Қиысу – сөз бен сөздің жіктік жалғауы арқылы немесе жіктелу ретімен бастауыштық және баяндауыштық қатынаста жақ жағынан үйлесе байланысқан түрі. Мысалы, Мен оқимын (І ж.), сен оқисың (ІІ ж.), олар келеді (ІІІ ж.), біз дайындаламыз (І ж.). Матасу – сөз бен сөздің ілік септік жалғауы мен тәуелдік жалғауы арқылы байланысуы. Мысалы, Алматтың үйі, ағаштың бұтағы, менің жолдасым, т.б.
Меңгеру – сөз бен сөздің барыс, табыс, жатыс, шығыс және көмектес септік жалғаулары арқылы байланысқан түрі. Мысалы, балаға мейірімді, үзілісті күту, тауда жолығу, мектептен келу, еңбекпен табу, т.б.
Қабысу – сөз бен сөздің ешбір жалғаусыз, тек орын тәртібі арқылы іргелес байланысқан түрі. Мысалы, кең бөлме, орындалған арман, тоғызыншы сынып, үйдегі қызық оқиға, т.б.
Жанасу – сөз бен сөздің ешбір жалғаусыз, кейде алшақ кейде іргелес тұрып байланысуы. Мысалы, телефон арқылы сөйлесу, үйге дейін бару, әдейі келу. Сөз тіркесіндегі бағыныңқы сөз басыңқы сөзбен қарым-қатынасқа түскенде, бір жағынан, сол тіркеске тән лексика-грамматикалық мағына да пайда болады. Сөз тіркесіндегі грамматикалық мағына бағыныңқы сөз бен басыңқы сөздің арасындағы үш қатынастан пайда болады. Олар: анықтауыштық қатынас, толықтауыштық қатынас және пысықтауыштық қатынас.
1. Анықтауыштық қатынас матаса, қабыса байланысқан есімді тіркестерге тән. Бесінші сынып, алтын сақина, менің інім, біздің қала, орындалған арман. Анықтауыштық қатынас басыңқы сөзден бағыныңқы сөзге қандай? қай? кімнің? ненің? қандай? қанша? неше? нешінші? деген сұраулар қою арқылы анықталады.
Анықтауыштық қатынастағы лексика-грамматикалық мағына бағыныңқы сөз бен басыңқы сөздің лексикалық ерекшеліктеріне сәйкес даралық, нақтылық сипат алады. Матасу байланысындағы сөз тіркесі мынадай лексика-грамматикалық мағыналарға ие. Менің киімім – затқа меншіктілік, Тілектің әпкесі – туыстық, үйдің терезесі – бүтіннің бөлшекке қатынасы.