Жасампаздық қиырында



бет6/43
Дата06.02.2022
өлшемі406,43 Kb.
#48042
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   43
АУЫЛДЫ ЕСКЕ АЛҒАНДА
Адам баласының туған ауылын сағынбайтыны жоқ. Ауылды сағыну-балалық шақты сағынумен бірдей. Сапарға шыққалы бері ғарышкерлер табиғат ортасы делінетін ортаға - оранжереяға қаншама рет барып қайтса даЖер мен елді, тулып-өскен ауылды естеріне алмай қала алмайды. Оранжерея деп жалпылай аталғанымен, ондағы ғарышкерлердің әрқайсысының ауылының табиғатына лайықталынып жасалған орындар барған сайын қатты толқытады да. Бәрі де оған барғанда ауыл табиғатын көз алдына әкеліп, одан әрі қарай сонау балалық балдәурен шағына жөнеледі. Бұл алапат кемеде соншама бөлімдер жасалмаса, оранжерея болмаса, мұнда уақыт өткізудің өзі, күш-қуат жинаудың өзі қиынға соғар еді. Егер бұл Жер шарындағы немесе оның мұхитындағы саяхат-сапар болса, онда жөн басқа. Онда қанша ұзақ сапар делінсе де ол уақытта күн мен түн алмасып тұрады. Мұхит толқындарының дыбысы мен онда тіршілік кешетін неше түрлі су асты тіршілік иелерінің әрекеттері адамның көңілін аударар да еді. Ондай жағдайда, ондай сапарда саяхатшы ғылыми-зерттеу жұмыстарын күндіз жасап, түн мезгілінде жұрт сияқты ұйықгар еді. Дәл мына алапат кемедегідей бәрі де жасанды болмақ та емес.
Ал енді бұл жағдай одан мүлдем өзгеше. Кемедегі күн мен түнді алмастыратын болса да тек қана жасанды шамдар. Айнала ұшы-қиыры жоқ бір кең жатқан дүние. Тым-тырыс қана жарық сәулесін шашатын жұлдыздар мен шоқжұлдыздар, тұмандықтар мен жұлдызаралдар. Олардың бәрі де үнсіз, бейнебір қозғалыссыз. Жер биосферасындағы сияқты түрлі қызықты дыбыстар мен әрекеттер деген де атымен жоқ. Кемеден сыртқа шыға да алмайды ешқайсысы. Кеменің жылдам қозғалысы оған мүмкіндік бермейді. Осындай шектеуліліктен шығатын бір ғана жол бар. Ол - осы оранжерея. Ауыл табиғатына ұқсатып жасалынған тамаша орта. Бұл ортаға келгенде ғарышкерлер ең жеңіл деген скафандрларын, комбинезондарының өзін де шешіп тастап, еркінсіп, жасыл шөпке аунап-қунап қайтады. Мұнда қала жобасы жасалмаған. Қала атаулының көрінісі тек суреттер мен бейнефильмдерде ғана. Ғарышкерлер болса да қала атаулыдан әбден жалыққан. Олар үшін осы алапат кеменің өзі де бір кішігірім қала іспетті. әрбір бөлімді аралап шығудың өзіне қаншама уақыт кетеді.
Ғалым-ғарышкерлер оранжереяға келгенде онда күз мезгілі болып та қалған екен. Барлық жеміс-жидек піскен шақ. Бұл қыркүйек айы. Одан кейін қазан айының келетіні белгілі болса да. Оранжереяда тап Жер ғаламшарындағы, туып-өскен ауылдағы сияқты жылдың төрт мезгілі қайталанып өтіп тұрады. Жеміс ағаштары мен өсімдік әлемінің тіршілік-тынысы да соған сай. Оранжереяға келген бетте ғарышкерлердің мұрындарына жағымды бір иіс келді. Ол піскен алманың, алмұрт пен шабдалының иістері. Алма ағашының бұтақ-бұтақтарынан үзіліп, жерге түсіп, тарыдай шашылып жатқан алмалар қаншама. Осы табиғаттың айнала-төңірегі де ауыл табиғаитына сай таулармен қоршалған. Ол таулар тап сол таулардың өзіндей әсер береді жеңіл заттардан тұрғызылса да. Кемеге кәдімгі тастардан тау құрау еш мүмкін емес. Бірақ, осы тау көріністерін де шағын-шағын тастар бар. Ғарышкерлер өз ауылдарындағы таулардан терген санаулы әдемі тастарын да осында қойдырған. Солардың қай қайсысы да әсерсіз емес. Бұл алғашқы орта Тәкеннің ауылына ұқсатылған табиғат ортасы еді.
