Жасампаздық қиырында



бет9/18
Дата20.06.2018
өлшемі406,43 Kb.
#43874
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   18

СЫҒЫЛУ АЙМАҒЫНДА

Кіші әлемге қайта оралған ғарышкерлер майда ғаламшарларды дұрыстап бақылап-зерттеуді шындап қолға алды. Өткен жолы жіберіп алған әттегенайларын түзеуге тырысқан. Басты мақсаттары да осы ғажайып кіші әлем жөнінде толық ғылыми мәліметтер алып, оны тезірек Жерге, елге жеткізу еді. Өткен жолы ондай әрекеттерінің сәті түспеді. Мұндағы ең үлкен деген ғаламшардан ұшып шыққан топ-топ майда ғарыш кемелерінен өз кемелеріне оқ жаудырылған. Олардың нендей себеппен олан еткендері болса да әзірге жұмбақ-ты. Өз қолдарындағы ұлудай адам да олардың ол ниеттерін ашып айтып бере алмаған. Сол себептен кеме ақауы түзелгеннен кейін осында қайта оралуға тура келген.

Ғалым-ғарышкерлердің түсініктерінше, бұл өзінше бір бөлек ғажайыг кіші әлем. Жалпы, үлкен жарылыстан бастау алған Ғаламдық кеңеюдік де кеңістіктің барлық жерінде бірдей болмауы әбден мүмкін. Fаламның түрлі-түрлі аймақтарында қаншама құбылыстар өтіп жатады. Кей жұлдыз кенеттен жарылысқа ұшырап, сығылып, ергежейлі жұлдызға айналып одан әрі қарай ойыққа көшеді. Енді бір жұлдыз жарығын бірде көбейтіп бірде азайтады. Тағы бір жұлдыз кеңістікте біреу қуғандай зымырап кеп жүйткиді. Ғаламда бұлардан өзге де ғажайып құбылыстар көп-ақ. Енді міне, мына құбылыс та солардың бірі болып ғалым-ғарышкерлерді әлі де таңдандыруда. Жұлдызаралық сапарда дәл мұндай әлемге жолығамыз деп ешқайсысы да ойлап көрмепті. Дегенмен де біршама мұқият зерттеуден кейін астрофизик Сәрсенбі Сапарұлы бір құпияны ашқандай елең етті.

- Достар, сенесіңдер ме, сенбейсіңдер ме, өздерің біліңдер, біз қатер алдында тұрмыз, - деп мәлімдеді ол достарын көзімен шолып өтіп, - біз сығылған кеңістікке тап болыппыз! Енді бұл кеңістіктен тезірек аман- есен шығып кетпесек, онда біз де ұлудай адамдардың кейпіне түсеміз! Солардың тағдырын қайталайтын боламыз!

- Мұны қалай түсінуге болады?- деді Тәкен жайбарақат тұрған адамдай болып, ішінен бір қиындықты сезіп-білсе де.

- Өткен жолы біз мына алапат кемемізден бұл кеңістіктегі сығылу аймағына жақындаған жоқ едік, - деді астрофизик үлкен иллюминатор әйнегі арқылы сыртқа көз тастап алып, - сондықтан да біз пәлендей ештемені сезген жоқ болатынбыз. Енді қараңдаршы, уақыт санап бойымыз қысқарып барады. Ал мына алапат кемеміз онан сайын кеңи түсуде. Енді біраз тұрсақ, жаңағы айтқанымдай, ұлудай адамдарға теңелеміз.

- Сонда мына Ғаламның кеңеюі мен сығылуы адам организмінің мүшелерінің әрқалай өсетіні сияқты болғаны ма? деп барып Жақан ойға батты.

- Достар, қараңдаршы өздеріңе, - деді сол кезде Сейдолла Тұрсынұлы қабырғадағы айнаға қарап алып, - менің бойым әуелдегіден расында да аласара бастаған сияқты. Осыдан біраз уақыт қана бұрын айнаға емін-еркін қарай алатын едім. Енді бойым сәл жетіңкіремей, аяғымның астына бірдеме қоюға тура келетін сияқты.

- Ендеше не қиындықты күтіп тұрмыз? Сығылу кеңістігінен шығайық та тезірек! - деп дегбірсіздене бастады Сәлмен Әбдіғаппарұлы.

- Дұрыс айтасың! - деді оған Тәкен бірден келісімін беріп, - кемені сығылу аймағынан тездетіп әкетейік былай...

- Сонда біз қара ойықтың тарту аймағына тап болғандай болып тұрмыз ба? - деді сол кезде геолог Азамат Амангелдіұлы.

- Дәл солай! Бұл тек кеңістік! - деді оған Сәрсенбі.

- Сонда бұл кеңістік өзінің кеңею кезеңінен өткен бе?

- Иә. Ғаламдағы барлық кеңістік бірдей кеңейіп, бірдей сығылмаса керек! Мынау өзі тап бір қара ойық сияқтанып өзінше бөлек сығылған кеңістік аймағы ғой! Былайша түсіндіргенде, адам денесінің бір жерінің жүйке тартылысынан тартылып қалғаны сияқты ма? - деп сәл ғана езу тартқандай болды Жақан.

- Кәне, жігіттер, тездетіп әрекет жасайық, - деді осы кезде Тәкен дегбірсізденіп, - уақыт кетіп барады! Бізге енді көп тұруға болмайды мұнда!

Осы сөзден кейін ғалым-ғарышкерлер тездетіп кеменің қозғалтқыш жүйелерін іске қосып, кемені сығылу аймағынан шығару әрекетіне кіріскен еді, кенет ұлудай адам дыбыс күшейткіш арқылы;

- Ғаламшардың әскери ғарыш кемелері бізді қоршап алды! Олармен тілдескен де жөн болар!-деді. Тәкен бұл сөзге елең етіп, иллюминатордың қалың әйнегі арқылы сыртқа қарап, шын мәнінде кемені қоршай, шеңбер жасай ұшып жүрген, жұлдыз сәулесіне жылт-жылт еткен көптеген майда ғарыш кемелерін көрді. Олар минут санап кемеге жақындап келеді. Әп-әдемі шеңбер түзеген. Ол шеңбер ара-тұра кішірейіп те алады. Тәкен енді не шешімге келерін білмей тұрып қалды. Басқалар бұл кезде ештемеге қарамастан кемені сығылу аймағынан тездетіп шығарудың әрекетіне кірісіп кеткен. Ал майда кемелер болса, адамды қуған топ бал араларындай болып кемеден қалмай ұшып келеді. Олар тіпті, уақыт өткен сайын ұлғая да бастағандай болып көрінеді. Екі жақты қысымға тап болған ғалым-ғарышкерлер енді сәл уақытқа кідіріп қалған. Кемені қоршағандармен тілдесіп қалған да артық болмас еді. Бұдан кейін мұндай сәттің кездеспеуі де мүмкін. «Мына сығылу аймағынан аман-есен бір шығып алсақ, бәрі де қалпына келеді. Сәл шыдасақ, мына ғажайыптардың сырын да ашамыз. Негізгі көздеген мақсатымыз да орындалады. Ал содан соң Жерге ораламыз», - деп ойлады осы кезде Тәкен. Содан соң кемені шамалы уақытқа баяулатуды қолдады да;

— Бізді қоршағандармен тілдесейік! Олар не дер екен? Бәлкім, бұлар бұл кеңістіктің сығылу себебін түсіндірер бізге? Қозғалтқыштардың жұмысын уақытша тоқтата тұрыңцаршы, - деді.

— Біз қиын жағдайдамыз, Тәке? Бізге мұнда енді бір секундқа да кідіруге болмайды!-деп дегбірсізденді осы кезде Сәрсенбі.

Бірақ Тәкеннің бар көңілі жыпырлаған майда кемелерде еді. Олар алапат кемені байқаусыз ғана қоршап алған. Өздері анау-мынау істерімен әлек болып жүргенде, ғаламшарлықтар ұшып келіп те қалыпты. Жасаған шеңберлері де бірте-бірте кішірейіп келеді. Тәкен әлі де болса олардан үмітін үзер емес. Иллюминатордан сыртқа қарап тұрып қалған. Бірақ есілдерті солай қарай ауғанмен де денесінің кішірейе бастағанын сезінген. Адам жазылмайтын ауруға ұшырағанда оның организмі әлсіреп, қолайсыз сезім тудырады. Ондайда адам өзінің бұл жарық та жылы дүниеден біржолата кетіп бара жатқанын сезініп, қай нәрсені де жылдам жасауға тырысады. Жайбарақаттықты ұнатпайды. Қазіргі жағдайлары да тап сондай бір сезімге ұқсаған еді. Денелері кішірейе түскен сайын қай қайсысы да бір қолайсыздықты сезіне берген. Ал Тәкеннің қазіргі мақсаты мына бейтаныстармен бір тілдесіп қалу. Сондықтан да ол енді сырттағы дыбысты қабылдап, іштегі дыбыс күшейткіштерге беретін жүйелерді іске қосты. Сол заматта кіп-кішкентай бір кеме тұп-тура иллюминаторға жақындап ұшып келді. Бұл көрініс ғалым-ғарышкерлерге су тереңіндегі кеменің иллюминаторынан қандай да бір су асты тіршілік иесіне қарап тұрғандай бір сәтті көз алдарына елестетті. Кеңістік те өзінше бір терең де кең мұхит. Ғаламат мұхит. Су астында болғанда да тап осылай иллюминатор арқылы қарауға тура келер еді.

Көп майда кемелердің әлгісі иллюминаторға мейлінше таяп ұшып келгенде, ол кеменің ішінен бірнеше ұлудай адам көрінді. Тәкеннің күткені де осы еді. Ол дереу байланыс жүйесін іске қосты. Іштегі ұлудай адамды перде тұтқандай алдына ұстай қойды. Ол да тіріле берген. Өздерінің адамдарына қарап қол бұлғайды. Ғалым-ғарышкерлер олармен тілдесуге көшті. Мұндағы ұлудай адамның тілін білетіндері ғалым-ғарышкерлерге үлкен пайда болды. Көп қиналмай сөйлесіп те кетті.

- Сіздер кімдерсіздер?-деп бастады кішкентай кемедегі ұлудай адамдардың басшысы.

- Біз өзіміз Күн деп атайтын жұлдыз жүйесіненбіз. Өзімізді адам деп атаймыз. Жер делінетін ғаламшарда тұрамыз. Ең биік деген адамдарымыздың бойы үш метрге жетеді. Біз оны метр делінетін өлшеммен өлшейміз. Ергежейлілеріміздің бойлары бір метрге де жетпейді.

- Түсіндік, - деді ғаламшардағы дамыған елдің басшысы, - біздің ең үлкен дегендеріміздің қандай екенін көріп-біліп тұрсыздар.

- Сіздердің мұншалықты майда болуларыңызға бір жағдай себеп болып па еді, әлде о бастан солай жаратылғансыздар ма?

Ұлудай адамдардың басшысы сәл ойланып барып сөзін жалғады.

- Жоқ. Біздің ата-баларымыз о баста ірі адамдар болтан. Келе-келе мына өзіміз тіршілік етіп жүрген ғаламшарымыз бар жұлдыз шоғырындағы кеңістік уақыт санап сығыла берді. Ол сығылу уақыт өткен сайын жылдамдады. Оған қарсы еш шара жасай алмадық. Амалсыздан сол кішіреюге бейімделе бердік. Барлық тұрмысымызды денетұрқымызға қарай қайта бейімдедік. Fаламшарымызда ара-тұра болса да сол ірі кезде пайдаланылған кемелеріміз бен көліктеріміздің сақталып қалған қалдықтары бар. Бірақ олар енді бізге қажетсіз.

- Тәке, қозғалайық! -деді сол кезде арадағы сөзге киліккен астрофизик Сәрсенбі, - біздің кішіреюіміз жылдамдап барады. Енді біраз кешіксек, сырттағылармен теңесеміз.

- Сіздер, - деді Тәкен қолындағы сағатына қарап алып, - тағы не сұрайын деп едім... Сіздерге бізден қандай да бір көмек қажет пе?

- Жоқ, — деді сырттағы кемедегі ұлудай адамдардың басшысы,

- ешқандай көмектің қажеті жоқ. Сіздерге айтатыным, бұл сығылу аймағында ұзақ қалуға болмайды. Тезірек алыстаңыздар бұл аймақтан.

Әйтпесе... . .

— Тәке, кетелік. Енді сәлден соң мына алапат кемемізді басқара алмайтын күйге жетеміз, — деді Сәрсенбі тағы да дегбірсізденіп.

- Жарайды, мына сығылу аймағынан тезірек шығайық!- деп сөйлеген кезде Тәкеннің дауысы шықпай да қалды.

Бірақ ғалым-ғарышкерлер бір бірлерін жақсы естіп, жасқы түсініп тұрды. Тәкеннің бір алданышы, өзінің кішірейе бергенімен қатар, иллюминатордың арғы жағындағы бөтен кемелер мен олардың ішіндегі ғарышкерлердің көз алдында ұлғая бергені еді. Тәкен сол құбылыстың әрбір секундын бос жібермей қадала қараған-ды. Сөйтіп тұрып керісінше, өзі кішірейіп кеткенін де байқамай қалған. Енді басқару пульті де алапат нәрсеге айналды. Бәрі де бір ғаламат көрініс. Басқару панеліндегі әрбір түйме де үлкен-үлкен тақтаға айналған. Енді оларды нұқып басуға ешқаисысының да әлдері келер емес. Бұл енді алапат арал кеменің кішкентай ғаламшардың төңірегінде оның мәңгілік серігіне айналғанының белгісіндей де көрініс еді.

Тәкен бұл құбылысқа әлі сенбеді. Айнала-төңірегіне қарайлай берген. Осы кезде бойларын бір түсіксіз үрей билеген ғарышкерлер хайуанаттар мен құстар бар бөлімге қарай жүрген. Жол енді ұзақ еді Әншейінде әп-сәтте жетіп баратын дәліз жолы енді қала мен даланын арасындай. Солай бола тұрса да тезірек жету үшін ғарышкерлер солай қарай өкпелері өшкенше жүгірді. Содан бір кезде қарсы алдарынан алапат қақпа-есік кезікті. Әдетте, ол қақпа-есік өздері жақындаған бетте екіге жарыла ашыла кететін. Енді еден астындағы қосымша түймені басатын салмақтары да қалмаған Еш болмаса, ергежейлілердей болсашы, жоқ, бар болғандары ұлудай ғана еді Жерден кездейсоқ осы кемеге ғарышкерлер келе қалса, олар бұларды оңайлықпен таба да қоймас. Бұл енді белгілі нәрсе де. Ғалым-ғарышкерлер қақпа-есікті аша алмаған соң, оң жақтағы дәлізге түсіп, оранжерея бөліміне қарай жүгірді. Бірақ оған кіретін қақпа-есік те ашылмады. Болмаған соң ғарышкерлер қайтадан желөкпе болып басқару пульті бар бөлімге оралды.

Ғарышкерлер үлкен иллюминатор арқылы әлгі топ-топ ғарыш кемелерінің әлі де болса кемені қоршай айнала тынымсыз ұшып жүргендерін көрді. Осының алдында ғана ол кемелер түнде ұшып, жарық сәулесіне шағылысып жылт-жылт еткен ұшатын қоңыздардай ғана әсер берген болатын. Енді олай емес. Олардың әрқайсысы қатерлі кемеге айналған. Өздері алғашында байқамаған қарулар да әрбір кеменің қабырғасында самсап тұр. Елемеген ұлудай адамдар да енді өздерінен денелі көрінген. Тәкен осыған көз жеткізгенде өзін қоярға жер таппады. Ғаламат алып болып, ғаламат күшті, айлалы бола тұрып, күтпеген жерден өздері бақылап, ермек етіп, келеке етіп жүрген ұлудай ғана адамдарының алдында осыншама кішірейіп, олармен теңесіп қалғаны қандай ауыр еді. Тәкен де, басқа ғарышкерлер де ұл кезге дейін адам баласына қиянат-зорлық жасап көрген жандар емес. өздерінен әлсізді мазақ етіп, олардың намыстарына да тиген емес. Бірақ, кезінде, үлкен кезде пенде болғандықтан ұлудай адамды алақандарында ұстап, аса елемей, дәрменсіз тіп-титтей саналы тіршілік иесі деп қана қарағандары ар. Ал серіктері оны біраз ермек етіп, жүріс-тұрысына, тіршілігіне, өмірге деген құштарлығына мәз болысқан. Сол адамдар енді міне, енді өздерімен бірдей болып теңесіп шыға келді. Тіпті, олардың әскери техникалары да ештемеден кем емес. Тәкен өздерінің сығылу аймағында осындай күйге ұшырағандарына әлі де болса да сенгісі келмеді. Ол әлі де болса да бұл құбылысты кемені қоршаған кемелердегі әскери жауынгерлерді көрді.

Алапат кеме ішін шарлап, талай дәліздерді басып өткеннен кейін бәрі аршап та қалды. Тәкеннің ендігі бір қуанышы мен алданышы өздері кішіреюге ұшырамай тұрып кемедегі барлық басқару жүйелерін автоматты күйге ауыстырып үлгергендері еді. Оған қалғандар да шүкіршілік етіп, іштей қуанған. Өйткені, кемені енді қолмен басқару еш мүмкін емес. Егер алапат кеме мына сығылу аймағынан аман-есен сытылып ұшып шықса, онда өздері бірте-бірте бұрынғы үлкен қалыптарына келулері де әбден мүмкін. Тек оған мол уақыт керек. Осы кезге дейін жасаған жастары қайтадан басынан басталса ғой. Онда кәне, оны тек тағдырлары ғана көрсетеді. Ең басты мақсат, енді мына тығырықтан шығу болып тұр. Енді ғарышкерлер мұндағы өзге жүйелерді зерттемек түгілі өз бастарымен қайғы болып та кеткен. Кемені қоршағандар да енді кеменің ішіне кіруге талпына бастағандай. Ғаламшар тұрғындары кеменің алдыңғы жағындағы үлкен иллюминаторға жақындағанда бұлар қуана бастады. Өйткені енді алапат кемені тастап, тіршілік әрекетіне көшкеннен өзге ештеме де қалмаған еді.



ТЕҢЕСУ

Ғаламшардан ұшып шыққан топ-топ кеме бөтен кемені қоршай ұшып, әбден бейнефильмге, суртке түсіріп алған соң оның ішкі жағын мұқият зерттеп алуды жөн санаған. Алғашында бәрі де осыдан бұрын түсіріліп алынған алып ғарышкерлерді көреміз деп үміттенген. Бірақ кемедегілермен тілдесіп, таныспай жатып-ақ көз алдарында кішірейіп өздерімен теңескен адамдардың куәсі болды. Ол адамдар өздерінің киімдерінің ішінен әзер жыбырлап шыққан. Содан кеме дәліздерінің ішінде олай да, былай да жүгірді. Түрлі бөлмелерін тексермек те болды. Бірақ оларынан ештеме шығара алмады. Енді олардың әлдері ештемеге, тіпті, осының алдында ғана сұқ саусақтарының ұшымен ғана нұқи қоятын түймелерге де әлдері келмейтін күйге түскен. Ғаламшарлықтар ғарышкерлердің кеме ішінен әлденені іздегендерін де байқаған. Ол киім еді. Ал өздері осы кезге дейін киген киімдерінің матасы да торкөзденіп кеткен. Онан енді киім тігу мүмкін емес. Сондықтан да олар сөйтіп өздерімен тағы бір жағынан- жалаңаштық жағынан теңесті.

Бұрын-сонды киімсіз жүруге үйренбеген ғарышкерлер алғашында қатты ұялды, иллюминаторларға жақындауға батпады. Тек кейіннен жартылай киініп, бері қарай алатын жағдайға жетті. Қастарындағы ұлудай адам деп аталған адам да енді ғарышкерлердің қай қайсысынан да үлкен. Олар ұлудай адам деп санаған басқа тұрғындар да енді олардың өздеріне таңданыспен қарай бастаған. Ендігі ел басшылығының алдында тұрған қиын нәрсе, бөтен кемеге қалай ену болатын. Бірақ уақыт өте келе оның жолы да табыла бастады. Кемеде сырттан заттар қабылдайтын құбыр да бар екен. Сол арқылы кеменің бірнеше бөліміне өтуге болады. Бірақ тіршілік бөліміне өту қиын екен. Ондағы дөңгелек есіктердің бәрі де шынымен-ақ нығыз жабылған. Ол солай болуға тиісті де еді. Егер оларда саңылау қалып қойса, ғарышкерлердің өміріне қауіп төнбек.

Енді екі жақтан да кемеге кіру мен одан шығу мәселесі қозғалды. Ғарышкерлер жеңіл киімнің жөнін тапқаннан кейін иллюминаторға қайтадан жақындаған. Сол кезде сырттағы арнайы ғарыш кемесімен ұшып жүрген ел басшысы алапат кемеге қайтадан жақындай түсуге бұйрық берді. Өзі ғарыш алаңы делінетін алаңға шықты. Сол кезде алапат кеменің иллюминаторының ішкі жағынан өзіне қол бұлғаған жеті адам көрінді.

- Бұлар кешігіп қалды, — деді сол кезде ел басшысының жанындағы адам алапат кеменің көрініп тұрған бір бөлігін көзімен шолып өтіп.

- Түсініп тұрмын,—деді өздерінің тілінде ел басшысы көзін өздеріндей адамдардан тайдырмай, — обал болды. Ертерек ескерту керек еді, бұларға жағдайды. Бірақ қалай ескертпекпіз. Әлі де болса, бұлармен емін-еркін тілдесе алмай жатырмыз.

- Енді бәрі де болады, - деді жанындағы ғалымдардың бірі.

- Бұл да түсінікті. Ал ең ғажабы, ана олардың қасындағы өзіміздің ғарышкеріміздің осы кезге дейін үнсіз жүргені. Оған не жоқ десейші? Бұл да өзінше бір жұмбақ.

- Бәлкім, ол бізді әлсіздердің әлсізі деп санаған болар. Ал аналардың алып кезінде оларға қарсы әрекет жасауға шарасыз болды, - деді ғалымдардың басшысы, - енді ол қарап қалмас. Олармен теңесті ғой.

- Иә, біз олармен теңестік. Өмір теңестірмесе, Ғалам теңестірді, кеңістік теңестірді.

- Ал ендігі жоспарымыз қалай болмақ?

- Жоспар - уақыттың құлы. Уақыт бәрін де бұра алады. Дегемен, бізге алдын ала жоспар жасау да артық болмаған болар еді. Енді уақыт тар. Қане, кеменің иллюминаторына жақындай түсейік. Әзірге барар жеріміз де жоқ. Қалған жағын әскери ғарыш кемелері қоршай ұшып жүрген жоқ па?

Ел басшысының бұл сөзін жанындағылары ешбір қарсы сөз айтпастан қолдады. Екі жақ та әзірге бір біріне ара-тұра қол бұлғап қоюдан әрі аса алмаған. Не істесін, алапат кемені басқара алмаса. Осындай жағдайға тап боламыз деп қайсысы ойлап көріпті. Алапат кеме ішіндегі ел ғарышкерлерінің тілімен байланыса алмай жатуының өзі де байланыс жүйесінің жоқтығынан еді. Өздері радиотолқын арқылы жіберген мардымсыз дыбыс тіпті, кеменің қалың қабырғаларынан, тығыз жабылған есіктерінен өте алмады. Бәрі де қазір кеңістіктегі бір ғаламат денені сыртынан қызықтап қана тұрғандай бір күйде еді. Бір жағынан кеменің сырт пішіні де адам қолынан шыққандай емес, бейнебір табиғаттың өз жаратылысындай көрінген. Алысырақтан қараған ұлудай адамға ол тап бір ғаламшардың өзіндей болып та елестемек. Өзі де солай еді. Осындағы ғаламшардардың орталығы әрі ең үлкені осы кемеден сәл-ақ кіші.

Ал өздерінің кемелері онымен салыстырғанда төңірегінде ұшып жүрген бір түнгі алын қоңыздардай ғана. Кішілердің де кішілері бар. Мұнда кеңістік сығылғанға дейін бәрі де өзгеше болатын. Мұндай кемелерді өздері де басқара алатын. Кеңістік сығылған соң ол кемелер жайына қалды. Оларды басқаруға ешбір жанның күші жетпеді. Кейіннен ғаламшардың көлемі мейлінше кішірейгенде, сол қалпында ғаламат үлкен болып қалған кемелер ғаламшардың тартылыс өрісі әлсіреген соң ғарыш кеңістігіне қарай ұшып кеткен. Олар жұлдызды әлемнің әр бағытында бейберекет ұшып жүр. Көбі сол кеңістіктегі анау-мынау ірілі-ұсақты денелерге соқтығысып, күйреп те кеткен. Ғаламшардың бетінде қалғандары тұрғындардың қажеттеріне айналған, бөлшектеніп кеткен. Кемелердің біразы осы кеме сияқты кеңістіктің сығылу аймағында көп уақытқа дейін мына кеме сияқты айналып ұшып жүрді. Олар да көптеген себептерден бүлініп, бөлшектеніп, ақыр соңында жоғалып кетті.

Содан кейін ел жаңа жағдайға қалыптасқан. Адам бәрін де өзінің дене- тұрқы мен шама-шарқына қарап жасайды. Табиғат қандай дене-мүше, қандай бой мен дене берсе, адам соған сай киім киіп, жатар төсегін де сол дене-тұрқына лайықтап, тамақтанатын ыдыс-аяқтарын және басқа да күллі тұрмыстық-техникалық құралдары мен көліктерін соған лайықтайды. Кеңістік сығылып барып тоқтағаннан кейін ғаламшарлықтар өзге әрекетке амалсыз көшкен. Бұрын кеңістікті ғарыш кемесімен шарлай ұшып, ғаламшарларды зерттеп жүрсе, енді бүкіл тіршілік әрекеттерін ғаламшар бетіне ыңғайлауға тура келген. Бәрін де өздерінің дене-тұрықтары мен күш-қуаттарына лайықтаған. Бәрі де басқаша бөлек сиапат алған. Адам қаншалықты кішірейсе, ғаламшар да соған сай сығылды. Сондықтан да ғаламшардың өзінде де көптеген өзгерістер орын алды. Сығылудың салдарынан ғаламшар бетін топан су басу, жанартаулардың атқылаулары мен жер сілкінісі және тағы басқадай қиын құбылыстар болып өтті. Бірақ бұл жолы адам баласы өте саналы, білімді, техникалы болғандықтан ол апатты жеңе білді. Адамдар су астында арнайы сүңгуір кемемен тіршілігін жалғастырды, тау мен тасты паналады, кейіннен тегіс жерге үй сала бастады қайтадан.

Бәрі де бір кездегі өздері менсініп, елеп қарамайтын, өлтіргісі келсе, екі саусақтың арасына қыса салатын ұлудай көлемге кішірейген соң тұрмыс-тіршіліктерін де сол үлкендіктеріне лайықтаған. Бүгінде ұлулар өздеріне үп-үлкен тіршілік иесі болып та көрінген. Енді осы ұлулардың өздерінен де сескенетін күн туған-ды. Мына алапат кеме ішіндегілер де егер жеке ғаламшарда, осындай кеңістікте болса, сол табиғаттың көрінісі мен көлеміне қарай бейімделеді. Табиғатта да аз өзгеріс болмайды. Әуелі ғаламшардың өзі сығылады, сонан кейін оның басқадай тіршілік иелері осындай әлем кішіреймек. Адам баласы киімді өзіне қалай лайықтап кисе, табиғат та бар нәрсені өзіне лайықтап алғандай. Сығылудан кейін де әр нәрсе өз орнын тапқан. Өмірдегі қайбір нәрсе де өзінің реттілігін сақтайды. Алғашқы кезде тек кішіден үлкенге қарай ұлғаятын, өсетін. Сығылудан бастап бәрі де өздерінше кішірейе берген. Бірақ ғаламшар тұрғындары мұндай сығылуды ешқашан да күтпеген еді. Жалпы, Ғаламның ұлғайып бара жатқаны, оның бірде болмаса да бірде қайта сығылуы мүмкіндігі жайлы түсінік бұл ғаламшарда о бастан бар еді. Оны көзі ашық әрбір адам білетін. Бірақ мына кеңістік, былайша айтқанда ғаламшарлар шоғырының сығылуы күтпеген құбылыс еді.

Енді амал қанша, сенсе де, сенбесе де болар іс болды. Мұнда тап болған кез келген алып адам осыны басынан кешеді. Кішіреймейтін тек жансыз денелер ғана. Онда да жансыз денелер адам қолымен кішірейтіледі. Олардың көбі байқалмайды да. Сығылуға төтеп береді немесе күйрейді. Ел басшысын қатты ойлантқан да осы күйреу еді. Алапат кеменің қаншалықты мықты етіліп жасалғаны белгісіз еді. Ал оның кенеттен күйреп кету мүмкіндігінен іштегілер әзірге мүлдем бейхабар да еді. Ал әзірге ғаламшарлықтардың басты қуаныштары алып адамдардың кішірейіп өздерімен теңесуі еді. Сондықтан да енді алғашқыдағыдай сескену емес, керісінше, оларды аяушылыққа деген сезімдері күшейе берген. Ендігі мақсаттары да осы ғаламшардай алапат кеменің ішіне қалай дегенде де ену. Ғаламшарлықтар енді сол әрекетке шындап кірісті.

КЕМЕДЕГІ АРПАЛЫС

Бұл кезде алапат кеме ішіндегі қазақ ғарышкерлері де қарап қалмаған еді. Олар да кемеден шыгудың әрекетіне кіріскен. Басқа амал қалмаган да еді. Көз алдарындағы ғажайып ғаламшарға қызыға қарағандары қашан. «Әттең, кішкентай, мына алапат кеме қона алмайды, әйтпесе, қонып, та- маша қалаларын аралап, елмен тілдесіп, табигатынан Жер табиғатынан алгандай лэззат алар едік-ау» деп ойлаған ғарышкерлердің армандары да енді тап бір періштелердің құлақгарына жете қалғандай орындала кеткен.

Ал мына өздері Жерден мініп ұшып шыққан алапат кеме енді бейнебір бұл ғаламшардың тап Ай сияқты мәңгілік серігіне айналып бара жатқандай. Жердің сол жалғыз табиғи серігі Айды да бір кездері ғалымдар әлдебір мәдени дамуы жоғары адамдардың қолымен жасалған алапат бір жұлдызаралық кемесі емес пе екен деп те болжалдаған. Бірақ Ай олай болып шыққан жоқ. Оның есесіне, енді мына өздері Жерден ұшып келген алапат кеме тап сол Айдың өзіндей болып қалған. Кеменің пішіні де шар тәрізді. Ал сырт қабырғасы ұшу барысында жол-жөнекей соқтыққан ірілі-ұсақты мың-сан майда қазаншұңқырлар пайда болған. Егер өздері бұрынғы алып адам күйлерінде болғанда, кеме қабырғаларында пайда болған осы мың-сан майда қазаншұңқырлар жай бір жыпырлаған бедер сияқтанып байқалмаған да болар еді. Енді ұлудай адам дәрежесіне дейін кішірейген соң-ақ ол қазаншұңқырлар адырайып-адырайып шыға келген. Кіп-кішкентай жұлдыз ғана деп санаған жұлдыз да енді Күн жүйесіндегі Күннің тап өзіндей болып қалған. Ғалым-ғарышкерлер енді ұлудай адам деген адамды да алақандарына ала алмайды. Өйткені ол енді өздерімен тең дәрежелес.

Кеме ішіндегі тіршілік үшін басталған арпалыста ол ғарышкерлерге көптеген ақыл-кеңестер де берген. Тек ол ма, ұлудай адамға кішірейген соң көру қабілеті де, есту қабілеті де өзгерген. Бұрын естімеген дыбыстарын енді ап-анық естиді. Бұрын көре алмағандарын енді ап-анық естиді. Қысқасы, ұлудай деген адам, енді бәрін де тез біліп алатын қабілетке ие болды. Осыдан кейін-ақ ол ғарышкерлермен тең дәрежеге жеткен. Бұл кезге днйін ұлудай адам көптеген нәрселерді айтатын дәрежеге жеткен. Бұл кезге дейін ұлудай ғалым-ғарышкерлердің алыптықтарынан қорқып, бар білетін нәрсе ішінде жасырып келген екен, енді ол бәрін де жасырмай тусіндіруге көшкен. Сырттағылармен байланыс ұстаудың әрекетіне кіріскен. Тек енді алапат кеменің люктерін ашуға үлкен күш те керек еді. Оған сығылу қысымы да қосылып тұр. Оны ұлудай адам бұдан бұрын да сезген. Бірақ ол; «Бәлкім, бұл сығылу өзге жұлдыз жүйесінен келген алып адамдарга әсер ете қоймас» деп те ойлаған. Енді теңелген соң алдағы тағдырлары да, тіршіліктері де ортақ сияқтанған.

Сырттағылар әлі де болса кемелеріндегі қуатты қаруларынан кеме қабырғасына қарай оқ жаудырып жатты. Ондай атқылаулар алып адам кездерінде түн қоңыздарының байқамай жанып түрған шамға ұшып келіп соқтыққандарындай ғана әсер беретін. Енді әрбір жарылыс жанар таулар атылғандай қорқыныш тудырады. Ғалым-ғарышкерлер алғашында ол жарылыстардан қатты сескеніп те қалған-ды. Кейіннен үйреніп те кетті Себебі, өздері Айдың ішкі жағындағы ғарышкерлер қалаларында талай рет болған. Сонда жүргенде де Ай бетінедегі түрлі техникалардан болған дүрсіл мен жанартау атқылаулары, аспаннан түскен метеориттердің соққысы алапат деген Ай денесін дірілдетіп жібергендей болатын.

Сондай бір күндерді де кезінде бастарынан кешкен ғалым-ғарышкерлер кеме ішінде тіршілік үшін ерекше бөлек бір апалысқа көшкен еді. Ұлудай адам деген жаңа атқа ие болса да намыстары бойларында еді. Ұлудай адам да тынымсыз. Ол да бұл қиындықты жеңудің жолын іздеуде. Бұдан бұрынғы алып ғарышкерлердің өздерінің бір табандарының өзі қанша жерді жабатын еді. Енді сол табан басатын жердің өзін бұлар біршама уақытта жүріп өтеді. Кішіреюдің басты бір мәні де осында. Бірақ адам болған соң, саналы болған соң, қанша кішірейсе де жылдам қозғалады, жәндіктерден гөрі саналы да айлалы түрлі әрекеттер жасайды. Бұл, болса да, саналылықтың құдіретінен еді. Тәкен ештемеден сасқан жоқ. Ол алдағы жақсылықтан да үмітін үзбеген. Мұндай жағдайда, табандылық пен батылдық керек. Егер кішіреймеген болса, сол баяғысынша жүрсе, онда мәселе басқаша болар еді. Ал қазір, ең бір қарапайым әрекет-кеменің есігін ашудың өзі де қаншама қиынға соғып жатыр. Хайуанттар болса да мұндай жағдайда дәл саналы адам сияқты өздерін өздері айламен қорғай бермейді. Ал адам баласы күш жағынан кем болса да сол айла-әдісімен небір күштіні оп-оңай жеңе алады. Адам болып жатқан нәрсенің бәрін де санамен саралайды, әрекетті ақылдасып жасайды, ал хайуанат бейшаралар болса да ондайға жоқ.

Егер енді басқа бір жұлдыз жүйелерінен кәдімгідей адамдар осында келе қалса да ғалым-ғарышкерлердің мына күйлеріне еріксіз таңданар еді.

Бұлардың басты қайғылары да сығылу аймағында ұзақ қалып қойғандары. Сол қателік ешқайсысының да көкейінен кетер емес енді. Айла мен ақыл бәрінде де бар. Тек соны орынды қолдана білсе. Барлық жүйе де алып кездеріндегідей көз алдарына елестеген. Басқасын былай қойғанда, енді өздерінің де тамақ ішетін ыдыс-аяқтары мен қасықтары ұлғайып кеткендей. Ендігі бар үміттері де сырттағыларда еді. Тәкен осының бәрін ой-елегінен өткізсе де, іштей әбіржи қойған жоқ. Қайта бұрынғысынан да ширай түскен. Бәрі де күш-қуаттарын жинап, сырттағылармен тіл табысудың жолын іздеуде. Тек олармен тез тіл табыстыра қоятын құралдың қолдарында жоқтығы. Ол енді қайдан бола қойсын. Ондай құрал енді ғаламшардағыларда ғана болмақ. Сырттағылар енді өздерінің қандай да бір құралдарымен алапат кеменің кіріп-шығар есігінің кілттенген жерінен саңылау жасауды мақсат тұтқандай.

Басқа амал да қалмаған сияқты. Кеме қабырғасын бүлдіруге тағы болмайды. Бұл енді осы ғаламшардың ең жақын және мәңгілік тұрақты серігіне айналмақ. Ғалым-ғарышкерлер оны болса да біледі. Олар ашық қалған есіктер арқылы емін-еркін өтіп жүрді. Өздері кішіреймей тұрған кездегі табиғат бұрышындай музейі де енді тап сол оранжерея бөлімінің өзіндей болып ұлғайып-ақ кеткендей. Егер осы бойда Жерге қайта оралар күн туса, ондағы табиғат та ғаламат бір әлемге айналып кетер еді. Өздері үшін оның шегі де болмақ емес. Ондағы бір кездегі өздеріндей адамдарға тап бір ұлудай адам болып көрінбек те. Мұндай әлемге тап боламыз деп, мұндай күйге түсеміз деп ешқайсысы да ойламаған. Жер ғаламшарындағы туыстарынан тараған ұрпақтардың ұрпақтары да енді ешқайсысын елей қоймас. Тәкен де бұл жағын ойлап, оны көз алдына елестетпей қалмаған. Бірақ, амалдары қанша, болар іс болды. Ендігі қолдан келер шара біреу ғана. Ол мына сығылу аймағынан қалай дегенде де ығысып шығу. Тек осы әрекет қана өздерін бар қиындық пен құбылыстан құтқаратын сияқты.

Тәкен өзі бастап қайтадан хайуанаттар бөліміне келді. Оған кірер есік әлі де сол жабық күйінде еді. Оны біліп тұрса да, оны қалай дегенде де ашу бірінші міндет еді. Бұл есік әншейінде жақындаған бетте өздігінен ашыла кететін. Қазір бәрі де ұлудай ғана адам қалпына түскен соң да есік те бір кең даланың ғаламат бір қақпасындай болып тұр. Ғарышкерлерге енді есікті ашатын жүйелерді іске қосатын қосымша түймені басудың айла- тәсілін ойлап табуға тура келеді. Өздері бұрынғы қалыптарында болған кезде ол кіп-кішкентай ғана ноқат болатын. Енді ол үлкен бір дөңгелек зат. Ал оны басуға ешқайсысының да шамасы келер емес. Жақындай бергенде іске қосылып, есікті ашатын автомат жүйеге де белгілі сапмақ қажет. Ол жүйе есіктің астыңғы жағына орнатылған. Ал өздерінің ендігі салмақтары түйменің салмағына да тұрмайды. Мұндай да әлсіздік пен пәрменсіздік болады деп кім ойлаған. Енді бәрін де бастарынан кешулеріне тура келіп тұр.

Ғалым-ғарышкерлер бұл өмірде дәл мұндай дәрменсіздікті сезініп көрген емес-ті. Ал мына жағдай адам баласының басына бермейтін жағдай. Ештемеге де әлі келмеушіліктен өткен бейшаралық бар ма екен, бұл дүниеде. Жерде жүргенде өздері жер бетінде әрең қозғалған ұлулар мен жыбырлай жүгіретін құмырсқаларға ес бөліп пе еді? Ұлу, құмырсқа және тағы басқадай көзге еленбейтін, сөйте тұра өздерінше қызу тіршілік кешетін жәндіктерді үлкен адамдар түгілі кішкентай балалар да елемейтін. Кей балалар оны алақанына сапып ойын-ермек те ететін. Енді өздері де тап сондай бір күйге көшкендей. Тек бір жақсысы, бұл жұлдыз жүйесіндегілер де тап өздеріндей кішкентайлар. Егер бұлай өздерінің бұрынғы қалыптағыларындай болса, онда өздері тап сол Жер ғаламшарындағыдай кейбір балалардың ойыншығына айналар еді. Ғалым-ғарышкерлердің көңілдерін сәл де болса орнықтырған да осы еді. Оның үстіне айнала- төңірек кеңістіктің бәрі де тап сол Күн жүйесіндегі кеңістікке айналып шыға келгендей. Бәрі де енді өздерінің осы үлкендіктеріне сай жаратыла салған тәрізді де. Осыдан шамалы уақыт бұрын ғана ұлудай адамдарға «Күллі ғаламшарлар мен жұлдыздар жүйелері қалай жоғалар екен?» деген сұрақтарына ғалым-ғарышкерлер енді жауап іздеп те әуре болмады. Енді бәрін де өз көздерімен көріп, түсініп, түйсініп, сезініп тұр.

Тәкен енді уақыт жоғалтпастан үлкен түйменің үстіне шығып, олай- былай тынымсыз жүгіріп, секіріп-секіріп, оны қозғалтуға тырысып бақты. Бірақ түйедей түйме енді былқ етер емес. Енді оның үстіне геолог азамат, химик Сәлмен, астрофизик Сәрсенбі, биолог Жақан, философ Сейдолла да шыққан. Ұлудай адам болса да жандарында. Түйме тырс еткен жоқ. Бәрінің салмағы жиналып, кәдімгі адамның саусақпен бір басқан күшіне жетпеді. Жетпек түгілі жақындамады да. Сырттағы ғаламшарлықтардың әрекеттері де тап осыған ұқсас еді. Тек олардың кемелеріне орнатылған өздерінен жүз есе, мың есе қуатты қарулары бар. Оларды қолданса, әрине, осы кезге дейін бір әрекет жасалған да болар еді. Бірақ мына кеменің экипажын тірі сақтау тағы қажет. Тәкен де, серіктері де оны жақсы түсінген. Ал бір жағы іште, бір жағы сыртта болып, бір-біріне жете алмай, бір бірімен ауызба ауыз тілдесе алмай жүргендерінің де жақсылығы жоқ-ты. Сондықтан да ғалым-ғарышкерлер бар күш-жігерлерін жұмсап, мына алапат кемеден кеңістікке шығуды көздеді. Егер сырттағылар көмектеспесе, кемелеріне мінгізіп алып кетпесе, онда бұл кемеден кеңістікке шығу да қауіп. Бұрынғыдай скафандрлары мен скафандр-мотоциклдері жоқ. Онсыз сыртқа шыққан бойда тіл тартпай мерт болары сөзсіз. Күтпеген жерден осындай қиын жағдайга түсті ғарышкерлер. Арпалысқаны сол, ат шаптырым алаңдай көрінетін дәліздің бойымен әрі де, бері тынымсыз жүгірумен болды. Бар әрекеттері сол. Ұлудай жәндіктерден басты айырмашылықтары да осы. Басқа қандай әрекет, қандай амал болсын. Өздерінің саусақтарының күшімен ғана басқарылатын кемедегі күллі жүйелер де енді иесіз қалғандай. Ақыр аяғында кеменің бөлімдеріне де өте алмаған. Кеменің бөлім бөлімдеріндегі есіктер тығыз жабылады, олар арқылы тіпті, ауаның өзі де өтпейді. Енді хайуанаттар бөлімінде нендей жағдайдың болып жатқаны да белгісіз еді. Олардың да тап өздері сияқты кішірейіп кеткендері белгілі. Әйтпесе, олар әлдеқашан-ақ есікті соққылар еді. Бір дыбысын берер еді. Ғалым-ғарышкерлер есікті аша алмаған соң қайтадан дәліз бойымен жүгіре басып басқару пульті бар басқы бөлімге келді. Кеменің иллюминаторы да енді бұрынғыдай емес, бейнебір теңі: айдынындай кең еді. Оның ана шеті мен мына шетіне жетудің өзіне де уақыт керек. Ал бұл сәтке дейін ол небәрі адам бойындай ғана болатын.

Тәкен енді өзін қоярға жер таппады. Егер кеме ішінде оттегі мол бол маса, тіршіліктері де қиындамақ. Оның әлі де болса барына да шүкір. Кемедегі ол оттегі енді тіп-титтей болған өздерінің бүкіл өмірлеріне жетеді. Сол сияқты енді тамақ та жеткілікті болмақ. Тек кемедегі ол тағамдарды сақтайтын жүйелер қалыпты жұмыс жасап тұрса болғаны. Бұл жағдайді сырттағылар да сезеді. Бірақ оларды толғандырған басқа да нәрселер бар сияқты. Ол сығылу еді. Тәкен оны сезген. Адам баласының өз қабілетінен айырылып қалғаны кімге қуаныш. Енді қауіп пен қатер деген әрбір минут сайын күшейіп те бара жатқандай болады. Ғарышкерлерге енді шынымен-ақ басқаның көмегі керек. Тәкен енді ұлудай адаммен ақылдасуын жиілетті. Енді дыбысты күшейтетін құралдың да қажеті бола қоймаған. Кей кездері Тәкен ұлудай адаммен ымдап та тілдеседі. Бұл әрекет адам баласының сонау алғашқы адам болып қалыптаса бастаған сәтінен қолданылған әдісті. Оның да пайдасы тие бастағандай. Оның нағыз күні де туған. Ұлудай адам ыммен тілдесуге өте шебер болып шықты. Ұлудай адам енді бірде үлкен иллюминатордың алдына барып, сәл көтеріле ұшып, сырттағы ғаламшарлықтарға ыммен әлденені түсіндіріп үлгереді. Сырттағылар да онысын түсініп, кемелерімен кейде қона салып, іштегі ұлудай адамның ымдағандарын түсінетіндерін білдіреді. Содан соң қайтадан ұшып кетеді. Бәрі де тілдесу мен түсінісудің нағыз әрекетіне көшкен. Екі жағы да солай. Басқа қандай әрекет жасай алсын.


Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет