Жасампаздық қиырында



бет14/43
Дата06.02.2022
өлшемі406,43 Kb.
#48042
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   43
ЕКІНШІ АЯЛДАМА
Кіші әлем жүйесінен біршама қашықтыкка шыққан соң кеме қабырғасынын сыртында пайда болған ақаулар тездетіп түзетілді. Бір ғана жүйенің өзі істен шыққанда, кеме қабырғасының сыртында ойық пайда болып, оның тереңі саңылауға жалғасқанда не жағдай болатынын ғарышкерлер жақсы біледі. Егер кеме ақауы жерде болса онда ауа, су мен тамақ жөнінен ешқандай да қорқыныш болмас еді. Жануарлар мен құстар әлемі жөнінде де еш әңгіме қозғалмайды. Ал кеме ішінде бәрі де есептеулі. Мұнда артық та, кем де ештеме жоқ. Сондықтан да мұнда байқамсыздық деген ешқашан да, ешбір сәтте орын алмауға тиісті. Бұдан біраз уақыт бұрын ғана бал араларындай болып кемені қаптай қоршап, кемеге тырс-тырс соғылған кіші әлемнің кемелерінің әрекеттері де ізсіз қалмаған. Ол кемелердің кейбіреулері, тіпті, »Ақлағылдың» сыртқы антенна жүйелері мен жарық жұлдыздардан энергия алатын жүйелерін де шамалы зақымдаған. Бұл да ойламайтын, сескенбейтін жағдай емес-ті. Өздері қанша алып, мықты, саналы, айлалы болса да ең кішкентай деген адамдардың өздерінен де сескенулеріне тура келген. Оның басты себебі, көздің қарашығындай сақтауды керек ететін «Ақлағыл» еді. Ол ғалым- ғарышкерлердің ендігі өмірі, үміті мен болашағы.
Кіші әлем ғаламшарларынан қажетті қашықтыққа жеткен соң сол мандаты тіршіліксіз шағын ғаламшардың бетіне қону көзделді. Қанша шебер болса да биороботтар саналы адамдардың өздеріндей жол тапқыш емес. Олар алдын ала «миларына» жазылған бағдарламаны ғана бұлжытпай орындайды. Ондай тапсырма берілмесе, адам қаңқа сүйегіндей болып қаңқайып, қозғалмай тұрады да қалады. Бұл ғарышкерлердің қай қайсысына да жақсы белгілі жайт. Шағын ғаламшарға қонуға бет алудың бір себебі де соларға байланысты еді. Тәкен де, Сәрсенбі де, Азамат та, Жақан мен Сейдолла да енді тынымсыз әрекетте. Егер Жерде, оның төңірегіндегі кеңістікте болса, дәл осылай әбіржімес еді. Кемеден ақау табыла қалса, Жерден көмекке басқа кемелер келмек. Ал мына жағдай одан мүлдем бөлек. Бұл кеме алты ғарышкердің жеке-дара ғаламшарындай да болып кеткен. Олай сезінбеске амалдары да жоқ. Кеменің қабырғасының әр жеріне тиген дене ғарышкерлердің өз денелеріне тиген заттай ауыр әсер етеді. .
Сол жарақаттарды түзеу, жөндеу үшін келеді тіршішксіз ғаламшарға. Бұл шешімнің өзі де оңайға соқпаған. Бір жағынан әлгілердің тынымсыз шабуылынан алыстаудың да әрекеті бұл. Әрине, шындаса, ғарышкерлер кемедегі аса қуатты қарулармен ол кемелер түгілі олардың ғаламшарын да тұтастай әп-сәтте жоқ ете алады. Бірақ олай күш сынасу үшін де күш тендігі керек. Титтей бала мен таудай балуан ешқашан да белдесе алмаса керек. Бұл да соған ұқсас көрініс. Бір бірімен жауласатын елдер де даму жағынан бір біріне шамалас келеді. Ал бір жағы аса күшті болып, екінші жағы әлсіз келсе, ол әділ соғыс саналмайды. Мына жағдайда да әлсіздерге күш көрсетіп, оларды қырып-жойып мәз болуга еш негіз жоқты. Оның үстіне ғалым-ғарышкерлердің басты мақсаттары олармен күш сынасу, соғысу немесе оларды дүние әлемінен жойып жіберу емес, қайта жолын тауып олармен тілдесу, саналы қарым-қатынас орнату, жетістіктері мен кемшіліктерін танып-білу. Міне, Жерден ұшып шыққалы бергі көздегендері.
Кіші әлем ғаламшарлары көз ұшында қалып, көздеген тіршіліксіз ғаламшарға мейлінше жақындаған кезде кеменің негізгі тежеу жүйелері іске қосылды. Ғаламшар сырттай таныс еді. Осы кіші әлемге қарай ұшып келе жатқанда Егіздер жүйесінде көзге түскен мұны арнайы белгімен белгілеп қойған. «Ғаламшардың даласы Айдың даласынан аумаған тақыр екен. Онда көретін ештеме де жоқ» деп елемеген еді кезінде ғарышкерлер. Енді міне, оған бас июлеріне тура келген. Ғаламшардың тартылыс өрісі әлсіздеу болғандықтан кемені тежеуге оншалықты күш түскен жоқ. Кеме алдын ала жоспарланған ұшу жолымен келген бойда ғаламшарды бір-екі рет қана айналып ұшып төмен қарай құлдилап жөнелді. Жұлдызаралық кеменің ұшуы да, қонуы да Жердегі әуе кемелерінің ұшуы мен қонуы сияқты жүзеге асатындықтан пәлендей қатты қозғалыс та, сілкініс те байқалмады. Кеме бейнебір ертегідегі Самұрық құстай болып қалықтап төмендеп келеді. Ғаламшардың бар бет-бейнесі ғарышкерлердің көз алдарында. Енді ғарышкерлер бір сәтте көз алдарына Жердің жалғыз табиғи серігі — Айды әкелген. Сол Айға қайта жетуді де армандап қойды іштерінен. Өйткені, Ай дегендері - Жер, Жер дегендері - ел. Ай мен Жердің арасы жап-жақын. Ал мынандай жұлдызаралық кеме үшін ол екі аралық тіпті де ештеме емес. Егер бұл Ай болса, Жерге жеткен болар еді ендігі бәрі де. Бірақ олай болмай тұр. Бұл Ай дегендері Егіздер шоқжұлдызындағы тіршіліксіз бір шағын ғаламшар ғана.
Соның өзінде де енді бұл ғаламшар ғарышкерлерге Жердей ыстық көрініп те кетті. Әрқайсысы оған иллюминатор арқылы да, алдарындағы экран арқылы да мұқият қараумен отыр. Ғаламшар беті жап-жарық болғанымен, аспаны Ай аспаны сияқты қараңғы. Ғаламшар бетін Ақлағылдың сәулесі жарықтандырып тұр. Ол да Күн жүйесіндегі Күннен аумайды. Басқа көріністер де соған ұқсас. Тәкен бұл көріністерді әбден байқап-бағдарлап алғаннан кейін сәл толқып;
- Қараңдаршы, жігітгер, ана жоталар, ана қазаншұңкырлар өзіміздің Айымыздың табиғатын көзге елестетеді екен! Ішімізден өз Айымызға келіп қондық дейікші! Солай елестетейік, көзімізге! Оның өзі де бізге үлкен жұбаныш болар!
- Қонуға таяп қалдық! - деді сол кезде астрофизик Сәрсенбі.
- Жайпауыттау жерді танда! - деп Тәкен жан жағына қарап-қарап қояды.
- Мына бір тегістікті көздеп келемін! - деді Сәрсенбі.
- Дұрыс. Айнала-төңірегі жақсы көрінетін жер керек!
- Тегіс жер кемеміздің қонуына да қауіпсіз! - деп үн қосты геолог Азамат.
- Мынандай шетсіз, шексіз Ғаламда осындай кеме табаны тиетін ғаламшардың болғанына да шүкір дейікші, - деп қойды философ Сейдолла, - әйтпесе, жаңағы кіші әлемдегілерден де қиын бір жағдаиға душар болар ма едік.
Ол өзінің де жаны бap _ деп Тәкен иллюминатордан сыртқа үңілді.
Осыдан кейін ғаламшарға мейлінше таяп қалған кеменің оның бетімен жанасу жағы қарастырылды. Ұшу жылдамдығы барынша азайтылды. Кеме енді қалықтап ұшудан тік төмендеп қону мәнеріне ауысты. Өйтпеске шара жоқ. Ғаламшарда ешкім де өздеріне арнап ғарыш айлағын жасап қоймаған. Ғарыш айлағы түгілі, мұнда ауа мен су да қалмаған. Ғарышкерлер қайда барса да осындай тапшылыққа тап болатындарына сәл де болса ренжіп те алған. Бірақ ол арыздарын кімге айтпақ? Жермен болса да телебайланыс әлдеқашан үзілген. Енді өздері. Тек өздері ғана. Кеңістікте олай да, былай да жылжып көшіп жүрген бір шағын ел сияқты. Ел болмай қайтсін, өздерінен басқа сөйлесетін, сыйласатын, көмек беріп, көмек сұрайтын үлкендігі жағынан да, сыйластығы жағынан да өздерімен теңдес жан баласы болмаса.
— Мына жер өзі тап Айдағы Дауыл мұхиты делінетін аймақты еске салады екен, — деп қойды кеме ғаламшар бетімен жанасып, қозғалтқыштар сөндіріліп, іште тыныштық орнағанда Тәкен тершіген маңдайын оң алақанының қырымен жайымен ғана сүртіп қойып.
- Оныңыз рас, — деп қолдады оны Сәрсенбі, — жыпырлаған қазаншұңқыр - кратерлері де соған келеді!
- Бедерінде де көптеген ұқсастықтар бар, - деп Азамат та ойын білдірді.
- Жарайды, жігіттер, енді уақыт жоғалтпай іске кіріселік, - деді енді Тәкен орнынан тұрып, - кемедегі анау-мынау ақауларды ұшу барысында-ақ түзедік! Енді кеме қабырғасының сыртын жөндеуіміз керек. Тек сақ болайық. Бұл ғаламшар біздің соңғы аялдамамыз емес. Негізгі сапарымыз әлі алда.
- Түсіндік, - деді оған жалт қараған Жақан, — мен бұл ғаламшардан манадан бері-ақ тірішілік көзін іздеп блемін. «Үмітсіз — сайтан» демейтін бе еді, халқымыз. Мұның бар табиғатын кемедегі автомат жүйелер арқылы алдын ала біліп, одан көріп отырдым да, үмітімді де үзген жоқпын. Өз көзіме өзім сенбеймін, енді. Осыншама кең Ғаламда Жеріміз сияқты үлкен бір тіршілікті ғаламшардың кез болмағанына қынжыламын. Сонда Жерде ертеректе өмір сүрген кейбір ғалымдардың Жер Ғаламдағы жалғыз тіршілікті ғаламшар деген тұжырымдарының шынымен-ақ дәл болып шыққаны ма?
- Неге олай дейсің? — деп елең ете түсті бұл сөзге Тәкен, - өзіміз иелерінің шабуылын көрген кіші әлемдегі ғаламшар ше? Мына қолымызда жүрген ұлудай адам ше?
- Біз Жердегі шөп-шөптің бастарында жабысып тұратын, жаңбырлы күндері жыпырлап шығатын, ал күн ысығанда тақтай мен темір қаңылтырдың астына жиналатын ұлулармен тіл табысып көріп пе едік? Әрине, жоқ. Менің арманым өзіміздің Жер сияқты ғаламшар мен өзіміз сияқты адамдар еді.
- Мен сені түсініп тұрмын. - Тәкен ұлудай адамға бір қарап алды, - бұларды не деп кінәламақпыз? Табиғат осылай жаратса, не шара? Басқа түскенді көреміз де. Ал енді қарап отырудың реті жоқ. Іске кірісейік.
Осы сөзден кейін ғарышкерлер кеме сыртындағы ақауларды түзеуге бет қойды. Іштегі микроатмосфералық жүйелерді мұқият тексеріп шыққаннан кейін Тәкен өзі бастап, кеменің сыртқа шығар есігін ашты. Расында да ғаламшар табиғаты Ай табиғатынан еш аумайды екен. Аспаны қарайып тұр. «Ақлағыл» батысқа қарай ойысқан сайын ғаламшар бетіндегі тастар мен қазаншұңқырлардың көлеңкелері бірте-бірте ұзарып барады. Егер бәрі де балалық шақтарына оралған болса, онда ол көлеңкеде жасырынбақ ойнаудан да тайынбас еді. Өкінішке орай ол балалық балдәурен алыста қалған. Оған енді қайтып оралу деген де жоқ. Ғарышкерлер ғаламшардың табиғатына көз жүгірте тұрып осындай да ойға шомған бір сәт. Бала кездерінде Жердің жалғыз табиғи серігі Айда талай рет болған. Сол кездің өзінде-ақ Айдың талай аймақтары игерілген еді. Ғарыштық базалар деген көп. Ай ғарыш айлағына Жерден ұшып келіп қонып жатқан, одан Жерге қарай ұшып кетіп жатқан түрлі пішінді ғаламшараралық кемелерде тыным жоқ-ты. Ай топырағынан оттегі өндіретін, су шығатын терең құдық бұрғылайтын қуатты да күрделі қондырғылардың тынымсыз қимыл- қозғалыстары да Ай бетіне қайта тіршілік орнағандай ғажайып көрініс беретін. Сонда Тәкен мен Сәрсенбінің жолы бір түсіп, Айда бірге болғандары бар. Сол кездегі Ай табиғатынан алған әсерлері әлі күнге дейін көз алдарынан кеткен емес. Сол арман белесіне ілесіп, енді міне, екеуі осындай дәрежеге жетті. Ғарышкер болды. Енді міне, қиыр кеңістікте тап сол Ай сияқты бір ғажайып аспан денесінің үстінде тұр.
Тәкен сәлден соң ойдан аралып, кеме тепкішегімен жайлап, абайлап төмен түсті. Әлі де тып-тыныш. Мұндай тыныштықты көптен бері көрмеген Тәкеннің де, басқалардың да қос құлақтары тас бітеліп қалғандай болды. Аспандағы жұлдыздар болса да үнсіз. Тап бір Жерден қарағандағьщай. Айырмасы, мұнда атмосфера жоқ. Сондықтан да жұлдыздардың көбі жыпылықтамайды. Тек айнымалы-тұтылмалылары ғана өз табиғатын танытады. Олардың бәрі де тіршіліктің бір белгісіндей болып көрінеді. Егер сол жұлдыздар белгі бермесе, мына күллі Ғалам кеңістігінен көңіл құлазыған да болар еді. Енді ғалым-ғарышкерлер алыстағы ақ дақтай ғана болып көрініп тұрған кіші әлемге де назар аудара түсті. Олардағы ғалам шарларда өмір сүріп жатқан ұлудай адамдарды да көз алдарына әкелген. Осы кезге дейін ол ақ даққа кім көңіл аударыпты. Ғаламда не көп, газ бен тозаң, тұмандық көп. Олардың бәрінен тіршілік нышанын көзге елестету еш мүмкін емес. Ал мына ақ дақтай ғана болып көрініп тұрған аумақта ұлудай адамдардың ғаламшарлары бар. Олар өздерімен өздері болып жатқан бір әлем. Соншалықты кішкентайлықтарына қарамастан олар да күллі әлемді танып-білуге талпынады. Кемедегі ұлудай адам да сол әрекеттердің тірі куәгеріндей еді.
Ғалым-ғарышкерлер айнала-төңірек пен айнала-дүниені асықпай барлап болған соң назарларын кеменің сырт қабырғасына аударды. Ұлудай адамдардың шабуылдары бос кетпепті. Кеме қабырғасының біраз жерлері ойылған. Түрлі мақсатқа қолданылатын антенналардың кейбіреулері сынуға сәл-ақ тұр. Көп нәрсе бүлінген. Тәкен осыларды көре сала бұл ғаламшардың кезіккеніне, екінші аялдаманың өздерін құтқарып қалғанына ішінен шүкіршілік жасады. Ал бұл ғаламшар кезікпегенде ақауларды қалай жөндер еді. Егіздердегі Ақлағыл жұлдызы маңынан өз денесінен жарық шығармайтын аспан денелерінің болғаны қандай жақсы болды. Саф ауасын жұтып, суын ішіп, жасыл жайлауында аунап-қунайтын Жердей ғаламшар болмаса да, табан тіреп, кеме ішінен шығып, бой жазып, серуен құратын осындай аспан денесінің болғаны да бір қуаныш еді. Ғалым- ғарышкерлер кеменің сыртқа шығар тепкішегінде, одан соң кеменің төңірегінде тұрып айнала-төңіректі осылайша ұзақ тамашалауларының басты себебі де сол еркіндікті аңсап, шектеуліліктен жалыққандықтың белгісі болатын.
Енді олар жөндеу ісіне кірісіп кетті. Мұнда кемені егжей-тегжейлі тексеріп, ақауын тез түзеп, »Бәрі дұрыс болды. Енді қайта ұшуға болады» деп мәлімет беретін ғарыш кемелері механигі мен инженері жоқ. Бәрі де кеме жүйелерін жақсы біледі, кез келген жерін оңай жөндей алады. Қай қайсысы да қажет кезде кемені шебер басқара алады. «Жігітке жеті өнер де аз» деген мақал да тап осы ғарышкерлерге арналып айтыла салғандай. Сапар барысында нелер қиындықтардың кездесуі әбден мүмкін. Бұл болашақтың ісі. Ал осы кезге дейін ғарышкерлер біршама қиындық пен қатерді бастарынан өткеріп те үлгерді. Қиындық деген әлі алда да кездеспек. Сондықтан да ғарышкерлер қашан да ондай іске дайын. Қазір де әрқайсысы кеменің қабырғасының сыртындағы ақауларды түзеуге ерекше бөлек күш жұмсап та жүр.
Бірі кеменің үстіне шығып, екіншісі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті құрал-саймандарды жеткізіп, қарабалас іске кірісіп те кеткен. Кеме қабырғасындағы күрделі жөндеу-түзеу жұмыстарында ыңғайсыз жағдай туғанда қол ұшын беретін роботтар мен робот-манипуляторлар да қарап қалған жоқ. Олар мұндай тыныш тұрғанда ғана емес, кеме жұлдызаралық жолда қатты зымырап ұшып кетіп бара жатқан кезде де анау-мынау майда жөндеу жұмыстарын жасай алады. Ал мына жасалынып жатқан жөндеу жұмысы оларға жеңіл. Ғалым-ғарышкерлердің қолдары мен саусақтарының әлі келмей қалатын тұстарда да роботтар көмекке дайын. Салмағы ауыр ұзын антенналар мен Күн панельдерінің ақауларын солар түзеді. Ал кеме қабырғасының ойылған жерлерін ғарышкерлердің өздері жөндеген.
Көп уақыттан бері алапат кеменің ішінен шықпай, кеменің ұшу бағытын үнемі бақылап, күнкестемен тамақтанып, демалып, ұйықтап үйренген ғарышкерлерге мына ғаламшардағы кеме жөндеу ісі қанша дегенмен де біршама ауыр соқты. Қанша дегенмен де уақыт айырмашьшығы адам организміне бөлек әсер береді. Кеме ішіндегі уақыт баяулап, тіпті, тоқтауға таяғандай болып кетсе, енді мына ғаламшардағы уақыт ұстатар емес. Қайта мұндағы уақыттың Жердегі тәуліктік уақытпен сәйкес келгені жақсы болды. Мұнан бұрын алғаш рет аялдаған Қызғылт ғаламшардың кейбір көріністері осыған ұқсас еді. Тек онда сиректеу болса да атмосфера бар-тын. Ал мына ғаламшар тіпті «жалаңаш». Бірақ солай бола тұрса да ғарышкерлер үшін бүл үлкен пана. Ең бастысы аяқ басып жүретін қыратты жер бар. Көретін көкжиек, тау мен тас, тегістік пен ойпат көп. Соның бәрі де ғарышкерлерге демеу-тін.
Ғалым-ғарышкерлер кеме қабырғасының сырт жағындағы майысқан жерлер мен ондағы құрылғылардың ақауларын түзеп бітуге де таяған. Осы аралықта кемедегі ұлудай адам да сыртқа шығып кеткен еді. Ол үшін бұл ғаламшардың табиғаты шексіз бір әлем. Солай бола тұрса да ол да дымқыл тартқан топыраққа өзінің денетұрқына сай ізін қалдыруға тырысады. Бұл жарық дүниеге келген кез келген саналы адам баласы өзінің уақытша ғана бір рет ғұмыр кешетінін білетіндіктен қалай дегенде де соңына бір із қалдыруға тырысады. Бұл кез келген адам баласының психологиясына сіңген бұлжымас қасиет те. Адам баласы өзінің соңына ұрпағы мен жақсы ісін қалдырады. Оның бұл жарық та жылы дүниедегі негізгі ісі де соны-сен мазмұндалады. Сол сияқты мына ұлудай адамның да өзіндік мақсаты, жоспары мен ойы бар. Тек оның ішкі құпия-сырын ашып алу қиын іс. Кеме ішінде де ол өздерімен бірге болған уақыттың ішінде әлі де болса да көптеген нәрсенің құпиясын аша алған жоқ ғарышкерлер. Ол тіпті, кіші ғаламшардың тұрғындары - ұлудай адамдар әскери ғарыш кемелерімен алапат кемеге шабуыл жасаған кезде де көп нәрсені айта алған жоқ. Өзі ұлудай болса, не көмек бере алсын. Ғарышкерлер ол жағын да ескерген. Бар мәселе күште емес еді. «Білекті бірді, білімді мынды жеңеді» деп халық бекерден бекер сөз қозғамаса керек. Осындай жұлдызаралық алапат кемеге мініп алып Ғаламды шарлап жүргендері де сол білімнің арқасы емес пе еді.
Ғалым-ғарышкерлер ұлудай адамды кезек-кезек алақандарында ұстап, кеме қабырғасының сыртындағы ақауларды оған көрсетіп, онымен пікірлескендей бір сыңай да танытқан. Ол да талай нәрсені біледі, жақсы түсінеді. Адамның бір саусағынан ғана мерт болатынын да сезеді. Өзінше бөлек жүруге тырысады. Бірақ мына алапат кемеден, мына ғарышкерлерден біржолата қашып кетуге ешқашан да талпынып көрген емес. Сонысына қарап Тәкен де, өзгелер де ұлудай адамның енді өздеріне әбден бауыр басып алғанын сезінеді. Ұлудай адам да ғарышкерлердің адал жандар екеніне көзін жеткізіп, қатты ұнатқан. Бірте-бірте сенімге де ие болғандай. Өзінің соншалықты кішкентайлығына қарамастан кеменің басқару пультіндегі панельге де назар аударады. Көп нәрсені жақсы білетінін де байқатады. Сөйтіп ол кемедегі жетінші адам санатына қосылған.
Бейтаныс ғаламшардағы бұл аялдама да ұзаққа созылған жоқ. Аз уақыттың ішінде кеменің қабырғасындағы барлық ақаулар жөнделді. Содан соң ғалым-ғарышкерлер кеменің барлық жүйелерін тағы бір мұқият тексеруден өткізді. Ұшуға дайындық басталды. Бөтен ғаламшардың кең даласы тып-тыныш еді. Ол тыныштықты кеменің дірілі мен қозғалысы бұзғандай болды. Бірақ ғарышкерлер кемені жылжытып ала жөнелуге де, ұшуға да асыққан жоқ. Жерден аттанардағыдай жан жақтарына қарайлап, айнала дүниені қимағандай ұзақ тұрып та қалған. Қанша тіршіліксіз болса да бұл да енді қай қайсысына да ыстық болып қалғандай. Кеңістіктің не екенін, кеме ішіндегі шектеулі ортаның не екенін енді бәрі де жақсы біледі. Осы ғаламшарға алғаш қонған кезде, кеме қозғалтқыштарын сөндірген кезде ғарышкерлер өздерін көпке дейім әлі де сол кеңістікте, кеме ішінде ұшып келе жатқандай сезінген. Адам баласының үйренбейтін ортасы жоқ. Содан да ел арасында; «Адам үш күнде көрге де үйренеді» деген жартылай әзіл сөз тараған. Кеме біркелкі ұшады. Оның қалт-құлт еткен қозғалысы да жоқ. Сондықтан да адам келе-келе оны өз үйіндей сезініп те кетеді. Ал ұзақ жұлдызаралық сапарда кеме тіпті, . кішгірім бір Жер ғаламшарының өзіндей болып та кетеді. Оның дірілі мен қозғалтқыштарының ішке естілетін дүрілі де үйреншікті. Өздері ұшып шыққан уақытта Жердегі тіршілік әрекеттерінің өзі де тып-тыныш емес-ті. Жердің қай аймағына бара қалсаң да гүріл мен діріл, улаған-шулаған адам, даңғыр-дұңғыр әуен. Ал мына ғаламшардағы аса бір тыныштық ғарышкерлердің көңіл-күйлерін бөлек бір күйге түсіргендей болған. Жүйке жүйесі демалғанымен мұндай тыныштық адам баласын ерекше бөлек елегіздіреді де екен. Мұның бәрі де ғарышкерлердің қай қайсысының да дүниеге шыр етіп келгеннен шу мен дірілге үйренгендерінен болса керек. Сондықтан да ғарышкерлер мұндай аса бір тыныштықта құлаққа ұрған танадай болып қала беруді де жөн санаған жоқ. Бірақ үнемі болатын кеме дірілі мен оның күрделі құралдарының ызыңы бұл тыныштықтан артық емес. Сол тұрғыдан келгенде ғарышкерлер бұл даланы да қимайды. Адам баласы нені қиған. Кез келген бауыр басқан жеріне айналшықтап келе бермей ме? Уақыт санаулы.
Мүнда енді көп тұра беруге де болмайды. Алдағы сапар уақыт үнемділігін талап етеді.
- От! - деді бір кезде Тәкен жарығы кәмескілене бастаған айналаға көз салып алып.
- Түсіндім! От!- деп Сәрсенбі алдындағы панельден бір түймені нұқыды.
- Барлық жүйелерді мұқият қарап шығыңдар!
- Түсінікті!
Ғарышкерлер тездетіп, алдарындағы кішкене-кішкене экрандар мен өлшеуіштерге қадалып, жүйелерді бақылай бастады. Кеме ішінде енді тек сол жүйелердің ызыңы ғана естіледі. Ұлудай адам да иллюминатордың алдындағы алаңқайда сыртқа қарап тұр. Ол да өзіне алапат көрінетін кеменің қозғалғанын асыға күтетіндей. Бірақ ол үшін алапат кеменің ғаламшар бетінен ажырағаны екі ғаламат аспан денесінің бір бірінен ажырағанындай әсер береді. Ал ғалым-ғарышкерлер үшін бұл болса да үйреншікті көрініс. От шашу күшейген сайын кеменің дірілі де күшейе берген. Енді біраздан соң өздері ішінде отырған алапат кеме ғана емес, түгелдей ғаламшардың өзі де діріл қаққандай болып та кетті.
- Аттандық! - деді бір кезде Тәкен дауысын сәл көтеріп.
- Аттандық! Ғаламшардан ажырадық! Көтерілу басталды! - деп
Сәрсенбі алдындағы панельден тағы бір түймені нұқыды.
Алапат кеме жайымен жоғары қарай көтеріле берді. Енді кеме иллюминаторынан төмен қараған адам кеме емес, одан ғаламшар ажырап, алыстап бара жатқандай көріністің куәгері болар еді. Ал ұлудай адам үшін мына Ғаламда бір ғаламат құбылыс өтіп жатыр. Тәкен ғарыштық сапарға қаншама машық болса да, кез алдындағы өлшеуіш құралдардан көз алмай, ондағы барлық процестерді мұқият қадағалап отыр. Ғарыштық сапарда байқамсыздық дегенге ешқашан да жол беруге болмайды. Мұндай сапарда адам тағдырын секунд емес, сол секундтың бір бөлшегіндей ғана уақыт шешеді. Сондықтан да сақтық деген қашан да қажет. Басқалар да мұндай сактық пен сергектікті біледі. Әрқайсысысы өзінің алдындағы экранда болып жатқан құбылыс пен түрлі мәліметтерді мұқият бақылауда. Кеме аспанға қарай көтерілген сайын жаңа ғана батыс көкжиектен асып, жасы- рына батқан Ақлағыл жұлдызы да қайтадан көтерілгендей болып сәулесін кеме қабырғасына құйды. Кеменің түсі қайтадан реңденіп, жарқырап, өзінше бір аспан денесі сияқтанып та кетті. Ғаламшар да кеменің ұшу бағытынан кері қарай ығысып, хош дегендей болады. кеме де онымен хош айтысқандай дірілдей түсіп, жұлдызды жолға түсе бастады. Енді алапат кеменің қайтадан ғаламшарға қарай құлап түсуіне негіз жоқ. Ол қауіп кейінде қалған. Ғарышкерлердің кеме қашан өз биіктігін алғанша тым-тырыс отырғандары да осы себептен еді. «Жаман айтпай - жақсы жоқ» дегендей, кемеден бір кілтипан кілт етсе, оның қайтадан ғаламшарға қарай құлдилай жөнелмесіне кім кепіл? Бірақ ондай қатердің төнуіне ешқандай да негіз жоқ еді. Ғарышкерлер ұшардан бұрын кеменің барлық жүйелерін мұқият тексеруден өткізген. Енді барлық қатер дегендері артта қалды. Кемедегі жүйелер қалыпты жұмыс жасауда. Ғалым-ғарышкерлер көңілдерін орнықтырып, алдарындағы экрандардан ақ дақтай ғана болып көрінген тұмандыққа назарларын аударды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   43




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет