1.2 Құс шаруашылығының биологиялық ерекшеліктері Құс шаруашылығы - мал шаруашылығының ең тез жетілетін, әрі тиімді бір саласы. Бұл саланың өркендеуіне тиісті жағдайлар жасалса, аса қысқа уақыттың ішінде еңбекті де, азықты да, қаржыны да аз жұмсап, жұғымдылығы жоғары өнім - етті және жұмыртқаны жылдың төрт мезгілінде де көп мөлшерде өндіруге болады. Жұмыртқа әртүрлі қоректік заттарға бай келеді. Сондықтан ол жұғымдылығы да, сапасы да жоғары өнімдердің қатарына қосылады. Дені сау құстан алынған жұмыртқа өте таза болады. Сондықтан одан ауру тарамайды. Құстың жұмыртқасы мен еті диеталық тағамдарға жатқызылады. Өйткені олар адам организміне өте жақсы сіңеді. Тамаққа жұмыртқаны пайдаланғанда ол заттың дұрыс алмасуына ықпал етеді, нерв жүйесін нығайтып, организмнің әр түрлі ауруларға төзімділігін арттырады. Республика медицина ғылым академиясының тамақ институты жан басына тәулігіне орта есеппен 50 гр немесе жылына 365 жұмыртқа қажет екенін анықтап берді.Жоғарыда айтылғандай, жұмыртқа адамға қажетті жеңіл сіңетін қоректік заттардың бәріне де бай. Оның құрамында құнды белоктар, майлар, углеводтар, жиырмадан астам минералды заттар және оннан астам витаминдер бар. Ұзақ уақыт сақтау үшін жұмыртқаны ұнтаққа немесе мұздатылған қоспаға айналдырады яғни белогімен сарысын өз алдына жеке-жеке өңдейді. Жұмыртқа ұнтағымен мұздатылған қоспаны тамақ дайындағанда, нан пісіргенде, кондитер тағамдарын, майонез, макарон, вермишель және балмұздақ жасағанда пайдаланады.Жұмыртқа халық шаруашылығының басқа салаларында кеңінен пайдаланады. Жылтыр және хром былғары жасаған кезде кептірілген белок қолданылады. Тоқыма өнеркәсібінде ондай белок матаның түсіне нәзік рең беретін бояулардың тез оңып кетпеуі үшін қолданылады, бекіткіш ретінде белок баспахана бояуларында, сондай-ақ фотография өнеркәсібінде пайдаланылады, ал шарап жасағанда оған белок қосса, ол мөлдір болады. Жұмыртқаның сарысы терінің ерекше сорттарын илегенде, сабын қайнатқанда және косметикалық өнеркәсіпте қолданылады. Медицина және мал дәрігерлігі өнеркәсібінде сарысу (сыроватка), вакциналар және бактериялық құралдар дайындаған кезде, фармакологиялық дәрі-дәрмектер жасағанда да жұмыртқа пайдаланылады.Республикадағы тамақ институтының деректері бойынша күніне орта есеппен адамға 3000 калорияға жуық азық қажет екен. Ал жан-жақты дамып, дұрыс өсіп-жетілуі үшін дені сау адам калориялылығы жоғары ет, жұмыртқа, сүт, балық т.б. өнімдерді тұтыну қажет. Ғылымға негізделіп жасалған тамақтану нормасына сәйкес бір адамға тәулігіне орта есеппен 101-105 г белок керек деп есептеледі. Мұндай белокты адам балық, жұмыртқа, сүт сияқты өнімдерді тұтыну есебінен, ал оның шамамен 50 процентін еттің есебінен алып отырады. Жылында бір адамға керек еттің орташа нормасы 80-85 кг, оның ішінде құс еті 10-16 кг болуы қажет. Құс еті маңызды диеталық тамақ болып табылады. Оның құрамында құнды белок май, минералдық заттар, витаминдер мол. Сондықтан оны, әсіресе балалар мен науқас адамдарды тамақтандыруға пайдаланудың маңызы зор. Құс етінің басқа еттерден айырмашылығы онда протейн көп және дәнекер ұлпа тканьдер аз, бұлшық еттерінің ара-арасында май қабаты болмайды. Тауық пен күрке тауық бұлшық етінің талшықтары суда жүзетін құстар бұлшық етінің талшықтарынан нәзік келеді.Құс етінде орта есеппен 22-24%, сиыр етінде-18%, қой етінде-15%, ал шошқа етінде 13-14% белок бар. Құсты ет үшін өсіргенде өндіріс интенсивті сипат алады. Осыған байланысты оған жұмсалған қаржы шошқа етін өндіруге жұмсалатын қаржыдан 3-4 есе, ал сиыр етін өндіруге жұмсалатын қаржыдан 8-9 есе тез өтеледі.Құстың қосалқы өнімдері-қауырсыны мен мамығы да өте пайдалы. Жұмсақ, жеңіл, серпімді және көпке шыдайтын болғандықтан одан мамық жастық, мамық көрпе, құс төсек т.б. жасалады. Құрғақ қауырсын шірімейді, иісі болмайды және оны бөгде басқа заттардан оңай тазартуға болады. Сондықтан қауырсын мен мамық галантерия бұйымдарын жасағанда кеңінен пайдаланылады. Сапасы төмен қауырсындардан азықтық ұн дайындалады. Мұндай ұнда 80-85% протеин мен витамин болады.Егер дұрыс күтіп, дұрыс азықтандырып отырса, тауықтың қазіргі жұмыртқалағыш тұқымдары жылына 260 жұмыртқаға дейін, тіпті одан да көп жұмыртқа салады. Соған орай жылына бір тауықтан 120 балапан алуға болады. Құстың тез өсіп-жетілгіштігінің шаруашылықтың бұл саласының интенсивті дамуына тигізетін ықпалы зор. Тауықтар бес айлығында, ал кейде тіпті одан да ертерек жұмыртқалай бастайды.Тәжірибе мынаны көрсетіп отыр: өндіріс дұрыс ұйымдастырылған болса, құс өсіретін шаруашылықтарда 10 жұмыртқа өндіру үшін небары 1,5-1,8 кг жем жұмсалады, ал 1 кг қосымша бройлер етін өндіруге жұмсалатын жем 2,5-3 кг артпайды: бұл-1кг шошқа етін өндіруге кететін азықтан үш-төрт есе аз. Сонымен мың жұмыртқа өндіруге немесе қосымша бір центнер ет өндіруге қажет уақыт мал шаруашылығы өнімдерінің басқа түрлерін өндіруге кететін уақыттан едәуір аз. Осы артықшылықтарына байланысты құс өсірудің экономикалық жағдайлары мал шарашылығының басқа салаларының экономикалық жағдайларына қарағанда едәуір тиімді болып табылады.Құс шаруашылығын өнеркәсіптік негізде ұйымдастырудың маңызы. Өндірісті интенсивтендірілмейінше және мамандан-дырылмайынша құс шаруашылығын өнеркәсіптік негізде дамыту мүмкін емес. Мұның өзі құс шаруашылығын екі бағытта-жұмыртқа және ет өндіру бағыттарында өркендету, құс өсіретін мамандандырылған совхоздар асыл тұқымды құс шаруашылықтарын, инкубатор станцияларын колхоздар мен совхоздарда механикаландырылған фермалар ұйымдастыру арқылы асырылады. Осыған байланысты құс өсіретін бірлестіктер мен комплекстер ұйымдастыруда маңызы ерекше. Ондағы жұмыстардың барлығы индустриялық әдістермен жүзеге асырылады. Құс асылдандыру жұмыстары. Жұмыртқа өндіру бағытында өсірілетін тауықтарға жүргізілетін селекциялық асылдандыру жұмыстарының ерекшеліктері. Қазіргі уақытта жұмыртқа өндіру бағытындағы құс шаруашылығында негізінен бір тұқым (ленгорн) өсіру қалыптасты. Селекция салынған жұмыртқаның жалпы санына және жұмыртқа массасына немесе олардың компоненті болып табылатын әйтеуір бір белгілеріне қарай жүргізіледі. Мұндай белгілер жыныстық жағынан пісіп-жетілу, мекиендердің әр түрлі жастарындағы жұмыртқалағыштық интенсивтілігі, жұмыртқа салудың ұзақтығы, жұмыртқаның масасы т.б. болуы мүмкін. Сондай-ақ селекцияны өнімділікке жанама байланысты: денесінің массасы, кейбір ауруларға төзімділік, жемнің жоғары қайтымдылығы тәрізді белгілері бойынша да жүргізіледі. Негізгі селекциялық топ ұрпақтарды сынаққа алу негізінде ішкі және линия аралық өсіру үшін қажетті генотиптерді анықтауға арналған. Құстарды ұстау ұялық тәсілде әдетте әр ұя бір әтеш пен 16-20 мекиен линиясынан тұрады. Бір линияға 60 ұя бөлінеді.
Сынаққа түсуші негізгі селекциялық үйірден ішкі линиялық шағылыстыру мен линия аралық будандастырудан барлық ұрпақтың қасиетін алады. Әрбір мекиеннен 5-7 ұрғашы балапан, ал барлық линиядан 5700-7000 шөже іріктеледі. Құстарды ұстау топтық тәсілде. Есепке алу жекеше. Сынаушы-құс қорада балапандары 68 апталық жасқа немесе 72 апталық жасқа дейін ұстайды. Сынау және баға беру, аяқталған соң құстарды ішкі және линия аралық өсіру үшін негізгі селекциялық үйірге, көбейтуге ауыстырады немесе жарамсыз деп табады.Ет өндіру бағытындағы тауықтармен селекциялық-асылдандыру жұмыстарының ерекшеліктері. Селекциялық жұмыс процесінде линия жасау үшін ең жақсы тауықтарды таңдап алу мақсатында жекеленген қасиеттерге баға берумен құстарды таңдап алуды мынадай белгілер бойынша жүргізеді: тірі массасы (8 апталық және 34 апалығында); қауырсындандыру жылдамдығы (7-10 және 56 күндігінде), дене құрылысының еттік формасы (8 апталығында), жеген жемін өтеуі жұмыртқалағыштық және инкубатор жұмыртқаларын саны, жас және ересек құстардың сақталуы.Еттік тауық өсіруде селекциялық жұмыс әдетте, жас құстармен жүргізіледі. Мұнда тауықтар мен қораздарды таңдап алуға үлкен маңыз беріледі. Үйлесімділігін үйрену үшін бұл арада диаллельдік будандастыру керек. Репродуктор шаруашылықтарда құс асылдандыру жұмыстары жаппай селекция әдістері арқылы жүргізіледі. Құстарды таңдап алу олардың сегіз апталығында массасына, қауырсындауына, кеудесінің кеңдігіне қарай жүзеге асады. Одан әрі өсіру үшін жас аталық формадағы мекендердің 60-70% мен қораздардың 25-30% және аналық формадағы мекиендердің 70-80% мен қораздардың 30-40% қалдырылады. Репродуктор шаруашылықтар жыл сайын мемлекеттік асыл тұқымды құс заводтарынан тұқымды жұмыртқалар мен тәуліктік балапандар алып отырады.
Құстар мамық жүнді және сүйкімді келе бермейді, бір жағынан, олар бізге басқа сүтқоректілерге қарағанда көбірек ұқсайды. Олар күрделі құрылымды үй салып, оның ішінде балапандарын өрбітеді. Қыста жылы жаққа ұшып барып ұзаққа «демалысқа кетеді». Какаду – данышпан құс, олар шимпанзелерге қиын «жұмбақтарды» шеше алады, ал қарғалар болса ойнағанды ұнатады. Бұларды былай қойғанда, құстар адамдар сияқты әлемді әуенмен тербетеді. Бұлбұлдар – Еуропа төңірегінде, барылдақ торғайлар – Кито қаласының орталығында, хвамейлер Чэнду қаласында сайрайды. Сарышымшықтардың жыртқыштардан қауіпті немесе қауіпсіз екенін білдіретін «тілі» күрделі, олар бір-бірін түсінеді, жақын маңайдағы басқа да құстар оларды түсінеді. Австралияның шығысында тіршілік ететін лирақұйрық торғайлар шамамен бір ғасыр бұрын «бабалары» осында қоныстанғандардың сыбызғысынан үйренген әуенде дыбыс шығарады.