Жасампаздық қиырында



бет2/18
Дата20.06.2018
өлшемі406,43 Kb.
#43874
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

ЕГІЗДЕР

Күн жүйесі кейінде қалып, кеме ішінде өзіндік тіршілік басталысымен, ғарышкерлер өздері бара жатқан Егіздер шоқжұлдызының ерекшеліктеріне назар аударған. Ол шоқжұлдыз жайлы қай қайсысы да көп біледі. Жерден ұшар алдында да талай рет естеріне түсірген. Жер шарындағы ең ірі деген расытханалардағы қуатты бақылау құралдарымен де талай рет көзбен бақылаған. Оның екі ерекше жарық жұлдызы қай кезде де ерекше бөлек лапылдап жарқырап тұрады.

Қазақ халқы Егіздер шоқжұлдызына ежелден-ақ назар аударған. Сол Егіздердің жанындағы Делбеші шоқжұлдызына да көңіл бөліп, екеуін ойша тұтастырған. Әр халық жеке жұлдыздарға да, шоқжұлдыздарға да өздерінше ат қойып отырған. Ерекшелеріне лайықты аңыз ойлап шығарған. Қазақ халқы Егіздердің екі жарық жұлдызы мен Делбешінің екі жарық жұлдыздарын ойша қосып Босаға деп атаған. Өйткені, осы төрт жұлдыз батыс көкжиекке барып батуға таяғанда қатарласып тап ақ босағаны көзге елестетеді. Оған қараған адам баласына ерекше бөлек әсер де береді.

Ғарышкерлер кемені басқару жүйесі бар бөлімге келіп, негізінен бара жатқан шоқжұлдызына көбірек назар аударады. Бірақ мынандай ұшу жылдамдығында болатын ығысудан көп нәрсені аңғару да қиын еді. Бұл жағына Сәрсенбі Сапарұлы маман. Кеме ішінде өткен көп уақыттан соң бір сәттерін көздеп ұшып бара жатқан «Ақлағылға» бұруды жөн санаған. Бәрі де Егіздер шоқжұлдызына әуелден қанық. Соған қарамастан қайтадан естеріне түсіріп, кеме ішінен бақылап алуды жөн санаған. Кеме ішінде ол жайлы нақты да, қосымша да ғылыми мәліметтер беретін күрделі құралдар жетеді. Сәрсенбі өзі отырған жұмсақ орындықтың оң жағындағы қабырғадағы шағын панельден керекті бір ток қосқыш түймені жай ғана нұқыды. Соның артынша қарсы алдарындағы үлкен дөңгелек экранда жұлдызды әлем пайда бола қалды. Бұл бейнекарта болатын. Сондықтан да ғарышкерлердің қай қайсысына да қажетті деген жұлдыздар көздеріне оттай басылды. Енді бір кезде олар өздерін кеме ішінде емес, Жер ғаламшарының үстінде тұрғандай сезініп те кеткен. Енді бір мезетте бейнекөрініспен бірге жай да байсалды сөйлеген адамның қоңыр дауысы естілді.

- Қазақ халқы жақсы білетін Егіздер шоқжұлдызы өзінің ерекшелігімен көңіл аудартады, - деп бастады ол сөзін, жұлдызды аспанда Егіздер шоқжұлдызы оқшауландырылып көрсетіле бергенде, - оның екі жарық жұлдызы көрші шоқжұлдыз Делбешінің екі жарық жұлдызымен байланыстырылады. Ғылымда алғашқы жұпты Кастор, Полллукс, ал екінші жұпты Капелле және Бета жұлдызы дейді. Кастор мен Поллукстың табиғаты екі басқа. Кастордың төңірегінде бірнеше серігі бар. Олардың екеуі Кастор А және Б делінеді. Ал олардың жанында Кастор С делінетін тағы бір серігі бар. Ол ергейжейлі, түсі қызғылт жұлдыз. Осы үшеуін мұқият зерттегенннен кейін олардың әрқайсысының қос жұлдыз екені анықталды. Сөйтіп бұл жұлдыз алты жұлдыз болып шықты. Кім білсін, олардың арасында тіршілікке қолайлы ғаламшарлар да бар болар. Егер олай болса, онда ондағы ғаламшардың аспанында алты бірдей Күн жарқырап нұр сәулесін шашып тұрмақ.

Осы сөз айтылып бола бергенде бейнекөріністің дыбысы күрт сөнді. Экран беті жыбырлап ала жөнелді. Сәрсенбі елең етіп, жаңағы оң жағындағы панельден тағы бір түймені нұқып қалды. Артынша бейнеқұрылғы да өшкен. Енді кемедегі басқажүйелердің дыбысы мен алдарындағы жалпақ панельдегі жыпылықтаған неше түрлі шамдар көңілдерін бөлген. Алтауы да бір сәтке үнсіз қалған. Кеменің дөңгелек терезесінен көрінген ақ сызықтар кейін қарай ағып кетіп жатыр. Ол сызықтардың жақын деген жұлдыздардың созылыңқы жарық сызықтары екені белгілі еді. Ара-тұра кеңістіктен олардан басқа да тозаң заттар байқалады. Ондай мезеттерде кемедегі сезгіш заттар ызыңдап ала жөнеледі. Өтіп кеткен соң қайта тынышталады. Ал алыстағы тұмандықтар ман жұлдыз шоғырлары сол баяғы қалпындағыдай қозғалыссыз.

Тәкен Нартайұлы сол ғажайып әлемге үңіле ұзақ қарап қалған. Жерден ұшып шықса, Күн жүйесінен алыстаса болды, Егіздер шоқжұлдызына жете қалатындай көрінген оған. Енді ойлап қараса, мына дүние әлемінде расында да шек жоқ екен. Бұл кезге дейін Күн төңірегіндегі ғаламшарларға жасаған сапарлары да алыс сияқтанып көрінетін еді. Ал мына қашықтықты игеру үшін үш жыл емес, үш жүз жыл керек сияқты. Былайша қарағанда кеме аса бір жылдамдықпен ұшып келе жатқан сияқты. Ал жұлдызды әлемге көз жіберсе, онымен салыстыра қарағанда кеме бір орында қозғалмай тұрғандай. Кей кейде жылт ете қалатын жарық жұлдыздардың жарығы мен кеңістікте қалықтап, өз орнын таба алмай жүрген тозаңдар ғана кеменің соншалықты жылдам ағып ұшып келе жатқанын аңғартады. Тәкен осы ғажайып дүние әлемі мен кеме терезелерінен көрінген көріністерге ұзақ қарап барып сөз бастады.

Е, жігіттер, Жерден қарағанда, жұлдызды аспан қандай сұлу, қандай әдемі еді. Ал енді мынандай жарық сәулесіне пара-пар жылдамдықта оларды бір бірінен онша ажырата да алмайды екенбіз. Жаңағы бейнежазба қандай жақсы еді. Бәрін есімізге түсірді. Иә, Кастор, өзімізше атағанда, «Ақлағыл» жүйесіндегі ғаламшардың сырын ашатын да күн туар-ау. Неге үнсіз жатыр екен олар? Әлде даму дәрежесі төмендеу ел болды ма екен, олар бізден?

Оны енді бара көрерміз, - деді Жақан Артықұлы.Жерімізге ұшып келіп, ұшатын беймәлім табақтар атанып жүргендер осы ғаламшардың ғарышкерлері мінген кемелері болып жүрмесін? – деді Сейдолла.

Олай болуы да мүмкін. Бірақ жұлдызды әлемдегі тіршілік иелері тек бұлар емес қой, - Сәрсенбі алға қарай сәл еңкейіп қойды.

Бәрін айт та бірін айт, олардың ғаламшарының аспанына алты бірдей Күн жарқырап қатарласа көтерілгенде, ондағылар қалайша күйіп-пісіп қалмайды екен? – деп қойды. Сәлмен басын шайқап.

Табиғат бәрін де реттейді. Бұл жарық дүниеде ештеме де артық жаратылған емес. Алтау болса, сол алты Күннің жарығы мен ыстығына төзімді шығар тұрғындары., - деп Азамат Амангелдіұлы орындығына шалқая берген.

Осы сөзден кейін басқару пульті алдына тыныштық орнады. Бұл әңгіме талай рет қозғалған. Бірақ қанша рет айтылса да аяқсыз қалып жататын. Оның үстіне қанша рет айтылса да негізгі мәселе шешілмеген соң оған қайтып оралуға тура келетін. Жерден, Күн жүйесінен асқандарына қаншама уақыт өтсе де, кеме іші қанша кең болса да, енді бәрі де елді еске жиі алатын күйге кешкен. Жерден ұшпай тұрғанда да бәрі де осыны сезінген еді. Қанша кең деген, даладай деген кеме дәліздері мен бөлімдері, бөлмелер енді шағын бір ғана бұрыш секілденіп те кеткен. Егер ғарышкерлер бұдан да кең кемеге ауысар болса, онда «Ақлағылдың» іші бұдан да тарылып кеткендей көрінер еді. Қанша кең болса да кеме ішінде айналшақтай берген соң үйренеді екен, үйренбей қайда барсын.

Осындай орталарда бола тұра ғарышкерлер тыныш қала алған жоқ.Олар Егіздерге тікелей бақылау да жүргізді. Кеңістікпен салыстырғанда нүктедей ғана болып көзге шалынатын кеменің ішінде алты бірдей азамат отыр. Олар кісі болғанымен дүние кең. Жарық дүниедегі ең алып хайуанат та, ең құртақандай деген шыбын-шіркейлер де бұл әлемнің ғажайыптарын өз деңгейлерінде көреді. Тек әрқайсысының жарықты көруі, түсті ажыратуы мен қимыл-қозғалыстары, тіршілік етуге деген талпынысы әртүрлі. Жалпы дүние әлемінде, оның ішінде Жер ғаламшарында саналы адам баласынан артқан ақыл иесі жоқ. Сол саналы адамдардың алты өкілі енді мына кең кеңістікке жұлдызаралық кемемен ағып ұшып келеді. Бағыттары Егіздер шоқжұлдызы. Адам баласының ой-арманы қашан да өзінің физикалық ерекшелігінен қашан да асып түсіп, ұзап жатады. Адам өзі жасап алған қуатты сыңардүрбісі арқылы көзі жететін жұлдыздар мен ғаламшарға бақылау да жасады. Көптеген жұмбақтарды ғаламшараралық автоматты кемелер арқылы, оларға орнатылған тележүйелер арқылы барып қайтқандай тамашалады. Құлағы естімегенді естіді. Сонау алыс Жұлдызаралардағы небір құпия құбылыстарды Жер төңірегіндегі ғарыш расытханасы арқылы анықтады.

Енді міне, кемеге мініп алып сол алыс жұлдызды жүйелерге сапар шеге алатын күйге де жетті. Солардың бір мысалы, осы жұлдызаралық сапар. Кеменің басты бөлімі басқару бөлімі. Одан кейін жұмыс бөлімі, демалыс бөлімі деп кете береді. Жұлдызаралық сапар айтуға ғана оңай. Ал оған шыққан адам кеме ішінде минут сайын қиындық пен қатарді сезініп отырады. Бұл кездері Күн жүйесінің өзі де қауіпті аймаққа айналған. Метеорлар, астероидтар белдеулерін былай қойғанда, тынымсыз ұшып жүрген ғарыш кемелері де Жер аспанындағы мың-сан әуе кемелері сияқты бір біріне қатер төндіріп жатады. Ол маңнан өтерде қайсыбір жұлдызаралық кеменің ғарышкерлері де үлкен сақтық шараларын жасайды. Ал онан бері шыққан соң кеме қазақтың кең даласындай бір кеңдікке тап болады. Одан кейін зымырап ұша берсін, жұлдызаралық кеме! Енді ойлап қараса, сол кең деген далада кезігетін түрлі сай-жыра, бұталар, онан қалса қатерлі хайуандар мен жыртқыштары, бауырмен жорғалаушыларының болатыны сияқты, мына ұшы-қиыры жоқ кеңістіктің де өзіндік қиындықтары мен қатерлері кездеседі екен.

Жерден ұшып шыққан ғарышкерлер бірнеше рет кеме ақауларын да кезіктірді. Онан кейін кеңістікте бейберекет ұшып жүрген аса майда шаң-тозаңдар кей-кейде кезігетін ірілі-ұсақты тастар да қауіп төндірген. Бұл жігіттердің көздерін ұлы кеңістіктің де бос емес екеніне жеткізді. Ол майда тастардың қайдан, қалай келе қалатынына да ғарышкерлердің көздері жеткен жоқ еді. Одай ғажайыптарды суретке, бейнефилмге түсіріп алған жігіттер оларды зерттеп, бір бірлерімен пікірталасқа да түсіп жатады. Кеңістіктің мұндай кең жерінде сондай ғажайып тастар болады дегенге кез келеген адам баласы да сене бермейді. Бірақ ол факт. Сол тұрғыдан келгенде, жігіттердің өздері де неше қилы ойға қалып жатады. Көріп тұрған нәрсе жөнінде ойланбау да еш мүмкін емес. Оның үстіне сурет пен бейнефильмге түскен нәрсе, қашан да көз алдарында. Солардың бәрін мұқият қарап шыққан астрофизик Сәрсенбі Сапарұлы өзінің жұмыс бөлмесіне келген соң мынаны айтты.

Менің пікірімше, бұл тастар бір кездері біздің Жерге қарай аттанған жұлдызаралық кеменің қалдық бөлшектері. Бұлар кеңістікте ұзақ уақыт ұшу мен бүлінудің нәтижесінде осындай тас сияқты кейіпке көшкен. Мен олардың бірнеше майдасын арнайы іліп алғаш құрылғымен кеме ішіндегі зертханаға алдырып мұқият зерттеп те көрдім. Осындай тұжырымға келдім. Мұны мен ә» дегеннен айта алған жоқпын. Ондай қатерлі әрекетке басшымыз қарсы бола ма деп те ойлаған едім.

Оның сөзіне үлкен дөңгелек үстелді айнала отырған жігіттер елең еткен. Тәкен сабырлылық сақтады. Әдетте, мұндай нәрсеге төзбейтін. «кемедегінің жаны бір» дегндей, ол енді қандай қателік жіберіліп жатса да, бәрін де ақыл елегінен өткізіп, өзін байсалды ұстайды. Жерден, Күн жүйесінен ұзаған сайын бар ауыртпалық пен жауапкершіліктің негізінен өзіне түсетін ол жақсы сезінген. Енді міне, Жермен телерадиобайланыс уақытша үзілген мезетте барлық күрделі нәрсені тек қана өздері ғана ақылдасып шешетін болады. Бұл сабырлылық сол салдарлы басшылыққа деген бөлек бір дайындық еді. Айналасындағы жігіттер өзінен бір жауап күткендей қадала қарағаннан кейін ол сәл қозғалып алды да;

Мұның ақыл болған екен, Сәрсенбі, - деді қоңыр үнімен, - Расында да ешқандай ғаламшарлар жүйесі жоқ, мынандай кең кеңістікте неғылған майда тастар мен тозаңдар деп едім. Әрине, кеңістік тозаңсыз болмайды.

Мұнда да тынымсыз қозғалыс. Ал енді өзінің ол кемені қай шоқжұлдыздағы тіршілікке қолайлы ғаламшардан ұшып шыққан деп болжалдайсың?

Оны болжалдаудың қажеті жоқ, - деді Сәрсенбі кейінгі жақтағы қабырғадағы ашылмалы-жабылмалы экранға көз салып, - мына ұлғайтқыш құралдарымызбен кесектердің бет- пішіндерін анықтап көріп алайық.

Жақсы, - деп оған бірден келісімін берді Тәкен.

-Жігіттер де соны қолдады. Сәрсенбі жаңағы айтқандарынан басқа тағы да бірнеше істі құпия жасапты.Өзі тап бір емтиханға дайындалғандай дайындық жүргізіпті ісін дәлелдеу үшін. Онысы көрініп -ақ тұр. Бейнефильм сияқты түсіріп алған көріністері тіпті де ғажап! Тастарды жан-жағынан анықтап түсірген. Ал оның бірнешеуінің арнайы қабылдау қорабында жатқаны енді жігіттерге қуаныш ұялатқан. Экрандағы көріністерден талай нәрсені аңғаруға да болар еді.

Мыналардың пошымы Күн жүйеміздегі Қызыл ғаламшардың серіктерінің пошымдарынан аумайды екен. Кәдімгі картопты да көзге елестетеді. Бұларды жарылысқа ұшыраған қандайда бір ғаламшардың қалдық тастары деу де қиын. Табиғаты да келмейді екен оған, - деді достарының бет-жүзін барлап алған Сәрсенбі.

Ал егер осы тастардың бірін жарып көрсек қалай болады? – деп сұрау сала қарады достарына Азамат Амангелдіұлы.

Иә, геологтар тек осылай! – деп әзілдеп қойды Тәкен.

Егер мұны тас деп есептесеңдер, мен оның химиялық құрамын анықтап бере қояр едім, - деп жымиды Сәлмен.

Осы бір сәтте Сәрсенбінің жұмыс, зертхана бөлмесінің іші тіріліп, ғарышкерлер өздерінің кеңістік қиырында жарық сәулесінің шапшаңдығындай бір жылдамдықта ұшып кетіп бара жатқандарын да бір сәтке ұмытқандай болды. Адамның өзі қалайтын бір ісіне кірісіп кеткенде осындай күйге түсетіні бар емес пе? Тас дегендері кеме жұрнағы болып шықса, одан өткен әсерлі жаңалық, қуаныш бар ма? Егер алдарынан күтпеген жерден саналы әлдекімдер ұшыраса қалса, көп жұмбақтың бірі өз өзінен ашыла қалар еді. Тасқа қарап отырып ол жағын бір ойлап қойған еді жігіттер.

Тастың бірін абаймен, арнайы құралдар арқылы, манипуляторлардың көмегімен бөлек шыны ортада жарып көрелік, - деді сәлден соң өзінің нақты тұжырымын білдірген Тәкен, - біздің Егіздерге ұшып кетіп бара жатқанымыздағы басты мақсатымыз да ол жақтан саналы тіршілік иелерін табу емес пе? Менің мұндай тұжырымға келуімнің тағы бір себебі, тек Егіздер жағынан ғана емес, сонау кейінде, алыста қалған туған Жерімізден де бір кездері ұшырылған автоматты, ішінде адамы жоқ кемелеріміз бар емес пе? Ол кемелер де бәлкім, осы сияқты бөлшектеніп, тас-кесектерге айналып, неше түрлі пошымданып та кеткен болар ендігі. Олардың Жерден аттандырылғаны қашан. Егер біз осылай қарай ұшып шықпасақ, оларды осылай ұшыратпасақ, ол тастар әлі қанша заман кеңістікте қаңғып қалықтап ұшып жүрер еді. Ал онан соң одан бірдеме қала ма, жоқ па, оны бір құдайдың өзі ғана білсін. Сондықтан да мұның ішкі құрылымын анықтаудың еш артықтығы жоқ.

Мұныңызды біз жақсы қолдаймыз, - деді соның артынша Сәрсенбі кәдімгідей жадырап, - тағы бір айта кететін нәрсем, бұл тастардың бағыт-бағдары тап өзіміз мына алапат жұлдызаралық кемемен ұшып бара жатқан Егіздер шоқжұлдызынан келе жатқанын аңғартады. Сондықтан да менің ойымша, біз бұл тастар арқылы өзіміздің аяғымыз әлі жете қоймаған Егіздер шоқжұлдызындағы ғаламшардың бірінің құпия сырын да аша аламыз.

-Ләйім, солай болғай,- деді Тәкен Сәренбіге қадала қарап тұрып.

Осы сөзден кейін жігіттер орындарынан ширақ тұрды. Сыр етіп, екі жарты шыны бөлігі екі жаққа қарай жылжып ашылған босағадан өтіп, дәліз бойымен зымырап жылжитын арнайы пневмокөлікпен жүріп өтті. Мұндай көлікпен кеменің кез келген бөлігіне көзді жұмып отырып та жетуге болады. Ал негізгі жұмыс та, зерттеу-бақылау да болса да осы басқару пульті бар бөлімде.Кеменің ұшу бағыты мен ұшу барысы дұрыс болған жағдайда ғана ғарышкерлер бой жазып, өзге бөлімдерді аралайды. Ғарышкерлер басқару пультіне келген соң оның алдындағы жартылай сфера болып келетін үлкен шыны терезеден қарсы алдарындағы менмұндалап тұрған Егіздер шоқжұлдызына тағы бір мұқият қарап алды.Кеме оған қарайқанша жылдам ұшып бара жатса да ол жұдыздар ештемеден қорықпайтын адамдай міз бақпай, жарқырап тұр. Алапат кеменің өзі де бір орнында табандап тұрып қалғандай. Кеменің жер көлігі сияқты сілкінісі де, дірілі де жоқ. Тек іштегі, бөлім бөлімдегі күрделі жүйелердің дыбысы ғана тынымсыз шығады. Кемедегі әрбір бөлім өзінше бөлек бір әлем. Хайуанаттар мен құстар әлеміне барған адам ғана өзін басқаша бөлек сезінеді. Ал ну орманды, шағын көлмен өзенді көзге елестетін, оның шағын бір бөлігіндей орын алатын оранжереяға барған адам болса да Жер ғаламшарына қайта оралғандай бір күйге түседі. Ғарышкерлер қазақ жерін, туған жерін қатты сағынбас үшіноранжереяда әрбірінің туып өскен ауылының табиғатына сай көріністер жасалған. Оны көрген әрбір ғарышкер шын мәнінде өз ауылында болып қайтқандай әсер алады. Сергіп, өткен балалық балдәурен шағын есіне түсіреді. Жерден аттанғалы ғарышкерлер сол оранжерея, хайуанатар мен құстар бөлімдерінің арасында тынымсыз жүріп, өздерінше бір тамаша күй кешіп те келеді. Кеме іші дегендері болмаса, сол бөлімдерден бөлімдерге жетудің өзі де уақыт алар еді. Оған қашан да кемедегі пневмокөліктер көмекке келеді. Ғарышкерлер бір бағыттан, бір тектес бөлімдерден жалықпаулары үшін бөлімдердің өзгермелі болу жағы дақарастырылған. Сол өзгерістерді жасау арқылы ғарышкерлер кеме ішінде Жер шарындағы кез келген елдің табиғатын, қалаларын да көзге елестете алады. Бөлімдердегі отырып демалатын орындықтар да жылжымалы. Ол орындықтар әрі жоғары қарай да, төмен қарай да жылжи алады. Оларды ғарышкерлер қатты шаршаған жағдайда қолданады.

Ғарышкер-ғалым жігіттер жұлдыздары аздап болса да жыпылық қаққандай болып тұрған Егіздерге қадала қарап біраз тұрды. Кеменің ұшу жылдамдығы мұнан баяулау болса, онда жұлдыздар тіпті де қозғалмайтындай болар ма еді. Жылдамдықтың өзі де адамның қарау қашықтығына байланысты өзгеретіндей болады. Егер кеменің жанында бірдеме көрінсе, ол кейін қарай адам көзі көріп үлгермейтіндей жылдамдықпен ағып өтер еді. Ал онан алысырағы сәл баяулау, ал одан алыстағы тіпті де баяу қозғалғандай көрінбек. Сөйтіп, кеңістіктегі заттың көрінісі кемеден алыс-жақындығына қарай өзгере бермек. Бірақ қазіргі мақсат оны қызықтау емес, алдағы шоқжұлдыздің құпия-сырын ашу болатын. Сондықтан да Тәкен алдындағы пульт панелінен неше түрлі түймелерді саусақтарымен жай-жай ғана басып, Егіздер шоқжұлдызының әрбір жұлдызын арнайы дөңгелек пішінді эканға кезегімен ұлғайтып әкелумен болды. Әрбір жұлдыздың өзіндік түсі, өзіндік физикалық қасиеті бар. Ал мына жұлдыздардың ерекшеліктері айрықша көз тартады. Өздері көздеп келе жатқан «Ақлағыл» жұлдызының маңындағы жүйе де ерекше көз тартады. Ғарышкердің мұндай бақылау жүргізгендегі мақсаттары әлгі табылған, кеменің қармағына ілінген майда және ірілеу кесек тастардың табиғатын салыстыру еді. Соны зеттеу алдында жасалған бақылау бұл.

Осыдан кейін, күрделі жүйелер арқылы жұлдыздар төңірегіндегі ғаламшардың спектрлік анализдерін алғаннан кейін Тәкен бастап, кеменің Астрофизика бөліміндегі зертханаға қарай бет алды. Ол зертханаға кеменің қабырғасымен жанасқан кеңістіктегі үлкенді-кішілі заттар арнайы түп-жол арқылы жетеді. Жол-жөнекей түрлі тазарту жүйелерінен өтеді. Ендігі мақат та сол зертханада тастардың бірін жарып көру еді. Ғарышкерлер соған асыққан.



КІШКЕНТАЙ ҒАЛАМШАР

Тартарды алғашқы сәттегі зерттеу пәлеңдей нәтиже бермеген сияқты еді. Соңғы үлкендеу біреуі тас та емес, кесек те емес, қандай да бір жұлдызаралық шағын кеменің тасқа айнала бастаған бөлігі болып шықты. Бірақ оны ғарышкерлер қаншама рет түрлі ұлғайту сүзгі-шыныларынан өткізсе де, онан пәлендей ештеме таба алмады. Мәлімет те жоқ. Содан енді не шешім айтарларын білмей дағдарған олар. Әдетте мұндай бөліктерде қандай да бір белгінің ізі алушы еді. «Бір кездері Жерден аттандырылған жұлдызаралық кемеге Жер ғаламшары, оның саналы тұрғындары-адамдар мен өзге де тіршілік иелері, ұлт, әуен және тағы басқадай толып жатқан ғылыми мәліметтер салынған жоқ па еді?» деп бір ойлап қойды жігіттер.

Бәрі осылайша дағдарып тұрғанда Сәрсенбі Сапарұлы қақ жарылған ең кішкене тастың ішінен титімдей ғана көк түсті шарды көрді. Ол қатты қуанғанынан:

- Е, бәсе, бірдеме болуы керек еді ғой, - дегенінше болған жоқ титімдей шар жайымен ғана жоғары қарай көтеріле берді.

Сол кезде Сәлмен Әбдіғаппарұлы;

-Ей, мынауың өзі домалақ найзағай емес пе? Сақтанайық! - деп кейін шегінді.

- Расында да, жігіттер, сақ болайық! - деп Азамат Амангелдіұлы да сескенгенін жасыра алмады.

- Сәл сабыр етіңдерші, корықпаңдаршы! - деді сол кезде Жақан Артықұлы сәл кідіріп.

- Шар тоқтамады. Жоғары қарай көтеріле берді. Сөйте-сөйте кеменің төбесіне жетті. Төбеге тиген мезетте ешқандай оқыс қимыл білінбеді Егер ол шын мәнінде домалақ найзағай болса, онда кеме төбесін оп-оңай тесіп өтіп, ашық кеңістікке лағып кеткен де болар еді. Олай болмады. Шар бірнеше ондаған секундтар бойы қозғалмай тұрды да, қайтадан жайымен ғана төмен қарай қозғалды. Оның қозғалысы тап біреу ішінен, немесе сырттан телебайланыс арқылы басқарып отырғандай болды. Мұндай көрініс бақылап отырған ғарышкерлерге әуелден таныс еді. Домалақ найзағай деген әдетте солай қозғалады. Тек биолог Жақан Артықұлы оның домалақ найзағай екеніне сенбеді. Ол кішкентай ғана шардың ішкі жағынан әлдеқандай нәрселерді байқап қалғандай да еді. Сәл үнсіздіктен соң ол кеме ішіндегі микроаспанда қалықтап ұшып жүрген шардан көзін алмастан;

- Сабыр етіңдер, достар, бұл ешқандай да домалақ найзағай емес, Бұл микроғаламшар! Кішкентай ғана ғаламшар! Сенесіңдер ме , маған? Байқайсыңдар ма? Ішінде теңізі, мұхиты мен құрлығы да бар. Мен оның бәрін де көріп тұрмын!

- Сен не аитып кеттің өзі? - деді оған тіке қараған Тәкен көз шарасын ашыңқырап, - теңіз-мұхитың не, құрлығың не? Өзің ауырып тұрғаннан саумысың, досым-ау?

- Жо-жоқ, Тәкен, мен бәрін де шынымен көріп тұрмын. Шардың ұшуын тоқтатып, оны зерттеу керек!

- Қалай тоқтатпақпыз мұны?- деді Сейдолла сәл-пәл болса да үрейленіп,- ол ыстық емес пе? Оны тоқтату емес, онан қорғану керек болар!

Қорғанатын да, қорқатын да ештеме жоқ. Мен қосымша телекүшейткішті іске қосайын. Шарды мейлінше ұлғайтып қарайық. Бәлкім, сонда барып көрерсіңдер оның ішіндегі бар ғажайпты! - деп биолог дегбірлене түсті.

- Расында да сөйтсек қайтеді? - деді Тәкенге жалт бұрылған Азамат

- Бір шешімге келе алмай тұрмын.

- Ойланатын не бар. Ұстайық шарды - деп Сәлмен Әбдіғаннарұлы ілгері ұмтылды.

- Алтауы да тып-тыныш. Шарды ұлғайтып көрсететін кұралды қосуға да, оны ұстауға да ешқайсысының дәті барар емес. Тоқтатуға да мұршалары жетер емес. Шар жайымен қалықтай қозғалып зертхананың есігі арқылы дәлізге шықты. Сәлмен оның соңынан кетті. Шар «Енді мені қуып жетіп қор» дегендей дәліз бойымен ұшып кетіп барады. Қалғандар аң-таң. Бәрі де енді-енді ғана естерін жиғандай. Дереу аса ұлғайтқыш тележүйені іске қосқан кезде шардың тап бір ғаламшардан аумайтыны аңғарылды. Тек өте кішкентай. Ойыншық шардан да титтей-ау. Бірақ соған қарамастан, биолог айтқандай, ішінде теңізі де, мұхиты мен құрлығы да бар. Taп бір өте-өте алыстан қарағандағы Жер шарының өзі сияқты.

- Мынауыңның өзі шынымен-ақ ғаламшар ғой!-деп Тәкен де енді дәлізге шыға жөнелді.

- Ал биолог болса сол мезетте дәліз қабырғасындағы бір түймені нұқып та үлгерген еді. Соның артынша дәліздегі аса ұлғайтқыш тележүйелер іске қосылып, шар кәдімгідей анық көрінген. Кәдімгі ойын добындай болып дәліз аспанында тұр. Оның ішкі-сыртқы бет-бейнесі де енді айқындала берген. Биологтың айтқаны рас болып шықты. Оны қандай да бір ғаламшардың жоғары дамыған өркениетті тұрғындары кеменің ішіне, ең қауіпсіз деген жерге салып жіберген. Апатқа ұшыраған әуе кемесінің «қара жәшігіндей» бір зат сияқты. Ұшу барысында кеменің кейбір жүйелері қандай да бір себептерден біржолата істен шығып, сол екпінімен кеңістік жаһанын кезе-кезе түрлі тозаңмен, тағы басқадай заттармен соқтығыса-соқтығыса пішіні өзгерген, осындай тас-кесек күйге түскен.Ғаламшар тұрғындары жұлызаралық сапарға үлкендеу бір кемені де жібермепті. Ғылыми тұжырым бойынша, оның үлкендігі Жердің тұнғыш серігінің үлкендігіндей ғана болған. Бірақ оның есесіне ішіне ғаламшар туралы толық ғылыми мәлімет бере алатын, оның бет-бейнесін осылай көрсете алатын тіп-титтей ғана ғаламшардың бейнесін орнатқан.

- Түсінікті, телекөрсеткішті ажырата ғой, - деді сәлден соң Тәкен биологқа иек қағып, айналасындағыларға қарап.

- Биолог басын изеп, әлгі түймені нұқыды. Ұлғайған көрініс күрт жоғалып, шар қайтадан тип-титтей күйіне түсіп, кеменің ұзыннан ұзақ созылып жатқан дәлізінің төбесіне тиер-тимес қалықтап ұша берді. Тәкен тездетіп басқару пульті бар бөлімге жетті. Ондағы панельден бір түймені нұқығанда, кеме ішін анау-мынау тозаңнан, артық-ауыс зат- тардан тез арада тазартатын сүзгі-жүтқыш құрал өзінің бекітулі тұрған жерінен босан, дәліз бойымен қалықтай ұшып, әлгі кішкентай шарды өзіне оп-оңай жұтып алды. Ендігі істің барысын Тәкеннің өзі шешеді. Ол панельдегі түймелерді рет ретімен басып, кішкентай шарды жұтып алған қалықтағыш құралды зертханаға қарай бағыттады. Жігіттер пневмокөлікке отырып алып, оның соңынан жүрген. Аралық басқару құралымен кішкентай шарды сәлден соң зертханаға енгізді. Қажет деген жерге апарып орнықтырды. Содан соң оның үсті арнайы төрт қырлы шыны қақпақпен нығыз жабылды.

- Осыдан кейін үлкен дөңгелек үстелдің төңірегіне жайғасқан ғарышкерлерқалықтағыш құралдың ішінен шығарылған шарға ерекше назар аудара қарады. Үстелдің үстіңгі тұсында, жан-жағында, шардыәуелгіден де аңығырақ көруге мүмкіндік беретін құралдар бар еді. Ғалым-ғарышкерлер оны да пайдаланды. Бірақ сол кезде Жақан Артықұлы ұлғайту құралы арқылы ол шардың өне бойында қандай да бір өзгерістің болып жатқанын аңғарды.

- Достар, мына көріністі тез арада бейнефильмге түсіріп алуымыз керек, - деді ол мал тапқандай қуанып.

- Қазір, - деп Тәкен үстелдің бір шетіндегі қажет деген түймені нұқыды.

- Артынша ызыңдаған дыбыс естілді. Бұл түсірудің басталғанының белгісі еді. Енді сәлден соң көрініс ұлғайтылды. Шардың бар бейнесі зертханадағы арнайы экранға көшірілді. Биолог айтқан өзгеріс рас болып шықты. Шар бетінде шынымен-ақ өзгерістер өтіп жатыр. Тап кәдімгі Жер ғаламшарындағы эволюциялық даму сияқты даму. Әуелі оның көп бөлігін мұхит суы шайып жатты. Ал тұтасып келген құрылыгы көп уақытқа дейін бір бірінен ажырамады. Ол тек уақыт өте келе ыдырай бастаған. Одан кейінгі кезеңде тіршіліктің алғашқы белгілері де байқала бастаған. Бәрі де Жер тарихынан белгілі, таныс көріністер. Тек оның бәрі де соншама ұзақ заманғы мерзімде емес, әп-сәтте, тап бір бейнефильмдегідей болып қана өте шыққандай, Биолог оны жақсы түсінеді. Бұл сол ғаламшардың тұрғындарының жасаған күрделі құралдары. «Жалпы, дүние әлеміндегі эволюциялық даму бір біріне ұқсап келеді екен ғой» деп қойды биолог ішінен. Басқалар да өздерінше ойға шомған. Кейбірі тіпті, Жер тарихын өз көзімен бір көріп шыққандай әсер де алған. Ғаламшардың Жерден пәлендей ерекшелігі де жоқ. «Біздің дамуымыз да осылай өркендеген. Анықтап көріп алыңдар» дейтіндей.

- Әрбір ғасыр секундқа тең уақыт ішінде өтіп жатыр. Сонда оның эволюциясы тап осылай өте шыққандай болғаны ма? Өмірді қанша ұзақ десең де, бәрібір, оның қалай өте шыққанын білмейсің. Бұл да бір өз алдына жұмбақ нәрсе секілді. Ал мына шарды жіберіп отырған адамдардың қандай да бір мәдени дамуы жоғары өркениеттің өкілдері екені де жақсы белгілі. Тіл үйреніп, ол тілмен бір бірін түсінісіп жатқаннан гөрі мынадай жолмен көз алдыңа әкеліп, бір ғана мезетте бәрін көріп шығудың өзі де үлкен ақыл емес пе еді. Бір кездері осы кеңістікке Жерден автоматты жұлдызаралық адамсыз кемелер жіберілгенде, олардың ішіне Жер, ел жайлы толық мәліметтер салынған еді. Онда бейнетабақ та, пластинкалар мен суреттер де болған. Күн жүйесі, ондағы ғаламшарлар мен Жер ғаламшары, ондағы ең саналы тіршілік иелері - адамдардың жынысына қарай бөлінгені,орташа бойы мен салмағы да арнайы тақтаға сызылып көрсетілген. Кеменің ұшып шыққан жері, оның алған бағыты сызылып көрсетілген пластина да бар еді. Ал мұнда жалғыз ғана шар. Онда да көзге әзер ілінетін бейне еді. Өзі болса да кіп-кішкентай ғана.

- Бірақ осы кіп-кішкентай шардың күрделі құрылымы арқылы ғарышкерлер аз ғана уақыттың ішінде сол бір ғажайып ғаламшардың жай-жапсарын біліп алды. Көрініс әлі де жалғасып жатты. Құрлық бірте-бірте өзгеріп, арасын теңіздер мен мұхит сулары басып, кей материктерде саналы адамдардың тобы пайда болды. Олар да Жер адамдары сияқты алғашқы қауымдық құрылысын құрып, қолдан қарапайым ғана құрал-саймандар жасап, аң аулап, оның етін отқа қақтап жеп, таулардағы үңгірлерді паналап өмір сүріп жатты. Онан кейінгі көріністе алғашқыдағыдай санасы әлі төмен, киім киістері жұпыны адамдардың тіршілік әрекеттері байқалды. Шардың әр жер әр жеріндегі электронды сағатқа немесе ойын панеліндегі сияқты лып-лып еткен көріністерге ғалым-ғарышкерлер ерекше бөлек назар аударып та отырды.

— Бәрі де көріністерден көз жазбай отырып, өздеріне әзірге беймәлім ғаламшардың қысқа тарихын көрсетіп жатқанын іштей түсініп отырды. Электрондық жетістік Жерде де бар. Сондықтан да болып жатқан құбылысты түсіну ғарышкерлерге аса қиынға соққан жоқ. Бұл шарды жіберіп отырған елдің ғалымдары да шардағы көріністердің мәнін адам баласының орташа санасына негіздеген сияқты. Сондықтан да ол пәлендей қиындық тудыра алмақ та емес. Оны түсіндіріп жатудың өзі де артық болмақ. Уақыт өткен сайын көрініс өзгере түсті. Өзгерген сайын ондағы адам бапасының өмір-тіршілігі де басқа мәнге ие бола берген. Шардың түрлі аймақтарында қалалар да пайда болған. Ол қалалар көріністің әрбір секунды өткен сайын іріленуде. Жігіттер Жер ғаламшарында, туып өскен елде жүргенде Жер тарихына дәл осылай мән бере қойған жоқ еді. Тіпті қаншама рет Жер төңірегіндегі кеңістікте, қаншама рет Күн жүйесіндегі ғаламшарларда болып, олардан дін-аман қайта Жерге оралып жүрген кездерінде де оған дәл бұлайша терең мән бермепті. Енді көз алдарындағы кішкентай ғана шардан Жердің барлық тарихын көріп тұрғандай әсерде бәрі де. Жер ғаламшары қаншама рет ғарыш кеңістігінен суретке, бейнефильмге түсірілсе де, оның бетіндегі қалалар дәл мынадағы сияқты дараланып көрсетілмепті. Ал бұл шарда бәрі де ап-анық. Бәрі де көз алдарында. Мұндағы тағы бір ерекпіелік - мұнда бұлттар жоқ. Жіберушілер оны әдейі көрсетпесе керек. Ол бұлттар кейде пайда болады да, кейде зым-зия жоғалады. Соншама үлкен ғаламшарды алақанға ғана сиятындай етіп кішірейтіп, осындай көрініске, көрініс болғанда да тап бір табиғи көрініске айналдыра алған қандай адамдар екенін ғалым-ғарышкерлер іштерінен бір ойлап та қойды.

- Дегенмен де, шарды бақылап-зерттеу ұзаққа созылды. Ақыр соңында ;

шар беті қалағатолып, табиғат аясы мейлінше тарылып, аяқ басар жер қалмаған мезет те көрініс те кілттоқтады. Одан кейінгі көріністері кәдімгі өмірдегідей баяу да салдарлы өтіп жатты. Тек осы кезде ғана барып ғарышкерлер өзді өзді орындықтарына шалқая түсіп отырып, демдерін алды.

-Көздеген ғаламшарымызга жетіппіз. Бар тарихын да біліп алдық. Енді кейін қайта берсек те болады, - деп әзілге басты Тәкен ерекше көңілденіп.

Иә, расында да солай-ау, — деп қойды Азамат.

- Мен өзім бөтен ғаламшар емес, Жеріміздің тарихын түгел көріп шықтым, - деді биолог Жақан, - қандай ғажап! Біз неге осындай шар жасамадық. Барған бетте тілдесуден бұрын осындай шармен Жер тарихын әп-сәтте түсіндіре қоятын едік.

- Оның рас, Жаке, - деді Тәкен, - әр елдің өзінше бөлек даму сатысы, деңгейі болады емес пе? Олар тарихтарын осылайша түсіндірсе, бізде де түсіндіретін күрделі құрал-жабдықтар жетеді. Ол жағынан қам жемейік!

- Е, достар, «Ақлағылға» дейін әлі жол алыс, - деді сол кезде СейдоллаТұрсынұлы, - сондықтан да көп нәрсені байыптап біліп алуымызға мол мүмкіндік бар. Бірақ менің пікірімше, мына шар салынған кеме қандай да бір кесекөлденең күштің әсерінен күйреген. Былайша айтқанда істен шыққан.

- Оны біз де біліп отырмыз. Көп нәрсе әлі анықталған жоқ. Барған соң бәрін де білетін боламыз. Ең бастысы - ғаламшардағы даму өзіміздің Жердегі дамуға мейлінше ұқсас болып шықты емес пе? Адамдары да тап өзіміздей. Бұл бағытқа бекер шықпаппыз. Ішіміз бірдемені сезгендей де екен. Иә, осылай болып шықты достар ідеп күрсініп қойды Тәкен.

- Осы кезде кемедегі шамалы демалуға шақыратын арнайы дабыл естілді. Жігіттер шардың кетпейтін жағын қарастырып, автоматты жүйелерді ретке келтіріп, орындарынан түрегелді. Қол-аяқтарын қозғап, жаттығулар жасап, бой жазды. Енді біраз уақыт бассейнге түсіп, оранжереяға қыдырмаса, спорт залына барып, неше түрлі құралдармен дене шынықтырып, денсаулықты бекітпесе болмайды. Бәрі де ұзына бойы жатқан кең дәлізге шықты. Бұл жолы пневмокөлікке де, орындық көлікке де мінген жоқ ешқайсысы. Онсыз да әлгі ғаламшардың тарихын көргенде сағаттап отырып қалған. Енді қозғалу керек, жүру керек. Содан кейін тамақтанады. Ұйқыға жатады. Жер тәулігіне тураланған күн кестесін бұзуға болмайды. Күн шықпайтын, батпайтын, талтүс болмайтын алапат кеменің ішінде өмір сүріп жатса да, күн кестесі Жердегі табиғи көрініске, тәулік өзгерісіне сай етіліп жасалған. Мұнда тәуліктік уақытты арнайы электронды сағат айқындайды. Кеме ішіндегі жарық та сол тәулік уақытына сай өзгеріп отырады. Ал қазіргі мезгіл кеш еді. Бұл кезде Жердегі, туып өскен елдегі тұрғындар да түнгі ұйқыға дайындалып жатқан. Бірақ ғалым-ғарышкерлер күн кестесіне аздап өзгеріс жасаған. Өйткені кемедегі баяу өтіп жатқан уақыт пен Жерде өтіп жатқан уақытты салыстыруға болмайтын. Егер екі жақтағы уақыт бірдей болса, онда Жердегі адамдармен бірдей тұрып, ұйқыға бір мезгілде жатуға болар еді. Енді кеме жылдамдығы артқан сайын уақыт айырмашылығы көбейе берген. Ғарышкерлер осы кезге дейін ғана Жер уақытымен, тәулігімен санасқан. Белгілі бір жылдамдыққа жеткен соң өз алдарына бөлек күн кестесін жасауларына да тура келген. Бірақ мұнда пәлендей өзгеріс бола қойған жоқ. Кемедегі шамдар өз уақытында жанып, өз уақытында өлеусіреп барып сөніп те жатты. Электронды тәуліктік сағат та уақытты дұрыс көрсетіп тұрды. Ғарышкерлер өздерінің жоспарларын толық орындады. Оранжереяда серуендеді, спортпен шұғылданды, бой жазды, тамақтанды. «Кешкі серуен» дейтін серуен де жасаған. Тек содан кейін ғана барып, кеменің басқару пультіндегі панель жүйелерін басқаруды сенімді деген биороботтарға тапсырды. Кейбір жүйелерді автоматты ретке қойды. Сөйтіп барып ғарышкерлер «Түнгі ұйқы» кестесіне ауысты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет