Жарикова дидар рымжанқызы ө. Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянындағы» тәлім-тәрбиелік мәселелердің халық педагогикасымен сабақтастығы



бет1/2
Дата01.04.2017
өлшемі0,52 Mb.
#13205
түріДиссертация
  1   2
ӘОЖ 37.091.33 :37.01 Қолжазба құқығында


ЖАРИКОВА ДИДАР РЫМЖАНҚЫЗЫ

Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянындағы» тәлім-тәрбиелік мәселелердің халық педагогикасымен сабақтастығы

13.00.01 – Жалпы педагогика, педагогика және білім тарихы,

этнопедагогика

Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу

үшін дайындалған диссертацияның

авторефераты

Қазақстан Республикасы

Қарағанды, 2010

Жұмыс Еуразия гуманитарлық институтында орындалған



Ғылыми жетекшілері: ҚР еңбек сіңірген қайраткері,

педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Б.Әбдікәрімұлы
педагогика ғылымдарының докторы

Қ.А.Сарбасова


Ресми оппоненттері: педагогика ғылымдарының докторы,

профессор Ж.Ж.Наурызбай


педагогика ғылымдарының кандидаты,

доцент Қ.Қ.Қоянбаева


Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университеті

Диссертация 2010 жылы « » сағат _____


Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғау жөніндегі БД 14.50.05 біріккен диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (100028, Қарағанды қаласы, Университет көшесі, 28, Ғылыми кеңестің мәжіліс залы)

Диссертациямен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады.


Автореферат 2010 жылы « » таратылды.



Біріккен диссертациялық кеңестің Н.Ә.Мыңжанов

ғалым хатшысы

Кіріспе


Зерттеу жұмысының көкейкестілігі. Қазіргі таңда қоғамның саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуындағы серпінді өзгерістер білім беруді әлемдік кеңістікпен ықпалдастыру талабын қойып отыр. Жаһандану дәуірінде ұлт ретінде жойылып кетуге соқтыруы мүмкін рухани мәңгүрттіктен сақтану және халықтық тәжірибеге тән тәрбиенің мазмұнын сақтап қалу үшін өткен тарихымыз бен мәдени мұраларымызды зерделеуге, рухани құндылықтарымызды саралап, оны білім беру жүйесіне кешенді ендіру арқылы ұрпақ тәрбиесін ұлттық негізде құруға басты мән беру өте маңызды. Қазақ халқының тарих қойнауында қанша ғасыр өтсе де, тәлім-тәрбиелік мәнін жоғалтпаған ұлттың болмысына, сана-сезіміне, тұлғалық сипатына сай жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар қатарына жататын асыл дүниелер бар екені белгілі. Осындай рухани құндылықтарды тәрбиенің мазмұнына арқау ету арқылы жетілген тұлғаны қалыптастыру мәселесі педагогика ғылымының тарихына жаңаша көзқарасты қажет етеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» атты Қазақстан халқына жолдауында «...Егер біз өз ниетімізді байсалды ұстансақ және пайымды да парасатты болсақ, өз дамуымыздың ішкі және сыртқы факторларын бүкпесіз талдап-таразылауға қабілетті болсақ, онда біздің жалпы топтасуымыз, өз тарихымыз бен ерекше жағдайларымыз негізінде дұрыс жолды таңдап алу мүмкіндігіміз де бар», - деп атап көрсеткенін білеміз.

Тарихи асыл қазыналардың әр халықтың, ұлттың болашағы үшін маңызы ерекше екендігі баршаға аян. Олар жайлы С.Д.Асфендияров, Е.Э.Бертельс, И.С.Брагинский, Л.Н.Гумилев, С.Е.Малов, В.Н.Носилов, Ш.Уәлиханов, т.б. ғалымдар өз еңбектерінде көрсеткен. Сол қазына байлықтарымызды көпшілік назарына ұсыну, елге таныту, педагогика, медицина, психология ғылымдары көмегімен жоғары теориялық биіктен талдап, зерделеп көрсету, тың дүниелерді өскелең ұрпаққа игерту үлкен іс болмақ.

Халық мұрасының ақтаңдақ беттері қазақ елі тәуелсіздігін алып, мемлекетіміз егемендігін жариялаған жылдарда қалпына келтіріле бастады. Ұлт мәдениетінде өзіндік орны бар қайта оралған қазыналардың бірі қазақ халқының төл тарихымен тамырлас Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» болып табылады. Бүгінгі таңда қазақ ғылымында өз орнын тапқан ұлт қайраткерінің төл туындысы зерттеліп-зерделеніп, сүбелі ғылыми еңбектердің нақты нысанасына айналуы нәтижесінде жалпы жұртшылыққа елеусіз болып келген рухани құндылықтар мен маңызды деректер мәлім болып, қазақ халқының тұрмысында, салт-дәстүрінде, дінінде қолданылған, бүгінде ұмыт бола жаздаған атаулардың санамызда қайта жаңғыруына мүмкіндік туды.

Өтейбойдақ бабамыздың асқар тұлғасының қалыптасуы мен оның адамзатқа қалдырған рухани мұрасы кездейсоқ көрініс емес, әлем заңдылықтарымен тығыз байланысып жатқан құбылыс екені даусыз. «Шипагерлік баян» еңбегінің жетілген тұлғаның қалыптасуы мен дамуына тигізетін ықпалы зор. Өйткені Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының рухани мұрасында әлем заңдылықтары сипатталып, күнделікті өмірде де, мемлекетіміздің өркениетінің қарқынды даму жолында да пайдаланатын бағасы жоғары құндылықтарды табуға болады. Ғұлама ғалымның тәлімдік мұрасының мектеп және жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие жүйесінде пайдаланылмауы, еңбектегі педагогикалық-психологиялық негіздерінің ашылмауы зерттеудің көкейкестілігін анықтайды.

Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегін қоғамдық ғылымдармен де, психофизиологиялық мәселелермен де, логика-философия заңдарымен де, тарих-этнография деректерімен де сабақтастыруға болады. «Шипагерлік баянның» теориялық тұжырымдарын жан-жақты сұрыптай келе, дүние жүзі ғалымдарының ұстанымдарын басшылыққа алып этнопсихологиялық пайымын зерттеу, оның тәлімдік ерекшелігін өзге еңбектермен салыстыра талдау арқылы нақты бағалай білу - бүгінгі күннің күрделі де, маңызды мәселелерінің бірі.

Ө.Тілеуқабылұлы тәрізді ұлы адамдардың адамзат тарихындағы алатын орнын анықтау ғұламаның өмірге келу құпияларын, өмір сүру жолын, артына қалдырған рухани бай мұраларын бір-бірінен бөлмей, өзара байланыстыра отырып қарастыруды қажет етеді.

Ө.Тілеуқабылұлы (1397-1492) - қазақтың әйгілі шипагер ғалымы, елдің әлеуметтік-саяси өміріне жүйрік тарихшы, «Шипагерлік баян» атты толымды емшілік-этнографиялық еңбектің авторы, өз тұсында Жәнібек хан, Жиренше шешен сияқты тарихи тұлғалармен қатар тұрып, ел қамы, халық тағдырына қатысты келелі істерді шешуге араласқан қоғам қайраткері. «Шипагерлік баян» қолжазбасы 90-шы жылдардың басында Қытай Халық Республикасы Текес ауданының тұрғыны Нұртай Түменбайұлының қолынан табылған, бұл қолжазбада еңбектің авторы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бин ұлы жүз бин Зарман бин Албан Әл-Құзорда екені көрсетілген. Қолжазба Ақорданың ханы әз-Жәнібектің тапсыруы бойынша жазылғанын және оны жазып аяқтаған кезде Жәнібек хан соғыста опат болуына байланысты ханның қазынасына тапсырылмай қалғаны еңбекте баяндалған. Бізге дейін 30 ата аралап жеткен «Шипагерлік баян» еңбегі 1994 жылы Үрімші қаласында араб қарпімен басылып шыққан, одан Керім Елемес пен Дүкен Мәсімхан деген азаматтар араб қарпінен қазақ тіліне көшіріп, 1996 жылы «Жалын» баспасынан жариялаған. Бұл көрнекті ескерткіш қазақ халқының мәдениеті мен ғылымының тарихына қатысты терең зерттеу жүргізу үшін дәйекті материал.

Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегіне бірқатар ғалымдардың үлкен қызығушылық танытып, оны ғылыми айналымға қосуға ат салысқанын атап өту керек. Олардың қатарына белгілі ғалымдар Т.Әлсатов, Қ.Әлімбек, С.Ғаббасов, Қ.Жарықбаев, М.Жолдасбеков, С.Қалиев, Ә.Қалиұлы, З.Қожалымов, Б.Нұржекеұлы, т.б. жатқызуға болады. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегіне қалам тартқан ғалымдардың қай-қайсысы болмасын ғылымнамалық еңбектің тәлім-тәрбиелік мәнін өте жоғары бағалаған. Соның ішінде Т.Әлсатов өзінің «Қазақ хандығы тұсындағы тәлімдік ойлардың дамуы (ХҮ-ХҮІІІ ғ.ғ.)» атты докторлық диссертациясында орта ғасырлық қазақ ойшылдарының көшбасшысы саналатын Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының тәлім-тәрбиелік ой-пікірлеріне алғаш рет ғылыми талдау жасап, оның бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі құндылығына ерекше мән берген.

Қазақ педагогикасының тарихындағы басымдылық танытқан идеялар мен мұраттарды, құндылықтар мен принциптерді анықтауда, қазақ халқының тұрмысы мен салт-дәстүріндегі педагогикалық қырларды айшықтауда, сонымен қатар тақырыпты жан-жақты зерттеуде бағыт-бағдар болған еңбектердің қатарына А.Көбесовтің, Ә.Көшербаеваның, К.Ж.Ибраеваның, Қ.А.Сарбасованың, І.Р.Халитованың, т.б. іргелі педагогикалық зерттеулерді жатқызуға болады.

Жалпы педагогика тарихы мен қазақ педагогикасының тарихын тұтастай алғанда өзара байланыстығы жақын құбылыстар ретінде қарастыруға болады және оның ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейінгі тарихына объективті баға беруге көмектескен, оған тарихи процесс ретінде сипаттама берген және өзіндік өзгеше пікірлер білдірген еңбектердің қатарына Б.Әбдікәрімұлының, Ж.Әбиевтің, К.Б.Бержановтың, А.Н.Ильясованың, И.Б.Мадиннің, К.Қ.Құнантаеваның, А.И.Сембаевтің, Қ.Б.Сейталиевтің, Т.Тәжібаевтың, Г.А.Умановтың, Г.М.Храпченковтің, В.Г.Храпченковтің және т.б. шығармаларын жатқызуға болады.

Халық педагогикасының теориялық-әдіснамалық негіздерін жасауға М.Х.Балтабаевтың, Қ.Бөлеевтің, С.Ғаббасовтың, Қ.Жарықбаевтың, Е.Ө.Жұматаеваның, Ш.И.Джанзакованың, Р.Қ.Дүйсембінованың, С.Қ.Қалиевтің, К.Ж.Қожахметованың, Ш.М.Мұхтарованың, Ж.Ж.Наурызбайдың, Ә.Табылдиевтің, С.А.Ұзақбаеваның, Қ.Қ.Шалғынбаеваның, К.Ж.Ибраеваның т.б. еңбектері арналған.

Зерттеу барысында білім беру мен тәрбиенің әртүрлі бағыттарын қарастырған Ш.Абдраманның, Қ.Ж.Аганинаның, Қ.М.Арынғазиннің, А.А.Бейсенбаеваның, С.Т.Иманбаеваның, С.Т.Каргиннің, Қ.М.Кертаеваның, А.Е.Манкештің, Н.Ә.Мыңжановтың, А.Қ.Нұрғалиеваның, Р.К.Төлеубекованың, Ә.Ә.Умановтың, т.б. ғалымдардың да зерттеулері қызығушылық тудырды.

Жоғарыдағы зерттеу жұмыстары мен ғылыми әдебиеттерге жасалған талдаулар көрсеткендей, Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегіне соңғы жылдары ғалымдар тарапынан қызығушылық танытылғанымен, педагогикалық ой-пікірлердің даму тарихындағы орны туралы жекелеген пікірлер айтылып, ізденістер жасалынғанымен, оның халықтық педагогика тұрғысынан жеткілікті деңгейде қарастырылмағандығы зерттеу нысанының өзектілігін айқындай түседі. Демек, Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегіндегі тәлім-тәрбиелік ойларды халық педагогикасы тұрғысынан талдау қажеттілігі мен оның ұлттық педагогика тарихында жүйелі түрде тұтастай қарастырылмауы, аталмыш мәселенің ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығы мен оның теориялық тұрғыдан жеткілікті зерттелмеуі арасындағы қайшылықтар анық байқалады. Осы қайшылықтарды ғылыми-теориялық тұрғыдан шешу тақырыпты «Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянындағы» тәлім-тәрбиелік мәселелердің халық педагогикасымен сабақтастығы» деп алуға негіз болды.

Зерттеудiң мақсаты: Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянындағы» тәлім-тәрбиелік мәселелерді жүйелеу және олардың халықтық педагогикамен сабақтастығын ғылыми-теориялық тұрғыдан негiздеу.

Зерттеу нысаны: Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты ғылыми еңбегіндегі педагогикалық идеялар.

Зерттеудiң пәнi: Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянындағы» педагогикалық идеялардың халық педагогикасымен мазмұндық сабақтастығы.

Зерттеудің ғылыми болжамы: егер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» ғылымнамалық еңбегіне тарихи-педагогикалық талдау жасалынып, ондағы тәлім-тәрбиелік мәселелердің халық педагогикасымен үйлесімділігі анықталса, онда тәрбие мазмұнын жетілдіруге бағытталған жаңа идеяларды ұсынуға мүмкіндік туады, өйткені Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегінің педагогикалық мазмұны отандық педагогика ғылымын дамытуға ықпал етеді.

Зерттеудің алдына қойған мақсатына, мазмұндық сипатына, жасалынған болжамына сәйкес зерттеудің міндеттері анықталды:

1. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының педагогикалық көзқарастарын қалыптастыруға әсер еткен әз-Жәнібек пен Жиренше шешен дәуіріндегі, ХV ғасырдағы тарихи-әлеуметтік және мәдени алғышарттарға талдау және сипаттама беру;

2. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегіндегі жетекші педагогикалық идеялардың орта ғасыр ғұлама ойшылдарының тәрбиелік ойларымен үндестігін анықтап, педагогика мәселесіне байланысты ой-пікірлерін жүйелеп талдау;

3. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегіндегі халықтық педагогиканың алатын орны мен рөлін негіздеу және ғұламаның халық тәлімі туралы ой-пікірлерінің педагогикалық және психологиялық негіздерін айқындау;

4. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегіндегі тәлімдік ой-пікірлерді халықтық педагогика тұрғысынан мектеп және жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану жолдарын анықтап, әдістемелік ұсыныстар жасау.



Зерттеудің жетекші идеясы: Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты ғылыми еңбегіндегі педагогикалық ұстанымдар мен тәлім-тәрбиелік ойларды ұрпақ тәрбиесінде ұтымды пайдалану ұлттық сана-сезімі жоғары, өз халқының тарихын терең білетін және құрметтейтін ұлттық тұлғаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Зерттеудің әдіснамалық-теориялық негіздері: материалистік философиядағы құбылыстардың жалпы және өзара байланысы, философиядағы, психологиядағы, педагогикадағы тұлға, тарихи сананы қалыптастыру, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар туралы ілімдер, мәдени мұраларды зерттеудегі жүйелілік, аксиологиялық, өркениеттілік және мәдениеттанушылық тұғырлар.

Зерттеудің негізгі көздері: диссертация жазу барысында Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты ғылыми-шипагерлік еңбегі, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы (2007 ж.), Қазақстан, Қытай және ТМД ғалымдарының еңбектері, Орталық ұлттық кітапхана (ОҰК), Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының (ҰҒА) сирек кездесетін кітаптары мен қолжазба қорлары, мерзімді баспасөзде жарияланған материалдар пайдаланылды.

Зерттеу әдістері: зерттеу мәселесіне байланысты философиялық, психологиялық, тарихи-педагогикалық, тарихи әдістемелік әдебиеттерді, мұрағат құжаттарын, медициналық әдебиеттерді талдап, зерттеу және жүйелеу, ғылыми әдебиеттерге талдау жасау, әңгіме, тарихи-салыстыру, жинақтау, қорыту, ой түйіндеу, т.б. әдістер қолданылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі:

1. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының педагогикалық идеяларының қалыптасуына әсер еткен әз-Жәнібек пен Жиренше шешен дәуіріндегі, ХV ғасырда қазақ хандығы тұсындағы тарихи-әлеуметтік және мәдени алғышарттар анықталды.

2. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегіндегі жетекші педагогикалық идеялардың орта ғасыр ғұлама ойшылдарының тәрбиелік ойларымен мазмұндық байланысы ашып көрсетіліп, бір жүйеге келтірілді.

3. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегіндегі халықтық педагогиканың алатын орны мен рөлі негізделіп, ғұламаның халық тәлімі туралы тұжырымдамалық ой-пікірлерінің педагогикалық және психологиялық мазмұны айқындалды.

4. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегіндегі тәлімдік ой-пікірлерді халықтық педагогика тұрғысынан мектеп және жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие үдерісінде пайдаланудың тиімді жолдары анықталып, әдiстемелiк ұсыныстар берiлді.

Зерттеудің практикалық мәнділігі: жоғары және арнайы орта оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептердің оқытушыларына пайдалануға арналған оқу құралдары дайындалды:

- «Шипагерлік баян» тағылымдары // Оқу-әдістемелік құрал. – Астана, 2008. - 70 б.;

- Қазақ тілінен тіл дамыту жаттығу, бақылау жұмыстарының жинағы // Оқу-әдістемелік құрал. - Астана, 2009. - 106 б. (авторлық бірлестікте).

Зерттеу нәтижелерін орта мектептегі «Валеология», «Салауаттану», «Тарих», «Қазақ әдебиеті», «Жантану» атты пәндерді оқытуда және жоғары оқу орындарындағы қазақ тілі, медицина тарихы, Қазақстан тарихы, философия, салауаттану пәндеріне қосымша материалдар ретінде пайдалануға болады.



Зерттеу нәтижесінің дәлелдігі мен негізділігі: ғұлама ғалым идеяларындағы берілген педагогикалық ой-пікірлерді жүйелеумен, оны зерттеу барысында мақсат пен міндеттерді теориялық тұрғыда дәлелдеумен сипатталды.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және ендіру: зерттеу нәтижелері жалпы білім беретін мектептерде және жоғары оқу орындарында талқыланып, мазмұны оқу-әдістемелік еңбекте, ғылыми мақалаларда берілді. Зерттеу жұмысының негізгі тұжырымдары мен нәтижелері халықаралық, республикалық және аймақтық ғылыми практикалық конференцияларда баяндалды және талқыланды: «V Мәшһүр Жүсіп оқулары» (Павлодар, 2006); «Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы тіл саясаты: тәжірибелер, мәселелер мен перспективалар» (Астана, 2006); «Қазіргі кезеңдегі тұлғаның үйлесімді дамуына қатысты өзекті мәселелер» (Астана, 2007); «Шоқан тағылымы-13» (Көкшетау, 2008); «Қазақстандағы үздіксіз кәсіби білім берудің мәселелері мен перспективалары (Астана, 2009); «Қарағанды мемлекеттік университетінің хабаршысы», «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің хабаршысы», «Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы», «Оңтүстік Қазақстан ғылымы мен білімі хабаршысы», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақстан мектебі» журналдарында жарияланды.

Жалпы диссертация бойынша 17 мақала, 2 оқу-әдістемелік құрал басылып шығарылды.



Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:

1. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» ғылымнамалық еңбегіндегі педагогикалық ой-пікірлердің қалыптасуына әсер еткен тарихи-әлеуметтік және мәдени алғышарттардың сипаттамасы.

2. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегіндегі жетекші педагогикалық идеялардың орта ғасыр ғұлама ойшылдарының тәрбиелік ойларымен мазмұндық байланысы.

3. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегіндегі халықтық педагогиканың алатын орны мен негізгі бағыттары, халық тәлімі туралы тұжырымдамалық ой-пікірлерінің педагогикалық және психологиялық жүйесі.



4. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегіндегі тәлім-тәрбиелік мәселелерді халықтық педагогика тұрғысынан мектеп және жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану жолдары.

Зерттеу кезеңдері:

Бірінші кезеңде (2006-2007 ж.ж.) тақырып айқындалып, зерттеудің ғылыми аппараты анықталды, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегі теориялық тұрғыдан зерделенді. Тақырыпқа байланысты әдебиеттер тізімі жасалып, талдау жұмыстары өткізілді. «Шипагерлік баян» ғылымнамалық еңбегі туралы жазылған зерттеу материалдарымен танысу жұмыстары жүзеге асырылып, зерделенді.

Екінші кезеңде (2007-2008 ж.ж.) жинақталған материалдарға талдау жүргізіліп, тәлім-тәрбиелік мәселелер сұрыпталды, тақырыптың ғылыми мазмұны жасалынды. Аталмыш тақырып бойынша мақалалар дайындалып, республикалық және халықаралық конференцияларда баяндамалар жасалынды.

Үшінші кезеңде (2008-2010 ж.ж.) диссертациялық материалдар ғылыми жүйеге келтіріліп, қорытындыланды. Осы кезеңде «Шипагерлік баян» тағылымдары тақырыбындағы арнайы курс бағдарламасы және оқу-әдістемелік құрал шығарылды. Сонымен қатар диссертация жағынан ресімделіп, ғылыми жұмыс ретінде өңделді.

Диссертацияның құрылымы: диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен, қосымшадан тұрады.

Кіріспеде зерттеу тақырыбының көкейкестілігі, ғылыми аппараты: зерттеудің мақсаты, зерттеудің нысаны, пәні, ғылыми болжамы, міндеттері, әдіснамалық және теориялық негіздері, зерттеу кезеңдері, әдістері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық мәнділігі, қорғауға ұсынылған қағидалар мен құрылымы көрсетілді.

«Ө.Тілеуқабылұлының педагогикалық идеяларының қалыптасуы мен дамуы» атты бірінші бөлімде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» мұрасына сипаттама берілді. «Шипагерлік баян» ғылымнамалық еңбегіне қалам тартқан ғылыми қауымның берген бағасы және олардың ғылыми мақалалары талданды. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының тәлім-тәрбиелік идеяларының рухани бастаулары және «Шипагерлік баян» ғылымнамалық еңбегінің жетекші педагогикалық идеялары анықталды, орта ғасыр ғұлама ойшылдарының ойларымен үндестігі көрсетілді.

«Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегіндегі халықтық педагогиканың мәні мен мазмұны» атты екінші бөлімде «Шипагерлік баян» мұрасына жүйелі түрде талдау жасалынды, оның халық педагогикасымен сабақтастығы айқындалды, мектеп және жоғары оқу орындарының оқу үдерісіне және ғылыми айналымға ендіру мәселесі қарастырылды.

Қорытындыда диссертациялық зерттеу бойынша тұжырымдар жасалынды, ұсыныстар берілді және зерттеу мәселесінің келешегі белгіленді.

Қосымшада арнайы курс бағдарламасының мазмұны мен практикалық зерттеу материалдары енгізілді.
Негізгі бөлім
ХV ғасырда дүниеге келген «Шипагерлік баян» туралы жалпы ұстанымдар бүгінгі күні тіл, философия, этика, педагогика, психология, медицина сияқты маңызды салаларда тың ізденістер мен зерттеулердің жүргізілуіне мүмкіндік берді. Осы орайда, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының өміріне, дүниетанымына, педагогикалық көзқарастарына, шипагерлік шығармашылығына ықпал еткен ХV ғасырдағы тарихи-әлеуметтік және мәдени алғышарттарды анықтау көзделді. Өйткені халқының салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігін, қазақтың мінез-құлқын сезімталдықпен бейнелеген «Шипагерлік баян» туындысы осы дәуірдің жемісі болып саналады.

ХV ғасырдың орта шенінде шаруашылықтың дамуы, өндіргіш күштердің өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәтижесінде ерте заманнан бері Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірігуінен бірыңғай этникалық топ - қазақ халқы пайда болып, соның негізінде Қазақ хандығы құрылды. Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихындағы төтенше маңызды оқиға болды. Тарихтан мәлім, бұл кезеңде Қазақ хандығындағы шаруашылықтың негізгі саласы көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы болды, сонымен қатар Жетісу өңірі мен қазіргі Оңтүстік Қазақстан территориясында егіншілік пен қолөнер дамып, сауда және мәдениет орталығы ретінде қалалар өркендеді. Қазақ елінің ішкі-сыртқы хал-жағдайы, көрші жұртпен ара қатынасы жаңа арнаға түсе бастады, халық арасынан сауатты, білімдар, ақылгөй адамдар бой көрсетті. Қазақ атымен аталатын қоғамдық ой-пікірдің басшылары Асан қайғы, Жиренше шешен, Қазтуғандар елге ұйытқы, ақылгөй бола отырып, даналықтың үлгісін танытты. Көшпелі халықтың тыныс-тіршілігін, болмыс бітімін, өзіндік психологиясын, қоршаған ортасын ұлттық нақышпен бейнелеген нақыл, қанатты сөздерге бай туындылар дүниеге келді.

Ғұлама ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының жасаған тарихи дәуірі қырық жыл хан болған Дәулет шейхтың баласы Әбілқайыр ханның әскері Көк Қашан тұсында Өзтемірмен шайқаста ойсырай жеңіліп, Барақ ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек өздеріне қараған елді басқарып, Әбілқайыр ханнан бөлініп шыққан кезеңмен тұспа-тұс келеді. «Тарихи-Рашиди» еңбегінің авторы Мұхаммед Хайдар Дулати Жәнібек хандығының құрылуын Хижраның 870 жылына жатқызады. Демек, бұл мерзімнің шындыққа сәйкес келетіні айқын, - деп жазды қытайлық ғалымдар. Мұндай пікірді халқымыздың ұлы ақыны, ойшыл ғалымы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақтың қайдан шыққаны» атты мақаласынан да кездестіруге болады.

Жәнібек хан Барақұлы - Қазақ Ордасының екінші ханы, шын аты - Әбу Сағит. Ол - қазақ ордасының тұңғыш ханы Кереймен бірлесіп, Қазақ мемлекетінің іргесін қалаушылардың бірі. Елге айрықша сіңірген еңбегі мен кемеңгерлік істері үшін әз-Жәнібек аталған хан туралы қазақ аңыздары мен тарихи әңгімелерде оның әділетті әрі парасатты адам болғаны жайлы айтылады. Дала ойшылдары Асан қайғы, Жиренше шешен әз-Жәнібек ханның замандасы әрі ақылшы-кеңесшісі болған. Атақты емші, дәрігер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» еңбегін әз-Жәнібек ханның тапсырмасымен жазған.

Жиренше шешеннің ұлағатты сөздері «Шипагерлік баян» еңбегінің жазылуына темірқазық, алтын бастау болды. Еңбектің желісіне қарағанда, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы бен Жиренше шешен жақын дос болған сияқты. Еңбекте Жиренше шешеннің шешендік өнерін ғұлама ғалым ең биік сатыға дейін көтерген. Өйткені шешендік сөздер - өнердің шыңы ғана емес, елдің әлеуметтік өмірінде, тұрмыс-тіршілігінде аса маңызды рөл атқаратынын ғұлама терең түсінген. Қазақтың ұлттық дәуіріне дейінгі әдеби тілі қазақ халқы мен хандығының жасалу үдерісіне үлес қосқан үлкен әлеуметтік күш болғандығы жайлы айта келіп, М.Әуезов: «..Өлең жырлар, тапқыр шешендік сөздер халықтың қоғамдық және рухани өмірінде көрнекті орын алды. Сол кездегі мақал-мәтелдер, шешендік сөздер сөз өнерін халықтың аса қадірлегенін көрсетеді», - деп жазады. Осыған сәйкес халықтық қара тілден нәр алып, көркем тілдің көркемдік қасиетін бойына дарытқан аталы сөздерімен «тыңдаушысын ар мен намысқа жүгіндірген», «бас кеспек болса да, тіл кеспектің жоғын» ханға да, қараға да мойындатқан Өтейбойдақ бабамыздың тағылымдары халықтық мұрамен тамырлас болып келеді. Сонау ғасырлар қойнауында қалып, бүгінде бізге жеткен асыл мұра - «Шипагерлік баянда» кездесетін тәлімдік идеялардың қасиетін жоғалтпай, уақыт тезіне төтеп беруі таңқаларлық дүние екендігін мойындауымыз қажет. Сондықтан Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы қалдырған мол мұраның педагогикалық мазмұнын, тәрбиелік мәнін және халықтық педагогикамен сабақтастығын дәйекті зерттейтін мезгіл туды. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегіндегі жетекші педагогикалық идеялар мен бүгінгі ұрпақты тәрбиелеу арасында үздіксіз байланыс бар. Ол байланыс еңбектің мазмұны мен халықтық тәрбие тәжірибесінен көрініс табады. Сондықтан ұрпақ танымы үшін аса зор тәлімдік мән бар «Шипагерлік баян» еңбегін орта ғасыр ғұлама ойшылдарының тәрбиелік ойларымен байланыста зерттеуді біз міндет етіп алдық.

Орта ғасырлық ұлы қазақ ойшылдарының жалпы дүниетанымының бастау бұлақтарын, әсіресе оның тәлім-тәрбиелік ой-пікірлеріне арқау болған педагогикалық идеяларын өзара ықпалдастық пен тарихи сабақтастық тұрғысынан қарастырудың маңызы зор. Бізге ғасырлар қойнауынан жеткен педагогикалық мұраларымызды анықтау – осы зерттеу жұмысының негізгі мәселелерінің бірі болмақ. Ғалымдардың тәлім-тәрбиелік көзқарастарының қайнар көзі - түркі халықтарының педагогикалық ой-пікірлерінен бастау алатыны шындық. Осы мәселелерді шешуде ең алдымен «Шипагерлік баян» авторы Ө.Тілеуқабылұлының өзіндік пайымдауларына сүйендік.

«Шипагерлік баянның» орта ғасыр ойшылдарының пікірлерімен сабақтастығын екіге бөлуге болады: біріншісі- ғалымның өзіндік ұстанымдары, пікірлері; екіншісі - ғалымның өзі пір тұтқан ғалымдардың ой-тұжырымдарын қуаттауы, толықтыруы.

Орта ғасырдан бастау алып осы күнге дейін салт-дәстүр ретінде қалыптасып жеткен мұраларға, қоғамдық ой-сана, өзіндік ұлттық ерекшеліктерге көңіл бөлу арқылы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының моральдық-этикалық, психологиялық қағидалары ибн Сина, әл-Фараби ілімдерімен сабақтасып жатқандығын еңбектің өн бойынан байқауға болады. Өйткені «Шипагерлік баянда» да халықтың салт-дәстүрі арқылы адамдарды тәрбиелеу - қоғамның көздейтін негізгі мақсаттарының бірі, санасыздық - барып тұрған әлеуметтік ауру, оны оқу-тәрбие арқылы ғана жоюға болады, адамдардың жақсы қылықтары мен қасиеттерін жетілдіре берсе, қоғамды да, мемлекетті де жақсартуға болады дейтін халықтық идея аңғарылады. Автордың тарихи-әлеуметтік, мәдени психологиялық, педагогикалық және медициналық қисындарынан ежелгі гректер мен әл-Фараби, ибн Сина іліміне теориялық арқау болған бүкіл әлемдік үйлесімдік теориясының негіздерін түсінуге болады.

«Шипагерлік баянда» ғалым Жүсіп Баласағұнидің есімін жиі атамаса да, оның келтірген деректерінен, рухани байланыс жүйесін, ой-пікір сабақтастығын тануға болады. Ж.Баласағұнидің «Кітап атын «Құтадғу білік» қойдым, құтын тұтсын оқушым білікті ойдың!» (350 - бәйіт) - деген түйіндері Ө.Тілеуқабылұлының «Қадірін біліп ұстана білгенге - сөнбейтін шырақ, қадірін білмеске - отбасы аяқпен тозатын тулақ» ойларымен үндестік тауып тұр. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының моральдық-этикалық, имандылық, психологиялық қағидалары Ж.Баласағұнидің ой-пікірлерінің жалғасы немесе оны толықтырған, басқаша қырынан көрсеткен құнды мұра деп айтуға негіз бар. Біздің ойымызша, Өтейбойдақ бабамыз «Құтты білік» еңбегімен таныс болған. Түрік халқының бірлігі мен адамгершілік қасиеттерін көрсетуде, ел басқару мен мемлекет жүйесін қалыптастыруда және түрік тілінің мол мүмкіндіктерін ашуда Ж.Баласағұнидің «Құтты білігінің» маңызы зор екені белгілі. Ұлы бабамыз Өтейбойдақтың:

Қалмады ұрпақ, Өтейбойдақ аялдады,

Мені өшірмес «Шипалық баян» қалды.

Бұ да менің ұрпағым жөн білгенге,

Тілкімменен жалғасқан аян қалды, - деп басталатын өлең жолдары, Ж.Баласағұнидің:

Бұл кітапты қабыл алып, қарарсың,

Түркі тілі ғажабына қанарсың.

Байқап көрсем, жеңілдеді жүгім де,

Айтсам дедім сөзімді ана тілімде, - деп аяқталатын пікірімен үйлесім табады.

Ахмет Иассауидің өмірде не нәрсе құнды, неден қашу керек, неге асығу керек деген даналық ойлары Өтейбойдақтың «он екіден айырылмау» мен «жетіге тиіспеу», «қырық бірге жұғыспауында» жалғасқан. Ғалым да ғылымнамалық еңбегін өз жүрегіне үңілу, өз «ақиқат ғұмырынан» саралық іздеу және оны ақиқат өмірмен саналы түрде салыстыру арқылы белгілі бір рухани ұстанымын сақтай отырып, халық зердесімен тудырады. Яғни, өзінің бірегей болмысындағы барлық рухани мүмкіншілігін жайып сала отырып, өмірдің қилы-қилы қиыншылығы мен адам баласын адастырар түрлі зұлымдықты немесе әсемдік пен сұлулықты суреттеу негізінде дүниені тану, сақтану, сену, сүю секілді ұстанымын жүзеге асырады. Бұл идеяны ғұлама «он екіден айырылмау», «жетіге тиіспеу», «қырық бірге жұғыспау» деген ережелер арқылы сараптайды.

Ғұлама өзінің бар саналы өмірін жұмсаған ғылымнамалық ұлы еңбегінің игілігін халқының ертеңіне арнаған. Сондықтан ол шипагерлікке жасөспірімдерді баулымақ болған ой-арманын ханға былай жеткізеді: «Аллажар хан тақсыр, сізден қасиатлы (қасиетті) ғұзырыңызда жазылып жатқан «Шипагерлік баян» мархабатлы көзіңізбен көріп, құлағыңызбен естіп болған соң, арнаулы ордаңыздан ұғындырғы (мектеп) ашып, ордаңыздағы гүлтекше үстінде өсіп тұрған гүлдегідегі гүлдей жеткіншектерді өнерге баулытып жеткізсеңіз, қарашаңыз менің ең зор арманым орындалған болар еді», - дейді. Шәкірт даярлау арманының өзін ғалым ханға байыппен, ертеңгі күнге зер сала отырып баяндайды. Шипагерлік емді халық қажетіне жұмсау үшін жастарды даярлайтын мектеп ашу керектігін түсіндіреді. Бұдан «Шипагерлік баян» еңбегінің мазмұнын тәлім-тәрбие мәселелері құрайтынын анық байқауға болады. Сондықтан ғалым айтайын деген ойын тыңдаушысының көңіліне құйып, қолына нық ұстатады. Еңбектегі тәлімдік ойлар қазіргі ғылыми педагогикада елеулі орын алады деп айтуға толығымен негіз бар. Ө.Тілеуқабылұлы шипагерліктің шыңына жету үшін барлық ғылымдармен сабақтастық жасау арқылы ғылымнамалықтықтың ерекше түрін қалыптастырды. «Шипагерлік баянның» болашаққа ақыл айтып, ой салатын тәрбиелік тұғырнама ретінде қарастыратын еңбектердің бірегейі екендігінде сөз жоқ. Ғалым тәрбиенің негізгі мәселелерін қарастыра отырып, өскелең ұрпақты әділдікке, ізгілікке, талаптылыққа, адамгершілікке, өнерпаздыққа, тапқырлыққа, еңбекке, ақылды іске, білімге, қайырымдылыққа, шынайы достыққа шақырады.

«Шипагерлік баян» ғылымнамалық еңбегінде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы педагогикалық үдеріске, қазіргі педагогикадағыдай ғылыми сипаттама беріп, оның өн бойын педагогикалық құрылымдармен көрсетпегенімен, еңбектің тұла бойы тәлім-тәрбиелік және мәдениет байлығына толы деп айтуға болады. Көрнекті ғалым С.Ғаббасов көрсеткен «адам тәрбиесінің ең құпия сыры болып табылатын Тәңір, Табиғат, Адам үштігінің сыры» ғұламаның еңбегінде ашылған. Ғалым Т.Әлсатовтың пікірінше: «Ө.Тілеуқабылұлының тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерінің негізгі түйіндері сол кездегі дала көшпенділерінің талап-тілегінен, мәселен, жас ұрпақты тәрбиелеудегі баршаға ортақ моральдық норманың даналық кодексі «сегіз қырлы, бір сырлы» ұғымынан туындаған». Мұның өзі адам тәрбиесімен айналысатын педагогика ғылымының басты мәселелері еңбектің арқауы болғанын дәлелдейді.

Халықтың бала тәрбиелеудегі тәжірибесін «Шипагерлік баянда» үндесіп жатқан салиқалы ой-тұжырымдардан кездестіруге болады. Біздің пайымдауымызша, оларды ғұлама ғалым өз кезегінде ұтымды пайдаланып отырған. Өйткені халық тәжірибесі - халықтың ұлылығын және оның рухани әлемін тұтас қамтып көрсететін тәрбие бесігі.

«Шипагерлік баян» - тәлімдік-тәрбиелік еңбек, халықтық педагогика бастауының қайнар көзі. Расында да, ғұламаның еңбегі аз сөзге көп мағына сыйғызған, көп тарихи деректерді, толып жатқан аңыз әңгімелерді, мақал-мәтелдерді қамтыған, ұлттық зердемен ой-түйген халықтың асыл мұрасы екені шындық. Ол халықтың таным-түсінігін, тыныс-тіршілігін халықтық ойлау жүйесімен негіздеген. Сол заманғы басқа да ғалымдар секілді адам тәрбиесін дін ілімімен ұштастырып отырса да, имандылық идеялары діни шеңберден әлдеқайда кең ұғымды қамтыған. Ғалым ислам дініне, оның қасиетті кітабы Құран Кәрімге адамгершілік пен имандылықтың нағыз қайнар көзі ретінде қарап, өзінің жас ұрпақтарына қояр негізгі талап-тілектерін ондағы діни қағидалар мен ережелерге сүйене отырып жүргізеді. Ұлт тәрбиесі, дені сау ұрпақ қамы ғалым еңбегінің түпқазығы болған. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы ұрпақтың денінің саулығына және оның тәрбиесіне тигізер келеңсіз, орынсыз жағдайларды нысанаға алған. Осыған рухани наразылық танытып, күн ілгері дабыл қаққан. Ғұлама ғалым ұрпақтың өнегесіздігін, тәрбиенің теріс жақтарын қатал түрде сынға ала отырып, оның алдын-алу жолдарын ұсынған. Ғұламаның көтерген бұл мәселелерін бізге бүгінгі рухани жұтаңдану заманында халқымыздың салауатты өмір жолына түсіп, өркендеуі үшін тәрбие ісінде ұтымды пайдалануға болады. Мұның өзі осыдан бес ғасыр бұрынғы еңбек пен бүгінгі күндегі тәрбиенің өзекті мәселелері арасында айқын байланыс бар екендігін көруге мүмкіндік береді. «Шипагерлік баянның» халықтық педагогика мұраттарымен үйлесім табуы ондағы тәлім-тәрбиелік мәселелерді тек танымдық тұрғыдан ғана емес, тәрбие тұғырнамасы ретінде үйренуге міндеттейді.

Сонымен «Шипагерлік баяндағы» тәлім-тәрбиелік идеяларды, салиқалы ойларды бір жағынан баға жетпес рухани құндылық ретінде санасақ, екіншіден, ұрпақ тәрбиесінде басшылыққа алатын өмірлік қағидаларды топтаған жәдігерлік танымдар деп танығанымыз жөн. Тәрбие мен білім беру ісінде танымдардың алатын орны ерекше. Танымдарда айтатын ой жеткілікті әрі терең түсінікпен жеткізіледі. Оның мазмұн-мағынасы - даналық, кемеңгерлік, білімділік. Осыған орай, біз зерттеу барысында Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» ғылымнамалық еңбегінен танымдарды табуға тырыстық. «Шипагерлік баяннан» бүкіл адамзатқа тән адами танымдық құндылықтарды кездестіруге болады. Солардың ішінен зерттеуіміздің мақсат-міндеттеріне байланысты 10 танымдық құндылықтың нұсқасын әзірледік. Олар:

1. Ұрпақтаным 6. Мүшелік жас

2. Ылпа жарасымдылық 7. Кәрілік туралы

3. Имандылық 8. Шипагерлік өнері

4. Ел басқару 9. Шипагерлік парыз

5. Әдеп ережесі 10. Білім-ғылым туралы

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегіндегі танымдар адами құндылықтар жүйесіндегі танымдарға ғылыми негіз болатындығы зерттеу барысында анықталды. Біз адами құндылықтар жүйесі негізінде «Шипагерлік баян» ғылымнамалық еңбегінен 10 танымды бөліп көрсетіп, олардың мәнін төмендегідей ашып көрсеттік (1-сурет).


«Шипагерлік баян» еңбегіндегі танымдар және олардың мазмұндық мәні

Ұрпақтаным



Ұрпақтанымның өзегі - жұпталым.

Әдеп ережесі



Ел басқару

Кәрілік туралы

Мүшелік жас

Соңғы тұрғылық игіліктік, қорғанымдық, ар-намыстық несіптік ризық.

«Он екіден айырылмау», «жетіге тиіспеу», «қырық бірге жұғыспау»

Ел сенетін кемеңгер жұртқа бас болмағы парыз.

Алла Тағала барлық ақыл-парасат пен орасан ұлы қасиетті адам баласына бағыштаған.

Жақсылық жалғасымы мен жаманшылық ұрымталдығының сақтанатын кезеңі болмақ

Адам пендесі 25 жасқа дейін, ақыл тісі шыққанға дейін толысып өседі.

Имандылық

Ылпа жарасымдылық

Шипагерлік парыз



Шипагерлік өнері

Шипагер - өнерпаз екені айқын ұғыныс

Қол ыласы дәулетке, ылас нілі сәулетке де қызықпа.

Білім–ғылым туралы.



Ғылым - қанғысыз бұлақ. Ел-білім - дәулетінің қайнары.

Сурет 1 - Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегіндегі танымдар мазмұны

Қазақ халқының өте әрідегі ата-бабаларының өмір сүрген кезінен бастау алып, күні бүгінге дейін кәдесіне жарап келе жатқан рухани мұраның бірі -халықтық педагогика. Диссертацияда Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» ғылымнамалық еңбегін халық педагогикасымен сабақтастыра зерделей отырып, оның тәлім-тәрбиелік идеяларына теориялық негіздеме беруге және оларды жүйелі түрде талдауға талпыныс жасалынды. Соның нәтижесінде «Шипагерлік баяндағы» бірнеше тақырыптарға басқаша қырынан келіп, ізденіс танытуға мүмкіндік туды. Соның бірі - «Шипагерлік баяндағы» жетекші педагогикалық идеялар-ислам діні қағидалары мен қазақ халқының ерте заманнан бергі жинақтаған тәлім-тәрбиелік дәстүрлерінің сабақтастығынан туындаған педагогикалық өсиеттері.

Ғұлама ғалым өз еңбегінде халық педагогикасында тәрбие құралы болып есептелінетін мақал-мәтелдерді, аңыз -әңгімелерді, нақыл сөздерді, шешендік сөздерді көп қолданған. Ол көбінесе аңыз әңгімелерді, шешендік сөздерді мысал ретінде алып отырады. «Шипагерлік баяндағы» миф-аңыздардың көптеп берілуі оның тәрбиелік мазмұнын анықтайды. Сондай-ақ, автордың алдына қойған мақсатын танытуда миф-аңыздардың көркемдік қызметі ерекше рөл атқарған. Ғалым ел ішіне кең тараған аңыздың толық сюжетін алмайды. Өзінің идеясына жақын, ойына дөп келген аңыздың қажетті ой желісін ғана пайдаланады. Осы арқылы ұлттық рухани мінез-құлыққа, ұлттық тәрбиеге ерекше назар аудартады.

Зерттеу барысында «Шипагерлік баянда» 100-ден астам мақал-мәтелдер қолданылғаны анықталды. Өтейбойдақ бабамыз қолданған әрбір мақал-мәтел мазмұны этнос болмысын, оның рухани, заттық мәдениетін, дүниетанымын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, наным-сенімін, ұрпақ тәрбиелеу тәжірибесін арқау етеді. Мәселен, «Әке көрген оқ жонбақ, шеше көрген тон пішпек» деген мақал «отбасында қандай тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге көрсең, өсіп-жеткенде де соны ілерсің» деген ауыс мағынада бүгінгі педагогикалық тұжырымдаманың негізіне айналып отыр. Диссертацияда Ө.Тілеуқабылұлы қолданған барлық мақал-мәтелдер мазмұны сараланып, олардың халық педагогикасындағы мақал-мәтелдермен мазмұндық біртұтастығын ашып көрсетілді.

Ө.Тілеуқабылұлының еңбегінде мәтел үлгілес афоризм сөздерге құрылған ой-пікірлер кездеседі. Мұнда кездескен афоризм, нақыл сөздер тұтас бір тақырыптың маңайында өрбиді. Психологияның шағын бір мәселесі туралы қысқаша ой қорытындысын береді. Адамның мінез-құлық төңірегіндегі келеңсіздіктерді, жөнсіздіктерді ажуалауға, әшкерлеуге арналған. Мысалы, «Күнге шағылысқан гауһардай жалтылдаса, жанып тұрған бағы болмақ», «Жұлдызымыз келіспеді», «Табыт болып-ақ қалған екен», «Елге еркелер ерлігі жоқ», «Өлейін десе, жан тәтті, кірейін десе, жер қатты», «Бала шағының қызығы, жиған малдың шыжығы», «Жынын алдырған бақсыдай», «Алла ұшықтап, пәледен қақ», «Құзғындай кім бар деулік мың жасаған», «Теңін тапса тегін», «Табалама, жолы тар, жайдақ деме, алды жар», «Торғай қаққан тарыдай», «Үмітсіз шайтан», «Адамның күні адаммен», «Жол азабы - көр азабы», «Зар құштым, запыран құштым», т.б.

Қазақ халқының ғасырлар бойы жасаған руханият мұраларының ішінде айрықша орны бар шешендік сөздердің халық педагогикасында орны ерекше. Орта ғасырдан бізге жеткен жазба мұралардан шешендік сөзге үлгі боларлық материалдар аз емес. «Шипагерлік баянда» кездескен шешендік сөздер шешендік өнердің негіздерін саралап, пайымдауға жетелейді, оның тәлімдік-тәрбиелік маңызын айқындауға жол ашады. Еңбекте ғалым Жиреншенің шешендік өнерін ерекшелеп алып, ол айтқан шешендік сөздерді мысалға келтіреді. «Дәстүрлі шешендік сөздер дегеніміз - белгілі бір мәселеге байланысты тапқыр ой, көркем тілмен айтылған және халық қабылдап, жиі қолданып, сөйлемдік құрамы қалыптасқан жүйелі, үлгілі сөздер», - деп жазды белгілі ғалым-әдебиетші Б.Адамбаев. Олай болса, «Шипагерлік баян» халықтың бастан кешірген уақиғалары, ақыл-ойы, арман-тілегі бейнеленген, дүниеге көзқарасы анықталған халықтық мұраның жиынтығы деп айтуға толығымен болады.

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының имандылық тәрбиесі ауқымындағы негізгі құндылықтарының бірі - бата, тыйым сөздер. Ол батаның құдіретін ғалам мен адам жаратылысының тылсымынан іздейді. Қазақ халқының өз салт-дәстүрі негізінде ой тарқатады. Ой, ниет, тілек сөз болып бір арнаға құйылады. Сондықтан ғалым қарттарды сыйлап, сөзін тыңдағаннан кемтар болмайды, қайта ақсақалдар батасын бермек, - дейді де, «...баталы пенде жаман болмағандықты алла жаратқан» деп байлам жасайды. Сонымен қатар ғұлама батаға қарама-қарсы қарғыс сөздерге де терең мән беріп, «Бата тимесе, қата тиеді», «Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады» деген халық даналығымен тұжырымдайды.

Еңбекте ырым сөздерінің тәрбиелік мәні ашып көрсетіледі. Ырым - халықтың жақсы ниетінен туған ғұрып. Қазақ халқында ырым жолдары мен түрлері өте көп. Дегенмен кейде халқымыз «Қазақ ырым етеді, ырым қырын кетеді» деп те, тұжырым жасайды. Мұны ырымның бәрі бірдей орындала бермейтіндігін ескерткенінен туындаған деп түсіну керек шығар. Шешен болсын деп, аузына түкірту, отаншыл болсын деп, туған жерге аунату, сыйлы адамның атын қою сияқты ырымдар бар. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегінен де ырымға негізделген әдет-ғұрыпты кездестіруге болады. Мысалы, ол: «Өтейбойдақ қойыпты атымды әкем, жаман ат, жаман ырым мазамды алды», -деп жазса, жас сәбидің дүниеге келуіне байланысты туылған ырымдарға сондай қатты сенбегенін айтады, алайда кейін келе ырымдардың да өзіндік мән мағынасының бар екеніне тоқтала келіп, осы айтылғандарға нақтылап көз жеткізбекке бекіндім», - деп жазады. Еңбекте келтірілген салт-дәстүрлік наным, ұғымдар бүгінге дейін халқымызда сақталғанын атап өткіміз келеді. Мысалы, «Жаңа туылған балаға жеті күн - бір қатер» деген ұғым бар. Ал Өтейбойдақ бабамыз бұл тұрғысында: «Осы қатерден кетсе, аман болмақ. Соның үшін 7 толық нәуметтік шартқа тұрақтаған болған. Мұны ел іші ырымы «Жетісі», «Жеті кесім» деп те атамақ», - дейді.

Ө.Тілеуқабылұлы өз еңбегінде тыйым сөздерінің де мән-мағынасын ашады. Тыйым сөздерінен дүниені философиялық жолмен тану принциптерін көре отырып, «оларға ойдың шипагерлік құдіретімен жасалған тұжырым» деп баға береді. Мысалы, ғұлама он үштегіге отыз үйден тыйым болуы сияқты елдің салт-жоралғысын есте сақтаған шарт десе, енді бірде әрбір пендеге істейтін пайдалы істі істеу, пайдасызына жоламау, «басыңа пәле болмақ» деп тыйым жасаған. Ғалым «Ислам діні өзінің Алла жаратқан қасиатымен тиым тоқсан бірді жеуден тиым, сексен бесті теуден тиым, һарам мен һалалды айқындап, шектеп тектеуімен, есіркеп ауызға алынбайтын көнергіге айналыпты, тіпті ұмыт болыпты. Өзім де есте түсіріп маңдыта алмадым. Бірақ менің есімнен кетпеген, шипагерлікте кем болса, толықтық толымы бос қалатындық тудыратын жетіге тиіспеу, қырық бірге жұғыспау, он екіден айырылмауды қосуды жөн көрдім» деп, осы ұлттық құндылықтарды еңбекке қосуды жөн деп санағанын айтады.

«Кебенек іші мың арып, мың семірерлік, жаныңды алса да, сырыңнан айырылма», «Ырзықсыз пенде болмас, даяр асың малыңнан айырылма», «Шыбын жаның шыққанша, намысыңнан айырылма» деген сияқты он екіден айырылмау мен жетіге тиіспеу, қырық бірге жұғыспау сияқты т.б. халықтық түйін тұжырымдар қазір де жастарды имандылыққа тәрбиелеу кезінде кәдеге асары сөзсіз.

Ұлттық тәрбие - ата мен баланың рухани сабақтастығының негізі, халықтық қалыптасудың ұдайы дамуының бастауы. Ол өмір сүрудің мәні мен мазмұнын да, ұлттық өркениеттің тарихи тағдырын да айқындайтын жүйе болып саналады. Ғұлама «Шипагерлік баянда» осыны ескере отырып, өзінің тәрбие беру ерекшеліктерін тұжырымдап, тағылымдарын ұсынған. Еңбектегі ой тұжырымдарына барлау жасасақ, жас ұрпақтың жан саулығымен қатар олардың тән саулығына айрықша мән бергенін байқаймыз. Ата-бабаларымыз қалыптастырып, халқымыздың бұлжымас тіршілік заңына айналған ғажап салт-дәстүрлер ерте заманда-ақ өзінің мәнділігімен, озық үлгісімен ерекшеленеді. Оны ғұлама ғалым өз еңбегінде ұлт табиғатына лайық қасиеттерімен астастырып түсіндіруге тырысады.

Сондай-ақ, еңбекте халқымыздың ұмыт бола бастаған «Сегіз ат сабылтқы», «Ат тергеу» сияқты халқымыздың салт-дәстүрі сөз болады. Қазір күңгірттеніп, тілімізде тек «ат сабылту» дейтін сөз тіркесі сақталғанымен, кезінде қазақтың ат міну мәдениетінің өзі де үлкен бір өнер, атқа қалай жүруде де өзіндік өре, әспетті мән болғаны байқалады.

Көп ғасырлық халық даналығы адамгершілік-этикалық идеяларға толы екенін байқаған. Сондықтан ол өзінің әрбір пайымдауын халықтың өз түсінігімен, даналығымен түйіндеген.

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегін тұтастай халықтық психологияға құрылған туынды ретінде де қарастыруға болады. Онда халықтық психологияның теориялық қисындары үшін маңыздылығы жоғары әдіснамалық қазық болатын түйіндерді жиі кездестіруге болады. Халықтың тәлімдік даналығынан туындаған ой-пікір шарттары әр алуан, ғұлама оларды, кектеніс (кектену), сескеніс (сескену), жиіркеніс (жиіркену), күйіктеніс (күйіктену, ашыну), шошыныс (шошыну), торығыс (торығу, жалығу), үрейленіс (үрейлену), өкініс (өкіну), атпалы ұшық деп бөледі. Сондай-ақ, еңбекте қазақ психологиясының атаулары мен психологиялық ұғымдар да беріледі. Мысалы, «жан», «зейін», «сөйлеу», «түйсік», «ой», «мінез-құлық», «сөйлемелік қуат», «ес», «ақыл-парасат», «түйсік», «ойлау», «сөйлеу», «қиял», «дағды», т.б.

Адам психологиясының қалыптасуында Отанды қорғау, сүю сияқты патриоттық сезімдердің орны ерекше екенін ғұлама ғалым терең түсінген. «Қазір біздің сайлауыттарымыз сойыл, шоқпар, шомбал, бұғалық, жақ, айбалта, қылыш, найза, сүңгі, сақпан, қақбақысбақ, қамшы тақылеттерімен жауына соққы бермек. Сауытты киіп, қалқанды тосып қорғанып, өзін де, елін де, атамекен байтақ жерін де қорғауы шарт болмағы айқын ұғыныс...» ,- деген ойлар осының дәлелі болып табылады. «Бұрнағы жасалған ерліктерді сыйламай, қадірлемей тұрып, жаңа ерлікке шақыру бекершілік» - деп, қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы атап көрсеткендей, жас ұрпақты ата-баба дәстүрі бойынша ерлік рухта тәрбиелей отырып, олардың бойына намыс, парыз, ұлттық сана және жауапкершілік сезімін қалыптастыру қажеттігін ғұлама сол кездің өзінде аңғарған. Сондай-ақ, ғұлама ғалым Отанды, жерді, елді қорғау үшін ақыл-парасаттың алатын орнын ерекше деп көрсетеді. Ол: «Адам баласы ит түгіл адам етіне дәніккен аңға да төтеп бере алмаған. Оған себеп қорғануды ойламаған» - дейді. Еңбекте Отанды, туған жерді, атамекенді сүю туралы ой-пікірлері жиі кездеседі. Бұл айтылғандардың қазіргі жастарымыздың патриоттық сезімдерін тәрбиелеуде, ұлттық намысын оятуда алатын орны ерекше.

Ө.Тілеуқабылұлының ата-ана, туған-туыс, жекжат, жақын-туысқа деген ыстық көзқарасын білдірген имандылық аясындағы пікірлері де құнды деген тоқтамға келеміз. Біздің ойымызша, осындай тұжырымдардың жүгін көтеріп тұрған ғұлама-ғалымның үлкенді сыйлауға қатысты ойлары, соның ішінде ғұламаның ерекше көңіл аударуға тұратын, бүгінгі педагогикалық қағидалармен иық тіресіп, пікір таластыра алатын пайымдауларының бірі - әдептілік шарттары, яғни үлкенге құрмет жасау мәселесі. Бұл жөнінде ғұлама: «Қарттарды сыйлап, еркін сөйлемеліктетіп, көп тыңдағыштап, аз жауап қатымдаулықпен тереңдік тастап, толтырғылыққа ден қой қоймақтап, сіз деп қастерлеп, қолтықтап тұрғызбақ, отырғызбақ, кепкістік кигізгісін алдына қоймақ керек. Жасы кішіні «әкем», «көкем», «інішек», «бауырым» деп аялай ілтипат білдіре жақын тартып, ауызекі жөн ұғыспақ шарт болмақ», - дейді. Мұндағы түпкілікті көздеген мақсаты әдептілік шартынан аспау болып табылады. Бүгінгі педагогика ғылымында үлкенді сыйлау, оған құрмет көрсетуге байланысты ұстанымдардың түп бастауы ортағасырлық «Шипагерлік баян» ғылымнамалық еңбегінде осылайша көрініс береді.

«Шипагерлік баян» ғылымнамасында имандылық қасиеттердің белгісі ретінде отбасындағы туысқандық қатынастар да әр қырынан сипатталады. Оған ғалымның некелескен, ерлі-зайыптылардың үш жұрты, өз жұрты, нағашы жұрты, қайын-жұрты болатындығы туралы айтқаны мысал бола алады. Біздің ойымызша, ғалым бұлардың адамдар арасындағы жақындық пен сыйластықты қалыптастырудағы маңызына ерекше мән берген тұстарын имандылық ғибраттарымен тұтастырып жіберген тәрізді.

«Шипагерлік баян» емдік сауықтыру мен оның жолдарын ғана емес, өмір ағымының бағытын, сол бағыттың табиғатын да танытады. Белгілі жайтты сипаттап, я суреттеп қана қоймай, оның ішкі заңдылықтарын ашуға ұмтылған. Еңбектегі айрықша көкейкесті мәселе тікелей адам жаратылысына қатысты. «Шипагерлік баяндағы» таным теориясы сана неғұрлым кемелденген сайын, оның өз сырын тануға деген талпынысы мен мүмкіншілігі соғұрлым жетіле түсетіндігін дәлелдейді. Қазіргі кезеңде бұл пікірдің ақиқаттығы өмірдің әр саласында да жан-жақты көрініс табуда.

«Шипагерлік баян» ғылымнамалық еңбегін зерттеп зерделегенімізде, ғалымның бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, оның сәтті қағидалары мен ережелерін халықтың тәрбиелік дәстүрінде топтастырғанын анықтадық. Оны мынадай топтарға бөліп айтуға болады: «Сүйінші», «Көз тию», «Бата», «Ат тергеу», «Сегіз ат сабылтқы», «Қазақ ырымдары», «Тиым сөздер», «Жеті ата», «Жеті күн», «Жеті қазына», т.б.

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өз еңбегінде халықтың уақытты анықтауда қолданған бай тәжірибесін жинақтап, оны қолданудың сәті мен жолдарын және соған лайықты сөз өрнектерін жұмсай білген. Ұлттық ұғыммен жылды, айды, аптаны, тәулікті халық өлшемімен атаған.

Халқымыз уақытты ғасырдан бастап жылға, тоқсанға, айға, аптаға, күнге бөлген де, оған жеке-жеке ат берген. Оны жыл санау, ай санау, күн санау деп атайды. Ғұлама ғалым аптаны былай берген:

Бақтал - сенбі

Баттал - жексенбі

Сақтал - дүйсенбі

Жақтал - сейсенбі

Аттал - сәрсенбі

Ғаттал - бейсенбі

Мереке – жұма

«Шипагерлік баянда» да он екі айға сипаттама беріледі. Төрт маусымның өзіндік тағылымдық-тәрбиелік ерекшелігіне тоқталады:

Көктем көктетті, әлденбек шарт.

Жаз жадыратты, сәлденбек шарт

Күз күтімдік, шелденбек шарт

Қыс қытығымырлық жиналғы, көрленбек шарт.

Халқымыздың әр айда туған адамдардың мінез ерекшеліктері, түсінік талғамдары, сенім қызығулары туралы да қызықты пікір айтылып, адамдарға жұлдыздық талдау жасаған.

Сонымен қатар Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы еңбегінде қазақи тіршілік суреттелген. Мезгілдік ерекшеліктердің өзін қазақ тіршілік тынысымен сипаттап жазған. Тек тәуліктік, маусымдық ғана емес, сонымен қатар ауа райының жылдық өзгерістері болатын. Орта Азиядағы қатаң континентальды ауа райында тек «ұзақ» уақыттағы болжаумен қатар, осы уақыттағы өзгерістердің заңдылықтарын «өмірді» толық зерттеп, дәл анықтайтын білім қажет болды. Сондай білімді зерттеуді «Шипагерлік баяннан» табуға болады. Мысалы, ғалым «Көктем жазға әзірлік жасамақ, жаз күзге сый-сыбаға ұсынбақ. Сондықтан «Ақ жардың (түйенің) қарны жарылды» делінбек. Күз қысқы қыспақтан сақтауға атсалысып, жарылқаушы болмақ. Уағы (уақыты) болғанда қысқылы қыс көктемнің орнын өгейсітпейді. Міне, бұл – мезгілдік, ұйқаштық алмасым». Көктем – жіңішкенің үзіліп, жуанның жіңішкерген кезі, «Ұзын сары келгенде жеу несіп болмақ» дейтін аталы сөз туындысының туылған анасы осы уақтық алмасым өзгерімі тиегі болмағы шарт», - деп жазады.

Халық шығармаларының қайсысын алсақ та, алдымен оны жеке адамдар шығарғанын аңғарамыз. Әлеуметтік мәні, әдеби құны бар әрбір шығарма сынала, сырлана келіп, белгілі бір халықтың тұрмыс-салтына, тіршілік тілегіне, ұғым-сеніміне үйлесіп қалыптасады да, бүкіл халықтық мұраға, ортақ рухани қазынаға айналады. Халық педагогикасымен сабақтастықта жазылған «Шипагерлік баян» еңбегі қазіргі педагогиканың мазмұнымен үйлесім тауып, ұрпақ тәрбиесінде таптырмайтын дүние екендігі еш күмән тудырмайды.

Сондықтан зерттеу барысында біз ғұлама ғалымның мұрасын мектепте, орта және жоғарғы оқу орындарында кеңінен оқыту мақсатында ««Шипагерлік баян» тағылымдары», атты арнайы курс бағдарламасы мен оны әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етуді көздейтін оқу-әдістемелік құралын жасадық.

Арнайы курстың мақсаты болашақ мамандарға Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» ғылымнамалық еңбегіндегі тәрбиелік ойлардың халық педагогикасы идеяларымен сабақтастығын меңгерту болды.

Бұл мақсатқа жету үшін төмендегі міндеттер қойылды:

- еңбектің тәрбиелік мәнін және қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі қажеттілігін ашып көрсету;

- Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының еңбегіндегі халықтық педагогиканың мазмұнын ашып көрсету;

- «Шипагерлік баян» еңбегіндегі халықтық педагогика мазмұнымен таныстыру;

- «Шипагерлік баян» еңбегіндегі жетекші педагогикалық идеяларды ұрпақ тәрбиесінде қолдану жолдарын айқындау.

Бағдарламада арнайы курстың негізгі сабақ түрлерін өткізудің тақырыптық жоспары берілді. Семинар сабақтарға реферат тақырыптары мен студенттердің білімін өзіндік бақылау мақсатында тест тапсырмалары ұсынылды.

Зерттеу барысында дала ойшылы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» ғылымнамалық еңбегін мектеп және жоғары оқу орындарында оқытудың тиімділігін арттыру мақсатында «Қазақ тілінен тіл дамыту, жаттығу бақылау жұмыстарының жинағы» және «Шипагерлік баян» тағылымдары» атты оқу-әдістемелік құралдары жарық көрді.

Еліміздегі медициналық оқу орындарының бірі Астана және Ақтөбе медицина университеттеріндегі гуманитарлық пәндер бойынша ««Шипагерлік баян» танымдары» және ««Шипагерлік баян» тағылымдары» атты тақырыптарда оқу сағаттары студенттердің өздік жұмыстарына енгізілді. Аталмыш оқу орындарында студенттердің өз бетімен жұмыс істеуі үшін ізденіс жұмыстары жүргізілді.

Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Валеология академиясына диссертациялық жұмыстың қорытындылары ұсыныс ретінде берілді. Астана қаласындағы №54 мектеп-лицейінде ««Шипагерлік баян» тағылымдары» атты оқу -әдістемелік құралын валеология, салауаттану пәндерінің мұғалімдері көмекші құрал ретінде пайдаланып жүргенін атап өтуге болады. Диссертацияның қорытындысы ретінде ұсынылған «Шипагерлік баян» тағылымдары» атты арнайы курс бағдарламасы мен оқу-әдістемелік құралының мектеп және жоғары оқу орындарына енгізілуі аталмыш еңбектің қажеттілігін байқатты.

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» ғылымнамалық еңбегін бүгінгі мектеп және жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие жүйесінде қолданудың тиімді жолдарын қарастырудың теориялық та, практикалық та мәні зор екені даусыз. Өтейбойдақ бабамыз өз қоғамында тәрбиеленіп, өнердің өріне көтерілген ел перезенті екендігі оның бірқатар өлеңдерімен дәлелденген болатын. Ғалымның поэзиясын мектеп және жоғары оқу орындарында қарастыру қажеттілігі келешектің ісі болмақ. Ғалымның ақын, әрі тәлімгер ұстаз ретінде қалыптасу жолдары оқу-тәрбие жұмыстары кезінде студенттердің арнайы өздік жұмыстарында бірқатар тақырыптарға арқау болды. Сонымен қатар ғалымның тәлімгерлік мұрасын аудандық педагогикалық әдістемелік кабинеттер мен облыстық мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институтында кеңінен пайдалануға болады.
Қорытынды.
Зерттеу барысында қол жеткен нәтижелер мынадай тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді:

1. Біз зерттеуімізде «Шипагерлік баян» ғылыми еңбегінің негізгі қағидаларына талдау жүргізу үшін, тарихтан ойып орын алған Қазақ хандығының іргетасын қалаушы әз-Жәнібек хан мен әйгілі Жиренше шешен дәуіріндегі тарихи-әлеуметтік және мәдени жағдайлар даму үдерістеріне сүйендік.

2. Қазақ хандығы шаруашылықтың дамуы, өндіргіш күштердің өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәтижесінде ерте заманнан бері Орта Азияның ұлан-байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ - қазақ халқы негізінде бірігуі арқылы ХV-ғасырдың орта шенінде құрылды. Сондықтан да Жәнібек ханның өз халқы үшін «Шипагерлік баянды» жазуға тапсырма беруінің өзінде үлкен маңыз, мағына бар деуге болады.

3. Жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижесінде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының қазақ халқының «ген» тазалығы жөнінде әлем өркениетіне қосқан орасан зор үлесінің барлығы анықталды. Жәнібек ханның: «Күллі алаш ұранды бұқараларымның өздерінің және ұрпағының мінсіз болмағы шарты үшін жеті атаға толмай қыз алысқандар бүгіннен бастап болмауы шарт», - деген жарлығы ғұлама ғалым, көреген ұстаз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының ғылыми зерттелген пайымдауларының арқасында дүниеге келді.

4. Ө.Тілеуқабылұлының педагогикалық идеясының түп қазығы – ұрпақ тәрбиесі және оқу-білім мәселелері. Оның ұрпақ тәрбиелеудегі тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерінің негізгі өзегі ұлттық сана-сезімі оянған, халқының болашағы үшін адал қызмет ететін жетілген тұлғаны тәрбиелеу болып табылады. Ғұламаның пайымдауынша, тәрбие - адамға туғанынан үздіксіз берілетін және бір сәтте толастамайтын құбылыс. Зерттеуде Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының педагогикалық идеяларын жүйелеу арқылы орта ғасыр ғұлама ойшылдарының тәрбиелік ойларымен өзара үндестігі тұжырымдалып, ұрпақ тәрбиесіне байланысты көзқарастарының бірегейлігі талданды.

5. Диссертацияда ерекше көңіл аударылған мәселелердің бірі - «Шипагерлік баян» ғылымнамалық еңбегінің халық педагогикасы идеяларымен сабақтастығы. Зерттеуде сабақтастықтың негізгі белгілері анықталды. Ғұламаның еңбекті халық зердесімен жазу үшін 100-ден астам мақал-мәтелдерді, қанатты сөздерді, тыйым сөздерді, жөн-жоралғыларды қолданғаны анықталды. Қараүзген шипагер бабамыз халықтың әдеп әліппесі болып саналатын «Жетіге тиіспеу», «Қырық бірге жұғыспау», «Он екіден айырылмау» сияқты даналық ойларды «Шипагерлік баян» еңбегіне қосқан. Еңбекте шешендік сөздер, нақылдар мен аңыздардың көрініс табуы-үлкенге де кішіге де өмірлік ғибрат аларлық тұнып тұрған өсиет екені шындық.

6. Сол заманғы басқа да ғалымдар секілді ғұлама ғалым адам тәрбиесін дін ілімімен ұштастырып отырса да, имандылық идеялары діни шеңберден әлдеқайда кең ұғымды қамтыған. Диссертацияда «имандылық» ұғымын қазіргі кезеңдегі бала тәрбиесімен ұштастырып отыруға тырыстық. Сонымен қатар «Шипагерлік баянда» діннің дүниетанымдық, идеологиялық, саяси маңызын түсіне тұра, қазақтар ұлттық салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды берік ұстанған, сондықтан «қырықтың бірі - қыдыр, жетінің бірі - әулие», «жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс - иесін табады», «сақтансаң сақтаймын деген» сияқты мақалдар мен мәтелдерді, афоризмдерді жиі қолдануы дәлел бола алады. Ислам-шипалы дін деп исламның шипалылығын мойындатады. Ислам діні ғылым-білімнің, оқып-білудің жанашыр жақтаушысы екендігі «Шипагерлік баянда» дәлелденеді. Идеялардың мыңдаған жылдық құпиясын өз бойына жинақтаған «Шипагерлік баян» өз ұлтының түп-тамырына, салт-дәстүріне, салт-санасына терең бойлаған туынды деген тұжырымға келдік.

7. Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» еңбегіндегі тәлім-тәрбиелік мәселелерді білім беру тәжірибесінде пайдалану арқылы тәрбие мазмұнын жетілдіру заман талабы болып отыр. Осы тұста біз ұсынып отырған ««Шипагерлік баян»» тағылымдары» атты арнайы курс бағдарламасы мен оқу-әдістемелік құралын, «Қазақ тілінен тіл дамыту жаттығу, бақылау жұмыстарының жинағы» оқу-әдістемелік құралының мазмұнына енгізілген ««Шипагерлік баян»» танымдарын» жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептердің оқу-тәрбие үдерісінде пайдалану білім алушылардың ұлттық сана-сезімі мен азаматтық тұлғасын қалыптастыруға септігін тигізері сөзсіз.

Жасалынған қорытындылар негізінде мынадай ұсыныстар жасауға болады:

1. Ө.Тілеуқабылұлының тәлім-тәрбиелік идеяларын жалпы жұртшылық арасында кеңінен насихаттау. Осы мақсатта аудандық педагогикалық әдістемелік кабинеттер мен республикалық, облыстық мұғалімдер біліктілігін жетілдіру институтында қысқа мерзімдік ғұлама ғалымның педагогикалық көзқарасына байланысты арнаулы курстар, тақырыптық дәрістер ұйымдастыру.

2. Педагогикалық және медициналық оқу орындарының «Педагогика», «Медицина тарихы», «Философия», «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі», «Валеология» атты пәндерінің мазмұнына «Шипагерлік баян» ғылымнамалық еңбегінің тәлім-тәрбиелік идеяларын енгізу.

3. Ө.Тілеуқабылұлының тәлім-тәрбиелік идеяларын медициналық жоғары оқу орындарының білімін жетілдіру курстарында, әсіресе гуманитарлық пәннен беретін оқытушыларға өз жұмыстарында қолдану үшін бағыт-бағдар ретінде ұсыну.

4. Мектептерде оқытылатын «Әдеп», «Жантану», «Валеология», «Салауаттану» пәндерінің мазмұны Ө.Тілеуқабылұлының тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерін ендіріп, мұғалімдер үшін оқу-әдістемелік құралдар шығаруды қолға алу.

5. Оқу үрдсінде бұқаралық ақпарат құралдарындағы лингвоелтанымдық материалдарды, кейінгі кезде жарыққа шыққан анықтамалық деректерді кеңінен пайдалана білу.



Өтейбойдақ ғұламаның «Шипагерлік баян» еңбегіне Қытай елі мемлекеттік сыйлық берді. Ендеше «Шипагерлік баян» - әлем тудырған талай ғажайыптардың қатарынан орын алатын, қазақ халқының даңқын арттыратын теңдесі жоқ ғылымнама, қазақ даналығының өлшеусіз қазынасы. Онда ұрпақ тәрбиесі үшін маңызы зор, келешекте зерттеу нысаны боларлық терең педагогикалық ойлар мен нақты ғылыми түйіндер жетерлік. Соның ішінде болашақ мұғалімдерді Ө.Тілеуқабылұлының тәлім-тәрбиелік идеяларын мектептің тәрбие үдерісінде пайдалануға даярлау. Ал ғұламаның педагогикалық мұрасы арқылы жастардың сана-сезімін қалыптастыру мәселелері өз алдына зерттеуді қажет етеді.
Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған еңбектердің тізімі:


  1. 1. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының тәлімдері // «V Мәшһүр Жүсіп оқулары» халықаралық ғылыми практикалық конференция. – Павлодар, 2006. – Б. 16-19.

  2. 2. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы және халық мұрасы // Қазақстан республикасының білім беру саласындағы тіл саясаты: тәжірибелер, мәселелер мен перспективалары. Республикалық ғылыми-практикалық конференция. – Астана, ЕГИ, 2006. – Б. 177-80.

  3. 3. «Шипагерлік баян» атты шығармадағы мақал-мәтелдердің тәрбиелік мәні. КарМУ хабаршысы. – Қарағанды. – 2007. - №2 (46), Б. 156-158. (Г.М.Хайровамен авторлық бірлестікте).

  4. 4. «Шипагерлік баяндағы» имандылық тәрбиесі // Қазіргі кезеңдегі тұлғаның үйлесімді дамуына қатысты өзекті мәселелер. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция. – Астана: ҚазМАТУ, 2007. – Б. 94-96.

  5. 5. «Шипагерлік баян» және қазіргі медицина тағылымдары // Астана медициналық журналы. – Астана, 2007 - №3, Б. 151-152.

  6. 6. Ө.Тілеуқабылұлының педагогикалық және психологиялық көзқарасы. Оңтүстік Қазақстан ғылымы мен білімі. – Шымкент, 2007. - №5-6 (64-65). – Б. 10.

  7. 7. «Шипагерлік баяндағы» медицинаға қатысты тағылымдар // әл-Фараби атындағы ҚҰУ хабаршысы. – Алматы, 2008. - №8 (116). – Б. 290-293.

  8. 8. «Шипагерлік баяндағы» отбасылық тәрбие ережелері // «Шоқан тағылымы – 13» халықаралық ғылыми-практикалық конференция. – Көкшетау, 2008. – Б. 112-114.

  9. 9. «Шипагерлік баян» және отбасы тәрбиесінің басты қағидалары // Қазақстан мектебі. – Алматы, 2008. - №11. – Б. 57-59.

  10. 10. Ө.Тілеуқабылұлының Орта ғасыр ғұлама ойшылдарымен рухани әрі мәдени байланыстары // ЕГИ хабаршысы. – Астана, 2008. - №3. – Б. 198-202.

  11. 11. «Шипагерлік баяндағы» шешендік сөздерді мектептің оқу-тәрбие үрдісіне пайдалану жолдары // КарМУ хабаршысы. – Қарағанды, 2008. №4 (52). – Б. 195-199. (Б.Әбдікәрімұлымен авторлық бірлестікте).

  12. 12. «Шипагерлік баяндағы» жастарды салауатты өмір сүруге тәрбиелеудегі рөлі. ЕГИ хабаршысы. – Астана, 2009. – №2. - Б. 208-210.

  13. 13. «Шипагерлік баян» танымдары // Қазақстандағы үздіксіз кәсіби білім берудің мәселелері мен перспективалары. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция. – Астана: ЕГИ, 2009ү – Б. 287-289.

14. Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы: «Шипагерлік баян» // Қазақ тілі мен әдебиеті. – Алматы, 2009. - №6. – Б. 7-9.

15. «Шипагерлік баян» тағылымдары // Оқу әдістемелік құрал. – Астана, 2008. – Б. 70.

16. Қазақ тілінен тіл дамыту жаттығу, бақылау жұмыстарының жинағы // Оқу әдістемелік құрал. – Астана, 2009. – Б. 106. (Г.Омартаевамен авторлық бірлестікте).

17. «Шипагерлік баян» еңбегінің ұлт тәрбиесіне қосар үлесі // Оңтүстік Қазақстан ғылымы мен білімі. – Шымкент, 2009. - №3 (76), б. 113-115. (Г.Е.Омартаева, К.Қ.Инирбаевамен авторлық бірлестікте).

18. «Шипагерлік баян» идеялары // КарМУ хабаршысы. – Қарағанды. – 2010, №2 (46), - Б. 156-158. (Г.Е.Омартаева, Б.Б.Айткеновамен авторлық бірлестікте).

19. «Шипагерлік баяндағы» ислам тағылымы // «Медициналық білім беруді жетілдіру – тиімді денсаулық сақтаудың кепілі» халықаралық ғылыми-практикалық конференция. Қарағанды, 2010. – Б. 132-133 (Б.Әбдікәрімұлымен, Қ.А.Сарбасовамен авторлық бірлестікте).




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет