1. Бродский А.К. Жалпы экологияның қысқаша курсы. Оқу құралы, Алматы, Ғылым, 1997. 90-103 б. 2. Бейсенова А.С., Шілдебаев Ж.Б.,Саутбаева Г.З. Экология, Алматы, Ғылым, 2001; 84-92 б. 3. Оспанова Г.С, Бозшатаева Г.Т. Экология.- А., Экономика, 2002.
4. Степановских А.С. Экология: Учебник для вузов.- М.: ЮНИТИ - ДАНА,2003.- 703с. (с.251-273).
Кредит сағат 5
Дәріс № 5
Тақырыбы: Биоценоз
Дәріс мазмұны:
Биоценоз түсінігі.
Биоценоздың түрлік, кеңістіктік құрылымы.
Биоценоздағы қарым-қатынас түрлері.
Дәрістің мақсаты: Биоценоздың түрлік, кеңістіктік құрылымы, ондағы қарым-қатынастар түрлері туралы жалпы сипаттама беру
Негізгі сөздер: биоценоз, биоценология, биотоп, экотондар, доминанттар, эдификаторлар, консорциялар, ярустылық, синузия, зоохория, форезия, сукцессиялар, экологиялық қуыс;
1. Биоценоз (лат. bios - өмір; koinos – ортақ) дегеніміз – белгілі бір территорияда мекендейтін әртүрлі түрлер популяциясының бірлестігі. «Биоценоз» ұғымын алғаш рет 1877 ж. неміс зоологы К.Мебиус ұсынды. Биоценозды зерттейтін экология ғылымының саласы биоценология деп аталады. Биоценоз – ағзадан жоғары деңгейдегі жүйе. Биоценоз – бірігіп тіршілік ететін және бір-бірімен байланысқан ағзалардың топтары. Ол үш компоненттен тұрады:
Фитоценоз (өсімдік жамылғысы);
Зооценоз (жануарлар дүниесі);
Микробоценоз (микроағзалар).
Фитоценоз - биоценоздың негізгі компоненті, ол зооценоз бен микробоценоздың табиғатын анықтайды.
Биоценоз алып жатырған қоршаған абиотикалық орта биотоп (лат. bios - өмір; topos - орын) деп аталады. Бір сөзбен айтқанда, биотоп – биоценоздың тіршілік мекені. Нәтижесінде биоценозбен биотоп бірлесіп – биогеоценозды құрайды. Алғаш рет бұл терминді ғылымға 1940 жылы В.Н.Сукачев енгізді.
2. Түрлік құрылым дегеніміз – аталған биоценозды түзетін түрлер саны мен олардың биомассасының қатынасы. Биоценоздың түрлік құрылымы түрдің алуан түрлілігімен және түрлер санының немесе олардың массасының бір-біріне қатынасымен анықталады.
Түрдің алуан түрлілігі дегеніміз – аталған бірлестіктегі түрлер саны. Түрге бай және кедей бірлестіктерді ажыратады. Кедей биоценоздар өсімдіктер мен жануарларлардың ондаған және жүздеген түрлерінен, ал бай биоценоздар бірнеше мың немесе ондаған мың түрлерден тұрады. Түрдің алуан түрлілігі бірлестіктің жасына (ересек бірлестіктерге қарағанда жас бірлестіктер кедей) және қоршаған орта жағдайларына (экологиялық факторларға): температура, ылғалдылық және азық қорына (шөл, биік ендік және таулы алқап биоценоздары түрге кедей болып келеді) байланысты.
Түрдің жоғары алуан түрлілігімен бірлестіктер арасындағы өтпелі зоналар - экотондар ерекшеленеді. Экотондардағы түрдің алуан түрлілігінің өсу тенденциясы шеткі эффект деп аталады.
Түрлер барлық шекаралас білестіктерден келетіндіктен, экотон түрге бай болып келеді. Сонымен қатар экотонның өзіне ғана тән түрлері де болуы мүмкін. Мысалы, тоғайдың ортасына қарағанда жиегі өсімдік жамылғысына бай құстар, бунақденелілер, т.б. көбірек ұя салады.
Бірлестіктегі түрлер:
Доминанты;
Екінші реттік (сирек кездесетін және саны аз түрлер).
Доминанттар – саны бойынша басым түрлер. Доминанттардың арасынан бүкіл бірлестіктің микроортасын (микроклиматын) анықтайтын эдификаторларды (құрылысшы) ерекше атап көрсетуге болады. Эдификаторларсыз басқа түрлер тіршілік ете алмайды, олардың жойылуы биоценоздың толық бұзылуына қауіп төндіреді. Әдетте эдификаторларға шырша, самырсын, қарағай, селеу өсімдіктері жатады.
Екінші реттік түрлер де биоценозда өте маңызды. Олардың санының көп болуы – бірлестіктің бірқалыпты дамуының кепілі.
Түрдің алуан түрлілігін бағалау үшін басқа да көрсеткіштер қолданады:
Түрдің молшылығы – аталған түр дараларының қоныстанған кеңістігі немесе аудан бірлігіне шаққандағы саны;
Доминанттау дәрежесі – аталған түр даралары санының қарастырылатын топтың барлық дараларының жалпы санына қатынасы;
Кездесу жиілігі - түр кездесетін санақ жүргізілетін аймақтар немесе үлгілер санының барлық үлгілер санына пайыздық қатынасы.
Биоценоздың ішінде консорциялар деп аталатын ерекше құрылымды жүйелер болады. Консорциялар дегеніміз - өз айналасында белгілі микроорта түзе алатын, консорцияның орталық мүшесі болып табылатын қандай да болмасын белгілі бір түр дарасы ағзасының сыртында немесе ішінде мекендейтін әртүрлі ағзалардың тобы. Консорцияның қалған мүшелері одан да кіші консорциялар құра алады, яғни І, ІІ, ІІІ, т.б. консорцияларды бөлуге болады.
Кеңістіктік құрылым дегеніміз - әртүрлі түрлердің кеңістікте горизонталды немесе вертикалды бағытта таралуы. Оның екі түрі белгілі:
Ярустылық - вертикалды биоценоз құрылымы;
Мозаикалық - горизонталды биоценоз құрылымы.
Ярустылық қоңыржай және тропиктік белдеулердің ормандарында айқын байқалады. Мысалы, жалпақ жапырақты ормандарда 5-6 ярусты бөлуге болады:
- ең биік ағаштар (шырша, қарағай, емен);
- екінші қатарлы ағаштар (шетен, ырғай);
- бұталы ағаштар (шие, итмұрын, тобылғы);
- биік шөптесін өсімдіктер (қымыздық, шайқурай);
– аласа шөптесін өсімдіктер.
Ярустылық өсімдіктерге күн энергиясының ағынын тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді: жоғарғы ярустарда жарық сүйгіш, ортаңғы ярустарда көлеңкеге төзімді, ал төменгі ярустарда көлеңке сүйгіш өсімдіктер өседі. Ярустылық шөптесін өсімдіктер бірлестіктерінде де байқалады, бірақ орман бірлестіктеріне қарағанда онша айқын емес.
Вертикалды бағытта өсімдіктер әсерінен тек температура өзгерісі емес, сонымен қатар күндіз және түнде көмірқышқыл газы бағытының өзгеруі, хемосинтездеуші бактериялардың күкіртті газдарды бөлуі, т.б. нәтижесінде атмосфералық газ құрамының өзгеруін қоса микрорта өзгереді. Микрортаның өзгерісі фаунаның бунақденелілер мен құстардан бастап сүтқоректілерге дейінгі белгілі бір ярустылығының қалыптасуына да әсер етеді.
Аудандық мозаикалық түрлер алуан түрлілігіне, олардың сапалы қарым-қатынасына, ландшафт және топырақ жағдайларының өзгерісіне байланысты болады. Мозаикалық адамның ормандағы ағаштарды кесу салдарынан жасанды жолмен де пайда болу мүмкін. Кесілген жерлерде жаңа бірлестік пайда болады.
Экологиялық бірлестік - әртүрлі экологиялық топтар ағзаларының қатынасы. Ұқсас экологиялық құрылымы бар биоценоздардың әртүрлі түрлік құрамы болуы мүмкін. Ол сол бір экологиялық қуыстарды экологиясы жөнінен ұқсас, бірақ туыс емес түрлердің қоныстану мүмкіндігіне байланысты. Мұндай түрлерді алмастырушы немесе викариялаушы түрлер деп атайды.
Биоценоздың маңызды сипаттамалары:
Консорция;
Синузия;
Парцелла.
Синузия - кеңістікпен шектелген биоценоздың вертикальды бунақталуындағы құрылымдық бөлігі. Кеңістіктік синузия көкжиекпен, биоценоз ярусымен, қабатымен сай келуі мүмкін. Мысалы, қарағайлы орманда шыршаның, жасыл мүктің және т.б. синузиясын атап көрсетуге болады.
Ағзалар арасындағы байланыс типтері:
Трофикалық байланыстар бір түр екінші түрмен, оның қалдығымен, тіршілік өнімдерімен қоректенетін жануарлар арасында пайда болады. Оның екі түрі белгілі:
А) Тура трофикалық байланыс (арыстандардың антилопалармен, гиеналардың өліктермен, қоңыздардың тұяқтылардың экскременттерімен қоректенуі);
Ә) Жанама қоректік байланыс (әртүрлі түрлердің бір қорек үшін бәсекелесуінің нәтижесінде пайда болады).
Топикалық байланыстар бір түрдің әсерінен басқа бір түрдің тіршілік жағдайларының өзгеруі нәтижесінде пайда болады. Мысалы, қылқанжапырақты орманда, әдетте шөптесін өсімдіктер жамылғысы болмайды.
Форикалық байланыстар бір түр басқа бір түрдің таралуына қатысқанда пайда болады. Жануарлардың өсімдік тұқымдарын, тозаңдарын және спораларын тасымалдауы зоохория, ал ұсақ дараларды - форезия деп аталады.
Фабрикалық байланыстардың мәні бір түрдің өз құрылысына басқа бір түрдің қалдықтарын, өліктерін, тіпті тірі дараларын пайдалануында. Мысалы, құстар ұя салу үшін ағаш бұтақтарын, шөп, басқа құстардың мамықтарын пайдаланады.
Ағзалар арасындағы қатынастардың типтері:
- Нейтрализм – оң да, теріс те зардаптары жоқ бір территорияда екі түрдің бірге тіршілік етуі (мысалы, бұғылар мен тиіндер);
- Протокооперация – барлық қатысушылар да пайда көретін, ағзалардың өзара тиімді, бірақ міндетті емес бірге тіршілік етуі;
- Мутуализм (облигатты симбиоз) – екі ағзаның біреуі немесе екеуі де бір-бірінсіз тіршілік ете алмайтындай өзара пайдалы тіршілік етуі (мысалы, шөпқоректі тұяқтылар және целлюлоза ыдыратушы бактериялар);
- Комменсализм – бірге тіршілік етуден екі ағзаның біреуіне пайдалы, ал екіншісіне пайдасы да, зияны да жоқ қарым-қатынас;
- Жыртқыштық - екі ағзаның біреуі (жыртқыш) екіншісін (жемтік) өлтіріп, қорегіне пайдаланғанда түзілетін қарым-қатынас. Оның ерекше формасы – каннибализм өз түрінің дараларын өлтіріп, қорекке пайдалану нәтижесінде пайда болады;
- Паразитизм – паразит өз иесін өлтірмей, ұзақ уақыт бойы тіршілік ортасы және қорек көзі ретінде пайдаланғанда түзілетін қарым-қатынас (вирустар, патогенді бактриялар, саңырауқұлақтар, қарапайымдылар, паразит құрттар, т.б.);
- Бәсеке – ағзалар бір-бірімен қоршаған ортаның бірдей ресурстарына мұқтаждық кезінде таласуынан туындайтын қарым-қатынастар;
- Аменсализм – екі ағзаның біреуі екіншісінің тіршілігін бәсендетіп, бірақ өзіне екіншісінен ешқандай теріс әсер байқалмағанда түзілетін қарым-қатынас.
3. Экологиялық қуыс дегеніміз – кеңістіктегі алатын орнымен қоса түрдің биоценоздағы орны, абиотикалық факторларға қатынасы және бірлестіктегі функциональды рөлі, бірінші орында трофикалық статусы.
Ю.Одум экологиялық қуыс дегеніміз - ағзаның түрлер жүйесіндегі «қызметі немесе мамандығы» деп түсіндірді, ал оның мекен ететін орнын оның «мекен-жайы» деп сипаттады.
Экологиялық қуыс түсінігі түр қалай, қайда және немен қоректенеді, кімнің қорегі болып табылады және қайда демалып, қайда көбейеді деген сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік береді. (Дажо, 1975).
Экологиялық қуыстар түрлердің әртүрлі жерлерде мекен етуіне байланысты, өзге қорекпен қоректенуіне және бір мекен ету аймағын әртүрлі уақытта пайдалануымен ерекшеленеді, бөлінеді.
Гаузе принципі немесе бәсекелестік жоқ принципі: «Екі түр бір аймақта тіршілік ете алмайды, егер олардың экологиялық қажеттіліктері бірдей болса. Мұндай түрлер міндетті түрде кеңістік немесе уақыт бойынша аймақта кезектесіп тіршілік етуі тиіс».
Белгілі бір уақытта жердегі бір биоцеоздың (экожүйенің) екіншісімен алмасуын сукцессиялар деп атайды. (латын тілінен аударғанда сукцессио – бірізділік, тұқым қуалау, кезектесу, ауысу). Сукцессия ұғымын 1998 жылы Г.Каульсон енгізген. Сукцесия түрлік құрамның өзгеруімен және бірлестік құрылымының өзгеруімен сипатталады. Бірін-бірі алмастырып отыратын бірлестіктер сукцессиясын сериялы сукцессия деп атаймыз. Сукцессияларға далалықтың шөлге айналуы, көлдердің суалып батпаққа айналуы және т.б. жатады. Биоценоздардың алмасуын туғызған жағдайларға байланысты сукцессияларды табиғи, антропогенді, аутогенді және аллогенді деп бөледі. Табиғи сукцессиялар адамның қатысы жоқ, тек табиғи жағдайлардың әсерінен болады. Антропогенді сукцессиялар адам әрекетімен байланысты. Аутогенді сукцессиялар (өздігінен пайда болатын) ішкі жағдайлардың әсерінен болады (бірлестік әсерінен ортаның өзгеруі). Аллогенді сукцессиялар (іштен пайда болған) ішкі жағдайлар әсерінен пайда болған (мысалы, климаттың өзгеруі).
Сукцессия жүретін субстраттың алғашқы күйіне байланысты бірінші реттік және екінші реттік сукцессия болып бөлінеді. Тірі ағзалары жоқ субстратта бірінші реттік сукцессия пайда болады ( тау, жартас, құм, жаңа суаттарда және т.б.). Екінші реттік сукцессия бұзылған биоценоздар орнында пайда болады. (мысалы, кесілген орман, күйген жер, тастап кеткен егіс танабы, вулканнан кейінгі жерлер және т.б.). Экожүйе өзінің даму барысында тұрақты жағдайға бағытталады. Тұрақты экожүйе пайда болғанға дейін сукцессиялар болып тұрады. Қоршаған ортамен тепе-теңдікте тұрған бірлестікті климаксты бірлестік деп атайды.
Өзін-өзі тексеру сұрақтары:
1. Биоценоз дегеніміз не?
2. Биоценоздың түрлік, кеңістіктік және экологиялық құрылымы.
3. Биоценоздағы қарым-қатынас түрлері.
Достарыңызбен бөлісу: |