Жасампаздық қиырында



бет4/43
Дата06.02.2022
өлшемі406,43 Kb.
#48042
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   43
КІШКЕНТАЙ ҒАЛАМШАР
Тартарды алғашқы сәттегі зерттеу пәлеңдей нәтиже бермеген сияқты еді. Соңғы үлкендеу біреуі тас та емес, кесек те емес, қандай да бір жұлдызаралық шағын кеменің тасқа айнала бастаған бөлігі болып шықты. Бірақ оны ғарышкерлер қаншама рет түрлі ұлғайту сүзгі-шыныларынан өткізсе де, онан пәлендей ештеме таба алмады. Мәлімет те жоқ. Содан енді не шешім айтарларын білмей дағдарған олар. Әдетте мұндай бөліктерде қандай да бір белгінің ізі алушы еді. «Бір кездері Жерден аттандырылған жұлдызаралық кемеге Жер ғаламшары, оның саналы тұрғындары-адамдар мен өзге де тіршілік иелері, ұлт, әуен және тағы басқадай толып жатқан ғылыми мәліметтер салынған жоқ па еді?» деп бір ойлап қойды жігіттер.
Бәрі осылайша дағдарып тұрғанда Сәрсенбі Сапарұлы қақ жарылған ең кішкене тастың ішінен титімдей ғана көк түсті шарды көрді. Ол қатты қуанғанынан:
- Е, бәсе, бірдеме болуы керек еді ғой, - дегенінше болған жоқ титімдей шар жайымен ғана жоғары қарай көтеріле берді.
Сол кезде Сәлмен Әбдіғаппарұлы;
-Ей, мынауың өзі домалақ найзағай емес пе? Сақтанайық! - деп кейін шегінді.
- Расында да, жігіттер, сақ болайық! - деп Азамат Амангелдіұлы да сескенгенін жасыра алмады.
- Сәл сабыр етіңдерші, корықпаңдаршы! - деді сол кезде Жақан Артықұлы сәл кідіріп.
- Шар тоқтамады. Жоғары қарай көтеріле берді. Сөйте-сөйте кеменің төбесіне жетті. Төбеге тиген мезетте ешқандай оқыс қимыл білінбеді Егер ол шын мәнінде домалақ найзағай болса, онда кеме төбесін оп-оңай тесіп өтіп, ашық кеңістікке лағып кеткен де болар еді. Олай болмады. Шар бірнеше ондаған секундтар бойы қозғалмай тұрды да, қайтадан жайымен ғана төмен қарай қозғалды. Оның қозғалысы тап біреу ішінен, немесе сырттан телебайланыс арқылы басқарып отырғандай болды. Мұндай көрініс бақылап отырған ғарышкерлерге әуелден таныс еді. Домалақ найзағай деген әдетте солай қозғалады. Тек биолог Жақан Артықұлы оның домалақ найзағай екеніне сенбеді. Ол кішкентай ғана шардың ішкі жағынан әлдеқандай нәрселерді байқап қалғандай да еді. Сәл үнсіздіктен соң ол кеме ішіндегі микроаспанда қалықтап ұшып жүрген шардан көзін алмастан;
- Сабыр етіңдер, достар, бұл ешқандай да домалақ найзағай емес, Бұл микроғаламшар! Кішкентай ғана ғаламшар! Сенесіңдер ме , маған? Байқайсыңдар ма? Ішінде теңізі, мұхиты мен құрлығы да бар. Мен оның бәрін де көріп тұрмын!
- Сен не аитып кеттің өзі? - деді оған тіке қараған Тәкен көз шарасын ашыңқырап, - теңіз-мұхитың не, құрлығың не? Өзің ауырып тұрғаннан саумысың, досым-ау?
- Жо-жоқ, Тәкен, мен бәрін де шынымен көріп тұрмын. Шардың ұшуын тоқтатып, оны зерттеу керек!
- Қалай тоқтатпақпыз мұны?- деді Сейдолла сәл-пәл болса да үрейленіп,- ол ыстық емес пе? Оны тоқтату емес, онан қорғану керек болар!
Қорғанатын да, қорқатын да ештеме жоқ. Мен қосымша телекүшейткішті іске қосайын. Шарды мейлінше ұлғайтып қарайық. Бәлкім, сонда барып көрерсіңдер оның ішіндегі бар ғажайпты! - деп биолог дегбірлене түсті.
- Расында да сөйтсек қайтеді? - деді Тәкенге жалт бұрылған Азамат
- Бір шешімге келе алмай тұрмын.
- Ойланатын не бар. Ұстайық шарды - деп Сәлмен Әбдіғаннарұлы ілгері ұмтылды.
- Алтауы да тып-тыныш. Шарды ұлғайтып көрсететін кұралды қосуға да, оны ұстауға да ешқайсысының дәті барар емес. Тоқтатуға да мұршалары жетер емес. Шар жайымен қалықтай қозғалып зертхананың есігі арқылы дәлізге шықты. Сәлмен оның соңынан кетті. Шар «Енді мені қуып жетіп қор» дегендей дәліз бойымен ұшып кетіп барады. Қалғандар аң-таң. Бәрі де енді-енді ғана естерін жиғандай. Дереу аса ұлғайтқыш тележүйені іске қосқан кезде шардың тап бір ғаламшардан аумайтыны аңғарылды. Тек өте кішкентай. Ойыншық шардан да титтей-ау. Бірақ соған қарамастан, биолог айтқандай, ішінде теңізі де, мұхиты мен құрлығы да бар. Taп бір өте-өте алыстан қарағандағы Жер шарының өзі сияқты.
- Мынауыңның өзі шынымен-ақ ғаламшар ғой!-деп Тәкен де енді дәлізге шыға жөнелді.
- Ал биолог болса сол мезетте дәліз қабырғасындағы бір түймені нұқып та үлгерген еді. Соның артынша дәліздегі аса ұлғайтқыш тележүйелер іске қосылып, шар кәдімгідей анық көрінген. Кәдімгі ойын добындай болып дәліз аспанында тұр. Оның ішкі-сыртқы бет-бейнесі де енді айқындала берген. Биологтың айтқаны рас болып шықты. Оны қандай да бір ғаламшардың жоғары дамыған өркениетті тұрғындары кеменің ішіне, ең қауіпсіз деген жерге салып жіберген. Апатқа ұшыраған әуе кемесінің «қара жәшігіндей» бір зат сияқты. Ұшу барысында кеменің кейбір жүйелері қандай да бір себептерден біржолата істен шығып, сол екпінімен кеңістік жаһанын кезе-кезе түрлі тозаңмен, тағы басқадай заттармен соқтығыса-соқтығыса пішіні өзгерген, осындай тас-кесек күйге түскен.Ғаламшар тұрғындары жұлызаралық сапарға үлкендеу бір кемені де жібермепті. Ғылыми тұжырым бойынша, оның үлкендігі Жердің тұнғыш серігінің үлкендігіндей ғана болған. Бірақ оның есесіне ішіне ғаламшар туралы толық ғылыми мәлімет бере алатын, оның бет-бейнесін осылай көрсете алатын тіп-титтей ғана ғаламшардың бейнесін орнатқан.
- Түсінікті, телекөрсеткішті ажырата ғой, - деді сәлден соң Тәкен биологқа иек қағып, айналасындағыларға қарап.
- Биолог басын изеп, әлгі түймені нұқыды. Ұлғайған көрініс күрт жоғалып, шар қайтадан тип-титтей күйіне түсіп, кеменің ұзыннан ұзақ созылып жатқан дәлізінің төбесіне тиер-тимес қалықтап ұша берді. Тәкен тездетіп басқару пульті бар бөлімге жетті. Ондағы панельден бір түймені нұқығанда, кеме ішін анау-мынау тозаңнан, артық-ауыс зат- тардан тез арада тазартатын сүзгі-жүтқыш құрал өзінің бекітулі тұрған жерінен босан, дәліз бойымен қалықтай ұшып, әлгі кішкентай шарды өзіне оп-оңай жұтып алды. Ендігі істің барысын Тәкеннің өзі шешеді. Ол панельдегі түймелерді рет ретімен басып, кішкентай шарды жұтып алған қалықтағыш құралды зертханаға қарай бағыттады. Жігіттер пневмокөлікке отырып алып, оның соңынан жүрген. Аралық басқару құралымен кішкентай шарды сәлден соң зертханаға енгізді. Қажет деген жерге апарып орнықтырды. Содан соң оның үсті арнайы төрт қырлы шыны қақпақпен нығыз жабылды.
