Жасампаздық қиырында



бет3/18
Дата20.06.2018
өлшемі406,43 Kb.
#43874
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

ШАРДАН ШЫҚҚАН АДАМ

Ғарышкерлер шырт ұйқыда жатқан мезгілде зертханада бір оқиға өте бастаған еді. Шардың жайын бақылап, бейнефильге түсіріп тұратын арнайы жүйелер бар-ды. Бірақ олар қанша дегенмен де адам баласының өзі сияқты ойлай алатын, толғай алатын саналы болмағандықтан шардың ішінде нендей құбылыстың болғалы жатқанын тіркей алмаған-ды. Шар сол шар қалпында тұрғандай ғана болған. Ал негізінде осы титімдей ғана шардың ішінде адам баласының ұрпағы пайда болып үлгерген-ді. Ол Егіздердегі ғарышкерлер Ақлағыл деп ат қойған ғаламшардан келген. Күн жүйесіндегі Жер ғаламшары бағытында ұшып келе жатқанда кемелерінен ақау табылып, қиын жағдайға ұшыраған бетте өзге сапарластарынан жалғыз тірі қалған ғарышкер осы шарды паналаған. Содан ол терең ұйқыға кеткен-ді. Шар бір жағынан сондай қиын мақсат үшін жасалған болатын. Ғарышкер арнайы құрылғылар арқылы өзін жас ұрпақ дәрежесіне дейін кішірейте алады.

Ал шар болса, кеме қандай қиын апатқа ұшыраған жағдайда да аман қалады. Бір адамның өмірін сақтай алады. Шар кеме қандай жағдайға ұшырағанда да ішіндегі атмосфералық, биосфералық құрылымын сақтайды. Соған сай ішіндегі дүниеге жаңа келген нәрестеден де көп есе кіші, құмырсқаның ұрпағындай ғана адам баласының тірішілігіне жақсы жағдай жасалады. Ал шар іші қажетті температураға жылыған кезде адам баласы жайымен оянып, секунд, минут пен сағат санап ұлғаяды, жігіт дәрежесіне жетеді. Тек бұл жағдай шар қандай да тіршілікке қолайлы ортаға тап болған кезде ғана жүзеге асады. Ал ғаламшардың бет-бейнесі оның сырт жағына бағдарланған. Қазақ ғарышкерлері соларды көрген еді.

Енді міне, сол бағдарлама толығымен көрсетіліп, шардың ішкі-сыртқы жағдайы тіршілікке қолайлы ортаға көшкенде шар мейлінше созыла үлкейіп, оның ішінен аяғынан тұра алатын кішкентай ғана адам шықты. Сол адам енді айнала төңірегіне жайымен барлай қарай бастаған. Бірақ онын түр-тұлғасы әзірге дәл адам баласының өзіне оншалықты ұқсай да қоймайтын еді. Өйткені оның ең кішкентай кезіндегі бет-бейнесі ұлуды көзге елетстетін. Ол кезде байқаған адам оны адам баласына ешқашан да ұқсата алмас еді.

Ғалым-ғарышкерлер қаннен-қаперсіз ұйықтап жатқанда міне, осындай бір ғажайып құбылыс өтіп жатты. Шардың кенеттен ұлғая-ұлғая келе тарс етіп, екіге кақ жарылғаны да белгілі. Соның алдында ғана ғарышкерлерге ғаламшар жайлы толық ғылыми мәліметтер берген электронды жүйелер де быт-шыт болып, жан-жаққа шашылған. Тек кіп-кішкентай адам, ширақ адам тап кәдімгі құмырсқадай болып үстелдің үстінде олай да, былай да жүгірумен болды. Содан соң ол үстелдің бір аяғынан құшақтай ұстап, жайымен ғана сырғып еденге түсті. Еденге аяғы тиісімен-ақ оған қандай да бір энергия келіп қосылғандай ұлғая берді, ұлғая берді. Әп-сәтте жігіт қалпына келді. Ал бұл құбылысты биороботтардан өзге ешкім де біле алған жоқ. Қаннен-қаперсіз шырт ұйқыда жатқан ғарышкерлер қайдан біле қойсын мұны. Ғарышкерлер шардың ішкі жағында не барына назар аудара қоймаған. Ал шарды жаруға тағы да батылдары барған жоқ. Білмеген нәрсеге тиіспеген де ақыл еді. Өздеріне қажетті ғылыми мәліметтерді толығымен алған соң оны шұқылап не қажеті бар еді. Шар осылайша өз жұмысын аяқтаған. Жігіт енді өз тіршілігін өзі жасайды. Ол енді сәл уақыт өтпей жүрегінің қатты сазғанын сезді. Кеме ішінен нәр тататын орынды іздемекке бет алды. Оған кемеде жүрген биороботтар мен ең күрделі деген жүйелердің өзі де баланың ойыншықтарындай ғана нәрсе еді. Сондықтан да ол тағам дайындайтын биороботтар мен асхананы оңай тапты. Сол жерден дәм татты, әлдене түсті. Сөйтіп, енді ғана кеменің басқару пультіне барған еді.

Осы кезде ол бөлімге бөтен біреу кіріп келгенде, немесе әлдеқандай күрделі ақау болғанда қатты дабыл беретін жүйе іске қосылды. Қанша қатты ұйқтаса да дыбысы жақсы таныс дабылдан ғарышкерлер селт-селт оянып, орындарынан ширақ тұрды. Ұйқы бөлмесіндегі қызыл шамдар да тынымсыз жыпылықтап тұр еді. Соның артынша қабырғадағы экранда «Орталық зертханада шар жарылды. Одан адам шықты. Ол адам қазір басқару пульті бар бөлімге енді» деген жазулар қайталанып көрініп жатты. Тәкен де, өзгелер де тілге келмеді. Бәрі де тез-тез киініп, пневмокөлікке отырып, солай қарай зымырап жөнелді. Тәкен соның өзінде де толқыныс пен алқыныстан кәдімдгідей шаршап та қалғандай сезінді өзін. Әуелі бәрі де орталық зертханаға енген. Расында да шар ұлғайып барып екіге қақ бөлініпті. Ол ғарышкерлерге ешқашан да ұлғаймайтындай болып та көрінген еді. Енді өз көздеріне өздері сенер емес. Оның ішінен адам баласының титтей нәрестесінің шыққаны да байқалады. Еденнің үстелге жақын жерінде балаң жігіттің табан ізі де жатыр. Ал үстелдің үстінде өздеріне беймәлім ғаламшар жайлы толық ғылыми мәліметтер берген шардың электронды күрделі жүйелерінің майда-майда детальдары шашылып жатыр. Тәкен өзі бастап кірген бойда оның бәрін көріп, таң болып кідіріп тұрды да қалды. Жақан Артықұлы биолог болған соң шыдамастан арнайы ақ желеңі мен жұқа резеңке қолғаптарын, бас киімі мен көзілдірігін киіп, үстел үстіндегі әлгі шашылып жатқан детальдарды ұстап көрді. Содан соң оларды еппен жинап, арнайы шыны ыдысқа салып, қақпағын жауып, шкафтың ішіне салды. Еденнің үстелге жақын жеріндегі адам ізін бормен қоршап сызып, кішкентай фотоаппаратпен оны суретке түсіріп алды. Болған оқиғадан ешқандай залал, қатердің болмағаны анықталды.

Бәрі де өздеріндей саналы адам баласына тән әрекет екен. Тек әлгі сынықтардын ішінен байқалған бір шыны көз күмән тудырғандай болған. «Бұл өзі біздің бұл әрекет-қарекеттерімізді бақылап-барлап тұрған бір радиокөз емес пе екен?» деп те ойлал қойды Жақан енді. Бірақ ол ойын жанындағыларға айтқан жоқ. Жақаннан басқалар шар сынықтарына да, едендегі адам ізіне де жақындаған жоқ. Бәрі де Жақанның әрекетін қадағалаумен шектелген. Жақан сәлден соң тағы бір жаңалықты аша қалғандай былай деді.

— Жаңа шардың сынығының орта тұсын байқадыңдар ма? Ол өзі титімдей болса да адам анасының жатырына ұқсайды екен?

— Кәне, бері алшы, — деи Тәкен елең етіп, Жақанға жақындады.

— Ұқсауын ұқсайды екен, бірақ өте кішкентай ғой,- деді оны көре салысымен Сәлмен.

— Осының ішінен адам баласының нәрестесі шықты дегенге кім сенеді. Ұлудың орнындай ғана жатыр ғой мынауың,- деп Азамат та достарын көзімен шолып өткен.

Жақан енді нағыз биолог екенін таныта түскісі келгендей шашылған шарды жинастыруға талпынды. Ол созылыңқы болған соң кәдімгідей үлкен еді. Осы кезде ғана ғарышкерлер оның ішінен шын мәнінде адам баласының шықканына көз жеткізе бастағандай боллды. Бірақ әлгі жатыры сол қалпында, ұлудың ұясындай ғана болып қалған. Шар негізінен жұмсақ материалдан жасалған. Ол биолог оны сұқ саусағымен басып-басып көргенде байқалды. Тек жасанды екені байқалады. Оны қандай да бір даму өркениеті жоғары адамдардың қолынан шықканы да айқын көрініп тұр.

— Miнe, кемемізді шарлап жүрген адам осының ішінен шыккан, — деді биолог сөзін тұжырымдап.

— Сонда жаңа ғана дабыл-жазу ескерткен адам осының ішінен өсіп шықты ма?

— Оған танданатын ештеме де жоқ. Адамның көз алдында өсіп шығатын, гүлқауызын ашатын, саусағыңды орап алатын өсімдіктер аз ба жерде? Бұл өзге дүние әлемінің өкілі емес пе?

— Иә, бұл дәлелдеріңнің жаны бар. Бұл тұрғыда таңдануға да болмайды екен. Рас, кемедегі адам осы шардың ішінен, мына титімдей, ұлудың ұясындай ғана жатырдан өсіп шыққан, - деді енді Тәкен уақыт жоғалтпау үшін.

— Жігіттер, қозғалайық, — деді сол кезде Азамат дегбірсізденіп.

— Қозғалайык, - деді Сәлмен де Тәкенге бұрылып.

— Тек қындарыңдағы қораптағы лазерлік тапаншаларыңның дайындығын тексеріп алыңдар, — деді Тәкен айналасын көзімен барлап шығып.

— Ол өзі біз бұлай бақылап-барлап тұрғанымызда осында келіп қалып жүрмесін, - деді кенет ойланып қалған Азамат.

— Иә, сөзіңнің жаны бар. Оған жылдам қозғалу деген ештеме де емес. Әуелі осында кіргеніміз де дұрыс болды-ау деймін. Әйтпесе, біз басқарупультіне барып келгенше, ол мына шардан бір белгі де қалдырмас еді, — деп Тәкен тағы да жан-жағын көзімен барлап шақты.

- Мен бәрін де түсіндім, - деді осы кезде Сәрсенбі, - Ол шын мәніндеадам. Кемені жіберушілер оны бұл шардың ішіне әдейі салып жіберген.

Сөйтіп, кеме апатқа ұшырағанда ол осы жатырдың арқасында дін-аманқалған.

- Ал сонда қалған ғарышкерлері қайда олардың, - деді сол кезде Сейдолла.

- Қайдағы ғарышкерлерді айтып тұрсың?

- Сол кемедегі.

- Кеме апатқа ұшырағанда олар мерт болған шығар?— деп шар бөліктеріне қарап қойды Сейдолла.

- Ал шардың ішіндегі адам ше?

- Ол қандай да бір біз әзірге білмейтін биологиялық әдіспен кері

кішірейген. Сөйтіп, қайтадан өсіп шыққан, - деп жауап қатты бұл сұраққабиолог Жақан.

- Бұл сұрақтардың жауабы алда болар, - деп Тәкен сөзді қорытуға ыңғайланды.

- Бәрі де ақылға сыйымды, - деді сол кезде Сейдолла өзініңфилософиялық тұжырымына көшіп, - адамнан адам шығады? Бірақ ол тамшыдан ұлғаймай ма? Сол табиғи процесті бұлар күрделі кұралдар арқылы жүзеге асыра алған. Бар болғаны осы.

- Сонда, менің түсінуімше, ол ғарышкер өзін жойып жіберген де,ұрығын шардағы аналық жатырға көшірген. Солай ғой? Менімше, осыжағы ақылға сыйымдылау келеді, — деді Сейдоллаға жақындай бергенЖақан.

- Әлбетге. Басқамыз түсіне алмасақ та сен түсінуің керек қой, Жақан.

- Мұнда түсінбейтін де ештеме жоқ, - деді Жақан енді Тәкенгеқарай бұрылып, - адам ұрығын жасанды жатырда өсіріп алу Жерімізде әлдеқашан орын алды емес пе?

-Жақсы, түсінікті,—деді енді Тәкен ерекше ширап, -жігіттер, әңгімені осымен доғаралық. Біз Жердегі, үйдегі төрде отырған жоқпыз. Әрбір секунд, минут пен сағат қымбат. Біз үлкен жылдамдықта ұшып бара жатқаналапат жұлдызаралық кеменің ішіндеміз. Сондықтан да қозғалайык. Әлгіадамды іздеп табайық.

Ғарышкерлер мәселені түсінсе де, көкейлерінде «Оны қалай таппақпыз?» деген ой тұрды. Бірақ бұл жағдайда мұндай сұрақтың қажетіде шамалы. Бір кеменің ішінде жасырынып жүрген адамды табуға болады. Кеменің барлық бөлімдерінде бейнекамералар орнатылған. Соларды да іске қосады. Тәкен шарға ойлана қарап алды да, биологқа «Ендімұны мықты жерде сақтау керек» деген белгі берді. Биолог та соны күтіп тұрғандай екен. Тез арада оны жинап, шкаф ішіне қайта салды, есігінкілтпен кілттеп тастады. Шар, қанша дегенмен де нағыз жаңалық еді.

Ол, әсіресе Жер тұрғындарына қызық болмақ. Оның ішіндегі ұлудың орнындай ғана жатырдан адам баласының өскенін дәлелдеуге де мүмкіндік бар енді, адамды былай қойғанда. Жұмыс біткен соң Тәкен енді кеменің басқару пульті бар негізгі бөліміне бару керек екенін білдірді достарына. Ондағы мақсат та әлгі шардан шыққан адамды іздеп табу. Бұл қай қайсысына да мәлім. Оның үстіне, мана ұйқыдан оятқан автоматты жүйелер сол адамның басқару пульті бар бөлімде жүргенін де ескерткен. Бірақ ғарышкерлер олай қарай тұра жүгіруді жөн санаған жоқ. Бұл Жер де, ел де емес, жұлдызаралық сапарда зымырап ұшып кетіп бара жатқан кеме. Сондықтан да қай нәрсенің да андысын аңдып барып жасаған абзал болмақ. Ендігі ақылдастары да, кеңесшілері де өздері. Жер де, ел де, ақыл-кеңес беретін ғалымдар да алыста қалған. Тәкен осының бәрін де ойлаған. Ол әуелі кеменің ұшу бағытының дұрыстығы мен оның ішіндегі күрделі жүйелердің дұрыс жұмыс жасау жағын қадағалауды зәру деп тапты. Кеменің амандығы, өздік уақыттың баяулығы болмаса, әлдеқашан не апатқа ұшырап, не әлдеқашан қартайып, о дүниелік болып та кетер ме еді. Құдайға шүкір, бәрі де қалыпта. Тек кеменің кең кеңістіктегі ұшу жылдамдығы артқан сайын ішіндегі өздік уақыт та баяулай түскендей болған. Ал бұл уақытта Жер шарында қаншама өзгерістер болып өтті. Сол сияқты өздері көздеп келе жатқан ғаламшарда да көптеген өзгерістер болып үлгермек. Уақыт құдіреті деген - осы.

Зертхананың іші түгелдей тексеріліп болған соң Тәкен бастап дәлізге шықты. Бірақ онда өздерін күтіп тұрған жылжымалы орындықтарға отырмады. Бәрін де асықпай-саспай барлап өту қажет еді. Сол мақсатта бәрі де қолдарына сезгіш құралдарын, лазерлі тапаншаларын ұстап алды. Бұлдәліз кеменің бір жақ қабырғасына жақын. Сондықтан да сырт әлемдегі барлық жұлдыздар кеме иллюминаторлары тұсынан жылт-жылт етіп көрініп қалып та жатты. Олардың өту жылдамдығы, болса да жұлдыздардың кемеден алыс-жақындығына байланысты еді. Кеңістік - қараңғылау дүние. Егер қандай да бір жарық жұлдыз жақын болса, онда жарығы келеді. Тұмандықтың жарығы да солай. Ал кеңістіктегі майда тозандар, болса да сол жарық жұлдыздар мен тұмандықтардың жарығынан ғана көрінеді. Сөйтіп, бәрі де тап Күн жүйесіндегі Күннен жарық алып шағылысып, жұлдыздардай болып көрінетін ғаламшарлар мен олардың көптеген серік- тері, үлкенді-кішілі астероидтар сияқтанып көрінеді бәрі де. Кемедегі ғарышкерлер бұл көріністің мәнін жақсы түсінген. Ал кеме жылдамдығы жарық сәулесінің жылдамдығына жеткенде, сол жұлдыздар ақсызаттанып, ғарышкерлердің бойында бір қорқыныш сезімін де тудырады.

Ғарышкер-ғалымдар осы кезге дейін кеме ішінде талай-талай ғылыми-зерттеу жұмыстарын да жүргізді. Бірақ қанша бақыласа да, көздеген ғаламшарға ұшып жетпейінше ештемені толығымен ажырата алатын емес. Ғарышкерлердің ой-жүйесін қозғаған да осы нәрсе еді. Адам арманы таусылған ба. Осы кемеде келе жатқандардың бәрі де жұлдызды әлемге жастайынан әуестенгендер. Бала жасынан аспанға, жұлдызды әлемге сапар шегуді армандағандар. Енді міне сол армандары жүзеге асып та келеді. Тек ол армандары ұмтылған сайын ұстататын да емес. Адам пенде 03 арманын қуа-қуа дүниеден өтеді. Ол арманының орындалып жатқанын қайтып көре де алмайды. Ойлаған армандарының өзі о дүниелік болып кеткеннен кейін орындалып жататын ғалымдар мен басқа да талант иелеріаземес.

Осындай-осындай ой тұңғиығына бір батып, одан бір дәліз қабырғаларын жіті бақылаған ғарышкерлер кеменің басты бөлімі –басқару пульті бар бөліміне де жетті. Есіктері автоматты түрде айқара ашылып іштен ешкім көрінбесе де, енді әуелдегідей емес, қолдарындағы қаруларын кезейді, бейнефильмге түсіретін, дыбыс атаулыны тез жазып алатын құралдарын қадағалайды. Бірақбасқару пультінде ешкім жоқ болып шықты. Пәлендей өзгеріс те болмаған. Ең бастысы, кеме бағытыдұрыс, ол ауытқымапты. Кеменің жүйелері де залалсыз. «Осыншама кеңкеңістікте өте жылдам ұшып келе жатқан жұлдызаралық кемеге не кезіге қойсын?. Негізінен кеңістікте кездесетін маайда тозандар емес не.» деп те ойлап қойды ғарышкерлердің кейбірі. Бірақ, Тәкен өте сақ, мейлінше ұқыпты адам Жердегі ғалымдар мен кеме құрастырушылар, ғарыш айлағының, Қазақ ұлттық ғарыш агенттігінің басшылары мен осы құрамның мүшелері Тәкенді бекерден бекер басшы етіп таңдамаған. Тәкен қашан байланыс уақытша үзілін қалғанға дейін Жердегілермен бірнеше рет байланыс ұстап та үлгерген болатын. Әрі ол сөздердің бәрін де арнайы бейнетаспаға жазып алып отырған. Байланыс үзілгеннен кейін оны бірнеше рет қайталап тындап, олардың ақыл-кеңестерін пайдаланып отырды. Ол сөздер шын мәнінде де бәріне ерекше бөлек жігер қосты.

Басқа шара дажоқеді. Жермен байланыс үзілгеннен кейін айналдырған алтауы алапат кеменің ішінде сендей соғылып та кеткен еді. Зеріккен уақыттары да аз болған жоқ. Ол, бір жағынан зерігу емес, Жерді елді, ата-ана, туған туыс пен дос-жарандарды сағыну да еді. Бойларын ондай сағыныш сезімі жайлағанда қанша үлкен, қанша кең болса да бұл ала кеменің іші де тарылып кеткендей сезілген. Секунд, минут, сағат, тәулікпен саналатын уақыт, соған сай кестелі тірішілік те жалықтыра бастаған. Жерде жүргенде, ғарышкер болмай тұрғанда осындай жұлдызаралық сапарға қай қайсысы да ерекше бөлек қызығатын еді-ау. Сонда қай қайсысына да жұлдызаралық сапар деген Жердегі әуе кемесімен ана ел мен мына елдің арасына ұшып барып қона қалатын бір қысқа ғана сапар сияқтанып та көрінген. Сөйтіп, бұл жағын ойламапты. Мұнымен салыстырғанда, Күн жүйесіндегі ғаламшарлар мен олардың серіктеріне жасалынған сапарлар әншейін-ақ екен. Ал мына жолда шек жоқ. Бітпейді. Ғарышкерлердің осы басқару пульті бар басты бөлімге жиі келетіні де, бір жағынан сондай бip тағатсыздықтың әсері еді. Көп жағдайда өзді өзді жұмсақ орындықтарына жайғасып отырып алып, қарсы алдарындағы үлкен иллюминатордан ап-анық көрінген Егіздер шоқжұлдызының Ақлағыл жұлдызына қарап отырады. Кейде бойларын қиял билеп, өздері кемеден бұрын ұшыпбарғылары келіп кетеді. Арман құдіреті деген осы. Кеме жүйелері қанша автоматтандырылған болса да, бәрібір, осылай көзден қадағалағанға не жетсін.

Осы басқару пульті бар негізгі бөлімдегі үлкен дөңгелек иллюминатордан көрінген дүние әлемінің көрінісі де бір ғанибет еді. Тек өкініштісі, сол көріністердің бәрі де баяу өзгереді. Кеме қанша жылдамдық алса да ол жұлдыздар сол орындарынан мізбағар емес. Бірақ, солай бола тұрса да ғарышкерлер ол жұлдыздардың да қозғалатынын жақсы біледі. Тек олар өте баяу қозғалады. Бір жұлдыздың жүрер жолын көруге адам пендснің ғұмыры жетпейді. Ол өзгерісті тек адамзат қана көре алмақ. Дегенмен де кемедегі баяу отетін уақыт кейбір жұлдыздардың қозғалысын аңғарта да алады екен. Кемедегі Жер жылнамасын корсетіп тұратын есеп таблосы да секунд сияқты лып-лып ауысып жатыр. Әрбір ауысу Жердегі бір-бір жыл. Егер Жердің өзінде уақыт осылай өтетін болса, онда адам пенде қалай өмір сүрмек. Бірақ адам қартайған кезде, дүниеден өтер кезде сонша ұзақ уақыт жасадым деген ұғымынан арылып, ол уақыттың қас-қағым сәттегідей де болмай өте шыққанына өкінеді. Ештемені көрмегендей, ештемені сезбегендей болады. Міне, сол уақытты ғарышкерлер маңдайшадағы таблодан көріп отыр. Ал өздерінің жыл дсгені Жер есебімен алғанда мың жылға барабар мезгілмен теңескен.

Ғарышкерлер осындай бір ойға шомып, кемедегі құпия адам жөнінде сәл-пәл ұмытып та кеткендей болған еді. Кенет олардың назарын басқару пультінің дәл үстінде тұрған кіп-кішкентай, кішкентай болғанда да тап кәдімгі мүйіз сүйексіз ұлудан сәл ғана үлкен жалаңаш адамның қимыл-қозғалысы аударды. Ол, шамасы, кемедегі салмақсыздықты пайдаланып, қалықтай ұшып, осы пульттің үстіне тұра қалған. Әрине, тұла бойы ұлудай ғана болған соң онан ешкім де қорқа қоймайды. Бірақ оның ақыл-ой дәрежесі қандай. Осы жағы ғана кемедегілерді елең еткізген.

- Адам! Мен айтқан тіршілік иесі! - деп дауыстап қалды Жақан.

- Көріп тұрмын!— Тәкен сабырлық сақтады.

- Өзі ұлудай-ақ қой! Қол-аяқтарын ажырату да қиын екен! - деді философ Сейдолла Тұрсынұлы.

- Ғажап! Ергежейлі дегенді білмейтініміз жоқ! Ал мынаған жол болсын! Мен адам дегенге, бір кәдімгі өзіміздей адам екен демеймін бе, - деп Сәлмен оған үңіле қарады.

- Жігіттер, сабыр сақталық, — деді осы кезде Тәкен, — кішкене өз өзімізге келейікші...

-Жалпы, жұлдызды әлемдегі тіршілік көзі ғаламшарлардан емес, газ-тозандардан шыққан. Содан барып ғаламшарларға тараған деген болжам рас болып шықты-ау, - деп Жақан Тәкенге жақындады.

- Ол - рас! Оған еш күмәнім да жоқ. Бірақ мына адам кемемізге алынған тастың ішіндегі шардан табылып отыр ғой!

- Иә, тастан шыққан шардан табылды. Бұл түсінікті. Ал сонда адамының пошымы мынандай болғанда, ол тіршілік ететін ғаламшар қандай болмақ?

- Орталық зертханамыздағыдай ғана болар, - деді геолог Азамат Сәрсенбіге бұрылып.

Жо-жоқ! Үлкен, онан әлдеқайда үлкен болуы тиісті, — деп озінше қарсылық білдірді Сейдолла.

Мә саған керек болса, бәлкім, бұлар өзінше бөлек бір әлем шығар сондай? - деді енді Сәрсенбі бір нақты тұжырым жасағандай әлгі адамға, жанындағыларына қарап алып.

- Е, жігіттер, құр бекерге дабырласып дауласа бергенше, бұл кісімен амандасып, танысып, қауышпайсыңдар ма, - деп, Тәкен сәл сергіп, сөзін жеңіл әзілге айналдырып жіберді.

- Тәке, сәл сабыр етіңіз. Әзіл-оспаққа әлі ерте. Кіп-кішкентай адам, өзімізді айтып тұрмын, өзінен ғаламат ғаламшарды қаруымен жарып жібере алады. Мынау да кіп-кішкентай бола тұрып алапат кемемізге бірдеме жасап жүрмесін?- деп, сезіктенгендей сыңай танытты Азамат.

- Жасай қоймас! - Тәкен айналасына, төбе тұсына, достарына қарап алды, - ендігі басты мәселе, мұнымен тіл табысу. Оны қалай жүзеге асырамыз?

-Тілдесеміз, Тәке. Бізде тілмаштар мен дыбыс күшейткіштердің неше түрі бар емес пе? Ең қиыны мұның қандай тілде сөйлейтінін анықтау ғой,

- деді Сейдолла сабырлы үнмен.

Мұның түрі мынау болса, тілі қандай болмақ?- деді Сейдолла.

- Оны зерттеулер көрсетер. Мұны да орталық зертханаға апаралық,

- деді Тәкен енді ерекше батылданып.

- Қалай апарамыз?-деді Жақан.

- Қолмен, әрине.

Тәкен бір сәт ойланып, өзінің жас шағында ұлуларды қалай ұстағандарын, оларды қалай қызықтағандарын есіне алды. Бірақұлу деген, мейлінше баяу қозғалатьш жәндік. Олар адам қолының өзіне жақындап келе жатқанын мұрттарындағы көздері арқылы сезеді. Сөйтіп, қоймүйіз тәрізденіп келген қабыршағының ішіне қарай тасбақаша жиырылып ба- рып жасырынады. Онан басқа шарасы жоқ. Ал мына көз алдында тұрған тап сол ұлудай тіршілік иесі өзіндей адам. Айырмасы аса кішкентайлығы. Тәкен енді уақыт өткізбей екі қолын бір біріне жақындатып ілгері қарай соза берді. Бұл сәтте қалған ғарышкерлер өзін қоршай түскен. Бейнебір басқару пультіне қонған титімдей ғана жәндікті ұстауға талпынғандай. Тәкеннің қолы ұлудай адамға жақындаған кезде ол жоғары қарай серпілді де, титтей құсша қалықтап жөнелді. Ұстатпады. Кеменің төбе қабырғасына жетіп, титімдей қол-аяқтарын сермеп, ашық есік арқылы кең де ұзын дәлізге түсіп, орталық зертхана жаққа қарай кетті. Ғарышкерлер үй ішіне кездейсоқ еніп кеткен титтей бір ұшатын жәндікті ұстауға қуалағандай күйге түсті. Оның соңынан көз жазбай келеді бәрі де. Бұл жарық дүниеде аса кішкентай болғанның да өзіндік ыңғайсыздығы болады. Адам бөлме ішінде ызындап, тынымсыз ұшып жүрген шыбынды ұстай алмай қалай әлек болса, бұл да одан кем түскен жоқ. Онымен салыстырғанда ғарышкердердің қай қайсысы да нағыз алып адамға айналып шыға келгендей. Кей кейде бәрі де титімдей адамның оқыс қозғалыстарын байқамай да қалады. Көріп те үлгермейді. Шынымен-ақ адам баласын емес, кеме ішінде ұшып жүрген шыбынды қуып келе жатқандай. Ұлудай адам өте жылдам қозғалады. Жалпы, табиғаттағы тіршілік иелері неғұрлым үлкен болған сайын баяу қозғалады да, неғұрлым кіші болған сайын қозғалысы ширай түседі екен. Мына көрініс тап сол кішкене тіршілік иесінің аса ширақ қозғалысын дәлелдегендей.

Ғалым-ғарышкерлер ұлудай адамның қарасынан көз жазбай дәліз бойымен жылдам жүріп отырды. Оның әрбір қозғалысы мен қалықтап ұшудағы түрлі мәнері ғарышкерлерді ерекше қызықтыра түскен де. Сондықтан да олар әншейінше ұзақ та тар көрінетін дәліздің анау-мынау ыңғайсыздығын ұмытып та кетті. Титтей адамға жақындаған кезде Тәкен беліндегі қазақтың сәнді ою-өрнегі ойып салынған жалпақ қайыс белдігін шешті. Соның артынша оны салмақсыздық желі көтеріп ала жөнелді. Енді алып адам Тәкен мен ұлудай бейтаныс адамның арасындағы қармақтасу әрекеті басталып та кетті. Тәкен аяқ-қолдарын су бетінде жүзгендей тынымсыз сермеп, әлгіні ұстауға талпынды. Бірақ ол қолға ілігер емес. Өзі сондай кішкентай болса, қалай ғана іліксін. Бірақ, солай бола тұрғанмен де оны уыстан шығарып алудың еш жөні жоқ еді енді. Тәкен енді әуелгіден де ширақ қозғалып, бейтаныс ұлудай адамды қос қолының арасына алды. Сол кезде қолға түскен шыбындай болып қол-аяқтарын тыпырлатты. Тәкен ұлудай адамның алақандарына соқтығысып, қатты ызындағанын да естіді. Ол бейнебір кездейсоқ шыны ыдыстың ішіне түсіп кеткен шыбын сияқты ызылдап жанталасады. Дыбысы да әжептәуір.

- Болды, енді жібермеңіз, тезірек орталық зертханаға жеткізіңіз, оған дейін аз ғана жер қалды, - деді сол кезде қатты қуанған әрі толқыған Жақан.

- Жақсы, жақсы. Өзім де мұны оңайлықпен жібере қоймаспын. Тек сендер енді маған қарап тұрмай, мұны қамайтын бір ыдыс дайындаңдар,

- деді Тәкен оң қолына қарап қойып.

Жақан мен Азамат орталық зертханаға қарай асықты. Өзгелерден оза жүрді. Қалған үшеуі Тәкенді қоршап жүр. Ол кеме ішінде жердегідей тартылыс өрісін тудыратын жалпақ белдігін шешкеннен кейін еденге аяғын тигізе алмай, қолындағы бейтаныс ұлудай адаммен бірге қайта-қайта айналып-төңкеріліп әлек болған. Уысындағы адам да тыпырлап болар емес. Оң жұдырығын ашса болғаны, ол зып деп шығып кетпек. Үш ғарышкер оның екі бүйірінен ұстап, комбинезонының қаласы бар жерінен іліп-тартып, аяғын еденге жеткізді. Біреуі тездетіп оның жалпақ белдігін тақты. Тек содан соң ғана барып ол жердегі адамша жайбарақат жүріп, орталык зертханаға жетті. Оның автоматты түрде айқара, екіге жарыла ашылған шыны есігінен ішке енді. Жанындағы жігіттер Тәкенді қатаң бақылауға алып, қоршап, оң қолынан әлгінің шығып кетпеуін қадағалады. Жалпақ белдігін де қарап жүрді олар. Бір қарағанда бұл әрекет ауылдағы гүлді өсімдікті далада қуалап жүріп көбелек ұстап алған жас балалардың әрекетіндей көрініп те кеткен еді. Бірақ жағдай осылай болғандықтан бұл әрекет ұлудай адамды ұстаушылардың шын әрекеті болып қана қалған.

Орталық зертханаға келген соң онда алдын ала дайындалған кішкене ғана шыны сандықшаға ұлудай адамды енгізді. Шыны сандықтың жоғарғы жағында ауа кіріп тұратын бірнеше тесіктер бар еді. Шыны қораптың есігі де бар. Бұл негізінен кішкентай ғана бір ұшатын жәндікті ұстап бағуға арналған ыдыс еді. Ол енді мына ұлудай адамға бұйырды. Тек бұл жолы ғарышкерлер оның ішіне ол жатып демала алатын титтей ғана төсек орна- тып үлгерген. Қорапқа адамның қолы әрең сияды. Оның ішіне салынған жәндікті тек саусақпен ғана ұстауға болатын. Бірақ бұл қорап әлі ондай мақсатқа пайдаланылмаған-ды.

Ұлудай адам бұл шыны ыдыстың ішіне жуық арада үйрене қоймады. Бұрқынды, буырқанды, шыңғырды. Оның онан басқа қолынан келер шарасы да жоқ еді. Ғарышкерлер де онысын түсінген. Тәкен енді бұл қорапты ішіндегі ұлудай адамымен бірге өзімен бірге алып жүруге бекінген. Өйтпеске де болмайтын еді. Әзер ұстаған адамды кездейсоқ босатып алуға болмайды. Ол кез келген уақытта қашып шығып та кете алады. Оның ондай жасырын әрекеттерін адамның байқамай қалуы да әбден мүмкін. Тәкен осы жағын ойлаған. Әрі ол ұлудай адамның денсаулығы, көңіл-күйі мен тамақтану мезгілдерін мұқият қадағалап отырмақ. Кеме басшысының бұл ұсынысын бәрі де қолдады. Ұлудай адамның денсаулығы тағы бір бақылағаннан кейін ғарышкерлер оны өздерімен бірге алып, оған оттегісі мол ауа жұтқызу үшін оранжереяға тартты.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет