Ақтөбе қаласы.
Елнұры Қонақбайқызы ЖИДЕБАЕВА,
еңбек ардагері, зейнеткер,
Қазақ ҚСР оқу-ағарту ісінің үздігі
ОРАЛМАЙСЫҢДАР-АУ...
Мен ел-жұрт қызыға қарап, талай жақсылар мен жайсаңдар сүйсіне дәм татқан берекелі шаңырақта сегіз баланың – үш ұл мен бес қыздың үшіншісімін. Апам Гүлжан, ағам Жалғас, содан кейін мен.
Отбасындағы барлығымызға әкеміз бен анамыздың өзара сыйластығы үлкен сабақ болды. Әрине, өз қатарымыздай біз де еркеледік, балалық жасадық, әйтсе де сотқарлыққа салынған жоқпыз. Әлдеқалай қылығымыз байқала қалса жарықтық анамыздың «Әкең келе жатыр үйге», «Әкеңе айтам» деген сөздері тосқауыл болып тұратын. Екеуі бірін бірі алақанына салып өтті. Олардың отбасылық тірліктері Ұлы Отан соғысының дүрбелеңі енді ғана басылған уақытқа тап келді, онан кейін Хрущев заманының аласапыранын ересек буын ұмыта қойған жоқ. Сонда әкем өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындау ниетімен қайнаған жұмыстардың бел ортасында жүрді, ешбір шарадан қағыс қалған емес. Кезеңнің қалыптастырған қағидасымен жеке мүддені алдыңғы қатарға шығарған жоқ және өзі араласқан мәселені соңына дейін әділ шешуге тырысатын. Қандай жайды да жан-жақты сарапқа салып, нақты ұйғарымға келетін. Белсенді ұстанымын жоғалтпай адамдардың құрметіне бөленуі - бір жағынан анамыздың арқасы деп білемін.
Әкемнің өзімді өзге балаларынан бөле-жара жақсы көргеніне мақтанатынмын. Бауырларымнан бұрын жоғары білім алдым. Еңбек жолымды Ақкемер орта мектебінде мұғалім болып бастап, көп ұзамай облыстық білім басқармасында инспектор қызметіне қабылдануым да – әкемнің арқасы. Қызмет бабымен аудандарға іссапарға жиі шығатынмын. Сол кезеңде Семей облысындағы Шұбартау ауданы мектеп бітірушілерінің бастамасымен қой өсіруші комсомол-жастар бригадаларын құру ұраны көтерілді.Осыған орай алғашқы іссапарым Шалқар ауданына түсті. Әкем алдын-ала ақыл-кеңестерін беріп, сөйлейтін сөзімнің мәтінін де өзі дайындады.
Еңбегім бағаланып, төрт жылдан кейін облыстық кеңес атқару комитеті жанындағы кәмелетке толмаған жасөспірімдер ісі жөніндегі комиссияның жауапты хатшылығына шақырды. Еліміз егемендік алған соң облыс әкімінің аппаратында бас маман, кеңесші қызметтерін атқардым. Жалпы мемлекеттік қызметтегі өтілім 33 жылды құрады. Жасы үлкен ағай-апайлар аты-жөнімді сұрап білген соң «Е, Қонекеңнің баласы екенсің ғой» деп жатады. Жақсы адамның өзі пәниде жоқ болса да қасиеттері тұстастарының, кейінгілердің көкірегінде сақталып қалатынына көзім жетті.
Былайғы жұртқа қатқыл болып көрінетін әкеміз үйде бала-шағаның ортасында мамыражай күйге түсуші еді. Бірімізден соң біріміз тетелес өсіп келе жатқан балаларына соғыс жылдарынан әңгіме айтатын. Төсіндегі тыртықты көріп, жай-жапсарын сұрамаймыз ба?! Кезекті шабуылдардың бірінде жау оғы төсін жалап өткендей болған, әкем ет қызуымен байқамапты. Шамалы уақыт өткен соң белбеуін шешіп қалса купәйкесінің ішінен кесек-кесек ұйыған қан түсіп жатқанын көріпті.
Өзі бір аяғынан сылтып басатын. Бұл да – сұм соғыстың ылаңы. Шабуыл барысында аяғына оқ тиіп, қозғала алмай қалады. Айнала түн құшағында. Атыс саябырлаған шақта әкем соңғы оқты өзіне қалдырыпты. «Не де болса жау қолына тірілей түспейін, қашып шыға алмайтын жағдайда өзімді құрбандыққа шалайын» дейді ғой ішінен күбірлеп. Бір мезетте санитарлар шығып: «Жарақаттанып, тірі қалған адамдар бар ма?» деп айқайлап келеді екен. Талқаны таусылмай тұрғаны, госпитальға жатқызылады. Дәрігерлер аяғын кесу туралы ұйғарымға келгенде әкем қыңыр мінез көрсетіп, келісім бермейді, тіпті сау аяғымен дәрігерді теуіп жіберген көрінеді.
Ардақтыларымыз тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырында көпшілдігінен, қонақжайлылығынан арылған жоқ. Ағайын-туыстары, достары, әріптестері үйге әртүрлі мәселелермен келіп, ақыл-кеңес сұрайды. Тіпті мазалап тұрған шаруасы болмаса да сәлем бере келетіндер қаншама?! Әруағыңнан айналайын ата-анамыз солардың ешқайсысын дәрежесіне, жасына бөліп қарамастан жылы шыраймен қабылдап, дастарқанды түрлі тағамдармен түрлендіріп жаяды. Және «шаршадым» деп, қабақ шытпайды.
Тұла бойына ғажайып қасиеттерді сыйғызған әкеміз тым ерте – небәрі алпыс бес жасында бақилық болды. Мен Ақтөбе қаласында анамның қолында тұрып жұмыс істейтінмін. Інім Болат – Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтының, сіңлім Роза – Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының студенттері. Талғат болса мектептің 10 класында, Анара балалар бақшасында тәрбиеленіп жүр.Ең үлкеніміз Гүлжан мен сіңлім Света теңін тауып, өз алдына тірлік кешуде. Ағам Жалғас Октябрь ауданының «Пролетар» кеңшарында тұрады. Осылай енді ғана жапырағымыз жайылып, өзі тіктеген бәйтеректің саясында ұл-қыздарының рахатын көремін дегенінде әкемізді сұм ажал алып кете барды. Өмірдің мәңгілік емес екенін түйсініп жүрсем де дәл осылай төтеннен үзіледі деген ой басыма келмепті. Суық хабарды алғаш естіген, асқар таудай бейненің қозғалыссыз қалғанын көрген сәтте көшіміз мүлде тоқтағандай сезіндім. «Енді қалай өмір сүреміз?» деген қорқынышты ой сананы билегені рас.
Әкемнің әкесі, яғни атам қатаң адам болған. Әкемнің бір құлағында тесік болатын. Сол кезеңде перзентіне 5-6 жасында баласына көз тимесін деп, бір құлағына сырға салатын болған. Әкем біліп қалып, үйдің төбесіне шығып тығылған. Әкесі қамшымен ұрып, түсіріп алып, бір құлағына сырға салған. 1924 жылы он бір жасында шешесінен айырылған, 1936 жылы әкесі қайтыс болған.
1945 жылы тамыз айында соғыстан аман-сау оралған әкем Алға қаласында тұратын Қаншайым апасының үйіне келеді. Апасы інісін күтіп, күнде пойызға шығады екен. Бір күні қазанның астына от жағып, ас пісіріп жатқанда пойыздан бір солдаттың түсіп келе жатқанын көрген. Жарықтық інісін танып, шаруасын тастай сала жүгірген, сонда көйлегі отқа тиіп, жанып келе жатқанын байқамаған. «Қонақжаным» деп құшақтай алған.
Жыл артынан жыл өтті. Тірлік толассыз ағынды су тәрізді екен, тоқтамай ағып жатады. Соңында қалған біздер есейдік, жүрек қалауымен шаңырақ көтердік. Жарық дүние есігін Назаровтар әулетінің жаңа буыны – немерелер ашты. Пейіште нұры шалқығыр анамыз немерелердің алды үйленгенін көрді, бал күлкілі шөберелер маңдайынан сүйіп, отағасының соңынан мәңгі қонысына аттанды.
Енді міне өзіміз де Әжеміз, Атамыз. Замана көшінен қалмай бұйырған несібені теріп жеп жүрміз. Ортамызда Болат пен Талғат кәсіпкерліктің алуан құпияларын меңгеріп, үлкен аудиторияға мәлім болды. Бұл да – Алланың берген ризығы. Шүкіршілік айтамыз. Әрқайсысымыздың бойымызға жоғары адамгершілік, қарапайымдылық, терең ой, мықтылық, әділеттілік сияқты тамаша қасиеттерін сіңіріп, баға жетпес мұра қалдырған Әкеміз бен Анамызға мәңгілік қарыздармыз. Әлдекім титтей де болса жақсы ісімізге масаттанып, «Назаровтардың ұрпағы ғой» деп жатса біз үшін бақыт та, сыйлықта сол.
Достарыңызбен бөлісу: |