- Осыдан кейін үлкен дөңгелек үстелдің төңірегіне жайғасқан ғарышкерлерқалықтағыш құралдың ішінен шығарылған шарға ерекше назар аудара қарады. Үстелдің үстіңгі тұсында, жан-жағында, шардыәуелгіден де аңығырақ көруге мүмкіндік беретін құралдар бар еді. Ғалым-ғарышкерлер оны да пайдаланды. Бірақ сол кезде Жақан Артықұлы ұлғайту құралы арқылы ол шардың өне бойында қандай да бір өзгерістің болып жатқанын аңғарды.
- Достар, мына көріністі тез арада бейнефильмге түсіріп алуымыз керек, - деді ол мал тапқандай қуанып.
- Қазір, - деп Тәкен үстелдің бір шетіндегі қажет деген түймені нұқыды.
- Артынша ызыңдаған дыбыс естілді. Бұл түсірудің басталғанының белгісі еді. Енді сәлден соң көрініс ұлғайтылды. Шардың бар бейнесі зертханадағы арнайы экранға көшірілді. Биолог айтқан өзгеріс рас болып шықты. Шар бетінде шынымен-ақ өзгерістер өтіп жатыр. Тап кәдімгі Жер ғаламшарындағы эволюциялық даму сияқты даму. Әуелі оның көп бөлігін мұхит суы шайып жатты. Ал тұтасып келген құрылыгы көп уақытқа дейін бір бірінен ажырамады. Ол тек уақыт өте келе ыдырай бастаған. Одан кейінгі кезеңде тіршіліктің алғашқы белгілері де байқала бастаған. Бәрі де Жер тарихынан белгілі, таныс көріністер. Тек оның бәрі де соншама ұзақ заманғы мерзімде емес, әп-сәтте, тап бір бейнефильмдегідей болып қана өте шыққандай, Биолог оны жақсы түсінеді. Бұл сол ғаламшардың тұрғындарының жасаған күрделі құралдары. «Жалпы, дүние әлеміндегі эволюциялық даму бір біріне ұқсап келеді екен ғой» деп қойды биолог ішінен. Басқалар да өздерінше ойға шомған. Кейбірі тіпті, Жер тарихын өз көзімен бір көріп шыққандай әсер де алған. Ғаламшардың Жерден пәлендей ерекшелігі де жоқ. «Біздің дамуымыз да осылай өркендеген. Анықтап көріп алыңдар» дейтіндей.
- Әрбір ғасыр секундқа тең уақыт ішінде өтіп жатыр. Сонда оның эволюциясы тап осылай өте шыққандай болғаны ма? Өмірді қанша ұзақ десең де, бәрібір, оның қалай өте шыққанын білмейсің. Бұл да бір өз алдына жұмбақ нәрсе секілді. Ал мына шарды жіберіп отырған адамдардың қандай да бір мәдени дамуы жоғары өркениеттің өкілдері екені де жақсы белгілі. Тіл үйреніп, ол тілмен бір бірін түсінісіп жатқаннан гөрі мынадай жолмен көз алдыңа әкеліп, бір ғана мезетте бәрін көріп шығудың өзі де үлкен ақыл емес пе еді. Бір кездері осы кеңістікке Жерден автоматты жұлдызаралық адамсыз кемелер жіберілгенде, олардың ішіне Жер, ел жайлы толық мәліметтер салынған еді. Онда бейнетабақ та, пластинкалар мен суреттер де болған. Күн жүйесі, ондағы ғаламшарлар мен Жер ғаламшары, ондағы ең саналы тіршілік иелері - адамдардың жынысына қарай бөлінгені,орташа бойы мен салмағы да арнайы тақтаға сызылып көрсетілген. Кеменің ұшып шыққан жері, оның алған бағыты сызылып көрсетілген пластина да бар еді. Ал мұнда жалғыз ғана шар. Онда да көзге әзер ілінетін бейне еді. Өзі болса да кіп-кішкентай ғана.
- Бірақ осы кіп-кішкентай шардың күрделі құрылымы арқылы ғарышкерлер аз ғана уақыттың ішінде сол бір ғажайып ғаламшардың жай-жапсарын біліп алды. Көрініс әлі де жалғасып жатты. Құрлық бірте-бірте өзгеріп, арасын теңіздер мен мұхит сулары басып, кей материктерде саналы адамдардың тобы пайда болды. Олар да Жер адамдары сияқты алғашқы қауымдық құрылысын құрып, қолдан қарапайым ғана құрал-саймандар жасап, аң аулап, оның етін отқа қақтап жеп, таулардағы үңгірлерді паналап өмір сүріп жатты. Онан кейінгі көріністе алғашқыдағыдай санасы әлі төмен, киім киістері жұпыны адамдардың тіршілік әрекеттері байқалды. Шардың әр жер әр жеріндегі электронды сағатқа немесе ойын панеліндегі сияқты лып-лып еткен көріністерге ғалым-ғарышкерлер ерекше бөлек назар аударып та отырды.
— Бәрі де көріністерден көз жазбай отырып, өздеріне әзірге беймәлім ғаламшардың қысқа тарихын көрсетіп жатқанын іштей түсініп отырды. Электрондық жетістік Жерде де бар. Сондықтан да болып жатқан құбылысты түсіну ғарышкерлерге аса қиынға соққан жоқ. Бұл шарды жіберіп отырған елдің ғалымдары да шардағы көріністердің мәнін адам баласының орташа санасына негіздеген сияқты. Сондықтан да ол пәлендей қиындық тудыра алмақ та емес. Оны түсіндіріп жатудың өзі де артық болмақ. Уақыт өткен сайын көрініс өзгере түсті. Өзгерген сайын ондағы адам бапасының өмір-тіршілігі де басқа мәнге ие бола берген. Шардың түрлі аймақтарында қалалар да пайда болған. Ол қалалар көріністің әрбір секунды өткен сайын іріленуде. Жігіттер Жер ғаламшарында, туып өскен елде жүргенде Жер тарихына дәл осылай мән бере қойған жоқ еді. Тіпті қаншама рет Жер төңірегіндегі кеңістікте, қаншама рет Күн жүйесіндегі ғаламшарларда болып, олардан дін-аман қайта Жерге оралып жүрген кездерінде де оған дәл бұлайша терең мән бермепті. Енді көз алдарындағы кішкентай ғана шардан Жердің барлық тарихын көріп тұрғандай әсерде бәрі де. Жер ғаламшары қаншама рет ғарыш кеңістігінен суретке, бейнефильмге түсірілсе де, оның бетіндегі қалалар дәл мынадағы сияқты дараланып көрсетілмепті. Ал бұл шарда бәрі де ап-анық. Бәрі де көз алдарында. Мұндағы тағы бір ерекпіелік - мұнда бұлттар жоқ. Жіберушілер оны әдейі көрсетпесе керек. Ол бұлттар кейде пайда болады да, кейде зым-зия жоғалады. Соншама үлкен ғаламшарды алақанға ғана сиятындай етіп кішірейтіп, осындай көрініске, көрініс болғанда да тап бір табиғи көрініске айналдыра алған қандай адамдар екенін ғалым-ғарышкерлер іштерінен бір ойлап та қойды.
- Дегенмен де, шарды бақылап-зерттеу ұзаққа созылды. Ақыр соңында ;
шар беті қалағатолып, табиғат аясы мейлінше тарылып, аяқ басар жер қалмаған мезет те көрініс те кілттоқтады. Одан кейінгі көріністері кәдімгі өмірдегідей баяу да салдарлы өтіп жатты. Тек осы кезде ғана барып ғарышкерлер өзді өзді орындықтарына шалқая түсіп отырып, демдерін алды.
-Көздеген ғаламшарымызга жетіппіз. Бар тарихын да біліп алдық. Енді кейін қайта берсек те болады, - деп әзілге басты Тәкен ерекше көңілденіп.
Иә, расында да солай-ау, — деп қойды Азамат.
- Мен өзім бөтен ғаламшар емес, Жеріміздің тарихын түгел көріп шықтым, - деді биолог Жақан, - қандай ғажап! Біз неге осындай шар жасамадық. Барған бетте тілдесуден бұрын осындай шармен Жер тарихын әп-сәтте түсіндіре қоятын едік.
- Оның рас, Жаке, - деді Тәкен, - әр елдің өзінше бөлек даму сатысы, деңгейі болады емес пе? Олар тарихтарын осылайша түсіндірсе, бізде де түсіндіретін күрделі құрал-жабдықтар жетеді. Ол жағынан қам жемейік!
- Е, достар, «Ақлағылға» дейін әлі жол алыс, - деді сол кезде СейдоллаТұрсынұлы, - сондықтан да көп нәрсені байыптап біліп алуымызға мол мүмкіндік бар. Бірақ менің пікірімше, мына шар салынған кеме қандай да бір кесекөлденең күштің әсерінен күйреген. Былайша айтқанда істен шыққан.
- Оны біз де біліп отырмыз. Көп нәрсе әлі анықталған жоқ. Барған соң бәрін де білетін боламыз. Ең бастысы - ғаламшардағы даму өзіміздің Жердегі дамуға мейлінше ұқсас болып шықты емес пе? Адамдары да тап өзіміздей. Бұл бағытқа бекер шықпаппыз. Ішіміз бірдемені сезгендей де екен. Иә, осылай болып шықты достар ідеп күрсініп қойды Тәкен.
- Осы кезде кемедегі шамалы демалуға шақыратын арнайы дабыл естілді. Жігіттер шардың кетпейтін жағын қарастырып, автоматты жүйелерді ретке келтіріп, орындарынан түрегелді. Қол-аяқтарын қозғап, жаттығулар жасап, бой жазды. Енді біраз уақыт бассейнге түсіп, оранжереяға қыдырмаса, спорт залына барып, неше түрлі құралдармен дене шынықтырып, денсаулықты бекітпесе болмайды. Бәрі де ұзына бойы жатқан кең дәлізге шықты. Бұл жолы пневмокөлікке де, орындық көлікке де мінген жоқ ешқайсысы. Онсыз да әлгі ғаламшардың тарихын көргенде сағаттап отырып қалған. Енді қозғалу керек, жүру керек. Содан кейін тамақтанады. Ұйқыға жатады. Жер тәулігіне тураланған күн кестесін бұзуға болмайды. Күн шықпайтын, батпайтын, талтүс болмайтын алапат кеменің ішінде өмір сүріп жатса да, күн кестесі Жердегі табиғи көрініске, тәулік өзгерісіне сай етіліп жасалған. Мұнда тәуліктік уақытты арнайы электронды сағат айқындайды. Кеме ішіндегі жарық та сол тәулік уақытына сай өзгеріп отырады. Ал қазіргі мезгіл кеш еді. Бұл кезде Жердегі, туып өскен елдегі тұрғындар да түнгі ұйқыға дайындалып жатқан. Бірақ ғалым-ғарышкерлер күн кестесіне аздап өзгеріс жасаған. Өйткені кемедегі баяу өтіп жатқан уақыт пен Жерде өтіп жатқан уақытты салыстыруға болмайтын. Егер екі жақтағы уақыт бірдей болса, онда Жердегі адамдармен бірдей тұрып, ұйқыға бір мезгілде жатуға болар еді. Енді кеме жылдамдығы артқан сайын уақыт айырмашылығы көбейе берген. Ғарышкерлер осы кезге дейін ғана Жер уақытымен, тәулігімен санасқан. Белгілі бір жылдамдыққа жеткен соң өз алдарына бөлек күн кестесін жасауларына да тура келген. Бірақ мұнда пәлендей өзгеріс бола қойған жоқ. Кемедегі шамдар өз уақытында жанып, өз уақытында өлеусіреп барып сөніп те жатты. Электронды тәуліктік сағат та уақытты дұрыс көрсетіп тұрды. Ғарышкерлер өздерінің жоспарларын толық орындады. Оранжереяда серуендеді, спортпен шұғылданды, бой жазды, тамақтанды. «Кешкі серуен» дейтін серуен де жасаған. Тек содан кейін ғана барып, кеменің басқару пультіндегі панель жүйелерін басқаруды сенімді деген биороботтарға тапсырды. Кейбір жүйелерді автоматты ретке қойды. Сөйтіп барып ғарышкерлер «Түнгі ұйқы» кестесіне ауысты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   43




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет