрбір тапсырманы нақтылы уақытында орындауын талап етемін.

Туғаннан ба, тұтынғаннан ба дегендей ата тәрбиесін арқау еткен балаларымыз өмірден өз орындарын табуда, Жанар да, Әйгерім де батыстан білім алып, шығыс тәрбиесімен өсуде. Шетел компанияларында қызмет жасайды. Қазір өз алдарында үй болған. Біздерге үш немере сыйлады. Күйеу балаларымыз Досболат, Алмас заман талабына сай қызмет жасауда. Құда-құдағайымыз Иманалы – Мәкең, Омархан – Раиса - елге қадірлі азамат-азаматшылар. Әкеміз Қонақбай мен шешеміз Шолпанның мәпелеп өсірген төрт қызы мен үш ұлы өз алдарына түтін тұтатып, қызметтерін жасап, немере сүйіп отыр. Барлығымыз жиналғанда балаларымызға әке-анамыздың үлгілері туралы әңгіме қозғап, олардың сол жолымен тәрбеленуін қалайтынымызды айтамыз.

Әрине есейген, заманға сай білім алған, жанаша өмір сүріп жүрген балалардың ата-әжеміздің өмір сүрген уақыты, ортасы басқа ғой деп ойлауы мүмкін деп, оларға «Ескіні еске алмай, жаңа жарыққа шықпайды» деген мақалды естеріне саламыз. Ата-ананы сыйлау әрбір адамның борышы екенін айтып, бір ғұламаның «Аллатағала адамға екі тізе бергенде, біреуін ананың алдына, біреуін әке алдына ғана бүгу үшін берген екен» деген сөздерін ескертеміз.

Осы кісілердің, оның ішінде әкемнің өмірін ұрпағы үлгі етсін деген мақсатта әкемнің өмірі жайлы тарихи шындыққа, мұрағат құжаттарына негізделген «Мұнар» деген фильм дайындаудамыз.

Фильмде атасынан кейінгі басты тұлға шаңырақ жалғастырушы немересі Теміржан. Әкемнің жас кезіндегі ролін суретімен салыстырғанда көшірмесі сияқты немересі ойнайды. Мың айтқанын бір көрген жақсы деп, ол фильмді көпшілік қауым көрер, өз ойларын айтар. Әке туралы әрбір ісін өнеге етіп, әрбір сөзін тұмар етіп, көп жазуға болады.

Мен әкеммен мақтансам, балам Теміржан менімен солай мақтанып маңдайы жарқырап жүрсе екен деймін. Ұлым осы ақпараттармен таныса отыра әкеме арналып шығарылған кітапты оқып, киноны көріп, ол кісінің бойындағы қасиеттерін өзінің бойына сіңіру арқылыер жетіп, әділ, адал, ұстамды, шымыр, беделді азамат болсын деймін.

Әкеміздің туғанына жүз жыл толуына орай үлкен той арнап, мұсылманша құран бағыштап ел болып атап өтсек дейміз. Табиғатынан қайсар, өмірдің сындарына шыңдалып өскен, барлық ұрпақтарын жетілдіріп кеткен асыл жанның өмірі өзгелерге үлгі болсын деймін. Асыл ойлы Әкеміздің ғасыр тойы құтты болсын!



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   36




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет