ЕСКЕ САЛЫНҒАН ҚАТЕР
Үлкен ғаламшар мен оның төңірегінде айналып ұшып жүрген алапат бөтен кеме ішінде болып жатқан оқиғалар осы кіші әлемдегі басқа да ғаламшарлардың тұрғындарын қатты елендеткен-ді. Бүгінгідей ғарыштық мәдени дамудың жоғары дәрежесіне көтерілген халықтар үшін ана ғаламшар мен мына ғаламшар арасына сапар шегу қиын болып па. Соңғы кездері үлкен ғаламшардың төңірегінен кетпей қойған табиғи серікке ұқсас кеменің оқиғасы көрші ғаламшар тұрғындарын да алаңдатқан. Оның басты себебі, өзге жұлдыз жүйесінен келген бейтаныстардың кері қайту жөніндегі әрекеттері еді. Ал олардың кері қайтуы - осы кіші әлем аймағындағы сығылу шеңберін жеңіп шығу деген сөз. Бұл әрекет жөніндегі мәлімет ғаламшардағы ең үлкен елдің басшылығына да жеткен еді.
Ол соңғы кездері үлкен ғаламшарды қатты қадағалауға кіріскен. Мәдени дамуы жоғары елге кеме сабылтып жатудың да қажеті шамалы. Осы бір шағын әлем аймағындағы телебайланыс жүйелері бүгінде өзінің асқан шегіне жеткен. Кез келген бейнені, ақпаратты алу күнделікті үйреншікті іске айналған. Тек ғаламшардағы жаңалық емес, бүгінде екі ғаламшардың басшылары да бір бірінен анау-мынау нәрселерді жасыра алмайды. Аса қатерлі деген қаруларын да құпия шығара алған емес. Мұңдай ашық бақылаудың нәтижесінде ғаламшарлардың бәрінде де бейбітшілік салтанаты өріс алған. Ғаламшарлардагы ел басшылары да осындай жағдайда адам баласына қатер төндіретін әрекетке бара алмайды.
Енді міне, Жерден келген ғалым-ғарышкерлердің жай-күйі жайлы біліп қаныққан көрші ғаламшардағы үлкен елдің басшысы бұл жолы сапарға аттанған. Бұл кіші әлемдегі ғаламшар мен ғаламшар арасына ұшып бару да, оның бетіне қона салу да құстың ұшып-қонғанындай ғана. Сондықтан да ғаламшар тұрғындарына ғарыштық жол таңсық емес. Үлкендеу ғарыш кемесі ел басшысы отыратын зәулім үйдің маңындағы кең алаңға қонғанда іштегілер елең еткен де жоқ. Тек ел басшысы ғана басын сәл изеп, көзін жұмған кезде барып көмекшілері үлкен есікті ашуға әрекет жасады. Кеме есігін ашып-жабу да бүгінде кісіні елең еткізбейді. Негізгі мәселе басқада.
Көрші ғаламшардың ел басшысын осы үлкен ғаламшардың ел басшысы қаншалықты қабылдағысы келмей отырса да орнынан ширақ тұрып, құшақ жая, ежелгі бір туысын жаңа тапқандай құшақтай қарсы алды. Сол замат екі басшының бұл кездесуі мен әңгімелері кіші әлемдегі барлық ғаламшарлардың тұрғындарына телебейне жүйесі арқылы толығымен жетіп жатты. Үлкен ғаламшардың ел басшысы келген мейманның мақсат- мүддесін ә дегеннен-ақ түсінген. Сондықтан да ол дәм-тұзы әрқашан дайын тұратын арнайы асхана-бөлмеге қарай бастап жүрді. Дәм саналы тіршілік иелері үшін де, санасыз тіршілік иелері үшін де бірінші денсаулық арқауы. Сондықтан да бұл рәсімге таңданудың еш қажеті жоқ еді. Үлкен дастархан басына отырып, біраз әңгіме қозғағаннан кейін көрші ғаламшардың басшысы сөзін былай деп жалғады.
- Біз ғаламшарларыңыздың төңірегіндегі кең кеңістікте пайда болған алапат бөтен жұлдызаралық кемені көптен бері бақылап келеміз, - деді ол жақтауы биік орындығына шалқая түсіп, - Жер деп аталатын ғаламшар жайлы да біршама білдік. Онда ірі адамдар тұрады екен. Ол да белгілі болды бізге. Сол ірі адамдардың өкілдері бүгінде өзіміздей болып кішірейіп араларыңызда жүр. Оларға сіздер арнайы үй-аймақ та бөлдіңіздер. Біз сіздердің оларға жасаған ондай қамқорлықтарыңызды тек қуана қолдаймыз.
- Бұл ниетіңізге көп рахмет, - деді оған үлкен ғаламшардың басшысы, -олардан біз ешқандай да жапа шегіп отырғанымыз жоқ. Рас. алғашқы кезде, олар кішіреймей тұрғанда, түсініспей бір-бірімізден қауіптендік. Енді бәрін де түсіністік. Оның үстіне олар қазір бізбен де, сіздермен де бірдей. Тіпті, олардың күні бізге қараған.
- Ол жағы бізге жақсы белгілі, - деді көрші ғаламшардың ел басшысы алдындағы кішкене ыдыстағы салқын сұйықтан ұрттап қойып, - бізді алаңдатып отырған олардың кішіреюі емес. Ғалым-ғарышкерлердің осы ғаламшарда біржолата қалғыларының келмейтіні.
- Ол түсінікті нәрсе... Туған жер кім кімге де ыстық қашанда. Олар да өздерінің туып өскен ғаламшарын аңсайды емес пе?
- Оған менің ешқандай да қарсылығым жоқ, - деді енді көрші ғаламшар елінің басшысы, — тек олардың қайтуынан бізге келетін бір қауіп бар. Меймандардың алапат жұлдызаралық кемесі қуатты айналдырғыштарының қуатымен біздің мына кіші әлем кеңістігінен суырылып шыққан кезде кеңістігімізге шайқалыс беруі де мүмкін. Қандай да бір жұлдыз жүйесінде бір ғаламшар өз айналымжолынан тайып шықса онда не болар еді? Бұл көрініс те тап сол сияқты емес пе? Сіз осы жағын ойлап көрдіңіз бе?
- Ойлағанмын, әрине. Мұны жүйеміздегі кез келген ғаламшардың тұрғындары жақсы біледі. Менімше, сығылу аймағынан тек солар ғана алапат кемелерінің күшімен шыға алады.
-Иә, менің ойымша, олар бізге үлкен қатер төндірмек. Кіші әлеміміздегі ұлы шайқалыс күллі ғаламшарға қатер болмақ.
- Десек те, біз Күн жүйесіндегі өздері Жер деп атайтын тіршілікті ғаламшардан келген меймандардан еш зиян шеккен жоқпыз. Олар да тап өзіміздей адамдар емес пе?-деді алдындағы сусыннан алып, - көршісіне де солай етуді ұсынып, үлкен ғаламшар елінің басшысы, - Оны жаңа да айттым емес пе? Рас, сіздің айтып отырған сөзіңіздің де жаны бар. Күллі ғаламшарлардағы ел біткеннің бәрі де бақылап отыр мұны. Үлкейгенді, жұлдызды әлемді бағындырғанды кім жек көрсін. Кіп-кішкентай болу да өзінше бір кемістік, бақытсыздық.
- Сіз мені әлі де тереңірек түсінбедіңіз, - деді көрші ғаламшар елінің басшысы өзі отырған жұмсақ орындығының биік жақтауына қарай сығыла шалқайып, - үлкен болуды мен де жақсы көремін. Жалпы, адам баласы бұл жарық дүниеге шыр етіп келген сәтінен бастап үлкеюді армандайды. Соған талпынады. Сөйтіп жүріп дүниеден біржолата өтер уақытының таяп қалғанын да аңғармай қалады. Үлкею мен қартаюдың да о дүниеге қарай басқан қадамы екенін де әркез есіне ала бермейді. Пендешілік деген де сол. Менің айтайын деп отырғаным, мына ғаламшар, ғажайып табиғат ортасы жөнінде. Ғаламшарымызды біз тұтастай мына сығылу кеңістігінен ешқашан да шығара алмаймыз. Бұл қай қайсымызға да о бастан жақсы белгілі нәрсе. Ал біз Күн жүйесінен келгендерге еліктеп үлкейіп алдық дейік, ал сонда қалай өмір сүрмекпіз? Өзіңіз көріп те отырсыз, мына алты алып темір адамдардың қатерін. Егер олар жаза басса, күллі халықты, табиғатты табандарымен езіп, күйретіп жібермей ме?
Үлкен ғаламшардың ел басшысы көршісіне қадала қараған күйде кідіріп қалды. Оң қолына ұстаған кесесі де ауызына тақап барып тоқтады.
- Сонда сіз маған қандай ұсыныс айтпақсыз.
- Менің ұсынысым біреу ғана. Ғаламшарымыздың төңірегіндегі алапат кемені жою.
-Жою!?—Үлкен ғаламшардың ел басшысы кеседегі суынан бір ұрттап, дастархан үстіне ыдысын тырс еткізіп қоя салды. - Бұл ұсынысыңыздан туындаған әрекетіміз біздің жоғары мәдени дамуымызға абырой әпермейді. Қыру, жою деген ұғым адамзат санасының балаң кезінде орын алған жоқ па еді? Сіз өткенді қайталағалы отырсыз. Мына күллі жұлдызды жүйемізді апатқа апарып тіремекшісіз.
- Ал сіздердің мына әрекеттеріңіз онан да қатерлі.
- Қалайша?
- Егер ғаламшарларымызда үлкен адамдар пайда бола бастаса, қазіргі табиғат байлығымыз жұқ та болмайды. Ол таусылған соң халық қалай өмір сүрмек? Ғаламшарларымыздағы күллі тамақ пен кен байлықтарын тауысуға жүз алап та жеткілікті. Тек тамақ пен табиғат байлығы ма, қысылғанда олар халықты қыруға кіріседі.
- Ойыңызды түсіндім, - деді үлкен ғаламшар елінің басшысы, - қатер жоқ демеймін. Бірақ Күн жүйесінің ғалым-ғарышкерлері сығылу аймағынан шығып кеткеннен кейін бұл мәселені доғармаймыз ба?
- Адамдар әртүрлі. Қай нәрсені де адам баласы жаманшылық үшін жасамайды. Бірақ соны кейбіреулер өзінің басқа мақсатына пайдалана бастайды. Күн жүйесінен келгендер сығылу аймағынан шығып, қайтадан кеңістігіне еніп, үлкейіп, өз жүйелеріне оралғаннан кейін мұнда ондай ғажайып нәрсені қайталайтындар табылады дейсіз бе?
- Табылады. Оған еш күмән жоқ. Бірақ біз ел басшылары емеспіз бе? Енді кім келе қалса да алдын ала дабыл беріп ондай жағдайға жібере қоймаймыз. Қадағалаймыз.
- Ол мүмкін емес. Патша елге патша деп саналғанымен оның басшылық ететін адамдары айналасында ғана болады. Ал күллі халықты басқаратындар сол патшалықтың айналасындағылар. Солай емес пе? Біздің жарлығымызды тарататындар да басқалар. Бұл жағын да ойлануымыз керек.
- Біздің өзара түсіністігіміз күрделеніп барады, - деді үлкен ғаламшар елінің басшысы, - пікірлеріміз де бір біріне қарама-қайшы. Қысқасын айтқанда, мен алыс жұлдыз жүйесінен келген меймандардың алапат кемесін жоюға бұйрық бере алмаймын. Олар қазір елдеріне қайтуға әзірленіп жатыр. Кемені басқаратын алты алып темір адамды да өздері құрастырып алды.
- Оны білемін, - деді көрші ғаламшардың ел басшысы, - бірақ біз олардың қайтпағандарын қалаймыз. Егер біз олардың кемелерін жоқ етсек, ол жұлдыз жүйесінен екінші рет мұндай кеме келмейтін болады. Ал егер жоқ етпесек, ертеңгі күні ғаламшарымызға қайтадан қауіп төнеді.
- Бұл сөздеріңіздің жаны бар. Біздің кіші әлем кеңістіктегі өрмекшінің торындай ғана жүйе болды ғой. Сол тордың шетіне іліккен ғарыш кемесіндегілер өзімізбен бірдей болып шыға келді. Сонда сіз олардың алапат кемесін жоқ етуді қалайсыз?
- Иә. Әңгімеміздің түйіні де осы.
- Бір бірімізді ренжітіп көрмеген ел басшылары едік. Жақсы, мен айналамдағылармен кеңесейін. Олар не дер екен. Ойға келмеген қатерді есіме салып, ескерткеніңізге көп рахмет.
- Рахмет дейтін ештеме де жоқ,—деп көрші ғаламшардың ел басшысы орнынан тұрды, — уақыт біршама болып қалды. Біздің бұл әңгімелерімізді барлық ғаламшарлардың тұрғындары мұқият бақылап отыр. Енді уақыт жоғалтпай іс-әрекетке кірісейік.
- Әрекет керек. Тек бірөкініштісі, алты алып темір адам сол алты ғалым-ғарышкердің билігінде. Темір адамдардың әрқайсысы ғарышкерлердің әрбірінің ұқсасы етіліп жасалған. Темір адам мына патша мені де, қарапайым халықты да таңдап-талғап жатпайды. Олардың «милары» Күн жүйесінен келген ғарышкерлердің миларымен биоток арқылы байланыстырылған. Сондықтан да олар бізге бағынбайды.
- Мұндай болса, біз өзімізді тыңдайтын, бұйрығымыздан шет шықпайтын өз темір адамдарымызды жасап аламыз.
- Ал олар күндердің бір күнінде өз ғаламшарымызға, күллі халқымызға қатер төндіріп жүрмей ме?
-Жоқ.
- Қалайша жоқ дейсіз? Екі жақтың алып темір адамдары өзара күреске түссе ше?
- Күресе берсін. Ондай жағдай да күресті біз тек ғарыш кеңістігінде жүргізетін боламыз.
Үлкен ғаламшар елінің басшысы ойланып қалды. Қарсы сөз де айтпады. Көрші ғаламшар елінің басшысының оң қолын оң қолымен қыса ұстаған бойда дәлізге қарай бастап жүрді. Айналасындағы осы сөздердің бәрін де мұқият тыңдап тұрған санаулы адамдар да солай қарай бет алған. Үлкен үйдің кең бөлмесінде шешілген бұл мәселеден қарапайым халық аз хабардар еді. Елге жариялауға қажетсіз деген мәселені әзірге құпия ұстаған. Сыртқа шыққаннан кейін көрші ғаламшардың ел басшысы өздерінің ғарыш кемесіне қарай асықты. Сөйтіп екі ғаламшардың ең ірі деген елдерінің басшыларының арасындағы келісім осы дәрежеде шешілді.
ҒАРЫШТАҒЫ ҚУАНЫШ
Тәкен бастаған ғарышкерлер тобы алапат кеме ішін мұқият аралап көріп, көңілдерін орнықтырып, біраз серуен жасады. Қанша үлкен болып қалса да ыстық болған соң да оның ішінде көп айналшақтаған. Бұл жүйедегі ғаламшарға қайта баруға ықыластары болмады. Қай кезде де бұл кеме бәріне де ерекше бөлек ыстық. Жерде жасалынған жа- сыл табиғатын сағынғандарын да жасыра алмайды. Оранжереяға барған сайын, кіші ғаламшарға қараған сайын көз алдарына тек Жер елестейді. Уақыт өткен сайын темір адамдар да бейнебір өздері сияқты Жерді, елді сағынғандай ширай түскен. Олар берілген биоток бойынша іске кіріседі. Соған қарамастан өздері аса кішкентай болса да кеменің талай-талай тетіктерін тексерген. Бұрын саусақтары ғана сиятын құбырларға енді өздері де емін-еркін ене алады. Тек бір қиындығы, қай нәрсенің де аса үлкендігі ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан да тексеру жұмыстары кезінде бойлары жетпеген қажетті жерлерге темір адамдар көтеріп жеткізеді. Темір адам дегені болмаса, олар да адамша киінген. Денелері жұмсақ, терілері де адам терісінен аумайды.
Ғалым-ғарышкерлердің олармен емін-еркін жүріп-тұратындары да содан. Олар мұнда дайындық-жаттығу жасаудан жалыққан емес. Қай қайсысының да кеуделерін ерекше бөлек бір қуаныш сезімі кернеген. Сығылу аймағына ілігіп, тұтқынға түскендей болған ғалым-ғарышкерлердің сенген үміттері оянып, қуаныштан реңдері де кірген еді. Кеме олардың болашақтары, кеме олардың үміті мен бақыты, ал темір адамдар құтқарушылары. Сондықтан да осы екеуіне баса назар аударады.
Темір адамдар да енді өмірге келіп, санасы оянып, қызық тіршілікке бауыр баса бастаған адам пенденің өзіндей болып жүр. Олар ғалым- ғарышкерлер ойлаған, жасағысы келген нәрсені де тез орындайды. Мұндағы бір қиындық, ғалым-ғарышкерлердің ой-жүйелерінің ретті болуы. Бір нәрсені ойлап тұрып екінші бір мәселеге ойысып кетуге болмайды. Ондай жағдайда темір адамдардың арасында да ой қайшылығы туындайды. Егер осы алтаудың бірінің кереғар немесе жаман ой-пиғылы болса, онда жағдай одан да бетер шиеленісе түспек. Тәкеннің негізгі ойлағаны да осы еді. Жаттығудың ұзаққа созылғаны да содан.
Әуелі бәрі де темір адамдарды қысқа ғана уақытқа іске қосып байқаған. Содан кейін ғана уақытты бірте-бірте созған. Ендігі басты мақсат елге оралу болғандықтан қай қайсысының да ойларында жақсы ниет, жақсы мақсат пен арман бар еді. Сондықтан да кеме ішінде емен-жарқын әңгімелер айтылып, ширақ қимыл-әрекеттер болып жатты. Бір жағынан қарағанда, бұл көріністің өзі де қызық. Алып темір адамдар өздерінше әңгімелесіп, берілген тапсырмаларды мұқият орындап жүр. Егер кіш-кентай адамдарды байқамаса, сырттан келген адам мұнда тек қана темір адамдар әңгімелесіп жүр ме деп түсінген болар еді. Бірақ жағадай мүлдем басқаша-тын. Бұл да өзінше адамның голографиялық бейнесі тәрізді. Бірақ мұндағы көрініс фильмдегі көрініс сияқты емес, тап кәдімгі өмірде өтіп жатқандай бір құбылыс. Тәкен, Азамат, Сәлмен, Сәрсенбі, Жақан мен Сейдолла өздерінше әңгімелесіп, ара-тұра әңгіме айтып, емен-жарқын күліп отыр да, ал алып темір адамдар соны қайталап жатыр. Мұндай әдіс жаңалық болмаса да, дәл қазір қажет еді. Оларсыз ғалым-ғарышкерлердің күні жоқ. Өздерін мына сығылу аймағынан шығарып алатын да солар. Сондықтан да өздері олардың алапаттай темір алақандарында жүрсе де телерадиобайланыс арқылы бұйрықтарын береді. Биоток арқылы оларды дұрыс ойлауға, ойларындағыны дәл орындауға мәжбүр етеді.
Осындай қуанышты минуттар сырғып өтіп жатты. Ғалым-ғарышкерлер бірінен кейін бірі әңгіме айтып, өткендерін еске түсіру мақсатында бейнефильмдерді де қайталап көрді. Сығылу аймағына тап болып кішірейгенге дейінгі түрлері де енді үлкен әрі қызық сияқты. Нағыз алып адамдардың өзі екен. Ал өздері сол үлкен кездерінде бәрі де көзге үйреншікті еді. Мына кіші әлем де бір ғажайып болып көрінген. Сол кезде бейнефильмге түсірілген кіп-кішкентай ғаламшарлар да енді үп-үлкен. Өздері қонып, аяқ басып жүрген, дәм татқан, табиғатын қызықтаған ғаламшар да тіп-титтей көрінген еді ол кезде. Енді ол ғаламат болып ұлғайып кеткендей. Әлемнің мұндай салыстырмалылық көрінісі қай-қайсысына да ерекше белек әсер берген.
Бейнефильмді мұқият көріп болғаннан кейін ғалым-ғарышкерлер назарларын хайуанаттар мен құстар бөліміне аударған. Ондағы түрлі хайунаттар мен құстар да кішірейіп кеткен. Ол болса да әуелден белгілі. Ол енді бір жағынан жайылым мен су жағын үнемдеуге көмек болғандай. Оларға үлкен кездерінде әрең жетіп жататын жем-шөп те енді мол. Олар кемеге алынған жем мен шөпті енді талай жылдар бойы қорек етпек. Ғалым-ғарышкерлер ол бөлімдерді аралай жүріп, алып темір адамдарға қажетті жұмыстарды істетті. Не істесе де осы бір минуттар олар үшін ең бақытты минуттар еді. Қай-қайсысының көкейінде де Жерге, елге деген ерекше бөлек сағыныш сезімі тұрды. Ол сағыныштары күн өткен сайын күшейе түскен де. Өздері болған ғаламшарға енді болса да көңілдері шаппаған. Олай қарай ұшса, енді одан қайтып ұшып шыға алмайтындай сезінеді. Тағы да кішірейе түсетіндей үрейленеді. Онымен салыстырғанда кеме іші болса да бұл Жермен бірдей әсер береді. Жердің сыңарындай, оның жалғыз табиғи серігі Айдай десе де болғандай. Ғалым-ғарышкерлер енді тек осы сығылу аймағынан тезірек құтылып-сытылып шығуды ғана ойлайды. Егер ол ойлары жүзеге асса, онда бірте-бірте қайта қалыптарына келіп, елге сол баяғы ғарышкерлер болып оралмақ.
Тәкен кемедегі барлық бөлімдерді ретке келтіріп, барлық жүйелерді мұқият тексеріп шыққаннан кейін басқару пульті бар басқы бөлімге баруды ұйғарды. Алты алып - Темірбек, Алғыр, Сәттібек, Сералы, Жақсылық пен Серік аттары мен пешенелеріне сәйкес алты ғалым-ғарышкерді алақандарына салып, басқару пульті бар басқы бөлімге алып келді. Осы жерде де біраз әңгімелер айтылды. Әркім Жердегі өмір-тарихы жайлы қызықты естеліктер айтты. Енді одан өзге қызықты да тартымды әңгіме қалмаған да еді. Өздерінің ойлағандары мен айтқандарын алып темір адамдар қайталап айтып беріп отырды.
- Жұлдызаралық сапар деген осындай болады, - деді бір кезде Тәкен алып темір адамның алақанында тұрған бойында үлкен иллюминатор арқылы сыртқа қарап, - енді міне, ойламаған жерден осындай күйге де түстік. Әуелі қандай да бір нәрседен үмітгеніп жүрсең, кеиде кенеттен күтпеген нәрсеге тап боласың. Бұл да бір өмірдің кұпия заңдылығы болса керек. Тап осындай күйге түсеміз деп ойлаппыз ба, осы. Жараиды, болар іс болды енді. Қайталап айта бергеннен не шығады. Одан да әрекет жасалық та. Осыған дейін жасаған ісіміз де аз болған жоқ. Кеп нәрсені дайын еттік. Енді бір отырып, емін-еркін әңгімелесіп, ән шырқасақ та жарасар. Ата Жеріміздің әуендерін де тыңдайық, сол әуенге қосылып ән салмағанымызға да біраз уақыт өтіпті. Жұлдызаралық сапар болған соң осы да. Бірақ біз оны сылтау етіп, халқымыздың әні мен күиін ұмытуга тиісті емеспіз. Қайта сол әуендерді мына Ғаламға, мына кіші әлемге таратуымыз керек. Сонда ғана халқымыздың, ұлтымыздың алдындағы азаматтық борышымызды өтейміз.
- Бұл сөзіңіз де өте орынды, - деп оның сөзін Сәрсенбі қолдады, - тек од әуен құралдары бізден әлдеқайда үлкен ғой. Домбыраның ішегінің өзі де жуан бір сымдай емес пе? Қажет болса, біз енді сол жуан сымның бойымен өрмелеп шыға да аламыз. Бұл ғажайып әлем бізге осындай кішілікті сыйлады.
Енді амал нешік?
- Сәрсенбі дұрыс айтады, - деді сол кезде философ Сейдолла,
- Жерден, елден, туып-өскен ауылдан алып шыққан домбырамыз да, қылқобызымыз да, шаңқобыз, шертеріміз де бар. Алтауымыз кезінде сол әуен құралдарымен қосып ойнап, жұртты тағы бір қырымыздан тәнті еткен жоқ па едік?
- Иә, оның рас.
- Ол да бір дәурен екен ғой!
- Соны бір еске түсіруге болмас па екен, - деген сөздер кеменің осы басқару пульті орналасқан басқы бөлмесінің ішін күлкі-думанға, емен жарқын әзілге айналдырып жіберді.
Оған үлкен негіз де бар еді. Кеме ішіндегі барлық нәрсенің амандығы, күрделі жүйелердің қалыпты жұмысы, алып темір адамдардың мүлтіксіз жұмысы - осылардың бәрі де ғалым-ғарышкерлердің көңіл-күйлерін ерекше кетеріп те жіберген. Ал мына сығылу аймағынан аман-есен құтылып шығу, Жерге ұшып жетуге деген үміт өз алдына бір бөлек қуаныш. Сондықтан да ғалым-ғарышкерлер енді қарап отыра алмаған. Мынандай көңіл-күй мен ынта-ықылас басылмай тұрған кезде өткенді бір еске түсіріп, әуен аспабында темір адамдар арқылы ойнау да қажет еді. Олар әрқайсысының ұқсасы болғандықтан соған сай ойнай алатын әуен құралын қолына алады. Олар ғалым-ғарышкерлердің тек ой-армандарын, әрекеттерін ғана емес, әуендік сезімталдығын да қайталай алады. Бұлар қалай толқыса, әндетсе, олар да солай етеді. Солай болуы да тиісті болатын. Темір адамдардың жұмыс қабілеттері де осындай қырынан анықтала, айқындала түскен.
Ғалым-ғарышкерлер осындай шешім қабылдағаннан кейін темір адамдардың алақандарына шығып, әуен аспаптары бар бөлімге алып баруларын қалаған. Қалағаны - ойларына сондай бір әрекетті алғаны. Сезімтал темір адамдарға соның өзі де жеткілікті. Тәкен мен басқалар осыны ойлаған мезетте темір адамдар оларды алақандарында ұстаған бойда әуен аспаптары сақтаулы тұрған бөлімге алып барды. Екі арадағы дәліз жолы олар үшін түк те емес. Өздері үшін де бұдан біраз бұрын бұл аралықты дәл солардай жүріп өтетін. Енді қанша талпынса да, қанша жүгірсе де олардан озып кете алмақ емес. Әуен аспаптары тұрған бөлімге келген соң темір адамдарға оларды реттеуді тапсырды. Бір жақсысы, темір адамдар әуен аспаптарында ойнауды үйреніп жатпайды. Ғалым-ғарышкерлер әуен аспаптарында қалай ойнауды ойласа болды, темір адамдар да оны дәл солай ойнап жөнеледі. Домбыраның қай пернесін басу керектігін, қай ішекті қағу, шерту керектігін сұрап та жатпайды. Қысқасы, темір адам болса да ғалым-ғарышкерлердің өздеріндей шебер күйші болып шыға келеді. Олар болса да өзге әуен аспаптарында да емін-еркін ойнай алады. Бұл жағынан келгенде, темір адамдардың әуендік қабілеттеріне күмән келтіруге еш негіз де жоқ еді. Енді осы көшіру әдісі адам баласының да талантын бірінен біріне көшіруге мүмкіндік тудырса, онда адам баласының бойындағы таланты ешқашан жойылып кетпеген болар еді.
Әуен аспаптары бар бөлімге келгеннен кейін Темірбек домбыраны, Алғыр шертерді, Сәттібек шаңқобызды, Сералы қылқобызды, Жақсылық үскірікті, Серік асатаяқты қолына алды. Соның артынша темір адамдар аспаптарды жайымен ғана ойнап, бөлім ішін әсем әуен мен күйге бөлеп жіберді. Темір адамдар ғалым-ғарышкерлердің үлкен кездеріндегі орындықтарына жайғасқанды. Ал ғалым-ғарышкерлердің өздері олардың қарсы тұсындағы қабырғаға ілулі тұрған тақтайдың жоғарғы қырына тізіле отырып алған. Бұл темір адамдардың өздерін жақсы көре алатын жері. Тәкен барлық нәрсе дайын болған соң өткен өкінішті күндерін есіне алып, жанындағыларына бұрылды. Қолдарында ешқандай әуендік құралдар болмаса да, ғарышкерлер темір адамдардың әуенді бастай берулеріне белгі берген. Содан кейін бәрі де ерекше тебіреніп, іштерінен әуенге беріліп, сәл ғана ыңылдап, әуенге қосыла жөнелген. Сөйтіп, кең даладай болып қалған бөлменің ішін әуен сазы билеп-ақ кетті.
Бөлім ішін рахат бір күй құдіреті биледі. Үлкен кездерінде мұндай баяу дыбыс құлақтарына жақсы естілмейтіндей болып та көрінетін. Енді болса тек бөлім іші емес, құлақтарын да жарып барады. Егер өздері ғаламшардағы бір театрда отырған болса, онда құлақтарына арнайы тындағыш киіп, бәсеңдеткішін реттеп алар еді. Ал мына жағдайда не жасай алсын. Дегенмен де күй құдіреті қанша қатты шықса да құлаққа жағымды болмақ. Сәлден соң ғалым-ғарышкерлер күй сазына іштей тураланып, өздері жақсы білетін осы күйді іштерінен қайталап, қолдарына сол домбыраны ұстағандай, одан ерекше белек бір ләззат алғандай бір күй де кешті. Ғарышкерлер енді өздерін ғажаптың ғажабында болғандай сезінді. Қай қайсысы да күй сазымен қатарласа бейнебір тамаша өмірді бастарынан кешкендей де болды. Күй сазы адамды қашан да тамаша келешекке қарай жетелейді. Терең сезімге бөлейді. Театрда концерт көріп отырған адам екі көзі сахнада болғанымен өзінің ісі, махаббаты және тағы басқадай нәрселерін көз алдына елестетіп отырады. Әркім өзінің дәрежесін қатты сезінеді. Өзін үлкен орынға қояды. Болып жатқан концерт, оның жүргізушісі, әнші, биші мен күйші де тап сол ой-арманда отырған адамға ғана өнерлерін арнап жатқандай көрінеді.
Ондай сәттер Жерде жүргенде, театрларда болғанда қай қайсысының да бастарынан өткен. Сондықтан да әрқайсысының орны дара-бөлек еді. Тәкен өзінше, Азамат, Сәлмен, Сәрсенбі, Жақан мен Сейдолла да өздерінше ойға батқан. Осы бір қысқа әуенді уақыт ішінде кейбірі ара-тұра қиялмен шарықтап, Жерге де, елге де, туып өскен ауылдарына да барып қайтқан. Соншама алыс сапардан қиялмен қас-қағым сәтте оралған. Сөйтіп әуенді жалғастыра берген. Ара-тұра болатын мұндай қиял-арман ауытқуы күй сазына еш нұқсан келтірмейді. Әрқайсысының ойлау қабілеті мен уақыты әрқалай. Сондықтан да күй сазы бір сәтке де үзілген жоқ. Өздері темір адамдар болып жаралғалы әуеннің не екенін сезбеген, түсінбеген ұқсастар да қазір ғалым-ғарышкерлермен бірдей теңселіп, терең сезімге берілгендей болып отыр. Мұнан артқан қуаныш бола ма? Сезімнен артқан әсер бола ма? Жерден артқан ыстық орта бола ма? Ғалым-ғарышкерлер әуен мен күйді тындай отырып, ара-тұра тәтті арман-қиялдарға да батқан. Жерден ұшып шығып, небір қиын-қыстау сәттерді бастарынан өткізіп, енді ғана үміт артар іске тап болғандағы ғажайып куаныш та осы еді.
КҮТПЕГЕН ҚАТЕР
Ғалым-ғарышкерлердің сығылу аймағын жеңу алдында жасаған қуанышты отырыстары мен әуен, күй тындау сәттерін пайдаланғысы келген көрші ғаламшарлықтар бұларға қарсы әрекет жасауға мұқият дайындық жүргізген еді. Олар үлкен ғаламшардағы ел басшысымен алдын ала келісім сөз жүргізгеннен кейін іске қызу кірісіп те кеткен-ді. Егер өздеріне салса, үлкен кемені арнайы қуатты қарулармен атқылап, күл-талқан етпек. Егер сығылу күші болмаса, олардың атқылауларынан да ештеме шықпас еді. Енді кеменің қабырғасын оқпен тесіп жіберудің өзі жеткілікті. Ол тесілсе болды, ішке қарай күтірлеп-күбірлеп жөнеледі. Сонан соң ішіндегі күллі күрделі жүйелерінің күл-талқан болатыны да өз өзінен түсінікті. Көрші ғаламшарлықтардың негізгі үміттері де осыған ауғанды. Олар алапат кемеге қарай бірнеше мың әскери ғарыш кемелерін аттандырды. Алыстан қараған адамға олар егінге қарай қаптап ұшқан мың-сан қара шегірткелердей болып көрінер еді. Бірақ бұл құбылыс ғаламшардың аспанында емес, ғарышта өтіп жатқандықтан олар сол қара шегірткелердей қарайып емес, жұлдыз сәулесіне шағылысып, жарқырап бара жатты.
Егер Жерден келген ғалым-ғарышкерлер оларды үлкен кездерінде көрген болса, бәлкім, олардың бәрі де шынымен-ақ қара шегірткелердей немесе жарқырауық түн қоңыздарындай болып қана көздеріне шалынбақ. Ендігі жерде олардың бәрі де кәдімгідей үп-үлкен ғарыш кемелері. Тек өздерінің ұқсастары — темір адамдарға ғана кішкентай кеме саналмақ.
Көрші ғаламшардың әскери ғарышкерлері арнайы тапсырыс алғаннан кейін-ақ тіке алапат кемеге қарай тартқан. Олардың әуелгі басты мақсаттары алапат кемені жан-жағынан қоршауға алмақ. Сансыз бал аралары адамға қарай шабуыл жасағанда дәл осы сияқты оны қоршай ұшады, әрбірі адамды бір бір шағып, кейін қайтып отырады. Ал бұлардың шабуылдық әрекеттері ол бал араларынан сәл өзгешелеу. Алапат кеме қабырғасының белгіленген әрбір жеріне кемелеріндегі қаруларынан оқ атпақ. Ол жері тесілген соң басқа сау жағына қарай ауысады. Осындай жоспар еді. Бұл шабуылдарды көрші ғаламшардағы ел басшылары да, үлкен ғаламшардағы ел басшылары да бақылап отырмақ.
Ал бұл кезде алапат кеме ішіндегі ғалым-ғарышкерлер ән мен күй тыңдауды да, басқа тексеру-зерттеу істерін де аяқтап, сығылу аймағынан құтылып шығып, Жерге қайтудың амалын жасап жатқанды. Бірақ бір кезде өздері Күн деп атап кеткен осындағы ең жарық жұлдыздың сәулесін әлденелер көлегейлей бастады. Кіп-кішкентай болса да ғалым- ғарышкерлер олардың пиғылдарын тез сезді. Тәкен елең етіп, тез ширап, басқару пультіндегі өзінің ұқсасы алып темір адам Темірбекке мынандай монологтық бұйрық берді.
- Мына алапат жұлдызаралық кемемізді сырттан қоршап алған мыңсан кемелердегі әскери ғарышкерлер бізге қарай оқ жаудырмақ. Сөйтіп қатер төндірмек. Сақтануымыз керек. Кеменің сақтандыру жүйелерін тездетіп іске қос!
Мұны Темірбек тез түсінді. Ол оң алақанында тұрған Тәкенді жайымен ғана темендетіп, басқару пультінің панеліне түсірді де, ондағы Тәкен ішінен ойлаған түймелерді рет ретімен сұқ саусағымен басты. Соның артынша кеменің қорғаныс-сақтаныс жүйелері жұмыс істей бастады. Темірбектен басқа темір адамдар да қозғала түскен. Әрбір ғалым-ғарышкер әзінің ұқсасын ой-жүйе мен ми биотогы арқылы қажет іске жұмсай берді. Енді кеменің басқа да сақтандыру мен келген жауға қарсы оқ ататын қабырға сыртындағы қарулар да дайын болды. Ал бұл кезде әлгі шабуыл жасағандар кемені айналып тынымсыз ұшып жүр еді. Бірақ енді оларға ә дегеннен алапат кемеге қарай оқ жаудырудың реті келмеген. Кеменің сырт қабырғасына бекітілген куатты-куатты қарулардың тұмсықтары мың-сан әскери ғарыш кемелеріне қарай бұрылған еді. Олар енді қаруларынан оқ жаудыруды жөн көрмей, тек айналып ұша берді. Мұның бәрін іштегі арнайы экраннан жақсы көріп отырған Тәкен де, басқалар да еш саспады. Тәкен келгендердің көрші ғаламшардың әскери ғарыш кемелері екенін тез түсініп, бірден танысы. Сонымен бірге Тәкен енді ол қаптаған әскери ғарыш кемелерінің ішінде үлкен ғаламшардың әскери ғарыш кемелерінің барын да аңғарды. Соны кере тұра Тәкен бір мезет Күн жүйесіндегі алып ғаламшарлардың бірі Қоңырқай ғаламшардың теңірегіндегі ғажайып сақинаны да көз алдына елестетіп үлгерді. Оны Тәкен де, басқалар да кеме ішіндегі арнайы құралдың экранынан көрді. Ол алапат кемені алыс кашықтықтан да керсете алады. Ғалым-ғарышкерлер сол көрініске ден қойды бір сәт. Ол кемелер расында да тап сол алып сақиналы ғаламшардың сақинасын түзетін ірілі-ұсақты тастар мен мұз-кесектер сияқты айналып ұшып жүр. Олар тағы тұтастай бір сақина емес, бірнеше қатар сақина түзген. Ал шындығында, алапат кемеге шабуыл жасаушылардың бұл ұшулары өздерінің тәртіптері бойынша ұшу болатын.
Алапат кеменің сырт қабырғасына бекітілген қуатты қарулардың тұмсықтарының өздеріне қарағанын көрген шабуылшылар сескене бастады. Алапат кемеге карай оқ жаудыруға асыққан жоқ. Ал егер олар алапат кеме қабырғасына қарай бір оқ жұмсаса, онда қорғаныс жүйелері өз өзінен іске қосылып, олардың ең үлкен деген кемесінің өзін де оп-оңайарнайы сорғыш жүйемен сорып алады, болмаса, үлкен оқпен көптеген әскери ғарыш кемелерін бір сәтте жоқ етеді. Оны да білді шабуылға келгендер. Тәкен бастаған ғалым-ғарышкерлер де сабыр сақтап, істің аңдысын аңдап отыра берген. Бірақ ғалым-ғарышкерлердің қай қайсысы да өз ұқсастарыньщ қимыл-қозғалысы мен шалт әрекеттерін мұқият бақылап тұрды. Темір адамдардың ми жүйелерін адам ми жүйелерімен байланыстырудың қандай пайда беретіні де енді айқындала түскен. Егер де алып темір адамдардың электронды ми жүйелері адам миымен дәл осылай байланыстырылмаған болса, онда кез келген уақытта өздеріне де қауіп пен қатер төнбек. Мына жағдайдың өзінде де темір адамдармен биотоктық байланысты бір сәтке де үзуге болмайды. Тәкеннің өздеріне қатер тенгелі берген бірінші бұйрығы да осы мағынада еді.
Екі жақ бір бірін ұзақ бақылады. Тек арада Жер тәулігімен есептегенде жарты тәулік өткенде екі арада келіссөз басталды. Олардың тілдерін қазақ тіліне аударатын тілмаш ғалым-ғарышкерлердің әрқайсысының сұқ саусағында бар болғандықтан ешқайсысы да ол жағынан қиындықты сезбеді.
- Біз сіздердің алапат кемелеріңізді қоршауға алдық, - деді бір кезде қатер төндірушілердің басшысы.
- Оны көріп тұрмыз. Не мақсатпен бұлай жасап тұрсыздар?-деді Тәкен саспастан.
- Бұлай жасауымыздың себебі, бізге сіздерден қауіп төнгелі тұр.
- Қандай қауіп?
- Сіздерге мына сығылу аймағынан шығуға болмайды!
- Неге олай дейсіздер?
- Олай дейтін себебіміз, сіздер мына алапат кемелеріңізбен сығылу аймағынан сытылып ұшып шыққан кездеріңізде бұл кіші әлем кеңістігінде ұйтқу туындамақ. Ал оның салдарынан біздің ғаламшарларымызда, жалпы жұлдызды жүйемізде апаттар орын алмақ. Ғаламшарларымызда жер сілкінісі, жанартау атқылаулары, топан су басу және басқадай апаттар болмақ!
- Бұл сіздердің жұлдызшы ғалымдарыңыздың болжалдары ғана. Ал негізінде біздің келген-кеткенімізден бұл жүйелеріңізде ешқандай да апатты жағдайлар орын алмайды, — деді Тәкен, — біздің Күн жүйемізде де ғаламшарлардың бір қатарға келуі, ғаламшарлардың Жерімізге мейлінше жақындауы мен алыстауы сияқты құбылыстар болып тұрады. Солардың бірі де бізге ешқандай қауіп пен қатер төндірген емес. Табиғатымызда да ешқандай өзгеріс орын алған жоқ.
- Сіздің айтып тұрғаныңыз табиғи өзгерістер, — деді анау, — ал мыналарыңыз қолдан жасалмақ. Сондықтан да қатер төнбек, бізге.
Тәкен оған енді не уәж айтарын білмей жанындағыларға қарады. Олар да тіл қатпаған. Табан астында бәрінің де нақты жауаптары табыла қоймағандай еді. Ал алапат кемені қоршаған кемелер енді тағы да бері қарай жақындай түскен. Әзірге екі жағы да тым-тырыс. Тәкеннің оларға айтар нақты жауабының қалмағаны да енді түсінікті еді. Шабуыл жасаушыларға мән-жайды бұдан артық түсіндіріп шығу еш мүмкін емес. Сырттағылар шабуылға, іштегілер қорғануға дайын. Бірақ әзірге сырттан бір де бір оқ атылған жоқ. Тәкен басқару пультін көзімен шолып өтті. Содан соң өзі алақанында тұрған темір адамның бет-әлпетіне басын жоғары көтере қарады. Өзі не туралы ойласа, темір адамның да сол туралы ойлайтыны, не әрекет жасаса, оның да соны қайталайтыны түсінікті. Басқа болек әрекеті жоқ. Темір адамдардың жетілу сатылары қаншама ғасырлардан бері көтеріліп келе жатса да, бәрібір де адам санасына жете алған да, одан аса алған да емес. Егер асса, онда олар осы кезге дейін әлемді игеріп алар ма еді. Үлкен ғаламшардағылар да, көрші ғаламшардағылар да темір адамдардың санын көбейту мен санасын жетілдіруді бекерден бекер тежеп отырған жоқты. Қайсы бір нәрсе де өзінің шегінен аспауы тиісті. Асты дегенше, бүлінуге жол ашылғаны.
Ал кішірейіп қалган ғалым-ғарышкерлерге темір адамдардың қалтқысыз қызметі ауадай қажет. Енді олардың көмегінсіз мына сығылу аймағы шекарасынан құтылып шығу еш мүмкін емес. Оны қай қайсысы да жақсы біледі, жақсы түсінеді. Оның үстіне мына шабуыл күтпеген жерден басталды. Тәкен айналасындағылармен кеңесе келе оларға өздерінің бұл бағыттарынан еш таймайтындықтарын ескертті. Ал олар бұлардың алапат кемені тастап, үлкен ғаламшарға оралуларын талап ете бастаған. Тәкен ол талапқа құлақ асқан да, оған селт еткен де жоқ. Ол кемедегі қорғаныс жүйелері мен мына темір адамдарға сенім артқан. Сырттағы шабуылшылар да енді бұл алапат кемеге ештеме жасай алмайтындықтарын сезген. Бірақ олар әлі де болса қоршауларын ашқан жоқ. Қайта шеңберлерін кішірейте түсіп, алапат кеменің қабырғасына қарай жақындай берген. Осы кезде олармен байланысқа астрофизик Сәрсенбі көшті.
— Әскери кемелеріңізді алапат кемеміздің қабырғасына бұдан бері жақындатпаңыздар, — деді ол өзінің алып ұқсасы Сералының жуан да қатты шығатын дауысы арқылы, - олай етпесеңіздер, кемеміздің сырт қабырғаларындағы автоматты қорғаныс жүйелері біздің басқаруымыссызақ іске қосылып кетпек! Ескертпеді демеңіздер!
— Бізге осылай тілдесетін адам қажет еді, - деді осы кезде олардың әскербасы, — шамалауымызша сіз жұлдызшысыз. Жұлдызды әлемнің заңдылықтарын жақсы білесіз. Сонымен айналысасыз. Айтыңызшы, сығылу аймағынан мына кеме сытылып шыққан кезде қандай құбылыс орын алады?
Ешқандай да, - деді Сәрсенбі оларға тіке карап, - сіздер бекер қорқасыздар!
Жұлдызды әлемнің құрылымы мен зандылығын біз сіздерден де
жақсы білеміз, — деді сол кезде енді әлгінің үні қатқыл шығып, — сіздер айтқан уәж оның болмайтынына себеп бола алмайды.
— Сонда не айтпақсыздар?
- Алапат кемелеріңізді тастап шығыңыздар! Біз оны қуатты қаруларымыздан оқ жаудырып жойып жібереміз!
- Жоқ! Біз бұл кемені ешқашан да тастап шыға алмаймыз. Қасық қанымыз қалғанша күресеміз! Бұл кеме бізден мерт болғанымызда ғана босамақ! Онан беріде бұл ойларыңыз жүзеге аспайды!
- Ендеше біз кемелеріміздегі қуатты қарулардан оқ жаудыруға мәжбүр боламыз!
- - Солай деп шешкен болсаңыздар амалымыз не? Бірақ бұл алапат кеменің әлгінде айтқан автоматты қорғаныс жүйелері мен қарсы оқ жаудыратын жүйелерінің іске қосылатынын ұмытпаңыздар!
- Оны жақсы білеміз, - деді шабуылшылардың әлгі әскербасы, — бірақ біз әскери басшымыздың тапсырмасын орындаудан бас тарта алмаймыз!
- Ондай бұйрық пен тапсырманы біздің басшымыз да бере алады. Бірақ мәдени дамудың мұндай жоғары сатысында күшті ақылға жеңдірген жөн болар еді.
- Оны біз де түсінеміз. Айтуға оңай. Сіздер мына сығылу аймағынан бір шығып алсаңыздар қайтадан ұлғаюға бет аласыздар. Өйткені қайтадан кеңістіктің кеңею аймағына енесіздер. Ал одан кейін біз қандай жағдайға душар боламыз, ол жағын сіздер туған Жерлеріңізге жете алмай аптыға ұшып кетіп бара жатып ойлар ма екенсіздер? Біздің қатерлі тағдырымыз сіздерге әсер де етпейді...
- Неге олай деп ойлайсыздар деп астрофизик Сәрсенбі Тәкенге бұрылып алды, — біз сығылу аймағынан шығып алғаннан кейін бұл аймақтағы табиғи өзгерістердің бәрін де мұқият қадағалайтын боламыз.
- Қадағалау басқа да, көмек басқа емес пе?
- Қиндай көмек бере алатымнымызды уақытында көре жатарсыздар. Көмек міндетті түрде болады.
- Біз де өмір бойы үлкеюді армандап келеміз, — деді шабуылшылардың асшысы, - Бірақ біз көппіз. Елміз, халықпыз. Егер бүкіл ел болып кеңею аймағына өтсек, қайтадан ұлғайсақ, онда мына тірішілік кешіп жүрген ғаламшарларымыз сол кіші күйлерінде қалмақ, ал содан кейін күнімізді қалаи көрмекпіз? Мұндағы ауа мен су, табиғи байлықтар мен аң-кұстар қаисымызға жетпек?
Бұл ойларыңыздың негізі бар, — деді осы кезде биолог Жақан өзінің ұқсас темір адамының дауысы арқылы-өзіміз ұшып шыққан Жер ғаламшарының табиғи байлықтары да сол кезде таусылуға бет алған болатын. Жұлдызды әлемді шарлап, тіршілікке қолайлы ғаламшарлар мен саналы туыстар іздеп жүруіміздің бір себебі де сол еді. Енді міне, өздеріңіз куә болып жүргендей осындай жағдайға тап болдық. Сондықтан да аз дер өздеріңізге лайықты ғаламшарда, ұзаққа жетерлік табиғи байлығы бар ортада алаңсыз өмір сүре беріңіздер. Ғаламдағы барлық тіршілікті ғаламшарлар осылай болуға тиісті. Қай тіршілікті ғаламшардың да өз иесі болады емес пе. Санасыз деген ірі-қара малдардың өздері де жақсы жер, жақсы орынға, шөп пен жемге таласып, бір бірін мүйіздеп, таласып-тармасып жатпайтын ба еді?
- Мұныңыз да рас, - деді шабуыл жасаушылардың әскери басы әуелдегісінен сәл болса да басылғандай болып, — сіздер осыны түсініп, осыны сезіп туып-өскен Жерлеріңізге қайтпақшы екенсіздер ғой? Біз мұны дұрыс түсінбеппіз.
- Оқасы жоқ! Мұндай кемшілікті қашан да кешіруге болады! Бүліне қойған ештеме жоқ, әзірге. Бәрі де өз орнында, - деді Тәкен сөзін қорытындылап.
— Біз өз ғаламшарымызға ораламыз. Қайту жолындағы әрекеттеріңіз сәтті болсын! - деді шабуылшылардың әскер басы.
— Рахмет! — деді оған Тәкен Темірбектің дауысы арқылы.
— Сәл уақыт өтпей алапат кемені қоршаған майда кемелер шеңбер бойымен ұшу бағыттарын кілт өзгертіп, сол тобымен өз ғаламшарларына қарай тартты. Алапат кеменің иллюминаторы да көлегейден арылып, жұлдыздың жарығы ішке жарқырай түсті. Ғалым-ғарышкерлер енді өздерінің іс-әрекеттерін одан әрі қарай жалғастыруға кірісті. Енді алапат кемені бір сәтке де қараусыз қалдыруға болмайтыны түсінікті еді. Жаңағы шабуыл мен қатер ғалым-ғарышкерлерді ұйқыдан оятқандай әсер берген.
Достарыңызбен бөлісу: |