Келесі бөлім Азаматтың ауылына арналған. Ал қалған бөлімдерде төрт ғарышкердің ауылдарының көрінісі. Қай ауылға барып аунап-кунаймын Десе де өз еріктері. Бүгінде олардың бәрі де Жер шарындағы ауыл ауылдан бөлініп шығып,осы кемеге орнығып алғандай. Тек мұнда ауыл ақсақалдары мен әжелері, көрші-қолаңдар мен достар деген жоқ. Барлық күрделі деген мәселені тек өздері ғана шешеді. Тәкен де бүгінде біршама өзгерген. Жермен, елмен, туып-өскен ауылмен байланыс бар кезде Тәкен, кейде ауыл деместен, ауыл ақсақалдарымен де ара-тұра кеңесетін. Енді бәрін де текөздері шешеді. Сондықтан да көп есеге ширауға тура да келген. Бәрі де өздері ұнататын істермен айналысады. Бірақ ешқайсысы да Жерге оралатындарын, байланыс қалыпқа түскен бетте ондағылардан ақыл-кеңес алып отырудың қажет екенін ешқашан да ұмытқан емес. Жұлдызаралық кеме «Ақлағыл» қаншама жылдамдық алып жарық сәулесімен жарыса ұшып кетіп бара жатса да, ешқайсысы да Жерді ұмыта алған жоқ. Осылайша әркез-әркез Жерді, туып-өскен ауылдарындағы балалық шақтарын естеріне алып, бір жасап қалғандай болады. Оранжереяға келгендері де тап сондай бір армандарынан туындыған мақсат еді.
Ғалым-ғарышкерлер оранжереяда ұзақ жүрді. Қай-қайсысы да мұнда тап өзінің ауылына келгендей әсер алған. Жастық шақтарын естеріне алып, кезек-кезек әңгіме айтып, бір жасап қалғандай да болды. Тәкен жұлдызды әлемге кішкентайынан құмар болғандығын еш жасыра алмады. Кезінде көрші достарына, тағы басқадай адамдарға жұлдызды әлем жөнінде айтқан әңгімелерін де есіне түсіріп бір мәз болды. Енді міне, сол қиялы нағыз шындыққа айналып шыға келген. Жас шақтарын да ауылдың Айлы түнінде ұзақ жүретін. Айға қарап, оның ғажайып келбетіне қызығатын. Сол Ай енді қарға адым жердей ғана болып қалған Жерден санағанда. Ауылды жерде түн мезгілінде қорқатын ештеме де жоқ. Сол себепті де ата-аналары іздемей алаңсыз ұйқтай береді. Ғарышкерлердің қай қайсысы да бала кездерінде де, балаң жігіт кездерінде де ішімдік атаулыға әуестенген емес. Темекі де тартып көрмеген. Соның бәрі де ата-ананың қуанышы еді. Сол сақталған таза денсаулықтың арқасында ғана өздерінің қолдары осындай ғарыш сапарына, мынандай жұлдызаралық сапарға жетіп отыр. Ғарышкерлер тап қазіргіге ұқсап, сол балалық балдәурен шақтарында ұшу қақпасының жанындағы орындықта отырып әңгіме-дүкен құратын. Қай қайсысының да сол кездегі әңгімесі осы жұлдызды әлеммен байланысып жататын. Сонау бір алғашқы кездерде адам баласы жұлдызды әлемге адамсыз кемелерді аттандыратын. Оның үстіне олардың ұшу жылдамдықтары да аз еді. Ал бүгінде жарық сәулесінің тарау жылдамдығына жету деген ештеме де емес. Жас кезінде Тәкен тартылыс дискісімен де ойнайтын. Ондайойыншықтар дүкендерде сатылатын. Тек Тәкен ғана емес, жас кездерінде ондай ойыншықтармен Азамат, Сәлмен, Сәрсенбі, Жақан мен Сейдолла да ойнаған. Сонда олар неше түрлі қызық әрекеттер жасайтын. Кәдімгі цирктегі әртістер сияқты ойнайтын. Жердің тартылыс өрісін жеңу дегеннің қызығы сол, кез келген ауыр затты бір қолмен де, тіпті, саусақпен де оп- оңай көтеріп алып, ғажап бір балуанның күшін көрсеткендей мәз болатын. Сол құрылғыға мініп алып теректің биік бұтақтарына да көтерілетін. Биік қара ағаштың басына қарай өрмелей өскен жүзім жемістерін оп-оңай алып жейтін. Ал оған дейін ондай биіктегі жіп-жіңішке бұтаққа жете алмайтын. Оған тек арнайы крандар ғана көмектесе алмақ.
Тартылыс өрісін жеңудің қызығы онымен де біткен емес-ті. Балалар ауылда неше түрлі қызықты ойындарды ойлап табады. Тәкен сол кездің өзінде-ақ балалармен ғарышкер ойынын ойнайтын. Дүкеннен сатып алғанбір кісілік кемеге мініп алып, біраз жерді шарлай ұшатын. Сол кездің өзінде де ондай кемелер ешкімге де таңсық емес-ті. Тек балалар ғана емес, ол кезде ондай кемені үлкендер де өз жұмыстарына пайдаланатын. Тартылыс өрісін жеңетін құрылғымен көтере алмайтын заттарын көтеретін, түзете алмай жатқан нәрселерін түзететін, ғарыш кемесімен алыс деген жерлеріне лезде жететін. Бүгінде ондай кеменің, құрылғының қүдіретіне ешкім де таңданбайды. Жалпы, Жер ғаламшары халқында жасалып жатқан ғылым мен техника жаңалығы ұшан-теңіз.
Ғалым-ғарышкерлер осылайша сонау алыста қалған, енді қайтып келмеске кеткен балалық шақтарын естеріне ала отырып, бір мезетте әке-шешелерін, туған туыстары мен дос-жарандарын да көз алдарына әкелді. Олардың бәрінің де бейнелері бейнефильмде бар. Жалпы, ауыл, ел, Жер ғаламшарындағы жаңалықтардың бәрі де толығымен түсіріліп алынған болатын. Тек соны қайталап көруге ғана ұқыптылық пен ниет керек. Ал адам миының қыртысы мен құпиясы қашаннан мың-сан. Ғылым мен техника қанша дамыса да ми құпиясын ашудың мүмкіндігі әлі тумай жатыр. Оның сырын ашу, аралап шығуға адам ғұмыры жетпейтін Ғаламды зерттеп білумен бірдей-ді. Сондықтан да болар, ғалым-ғарышкерлер бейнефильмдегі қайталана беретін көріністерден гөрі оранжереяға келіп, ауылдан алынған тас пен кесектерді, түрлі заттарды қолмен ұстап көріп, егілген көшеттерден өніп-өскен ағаштарды алақандарымен сипап, гүлдердің хош иістерін иіскеп, олардан ерекше бөлек бір ләззат алып, осылайша әңгімелескенді жөн көреді.Миға жазылып қаптан көріністер адамның ойлауы мен еске алуына қарай шетінен көз алдына келе береді. Тек елестей бермейді. Адамға ерекше әсер береді. Ғажайып бір сезімге бөлейді. Сол себепті бұл да керек. Оранжереяда ғарышкерлердің сол балалық балдәурен шақтарында пайдаланған кейбір заттары да сақталган. Оны көрген, қолдарына қайта ұстаған ғарышкер қалайша бала қиялга оралмай қала алсын. Ол заттар болса да ғарышкерлердің балалық шақгарын естеріне түсіруге, сондай бір әсер алуларына негіз болуы үшін қойылған-ды. Ғарышкерлер олардың әрқайсысын қолына алып, олай-былай айналдырып көріп еріксіз жымияды. Жымимасқа амалдары бар ма екен, енді өздері есейіп, ер жетіп, үлкен азамат, ғарышкер болған соң да өткеніне күледі де. Бір ұлы ғалым айтқан екен; «Адам өткеніне күліп өтеді бұл дүниеден» деп. Расында да адам өзінің балалық балдәурен шағын дәл осылайша есіне алғанда, кішкентай баланың қызықты қылығын көргенде, тап осылай еріксіз езу тартады емес пе? Бірақ балалық шақты еске aлy да үнемі бола беретін сәт емес. Адам есейген соң қым-қуыт тірлігіне кіріседі. Көкейкесті мәселелері көбейеді. Сөйтіп, өз өзімен болып та кетіп жатады. Мұнда қойылған бала кездегі ғарыш кемесінің, көліктің, тағы басқалардың ойыншықтары есейіп, санасы жетілген ғарышкерлеге көне замандағы бір дамудың дәрежесін көрсеткендей де болады.
Тәкен ауылын, балалық шағын есіне ала отырып, кішкене қораптағы ұлудай адамға қарап та қойды. Балалық шаққа саяхат жасаймын деп оны ұмытып кетуге де болмайтын еді. Ол орнында екен. Өзінің титімдей ғана дене-тұрқына сай, қорап ішінде әрі-бері тынымсыз жүр. Құр жүрген жоқ, одан қалай шығып кетудің жолын да іздейтін тәрізді. Ғарышкерлер оған ара-тұра ес бөліп, оның түрлі қимыл-әрекеттеріне қызығып та қояды. Тәкен де, басқалар да Жерде, елде жүргенде цирктен ергежейлілердің концерттері мен неше түрлі ойындарын талай рет көрген. Сонда тап жас бала сияқты болып үлкен аренада жүгіріп жүрген өнерлілердің ғажайып өнерлеріне талай рет таңдай қағып еді. Олардың әндерін де, сөздерін де әуес көретін. «Ергежейлілер циркі келіпті» дегенді естісе болганы, ішкен асын жерге қоятын. Гулливердің ергежейлілер еліне жасаған ғажайып саяхатын да олар талай рет тамашалаған фильмнен. Оны кітаптан да оқыған ғарышкерлер. Ал мына ұлудай ғана ергежейлі адам олардан жүз есеге асып түсті. Тек бұл олар сияқты өнер көрсетпейді. Мына шетсіз-шексіз жатқанғажайып жұлдызды әлемдегі бір ғана Жер ғаламшарынан бейнесі әзер көрінетін ұлудай адамды кездестіреміз деп ойлап па өздері. Әрине, күллі Ғаламның да, бүгіндегі жұлдызаралдардың да ә дегеннен пайда бола салмағаны айғақ. Бұл ұлы ыдыраудың нәтижесінде туындаған. Ол ыдырау болса да, үлкен жарылыстан басталған. Ал микроәлемнің жұмбағы қаншама. Әрбір тіршілік иесінің өзі де микроәлемнен тұрмай ма? Адам баласы кең ғаламға көзбен қарап, онан кейбір нәрселерді көре алғанымен, ол микроәлемнен пәлендей ештемені аңғара апмайды. Адам осы екі әлемнің ортасында жүгірген бір пенде ғана.
Ғалым-ғарышкерлер осы жағын да ойлаған. Тәкен өзіндей адамды үлудай ғана адам етіп кішірейтіп жіберген сиқыршыдай, ол ішінде бар қорапты қолтығына қыса ұстап, оған ара-тұра қарап та қояды. Аса алып болып жаралған да, аса кішкентай болып жаралған да өмір сүруге ыңғайлы емес екен. Енді мұқият қараса, қорап ішіндегі адамның әрекеті мен күш- қуаты тап сол ұлудың әрекетіндей ғана екен. Тәкен оны жоқ етемін десе, алады да еденге тастап жіберіп, бедерлі ғарышкер бәтеңкесімен басып жанши салады. Сол сияқты адамнан осыншама алып тіршілік иесі болса, осының кері көрінісі қайталанар еді. Тәкен бұл жағын да салыстыра ойлап қойды. Сөйтіп, адамнан жүз есе үлкен алып тіршілік иесінің әзірге жоқ екеніне ішінен тәубе етіп те қойды.
Ғалым-ғарышкерлер оранжереяда осындай-осындай ойларды кешті. Көп нәрсені естеріне алды, көп нәрсені салыстыра қарады. Содан соң қайтадан басқару пульті бар бас бөлімге қарай бет алды. Ондағы автомат жүйелер қолдарындағы кішкене-кішкене аралық басқару пультімен шағын экран арқылы басқарылатын болса да, бәрібір, оны барып көргендей болмайды. Бұл аса міндетті нәрсе. Кемеде барлық жағдай жасалған. Кеңістікте кездейсоқ бет-бетімен қаңғып ұшып келе жатқан тас, кесек немесе тағы басқадай нәрсе көріне қалса, кемедегі арнайы сақтандыру жүйелері тынымсыз дабыл береді, түрлі түсті шамдар кеменің барлық бөлімдерінде тынымсыз жыпылық қағады. Тас ірілеу болса, оны қағып алғыш жүйелер автоматты түрде іске қосылады. Ал кемеге қатер төндіретін үлкентас кезіккенде кеменің қабырғасына жапсырыла бекітілген бірнеше жойғыштар ұшып шығып, тасты быт-шыт етіп жарып жібереді. Сонымен қатар кеңісіктегі майда тас-тозаңдарды жинап, оны жанармай отынына айналдыратын жүйелер де қалқысыз жұмыс жасайды. Жұлдызаралық жолалыс болғандықтан және оған жанармай көп жұмсалатындықтанкемеге осындай жүйелер орнатылған. Сондықтан да ғарышкерлер жанармай жағына аса бастарын ауыртпайды. Ғарышкерлердің қай қайсысы да мамандығының кім екендігіне қарамастан осындай басты нәрселерді кез келген уақытта автоматты жүйелерсіз де қолмен басқара алады. Ал өздеріне қатер төнгенде мұндай жұмысқа биороботтар жегіледі. Жерден ұшпай тұрғанда ғалымдар мен кемені құрастырушылар бұл мәселені жан-жақмұқияттаған. Ғарышкерлердің өздері де басаспан.
Бәрі басқару пульті бар бөлімге келгенде, ондағы үлкен иллюминатордан көрінген шоқжұлдыздар менмұндалай түскендей де болды. Жер атмосферасы арқылы көрінгендей жыпылықтамаса да, кейбір айнымалы-тұтылмалы жұлдыздар кәдімгідей құбылады. Бірақ ол құбылыс ғарышкерлердің қай қайсысына да әуелден таныс. Сондықтан да ғарышкерлер ондай құбылысқа онша назар аудара бермейді де. Ең басты нәрсе - алдағы жұлдыз жүйесіне жету болғандықтан, іштерінде бір асығыстық сезімі де орын алған. Кеме соншама жылдамдықпен ағып ұшып бара жатса да ол жұлдыздар әрі қарай қаша түскендей болып та кетеді. Жол таусылар емес. Адам баласы қай кезде де жылдамдықты аңсаған. О заманнан аңсап келеді. Бірақ жылдамдықты қанша игерсе де, Ғалам кеңістігі дес берер емес. Бір жағынан солай бола тұрғанмен де Ғалам қашан да адам баласын өзіне қарай баурап тартып келеді. Ғарышкерлерді бұл тұста бір қынжылтатын нәрсе, кеменің жылдам ұшып келе жатқандай емес, бір орнында қозғалмай тұрғандай болып сезілетіні. Ғалым-ғарышкерлер енді қанша асықса да кемеге бұдан артық жылдамдық бере алмайтындарын сезініп, барға шүкіршілік етті. Жаңа ғана өздері болып келген оранжереядан алған әсер күш-жігер қосып, жүйелерді мұқият тексеріп, бақылап, ақау белгісі пайда бола бастаған жерлерін түзеді. Егіздер шоқжұлдызындағы жеке-дара жұлдыздарды бір-бір бақылап, қадағалап алған соң ұлудай адамның құпия-сырын анықтау ісіне кірісіп кетті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   43




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет