Қазақша рефераттар - www.temakosan.net сайтынан жүктелген
Жақсыбай шешен
Алтай тауын мекендеген он екі Абақ керей деген ел бар. Осы ХІХ ғасырдың орта кезінде Әжі деген төре билеген екен. Әжінің әкесі Көгедей төре атақты Абылфейіз ханның Тұмар деген әйелінен туған. Көгедей, Әжі -әкелі –балалы екеуінің бейіттері Шығыс Қазақстан облысы,Зайсан ауданында қазірге дейін бар, осы күнгде жер аттары болып аталады. Осы Әжінің Абақ керей елін билеп тұрған кезінде Керейдің Жәнкерей руынан шыққан Жақсыбай деген биі болыпты. Жақсыбай өз заманының әділі аталған шешен адам екен. Сол кезде Жақсыбай қарт адам болса керек. Бүкіл Жантекей ақсақал тұтып, қадір, құрмет көрсететін болғандықтан Әжі төре Жақсыбайдан іштей ығысады екен.
Елде бір үлкен бай өліп асын беріпті. Сол аста бір кедей жігіт анадайда келе жатқан бір топ әйелдерді көріп:
- Ана бір топ қатын келеді, қай үйге түсіреміз? –депті. Мұны төренің жандай –шаптары естіп қалып:
- Сен, төренің ханымын қатын дедің, -деп жігітті өлмеші етіп сабап, есінен тандырыпты. Келе жатқан әйелдің ішінде төренің әйелі бар екен. Жігіт байғұс байқамай «қатын» деп айтып қалыпты. Жігітті сүйреп билердің алдына әкеліпті. –Билер «ханымды қатын деу әдепсіздік» деп,жігітке жеген таяқтың үстіне ат босатқан бір тоғыз айып кесіпті. Жанға да, малға да бірдей келген екі жазаға шыдамаған жігіт бөлек бір үйде жатқан Жақсыбай биге келіп, болған істі мәлімдеп, арашалап алуды өтініпті.
Жақсыбай шешен сөзді түгел ұғынып болған соң жолдастарына:
-Ат ерттеңдер, түгел маған еріп жүріңдер, мына жігіт бірге жүрсін. Мен не айтсам бәрің маған ілесіп менің айтқанымды айтыңдар! –деп бұйырыпты. Ат ерттеліп, 30-40 адам атқа мініп Жақсыбайдың артына еріпті. Асқа тіккен екі –үш жүз үйдің көшесімен аяғынан басына дейін барыпты және жүріп келе жатып: «Әжінің ханымы ханым емес, қатын» деп ұран таратып отырыпты, оны барлық жолдастары бірге айтып қайталап отырыпты. Осымен Жақсыбай өзі жатқан үйге келіп түскен соң, бағанағы билік айтқан билерге кісі жіберіпті:
- Ханымды «қатын» деуші айыпкер жалғыз ғана мына жігіт емес, ақсақалы мен болып 30-40 кісіге жетті. Ал оны естуші төренің екі –үш төлеңгіті ғана емес, бүкіл қазақ жиыны болды. Айыпкер көбейді, биліктерін қайта кесіп, алымын көбейтіп, бір –ақ айтсын да малын менің қолымнан бір –ақ матап алатын болсын.Осынв барып айтып, бұйрығын алып келіңдер! –депті. Барған адамдар Жақсыбайдың сөзін жеткізгенде, Әжі төре орнынан түрегеліп:
-Айыбы жоқ, таяқ жеген жігіт өзін ұрған үш төлеңгіттің атын алсын. Ханымның қатын екені рас, ақсақал әділін айтып көпке ұқтырды! –депті. Осымен жанжал бітіпті.
Әжі төре мен Жақсыбай шешен.
Әжі төренің болып тұрған кезінде, төренің бір ақ төс қара төбеті болыпты. Бұл төбет бірнеше қасқыр алған екен. Ауылға адам келгенде одан қатты қорқып ығысады екен. Бір күні төре ауыл жанындағы төбешікте отырғанда анадай жерде бір жаяу адам келе жатқанын көреді. Итін адамға қосып сынамақ ниетімен итті босалып жіберіңдер деп дауыстайды. Босатылған итін жаяу адамға айтақтайды. Ит тұра ұмтылып әлгі адаммен алыса түседі. Ақыр аяғында әлгі адам итті жанталасып жүріп шабынан жарып жығады да қайта бұрылып кете барады. Төре кісілері ұстаймыз дегенде, төре рұқсат етпейді. Өйткені ол адамды төре таниды екен.Ол Қара Терлікбай деген б ір кедей, ел аралап жан бағатын адам екен. Төренің ойы оны ұстағанмен алары жоқ. Барған жеріне жіберсе, барған жері оған айыпкер болады. Иттің басын адамның күнімен тең етің өндіріп алмақ екен. Сонымен көп жерлері жараланған Терлікбай Жақсыбай биге барып «төре маған ит қосты» деп жылайды. Жақсыбай би «жарайды, жата бер; төренің сөзіне қарай көрерміз» дейді. Артынан төреден кісі келіп « Елге белгілі қара төбетімді Терлікбай өлтіріп кетіпті осының жолын айтып жөнге салсын» деп төре жіберді» -депті.
Cонда Жақсыбай отырып: - Төренің тентегін мен ұстап отырмын. Иттің құны белгілі. Менің төреден сұрайтын жалғыз ауыз сұрағым бар. Соны айтайын жауабын әкеліп, иттің құнын алындар. Сұрағым мынау:
-Өлген ит, өлтірген адам. Ал екеуін таластырып, тамаша көрушінің аты кім болады екен? Осыны сұрап келіндер, -депті. Төренің кісілері бұл сөзді төреге жеткізгенде: - Қап, амал жоқ, бұған дау айта алмаспын, қайтып бармандар, -депті. Сөз осымен тоқтап аяқсыз қалыпты.
Байсерке абыз айтқан сөз.
Ертіс бойында туып -өскен Байсеркенің есімі елге ерте танылып, сөзге шешен жөн білетін болғандықтан абыз атанған. Ел аузындағы әңгімелер мен кейбір деректерге қарағанда, 1779 жылы туып, 1889 жылы дүниеден қайтқан болып шығады. Байсерке абыздың сөзедері ара –тұра газет –журналда жарық көріп келеді. 1967 жылы жарық көрген «Шешендік сөздер» деп аталатын кітапта «Шоң, Торайғыр сенбісін мақтап жүрген» деген сөзді Байдалы би айтыпты делінген. Бұл шындыққа сай келе бермейді. Неге десеңіз, Байдалы би 1829 жылы дүние салған. Ал, бұл сөзді Байсерке абыз Шоң би Баянауыл дуанына аға сұлтан болып бекітілгеннен көп уақыт кейін, яғни, 1838 жылы айтқан. Байсерке абыздың мына бір толғауына көңіл бөлсек:
Ат қадірі желгенде білінеді,
Ер қадірі өлеңде біленеді.
Келіннің жақсысы келгенде білінеді.
Ағайынның жақсысы
Басында іс түскенде білінеді.
Жамандардан би қойсаң,
Алмастырар елінді.
Жүлделі сөзді бара алмай,
Сындырар күнде белінді.
Жақсылардан би қойсаң,
Бәйге атындай сенімді.
Сыйлап- сипап құрметпен
Көркейтер күнде елінді.
Тандап тауып жолдас бол
Айнымайтын жақсы теңінді.
Сабырлықпен шыдаған
Ерлерді айт сенімді.
Ақылды Қыз бен Аңқау жігіттер
Бір елдің ру басы білгір биінің әйелі өледі.Би әйел алу үшін елде басы бос қыз бар ма деп сұрастырады.Жапсарлас елде бір байдың қызы бой жетіп отыр деп есітіп, қызды көріп келуге үш жігіт жібереді.Жігіттер байдың үйіне келсе, үйде бойжеткен қыздан басқа адам жоқ екен.Жайғасып отырған соң қыз шай қайнатып алып келеді, сол уақытта жігіттер сөз тартып, қызды сынамақшы болады.
- Әкең қайда кеткен? – дейді жігіттің біреуі сөз бастап.
- Әкем 50 сомды 10 тиынға айырбастай кетті, - дейді қыз.Жігіттер түсінбей, біріне-бірі қарайды.
- Ал шешеңіз қайда кеткен? – дейді екінші жігіт отырып.
- Өлген адамды тірілтуге кетті, - дейді қыз.
Жігіттер бұл сөзге де түсінбейді.
Бір жігіт байқаусызда ыстық шайды ұрттап алып, аузы күйіп қалады.Қызға білдірмегенсіп, жоғары қарап:
- Мынау қандай жердің ағашы екен? – дейді күлдіреуішті.
-Ол – саздау жердің ағашы, сабырсыз ердің сазасы, - дейді.Осымен жігіттер біраз үндемей шай ішіп отырады.Бір жігіт бауырсақты аузына екі-екіден тастап отырады да, әлден уақытта:
- Бір ат мына маткені нешеуден тартып келді екен? – дейді.
- Жақсы ат бірден, жаман ат екіден тартып келді – дейді қыз.Жігіттер қыздың бірде-бір сөзіне түсінбей қайтып келеді.Келген соң би:
- Иә, барыңдар ма, қыз қандай екен? – дейді жігіттерге.
- Көрдік, не айтып, не қойғанын түсіне алмадық, - дейді жігіттер.
- Иә, сендер не дедіңдер, ол не деді?
- Біз «әкең қайда» деп едік, ол «әкем 50 сомды 10 тиынға айырбастай кетті» деді. «Шешең қайда кетті»деп едік, «өлгенді тірілтуге кетті» деді.Үй төбесінің маткесін «қандай жердің ағашы» деп едік, « саздау жердің ағашы, сабырсыз ердің сазасы» деді. «Бір ат осы маткенің нешеуін тартып келді екен» деп едік, «жақсы ат біреуден,жаман ат екеуден тартып келді» деді.Бір дұрыс жауап естімедік, - деді.
- Онда қыз ақылды екен, сендер ақымақ екенсіңдер, - депті би. - Әкесі қоян аулауға кеткен екен.Қоян қуып жүргенде аты жығылып өлсе, 10 тиындық қоян үшін 50 сомдық атынан айырылмай ма? «Шешем өліні тірілтуге кетті» дегені – шешесі өлген адамға бата қыла кеткен екен.
Асығып ұрттаймын деп біреудің шайға ауыздарыңды күйдіріп алған екенсіңдер, сол үшін «саздау жердің ағашы, сабырсыз – ердің сазасы» деген екен.
Біреулердің шайға салған бауырсақты ауыздарыңа қос-қостан салған екенсіңдер.Сол үшін «жаман ат екіден тартады» - деген екен ғой! - дейді.
Төлебай сал
Төлебай сал өткен он тоғызыншы ғасырдың аяқ кезінде: Қараөткел, Атбасар, Қарқаралы, Кереку дуандары және көшпелі жеті болыс тама елдің арасында орақ тілді, өткір сөзді, өзі кедей болса да халық арасында қадырмен адам болған. Ол әкесі Есбергеннен үш ағайынды Тоқтауыл, Төлебай, Атымтай деген. Төлебайдың өзінен үш ұл, бес қыз болды. Ұлдары: Сейтқазы, Жанғазы, Байғазы. Қазір үшеуінен де балалары бар.
Төлебай ат жалын тартып мінгеннен кейін өзі кедей болса да, кедейлікті мойындамай, ел ішінде Төлебай сал атанады. Бай –мырза, би болыстармен өзі уағында, әсіресе, олардың істеген қиянаты, алған парасатына өте қарсы болған. Олар жөнінде Төкең:
Салаба болған қайықтан,
Қайқайта буған сал артық,
Тура айтпаған болыстан,
Шала есін білген бала артық.
Пара жеген билерден,
Дүздегі жүрген жыртқыш аң артық, -
дейді.
Төлебай халық арасында белгілі қадірлі, қапелімде сөз тапқыш, тілді адам болған. Төкең Ертіске, ағайындары Қазанғаптың Исасына барып көшетін болып келіпті. Бірақ бұл жақтағы 60үй Бәсентиын үйренген елін жерін қимай көшпей қалыпты. Содан кейін Төкен Шоңның үйіне барса ол билермен бірге отыр екен. Самырат, Әлсен, Қаспақ, Шоқақ тағы басқалары Төкенді кекесіндеп: -Қашан көшесің? –депті. Сонда Шоң: -Төлебай мыналар не дейді, -депті. Сонда ол:
Ей, Шоң!
Арамзаның көзі күледі,
Басшысы жаман болса елі бүлінеді,
Ұлығынан әділдік кетсе,
Артындағысы иттей азып, күшіктей үреді, -
деген осы да депті. Отырған билер үндемей қалыпты.
Қанжығалы Жәдігерұлы Асаубай.
Қанжығалы Жәдігерұлы Асаубай белгілі шешен, Балта керей Бекентай байдың ауылына қыстың ызғырық бораны соққан бір күні аттары болдырып, өзін аяз сорып, жол соқты болып жетіпті. Жанындағы жолдасын қонуға рұқсат сұрауға жіберсе, Бекентайдың жандайшаптары оны үйге кіргізбей, ақырында Асаубайдың өзі келеді. Бай бәйбішесімен шай ішіп жатыр екен. Амандық –саулықтан кейін Асаубай:
Жол алыс, өзіміз шаршап, аттар болдырып қалды. Күн де кешкірді, қонуға рұқсат болар ма екен, -дейді. Бекентай теріс қарап, күмілжіп: «Кісі күтер жайымыз жоқ, жолаушылар –ақ мазамды кетірді. Басқа да үйлер бар ғой» -дейді. Бекентай:
Кімсің өзің? Төбемді тоқпақтағандай тақпақтамай жөнінді айтшы, -депті. Сонда Асаубай:
Сұрасаң атым мәлім –Асаубаймын,
Маржандай тізбектелген сөзім дайын.
Қорықпаса адамды сыйламайтын,
Қашаннан білуші едім байдың жайын
Жолай барып жүгінсем билеріңе,
Жетекте кетер еді –ау бірер тайың,-депті.
Асаубай екенін білген бай кешірім сұрап, тиісті құрмет көрсетеді. Ертеңінде жүрер алдында Асаубайға Бекентай шапан жауып, ат мінгізіпті. Сонда Асаубай:
Байлығыңа мастанба,
Құруың оңай.
Болғаныңа мақтанба,
Солуың оңай.
Жан –жағыңды жалмаса,
Жарым –жалғыз қалуың оңай.
Мен алғаныма тасымаймын,
Жоқтығыма жасымаймын, -депті.
Шоқай сексен жасқа қызға барған.
Шоқай би сексен жасында бір үйге қоныпты. Жанында жас жолдасы бар екен. Қонған үйдің бойжеткен қызы болады. Шоқай түнде қызға қол салады.
-Бұл кім? –дейді қыз.
-Қонақпын, -дейді Шоқай.
-Қонақтың қайсысың, кішісісің бе? –дейді қыз.
-Үлкені тұрғанда, кішіге жол қайда?
Сегізде тісім түсті,
Сексенде қызға ісім түсті
Дүние өтер –кетер,
Құдаша, көрпеңді көтер.
Маған келген кәрілік
Сені де қуып жетер.
Саған да ешкім қарамай,
Сонда жастыққа көңілің кетер, -
дейді Шоқай.
Сексенге келген сері шал,
Қайраттың болса қарманып қал!
Бауырыма қысып, басыңнан сипайың,
Көңіл кең болса, көрпе жетер, -
деп қыз көрпесін ашыпты.
Ықыласы мен сөзіне риза болып Шоқай би қызға алтын сақинасын салыпты. «Шоқай сексен жаста қызға барған» деген сөз содан қалыпты.
Төле би Әлібекұлы.
Төле би Әлібекұлы (1663 -1756) –қазақтың қоғам қайраткері, белгілі шешен Т әуке ханның кеңесшісі, «Жеті жарғы» әдет заңы авторларының бірі, ұлы жүздің аға биі.
Төле бидің руы –Дулат ішінде Жанас. Аталары: Жаныс –жайылмыс –Қожамберді –Құдайберді -Әлібек. Тоғыз ұлды Құдайберді әулетінен Төлеге дейін би де, бай шаруа болған.
Төле би орта жүздің аға биі Қазыбек Келдібекұлымен, Кіші жүздің аға биі Әйтеке Бәйбекұлымен бірге әз Тәукенің басты кеңесшісі, көмекшісі болады, оның Түркістан қаласын орталық етіп, үш жүз ұлыстарын бір орталыққа бағындырып, бірегей қазақ хандығын нығайтуына көмектеседі. Тәуке қуатты жоңғар хандығына тойтарыс беріп онымен бітім жасайды. Көршілес Қоқан хандығымен, Ресей патшалығымен елші алысып, сауда жасайды. Қысыраған дала, қираған қалалар жандана бастайды. Қайта туған қазақ мемлекетінің құрылысын бейнелейтін, қоғамдық қарым –қатынас белгілейтін әдет заңы «Жеті жарғы» кодексі жасалады. Бірнеше жүз жылға созылған Шыңғыс хан мен Ақсақ Темірдің қанды жорықтарынан кейін аз уақытқа болса да ел басын құрап, есін жиған осынау бейбітшілік пен берекелі жылдарда Төле бидің үлкен үлесі, елеулі еңбегі бар.
Төле бидің басшылық, мәмлегерлік және шешендік дарыны, әсіресе, әз Тәуке өліп, қазақ хандығы қайта ыдырап кеткен жылдарда, соны пайдаланып жоңғар хандығы жойқын қолмен, зеңбіректі қарумен шабуыл жасап, қазақ халқы қырғынға, қалғаны «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған кезде ерекше айқын көрінеді. Ол жоғарыда аталған билермен, Қабанбай, Бөгенбай, Жәңібек батырлармен және кейбір хан –сұлтандармен бірге бірыңғай халық майданын құрып, азаттық күресін басқарады, азат етуге басшылық етуде.
Төле би Әлібекұлы қазіргі Шымкент облысы Ленгір ауданына қарасты Ақбұрхан –Орда қонған деген жерде 93 жасында дүниеден қайтқан, денесі өзі он екі жыл басқарған, көркейткен Ташкент қаласына, даңқты Бабұрдың әкесі Юсуп ханның қатарына қойылған, басына халық құрметтеп сегіз қырлы, бір сырлы биік күмбез орнатқан. Жұмабай Алдажұманов қарттың айтуынан:
Арғымақ баптап не керек,
Артынан жабы қуып жеткен соң.
Ағайын –туған не керек,
Аңдысып күні өткен соң
Біразырақ сөйлейін,
Әлеумет сізге ұнаса.
Ажал қуып жеткен соң
Бір төбенің басына,
Тыға салып кеткен соң.
«Айтыңыз» дейтін жұрт қайда,
Айтатын оны біз қайда? –
деген екен Төле.
Малтахан шешен
Малтахан Бекболат баласы Мұқаш деген байдың үйінде отырғанда сол Мұқаштың соғымға жіберген бір түйесі үйелеп өліпті деген хабар келеді. Мұқаш оған қатты ренжіп мал басындағы малайларын түні бойы сырттай балағаттап шығады. Ертемен шай үстінде отырғанда да қабағы ашылмайды. Сонда Малтахан шешен оған былай деді:
-Немене, Мұқаш мырза?
Қабағың ашылмады ғой түннен,
Өліпті деп естігелі бір інген.
Ғұмыр ма ол, ойлашы өзің,
Азалап мал сонша қазасын?!
Бірі өлсе мыңы бар,
Сенікі емес пе анау –
Өрісте қаптап жүрген келең.
Тағдырдан ажал тура келсе,
Кетерсің түйең түгіл өзің де мүрдем, -депті.
Малтахан шешен тоқсанға келгенде кәрілік пен қосыла жарлылық та басып, ел жайлауға көшкенде ол қысқы мекенінде көше алмай қалып қойыпты. Ауылдың жайлаудағы кәрілері оның жай –күйін білуге келгенде Малтахан оларға былай депті:
-Бір кезде бұл Малтахан ел сыйлаған аға болды.
Дұрыстыққа кір жуытпай билік айтар дана болды,
Жас тоқсанға толған соң, таза бойым аза болды,
Сыртқа шықсам, сырластарым құлазыған мола болды,
Үйге кірсем, құрдастарым –мысық пенен бала болды.
Жалғыз сиырды қасқыр жеп, Малтахан биыл малдан ада болды.
Енді менен не жай сұрайсыңдар?!
Келгендер оны жайлауға көшіріп апарып, астына мінерлік ат, сусындық сауын мал жинап беріпті.
Сырымның сөздері.
Бір жігіт бар, тек жатады.
Сырым екі жолдасымен Көсеу бидің үйіне қоныпты. Би үйінде екен. Сырым «суық тиіп жүр еді» деп үйге жатыпты да, жолдастары түнде ат –көлік көздейміз деп далаға жатыпты.
Әкесі шәугім алып тысқа шығып кеткенде, төрге Сырымға төсек салып жатқан бидің қызы:
-Мырза, бір жігіт бар тек жатады,
Ондай жігіт жиі кеп жатады.
Бір жігіт бар бірдеме деп жатады,
Барлық сиын бір –ақ рет жеп жатады,-дейді. Сонда Сырым:
Бүгінгі қалауыңды ал,
Келесіде сөзінде қал! –деп теріс қарап жатып, таң ата бір –ақ ояныпты.
Әйелді қорсынбаңдар.
Алыс жолдан үй ішін сағынып келе жатып аулына жақындағанда Сырым жолдастарына:
-Қаттырақ жүріңдер, бүгін ауылға жете қонайық, -дейді.
Сырымның әйелі ажарсыздау адам екен. Соны әзілдеп жолдастары Сырымға естіртпеген болып:
-Басқа кісі асықса дұрыс, ал осы Сырым қай әдемі әйеліне асығып келеді екен! –депті.
Бұл сөзді құлағы шалып қалған Сырым:
-Жігіттер, әйелді қорсынбаңдар,
Әйелсіз ерге күй бітпейді.
Қойды «қой» деп қомсынбаңдар
Қойсыз елге үй бітпейді.
Астымдағы қара атым –тұлпарым,
Қасымдағы қара әйелім –сұңқарым, -деп желе жөнелген екен.
Досбол мен шешен қыз.
Балаби Досбол «маған сөзі, өнері пар келетін жан бар ма екен» деп, жүрген бозбала күнінде «Шанышқалы елінде бір шешен қыз бар» деп естиды. Айтушылар қызды: «Жасы жиырмаға келді, әлі ерге тиген жоқ, өзінен өнері, сөзі артық жанға тимекші. Бірнеше жігіттер барып сөйлесіп қыздан жеңіліп қайтты», -дейді.
Айтылған Шанышқалы елі Досбол еліне құда екен. Досбол жанына жолдас алып қызды іздеп шығады. Бірнеше күн жүріп, дәл түс кезінде қыздың аулына келсе, төрт –бес қыз атқа мініп, жанындағы ауылға бет алып барады екен. Досбол жолдасына «әрине, басқа қыздар бұл түрде жүрмек емес, адамға сөз бермейтін қыз осы қыздардың ішінде болар, аттың басын сол қыздарға қарай бұр» дейді. Сөйтіп, жігіттер елді тастап, қыздарға бет қойып жүреді. Бұларды көріп, қыздар да бұрылады, бір –біріне жолысқан кезде, Досбол былай дейді:
Қайдан келе жатырсың,
Байталыңды қамшылап.
Ер сағынып жүрмісің,
Аузыңнан су тамшылап?
Жолың болсын құдаша,
Қай жаққа сіз барасыз
Қайшыңызды –қайшылап?
Қыз бөгелместен былай дейді:
Мен үйімнен келемін,
Байталымды қамшылап,
Әйел адам көрген соң
Есің ауып кетті ме,
Мұрныңнан су тамшылап,
Әлей болсын құдеке,
Бара жатқан жұмысым
Сақал, мұртың өсіпті,
Алайын деп мен тұрмын
Қамшымменен қамшылап.
Сонда Досбол «тіліңді тәңір кесісін, бұл елге түсіп болмас», деп, ауылдан сусын ішпестен, кейін қайтып кетіпті.
Әлдекеңнің тілі мірдің оғындай
Балтабай би бай болса да, өзінде барды азсынып, өзгенікін көпсініп отыратын, мысық тілеу, үйіне қонақ қондырмайтын, қазымыр кісі екен. Бірде Әлдебек шешен келіп үйіне түсе қалады. Үстіндегі киімі көнетоз екен. Балтабай бұл адамды менсінбей:
-Елдің қадірлісі ма десем, қазымыры екенсің ғой, -деп мысқылдайды. Сонда ешкімнен жеңіліп көрмеген Әлдебек азулы биден имендей былай дейді:
Көн етікті деме,
Көпке айтар сөзім бар.
Көн садақты деме,
Сұр жебелі оғым бар.
Аттандырған жігітің
Ұрлаған соң малымды,
Арқадан әдейі кеп тұрмын,
Байқағалы құлқыңды.
Атысатын жаумысың,
Табысатын елмісің,
Бітір қане дауымды,
Ылаңдатпай ел ішін! –
деп жамбасқа ала бастайды.
Балтабай би бұл сөзді сын деп елең қылмаса да, бәйбішесіне ымдап тамақ дайындатады. Алдына әкелген еті өлі ет, әрі мүшесіз екен. Етті турап болып «алыңыз» дегенде, Әлдібек шешен табаққа ұмтыла қоймайды.
Тамағың тамақтан өтпей отыр,
Дәметкен жұрт кетпей отыр
Уыстап асатайын десем,
Табағыңдағы ет жетпей отыр.
Ризамын етке,
Наразымын ниетке …-дейді Әлдебек.
Шоқ басқандай шошыған Балтабай би енді не айтар екен дегендей дені сау, бірақ қоңы арық марқа алдырады. Әлдебек бұған таңырқай қарап:
-Қойыңды қойшы оңдап бақпаған ба,
Сауыншың жебей сауып қақпаған ба?
Әлде бұл жамырамай жонға адасып,
Бейшара, енесін бір таппаған ба?
Бұрын келген қонаққа соймай мұны.
Әдейі Әлдебекке сақтаған ба? –депті.
Бұл сөзден сескенген Балтабай би шешенді үйіне қолқалап қондырып, қонақасына арда емген құлын сойғызады.
Осы түнде Әлдекең де ағызып сөзді шертеді. Қасындағыларға айтады:
-Бұл ел –кісі танитын ел. Ана құлыны екі енеге телі екен деп болмайды. Мақтап қойған білем Балтекең жатарда бір әңгімені келіседі.
Ертеңіне төбе би кіріп келсе, мамық жастықты шынтақтап, шірене көміліп жатқан адамдардың бірде –біреуі аяғын жимайды. Тізе бүгерлік орын жоқ. Ортадағы бүкірейген жуан сары тек көзін сығырайта қарап:
-Өзің кім едің? –дейді.
-Атым - Әлдебек,-дейді
-Ойбай, қызының біреуін оятам деп масқара болған, жаздай кебежеге қамалған Әлдебек сен бе едің? –дейді сарымойын би сылқ –сылқ күліп. Әлдебек шешен Балтабайдың қулықпен төбе би бар дегенің сонда сезіп:
-О, тәубе, өзімнің даңқым түгіл басқаның даңқына да қызыққан жұрт көп екен –ау, азулы даугер келе қалса, қақпанға осылай түсірермін деп алдап ұстайтын неме, сен бе едің? –депті.
Балтабай бидің амал –айласы құрығаны сонша:
-Әлдекеңнің тілі мірдің оғындай –ау! –деген екен. Абыройымызды төктірмей тұрғанда құтылайық –деп он жылқының мойнына қосақ, құйрығына тіркеу байлап, олжалы қайтарған екен деседі.
Шешендік сөздер.
Қазақ ауыз әдебиетінің ерекше бір жанры –шешендік өнер.Халқымыздың даналығының үлгісі шешендік сөздер –ғасырлар бойы халық сынынан екшеліп өткен құнды мұра, асыл қазына.
Қазақ шешендерінің сөздері жазбаша емес, ауызша айтылып дүниеге келеді де, одан кейін бірден –бірге жатталып, ұрпақтан –ұрпаққа жетеді. Олар кейінгі айтушылар тарапынан қажетіне қарай өзгеріп қолданылып отырған.
Шешендік сөз ақындар айтысы сияқты сөз тартысы дау үстінде, ел тағдыры талқылаған ұлы жиын кеңес кезінде, оңаша ой толғау не сұхбат, әңгіме –дүкен барысында арнау, сәлем, өсиет түрінде де өмірге келген.
Қазақтың шешендік сөз тарихы Майқы мен Аяз билерден басталып(ХІІ-ХІІІ) Жиренше шешен Асан қайғы (ХІҮ-ХҮІІІ) есімдерімен қатысты қалыптасып, өркендей түсті.
Шешендік өнерінің кеңінен дамып биіктеген кезеңі –ХҮ –ХҮІІІ ғғ. Қазақтың шешендік сөздерін өзге жұрттың атақты адамдары, ғалымдары жоғары бағалады. Шешендік сөздер нұсқаларын академик В.В.Радлов (ХІХғ)зерттеп жинаған болатын. Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр логикаға құрылады.
Сөз туралы Бөлтірік шешен: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзінді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзінді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт, кімге, қай жерде, қай кезде, қалай сөйлейтініңді біл» деп толғайды. Шешендер –«Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін, жауласқан елдің арасына бітім айтайтын, күлгенді жылатып, жылағанды жұбата алатын даналық сөздер иесі». Шешендік өнер –көрген –білгенді көкейге тоқып, көп үйреніп ізденудің арқасында талай айтыс –тартысқа түсіп, жалықпай жаттығу арқылы жетілетін өнер.Шешендік өнердің қиындығы туралы Бұқар жырау:
...Көш бастау қиын емес,
Қонатын жерде су бар.
Қол бастау қиын емес -
Шабатын жерде жау бар
Шаршы топта сөз бастау қиын-
Шешімін таппас дау бар, -
деп дұрыс аңғартады.
Нағыз шешен үшін сөзге шебер болу жеткіліксіз. Табанда тауып сөйлейтін тапқыр, топ алдында тайсалмай, мүдірмей сөз бастайтын батыл, сөз саспайтын сабырлы болуы қажет.
Шешендік сөздің, айтылар ойдың негізі –мазмұн. Сөз нақтылы, нені айтса да сендіретіндей, иландырып қарсыласын мойындататындай дәлелді айтылған.
Шешендік сөздер мән –мағынасының тереңдігімен ғана емес, сондай –ақ тақырыбының кеңдігімен де ерекшеленеді.
Ертеден –ақ халқымыздың өзіндік басқару жүйесі болды. Ел қамын жеген ерлері, сөзін сөйлеген, әділін айтқан шешендері, білімпаз билері болды. Би –халықтың көкейіндегісін айтқан, ойын жарыққа шығарған әділет жоқшысы. Қазақтың атақты билері Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекеден қалған сөз дәстүрі ғасырлар бойы үзілген емес.
Сырым Датұлы.
Ұлтымыздың тарихында асқан батырлық ерлік істері мен асқақ сипаты тапқырлық даналық шешендік сөздері мен әділетті билік кесімдері мен жарқын із қалдырған заңғар тұлғаның бірі Сырым Датұлы. Сырым шешеннің билік айтуы былай болған еді. Бұл түлкі еркек болса атылы сенікі ұрғашы болса жаяу сенікі. Сөйтсе түлкі еркек екен атылыға бұйырады. Сонда Сырым Әйел адамның жүретін жері ауыл арасы болса болар. Ал еркек адам қайда бармайды. Сірә сіздің көргеніңіз ұрғашы түлкі болар. Әлі болса да күтіңіз жүргенболар деп тұжырымдайды.
Халық даналығына жүгінсек сымбатсыз сұңқар болмас, тұлғасыз тұлпар болмас дегендей Сырым шешеннің дене бітімі кескін келбеті мінсіз жан –жақты жетілген сом болатай құйылғандай болуы керек.
Сырым Д. Заманында қазақ елінің шұрайлы нұрлы, сулы жерінен құтты жайлы қоныс мекендерін айрылып зар жылаған шақ еді. Патша өкіметі жазалаушы отрядтарын казак, орыстарды қазақ ауылдарына жұмсап құт берекесін кетірді. Сонда Сырым батыр адамның сүйегі сырқырарлық сөз сөйлеп елі мен жерін қорғауға жұрттың шақырады. 1783 -1797 жылдағы Сырым Датұлы ұлт азаттық көтерілістің ту ұстаушысы болды.
Шешеннің пайым парасатты,зерде зейіні адамгершілік қасиеттері жоғары ойлау мәдениеті сөйлеген сөзінен байқалады. Сырым шешеннің тұтқиылдан қойылған сауалдарға ықшам жинақы жауап беруден
Сөз анасы неден? Су анасы неден? Дін анасы неден? Жол анасы неден?Сырым былай деп жауап қайырады: Сөз анасы құлақтан,жол анасы тұяқтан, су анасы бұлақтан, дін анасы ұяттан Сонда хан тұрып: Дау мұратты не? Сауда мұратты не? Жол мұратты не? Қыз мұратты не? Сонда Сырым : Дау мұратты біту, сауда мұратты ұту, жол мұратты жету, қыз мұратты кету. Қазақ шешендері ойын өрнекті кестелі көркем жеткізу мақсатында алыстан барлап тереңен толғап тұспалдап жұмбақтап ишатаптап мықтап ұстаған сөз ұстасы.
Шешендік сөздердің түрлері.
Қазақ ауыз әдебиетінің бір саласы шешендік сөздер ақындық айтыс сияқты қазақ әдебиетінің өзіндік ерекшеліктерін көркемдік қасиетерін көрсететін жанр. Шешендік сөз белгілі бір оқиғаға байланысты тапқырлық мен көркем мен айтылған жұртшылық қабылдап елге тараған белгілі үлгілі ойлар, тұжырымдар.
Қазақ шешендік сөздер шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау болып үш түрге бөлінеді.
Шешендік арнау- белгілі бір адамға арнайы айтылған сәлем сын әзіл және бата немесе тілек сөздерді шешендік арнау деп аталады.Қазақ ауыз әдебиетінде елге малға жерге сын айтылған. Сол сияқты адамға айтылған сындар да көп. Шешендік арнау адам арасындағы қарым –қатынастарды бинелейді. Халықтың әдет –ғұрып салт –санасын тіл байлығын сөйлеу мәнерін үйрену үшін шешендік өнер сөздің мәнері зор.
Шешендік толғау –халықтың табиғат құбылыстарымен әлеуметтік өзгерістерге өзіндік көзқарасын көрсетеді. Көп жасаған қарттар көрген білгендерін қорытып келесі ұрпаққа айтар аманат ақылын өсиет насихат шешендік толғау түрінде білдіреді. Шешендік толғау 5 түрі бар. Шешендік нақыл, шешендік мақал, шешендік мысал, шешендік жұмбақ, шешендік жауап болып бөліп бөлінеді.
Шешендік дау -шешендік адамдар арасындағы қарым –қатынас шешендік толғау халықтың философиялық көз –қарасын көрсетеді десек шешендік дау қазақ қоғамының рухани дау мәселесі қылмыс істі шешетін ежелгі әдет заңы ережесі шешендік дау мазмұнына қарай: жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауы, ар дауы деп 5 бөлген.
Сонымен шешендік даулар екі кісі арасында мал –мүлік үшін болатын дау талаптан бастап екі ел арасындағы дипломатиялық мәмлегер сөздерді қарастырады.
Достарыңызбен бөлісу: |