Жасампаздық қиырында



бет15/43
Дата06.02.2022
өлшемі406,43 Kb.
#48042
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   43
ҚАЙТА OPAJЛFAH АЛЫП КЕМЕ
Күллі ғаламшарларға қауіп төндірген ғаламат аспан денесі біраз уақытқа жоғалғаннан кейін кіші әлем тұрғындары да тынышталған еді. Олар өздерінің ғаламат күштерін дәріптеп, мақтаныш тұтып, ол жеңісті үлкен мереке тұрғысында атап өткен. Алапат кеме енді қайтып оралмасқа кеткендей де көрініп еді ғаламшар тұрғындарына. Өйткені, ғаламшар ғарышкерлері ол кемені аса қуатты деген жарылғыш кемелермен атқылаған болатын. Ол қажетті нәтижені беріп, алапат кеменің бұл аймақтан біржолата кетуіне мәжбүр еткендей еді. Алапат ботен кеменің сырт қабырғалары көп жерінен майысқан, антенналары мен Күн панельдері жарылған, сынған болатын. Одан басқа жерлері де аз зақымданбаған-ды. Сол ақауларды көрген ондағы алып ғарышкерлер кемелерін әрі қарай бұрып, өздері келген жұлдыз жүйелеріне біржолата қайтып кеткендей болған.
Бірақ ол тыныштық көпке созылмады. Осы күндердің бірінде елдегі жұлдызнамашылар сол кеменің қайта оралып, сол қатердің қайта төне бастағанын хабарлады. Ұлудай ғана адамдардан тұратын ел қайтадан дүрлікті. Күні кеше ғана болып өткен жеңіс салтанаты жайына қалды. Енді қайта оралған алапат кеменің қайта шегіне қоюы да екіталай еді. Оның қайта оралуының себебі де әзірге түсініксіз. Ғаламшардағы дамыған деген елдердің барлық басшылары тез жиналып, шұғыл кеңес өткізді. Ол кеңеске жұлдызнамашы ғалымдар да қатысты. Енді алапат кемеге қандай шара қолдануға болатынын шешу де оңайға соқпаған. Ал алапат бөтен кеме болса, уақыт өткен сайын ғаламшарға қарай жақындап келеді. Оның Күн сәулесі түскен бір жақ қабырғасы жарықтанып, екінші жағы қарайып, адам баласына ерекше үрей тудырады. Егер оның ішіндегілер бұл ғаламшарды қандай да бір қуатты қаруларымен атқылар болса, онда мұнан түк те қалмайды. Ондай жағдайда ұлудай адамдардың күллі арман- мақсаты, осы кезге дейін жасаған еңбектері мен жеткен жетістіктері бір сәтте көкке ұшады. Мына кіші әлемде ғаламшарлар емес, тек тозаңдар ғана қалықтап жүретін болады.
Ғаламшар ғалымдары кеңесте өздерінің де тыныш жатпағандарын, жүлдызды әлемге автоматты түрде басқарылатын кемелер мен адам басқаратын кемелер жібергендерін, сөйтіп, өздеріне өздері қатер тілеп алғанын айтып біраз өкпе де білдірді. Әрине, оны бастаған өздері емес, бұдан көп заман бұрын өмір сүрген жұлдызнамашылар еді. Ал өздері болса, соны одан әрі қарай жалғастырып отыр. Ал енді өкінбеске не шара? Сол зерттеп жүрген жұлдызды әлемнен мынандай алапат кеме келе қалады деп кім ойлаған. Елдегі жұлдызнамашы ғалымдардың жорамалдарынша жұлдызды әлемнен келе қалса, өздерінен сәл ғана үлкен немесе сәл ғана кіші адамдар келуге тиісті еді. Ал мына көрініс қай қайсысын да шектен тыс үрейлендірген. Алғашында қайтып кеткен олардың енді қайта пайда болғаны да түсініксіз. Ел басшысы өздеріне үлкен саналатын бөлме ішіндегі дөңгелек үстелдің айналасында отырғандарға сұрау сала сөйледі.
- Ғалым мырзалар. Біздің алғашқы қарсы әрекетімізден нәтиже шықпады. Енді не істеуіміз керек? Олар неге қайта оралды екен? Әлде, бізге деген жаман ойлары бар ма?
- Біз олардың кемесін әбден атқыладық! Жараладық! Сонда да олар бізге қарай оқ атқан жоқ еді. Кім біледі, енді олар да ашуланған болар. Бірақ, әзірге тыныш. Соған қарағанда, олардың бізге деген жаман ниеттері жоқ та сияқты, - деді ғалымдарды бастап келген кісі, - олардың бар ниеттері бізбен тіл табысу ма деп те ойлаймын. Әйтпесе, олар әлдеқашан-ақ бір жарылғыш оғымен жоқ етпей ме, бізді?
Отырғандар бір біріне қарасып қойды. Қайта оралған алапат бөтен кеменің сырын ашу ендігі басты мақсат та еді. Кеңеске қатысып отырған әскери ғарышкерлердің басшысы сөз алды бір кезде.
- Өткен жолы біз ол алапат кемені әскери ғарыш кемелерімізбен оған жақын барып атқылаған болатынсыз, - деді ол орнынан тұрған бойда, - ол алапат кеменің қабырғасы мейлінше қалың екен. Ол қабырғаны тесіп өте алатын оқ жоқ бізде. Ал аса қуатты жарғыш қаруды қолдансақ, ол тек ол алапат кеме ғана емес, мына өзіміз тіршілік етіп отырған ғаламшарымызғада зиян тигізіп аламыз. Оның үстіне, біз оларға соншалықты қатер төндіретіндей бізге зиян жасаған жоқ қой...
- Сіздің бұл ойыңыз, пікіріңіз өте дұрыс, - деді ғалымдардың басшысы да орнынан баяу көтеріліп, - оларға енді қару қолданудың да, атқылаудың да қажеті жоқ. Ендігі басты мақсатымыз, кеменің сырын, ондағылардың кімдер екенін білу. Кім біледі, бәлкім, олар бізге бейбіт мақсатпен келген болар? Егер ниеттері жаман болса, алғашқы кездесуде-ақ күш-қуаттарын көрсетпей ме?
- Болса да, - деп әскери ғарышкерлердің басшысы орнынан қайта түрегелді, - біз тып-тыныш тұрса да оларға қарай қаншама қарулы ғарыш кемелерімізді жібердік, атқыладық. Ол кемелер алапат кеменің қабырғасына аз зақым келтірген жоқ. Сонда да олар бізге қарсы әрекет жасамады. Бізден алыстап кетіп қалды. Олардың беталыстары мен ниеттерінің дұрыстығын содан-ақ түсінуге болады.
- Кәне, ол шабуылды тағы бір қайталап көрейікші?—деп ғалымдардың басшысы жанындағы жас жігітке бұрылды.
- Қазір...
Артынша үлкен бөлменің бір қабырғасын тұтастай алып тұрған экранда бейтаныс кеменің бейнесі пайда болды. Оның бір қабырғасында ап-анық бір жазу да бар еді. Оны тілмаш жүйе «Ақлағыл» деп аударды өз тілдеріне. Оның мағынасын «жарқыраған», «аппақ», «көз тартарлық» деп түсінді кеңесшілер. Содан кейін әскери ғарыш кемелерінің алапат кемеге қалай жақындап, оны қалай қоршай ұшқаны, оны қалай қуатты зеңбіректерден атқылағаны, кейбір әскери ғарыш кемелерінің алапат кеме қабырғасымен қалай соқтығысқаны көрінді. Шабуыл әлсіз емес еді. Бірақ бөтен кеменің алапаттығы ол шабуылға дес бермеді. Fалымдар ондай алапат жұлдызаралық кеменің ішіндегі ғарышкерлердің де дін аман екенін түсінді. Енді кеменің ішіндегі болім бөлімдерді жарып көрсететін құралдар іске қосылды. Артынша оның ішкі жағы көріне бастады. Кемені басқарушылардың саны алтау. Бәрі де алып адамдар. Бірақ жас. Өздері олардың шынашағына да тұрмайды. Ол алып ғарышкерлер осы ғаламшардың бетінде алшаң басып жүрер болса, мыңдаған ұлудай адам олардың табандарының астында езіліп қалмақ. Ал ол қайғы-қасірет алып адамдардың өздеріне білінбейді де. Тек бырт-бырт етіп езілген дыбысты гана сезбек. Олардың аяқ киімдерінің өзі қандай үлкен әрі ауыр.
Алып ғарышкерлер кеменің басқару пульті орналасқан басқы бөлімінде отыр. Оның іші де даладай кең. Бір кезде көріп отырғандардың көзіне өздеріне таныс бейне оттай басылды. Ол осы ғаламшардан бір кездері жұлдызды әлемнен саналы адам баласын іздеу мақсатында аттанған өздеріндей ғана ғарышкер еді. Ел басшысы да, ғалымдар мен әскери ғарышкерлер де елең етісті. Өткендегі шабуыл кезінде оны ғарышкерлердің ешқайсысы да байқамапты. Бар назарлары алапат кемені қалай жоюға ауған екен. Енді бір құпияның бет-пердесі ашыла бастаған. «Ол ұлудай ғана ғарышкер кемеге қалай енген?», «Олармен қалай тіл тапқан?», «Өткен шабуыл кезінде неге бізбен тілдеспеген?» деген сұрақтар мазалай бастады бәрін де. Бұл көрініс бірнеше рет қайталанды. Тек содан соң барып қана келесі бөлімге ойысты. Онда қолдан жасалған дала орман, көл мен өзен ірілі-ұсақты жануарлар мен құстардың санаулы тобы бар екен. Тек олар да өздерінен көп үлкен. Отырғандар оларды да әбден анықтап көріп алды. Бәрі де тансық нәрсе. Ең кішкентай деген құстарының өзі де өздерінен әлдеқайда үлкен, ұлудай адамды емін-еркін көтеріп аспанға ұша алатын күш-қуатты екен. Ал сол құстар кемедегі алып ғарышкерлердің бір уысына емін-еркін сияды. Кеменің басқа бөлімдерінде де таңғаларлык нәрселер көп болып шықты. Кеменің тағы бір бөліміндегі өздеріне мұхиттай болып көрінген су айдыны да бір ғажайып көрініс еді. Жергілікті тұрғындар осының бәрін де алдын ала түсіріп алынған бейнефильмнен қайталап, анықтап әбден көріп алды. Тек содан соң ғана барып ғалымдардың басшысы сөз алған.
- Алапат бөтен кеменің жағдайы біршама түсінікті болган сияқты, -деді ол отырғандарды көзімен шолып өтіп, - кеме ішіндегілер бізге жау емес көрінеді, енді олармен тіл табысудың жолын қарастыруымыз керек! Бұл жолы ол кемеге қарай ғарыш кемелерімен тек кана әскерим ғарышкерлер емес, мына біздер де, ғалымдар да аттанамыз Бұл жолы ол кемеге карай бір де бір оқ атылмайтын болады. Біз әуелі өзіміздің ұлудай ғарышкермізді тілге тартамыз. Содан соң жағдай өз өзінен айқындала түседі. Менің бұл пікіріме сіздер калай қарайсыздар?
Қолдаймыз, әрине, - деді ғалымдар мен ғарышкерлер бастарын изеп, бір бірімен көзбен тілдесіп.
Кеңес бітті. Ұлудай адамдар сыртқа қарай бет алды. Өздеріне ғаламат болып көрінетін үйдің кең залын кейінге тастады бәрі де. Сыртқа шыққанда аспанда ақ Күн жарқыран тұр ед. Оны ұлудай адамдар ақ жұлдыз деген мағынада айтады. Оның ақ түстілігі мен жарықтығы тек өздерін ғана емес, өзге жұлдыз жүйелерінен келіп-кетіп жататын бейтаныстарды да еліткен Ал өздерінің ғаламшарларына нұр шашатын ергежейлі жұлдыздың жөні бөлек Ақ жұлдыз өздерінен көп қашықта. Сонысына қарамастан ол осы жұлдыз жүйесіндегі күллі ғаламшарларды қосымша жарықтандырып тұрады. Сондықтан да тұрғындар өздерінің ергежейлі, Күндерінен гөрі сол ақ жұлдызға көбірек назар аударады.
Ғалымдар мен ғарышкерлер сыртқа шыққаннан кейін аспандағы қосымша Айдай болып көрініп тұрған алапат кемеге назар аударды. Енді қай қайсысына да ол кеменің ішкі жағында нендей нәрселердің, кімдердің бар екені айқын еді. Ғалымдардың басшысы әскери ғарышкерлердің басшысына алдағы жоспардың мән-жайын түсіндірген соң-ақ ол сол алапат кемеге қарай аттанатын кемелер тобын дайын етуге бұйрық берген еді. Жұлдызнамашы ғалымдар мен әскери ғарышкерлер үшін бұл жүйедегі әрбір тас пен ғаламшар жақсы белгілі. Жүйедегі кеңістік те ғаламшардың өз даласындай әбден игерілген-ді. Сондықтан да оған қарай ұшу да, түрлі мәнер жасау да пәлендей жаңалық емес. Біреулері кеңістіктегі ғаламшарларға қонып, енді біреулері одан ұшып шығып, ғаламшарға қайта келіп жатады. Ғалымдар мен ғарышкерлер де уақыт жоғалтқан жоқ. Осы шұғыл кеңеске ғана емес, аспандағы алапат бөтен кемеге қарай бірден аттанып кету үшін үйлерінен әбден дайындалып шыққан болатын. Олар үйдің оң жақ тұсындағы арнайы алаңда тұрған ғарыш кемелеріне отырды да, ел басшыларымен жылы қоштасып аттанып кетті. Қаладағы, даладағы тіршілік ештеме болмағандай сол өзінше жалғасып жатты. Бәрі де күнделікті үйреншікті көрініс еді.
Дегенмен де ғаламшар тұрғындары мүлдем алаңсыз болып қала алмады. Құйрықты жұлдыз сияқтанып, ғаламшардың маңына келіп, жарық шашпаса да, жұлдыздардан алған жарығын шағылыстырып, ғаламшар серіктеріндей сәуле беріп тұрған бөтен кемеге кім кім де ойлана қараған. Ғаламшар ғалымдары ол жағын толық түсіндірмегендіктен ел оны біле алмаған. Ғалымдар оны әзірге басқаша түсіндірген. Өйтпей қайтсін, өздеріне де көп нәрсе әзірге түсініксіз болып жатса. Олардың дабыра етпей, елді дүрліктірмей кемелерге мініп-мініп аттанып кеткендері де содан-ды. Алапат кемеге қарай олардың соңынан топ-топ әскери ғарыш кемелері де аттанған. Бәрінің де үміттері - ала кеме ішіндегі өздеріндей адаммен тілдесу еді. Егер онымен тіл табысса, бар құпия да сол арқылы ашылмақ. Алып адамдармен байланыс орнамақ. Бұлар қанша топ-топ болып ұшып бара жатса да ол алапат кеме өзінің ғаламшар төңірегіндегі айналымжолынан ауытқыған жоқ. Олар да өздерінің бұл жақсы ниеттерін алдын ала сезетін де сияқты.
Сөйтіп, кең кеңістікте алапат кемеге қарай топ-топ, майда-майда кемелер жақындап бара жатты. Ал олардың ішіндегі ғарышкерлер өздерінше үлкен. Олар да өздерінен кішкентай нәрселерге таңдана қарайды. Ғалам болған соң онда үлкен де, кіші де, көзге әзер ілігетін майда тіршілік иелері де бола береді. Дүние әлемі сонысымен қызықты. Енді міне, алып адамдар мен майда адамдардың қарым-қатынасының басталуына да шамалы уақыт қалғандай. Екі жұлдыз жүйесінің өкілдері тіл табыспақ. Егер алып ғарышкерлермен тіл табыса алса, онда ғаламшар тұрғындарының көптеген көкейкесті мәселелері шешілмек. Бөтен кемеде өздерінің ғарышкерлерінің болуы да өзінше бір жұмбақ еді. Сол жұмбақтың сырын тезірек ашуға деген талпыныс бәрін де ілгері қарай жетелеген. Алапат кемеге екінші рет шабуыл жасай алатын әскери ғарыш кемелері әлдеқашан кеңістікте еді. Бірақ ғаламшарлықтардың ойлары сол кеңесте шешілген мәселедей болатын. Көп кешікпей топ-топ кеме ғаламшар төңірегіндегі алапат кемеге қарай ұшты. Ол кемелердің орта тұсындағыларында ғалымдар отыр. Әскери ғарышкерлер кемелерімен оларды қоршай ұшқан. Бұл енді экран арқылы қараған адамға ғажайып бір көрініс еді. Олардың ұшыстары тіпті, ағып бара жатқан жұлдызды да көзге елестеткендей. Бәрінің қабырғалары жұлдыз сәулесіне шағылысып жылт-жылт етеді. Кеңістіктегі бұрылғандары да байқалады. Ал бұл әрекеттерді алапат кемедегілер байқамайтын да сияқты. Алапат кеме енді бейнебір осы ғаламшардың жасанды серігіне айналғандай тып-тыныш. Ғаламшарға қосымша сәуле шашқандай болып, өзінің айналымжолымен айналып ұшып жүр. Ғаламшар тұрғындарына олардың ендігі мақсат-мүдделері де түсініксіз еді. Сондықтан да ғаламшардың ғалымдары мен әскери ғарышкерлері олармен тезірек тіл табысуға асықгы. Одан да бұрын ғаламшар ғалымдарының пайымдауларынша, алапат кемедегілер қанша білімді болса да мына сығылған кеңістіктен бейхабар сияқты. Ғаламшар тұрғындарының олармен тіл табысуға асыққандарының бір себебі осы болатын. Бұлар қаншама жылдамдықпен ұшса да алапат кеме бейнебір өздерінен алыстап кетіп бара жатқандай болып та кетті. Бірақ кемелер көп уақыт өтпей алапат кеме айналып ұшып жүрген айналымжолға түсіп те үлгерді. Содан соң екіге жарылып, алапат кеменің екі қапталып ала ұшқан. Бұл көрініс Күн жүйесіндегі төңірегінде сақинасы бар үлкен ғаламшар - Қоңырқай ғаламшардың бет-бейнесін көзге елестеткендей де еді Өзі өте әдемі көрініс береді. Ал сақиналы ғаламшардың сақинасын түрлі көлемдегі аспан тастары құрайды. Ал мына кемелердің бәрі дерлік бірдей, түрлері де ұқсас, ұшу жылдамдықтары да біркелкі. Сондықтан да бұларға қадала қараған кез келген адам олардан ерекше бөлек бір әсер де алмақ. Минут, сағат өткен сайын кемелер алапат кемені шеңберлей қоршай берді. Сөйтіп, екі жағынан ұшып келген кемелер тобы бір бірімен жақындасты. Тек ғалымдар мінген кемелер ғана алапат кеменің ашылар есігі мен ғарышкерлері отырған бөлімдегі үлкен дөңгелек иллюминаторға жақындай берді.

Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   43




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет